Сахаба әйел Умму Суләйм (Аллаһ оған разы болсын) туралы қисса
Бөлімдер
Full Description
Сахаба әйел Умму Суләйм (Аллаһ оған разы болсын) туралы қисса
قصة الصحابية أم سليم رضي الله عنها
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
تأليف :
إسماعيل بن عمر بن كثير
авторлық
Исмаил бин көптеген
ترجمة ومراجعة :
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
УММУ СУЛӘЙМ
(АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)
«Мен өзімді жаннатта көрдім. Онда тұрған кезімде бір сыбдырды естіп: «Бұл не?» – деп сұраған едім: «Бұл – Ғумайса», – делінді».
Умму Суләйм мәдиналық Мәлик ибн Надрдың некесіндегі Ғумайса деген атпен танымал әйел еді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударып келгенде, Мәлик ибн Надр Шам жерінде болатын. Умму Суләйм күйеуі жоқта Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алдында куәлік сөздерін айтып, Исламды қабылдайды. Сапардан оралған Мәлик әйелінің жаңа бір дін қабылдағанын естіп, келе салысымен Умму Суләймға жекіп, ашуланып: «Сен дініңді өзгерттің бе?» – деп сұрайды. Умму Суләйм: «Жоқ, дінімді өзгерткен жоқпын. Керісінше, Исламды қабылдап, Аллаһтан өзге құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік бердім», – дейді. Мәлик сөзден тосылып сазарып тұрып қалады.
Күндер өтіп жатады. Умму Суләйм күйеуін Исламды қабылдауға қанша үгіттеп, жүрегін жібіткісі келгенмен, мұнысы ешқандай нәтиже бермейді. Күйеуінен титтей де бір нәтиже нышаны байқалмаған соң, ол енді кішкентай ұлы Әнәс ибн Мәликті Исламға баули бастайды. Умму Суләйм кіп-кішкентай ұлына: «Әнәс! «Аллаһтан өзге құдай жоқ» деп айтшы», – дейтін. Әнәс айтатын. Сосын: «Әнәс! Енді «Мұхаммед – Оның елшісі» дегенді қайталашы», – деп бүлдіршініне таухид сөздерін қайталататын. Умму Суләймнің мұнысына ызаланған баланың әкесі Мәлик ибн Надр: «Баланың дінін бұзба!» – деп айқайлайтын. Оның қоқан-лоқысына: «Мен оның дінін бұзып жатқан жоқпын. Шын мәнінде, бұл дін – ақиқат», – дейтін Ғумайса.
Мәлик осы бетімен Исламнан бас тартқан күйде өледі. Күйеуінің қазасынан кейін жесір қалған Умму Суләймді белгілі сахабалардың бірі Әбу Талха (Аллаһ оған разы болсын) айттырып келеді. Бұл Әбу Талханың әлі иманға келмеген кезі еді. Сөз салып келген Әбу Талхаға Умму Суләйм: «Уа, Әбу Талха! Сен – ақылды, парасатты кісісің. Айтшы, қалайша ағашқа сиынасың?» – дейді. Әбу Талханың тайпасы ағаштан жасалған пұт-мүсінге табынатын. Умму Суләйм сөзін әрі қарай жалғап: «Бәну нажжардың құлдары қолмен ойып жасайтын сол пұт құдайларыңа от тисе, өзге тұрмақ, өзін қорғауға шамасы келмей өртеніп кетеді емес пе? Расын айтсам, менің де сенде көңілім бар, бірақ саған иман келтірсең ғана тұрмысқа шығамын және сенен күйеуге шыққаным үшін ешқандай мәһр (қалың) талап етпеймін», – дейді. Әбу Талха мен Ғумайсаның арасында бұл әңгіме бір емес, бірнеше рет талқыланып, ақырында, осы келіссөз нәтижесінде, Әбу Талха Ислам жайында көп ой жүгіртіп, оның ақиқатын түсінеді. Иман келтіріп, Умму Суләймді некесіне алады. Осылайша бұл әйел Исламға оның ұлыларынан болған бір азаматты қосады. Ал Умму Суләймнің мәһрі Исламдағы ең құрметті мәһр саналады. Өйткені оның мәһрі ақиқат пен жалғанның аражігін ажыратушы, пендені тозақтан тосып, жаннатқа жеткізуші, онымен бүкіл пайғамбар атаулы жіберілген таухид сөздері еді.
