Мүміндердің Анасы – Зәйнәб Жахшқызы (Аллаһ оған разы болсын) қиссасы
Бөлімдер
Full Description
Мүміндердің Анасы – Зәйнәб Жахшқызы
(Аллаһ оған разы болсын) қиссасы
قصة أم المؤمنين زينب بنت جحش رضي الله عنها
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
авторлық
Исмаил бин көптеген
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
МҮМІНДЕРДІҢ АНАСЫ – ЗӘЙНӘБ ЖАХШҚЫЗЫ
(АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)
«Тұрмыс құруда менен бақытты кім бар? Өйткені менің некемді жеті қат көк үстінен Мәртебелі Аллаһтың өзі қиған, ал куә Жәбірейіл (аләйһис-сәләм) болды».
Зәйнәб Жахш ибн Риабқызы – құрайыш тайпасының бәну асад руынан, Абдулмутталиб ибн Һишамның немересі. Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) тұрмысқа шықпастан бұрын өз есімі Бәрра болатын. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оны некесіне алған соң Зәйнәб деп атады.
Анасы – Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) атасы Абдулмутталибтің қызы Умәймә.
Зәйнәбтің алғашқы жұбайлық өмірі баянды болмаған. Ол Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық міндет жүктелмей тұрғанда өкіл бала атанған Зәйд ибн Харисаға тұрмысқа шыққан-ды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үшін Зәйд ізбасар шәкірт әрі сүйікті іні болатын. Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) осы өкіл баласынан ажырасқан әйелге үйленеді. Мұны иман иелері Аллаһ тағаланың Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ісі арқылы мұсылмандарға бекіткен шариғаты деп ұғады.
Бұл мәселені жете түсінуіміз үшін көптеген сұраққа жауап табуымыз керек. Әуелі Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бала тұтынып, тәрбиелеп өсірген, оған өзінің туыс жиен қарындасын алып берген және екеуі жараспай ажырасқаннан кейін, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оның әйелін алған Зәйд ибн Харисаның кім екендігі жайлы сөз етейік.
Тарихи деректерден бізге бірде бәну кәлб тайпасынан шыққан Хариса атты кісінің әйелі Сағда бинт Сағлаба деген әйел көрші ауылдағы Мағн ибн Таидың тайпасына туған-туыстарын зиярат ету үшін барады. Ол әйелмен бірге жанында сегіз жасқа да толмаған ұлы Зәйд ибн Хариса болады. Жолда күтпеген жерден оларға қарақшылар тобы кез келіп, Зәйдті тартып алып кетеді. Олар Зәйдті құл базарларының бірінде сатып жібереді. Ал оны сатып алған құрайыштық Хаким ибн Хузам ибн Хуайлид әл-Әсәди деген саудагер еді. Хаким ибн Хузам Хадиша анамыздың аталас бауыры еді. Хаким саудадан оралған соң, оны Хадиша зиярат етіп келеді. Ол Хадишаға сыйлық ретінде сатып алып келген құлдарының бірін таңдауын ұсынады. Хадиша Зәйдті таңдап, оны үйіне алып келеді. Кішкентай Зәйд Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) пен Хадишаның үйінде тура бір өз үйінде, тіпті әкесі мен анасының жанында жүргендей күн кешеді. Екеуінен көрген мейірімнің арқасында Зәйд оларға қатты бауыр басып кетеді. Өйткені олар Зәйдтан жылуларын аямаған-ды. Күндер зымырап өтіп жатады. Зәйд ержетіп те қалады. Ол Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жанынан бір елі қалмайтын. Осы кездерде Зәйдтің туыстары оған іздеу салуда еді. Оның құл болып сатылғанын, дәл қазіргі уақытта Мұхаммед ибн Абдуллаһтың үйінде екендігін естиді. Сөйтіп, олар Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйіне келіп, ұлдарын қайтаруын әрі оның өз туыстарының арасында бостандықта өмір сүруін қалайтындарын айтады. Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) таңдау еркін Зәйдтің өзіне беріп, кімді қаласа, сол жақта қалсын деген ұсыныс тастайды. Зәйдтің туыстары бұл ұсынысқа қуана келіседі. Олар Зәйдтің өздерін таңдайтындығына сенімдері кәміл еді. Бірақ Зәйд әкесіне Мұхаммедтен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) басқа ешкімді таңдамайтындығын жеткізеді.
