×
Мүміндердің Анасы – Айша Әбу Бәкірқызы (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) туралы жазылған қисса

    Мүміндердің Анасы – Айша Әбу Бәкірқызы (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) туралы қисса

    قصة أم المؤمنين عائشة بنت أبي بكر رضي الله عنهما

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    авторлық

    Исмаил бин көптеген

    —™

    فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    МҮМІНДЕРДІҢ АНАСЫ – АЙША ӘБУ БӘКІРҚЫЗЫ

    (АЛЛАҺ ӘКЕСІ ЕКЕУІНЕ РАЗЫ БОЛСЫН)

    «Аллаһтың атымен ант етемін! Ол әкесін есептемегенде, Пайғамбарға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ең сүйікті адам еді»

    Айша – Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жан досының қызы, шыншылының шыншыл қызы, сүйіктісінің сүйікті қызы, жанашыр дос, қамқор әйел, Аллаһтың Кітабында күнәлардан және жүректердің шүбә-күдігінен арылған мүміндердің пәк анасы. Ол күш-жігері сарқылғанша ораза ұстайтын.

    Бұл әйел шыншыл да шарапатты ханым әрі Исламдағы ұлы сүйіспеншіліктің – Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) махаббатының иесі, бұл өмірдегі ең сүйікті адамы. Сахих хадисте келгендей, Амр ибн Ас (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    – Уа, Аллаһтың елшісі! Ең жақсы көретін адамың кім? – деп сұрайды.

    Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    – Айша, – деп жауап береді. Амр:

    – Ал ер кісілерден ше? – дегенде, ол (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    – Оның әкесі, – деген. (Әл-Бұхари, Фадаил асхабун-нәби: 5; Муслим, Фадаил әс-сахаба: 8)

    Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Айшаны «Хумәйра» деп еркелетіп, адамдарға: «Діндеріңнің жартысын осы Хумәйрадан үйреніңдер» (Ибн Ғимад, Шажарат: 1/62), – деп айтқан.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Айшаны артық жақсы көрсе де, әйелдерінің арасындағы теңдікті сақтап: «Аллаһым, мына менің иелігімдегі тиесім, иелігімде болмаған нәрседе мені сұраққа ала көрме» (Әт-Тирмизи, Никах: 95), – дейтін.

    Яғни Айша анамызға бәрібір жүрегі бұрып тұрушы еді. Мұны білетін адамдар Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Айшаның үйіне түсетін күні оларға арнап тарту-таралғылар, сыйлықтар әкелетін.

    Бір күні анамыз Умму Сәләма (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, Айшаға қатысты қызғанышын білдіргенде, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған:

    «Уа, Умму Сәләма! Мені Айшаға қатысты нәрселерде қинама. Аллаһтың атымен ант етемін! Сендердің араларыңда Айшамен ғана бір көрпенің астында жатқанымызда маған уахи келген», – деп жауап береді (Әл-Бұхари, Фадаил асхабун-нәби: 30).

    Тағы бір хадисте Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатимадан (Аллаһ оған разы болсын):

    – Ей, қызым, сен мен сүйгенді сүйесің бе? – деп сұрайды.

    Фатима:

    – Әрине, Аллаһтың пайғамбары сүйгенді қалайша сүймейін, – дейді.

    Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    – Онда мынаны сүй, – деп Айшаны көрсеткен екен. (Әл-Бұхари, Һибә: 8; Муслим, Фадаил әс-сахаба: 83).

    Умму Сәләмаға (Аллаһ оған разы болсын) Айшаның дүние салғаны жайлы хабар жеткенде, ол: «Аллаһтың атымен ант етемін! Ол әкесін есептемегенде, Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ең сүйікті адам еді» (Әл-Хаким, Мустадрак: 4/13, 14), – деген.

    Айша анамыз Пайғамбарымызбен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бірге шынайы Ислам отбасының, отбасылық мөлдір махаббаттың үлгісін көрсетті.

    Бірде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Айшаға:

    – Мен сенің маған ашуланғаныңды білемін, – дейді. Айша:

    – Қалай білесің, уа, Аллаһтың елшісі? – дейді.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    – Басқа уақытта: «Мұхаммедтің Раббысымен ант етемін», – десең, маған ашуланған кезіңде: «Ибраһимнің Раббысымен ант етемін», – дейсің, – деп жымиған. Айша:

    – Рас айтасың, уа, Аллаһтың елшісі! Аллаһтың атымен ант етемін! Мен саған ашуланғанымда осылай есіміңнен басқа еш нәрсені кері қақпаймын, – деп жауап берген (Әл-Бұхари, Никах: 108; Муслим, Фадаил әс-сахаба: 80).

    Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) отбасына өте жұмсақ болатын.

    Айша: «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жиһадта болмаса, жайшылықта ешқашан ешкімге қол жұмсаған емес» (Муслим, Фадаил: 79), – деген.

    Айша анамыз Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қыздай алған жалғыз әйелі еді. Бірде ол Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    – Уа, Аллаһтың елшісі! Бір жазыққа түсіп, ол жерде бірі желінген, ал бірі желінбеген екі ағаш көрсең, түйеңді қай ағашқа жаяр едің? – деп сұрайды.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    – Желінбеген ағашқа, – деп тіл қатқан (Әл-Бұхари, Никах: 9).

    Айша анамыз сонда масаттанған сезім білдірген. Яғни өзін «желінбеген ағашқа» теңеген.

    Айша өзіне берілген қасиеттерді мақтан тұтып:

    «Маған Имранқызы Мәриямнан кейін ешбір әйелге нәсіп етілмеген (қасиеттер) берілді: Жәбірейіл қолына менің бейнемді ұстап түсіп, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) маған үйленуге бұйырылған, (Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын)) мені қыздай алды және менен басқа қызға үйленген жоқ, ол менің құшағымда жатып көз жұмды, оның қабірі менің үйімде, менің үйімді періштелер қоршаған, мен онымен бір көрпенің ішінде жатқанда, оған уахи түскен, мен – оның халифасы мен шыншыл досының қызымын, мені ақтап көктен (Құран) аяты түсті, мен Жақсының алдында жақсы боп жаратылдым және маған кешірім мен игі ризық уәде етілді» (Әз-Зәһәби, Сиәр: 2/141), – дейтін.

    Бұл шынайы да адал, ақылды да парасатты ханым – мүміндердің анасы, Әбу Бәкір Сыддықтың қызы Айша (Аллаһ ол екеуіне разы болсын). Әкесі – Әбу Бәкір Абдуллаһ ибн Осман ибн Амир ибн Луәй әл-Қурайши, әт-Тәмими. Ол жайлы:

    «Пайғамбарлардан басқа жер бетін Әбу Бәкірден абзал ешкім басқан емес», – деп айтылған.

    Ал Айшаның анасы – Умму Руман Ғуәймирқызы. Тегі – кинандық, тақуа, құрметті сахаба әйел. Оны Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өз заманында жаннатпен сүйіншілеген.

    Айша анамыз осы үлгілі отбасында, Меккеде, Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық міндет жүктелгеннен кейін туылған. Айша:

    «Ата-анам мұсылман болғаннан кейін дүниеге келгенмін», – деген.

    Осылайша Айша шыр етіп дүниеге келгеннен ислами отбасында тәрбиеленген. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл үйді өте көп зиярат ететін.

    Айша Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) имандылық мектебінің шәкірті болып, Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) тәлім-тәрбиесінен өткен. Бұл дарынды шәкірт Құран мен сүннетке сүйеніп, өз тұсындағылар мен келер буынға тәлімгер ұстаз атанған.

    Ғалым Зуһри Айша жайлы: «Барлық адамдар мен мүміндердің аналарының ілімдерін топтаса да, олардан Айшаның ілімі асып түсер еді», – деп айтқан.

    Айшаның әпкесі Әсмәнің ұлы Ғұруа ибн Зубәйр: «Шын мәнінде, мен әрбір келіп түскен уахи, аят жайлы дәл, анық мәліметі болып, қысқа да нұсқа түсіндіре білетін, мирас ілімі мен сүннет, тіпті поэзия мен арабтардың шешендік сөздерін, қазылық мәселелер мен емдеу істерін Айшадан гөрі жақсырақ білетін ешкімді көрген емеспін. Мен одан, әсіресе, емдеу істерін қайдан үйренгенін сұрағанымда, ол: «Өзім бірде сырқаттандым, біреу келіп менің сырқатымды анықтап, оның шипасын айтты және біреу сырқаттанса, басқа біреу келіп сырқатын анықтап, оның шипасын айтатын. Мен солардың айтқандарын естіп, көріп тұрып үйрендім», – деді», – деген.

    Кейбір табиғиндер Айшадан Исламның қағидалары жайлы қайдан жақсы білетіндігін сұрағанда, ол:

    «Шынында, мен Аллаһ елшісінен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам қағидалары жайлы сұрап келетін көп сахабаларды көретінмін», – деп жауап берген.

    Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Айшаға Хадишаның қазасынан соң, Сәудә Зумғақызынан кейін һижра жыл санауымен 2-жылы, шәууәл айында үйленеді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Айшаға үйленгенде, ол бар-жоғы тоғыз жаста болатын. Айша үйлену тойларын есіне алып: «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) біздікіне келгенде, оның келісіне ерлер мен әйелдер жиналды. Сәудә менің жаныма келіп, ойнап отырған әткеншегімнен түсіріп, басымнан сипап, жүзімді сумен сүртті, бетімнен сүйіп, жетектеп бөлмеге кіргізді, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) отырған біздің үйдегі кереуеттің қасына әкеліп, мені оның жанына отырғызып: «Енді бұлар – сенің жақындарың, Аллаһ сені бұлармен, бұларды сенімен берекеттендірсін», – деді. Қой, түйе сойылмақ түгіл, жейтін ештеңе болмады. Сәудә бізге ішіп-жемге жарар бір кесе сүт әкелді, одан бірінші Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ішті де, сосын мен іштім», – дейтін.

    Бұдан кейін Айша ұзатылып, өзінің жаңа үйіне көшеді. Олардың үйлері мешітке жапсарлас, қам кірпіштен, құрманың шыбықтарынан өріліп тұрғызылған, еденінде жұқа топырақ пен өсімдіктердің сабақтары және мал терісі төселген бір бөлме еді. Ал есіктің орнында жүннен жасалған перде тұратын.

    Жас болғанына қарамастан, алғаш келген күннен бастап-ақ Айша отбасындағы әйелдік орнын біліп, міндетін абыроймен алып жүрген. Сол бір қарапайым ғана бір бөлмеде отырып, Айша ханым бүкіл әлем әйелдеріне үлгі танытты. Мінеки, он төрт ғасыр өтсе де, оған тең келер ешкімнің шықпауы – осының дәлелі.

    Айша үйінің мешітке жапсарлас салынғандығынан жамағат намаздарында бөлмесінде тұрып, Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ұйып намаз оқитын. Ол таһажжуд (түнгі нәпіл намаздар) намазына қатты көңіл бөлетін.

    «Таһажжудты тұрып оқуға шаршасаң, отырып оқы» деген сөздер айтқан.

    Айша үлкен көзді, нәзік денелі, толқын шашты, қызыл шырайлы, аппақ жүзді сұлу әйел болатын.

    Ол Аллаһ елшісін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ештеңеге айырбастаған емес. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдеріне өзі мен дүние сән-салтанатының арасына таңдау тастаған кезде бірінші Айшадан бастап:

    «Мен саған бір істі айтамын. Әке-шешеңмен ақылдаспайынша, шешім шығаруға асықпа», – деп:

    «Ей, пайғамбар! Әйелдеріңе айт: «Егер сендер дүние тіршілігі мен оның сән-салтанатын қалайтын болсаңдар, онда бері келіңдер, сендерге біраз дүние берейін де, көркем түрде қоя берейін. Ал егер Аллаһты, Оның елшісін және Ақырет мекенін қалайтын болсаңдар, расында, Аллаһ сендердің араларыңдағы жақсылық істеушілерге үлкен сауап әзірлеген» («Ахзаб» сүресі, 28-29 аяттар) деген аятты оқығанда, Айша анамыз: «Осыған бола әке-шешеммен ақылдасамын ба?! Мен Аллаһ пен Оның елшісін және Ақырет мекенін қалаймын», – деп бірден жауап берген (Әл-Бұхари, Тәфсир: «Ахзаб» сүресі).

    Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ақиқат пен Аллаһқа шақыру жолында түздегі кәпірлер мен мүшріктердің көрсеткен зұлымдығы мен надандығынан ашуға булығып үйіне келгенде, ашуын сейілтетін, жүрегіне қуаныш ұялататын ең жақсы да сүйікті әйелі Айша еді. Аллаһ оған разы болсын!

    Ол көңілі дарқан, жүрегі кең әйел еді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сияқты ол да өте сабырлы, төзімді-тұғын. Екеуі бірге екі қараны: құрма мен суды қанағат етіп, кедейшілік пен аштыққа сабыр ететін. Кейде Айшада ақша пайда болса, дереу кедейлер мен мұқтаждарға тарататын. Бірде халифа Муғауия оған сый-сияпат ретінде жүз дирһам жібереді. Сонда Айша өз үйінде жейтін ештеңе болмаса да, бұл қаражаттың барлығын мұқтаждарға таратып жібереді. «Өзіңе әлдене сатып алып, жүрек жалғауға бір дирһам болса да қалдырдың ба?» – деп сұраған қызметкер әйелге: «Есіме салғандарыңда, қалдырар едім», – деп жауап берген.

