×
Ізгі мүмін әйел Фатима Абдул-Мәлик ибн Маруанқызы (Аллаһ оған рақым етсін) өмірбаяны жазылған мақала

    Ізгі мүмін әйел Фатима Абдул-Мәлик ибн Маруанқызы

    (Аллаһ оған рақым етсін) қиссасы

    قصة فاطمة بنت عبد الملك بن مروان رحمها الله

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    إسماعيل بن عمر بن كثير

    Исмаил ибн Омар ибн Касир

    —™

    فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    ФАТИМА

    АБДУЛ-МӘЛИК ИБН МАРУАНҚЫЗЫ

    (АЛЛАҺ ОҒАН РАҚЫМ ЕТСІН)

    Ол өзінің бар мал-мүлкін, бұйымдарын, қымбат бағалы киімдерін мұсылмандардың ортақ қазынасына өткізіп, күйеуінің талабына сай өмір сүруге көнді.

    Фатиманың әкесі – умәуилер мемлекетінің халифасы Абдул-Мәлик ибн Маруан. Бұл кісіге белгілі сахаба әйел Умму Дарда: «Әңгіме айтуда және кісіні тыңдауда сенен асқан жан көрмедім», – деген.

    Ал белгілі ғалым Шағби ол жайлы:

    «Мен сұхбат құрған адамдардың ішінде құрметке лайық біреу болса, ол – Абдул-Мәлик», – деп айтқан.

    Сондай-ақ Ибраһим ибн Ади Абдул-Мәлик ибн Маруанның басынан өткен бір оқиғаны баяндай отырып, оның салмақтылығы мен ұстамдылығына таңырқап:

    «Мен Абдул-Мәликтің басына бір түн ішінде төрт бірдей іс түскенін көрдім. Сонда да оның реңі өзгерген жоқ. Сол түні Ирактың әмірі Ғұбайдуллаһ ибн Зияд пен Хижазда Хубайш ибн Дәләжә өлтіріліп, Рим патшасымен достық келісім бұзылды және Дамаскіде Амр ибн Сағид оған қарсы шықты», – деген.

    Абдул-Мәлик ибн Маруан басына бір түнде осыншама іс түскенде, міз бақпай, мәселелерді ақыл-парасат таразысына салып шешетін. Бұл – нағыз мұсылмандар басшысының бейнесі.

    Халифа Абдул-Мәлик сөзге шешен, әсіресе, әдебиет өнеріне өте жетік болатын. «Байсалды сөйлесе де, қалжыңдаса да, тілді шұбарлап бұзбайтын төрт адам ғана бар» деп көрсетеді ғалым Асмағи. Ол көрсеткен бұл төрттікке: Шағби, Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи және Ибн Қариалармен қатар Абдул-Мәлик ибн Маруан да жатады. Фатима осындай өрелі халифаның отбасында дүниеге келіп, әке тәрбиесінде бойжетеді. Сондай-ақ Фатиманың ағасы Уәлид ибн Абдул-Мәлик те айтулы адамдардан болған. Десе де, ол ел басқаруда әділдікті сақтамай, халыққа біраз зәбір-жапа көрсеткен. Уәлид Һижра жыл санағы бойынша 96-жылы қаза тапқаннан кейін халифалықты Фатиманың тағы бір ағасы Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик иеленеді. Сүлеймен Уәлидке қарағанда, елге жайлы, әділ, саясат ісіне жетік тұлға еді. Сүлейменнің әділ жолды ұстануының бір айғағы оның әділетті халифалардың қатарынан саналатын Омар ибн Абдул-Азизді өзіне уәзір әрі кеңесші етіп алуынан байқалады.

