×
Мүміндердің Анасы - Мәймуна Харисқызы (Аллаһ оған разы болсын) туралы жазылған мақала.

    Мүміндердің Анасы – Мәймуна Харисқызы (Аллаһ оған разы болсын) қиссасы

    قصة أم المؤمنين ميمونة بنت الحارث رضي الله عنها

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    авторлық

    Исмаил бин көптеген

    —™

    فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    МҮМІНДЕРДІҢ АНАСЫ – МӘЙМУНА ХАРИСҚЫЗЫ

    (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)

    «Ол Аллаһтан қорқуда және туыстық қарым-қатынасты сақтауда бізден озық тұратын».

    Ол – Бәрра бинт Харис әл-Ғамирия, Мәймуна – оған Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) берген есімі.

    Анасы – «Арабтарда ол сияқты мәртебелі күйеу балаларымен танымал әйел жоқ» делінетін Һинд Ауфқызы, ол жайлы анамыз Зәйнәб Хузәймақызының шежіресінде айтқанбыз. Мәймуна Зәйнәб Хузәймақызының шешесі бір сіңлісі.

    Мәймуна күйеуі Әбу Рухм ибн Абдулғұзза дүниеден өтіп, 26 жасында жесір қалған еді. Ақылы мен сұлулығына қызыққан көптеген кісі Мәймунаға үйленуге ниет білдіргенімен, ол қайта тұрмысқа шықпай, әпкесі Аббас ибн Әбу Талибтің әйелі Умму Фадлдың үйінде тұрып жатады.

    Күндер зымырап өте береді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ізін қуушы жүрегіне таудай иманды сыйдырған сахабаларымен бірге Ясрибқа қоныс аударып, Мәдина қаласы жас сенімнің даңқты орталығына айналғаннан бері жеті жыл артта қалады. Бұл жеті жыл уақиғаларға, жорықтар мен жеңістерге, өнеге-ғибратқа толы жылдар еді.

    Хайбар жорығына дейін һижра жыл санауымен 6-жылы Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын ертіп, умра ниетімен Мекке бағытына жол алады. Бірақ ол кезде құрайыш мүшріктері мұсылмандарға умра жасауға мүмкіндік бермеген еді. Нәтижесінде, мүшріктер мен мұсылмандар арасында танымал «Худайбия» келісімі түзіледі. Келісімшарттарының бірінде мұсылмандар бұл жылы умра жасамай кері қайтып, келесі жылы келіп өтейді, ал құрайыштар оларға үш күн мұрсат беріп, умра жасауларына кедергі келтірмейді делінген-ді. Осы келісім бойынша бір жылдан соң һижраның 7-жылы зулқағда айында Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әйел-балаларды есептемегенде, екі мыңдай ізбасарымен Меккеге аттанады.

    Меккелік мұсылмандар кәпірлердің қысымынан лажсыз тастап кеткен туған жерлерін сағынып қалған-ды. Олар ансар бауырларымен бірге қалаға кіре бере жаппай «Ләббәйкә Аллаһуммә ләббәйк» (Біз құзырыңдамыз, уа, Аллаһ, біз құзырыңдамыз) деп ұрандап, Мекке аспанын жаңғыртады.

    Бүкіл меккеліктердің назары Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ауған. Ол Қасуа атты түйесінде отырған-ды. Түйенің бұйдасын Исламның бұлбұл ақыны Абдуллаһ ибн Рауаха (Аллаһ оған разы болсын) жетегіне алып «Жол беріңдер, кәпірлер жұрты, соқтықпа оған...» деген өлеңін оқыды.

    Аллаһ елшісін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) көруге келгендердің арасында Бәрра Харисқызы да бар еді. Ол іштей Құранда Ибраһим мен Исмаил пайғамбарлардың тілінде келген мына дұғаны оқып келе жатты:

    «Раббымыз, олардың (ұрпағымыздың) ішіне өздерінен, оларға аяттарыңды оқитын, Кітап пен хикметті үйрететін, оларды тазартатын бір елші жібер. Шынында, Сен аса Үстем, өте Данасың» («Бақара» сүресі, 129-аят).

    Бәрра «Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне үйленсе», деген арманда жүретін, бұл ойын әпкесі Умму Фадлға айтады. Умму Фадл Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жауабын білу үшін күйеуі Аббасты (Аллаһ оған разы болсын) араға салады. Аббас Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, балдызына үйлену туралы ұсыныс жасағанда, Аллаһ тағаладан:

    «Ей, Пайғамбар! Біз саған мәһрлерін берген әйелдеріңді, Аллаһ өзіңе олжа етіп берген күңдеріңді, ...және өзін Пайғамбарға тарту еткен иман келтірген әйелге, егер Пайғамбар оны әйелдікке алуды қаласа, (мәһрсіз үйленуіңе) рұқсат еттік. (Бірақ бұл барлық) иман келтіргендерге емес, саған ғана қатысты» («Ахзаб» сүресі, 50-аят), – деген аят түседі.

    Осылайша Мәймуна ең ұлы Адам баласымен отау құрған мүміндердің соңғы анасы атанады. Келісімді үш күн аяқталған соң, «Расында, Аллаһ Өз елшісінің (көрген) түсін ақиқатпен растады. (Ей, мүміндер!) Таяуда сендер, Аллаһ қаласа, (шаштарыңды) алдырып тастаған немесе қысқартқан күйлеріңде әл-Харам мешітіне (ешкімнен) қорықпастан емін-еркін кіресіңдер. Аллаһ сендердің білмегендеріңді біліп, одан (Меккенің ашылуынан) бұрын жақын бір жеңісті (Хайбар жеңісін нәсіп) етті» («Фатх» сүресі, 27-аят), – деген Аллаһ тағаланың уәдесіне сай бейбіт түрде сахабаларымен бірге былтырғы умраларын өтеген Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Меккені тастап шығып, Сариф деген жерге келгенде, Мәймуна анамызбен үйлену рәсімін жасайды.

    Сөйтіп, Бәрра Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) отбасы мүшелері қатарына кіреді және Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мен оның арасында ешқашан келіспеушілік болған емес. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Мәймуна мен оның әпкелері жайлы: «Мүмін әпкелі-сіңлілер Мәймуна, Умму Фадл және Әсма», – деген (Ибн Хажар, Исаба: 4/412).

    Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл фәнимен қош айтысқанда, Мәймуна елу жаста болатын. Ол Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қазасынан кейін оңаша ғұмыр кешіп, қалған өмірін Аллаһқа құлшылық етумен өткізеді. Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерін келер ұрпаққа жеткізуге атсалысқан.

    Ол һижра жыл санауымен 51-жылы дүние салып, Пайғамбарымызбен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш неке рәсімін жасаған Сарифқа жерленген. Жаназасын әпкесінің ұлы Абдуллаһ ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) шығарған.

    Мүміндердің соңғы анасы – Мәймуна Харисқызына Аллаһ разы болсын! Оны және барша мүміндердің аналарын біздерге Аллаһ тағала үлгі-өнеге етсін!