Хариса күтілмеген жауапқа қайран қалып:
– Зәйд, сен әкең мен шешеңді, руыңды құлдыққа айырбастадың ба?! – дейді.
Зәйд бірден:
– Мен Мұхаммедтің қандай адам екенін жақсы білемін. Ешуақытта, ешқашан одан айырылмаймын. Мұхаммедте құлдықта болу, басқа қандай да бір адаммен бірге бостандықта болудан жақсы, – деп жауап береді.
Зәйдтің Пайғамбарымызды (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) таңдауы Исламнан бұрын болған еді.
Сонан соң Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Зәйдтің қолынан жетектеп жұрт алдына шығарып:
– Куә болыңдар, Зәйд – менің балам! – деп жариялайды.
Сол күннен бастап Зәйд «Зәйд ибн Мұхаммед» (Мұхаммедтің ұлы Зәйд) деп аталып кетеді. Зәйд Әли ибн Әбу Талибтен (Аллаһ оған разы болсын) кейінгі Исламды қабылдаған алғашқы бала, Аллаһ оған разы болсын. Зәйд әрдайым Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жанында жүріп, оның қолында тәлім алады, сүйікті шәкірт атанады. Уақыты жетіп Зәйдтің үйленетін кезі де келеді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған өзінің туыс әпкесі Умәйма бинт Абдулмутталибтің қызы Зәйнәб Жахшқызын таңдайды.
Ол кездерде қызды тұрмысқа берерде күйеу жігіттің шыққан тегіне көп көңіл аударатын, егер текті қыз құлға тұрмысқа шықса, бұл бетке салық, сүйекке таңба еді. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Зәйнәбті әдейі таңдауындағы мақсаты адамдарды әлгіндегідей қалыптасқан түсініктен айыру-тұғын. Сонымен қатар адамға тегіне қарап баға бермеу керектігін ұғындыру болатын.
Зәйнәб текті атадан шыққан сұлу қыз еді. Бойжеткен соң оны құрайыштың «мен» деген жігіттері айттырып келе бастайды. Бірақ бірде Зәйнәб нағашысы Пайғамбарымызбен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ақылдасқысы келіп, оған сіңлісі Хамнәні жібереді.
Хамнә Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп:
– Зәйнәбқа кімді таңдар едің, уа, Аллаһтың елшісі, – дегенде, ол кісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Оған Аллаһ тағаланың кітабы мен Оның елшісінің сүннетін үйретуші біреуді айтсам ше? – дейді.
Хамнә:
– Кім ол, уа, Аллаһтың елшісі? – дейді.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Зәйд ибн Хариса, – дейді. Хамнә ашудан жарылардай булығып:
– Зәйд ибн Хариса?!. Уа, Аллаһтың елшісі, жиен қарындасыңды босаған құлыңа қосасың ба?! – дейді.
Зәйнәб бұл әңгімені естігенде, Хамнәдан бетер ашуланады. Ол Зәйдке тұрмысқа шығуына Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзі араға түскеніне қарамастан, бұл ұсынысқа келісім бермей қарсылық көрсетіп: «Мен ешуақытта Зәйдке тұрмысқа шықпаймын!» – дейді.
Міне, осы кезде Аллаһ тағала елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Ешбір мүмін ер кісі мен мүмін әйелге, егер Аллаһ және Оның елшісі бір істі үкім етсе, оларға (мүміндерге) істерінде ерік болмайды. Кімде-кім Аллаһқа және Оның елшісіне бойсұнбаса, онда ашық адасуға түсіпті» («Ахзаб» сүресі, 36-аят), – деген уахи жібереді.
