Мұсаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) анасы және Әсия Музахимқызы туралы қиссалар
Бөлімдер
Full Description
Мұсаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын)
анасы және Әсия Музахимқызы туралы қиссалар
قصة أم موسى عليه السلام
وآسيا بنت مزاحم امرأة فرعون
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
Мұсаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын)
анасы және Әсия Музахимқызы
«Көзайым болып, қайғырмауы үшін және Аллаһтың уәдесінің хақ екендігін білуі үшін оны (Мұсаны) анасына қайтардық...»
«Аллаһ мүміндер үшін перғауынның әйелін мысалға келтірді».
Мұсаға қатысты бұл екі әйелдің де алатын орны орасан зор. Олар: Мұсаның анасы мен адамзаттың ең кемел әйелдерінің қатарына жататын Әсия Музахимқызы.
Ніл өлкесі патшалығын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған перғауын Мысырда өктемдік жасап, қысым көрсете бастайды. Бұл зұлымдыққа Исраил ұрпақтары да ұшырады.
Исраил ұрпақтарының Мысырға қоныстануының себептеріне келсек, бізге тарихтан Юсуфтың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Мысырға құл ретінде сатылып барып, жат жерде үлкен дәрежеге жеткені және әке-шешесі мен бауырларын сол жаққа алдырғаны белгілі. Уақыт озған сайын Мысырда Яғқуб (оған Аллаһтың сәлемі болсын) ұрпақтары өсіп-өнеді. Олардың көбеюінен қорыққан Мысыр перғауындары исраилдіктерге қысым көрсете бастайды. Мемлекет ішіндегі осындай өзара шиеленістің нәтижесі Исраил ұрпақтарын қоғамның ең төменгі табы – құлдыққа салып, құрылыс істеріне пайдалануға әкеліп соқтырады. Бұл қысымның шырқау шегі Әсияның күйеуі перғауын билік құрған кезде көрініс табады.
Бір риуаяттарда Мысырдағы Исраил ұрпақтарының саны алты жүз мыңға жеткені айтылған. Осы алты жүз мың ұрпақтың түгелдейі дерлік құлдық пен езгіде күн кешіп жатады. Тағы бір деректерде перғауын бір Исраил баласы патшалықтың түбіне жететіндігін түсінде көрсе, басқа бір хабарда Мысыр көсемдері исраилдіктердің күрт өсіп келе жатқанын көріп, болашақта сан басымдылығымен билікті өз қолдарына алатынын ескертіп, бұл жағдай ушықпай тұрып, оны біржақты қылу керек деп перғауынға ақыл-кеңес бергені баяндалады.
Қалай болған күнде де перғауын исраилдіктерден туылған ер балаларды өлтіруге үкім шығарады. «Ер балаларын бауыздап, әйелдерін тірі қалдыратын» (Бақара сүресі, 49-аят). Бірақ ол құлдардың азайып кетуіне байланысты, бір жылы туылғандарды өлтіріп, бір жылы туылғандарды аман қалдыруға шешім қабылдайды. Сөйтіп, мерзімді жылы туылған ер балалар өлтірілетін болады. Осылайша Исраил ұрпақтары адам жаны түршігерлік ауыр азапты күндерді бастан кешіп жатады. Жаңа туылған нәрестелер аналардың бауырынан тартып алынып бауыздалатын. Мұсаның туылуы осы балаларды өлтіретін мерзімді жылға тура келеді. Перзентім деп соққан ана жүрегі кішкентайын ерекше жақсы көріп, жіпсіз байланып қалады. Баласын өлімге қимаған ана, оны аман алып қалудың жолын қарастыра бастайды. Бірақ бұл жүзеге асуы қиын іс болатын. Тіпті исраилдіктердің өздерінің ішінде қай үйде ер бала туғанын перғауынның адамдарына жеткізіп тұратын тыңшылар бар еді.
Жан далбасамен жүргенде ана жүрегіне Аллаһ тағала «Оны еміз, егер оған (бір қауіп келуінен) қорықсаң, өзенге таста...», – деп ой салады.
Кішкентай сәби Мұсаны анасы сандықшаға салып, аузын берік бекітіп, Ніл өзеніне тастайды. Пенделік көзбен қарағанда, мұның өзі де баланы өлімге беру еді. Аласұрып, абыржыған ана жүрегін жұбатып, оның көңіліне Аллаһ тағала: «Қорықпа да қайғырма. Біз оны өзіңе қайта қайтарып, елшілерден етеміз» (Қасас сүресі, 7-аят), – деген ой салады.