    Яғни садақа таратуға жан-тәнімен берілгені сондай, ол тіпті өзін ұмытып кететін.

    Бірде Айша анамыздың үйіне екі қызын жетектеген бір әйел қайыр сұрап келеді. Анамыз үйінен берерге ештеңе іздеп таппайды. Бір кезде бір кішкентай құрма тауып алып, екі қызға бөліп берген.

    Сондай-ақ бір күні оның есігін әлдебір қайыршы қағады. Есікті ашқан Айша бір түйір жүзімнен басқа ештеңе таппай, ол жүзімнің түйірін қайыршының қолына ұстатады. Сонда әлгі кісі:

    – Мұны қайтемін, уа, мүміндердің анасы?! – дейді. Анамыз:

    – Мұнда қаншама тозаңның салмағы бар ғой, – деп, Аллаһ тағаланың: «Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық жасаса, оны (Ақыретте сауабын) көреді. Ал енді кім тозаңның салмағындай жамандық жасаса, оны да (Ақыретте жазасын) көреді» («Зілзәлә» сүресі, 7-8 аяттар), – деген сөздеріне ишара жасайды.

    Міне, осындай жомарт та кішіпейіл Айша кедейлікке жасымаған, байлығым жоқ деп қабақ шытпаған. Ол өте қайратты болған, әрқилы басқа түскен жағдайлардан шығуға дұрыс жол таба білген. Бірде Айшаның тазалығы мен адалдығын дәлелдейтін тағы бір оқиға орын алды. Бұл оқиға Ислам тарихында «Михнәтул-ифк» (Жаламен сыналу) деген атпен айшықталған.

    Айшаға бірде өзі істемеген масқара жала жабылады. Бұл жайт һижра жыл санауымен 5-жылы көрініс тапқан.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сапарға шығар алдында жұбайларына жеребе тастап, жеребе түскен әйелін өзімен бірге жорыққа алып шығатын. Бәну мусталиқ тайпасына қарсы шайқасқа аттанарда жеребе Айшаға түсіп, ол сол жорықта Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ереді. Олар жеңіске жетіп, Мәдинаға қайтып келе жатқанда, күн батып, ымырт үйірілер шақта жол азабынан тынығу үшін біраз аялдайды. Сол жерде Айша қажеттілік туып, түзге шығады. Оның мойнында Йемен көзмоншағынан тізілген алқасы бар еді. Қапелімде сол алқасының үзіліп, сусып түсіп шашылғанын өзі де аңғармай қалады. Шешесі Умму Руман тойына сыйға тартқандықтан, алқаны аса қымбат көретін Айша оны іздеп тауып, теріп-жинап күймесіне келсе, күйме орнында жоқ. Әскер жиналып, жүріп кеткен. Айша анамыз өте жеңіл болатын. Сахабалар күймені көтеріп түйеге артқан кезде оның бар-жоғы білінбейтін.

    Менің күймеде жоқ екенімді байқап, қайтып келер деген оймен жамылғысын оранып алып жол бойына шығып тұрады. Сафуан ибн Муғаттил (Аллаһ оған разы болсын) деген кісі әскердің соңында жүріп отырып, көштің ұмыт қалдырып, түсіп қалған заттарын жинап жүретін. Көш орнына келген Сафуан айналаны көзімен бір шолып өткенде, сонадайдан біреудің қарасын байқайды. Жақындап келгенде, оның Айша екенін таниды. Ол Айшаны хижаб парыз болудан бұрын көрген-ді. Екеуі басы артық сөзге де бармастан, Сафуан түйесін шөктіреді де, өзі алысырақ барып теріс бұрылып тұрады. Айша түйеге мінгеннен кейін, түйенің бұйдасын жаяу жетектеп, таң атқан соң ғана демалып жатқан әскерді қуып жетеді. Ол екеуін көрген бойда бір топ адамның ішінде отырған мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ ибн Убәй: «Айша Сафуанмен келе ме?.. Аллаһтың атымен ант етемін! Бұл жүрістері тегін емес шығар?..» – деген мағынадағы пасық сөздерді айта бастайды. Әйтсе де өтірікші Абдуллаһ ибн Убәй өлер жерін білетін. Сондықтан да ойындағысын екіұшты жымысқы сөзбен жеткізеді. Оның бұл жымысқы ойы іске асып, адамдар Айша мен Сафуан туралы қаңқу сөз тарата бастайды. Оның ішінде, әсіресе, Абдуллаһ ибн Убәй бастаған мұнафықтар жандарын салып-ақ кіріседі. Іздегенге сұраған, мұнафықтар тіпті болмаған түймедей жайттан түйедей өсек шығарып, екеуіне күйе жағып, жала жабады. Бір өкініштісі, өсектің қауға тиген өрттей лаулағаны сондай, Хассан ибн Сәбит, Мустих ибн Әбу Мустих, Хамнә Жахшқызы сияқты мұсылман ер-әйелдер де пасық мұнафықтардың алдауына түсіп, Айшаны ашық зина жасады деп айыптаған сөздер айтады. Аллаһ тағала олардың күнәларын кешірсін!

