×
Юнус пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы туралы жазылған мақала

    ЮНУС

    (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы

    قصة نبي الله يونس عليه السلام

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    فريق اللغة الكازاخية بدار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    —™

    ЮНУС

    (оған Аллаһтың сәлемі болсын)

    Тарих кітаптарында оның шыққан тегі толығымен баян етілмеген. Бізге белгілісі – оның Ибраһимнің ұрпағынан шыққан Юнус ибн Мәтта есімді кісі екендігі. Сондай-ақ ол Зуннун және кит иесі деп те аталады. Аллаһ тағала оны Нәйнауа деген үлкен бір елді мекенге жіберді. Ол – Ирактың солтүстігінде Маусилге таяу жердегі мекен, Маусил мен оның арасын Тигр өзені бөліп тұр. Ибн Кәсир өз заманында Нәйнауаның қалдықтары сақталғандығын және онда жүзі төмен қаратылған пұттар болғандығын айтқан. Аллаһ тағала Юнусты осы Нәйнауаға елші етіп жіберді.

    «Күдіксіз Юнус елшілерден еді» (Саффат сүресі, 139-аят).

    Нәйнауа тұрғындары

    Олардың саны өте көп еді. Аллаһ тағала:

    «Оны жүз мың не одан да көбірек бір елге жіберген едік» (Саффат сүресі, 147-аят), – дейді.

    Ғұламалар олардың саны жүз жиырма мың болғандығын айтқан. Нәйнауалықтар Аллаһқа иман келтірмеген ел еді. Юнус бірнеше жыл Аллаһқа шақырса да, олар күпірліктерінен қайтпады. Менменсіп, шектен шықты және алдыңғы пайғамбарлар сияқты оған да зиян тигіземіз деп қоқан-лоққы жасады. Сонда Юнус: «Сендердің үш күндік мұрсаттарың бар», – деп ескертіп, ашуланып елін тастап кетті. Ал Аллаһ тағала оған үш күндік мұрсатпен ескертуін бұйырып, бірақ ол жерден шығуға рұқсат бермеген болатын. Юнус болса қауымына ескерткен соң ренжіп өз бетінше елден кетіп қалды.

    Аллаһ тағала бұл туралы Құранда: «Зуннунды есіңе ал. Сол уақытта ол ашуланып кетіп қалды да, Біздің ешбір тарлық қылмауымызды ойлады» (Әнбия сүресі, 87-аят), – деген.

    Яғни Юнус рұқсатсыз шығып кеткені үшін Аллаһ тағала өзіне таршылық қылмайды, жазаламайды деп ойлады.

    Сөйтіп, ол теңізге келді. Сол уақытта Нәйнауада Аллаһтың азабының алғашқы белгілері көріне бастаған-ды. Олардың төбесіне үлкен қара бұлт төніп, шақпақ шыға бастады. Мұны көрген Нәйнауа халқы, Юнустың айтқанындай, өздеріне Аллаһтың азабы түсетінін білді. Үрейленген көсемдері бас қосып: «Расында, алдыңғы елдерге келгендей, бұл апат сендерге де келеді. Адамдарды жинайық», – деседі. Адамдар жиналғанда: «Юнус рас айтқан екен. Бұл – сол азап. Сендер одан тек Аллаһқа иман келтіріп, тәубе еткенде ғана құтыла аласыңдар», – деп кеңес айтады. Сөйтіп, олардың барлығы иман келтірді. Құрым киімдер киіп, жылап-жалбарынып, Аллаһ тағаладан кешірім тілей бастады. Төбелерге шығып жылаулары үшін аналар мен балалардың арасын ажыратып тастады. Сол арқылы өздеріне Аллаһтың мейірі түседі деп үміттенді. Олар үш күн бойы осылай жылап-жалбарынып, Аллаһтан кешірім тілеумен болды. Сол уақытта барып Аллаһ тағаланың оларға рақымшылығы түсіп, олардан азапты шеттетті. Аллаһ тағала:

    «Юнустың қауымынан басқа, (азаптың келгенін көріп) иман келтірген әрі имандары пайда берген бірде-бір ел болмаған. Иман келтірген уақытта оларды дүние тіршілігіндегі қор азаптан айықтырдық та, бір мерзімге дейін пайдаландырдық» (Юнус сүресі, 98-аят), – деген.

    Ибн Кәсир осы аяттың түсіндірмесінде: «Алдыңғы пайғамбарлардың қиссасында түгелдей иман келтірген бір елді көрдің бе?» – деп айтқан. Әрбір елде кәпір немесе екіжүзді адамдар бар. Тек Юнустың елінде ғана жеке-дара имансыздық болмаған, олардың барлығы түгелдей иман келтірді. Бұл – Аллаһ тағаланың кереметі мен рақымшылығының көрінісі.

    Юнус жайын ішінде

    Юнус болса қауымының иманға бет бұрғанын білмеді. Ол теңізге барып, кемеге мінді. Кемеде адам көп болатын. Аллаһ тағала:

    «Сол уақытта ол (адам) толы кемеге қашқан еді» (Саффат сүресі, 140-аят), – дейді.