Бұл аят бойынша Мұсаның анасына қос сүйіншінің хабары аян етілген. Біріншісі – баласының өзіне қайтарылатыны, екіншісі – оның Аллаһ елшілерінен болатыны. Мұсаның анасы өзінің кішкене қызын өзенге тасталған сандықшаның соңынан ілесіп, бақылау үшін жүгіртіп жібереді. Сандықша ағып келе-келе перғауынның сарайының тұсына жетеді. Сарай әйелдері сандықшаны өзеннен шығарып, ішін ашып қарағанда, ішінде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан кішкене нәрестені көреді. «Оны перғауынның әулеті ұстап алды. Өздеріне дұшпан және қайғы-қасірет болу үшін...» (Қасас сүресі, 8-аят).
Перғауынның сарайы жаққа ағып кеткен сандықты көзбен шығарып салып тұрған кішкене әпкесі болған жағдайдың бәрін бақылап тұрады. Ал үйдегі қалған ана жүрегінің қобалжуын Аллаһ тағала Құранда: «Мұсаның анасының жүрегі боп-бос болып қалды...» (Қасас сүресі, 10-аят), – деп сипаттайды.
Адам ақылы жете бермейтін Аллаһтың даналығының шеберлігін қараңыз. Перғауынның әйелі Әсия баланы үйге алып келеді. Әсия билік басындағы адамның әйелі болғанымен, бұл тұрмысына әсте разы емес-тін. Перғауын Аллаһқа иман келтірген бұл әйелге түрлі қысым-зәбірдің нәтижесінде үйленген-ді. Ал Әсия оған туған-туыстарының амандығына алаңдап, қорыққанынан тұрмысқа шыққан-ды. Күйеуінің өзін «құдаймын» дегеніне сенбейтін. Әсия тұрмысқа шыққанына біршама уақыт өтсе де перзентсіз еді. Өз тәрбиесін сіңіретін бір ізгі бала сүюді армандаған ана бұл мүмкіншілікті уысынан шығарғысы келмей, күйеуіне:
– Баланы асырап алайық, бұл бала менің және сенің көз қуанышымыз болсын, – дегенде, перғауын ашуға мініп:
– Ол – сенің көзқуанышың, менікі емес, – деп қайтарып тастайды.
Әрине, перғауын баланың исраилдіктерден екенін жақсы біледі, әйтпесе кім баласын тапа-тал түсте өзенге ағызады?!
Әйелінің көп үгіттеуімен перғауын оны асырап алуға келісімін береді. Алайда ол бұл баланың өз патшалығының түбіне жететіндігін сезбейді. Мұсаны асырап алған перғауын үйі нәрестеге сүт-ана іздеуде үлкен қиындыққа тап болады. Бала ешбір әйелді ембей қояды, балаға аштан өлу қаупі төнеді.
Асып-сасқан перғауын сарайы жан-жаққа ат шаптырып балаға сүт-ана іздейді. Осы кезде Мұсаның кішкене әпкесі келіп:
«Баланы емізетін әйелді сендерге мен тауып беремін», – деп, шабармандарды өзінің анасына алып келеді.
«Көзайым болып, қайғырмауы үшін және Аллаһтың уәдесінің хақ екендігін білуі үшін оны (Мұсаны) өз анасына қайтардық...» (Қасас сүресі, 13-аят).