Зәйнәб бұл – Аллаһтың, сосын Оның елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қалауы және өзі Аллаһтан қорқатын, нағыз тақуа мүмін-мұсылман әйел болғандықтан ғана Зәйдке тұрмысқа шығуға көнеді. Десе де, Зәйнәб Аллаһ пен Оның елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қалауының шегі бай мен кедейдің, ақ пен қара нәсілдің, құл мен азат адамның айырмашылығы жоқ екендігін, адам иман таразысымен ғана өлшенетіндігін түсінеді.
Зәйд айтарлықтай көрікті емес еді, күйеуіне Зәйнәбтің көңілі толмайтын. Ол Зәйдке ылғи да салқын қарайтын, одан бір тартымдылық та таппайтын. Егер Аллаһтың қалауы болмағанда, Зәйнәб Зәйдке ешқашан тұрмысқа шықпас та еді.
Себебі отбасылық өмір іштей келісім, рухтық жақындықты қажет етеді. Екі мүмін, тақуа ер мен әйел қосылса болды, жарасып кетеді деу ағаттық. Жұбайлық қатынас махаббат пен жылуды аңсайды. Ал ол болса – жүректің ісі. Адам жүрегін бір нәрсеге бойсұндыра алғанымен, оның ішкі сезіміне әмірін жүргізе алмайды. Сөйтіп, олар отбасылық жылу, ерлі-зайыптылардың өзара сүйіспеншілігі, бақытты өмірдің ауылы алыс күндерді бастарынан кешіп жатады.
Зәйд жарының өзінен қашқақтап жүретінін сезетін. Бір күні ол Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, бар мән-жайды түсіндіріп, Зәйнәбпен ажырасқысы келетіндігін жеткізеді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған:
– Ей, Зәйд, не болды? Саған оның тәлім-тәрбиесі ұнамайды ма? – деп сұрайды.
Зәйд оған:
– Уа, Аллаһтың елшісі! Маған Зәйнәбтің барлық қасиеті ұнайды. Бірақ оның маған деген қатынасы жан төзгісіз. Ол өзінің тектілігімен мақтанып, менмендігімен мені қатты қинайды, – дейді.
– Ей, Зәйд! Ол Зәйнәб емес пе, сен араларыңдағы өзіңе деген қатынасты өзгерту үшін қолыңнан келгеннің бәрін аямауың керек, қалай болғанда да жарыңды ұстап қалуға тиіссің, Аллаһтың қаһарынан қорық, – дейді Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын).
Дегенмен де ең өкініштісі, Зәйд арақатынасты түзеуге қанша тырысқанмен, Зәйнәбтің күйеуіне деген көңілі кері тартатын. Осылайша олар ажырасып кетеді. Арада бірнеше күн өткен соң Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Зәйдті шақырып алып, Зәйнәбқа барып, оған Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзі үйленгісі келетіндігін жеткізуге жұмсайды. Зәйд Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сәлемін айтпаққа, Зәйнәбтің есігінің алдына келіп: «Зәйнәб, мені Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзіңе үйленуге сөз салу ниетімен жіберді», – дейді. Бұл уақытта Зәйнәб ғибадатта еді. Бұл сөздерді естіген ол жүрегі қуанышқа толып, бұл үшін Аллаһқа мақтау айтумен болады. Бұл үйленудің мәнісі Аллаһ тағала уахи еткен мына аяттарға негізделеді.
