×
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) досы Әбу Бәкірдің қызы Әсмәнің (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) өмірбаяны туралы жазылған мақала

    Сахаба әйел Әсмә Әбу Бәкірқызы (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) туралы қисса

    قصة الصحابية أسماء بنت أبي بكر رضي الله عنهما

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    تأليف :

    إسماعيل بن عمر بن كثير

    авторлық

    Исмаил бин көптеген

    —™

    ترجمة ومراجعة :

    فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    ӘСМӘ ӘБУ БӘКІРҚЫЗЫ

    (АЛЛАҺ ӘКЕСІ ЕКЕУІНЕ РАЗЫ БОЛСЫН)

    «Туылған кезде оны Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары бастарына көтере тәкбір айтып қуанған еді. Аллаһтың атымен ант етемін! Ол туылған кезде тәкбір айтқандар ол өлген кезде тәкбір айтқандардан әлдеқайда артық. Бұл шабандоздың енді жерге түсетін уақыты болған шығар».

    Әсмә – Әбу Бәкір Сыддықтың (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) Қутайла деген әйелінен көрген қызы. Ал Айша Умму Руман деген әйелінен туылған. Әсмә Айшадан он төрт жастай үлкен еді. Риуаяттар бойынша, Әсмә он жетінші болып иман келтірген. Әбу Бәкір Қутайладан тағы бір Абдуллаһ атты ұл көрген. Әбу Бәкір мен Кутайланың дәм-тұздары жараспай айырылысып кеткен. Қутайла иман келтірмей ширкте қалып қойған-ды. Ал Әсмә ақылды да салиқалы Умму Руманның тәрбиесінде бойжетіп, осы бір өнегелі отбасының тәлімін алады. Ол Исламның алғашқы кезеңдеріндегі құрайыш озбырларының әкесіне көрсеткен зұлымдықтарының куәсі болады.

    Әсмә қоныс аударудың алдында мұсылман батырларының бірі, Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) немере әпкесі Сафияның (Аллаһ оған разы болсын) ұлы, Хадиша анамыздың жиені – Зубәйр ибн Аууаммен (Аллаһ оған разы болсын) тұрмыс құрған. Зубәйрдің әкесі Аууам – Хадишаның ағасы. Көп ұзамай Исламға жаңа қоныс болғалы тұрған Мәдина қаласына қоныс аудару басталады. Қоныс аударушылардың қатарында Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мен Әсмәнің әкесі Әбу Бәкір де бар еді. Бұл оқиғаны Әсмә еске ала отырып:

    «Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) біздің үйге тосын уақытта кіріп келді», – дейді. Бұл кезде Әбу Бәкірдің үйінде екі қызы Әсмә мен Айша ғана отырған-ды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірге: «Үйіңдегілерді шығар», – деп бір құпия сыр айтпақ болып тұрғандығын меңзейді. Әбу Бәкір:«Уа, Аллаһтың елшісі! Үйде екі қызымнан басқа ешкім жоқ», – деп оларға толық сенетіндігін білдіреді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірге қоныс аударуға бел байлағандығын және осы сапарда өзіне оның серік болатындығын жеткізеді.

    Екеуі оны-мұны жол жабдығын реттеген соң, мүшріктерден қауіптеніп, үш күндей Саур үңгірінде жасырынып жүреді. Ізім-ғайым жоғалып, із суытып кеткен Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бен Әбу Бәкірді іздеп Әбу Жәһл бастаған мүшріктердің бір тобы оның үйіне келеді. Олар келіп Әсмәға: «Әкең қайда?» – дейді. Әсмә: «Қайда екенін білмеймін», – деп жауап береді. Әбу Жәһлдің кіжініп бірнеше рет қайтарған сұрағына Әсмә: «Білмеймін», – дегеннен басқа жауап қатпайды. Ашуға мінген Әбу Жәһл оны шапалақпен тартып жібергенде, сырғалығы жыртылып, құлағындағы сырғасы үзіліп түседі. Соған қарамай Әсмә Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бен әкесінің қайда екенін айтпайды.