    Фатиманың әкелері бір, шешелері бөлек он алтыға тарта ағасы болған. Ал Фатима анасынан жалғыз еді. Әкесі Абдул-Мәлик ибн Маруан бұл қызын қатты жақсы көріп, бауырына басып, оның тәрбиесіне баса назар аударған. Содан да болса керек, Фатима кішкентайынан ғалымдардың тәрбиесінде тәлім алып, Құран, хадис, фиқһ, поэзия, әдебиет ғылымдарын жетік меңгеріп өседі. Оған қоса Фатима хас сұлулардың бірі-тұғын. Мысырдың уәлиі Омар ибн Абдул-Азиздің әкесі Абдул-Азиз дүниеден қайтқанда, оған немере іні саналатын Абдул-Мәлик ибн Маруан оның баласы Омарды Дамаскіге шақыртып өз қолына алады. Омар ибн Абдул-Азиз осылайша жастайынан халифа сарайында тәрбиеленіп есейеді. Ержеткен Омарға халифа Маруан қызы Фатиманы қосады және ол Омар ибн Абдул-Азиздің қызына күйеу болғанына қатты қуанады. Халифаның қызына үйленген Омар еш нәрседен таршылық көрмей, сән-салтанатта өмір сүреді.

    Арада біршама уақыт өтіп, Абдул-Мәлик дүниеден қайтқанда, оның орнын ұлы Уәлид ибн Абдул-Мәлик иеленеді де, Омар ибн Абдул-Азиз Мәдинаның уәлиі болып тағайындалады. Сол кезде Омардың жасы бар-жоғы жиырма бесте болатын. Омар ибн Абдул-Азиз Мәдина жеріне әділдік орнатып, тез арада халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп үлгереді. Мәдина халқы оны қатты жақсы көріп, құрметтейтін. Омар өте тақуа, ғибадатшыл еді және ол сұлулықты ұнататын. Жүрісі паң, киімдері қымбат бағалы, әтірінің иісі алыстан сезілетін сырбаз кісі еді. Тіпті сол кездерде-ақ «Омардың жүрісіндей» деген мәтел айтылатын. Сол тұста Уәлид ибн Абдул-Мәликтің оң қолы Хажжаж ибн Юсуф деген бір озбыр уәзір болатын. Хажжаждың істеген талай былықтары, халыққа көрсеткен зұлымдығы, әсіресе, Ирак жеріне жасаған қиянатына Омар ибн Абдул-Азиздің құлағы қанық еді. Оның осындай озбырлығы мен кемшілік-айыптарын мінеп, Омар халифа Уәлидке хат жазады. Хат мазмұнында: «Мен Хажжаж Мәдинаға келсе, күтіп алмаймын, егер ол қажылыққа келсе, бірден Меккеден қайта берсін», – деген сөздер бар еді.

    Омар ибн Абдул-Азиздің бұл хатының хабары Хажжажға жетіп, ол іштей Омарға тісін қайрап жүреді. Ұзамай Хажжаждың Уәлидті көп үгіттеуінің нәтижесінде «турасын айтып, туғанына жақпаған» Омар Мәдинаның уәлилігінен алынады. Уәлид ибн Абдул-Мәлик оны Дамаскіге шақыртады. Омар ибн Абдул-Азиз Мәдинаны тастап шығып бара жатып егіле жылайды. Күйеуінің мұнысына Фатима:

    – Не үшін жылайсың? – дегенде, ол:

    – Мен Мәдина өзінен қашықтатқан адамдардан болып қалудан қорқамын, – деп жауап береді.

    Бұл сөздің астарында «Ол – (жаман) адамдарды (ұстаның) көрігі темірдің татын кетіретіндей (өзінен) аластайтын Мәдина» (Әл-Бұхари, Фадаил әл-Мәдина: 2) деген хадис жатыр еді. Омар ибн Абдул-Азиз қаладан шығарда осы хадисті есіне алып, қобалжулы күйге түседі. Сол кезде ақылды да салиқалы Фатима:

    – Қам жеме, Аллаһ бізбен бірге! – деп оған басу айтады. Фатима мен Омар ибн Абдул-Азиз осылайша қайта Дамаскіге оралады.