«(Мұхаммед!) Аллаһ игіліктерге бөлеп, сен де (оны) игіліктерге бөлеген (Зәйдке): «Әйеліңді өзіңде ұста да, Аллаһтан қорық», – деп, Аллаһ аян етпек болған істі көңіл түкпірінде бүгіп едің. Аллаһ сенің қорқуыңа (өзгелерден әлде қайда) лайықтырақ бола тұрған кезде, сен адамдардан (яғни олардың сөздерінен) қорықтың. Зәйд (Зәйнәбтан) қажетін өтеп (яғни ажырасып) болған соң, мүміндер асыранды балаларының ажырасқан әйелдеріне (үйленуде) ешбір ыңғайсыздық көрмесін деп, сені (Зәйнәбқа) үйлендірдік. Аллаһтың бұйрығы міндетті түрде орындалады» («Ахзаб» сүресі, 37-аят).
Осылайша Аллаһтың қалауымен пайғамбар Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Зәйнәбқа үйленеді. Бұл үкімге қатысты Айша анамыз:
«Егер Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бір нәрсені жасыра алса, осыны жасырар еді» (Әл-Бұхари, Таухид: 22), – деген.
Зәйнәб бұл кезде отыз бес жаста еді. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл әрекетінің астарында болашақта мұсылмандар өздерінің өгей ұлдарының әйелдерін алуды өздеріне харам етпесін деген даналық жатқан-ды. Зәйнәбті Пайғамбарымызбен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) тұрмыс құру қатты қуандырады. Ол мұны мақтан тұта:
«Тұрмыс құруда менен бақытты кім бар? Өйткені менің некемді жеті қат көк үстінен Мәртебелі Аллаһтың өзі қиған, ал куә Жәбірейіл (аләйһис-сәләм) болды», – дейтін.
Басқа бір риуаятта оның: «Сендерді туыстарың үйлендірді, ал мені Аллаһ жеті қат көктің үстінде үйлендірді» (Әл-Бұхари, Таухид: 22), – дегені айтылады.
Риуаят етілуінше, Аллаһтан Пайғамбарды (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Зәйнәбқа үйлендіргені жайлы аят түскеннен кейін Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оның үйіне барады. Зәйнәб анамыз жалаңбас отырған болатын. Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ісіне таңғалып, абыржып қалады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Аллаһ мені саған үйлендірді, – дейді.
Зәйнәб:
– Уа, Аллаһтың елшісі! Туыссыз... куәсіз... қалай?! – дегенде, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Сені маған Аллаһ қосты, ал куә – Жәбірейіл, – дейді.
Осылай Зәйнәб уәлисіз (Әкесі, ағасы сияқты жақын ер туысы), куәгер адамсыз, ешқандай неке рәсімінсіз пайғамбарлық иесіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қосылады. Оны бүкіл неке рәсімдерін белгілеп отырған Аллаһ тағаланың Өзі үйлендірген, Аллаһ оған разы болсын!
Зәйнәб Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзге әйелдеріне: «Мен уәлиде сендерден артықпын», – деп мақтанатын. Ал оның уәлиі мақтануға лайық Аллаһ тағаланың Өзі еді. Және де ол:
«Мен сендерден куәде де артықпын», – деп мақтанатын. Ал оның куәсі – мақтануға тұрарлық Жәбірейіл (аләйһис-сәләм) еді.
Бұл некеден ұлы қандай неке бар?!
Сондай-ақ Зәйнәбтің Пайғамбарымызбен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйленуі мұсылмандарға және мүміндердің аналарына қатысты жаңа үкімдерге себепші болады. Ол үкімдер: Зәйнәбқа үйленгенінде Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) той жасап, адамдарды шақырады. Адамдар келіп, ішіп-жеп тарап кетеді. Тек бір-екі кісі әңгіме-дүкен құрып отырып алады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ыңғайсыз жағдайда қалып, бірдеңе деуге ұялады.