    Желсөзге құмар адамдар оларға жала жабады. Бұл өсектен өрілген жала Аллаһ елшісіне де (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жетеді, ал мұны Әбу Бәкір мен Умму Руман (Аллаһ тағала бұл отбасыға разы болсын) естігенде, төбелерінен жай түскендей хал кешеді. Жолдан сырқаттанып келген Айша Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзін жатырқап жүргенін сезіп, рұқсат сұрап, ата-анасының үйіне кетеді. Бірнеше күн өтер-өтпестен ауырып төсек тартып, бір ай жатып тұрады. Сосын ғана ол жұрттың өзі жайлы не деп жүргенін біледі. Айша бұл жайында өзі: «Мәдинаға келгенімізге көп болмаған, мен қатты сырқаттандым. Ұстамалы безгекпен бір ай төсекке таңылдым. Сол аралықта жұрт арасында маған жабылған өсек-аяң тарапты. Мен болған жайлардан мүлдем хабарсыз едім. Тек сырқаттанып жатқанымда Аллаһ елшісінен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) салқындық сездім. Атымды атамай, «Қалайсың?» дейтін де қоятын», – деген.

    Айша анамыз өзіне жабылған жаланы алғаш Умму Мустих деген әйелден естиді. Түнде Айшамен бірге тысқа шыққан Умму Мустих етегіне шалынып кетеді де, ұлы Мустихты жазғырып, тілдеп қалады. «Бәдірге қатысқан сахабаны неге тілдейсің?» – деген Айшаға Умму Мустих бар жайтты ашып салады. Мұны естіген Айша түзге шығуға шамасы келместен кері қайтады да, сол сәттен бастап күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Көзі жастан құрғамайды. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мен адал да пәк әйелі арасындағы жағдай мүмін-мұсылмандардың жүректерін жаралайды. Бұл аус пен хазраж сияқты екі рудың ара-қатынасының ушығуына алып келеді. Өйткені мұнафық Абдуллаһ ибн Убәй хазраж руынан еді. Аустықтар оны өлтірмекке ұмтылғанда, Исламды қабылдағанмен, имандары орнықпаған жақтаушылар оны қорғайды. Екі рудың арасында қырғиқабақтық орнайды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) араларына түспегенде, бір-бірімен қырқысатын-ды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мінберге шығып:

    – Уа, адамдар! Маған отбасыма қатысты азар беріп жатқан адамдарға не деуге болады? Аллаһтың атымен ант етемін! Одан (Айшаны меңзеп тұр) жақсылықтан басқа ештеңе көрген емес­пін...– деген сөздер айтады.

    Сонда аус көсемдерінің бірі Усәйд ибн Худайр (Аллаһ оған разы болсын) орнынан тұрып:

    – Кім ол, уа, Аллаһтың елшісі? Айт бізге, егер аустан болса, өзіміз жауап береміз, ал егер хазраждан болса, онда бізге қалағаныңды бұйыр, – дейді.

    Сол кезде Сағд ибн Убада (Аллаһ оған разы болсын) орнынан көтеріліп:

    – Өтірік айтасың, – дейді. Усәйд оған:

    – Сен мұнафықсың, мұнафықтарды қорғап тұрсың, – деп айқайлайды.

    Осы жерде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) араға түсіп, оларға басу айтып тоқтатады.