    Бір күні оларға кәрілік жеңген, көз жанарынан айырылған Әбу Бәкірдің қарт әкесі келеді. Ішке кірген қария қорғансыз қалған екі немересіне жаны аши қарап: «Әбу Бәкір шиіттей ғып қалай ғана тастап кетті сендерді?! Енді қалай күнелтесіңдер?» – деп аяушылық танытады. Шын мәнінде, Әбу Бәкір Аллаһ елшісін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға жеткізу жолында қажет боп қалар деген ниетпен бар мал-дүниесін өзімен бірге алып кеткен-ді. Әсмә қарт атасының көңілін тыныштандыру үшін бір шүберекке тас салып түйіп: «Ол бізге мынаны тастап кетті», – деп түйіншекті қарттың қолына ұстатады. Көзі көрмейтін қария оны алтын мен күміске балап, екі қызды уайымдаған көңілі жай табады.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бен Әбу Бәкір үңгірде жасырынып отырғанда, елдің жай-жапсарын оларға Әсмәнің інісі Абдуллаһ хабарлап, Әсмә азық-ауқат апарып тұрады. Әсмә мен Абдуллаһ хабар мен азық-ауқат жеткізіп кеткеннен кейін іздерін өшіріп отыруды бір қойшыға тапсырған-ды. Қойшы олардың арттарынан қойларын айдап өтіп іздерін өшіретін. Бір күні Әсмә үңгірде отырған Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мен әкесіне ас-ауқат алып шығады. Жолда түйіншегінің ауырлығынан қолы талғандықтан, беліндегі белбеуін шешіп, екіге бөледі де, оның бірімен қайта буынып, екінші бөлігімен түйіншекті байлап асынып алады. Осы үшін ол Қос белбеудің иесі деген лақап атты иеленеді.

    Әбу Бәкір Мәдинаға жеткен соң, біраз уақыттан кейін Меккеде қалған қыздарын адам жіберіп алдыртады. Бұл кезде Әсмәнің айы-күні жетіп отыр еді. Олар Мәдинаға барған тұста мұсылмандар бүлік іспеттес бір жағдайға тап келеді. Өйткені мәдиналық яһудилер:

    «Біз мұсылмандарды перзенттері тұрмайтын қылып сиқырладық», – деген қауесет таратқан-ды. Мұның үстіне, іс жүзінде де мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударғалы төрт айдан бері дүниеге келген нәрестелердің барлығы шетінеп, өлі туылып жатады. Кейбір мұсылмандар бұл жайттан қатты тіксініп қалған еді. Әсмәнің да толғағы дәл Мәдинаға келгенде басталады. Туылар бала тірі бола ма, әлде өлі түсе ме деген оймен көп адам осы сәтті бағумен жүрген-ді. Дүниеге келген нәрестенің тірі туылғанын білген мұсылмандар естері шыға қуанып, сәбиді жөргекке салып, бастарына көтере: «Лә иләһә иллаллаһ, Аллаһу әкбар», – деп дауыстап, яһудилерге көз қылып, Мәдинаның көшелерін аралап жүгіреді. Мысы басылған яһудилердің аузына құм құйылып, жер шұқылап қалады. Мұсылмандарға қуаныш сыйлаған Әсмәнің ұлын Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қолына алып құшырлана иіскеп, құрма шайнап оның таңдайын сылайды және оны Абдуллаһ деп атайды. Бұл Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жас нәресте туылғанда жасаған сүннеті еді. Әсмә осылайша қоныс аударғалы бері мұсылмандар арасында туған алғашқы нәрестенің анасы атанады.

    Әсмәнің күйеуі Зубәйр ибн Аууам жорыққа мінетін жалғыз атынан басқа ештеңесі жоқ кедей жігіт болатын. Бұл атты Әсмә күтіп, баптайтын. Кейіннен Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қиын тұрмыстарын ескеріп, оларға Мәдинаның шетінен күнкөріске жарайтын біраз құрма бағын ажыратып береді. Зубәйр атты соғыс өнерін өте жетік меңгерген батыр жауынгер еді. Ұлының да әкесіне ұқсауын қалаған Әсмә Абдуллаһты атқа мінуге жараған кезінен бастап-ақ Зубәйрға қосып шайқастарға жіберетін.

    Бұл – сол кездегі аналардың ұлдарын ержүректілікке шыңдауының көрінісі. Абдуллаһ ибн Зубәйр осындай ана тәрбиесінің арқасында бірегей батырлығымен және ілімімен танылған төрт Абдуллаһтың бірі болды. Бұл төрттікке Ибн Зубәйрмен бірге, Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Омар және Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас кіреді. Аллаһ оларға разы болсын!

    Сондай-ақ Әсмә ұлын Айша анамыздың үйіне жиі жіберетін. Осылай Абдуллаһ уақытының көп бөлігін Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйінде өткізетін. Оның бұл үйде жиі болуы себепті Айша Умму Абдуллаһ (Абдуллаһтың анасы) деп аталған.