Сол кезде Аллаһтан:
«Ей, иман келтіргендер! Өздеріңе тамақ жеуге рұқсат етілгенде болмаса, (басқа уақытта) Пайғамбардың үйлеріне (тамақтың) пісуін пайлап кірмеңдер. Бірақ шақырылған кездеріңде кіріңдер де, тамақ жеп болсаңдар, әңгіме тыңдамай дереу тараңдар. Бұларың Пайғамбарға жайсыздық тудыратын еді, бірақ ол сендерден ұялатын. Ал Аллаһ шындықтан (оны түсіндіруден) ұялмайды» («Ахзаб» сүресі, 53-аят), – деген аят түскен.
Және де осы аяттың ішінде мүміндердің аналарына қатысты да жаңа үкім келеді.
«Қашан сендер (Пайғамбар әйелдерінен) бір нәрсе сұрасаңдар, перденің артынан сұраңдар. Бұл сендердің жүректерің мен олардың жүректері үшін әлдеқайда таза. Сендерге Аллаһтың елшісіне азар беруге және одан кейін оның әйелдеріне үйленуге болмайды. Өйткені бұл Аллаһтың алдында зор (күнә болып есептеледі)» («Ахзаб» сүресі, 53-аят).
Осы күннен бастап мүміндердің аналары туыстарынан басқалармен шымылдық артынан сөйлесуге көшеді.
Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Зәйнәбке үйленуі осындай ерекшеліктерге толы болған еді. Исламның дұшпандары бұл некені сөз етіп: «Мұхаммед адамдарға ұлдарының әйелдеріне үйленуге тыйым салып, өзі ұлынан ажыраған әйелге үйленді», – дейтін. Олар Зәйдтің Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өкіл баласы екенін жақсы білетін.
Кәпірлердің алып-қашты жел сөздеріне жауап ретінде Аллаһ тағала: «Аллаһ Пайғамбарға парыз (яғни халал) еткен нәрселерде күнә болмайды. (Бұл) – ілгеріде өткендерге (бекіткен) Аллаһтың жолы. Аллаһтың бұйрығы – бекітілген бір үкім. Олар – Аллаһтың жолдауын жеткізіп, Одан қорыққандар және Одан басқа ешкімнен қорықпағандар. Аллаһ есеп алуда жеткілікті» («Ахзаб» сүресі, 38-39 аяттар), – деген.
Сонымен қатар адамдардың есімі өз әкелерінің атымен аталуын ескертіп: «Аллаһ сендерге өкіл балаларыңды өз балаларың еткен жоқ. Бұл – ауыздарыңмен айтылған сөздерің ғана. Аллаһ шындықты айтып, Өзі тура жолға бастайды. Оларды (яғни өкіл немесе асыранды балаларыңды) өз әкесінің (атымен) атаңдар. Бұл Аллаһтың қасында ең әділі. Егер әкесін білмесеңдер, онда олар – сендердің діндегі бауырларың әрі жақын достарың» («Ахзаб» сүресі, 4-5 аяттар), – деген Өз уахиын жібереді.
Мұнан кейін Зәйдті адамдар «Ибн Мұхаммед» деуді қойып, туған әкесінің атымен «Ибн Хариса» деп атауға көшеді. Ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын):
«Біз Зәйд ибн Харисаны «Оларды (яғни өкіл немесе асыранды балаларыңды) өз әкесінің (атымен) атаңдар. Бұл Аллаһтың қасында ең әділі», – деген Құран аяты түскенше «Зәйд ибн Мұхаммед» деп атайтынбыз», – деген (Әт-Тирмизи, Манақиб: 39).
Міне, осылайша Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйі жаңа әйелді қабылдайды. Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) аталас әпкесінің қызы Зәйнәб жас әрі сұлу еді. Әдеттегі әйелдік сезімдерге тән әйелдері Пайғамбарымызды (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) одан қатты қызғанатын. Айша (Аллаһ оған разы болсын) ол жайлы: «Зәйнәбтан басқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдерінің бірде-біреуі маған ұқсамайтын», – деген.
