Мүміндердің Анасы – Сәудә Зумғақызы (оған Аллаһ разы болсын) туралы қисса
Бөлімдер
Full Description
Мүміндердің Анасы – Сәудә Зумғақызы
(оған Аллаһ разы болсын) туралы қисса
قصة أم المؤمنين سودة بنت زمعة رضي الله عنها
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
فريق اللغة الكازاخية بدار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
МҮМІНДЕРДІҢ АНАСЫ – СӘУДӘ ЗУМҒАҚЫЗЫ
(АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)
«Мен үшін Сәудә Зумғақызынан сүйікті әйел жоқ және өзім оған қатты ұқсағым келеді».
Сәудә Зумға ибн Қайсқызы құрайыш тайпасының бәну Амр ибн Луәй руынан, ал анасы Шәмус Қайс ибн Зәйд ибн Амрқызы нажжар руынан еді.
Сәудә өзінің артынша Исламды қабылдап, Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ерген, үлкен атасының ұлы Сакран ибн Амрға тұрмысқа шығады. Ол екеуі кәпірлердің зұлымдығын көп көрсе де, өздерінің Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жоғарыдан жіберілген уахимен шақырған жаңа, хақиқи сенімдерін сақтай отырып, имандарына берік, сабырлы болады.
Құрайыштар осы жаңа сенімді қабылдағандарды Исламнан қайтарып, көпқұдайшылыққа әкелулері үшін оларға қыспақтарын үстеп, қатты зұлымдық көрсетеді. Кәпірлердің мұндай тәлкегі жан төзгісіз түрде жалғасып жатқан кезде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарға Эфиопияға қоныс аударуға рұқсат береді.
Сәудәмен бірге жаңа қабылдаған сенімдерін құтқару әрекетімен сегіз қоныс аударушы Хабаша жеріне сапар шегеді, олардың арасында күйеуі Сакран ибн Амр мен ағасы Мәлик ибн Зумғалар да бар еді. Олар амалсыздан үй-жайларын, туған-туыстарын, тіпті емізулі нәрестелерін де тастап кетеді.
Эфиопияға сапар барысында айнымас сабырлы қалыптарын сақтай отырып, қорқыныштарын іштей жасырған олар елсіз, жабайы жерлерді түйеге мініп те, жаяу-жалпы жүріп те өтеді. Араб түбегіндегі сахара күнінің жантөзгісіз аптап ыстығына төзіп, адам аяғы жетпеген, сусыз-елсіз ұзақ жолдардың көбін артта қалдырады, бұл машақатты сапарда оларды бір ғана мақсат біріктірген, ол құрайыш кәпірлерінің көрсеткен тәлкегінен жас сенімді сақтау болатын. Олардың көрсеткен зұлымдықтары өлімнен де бетер еді.
Сәудәні Эфиопияда тілі басқа, діні өзге, топырағы жат бөтен жерде туған-туыстарды сағыну, туған жерді аңсау секілді жаңа қиыншылықтар күтіп тұрған-ды. Уақыт оның көздерінде тоқтап қалғандай еді. Содан ол сабырмен арқалап жүрген Аллаһ пен Оның елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) деген нық сенімін жоғалтпай, мұсылман бауырларымен бірге барша тауқыметті бірдей көру үшін Меккеге қайтады.
Елге оралған соң көп ұзамай оған кішкентай, әлсіз, қорғансыз бес бүлдіршінді қалдырып, күйеуі Сакран дүниеден өтеді. Сәудә өте төзімді жан еді. Әкесі Зумға оған барша қиыншылықты мойымай арқалауына жәрдем беріп, балаларға қамқоршысы, асыраушысы болған әкелерінің жоқтығын білдіртпеуге иық тіресе атсалысады.
Сәудәнің бұл күндері ауыр әрі баяу жылжиды. Балаларына қамқорлық ете жүріп, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) шақырған жаңа сенімнің күндердің күнінде жеңіп шығатындығына үміт арта, балғын сәбилерін ислами тәрбиемен өсіреді. Сәудә егде жасқа қалай жетіп қалғанын өзі де аңғармайды. Енді оған тұрмысқа шығу кеш еді. Тіршілік тауқыметі мен бейнеті оған бұл жайлы ойлануға да мұрша бермеген болатын.