    Әсмә Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) кезіндегі, әкесі Әбу Бәкірдің, Омар, Осман халифалардың (Аллаһ оларға разы болсын) тұстарындағы түрлі жағдайлардың куәсі болған. Ол бүлікшілер Османның үйін қоршауға алған кезде халифаны қорғауға ұлы Абдуллаһты жібереді.

    Сонымен қатар Әсмә – Муғауия халифалығының да куәгері. Муғауия (Аллаһ оған разы болсын) дүниеден өткеннен кейін халифалық таңдау жолымен емес, мұрагерлік арқылы Язидқа өтетін болғанда, Әсмәнің ұлы Абдуллаһ оған байғат (келісім антын) беруден бас тартып, әділетсіз жолмен құрылған үкіметке қарсы көтеріліс бастайды. Көптеген адам Абдуллаһқа байғат береді, тіпті біраз ғалымдар «ресми халифа Абдуллаһ ибн Зубәйр болды» деген де пікір білдірген. Бірақ ұзақ уақытқа созылған қақтығыстың нәтижесінде умәуилер мемлекеті зубәйрилерді жеңіп, жетпіс үш жастағы Абдуллаһ ибн Зубәйр ең ақырында Меккеге келіп, еріксіз бас сауғалайды. Бұл кезде Әсмәнің көзі тірі, жасы жүзде еді. Жасы жүзге жетсе де, оның бір тісі түспеген және ақылы мен өткірлігінен айнымаған-ды. Тек қарттыққа жанарын беріп, көзі көрмей қалған-ды.

    Абдуллаһтың соңына түскен умәуилер мемлекетінің айтақтаулы иті Хажжаж қаланы қоршауға алғанда, Ибн Зубәйрдің біраз әскері тайқып шығып, оның жанында біршама адам ғана қалады. Тығырыққа тірелген ұлы ақылдасу үшін анасы Әсмәнің алдына барады. Әсмә одан:

    – Сен ақиқат үшін күрестің бе, жоқ, жалғандық үшін бе? – деп сұрайды. Абдуллаһ:

    – Ақиқат үшін, – деп жауап береді.

    Сонда Әсмә:

    – Егер ақиқат үшін күрессең, онда ақиқатта тайқымай тұр, – деп бұйырады.

    Абдуллаһ:

    – Қасымда ешкім қалмады, – дейді.

    – Сонда да ақиқаттан тайқыма, – деп нығыздайды анасы.

    Сонда ұлы:

    – Менің де естігім келгені осы еді. Бұл нәрседен мені тек сенің разылығың ғана қайтарып тұрған, – дейді.

    Содан соң Әсмә ұлын құшағына алады. Абдуллаһ үстіне сауыт киіп алған еді. Әсмә оған:

    – Мынау шәһидтікті қалайтын адамның киімі ме?! – деп тіл қатады. Сосын Абдуллаһ сауытын шешіп, басқыншыларға қарсы ерекше шайқас жүргізеді. Алайда, өкінішке қарай, бұл шайқаста Абдуллаһ ибн Зубәйр шәһид болады. Залым Хажжаж оның өлі денесін дар ағашқа керіп, Меккенің кіре беріс қақпасына ілгізіп қояды. Күн өткен сайын оның денесі ыстыққа шыдамай, бұзыла бастайды. Осы кезде ғана Әсмә дар ағашында керіліп, өлсе де ақиқаттан тайқымай тұрған ұлының қасына келіп, оған дұға қылады. Хажжаж оны сырттай бақылап тұрған. Қарт ана оның ту сыртынан бақылап тұрғанын сезіп, оған: «Туылған кезде оны Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары бастарына көтере тәкбір айтып қуанған еді. Аллаһтың атымен ант етемін! Ол туылған кезде тәкбір айтқандар ол өлген кезде тәкбір айтқандардан әлдеқайда артық. Бұл шабандоздың енді жерге түсетін уақыты болған шығар!» – деп дауыстайды.

    Анасының ұлын «шабандоз» деуінің мәні Абдуллаһ ибн Зубәйр ес білгенінен бастап, жетпіс үш жасына дейін бар ғұмырын ат үстінде, шайқаста өткізген-ді. Енді, міне, өлгеннен кейін де аяғы жер бетінде емес.

    Ауыр да зілді сөздерді естіген Хажжаж оны дар ағашынан алып жерлеуге келісім береді.

    Қарт ана Әсмә ақиқат үшін өзінің жүз жыл өмірін арнап, ұлы Абдуллаһтың қазасынан кейін жиырма күн өтер-өтпесте дүние салады. Аллаһ оған разы болсын!