    Уәлид ибн Абдул-Мәликтен кейінгі халифалық тақ мұрагері Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик еді. Сүлейменнің мұрагерлігін жоймақ ниетпен Уәлид елдің жақсы-жайсаңдарын, ақсақалдары мен көсемдерін құзырына жинап, оларды оған қарсы үгіттейді. Уәлидтің бұл пиғылына Омар да, Фатима да қарсылық танытады. Омар ибн Абдул-Азизден қауіптенген Уәлид бір күні оны астыртын шақырып алып, адамдарына бір бөлмеге қаматып, есік-терезесін сылатып тастайды. Кешіккен сайын хабарсыз кеткен күйеуін іздеп Фатима дал болады. Ары-бері шапқылап, Уәлидтің әйелі Уммул Бәнинді араға салып жүріп, Омардың қайда жатқанын іздеп тапқан Фатима есікті аштырса, ол дем жетпей, өлудің сәл-ақ алдында жатыр екен. Фатиманың осындай жанашырлығы мен қамқорлығының арқасында Омар ажал аузынан қалады.

    Сүлейменнің халифалық мұрагерлігін жоймақ боп жүрген аралықта Уәлид ибн Абдул-Мәлик қайтыс болады. Оның орнын Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик иеленісімен-ақ, Омарды өзінің уәзірі әрі кеңесшісі етіп сайлады. Омар ибн Абдул-Азиздің уәзірлікте бірінші кіріскен ісі халифаны үгіттеп жүріп, бір кездерде Хажжаждың жәбіріне ілігіп, абақтыға жабылған көп адамды түрмеден шығару болады. Бір риуаяттарда Хажжаждың қуғын-сүргінінен абақтыға жабылған адамдардың ұзын саны сексен мыңға жеткен делінеді.

    Халыққа жайлы, әділ халифалық құрған Сүлеймен ибн Абдул-Мәликтің ғұмыры қысқа болады. Сүлейменнің өлімінің себебі ол бір күні мешітке жұма намазына шығар алдында үстіне жасыл мақпал шапан киіп айнаға қарап, өз-өзіне қатты сүйсініп: «Аллаһтың атымен ант етейін! Мен – жігіт патшамын», – деп тамсанады. Шын мәнінде де, оның жасы бар-жоғы отызда еді. Намазға шығып құтпа жасап, көпшілікке имам боп намаз оқып, үйіне келе сала науқасқа шалдығады. Қатты ауырып, көп ұзамай дүниеден озады. Өмірден өтерінде оның алдына бас уәзірі Ража ибн Хайуа кіреді. Ража ибн Хайуа Сүлейменді өзінен кейінгі мұрагерлікті Омар ибн Абдул-Азизге қалдыруға көндіріп, оған осы мазмұнда бір бұйрықнама жаздырып алады. Ража осыдан кейін көптің алдына шығып, қолындағы бұйрықнаманы көрсетіп тұрып:

    «Міне, халифаның өсиеті, қолы қойылып, мөрі басылған. Енді ол орнына тағайындап кеткен адамға байғат беріңдер», – дейді. Адамдардың бәрі кезектегі тақ мұрагері Язид ибн Абдул-Мәликке байғат беріп жатырмыз деп ойлап жапа-тармағай байғат береді. Ража ибн Хайуа адамдардың бәрінен байғат алып болғаннан кейін, мешіттің артқы жағында отырған Омар ибн Абдул-Азиздің қасына келіп:

    «Әс-сәләму аләйкә, уа, мүміндердің әміршісі!» – дейді. Бұл адамдарға да, Омарға да күтпеген жағдай еді. Қатты таңырқап қалған Омар сасқалақтап, абыржып қалады. Адамдардың барлығы оны құттықтап, тіпті кезектегі мұрагер Язидтің өзі келіп қолын алады. Абдыраған Омар орнынан тұрып мінберге шыға алмаған соң, адамдар оны жабылып көтеріп шығарады. Ол сөйлемекші болып еді, оған да шамасы келмейді. Әрең есін жиып, Сүлеймен ибн Абдул-Мәликті арулап жерлейді. Жерлеу рәсімін аяқтаған соң, үйіне қайту үшін мініс көлігін сұрайды. Адамдар оған жаратылған сұлу сәйгүлікті әкеліп алдына тартады. Омар: «Оны алып кетіңдер», – деп орнына қашыр алдыртып, қашырға мініп үйіне келеді.