Бірде ол қайғылы жүрегіне қуаныш әкелген, уайымға батқан көңілін жайландырған бір жақсы түс көреді. Сәудә бұл нәрсеге түсінік беретін еш нәрсені ойына келтіре алмады, оның жауабын іздеуге талпынбады да.
Сәудәнің түсіне өзіне қарап сәулесін шашып тұрған Ай кіреді. Бұл түс оның қуанышына сүйінші іспеттес еді, өйткені ол әйел қуаныштың не екенін әлдеқашан ұмытқан-ды. Сондықтан да бұл ұлы қуанышты аян еткен түс екеніне қарамастан, мұсылмандардың анасы болу оның ойына кіріп те шықпайды. Басынан өткерген осыншалық қиыншылықтан кейін бұл жайт Сәудә үшін үлкен марапат, сыйлық болатын.
Бұл уақытта Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үлкен қайғы-қасіреттің ауыртпалығында жүр еді. Ол құрметті де сүйікті әйелі Хадишадан (Аллаһ оған разы болсын) айырылған-ды. Хадиша қасиетті уахиді тарату жолында Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) құрмет көрсетіп, оған қорған әрі жәрдемші ретінде өзінен кейін тек жақсы бейнесін ғана қалдырған-ды.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өңі қашып, мұңайып, Хадишаның өзіне қалай қолғанат болып, қамқорлық жасағанын, екеуі бірге өткізген бақытты ерлі-зайыпты күндерін есіне алатын. Оны (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне қарап қалған, аналарын аңсап, сағынып жүрген қыздарының жағдайы алаңдататын.
Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қайғысы күн өткен сайын артып, ылғи да Хадишаны есіне алып, көңілсіз күй кешіп жүреді. Содан соң ешкімнің қаперіне кіріп те шықпаған бір жағдай орын алады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) меккелік муһажирдің жесірі – Сәудә Зумғақызындай сабырлы әйелге, көрген бар бейнетінің зейнетіндей мұсылмандардың анасы болуы үшін Хауләны (Аллаһ оған разы болсын) жіберіп сөз салдырады. Бұл жағдайдың мән-жайы былай өрбіген-ді.
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ішінен тынып, қайғырып жүргенін айтпаса да көріп жүрген сахабалар оған көмектесудің жолын қарастырады. Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үй-жайына ие, өзіне қамқор, қыздарына ана болатын бір әйел қажет деп ойлаған олар бұл ойларын Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне тура барып айта алмайды, өйткені оның ішкі жан дүниесі қандай жағдайда екенін ешкім білмейтін. Сахабалар бұл ойларын Хаулә Хакимқызы деген сахаба әйелді араға салып іске асыруға уағдаласады. Хаулә сахаба Осман ибн Мазғунның (Аллаһ оған разы болсын) әйелі еді. Бұл екеуі де бір кездерде Эфиопияға қоныс аударған және құрайыштардың көрсеткен қиянаттарының алдында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, мұсылман бауырларының қасынан табылу үшін ол жақтан алғаш қайтып оралғандар болатын.
Хаулә дархан пейіл Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйлену жайлы ұсынысты жеткізудің ебін табады. Ерік-жігері мен ойын жинақтап, Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) батыл келеді де, жанына жайғасып, ақырын Хадишаны еске ала отырып, әңгіме бастайды. Бірте-бірте әңгіме барысында Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қазіргі күйбең тіршілік талабы үйге қарап, қыздарға бас-көз болатын бір әйел кісінің керек екенін астарлап отырып жеткізеді.
– Саған неге үйленбеске? – деп сұрайды Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Хаулә.
– Хадишадан кейін кімге үйленейін? – деді мұңайып Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын).
Хаулә:
– Қаласаң – қызға, қаласаң – әйелге, – дейді.
Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Қызың кім? – дейді.