Зәйнәб Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) басқа әйелдерінен қатты ерекшеленетін. Ол күндіз тынымсыз еңбекқор болса, түнде құс ұйқылы, ғибадатта отыратын. Зәйнәб өз қолымен жеміс дәндерінен, шыныдан әшекей моншақтар тізіп, алқалар жасап сатып, оның ақшасын кедей-кепшіктерге, мұқтаждарға тарататын. Мұнысы үшін оны жұрт «кедейлер, мұқтаждар мен жетім-жесірлердің қамқоршысы, панасы» деп атап кеткен.
Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Зәйнәб жайында Омар ибн әл-Хаттабқа (Аллаһ оған разы болсын): «Шынында, Зәйнәб Жахшқызы Аллаһқа берілген», – деген (Әз-Зәһәби, әс-Сиәр: 217).
Оның қадір-қасиетіне күндестерінің өзі куәлік беретін. Айша (Аллаһ оған разы болсын) ол жайлы:
«Мен Зәйнәбтан жақсырақ әйелді кездестірген емеспін. Ол намаз бен оразаны бұлжытпай ұстайтын. Әрдайым шын сөйлейтін, қайырымды еді. Міне, осы істерімен Аллаһ тағалаға жақын болды», – деген. Басқа бір риуаятта Айша анамыздың: «Мен ешқашан дінде, Аллаһқа тақуалықта, сөзде шыншылдықта, туыстық қарым-қатынасты сақтауда, садақаны көп беруде және еңбекқорлықта Зәйнәбтан артық ешбір әйелді көрген емеспін. Ол өз еңбекақысын садақа етіп, Аллаһқа жақындайтын», – деген хабары айтылған.
Ал Умму Сәләма (Аллаһ оған разы болсын) болса: «Ол өте жақсы (әйел) еді, оразаны қатаң түрде бұлжытпай ұстайтын, еңбекқор болатын. Ал еңбекақысын кедейлер мен мұқтаждарға үлестіретін», – деген.
Зәйнәб өмірмен қош айтысқанда барлығы:
«Бізден кедейлер мен мұқтаждардың қамқоршысы кетті», – деп қайғырған.
Аллаһ елшісінен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдері:
– Ақыретте сенімен бірінші жолығатын қайсымыз? (Сенен кейін бірінші дүние салатын қайсымыз деген мағынада) – деп сұрағанда, ол (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Маған Ақыретте бірінші жолығатындарың – ең қолы ұзының, – деген (Әл-Бұхари, Зекет: 11; Муслим, Фадаил әс-сахаба: 101).
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөзімен ең жомарттарың, ашық қолдыларың деген мағынаны меңзеген-ді.
Пайғамбардан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) кейін мүміндердің анасы – Зәйнәб Жахшқызы ең алғаш дүние салған.
Айша (Аллаһ оған разы болсын) бір жайтты еске алып:
«Бірде біз бәріміз жиналып отырып, Зәйнәб шұғылданған іспен айналыспақ болдық. Бірақ біздердікі Зәйнәбтікіндей жақсы шықпады. Ол, шын мәнінде, он саусағынан өнер тамған шебер еді. Тіпті оның өмірінің соңғы сәттері таяғанда ол: «Мүміндердің әміршісі Омар ибн әл-Хаттаб шекпен тоқып беруімді өтінген еді. Үлгере алмаймын-ау деп қорқамын. Қолдарыңнан келсе, біреулерің менің орныма істеп, бітіріп беріңдерші, өтінемін», – деді бізге. Бұл оның соңғы сөздері болды», – дейтін.
Зәйнәб Жахшқызы елу үш жасында Омар ибн әл-Хаттабтың кезінде һижра жыл санауымен 20-жылы дүние салды. Зәйнәбтің жаназасын мүміндердің әміршісі Омардың өзі оқыған соң, Мәдина халқы оның денесін мүміндердің аналарының қорымы Бақиғқа шығарып салады. Мүміндердің анасы Зәйнәб Жахшқызына Аллаһ разы болсын!