    Өңі қашып үйіне келген оған қызметшісі:

    – Сізге не болған? Бір уайым шегіп тұрсыз ғой, шамасы? – дегенде, Омар:

    – Менің басыма түскен іс Шығыс пен Батыстың арасын мекен еткен Мұхаммед үмбетінің әрбірінің менде құқығы бар екендігін білдіреді. Мен ол құқықтарды шағым алмай орындауым керек. Ендеше, қалай уайымға түспейін, – деп жауап береді.

    Омар ибн Абдул-Азиз халифа болып сайланғаннан кейін қолындағы өзінің бар мал-мүлкін, тіпті алдыңғы халифалардың жолына төселетін кілемдерді сатып, пұлдап, мұсылмандардың ортақ қазынасына қосуды бұйырады. Өйткені алдыңғы халифалар жер басып жүрмейтін. Керек болса, халифа Бағдаттан Меккеге қажылыққа барғанда да жол бойы аяғының астына кілем төселіп отырған деген де әңгімелер айтылады.

    Омардың алғашқы халифалық күндері басталады. Бір күні ол қауырт жұмыстармен ары-бері шапқылап жүріп, бесіннің алдында үйіне келіп, тынығып көз шырымын алу үшін бөлмесіне кіріп жатады. Бір кезде оған баласы кіріп:

    – Әке! Не істейін деп жатырсың? – деп сұрайды. Әкесі:

    – Балам, мен аздап шаршадым, сәл тынығып алайын деп едім, – дегенде, баласы:

    – Әке, сен ұйықтап тұрып шағымдарды қараймын дегенше амандығыңа кім кепіл бола алады? – дейді.

    Баласының бұл айтқан саналы сөзіне дән риза болған Омар ұлын құшақтап тәнті болып:

    – Әлхамду лилләһ! Дініме жәрдемдесетін осындай білімді ұлды берген Аллаһқа сансыз шүкір, – деп сол заматта-ақ адамдарға жар салдырып, оларды арыз-шағымдарын тыңдауға қабылдайтындығын хабарлатады. Сөйтіп, алдыңғы умәуи халифалардың кезінде зұлымдық көрген адамдардың мәселесін қарап, елдегі жағдайды ретке келтіреді.

    Әйелі Фатима Омарды халифалығымен құттықтап келеді. Әңгіме барысында Омар ибн Абдул-Азиз оған: «Фатима! Маған өте ауыр іс жүктелді. Егер менімен бірге қалуды қаласаң, бұдан кейін саған тиісінше уақыт ажырата алмаймын. Сондай-ақ молшылық өмірден де бас тартуыңа тура келеді. Егер бұған төзе алмасаң, өз үйіңе қайта беруіңе болады», – деген сөздер айтады. Күйеуінің бұл ұсынысын қабылдаған Фатима өмір бойы үйренген сән-салтанаттан, молшылықтан, рақат өмірден бас тартып, тақуа күйеуімен қалуды таңдайды. Оған қоса Омар ибн Абдул-Азиз Фатимаға: «Егер менімен қалуды қаласаң, қолыңдағы бар мал-мүлікті, сәндік бұйымдарыңды, інжу-маржан асыл тастарыңды мұсылмандардың ортақ қазынасына өткізгін, бұл нәрселер оларға тиесілі», – деп оның үстіне қарап: «Мына киімдерді де мұсылмандардың қазынасына тапсыр, бұлар сенікі емес. Менің олардың халал екендігіне күмәнім бар», – дейді. Фатима күйеуінің айтқанын екі етпей оның барлық бұйрығына бойсұнып, өзінің бар мал-мүлкін, бұйымдарын, қымбат бағалы киімдерін мұсылмандардың ортақ қазынасына өткізіп, күйеуінің талабына сай өмір сүруге көнеді. Кейіннен Омар ибн Абдул-Азиз дүние салғаннан кейін халифа тағына отырған Язид ибн Абдул-Мәлик Фатиманың қазынаға салған бар мал-мүлкін өзіне қайтарғысы келгенде, Фатима оларды алудан бас тартады. Ол бұйымдарын қайтарып алмаған соң, Язид оларды умәуилер шаңырағына тиесілі әйелдерге таратып береді.