    Сахабалардың (Аллаһ оларға разы болсын) бұл жалаға қатысты білдірген ойлары

    Әбу Айюб әл-Ансариден (Аллаһ оған разы болсын) әйелі бұл өсек-аяңға қатысты ойын сұрағанда, ол:

    – Сен сондай істер ме едің? – деп сұрақ қояды.

    – Аллаһ сақтасын, ешқашан, – деп жауап берген әйеліне:

    – Айша тақуалықта сенен әлдеқайда артық, – дейді Әбу Айюб.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) пікірін сұрағанда Зәйнәб Жахшқызы (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһтың атымен ант етемін! Мен естімегенімді естідім деуден құлағымды, көрмегенімді көрдім деуден көзімді сақтаймын. Мен Айша туралы жақсылықтан басқа ештеңе білмеймін», – деген-ді.

    Усама ибн Зәйд (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, онымен ақылдаса отырып: «Уа, Аллаһтың елшісі! Сенің жақын-туғандарың Айшадан ешқандай жамандық көрген емес және ол жайлы айтылып жүргендердің бәрі жалған», – дейді.

    Әли ибн Әбу Талиб (Аллаһ оған разы болсын): «Уа, Аллаһтың елшісі! Шын мәнінде, әйелдер көп, ал сен оларды айыра білесің. Қаласаң, қызметкер әйелден сұрап көр, ол мұн (Айшаның адалдығын) растайды», – деген.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қызметкер әйел Бәрирадан сұрағанда, ол Айша жайлы тек жақсы нәрсе айтады. Бәрираның Айшаға қатысты бар келтірген кемшілігі «Бірде қамыр илеп қойып, оны ұмытып кетті де, қамырын ешкі жеп кетті» деген сөзі болды.

    Бұл ұлы тұлғалы әйелдің осы уақытқа дейінгі жалғыз кемшілігі еді.

    Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Бәкірдің үйіне барғанда, Айшаны кездестіреді. Ол көз жасын көлдетіп жылаумен отырса, ата-анасы түнерген тау секілді үн қатпайды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Айшаның жанына келіп, егер күнәкар болса, Аллаһтан кешірім сұрауын, шынында, Аллаһ тағала Кешірімшіл екенін айтады. Бұл сөздерді естіп, қорқып кеткен Айша, кенет өңі сұрланып, көз жасының тыйылғанын сезеді. Әлдене дегісі келіп еді, тілі жансызданғандай боп, дәнеңе деуге икемге келмейді. Ыза кернеп, булыққан Айша қайтадан көз жасына ерік беріп, қарақаттай жанары жасқа малынып, әке-шешесіне қарап: «Аллаһ елшісіне жауап беріңдер», – дейді.

    Ата-анасы айтарға сөз таппайды. Содан соң өзі ширығып:

    «Аллаһпен ант етейін! Істемеген нәрсем үшін Аллаһтан кешірім сұрамаймын. Менің пәк екенімді Аллаһ біледі. Мен өзім бармаған күнәдан хабардар болдым, ал сендер жабылған жалаға иландыңдар. Мұндай жағдайда мен өзіме де, сендерге де Юсуфтың әкесінің: «Көркем сабыр. Сендер сипаттаған (нәрседе) Аллаһ (Өзі) Жәрдемші» («Юсуф» сүресі, 18-аят), – дегенінен басқа айтарым жоқ», – дейді.

    Осымен сөзін доғарып, сырттай жыласа да, іштей Аллаһ тағаладан жәрдем сұрап жатады. Аллаһ елшісі де (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үнсіз қалпын сақтап отыра береді. Айшаның ата-анасы да ауыз ашпайды. Бір кезде Аллаһ тағаладан елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) уахи түсіп, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) терлей бастайды. Оның басына жастық қойып, көрпеге орап жатқызады. Бәрі айналасына жиналып, Аллаһтан қандай уахи келерін күтіп, жандарын шүберекке түйіп отырады. Күнәдан пәк екеніне сенімді Айша ғана Аллаһтың өзіне зұлымдық істемейтініне нанып, сабырлық танытты. Біршама уақыттан соң Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Айша, Аллаһ сенің күнәдан пәк екеніңді уахи етіп түсірді», – дейді.

    Сосын Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) тысқа шығып, келген аяттардан адамдарды хабардар етеді.