– Өзіңнің жүрегіңе жақын адам – Әбу Бәкірдің қызы Айша, – деп жауап береді Хаулә.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) біраз үнсіз отырып:
– Ал әйел кім? – деп сұрайды.
Хаулә:
– Аллаһқа сеніп, иман келтірген, өзіңнің соңыңнан ерген әйел Сәудә Зумғақызы, – дейді (Ахмад, Муснад: 6/210, 211).
Бұл есімді естігенде, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бейтарап күйде қала алмайды. Ол – Ислам үшін кәпірлердің зұлымдығына төзіп, Ислам үшін бөтен елге қоныс аударған және ол жақтан оралған соң күйеуі дүниеден өтсе де, жасымай, балғындарына үнемі қамқорлық көрсеткен, иманы берік, муһажирдің жесірі мұсылман әйел Сәудә еді.
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған деген аяушылық сезімі оянады. Содан соң Хауләға Сәудәға үйленуге келісетіндігін жеткізеді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Сәудәға оның басындағы қайғы-қасірет ауыртпалығын жеңілдетіп, балаларының тәрбиесіне қарасу үшін, Сәудәның да өз қыздарына, үй-ішіне бас-көз болатындығына үміт артып үйленеді. Бұл пайғамбарлықтың 10-жылы, рамазан айы еді. Хаулә Сәудәға алғаш бұл хабарды жеткізіп, оның жауабын сұрағанда, мұсылмандардың анасы атанатындығы оның ойына кірмеген болатын. Ол келісімін беріп, шексіз қуаныштан төбесі көкке жеткендей күй кешеді. Жұрт мұны естігенде, өз құлақтарына өздері сенбей:
«Сұлулығы да, сымбаты да жоқ, егде жастағы жесір құрайыштар ханымы (Хадишаның) орнын баспақшы!» – деп күңкілдеседі.
Сәудә Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне бүлдіршіндеріне қарайласу, тұрмыс-тіршілігінің қиындығын жеңілдету, оған деген мейірімділігі мен құрметі әрі басына түскен бар ауыртпалықты иық тіресе бірге көтеру үшін үйленгендігін жақсы түсінеді. Өйткені ол салмақты да салиқалы әйел басқалар сияқты әйелдік сезім-қалауы жайлы ойланған емес-ті және Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оны «мұсылмандардың анасы» деңгейіне көтергенінің өзі оған жететін-ді.
Сәудәнің өзі болса баяу қозғалатын, салмағы ауыр кісі еді. Оның баяу жүрісіне Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қалжыңдап жиі күлетін. Бірде Сәудә Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Сенің артыңда намаз оқығанымда, рукуғта шыдай алмастан мұрнымнан қан ағып кетпесін деп қолыммен мұрнымды қысып тұрдым», – дейді. Оның мұны айтудағы мақсаты Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) рукуғта ұзақ тұратындығын меңзеу еді. Сәудәнің айтқанына Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жымиып езу тартқан (Ибн Сағд, Табақат: 8/54).
Ол Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бен оның қыздарына қолынан келген бар қамқорлығын аямады, Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйін бақыт пен қуанышқа толтырады. Ал Айша (Аллаһ оған разы болсын) ұзатылып келгенде, ол үшін Сәудә ең жақсы бөлмені әзірлеп, аялы алақанымен қамқорлығына алады. Сонымен қатар жалғыз Айша ғана емес, одан кейін келген Зәйнәб, Хафсалардан да өзінің кеңдігін аямайды. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оны қатты құрметтеп, бағалай білетін.
Ол (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) барлық әйелдеріне тең қарап, олардың үйлеріне кезекпен қонатын. Осылайша бірде Сәудәнің кезегі келгенде, Сәудә онымен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайлық қатынасын тоқтатып, кезегін Айшаға беру жайлы сөз қозғайды.