Куәлік сөздерімен құрылған бұл отбасын Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) аса қадірлейтін. Шаңырақтарына жиі келіп, Умму Суләйммен сұхбат құратын. Умму Суләйм де Аллаһ елшісін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өте қастерлеп, ылғи да оның берекетінен пайдаланып қалуға тырысатын. Пайғамбарға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) шаңырағында екі ракағат намаз оқыту үшін оны үйіне жиі шақыратын. Бірде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Умму Суләймнің үйінде көз шырымын алу үшін ұйықтайды және ұйықтап жатып терлей бастайды. Сол кезде Умму Суләйм одан аққан терді жерге тамшылатпай жинап алып, оны иіссуына араластырған. Бұл әйелдің Аллаһ елшісін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қастерлейтіндігі сондай, оның терімен хош иістенетін. Сондай-ақ бірде Умму Суләйм Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) умраға шыққанда, онымен бірге баратын күйеуі Әбу Талхаға ихрамнан шығып, шаш алдырған кезде Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) шашынан алып келуді тапсырады. Сөйтіп, Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) шашын үйіне сақтап қояды. Тек Умму Суләйм ғана емес, барша мұсылмандардың Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) құрметі осындай дәрежеде еді.
Бір күні Умму Суләйм Пайғамбарымызды (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйіне шақырып, ол кісіден шаңырағының берекеті үшін үйінде екі ракағат намаз оқуды сұрайды. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) намаз оқып болған соң, осы шаңырақтың берекеті үшін Умму Суләйм мен Әбу Талхаға арнап ұзақ дұға қылды. Умму Суләйм Пайғамбарға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Аллаһтың елшісі! Менің бір бұйымтайым бар», – дейді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Айт бұйымтайыңды», – дейді. Умму Суләйм: «Балақайым Әнәске дұға қылсаң деп едім», – дейді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әнәске арнап: «Аллаһым! Оған мал-дүние, бала-шаға бер және оған береке бер», – деп дұға қылады.
Бұл дұғаның мүлтіксіз қабыл болғаны жайлы Әнәстің (Аллаһ оған разы болсын) өзі: «Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) маған қылған дұғасы қабыл болып, мен ансарлардың ең бай-дәулеттісі болдым. Оған қоса, шөберелеріме дейінгі өз нәсілімнен тараған жүз жиырма ұрпағымның көзін көрдім», – дейтін (Әл-Бұхари, Саум: 61; Ахмад, Муснад: 3/108).
Умму Суләйм Әбу Талхаға тұрмысқа шыққан соң, екеуі бір ұл сүйіп, оны Әбу Ғумайр деп атайды. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйлеріне келген сайын кішкентай бүлдіршін Әбу Ғумайрмен ойнайтын еді. Осы Әбу Ғумайрдың торда ұстайтын Нуғайр есімді бір құсы болатын. Бір күні Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл үйге келгенде, тордағы құстың өліп қалғанын көріп: «Уа, Әбу Ғумайр! Не істеді Нуғайр?» – деп баланың басынан сипап қалжыңдайды (Әл-Бұхари, Әдәб: 81; Ахмад, Муснад: 3/119).
Бірде ұлдары Әбу Ғумайр қатты сырқаттанып ауырып қалады. Олар уақыт озған сайын науқасы меңдеген баланың жағдайына алаңдап, мазасызданады. Осы аралықта Әбу Талха егіс алқабын аралап шолып қайту үшін үйінен шығып кетеді. Әкесі үйіне оралам дегенше, бала жан тапсырады. Бұл хабардың Әбу Талхаға оңай тимесін білген Умму Суләйм адамдарға оған бұл жайлы тіс жармауын, ебін тауып өзі жеткізетіндігін айтады.
