×
Сахаба әйел Умму Харам Малханқызы (Аллаһ оған разы болсын) өмірбаяны жазылған мақала.

    Сахаба әйел Умму Харам Малханқызы (Аллаһ оған разы болсын) туралы қисса

    قصة الصحابية أم حرام بنت ملحان رضي الله عنها

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    إسماعيل بن عمر بن كثير

    Исмаил ибн Омар ибн Касир

    —™

    فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    УММУ ХАРАМ МАЛХАНҚЫЗЫ

    (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)

    «Мен үмбетімнен бір адамдарды Жасыл теңіздің бетінде патшалар сияқты сәкілердің үстінде көрдім».

    Умму Харам – Умму Суләйм Малханқызының сіңлісі. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Умму Харам отбасымен достық қарым-қатынасының тереңдігі сондай, кейде ол (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Умму Харамның үйінде ұйықтап та қалатын. Әл-Бұхаридің «Сахих» кітабында мынадай хадис келтіріледі:

    Бірде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Умму Харамның үйінде ұйықтап тұрғаннан кейін жымиып күледі. Умму Харам: «Не үшін күлдің, уа, Аллаһтың елшісі?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған көрген түсін айтып береді: «Мен үмбетімнен бір адамдарды Жасыл теңіздің бетінде патшалар сияқты сәкілердің үстінде көрдім». Умму Харам бұл сәтті қалт жібермей: «Уа, Аллаһтың елшісі! Дұға қыл, мен солардың ішінде болайын!» – дейді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Сен олардың алғашқыларынан боласың», – деді (Әл-Бұхари, Жиһад: 3; Муслим, Жиһад: 160 және басқалар).

    Бұл түс мұсылмандардың Жерорта теңізін алатындықтары жайлы сүйінші хабар еді. Ол кезде арабтар Жерорта теңізін Жасыл теңіз деп атайтын.

    Уақыт өте келе Муғауия ибн Әбу Суфиянның тұсында мың жауынгерге теңестірілген Ғұбада ибн Самиттің (Аллаһ оған разы болсын) басшылығындағы соғыс кемелері Кипр аралын алу үшін теңізге түсіріледі. Бұл кемеде Ғұбаданың әйелі, біз әңгіме етіп отырған Умму Харам да бар еді. Умму Харам кемеге мінгенде бойын шаттық билеп, күліп жібереді. Неге күлгенінің мәнісі сұралғанда, ол: «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) рас айтыпты. Ол кісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен үмбетімнен бір адамдарды Жасыл теңіздің бетінде патшалар сияқты сәкілердің үстінде көрдім», – деп айтқан еді», – деп жауап береді.

    Кемелер Кипрге жетіп, әскер аралға аяқ басады. Умму Харам да әскер қатарында атқа қонғанда, астындағы арғымағы тулап кетіп, жерге басымен жығылады. Осының салдарынан сол жерде көз жұмып, оған топырақ Кипр жерінен бұйырады. Жасыл теңіз жорығына қатысып, Кипр жеріне жерленген алғашқы мұсылман әйел осы Умму Харам еді. Аллаһ оған разы болсын!