Бұл Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үшін күтпеген кездейсоқ, таңғаларлық жағдай еді. Сабырлы да шыдамды әйел Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) көңілі мен жан дүниесіне батқан ұсыныстың ауырлығын сезініп, ішкі жан дүниесінің аласұрып жатқанын бірден түсінеді. Өзі де қас пен көздің арасында қолындағы бар асылын жоғалтуы, Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзімен біржолата ажырасып кетуі мүмкін екенін де жақсы білетін. Үн қатып бірдеңе дей алмаған соң, сыбырлап: «Уа, Аллаһтың елшісі! Мені өзіңнің әйелің етіп қалдыр. Аллаһпен ант етейін, қазір күйеу менің не теңім. Бірақ құдіреті күшті Аллаһтан тілерім – Ақырет күні өзімді сенің жарың етіп қалдыруы», – дейді Сәудә.
Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған аяушылықпен назар сала қарағанда, араларында тылсым үнсіздік орнайды. Бұл үнсіздік Сәудәнің бойында мұң мен қорқыныш ұялатып, оның ауырлығы жанын күлпарша етіп турағандай болды. Ол өзінің хақысы жоқ нәрсені сұрап тұрғандай күй кешеді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үнсіз отыра береді, ал Сәудә сабырмен күтеді. Дәрменсіздік меңдеген Сәудәнің қартайған ауру денесі соңғы кездері сыр бере бастаған-ды. Оның ендігі жалғыз тілек-қалауы – бұл өмірде Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жанында қалып, Ақыретте онымен әйелдерінің қатарында кездесу еді. Ойына қайтадан өтініші оралып, тамағына көлденең сүйек тұрып қалғандай булығып: «Мені қоя бер, уа, Аллаһтың елшісі! Егер Айшаның жасында болсам, әңгіме басқа еді, мен басқа әйелдер қалайтын әйелдік сезімді де қаламаймын», – дейді.
Сәудәнің дархан жомарттығы мен кеңпейілділігі Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әсер етпей қоймайды. Өзінің сұрауына жауап күткен Сәудә Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) маңдайынан сүйеді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үндемеген күйі намаз оқуға шығып бара жатып, тынығу үшін қайтып келетінін айтады. Содан соң Біләлдан (Аллаһ оған разы болсын) азан айтуын сұрайды, ал азанның дауысы оның көңілін тыныштандырады.
Сәудә өз өтінішін Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қабыл алғанын сезіп, жан дүниесіне қуаныш оты жүгіріп, оның бойын шаттық билейді. Ол өз көңіл қалауының тазалығы мен ниетінің дұрыстығын Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) түсінгеніне көңілі жай табады. Осыдан кейін Ұлы Аллаһ тағала Мұхаммедке (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Егер әйел күйеуінің салқын қабақ танытуынан немесе бетін теріске салуынан қорықса, ол екеуіне араларын келісіммен түзетулерінде күнә жоқ. Келісімге келген абзал. Нәпсілер сараңдыққа әзір (жаратылған). Егер жақсылық істесеңдер және тақуалық қылсаңдар, шындығында, Аллаһ – не істегендеріңнен толық Хабардар» («Ниса» сүресі, 128-аят), – деген уахи жіберген.
Міне, осылайша Сәудә Зумғақызы Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйінде Аллаһтың өзіне берген бар нығмет игілігіне шүкіршілік етіп, разылығын білдіріп, өмірде мұсылмандардың анасы, жаннатта Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жары болып қалады. Аллаһтың көрсеткеніне тәубе деп, берік иманымен өмір сүрген. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Сәудәні өзі дүниеден өткенге дейін тастаған жоқ.
Сәудә әділ де шыншыл Омар ибн әл-Хаттабтың (Аллаһ оған разы болсын) уақытына дейін ғұмыр кешіп, Жаратушысы Аллаһ пен күйеуі Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жүзін көруге, тағдырына разы пейілде шүкіршілік етіп дүниеден өтті. Аллаһ оған разы болсын!
Оның бізге жеткізген бірнеше хадисінің біреуі имам әл-Бұхаридің жинағы «Сахих әл-Бұхари» кітабына енген.
Айша (Аллаһ оған разы болсын) Сәудәні өте қатты жақсы көретін, ол жайлы ылғи да келісті сөздер айтатын. «Мен үшін Сәудә Зумғақызынан сүйіктірек әйел жоқ және өзім оған қатты ұқсағым келеді» (Муслим, Радағ: 47), – дейтін ол.