    Тақуалыққа, тәркі дүниелікке шақырған күйеуіне мүлтіксіз бойсұнған Фатиманың өмірінде келер ұрпақ үлгі-өнеге аларлықтай осындай ғибрат белестері көп болады. Өмір бойы зәредей таршылық көрмеген, көзін ашқалы молшылықта күн кешкен Фатима бар мүліктен бас тартып, тақуалықты таңдап, қандай жағдайда да күйеуіне бойсұнып, оған өмір бойы серік болуды жөн көрген. Ол қаламағанның бәрінен теріс айналған. Нағыз мұсылман әйелінің бейнесі осындай.

    Бір күні Омар ибн Абдул-Азиз үйіне кірсе, әйелі Фатима киімін жамап отыр екен.

    Омар оған:

    – Сүлейменмен бірге жүрген күндеріміз есіңде ме? – дейді. Фатима:

    – Иә, есімде. Бірақ бүгінде сен ол күндерге қарағанда құдіретті емессің бе? – дейді Омарға.

    Бұл сөзімен Фатима: «Ол кездерде сен уәзір едің. Сонда да біз молшылықта едік. Ал бүгінде халифасың. Қалай өмір сүрем десең де, еркің өзіңде емес пе», – дегенді меңзейді.

    Сол кезде Омар:

    – Ей, Фатима! Мен Раббыма күнәкарлық қылуға ұлы Күннің азабынан қорқамын, – деп жауап береді.

    Оның бұл сөздерінен әсерленген Фатима көзіне жас алып, күйеуі үшін Аллаһқа жалбарып: «Аллаһым! Оған тозақ отынан пана бол», – деп дұға қылады. Халифаның отбасы бола тұра, олар осындай жоқшылықта өмір сүреді. Дамаскінің суықтарында бой жылытар жамылғы таппағандарын былай қойғанда, кей кездері Фатима жүрек жалғауға ештеңе таппай, аштықтан ішегі шұрылдайтын күндерді де басынан өткізетін. Ол осылай абыржыған кезде: «Біз бен халифалықтың арасы Шығыс пен Батыстың қашықтығындай. Аллаһтың атымен ант етейін! Бізге халифалық келгелі бері қуаныш көріп, қабағымыз ашылмады», – дейтін.

    Бірде қызметкері кіріп, Фатимадан тамақ сұрайды. Фатима оған бұршақ ұсынғанда, қызметшісі: «Күнде бұршақ жейміз бе?» – деп назаланады. Оның бұл қынжылысына Фатима: «Балам-ау, сенің қожайыныңның да тамағы осы ғой...» – деген екен.

    Сондай-ақ Фатиманың алдына бір әйел кіріп, оның үстіндегі әбден тозығы жеткен киімді көріп:

    – Ей, Фатима! Мұсылман әйел күйеуіне сәнденуі керек емес пе?! – дейді.

    Сонда Фатима:

    – Әйел күйеуіне ол ұнататын нәрсемен сәндене ме, жоқ ұнатпайтын нәрсемен сәндене ме? – деп сұрайды.

    Әлгі әйел:

    – Әрине, күйеуі ұнататын нәрсемен сәнденеді, – дейді.