Дүниеде баласын жоғалтқан ананың қайғысынан асар қасірет жоқ шығар. Сонда да болса бұл әйел қайғысын ішіне жұтып, күйеуінің жайын ойлаған-ды. Умму Суләйм күйеуінің оралуына қарай үсті-басын түзеп, киімін ретке келтіреді. Үйіне келген Әбу Талха әйелінің сәнденіп отырғанын көрген соң, баланың жағдайы түзелген екен деп ойлап: «Бала қалай?» – деп сұрайды. Умму Суләйм: «Ол қазір ең тыныш халде», – деп жауап береді. Әбу Талха әйелінің астарлап айтқан бұл сөзін аңдай алмайды. Кеш батып түн кірген соң екеуі жұбайлық міндеттерін орындап, сосын ұйықтап қалады. Таң атып ұйқыдан оянғанда ғана Умму Суләйм Әбу Талхаға ұлдарының өлімін естіртеді. Әйелінің мұнысына ашуланған Әбу Талха Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) шағынып келеді. Умму Суләймнің сабырлылығына Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) да таңғалады. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Талхаға басу айтып: «Аллаһ сол түндеріңе береке берсін», – деп дұға қылады (Әл-Бұхари, Жанаиз: 41).
Бірақ бұл Ислам әлдебір жақын адамның өлімі жайлы жасыруды құптайды деген сөз емес, керісінше, Ислам ондай жағдайды ашық айтуды талап етеді. Ал бұл әңгімедегі жағдай – күйеуінің көңіліне қаяу түсіргісі келмеген әйелдің игі ниетінен туындаған амал ғана. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл істі құптамаған, тек оған түсіністікпен қараған.
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Талхаға «Аллаһ сол түндеріңе береке берсін» деп қылған дұғасы қабыл болып, шын мәнінде де, Аллаһ тағала олардың сол түндеріне береке беріп, дәл тоғыз айдан кейін шаңырақтарында Абдуллаһ атты ұлдары дүниеге келеді. Осы ұлдан туылған он баланың бәрі де Құранды жаттаған қарилар болған.
Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) берекетін барынша пайдаланып қалуды ойлаған Умму Суләйм ұлы Әнәс жеті жасқа келгенде, оны Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алып келіп: «Уа, Аллаһтың елшісі! Мынау – менің балам Әнәс. Бұдан былай ол – сенің қызметкерің», – дейді.
Осылай құрметті, мәртебелі басы азат әйел өз баласын кісі қызметіне алып келеді. Мұның астарында «ұлым Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйінде тәрбиеленіп, Ислам тағылымын алсын» деген ниет жатқан-ды. Осы сәттен бастап Әнәс Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қол астында болып, оған бірнеше жыл қызмет етеді. Қызметтегі жылдары жайлы Әнәс ибн Мәлик: «Аллаһтың атымен ант етемін! Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мен бірнеше жыл қызмет еттім. Егер мен бір нәрсені өздігімше істесем, ол кісі «мұны неге істедің» деп айтпайтын, ал бір нәрсені істемесем, «мұны неге істемедің» демейтін», – деген (Әл-Бұхари, Уасайа: 25).
Міне, Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қызметкерімен мәмілесі осындай дәрежеде еді. Шын мәнінде де, Әнәс ибн Мәлик теңдессіз ислами тәлім алып, хадис риуаят етудегі алғашқы жетіліктің ішіне кірді. Ислам үмбетіне мұндай азаматты ұлы ана Умму Суләйм тәрбиелеп берген еді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Мен өзімді жәннатта көрдім. Онда тұрған кезімде бір сыбдырды естіп: «Бұл кім?» – деп сұраған едім: «Бұл – Ғумайса», – делінді», – деген (Әл-Бұхари, Фадаилус-сахаба: 6; Муслим, Фадаил әс-сахаба: 105).
Сөйтіп, бұл әйел көзі тірісінде-ақ жәннатпен сүйіншіленген. Аллаһ оған разы болсын!