Жоғарыда айтқанымыздай, Аллаһтың даналығының шеберлігі сондай, Ол Өз уәдесіне сай ұлын анасына қайтарып берді. Мұса екі үйдің арасында (өз анасы мен Әсияның үйінде) өседі. Мұсаны перғауынның суқаны сүймейтін, бірақ ол сұлу әйелінен асып кете алмады. Тіпті асыранды баланың көзін құртудың сәтін ойлап жүретін. Перғауын үшін бұл сәт Мұса исраилдікке ара түсіп, бір мысырлықты түйіп қалғанда, соққысы қатты тиіп кетіп, әлгі мысырлық жантәсілім еткенде туады. Бұл істеген қателігі үшін Мұса Аллаһқа жалбарынып, тәубе қылады да, Аллаһ оның тәубесін қабыл алады. Бұл болған жайт ел ішіне тарап, перғауынға жетеді. Сарай ақсақалдарының өзін өлімге кескенін естіп, Мұса Мысырдан қашып шығып, Палестинаға бет алады. Жаяу-жалпы Синаны басып өтеді: жалаң аяқ, жалаң бас, азып-тозып, арып-ашып жол жүреді. Сапар машақаты оны ағаш жапырақтарын қорек етуге мәжбүрлейді. Сөйтіп, ол Сина атырабындағы Мәдиянға келіп жетеді. Осы жерде Мұсаға өмірлік серік болған тағы бір әйелдің әңгімесі басталады. Мұса әлденіп алу үшін Мәдияндағы бір құдықтың басындағы ағаш көлеңкесіне келіп отырады. Бұл құдықтан Мәдиян малшылары малдарын суғаратын. Айқай-шуы көп, сапырылысқан бұл іс күш-қуат талап ететіндіктен, бірінші кезекті әлділер алатын. Мұса оларға қарап отырғанда, екі қызға көзі түседі. Олар қойларын иіріп, суға жақындай алмай тұрған-ды.
«Ол Мәдиян суына келген кезде, (мал) суарған бір топ адамды көрді және олардың арасынан (малдарын) иіріп тұрған екі әйел кісіні көрді» (Қасас сүресі, 23-аят).
Мұса оларға келіп:
– Сендер неге малдарыңды суармай тосылып тұрсыңдар? – деп сұрайды. Олар:
– Оған біздің шамамыз жетпейді, соңынан суарамыз. Бізге жәрдемдесетін ер кісі жоқ, әкеміз болса – қарт адам, – деп жауап қатады. Мұса қыздарға жәрдемдесіп, олардың қойларын суарып берді. Ол өте палуан денелі, нар тұлғалы, күшті, білекті кісі еді. Әлгі қыздар оның бірнеше ер кісі жабылып атқаратын істі жалғыз өзі-ақ тындырғанын көреді. Мұса қыздардың малын суарып берген соң, ағаштың саясына қайта барып жайғасып, Аллаһқа:
«Раббым! Мен Өзіңнің маған түсірген жақсылықтарыңа мұқтажбын» (Қасас сүресі, 24-аят), – деп дұға қылады.
Аллаһ тағала Мұсаның бұл дұғасын қабыл алып, оған Өз жеңілдігін жібереді. Біраз уақыттан соң «Оған ұяла басып екі қыздың бірі келді...» (Қасас сүресі, 25-аят).
Қыз:
– Бізге мал суарысқаныңның ақысын беру үшін әкем сені шақырады, – дейді. Мұса онымен бірге үйіне бармаққа жиналады. Жол бойында қыздың артында жүруге ұялып:
– Мен сенің алдыңа түсіп шамалап жүріп отырайын, басқа жолға түсіп бара жатсам, тас лақтырып ишара жасарсың, – дейді.
Міне, бұл – пайғамбарлар әдебінің көрінісі.
Сөйтіп, қыздардың әкесі Шуғайбтың үйіне келеді. Бұл кісі пайғамбар Шуғайб па, жоқ басқа ма – ол туралы риуаяттар әртүрлі.
Жөн сұрасқаннан кейін Мұса ақсақалға басынан өткен оқиғалардың бәрін түгел баяндап береді. Сонда Шуғайб:
«Сен залым елден құтылыпсың», – дейді.
Көпті көрген Шуғайб Мұсаның жүзінен ізгілік пен имандылықтың, адамгершіліктің нышанын байқайды. Сол сәтте қыздарының бірі әңгімеге араласып: «Уа, әкетайым! Оны жалдап ал. Өйткені жалдап алғандарыңның ең жақсысы – күштісі әрі сенімдісі» (Қасас сүресі, 26-аят), – дейді. Шуғайб ақсақал оған ілтипатпен:
– Мен саған екі қызымның бірін некелеуді қалаймын, қайтарымына сен маған сегіз жыл малымды бағып қызмет ет, ал мерзімді он жылға толтырам десең, өзің білесің, – деген ұсыныс айтады. Мұса бұл ұсынысқа келісіп:
– Бұл мерзімді өтегеннен кейін кетуіме қарсылық көрсетпейсің, Аллаһтың Өзі біздің осы айтқандарымызға куә, – деп келісімін білдіреді. Көреген қарттың қызына үйленіп, өзіне қызмет етіп, оның өмірінде жаңа белестер басталады.