    Сол кезде Фатима:

    – Ол осыны ұнатады, – деп айтқан.

    Тағы бірде Фатима Омарға: «Сен адамдардың бәріне әділдік қылып, маған ғана әділетсіздік жасайсың. Адамдардың бәріне құқығын беріп, ал маған ұйқысыз түндеріңнен басқа ештеңе бермейсің», – деген болатын.

    Омар ибн Абдул-Азиз уәзірі Ража ибн Хайуаға:

    «Ей, Ража! Менің нәпсімнің қалағанына жететін бір қасиеті бар. Мен Абдул-Мәликтің қызы Фатиманы қаладым, оған қолым жетті. Сосын әмірлікті қаладым, Мәдинаның әмірі болдым. Сосын халифалыққа көңілім шапты, оны да иелендім. Енді бүгін нәпсім жаннатқа жетуді қалайды», – деген.

    Бір күні Омардың жүзім жегісі келіп, оны Фатимаға айтады. Сатып алуға ақшалары жоқ еді. Өйткені Омар ибн Абдул-Азиз халық қызметі үшін өзіне бар-жоғы екі-ақ дирһам жалақы тағайындаған-ды. Фатима Омарға білдіртпей, Бағлбек деген жердің уәлиіне өздеріне жүзім жіберуін сұратып адам жібереді. Әкелінген жүзімді Омардың алдына тартқанда, ол мұны қайдан алғандарын сұрайды. Жүзімнің қайдан келгенін білген Омар Фатимаға қарап: «Аллаһтың атымен ант етейін! Омардың нәпсі қалауы үшін мұсылмандардың көлігін шаршатыпсың ғой», – деп қынжылыс білдіріп, жүзімді жеуден бас тартады. Бағлбектің уәлиіне хабар жіберіп, ендігәрі бұлай ететін болса, орнынан алынатындығын ескертеді.

    Омар ибн Абдул-Азиз қайтыс болғанда, халифа отбасы мүшелерінің бірі Мәсләмә ибн Абдул-Мәлик келеді. Омардың үстіндегі көйлектің әбден тозығы жеткен-ді. Мәсләма халифаның бас жағында жылап отырған Фатимаға:

    – Мүміндердің әміршісінің үстіндегі көйлекті ауыстырсаңдар қайтеді, – дейді. Фатима үндемейді. Осылай деп бірнеше рет қайталаған Мәсләмә Фатима жауап қатпаған соң:

    – Ей, Фатима, тұр! Маған көйлек берші, өзім-ақ ауыстырайын, – дейді.

    Фатима орнынан қозғалмайды. Мәсләмә талабын тағы да бірнеше рет қайталап:

    – Адамдар мүміндердің әміршісіне осы күйінде кіре ме? – дегенде ғана Фатима:

    – Аллаһтың атымен ант етейін! Оның мұнан басқа киімі жоқ, – деп жауап береді.

    Бірде Ата ибн Әбу Рабах деген ғалым Фатимадан: «Омар қандай еді?» – деп сұрайды. Сонда Фатима: «Ол мұсылмандар үшін өзін түгелдей бағыштады. Кешке мұсылмандардың ісімен айналысып отырғанда, қазына шамын жағып отырса, оны аяқтаған соң ол шамды өшіріп, өз ақшасына сатып алынған шамды жағатын. Түнімен Аллаһқа жалбарынып көз жасын төгетін. Таңның атуымен ораза болатын. Бір күні мен одан: «Уа, мүміндердің әміршісі! Түнімен жылап-еңіреп шығасың, саған не боп жүр?» – деп сұрадым. Ол: «Ей, Фатима! Сен өз жөніңді біл, ал мені өз жайыма қалдыр. Саған тәлім ретінде айтайын, мен көз жүгіртіп, осы үмбеттің жауапкершілігін арқалағанымды көрдім. Олардың кедей-кепшіктерін, аш-жалаңаштарын, мүсәпір-ғаріптерін, адасқандарын, абақтыға түскендерін, бала-шағасы көп, жағдайы төмендерін, тағы басқа жер бетінің түкпір-түкпіріндегі осы сияқтыларды есіме алдым және осылардың барлығынан Аллаһ тағаланың мені сұраққа алатындығын аңдадым. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мені олардың (үмбетінің) арасында айғаққа тартатынын ойладым. Сөйтіп, Аллаһтың үзірімді (уәжімді) қабыл алмауынан қорықтым. Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қатарында айғағымның қабылданбауынан қорықтым. Өз-өзіме жаным ашып, көзімнен жас сорғалады. Жүрегім қан жылап, жаным шырқырады. Осыларды ойлаған сайын қорқынышым арта түседі. Қаласаң – өнеге ет, қаласаң – жайына қалдыр», – деді.