    «Сол жаланы келтіргендер сендердің іштеріңдегі бір топ. Оны өздерің үшін жаман деп ойламаңдар. Керісінше ол сендер үшін жақсы. Олардан әрбір кісіге тапқан күнәсі бұйырады. Ал олардан оның үлкенін иеленгенге (Абдуллаһ ибн Убайға) үлкен азап болады. Сендер оны естіген кездеріңде, иман келтірген ерлер мен иман келтірген әйелдер өздеріне жақсылық ойлап: «Бұл – анық жала» десе еді. Олар бұған төрт куә келтірмеді ме? Егер куәлар келтіре алмаса, солар – Аллаһтың алдында өтірікшілер. Аллаһтың осы дүниеде және ақыретте сендерге деген кеңшілігі мен мейірімі болмағанда, берілген (өсектеріңнің) үшін сендерге үлкен азап тиер еді. Сол кезде сендер оны тілдеріңмен қағып алып, өздеріңде ол жайлы білім болмаған нәрсені ауыздарыңмен айтуда және оны жеңіл деп есептеуде едіңдер, бірақ ол Аллаһтың алдында өте үлкен. Оны естіген кездеріңде: «Бізге бұны сөйлеуге болмайды. Сен (барлық кемшіліктен) пәксің. Бұл – үлкен жала» десеңдер еді. Аллаһ сендерге, иман келтірген болсаңдар, мұндайды ешқашан қайталамауларыңды насихат етеді. Аллаһ сендерге белгілерді түсіндіреді. Аллаһ – бәрін Білуші, өте Дана. Иман келтіргендердің арасында арсыздықтың таралуын ұнататындарға дүниеде және ақыретте күйзелтуші азап бар. Аллаһ біледі, ал сендер білмейсіңдер. Аллаһтың сендерге деген кеңшілігі мен мейірімі және Аллаһ өте Жанашыр, ерекше Рақымды болмағанда еді (әміріне қарсы шыққандарды қатаң жазалар еді)» («Нур» сүресі, 11-20 аяттар).

    Мінекей, Айшаға қатысты бұл уақиға осылайша аяқталды. Бұл жайт мұсылмандардың сыналуына себеп болды. Ал бұл сынақ Аллаһ елшісі Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) шақырған діннің әділдігі мен хақиқилығын және Айшаның күнәдан тазалығын тағы бір дәлелдеді. Жаланың таралуына себепкер адамдар «Сондай адал әйелдерді (зинада) айыптап, сосын төрт куә алып келмегендер: оларға сексен дүре соғыңдар және олардың куәлігін ешқашан қабылдамаңдар» («Нур» сүресі, 4-аят) деген Аллаһ тағаланың бұйрығына сәйкес, сексен дүреден тиісті жазаларын алды. Міне, бұл ауыр сынақтың сыйы ретінде түскен аят, ойлап табылған азғындық мақсаттың астында біріккен адамдардың өтірігінің жауабы болған еді. Әумесер мұнафықтар тобырының бетке тұтары Абдуллаһ ибн Убәй да өтірікті өрбіте жүріп, жеме-жемге келгенде, Ислам алдында әлсіз, бейшара болып шығады. Мұнафықтар дін шымылдығы артында жасырынып, зұлымдық ойлайды. Айшаға қатысты уақиға олардың жапқан жалалары, жаққан күйелері, ойлап тапқан өтіріктерінің бірі еді. Ал бұл өтірік Аллаһ тағаланың аяттарымен ақталды. Айша анамыздың кішіпейілділігі сондай: «Аллаһтың атымен ант етемін! Мен үшін аят түседі деп ойлаған емеспін», – деген.

    Сөйтіп, күндер зымырап өтіп жатты. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығын (хажжатул-уадағ) өтеп, Меккеден оралған еді. Мәдинаға келгеннен кейін бірнеше күннен соң ауырып, Айшаның үйінде емделді. Айша оған барынша қамқорлығын көрсетті, бәйек болып жүгірді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) басын оның көкірегіне қойып жатты. Бұл ұлы елшілік иесінің өмірдегі соңғы күндері еді. Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жаны Жаратушының алдына аттанғанда, оны Айшаның үйіне жерледі.