Уақыт зырлап ағын судай өтіп жатады. Уәделескен он жыл мерзімін өтеп, Мұса қайын атасының рұқсатымен анасы мен Әсияны зиярат етуге жары мен екі баласын ертіп, Мысырды бетке алып жолға шығады. Жол бойында оның өмірін күрт өзгерткен бір оқиға орын алады. Сапар барысында олар қарны ашып, шөлдеп, күндіз ыстыққа қақталып, түнде жаурап әбігерге түседі. Бір кезде тау беткейінен бір жарқыраған от көрінеді. «Түнде от жағып отырған пенде болса, от алып жылынайық» деген оймен екі баласы мен әйелін Сина даласының маңайында қалдырып, өзі әлгі отқа қарай барады. Сол кезде Аллаһ тағала Мұсаға:
«Шынында, Мен – Аллаһпын, Менен өзге құдай жоқ. Маған құлшылық қыл, сондай-ақ Мені еске алу үшін намаз оқы. Әркім әрекетінің қарымтасын алуы үшін Мен құпия етіп отырған Қиямет анық келеді. Ендеше, сені (Қияметке) сенбей, көңілдерінің ауғанына ергендер (Қиямет күніне) сенуден тоспасын. Онда (егер тосқан жағдайда) құрисың» (Таһа сүресі, 14-16 аяттар), – деп тікелей тіл қатады.
Міне, осылайша Мұсаның сындарлы пайғамбарлық кезеңі басталады. Аллаһ тағала Өз елшісіне пайғамбарлық мұғжизалар (қолының көз қарықтырар аппақ түске енуі мен асатаяқтың жыланға айналуы) береді. Сөйтіп, от алғалы кеткен жалгер жұмысшы, қарапайым қойшы Аллаһтың бірлігі мен туралығына шақырушы, бүкіл адамзат баласының семіп қалған жүрегін жылытушы, көр болып қалған көздерін ашушы, жалыны мен шуағы мол от, ұлы міндет – Аллаһтың айнымас тура жолын арқалап келеді. Сонымен қатар Мұса пайғамбарға Аллаһ тарабынан екі үлкен міндет жүктеледі. Біріншісі – перғауын мен оның адамдарын туралыққа шақыру, екіншісі – Исраил ұрпақтарын олардың езгісінен азат ету.
Тыныш тіршіліктен қол үзген Мұса шындық пен ақиқат жолында күресіп, зұлымдықты түп-тамырымен қопару үшін осындай ауыр, ұлы міндетті қабылдайды. Ал жан жары бұл міндетте оған демеу болып, қолынан келген көмегін аямайды. Олар Мысырға келіп, он жыл бойы көріспеген қос анасының ыстық ықыласына бөленеді. Ақыл мен парасат иелері – қос ана Мұсаның пайғамбарлығына, жүктелген міндетіне иман келтіреді.
Мұса Исраил ұрпақтарын езгіден құтқару жолында перғауынмен күресін бастайды. Перғауынның алдына барып, өзінің пайғамбарлығын жариялап, мұғжизаларын көрсеткенімен, тәкаппар патша мойындамай, менмендік көрсетеді.
Аллаһ тағала Мұса мен Һарунды жіберіп тұрып:
«Екеуің перғауынға барыңдар, өйткені ол шектен шықты. Оған жұмсақ сөз айтыңдар, бәлкім, ол үгіт алар немесе қорқатын болар» (Таһа сүресі, 43-44 аяттар), – деген.
Аллаһ тағала тарабынан осындай көркем тәсілмен шақырылған перғауын Оның Раббы екенін мойындаудан теріс айналып, тоңмойындық көрсетеді. Тура жолға шақырудың нәтижесі Мұса мен патшалықтағы сиқыршыларды мереке күні көпшілік алдында бәсекеге түсуге алып келеді. Бәсекеде дүйім жұрт Аллаһтың ұлы мұғжизасының куәсі болады. Бұл ұлылыққа көзі жеткен сиқыршылар бірден тәубеге келіп, сәждеге бас ұрып:
«Әлемдердің Раббысына иман келтірдік», – дейді. «Атының сыры иесіне мәлім» демекші, сиқырдың сыры оларға айдан анық еді және Мұсадан көргендері сиқыр емес, ұлы күш екеніне көздері әбден жеткен еді. Міне, осы кезде барып перғауын өзінің патшалық тағының шайқатылғанын сезеді. Сиқыршылардың бұл ісін жайдан-жай қалдырса, адамдардың түгелдей Мұсаға еріп кететінін біліп, ол сиқыршыларды жазғыра бастайды.