    Омар ибн Абдул-Азиз «Қандай да бір іс жасамаңдар, Біз сендерді көріп тұрамыз» («Юнус» сүресі, 61-аят) деген аятты қайталап, көз жасын көл қылып жылайтын.

    Бірде Фатима Омардан неге жылай беретінін сұрағанда, ол Аллаһ тағаланың «Бір топ жаннатта, ал бір топ тозақта» («Шура» сүресі, 7-аят) деген аяттарын айтып, «Өзімнің қай топтан екенімді білмеймін», – деп жылай-жылай есінен танып жығылған.

    Фатима Омар ибн Абдул-Азиз жайлы Муғира деген кісіге: «Ей, Муғира! Намазы мен оразасы Омардан артық кісілер болса болар, бірақ мен Аллаһтан қорқуда одан асқан ешкімді көрмедім. Үйге келсе, көзі жұмылғанша жылайтын. Есінен танғанша жалбарынатын. Оның үздіксіз қылатын дұғасы: «Аллаһым! Сен кешеуілдеткен нәрсені жеделдетуді және Сен жеделдеткен нәрсені кешеуілдетуді ұнатпауым үшін мені шешіміңмен разы қыл және тағдырыңда маған береке бер!» деген сөздер еді», – деген.

    Омар ибн Абдул-Азиздің тұсында зекет малын алатын кедей-кепшік болмай қалды. Зекет беру үшін жат жерлерден адам іздеуге тура келетін. Ол бар болғаны екі жыл бес ай халифалық құрды.

    Тәркі дүниелігімен әйгілі Мәлик ибн Динар:

    «Адамдар: Мәлик тәркі дүние адамы дейді. Шын мәнінде, тәркі дүниелік қылған – Омар ибн Абдул-Азиз. Оған дүние өзі келді, ал ол одан бас тартты», – деген.

    Ибн Жәузидің «Сира» кітабында Мұхаммед ибн Абдул-Мәлик әпкесі Фатимадан Омардың науқасының қалай басталғанын сұрайды. Сол кезде Фатима былай деп жауап қайтарған: «Аллаһтың атымен ант етейін! Мен оны Аллаһқа деген қорқыныштан өлді деп ойлаймын. Сол түні мен оның: «Бұл – Ақырет мекені. Оны жер бетінде астамшылық және бұзғыншылық қаламайтындарға арнаймыз. (Істердің) соңы тақуалардың пайдасына» («Қасас» сүресі, 83-аят), – деп жатқанын естідім. Осылай деп түні бойы қайталады. Таң атқан кезде оның қасына Мәртәд деген қызметкерді қалдырып, тысқа шықтым. Қайтып келсем, Мәртәд бөлменің сыртында тұр екен. Одан: «Неге шықтың?» – деп сұрадым. Ол: «Мүміндердің әміршісі маған тысқа шығуды бұйырды», – деді. Ішке кірсем, бұл дүниемен қош айтысқан екен».

    Міне, осындай ұлы тұлғаның қасында сабыр қылып бірге болған жан жары Фатима еді. Аллаһ оған рақым етсін!