    Ең ұлы адам баласымен сегіз жыл бес ай бірге тұрған он сегіз жасар Айша Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қазасынан кейін, жалғыз өмір кешті, көңіліне меңіреу тыныштық кіріп, жан дүниесі қаңырады. Себебі алданыш тұтар балалары да жоқ еді. Дегенмен әпкесі Әсмәнің (Аллаһ оған разы болсын) балаларына қарап, олардан жылуын аямайды. Сөйтіп, әпкесінің баласы Абдуллаһ ибн Зубәйрді (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) бауырына басады. Кейін жұрт Айшаны «Умму Абдуллаһ» (Абдуллаһтың анасы) деп атап кетеді. Ағасы Абдур-Рахман қайтыс болғанда, оның қызын және ұлы Қасымды асырап алады. Айша жайлы Қасымның өзі: «Ол әлемдегі ең жақсы ана еді», – деген болатын.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салған соң, араға екі жыл салып Айша тағы бір ең сүйікті адамы – әкесі Әбу Бәкірмен (Аллаһ оған разы болсын) қош айтысады. Әкесі қайтыс болғанда, Айша анамыздың жасы жиырмада еді. Оған әл үстінде жатқан Әбу Бәкір: «Уа, қызым! Артымда қалдырып бара жатқан ең сүйкімді байлығым – сенсің», – деген.

    Ол мұсылман құқығы саласында бірінші білгір адам және хадис пен сүннетті таратудың бірінші қайнар көзіне айналады. Кейбір талас тудырған мәселелерде сахабалар оның төрелігіне жүгінетін.

    Әбу Мұса әл-Ашғари (Аллаһ оған разы болсын): «Біз, Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары, бір хадистің сырын ұға алмағанда, Айшадан сұрайтынбыз. Айшаның міндетті түрде ол хадис жайлы мәліметі бар болып шығатын», – деп оның хадис іліміндегі дәрежесін айшықтап көрсеткен.

    Әбу Духа: «Мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үлкен сахабаларының Айшадан мирас ілімі жайлы сұрап жатқанын көрдім», – деген.

    Һишам ибн Ғұруа ибн Зубәйр: «Айша Құран мен Исламның шарттарын, ненің болатынын, ненің болмайтынын бәрінен жақсы білетін еді», – деп айтқан.

    Ғұруа Айшадан:

    – Уа, мүміндердің анасы! Мейлі Құранда, мейлі шариғатта, халал мен харамда, поэзияда, шешендік сөзде, мейлі емшілік істерінде болсын сенің біліміңе таңғаламын... Ал емшілік істерін қайдан үйрендің? – деп сұрайды. Айша анамыз:

    – Ей, Ғұруа! Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің соңында көп сырқаттанды, оған шипагер емшілер келіп, ауруын анықтап, емінің дауасын айтатын. Мен солардан естіп-үйрендім, – деп жауап береді.

    Міне, осылайша Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қазасынан кейін бұл ақылды да парасатты әйел қалған ғұмырын, бар білімін адамдарға үйретумен өткізеді. Сахих кітаптарда одан риуаят етілген барлығы сенімді 2210 хадис енгізілген. Бұл нәтижемен Айша хадис риуаят етуде Әбу Һурайра мен Абдуллаһ ибн Омардан (Аллаһ оларға разы болсын) кейінгі үшінші орында тұрады.

    Сонымен қатар Айша өте шешентілді кісі болған. Халифа сайланғаннан кейін онымен тілдесіп шыққан Муғауия (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһтың атымен ант етемін! Аллаһ елшісін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) есептемегенде, мұнан өткен шешентілді ешкімді көрген емеспін», – деп қайран қалған.

    Ахнаф ибн Қайс (Аллаһ оған разы болсын): «Мен Әбу Бәкірдің, Омардың, Осман мен Әлидің және олардан кейінгі осы күніме дейінгі халифалардың құтпаларын тыңдағанмын, бірақ Айшадай шешентілді, көркемсөзді ешбір жанды кездестірген емеспін», – деген.

    Айша Муғауияның кезінде һижра жыл санауымен 58-жылы рамазан айының 17-жұлдызына қараған түні алпыс алты жасында дүние салады. Оның жаназасын Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) шығарады. Намазға бұған дейін Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қаласы куә болмаған қарақұрым халық қатысып, олар жаназа намазын зәйтүн майына малынған, жүннен жасалған шамның жарығымен оқиды. Оның асыл денесі басқа мүміндердің аналарымен қатар Бақиғ зиратына қойылды. Аллаһ оған разы болсын!

    Ол дүние салғанда, Амр ибн Убәйд: «Айшаның қазасына анасы болмағандар ғана қайғырмады», – деген.

    Осылайша салиқалы әйел Айша артында өзі тәрбиелеген, өзін есіне алатын буын қалдырып, Жаратушы Иенің алдына аттанады.

    Осы уақытқа дейін Ислам әлемі оған тең келер әйел жанын білмеген және Айша бүкіл әлем әйелдеріне мәңгілік үлгі болып қалады. Аллаһ оған разы болсын!