Ашуға мінген перғауын сиқыршыларға:
«Сендер оған бұл жерге келмес бұрын иман келтіріп қойғансыңдар. Бұл – сендердің сиқыр үйретудегі басшыларың», – деп оларды ауыр азапқа салады. Ұлы кереметтің куәсі болған көпшілік жұрт иман келтірсе де, перғауынның зұлымдығынан қорқып, дымдарын шығармай, сенімдерін жасырын ұстайды.
Перғауынды тура жолға шақырудан ешқандай нәтиже шықпаған соң, енді Аллаһ тағала Мұсаға Исраил ұрпақтарын Мысырдан алып шығып кетуді бұйырады.
Перғауын талай жылдар бойғы майлы шелпегі – тегін құлдардан айырылғысы келмей, бұған көнбейді. Аллаһ тағала тарабынан бір-бірімен жалғасқан мұғжизалар бой көрсетіп жатады. Перғауынның ынсапқа келіп, Исраил ұрпақтарына Мысырдан шығуға рұқсат беруі үшін патшалыққа көптеген рухани және материалдық шығынға ұшырау керек болды. Нәтижесінде, Мысыр екіге бөлінеді. Бір топ – Мұсаға ерген мүміндер (басым көпшілігі – Исраил ұрпақтары), екінші топ – кәпірлер, олардың көпшілігі – тұрғылықты Мысыр халқы.
Аллаһ перғауындықтарға бірнеше зұлмат жібергеннен кейін ғана перғауын Исраил ұрпақтарына Мысырдан шығуға рұқсат береді.
Алты жүз мың Исраил ұрпақтары бүкіл бала-шаға, мал-жанымен Мысырдан шығып, Палестинаға бет алады. Бұл қоныс аударушылардың ішінде Әсия анамыз да болған деген риуаяттар бар. Ал бір риуаяттар бойынша перғауын оны қоныс аудармаққа жиналғаны үшін қатты азаптап, қинаған. Сонда да алған бетінен қайтпаған соң, таспен ұрып өлтірген. Осылайша Әсия дін жолында шәһид болған. Міне, бұл – ер мінезді әйел үлгісі. Өмірде сәл ғана қиыншылық көрсе, дініне қиянат жасап, әлсіздік танытатын еркектер бар. Ал, бұл – пайғамбарға сүйеніш болған, оған міндетін орындауда жәрдем көрсеткен мәңгілік ұмытылмас үш әйелдің адамзат тарихында салып кеткен сара жолының үлгісі. Аллаһ тағала олардың өнегесін мына біздер – мұсылмандарға мәңгілік өнеге етіп қалдыру үшін оны Өзінің мәңгілік сөзі, ұлы кітабы Құранда:
«Аллаһ иман келтіргендерге перғауынның әйелін мысалға келтірді. Сол уақытта ол: «Раббым! Маған жаннатта Өз қасыңнан бір үй тұрғызып бер. Сондай-ақ мені перғауын мен оның істерінен құтқар және мені залым қауымнан құтқара гөр!» – деді» (Тахрим сүресі, 11-аят), – деп баян еткен.
Бұл жай ғана мысал емес, бүкіл мүміндер үшін келтірілген әйел жайындағы мысал. Қай дін әйелге осындай құрмет көрсетті?! Иә, Әсия анамыз басындағы патшалық сарайды қаламай, Аллаһқа: «Раббым! Маған жәннаттан үй тұрғызып бер», – деп тілек-дұға қылды. Ол Мысыр халқына билік жүргізіп отырған перғауынға қарамай, Аллаһқа: «Мені перғауын мен залым қауымнан құтқар!» – деп жалбарынды. Ол ақида талабын барлық нәрседен артық қойды. Ол құлдықтағы отбасынан шыққан асыранды баласын дүниенің тұтқасын қолында ұстаған күйеуінен абзал көрді. Ол қолында тұрған дүниемен алданып қалмай, ақыретін ойлады.
Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Альбидая уа нихая».