    Теңізге шыққан соң дауыл соғып, кеме суға бата бастады. Олар жүктерін суға лақтырып едәуір жеңілдеткенмен, кеме әлі де болса ауыр еді. Сонда кемедегілер ақылдаса келе: «Адам тастау керек. Жеребе тартамыз. Кімге шықса, соны суға лақтырамыз. Кеме жеңілдегенге дейін осылай етеміз», – деп шешті. Сөйтіп, олар жеребе тартқанда, ол Юнуске түсті. Адамдар оны лақтырғысы келмей, екінші рет салғанда, жеребе тағы да Юнуске шықты. Сол кезде шешініп, суға түспекке ыңғайланғанда адамдар оны тоқтатып, үшінші рет тастады. Жеребе тағы да Юнуске шықты. Аллаһ тағала: «Жеребе тартқанда, ол жеңіліске ұшырады» (Саффат сүресі, 141-аят), – деп айтқан.

    Сонда барып адамдар оны теңізге лақтырды. Сол кезде теңіз тынышталды. «Сөйтіп, оны кит жұтты. Ол (өз-өзін) айыптауда еді» (Саффат сүресі, 142-аят).

    Аллаһ тағала балыққа оның етін жеме, сүйегін сындырма деп уахи етті. Сонда Юнус өз-өзін айыптай бастады. Ал кісінің өзін айыпты деп біліп, өз-өзін жазғыруы тәубенің алғашқы сатысына жатады. Балықтың іші оған ғажап бір абақты іспеттес еді. Юнус балықтың қарнында үш не жеті күн немесе қырық күн қалған деп айтылады. Ол Раббысына дұға қыла бастады. Аллаһ тағала:

    «Сонда ол қараңғылықтар ішінде: «Сенен басқа ешбір құдай жоқ. Сен пәксің. Шын мәнінде, мен қателесушілерден болдым», – деп жалбарынды» (Әнбия сүресі, 87-аят), – дейді.

    Ол теңіз бен балық қарнындағы түнек ішінде жатты. «Егер ол Аллаһты дәріптеушілерден болмағанда, қайта тірілер күнге дейін балықтың қарнында қалар еді» (Саффат сүресі, 143-144 аяттар).

    Яғни Юнус сондай сын сағатта жатып та Аллаһқа тәсбих айтумен болды.

    Балық қарнындағы қапас оның елді рұқсатсыз тастап кетуінің жазасы еді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Зуннунның балық қарнында болған кезіндегі дұғасы: «Сенен басқа ешбір құдай жоқ. Сен пәксің. Шын мәнінде, мен қателесушілерден болдым» (деген сөздер). Егер мұсылман осымен Раббысына дұға қылатын болса, (Аллаһ тағала) оған күмәнсіз жауап қатады», – деген (Хадисті әт-Тирмизи, ән-Нәсәи және Ахмад жеткізген).

    Бұл – қиыншылық пен зиян-зарарды және қайғы-қасіретті жоюшы дұғалардың бірі. Сонда Аллаһ тағала оны құтқарды. Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    «Аллаһ Юнусты киттің ішінде ұстауды қалаған кезде балыққа: «Оны жұт, бірақ етін жеме, сүйегін сындырма» деп уахи етті. Балық оны алып теңіздің түбіне түскен кезде Юнус бір дыбыс естіп, бұл не деп ойлайды. Сол кезде Аллаһ тағала оған: «Бұл теңіз жануарларының тәсбихы», – деп уахи етті. Сонда Юнус балықтың қарнында жатып тәсбих айтты. Оның тәсбихын естіген періштелер: «Уа, Раббымыз! Біз бір беймәлім жерден әлсіз дауыс естиміз», – дейді. Аллаһ тағала: «Ол – құлым Юнус. Әмірімді күтпегені үшін теңіздегі бір балықтың қарнына қамап қойдым», – деді. Періштелер: «Ол ізгі амалдары күні-түні Өзіңе көтерілетін игі пенде ме?» – деп сұрады. Аллаһ тағала: «Иә», – деп жауап берді. Сонда періштелер оған ара түсті де, Аллаһ тағала китке оны жағалауға шығарып тастауды бұйырды», – деген (Хадисті Ибн Жәрир риуаят еткен).

    Аллаһ тағала:

    «Тілегін қабыл етіп, оны қайғыдан құтқардық. Міне, иман келтіргендерді осылай құтқарамыз» (Әнбия сүресі, 88-аят), – дейді.

    Сағд ибн Әбу Уаққас (Аллаһ оған разы болсын): «Бір күні Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһтың онымен дұға қылынса, жауап қататын, сұралса, нәсіп етілетін есімі – Юнус ибн Маттаның дұғасы», – деп айтып жатқанын естіп: «Уа, Аллаһтың елшісі! Тек Юнустың өзіне ғана ма, жоқ барлық мұсылмандарға да арналған ба?» – деп сұрағанымда: «Ол арнайы Юнуске және жалпы мүміндерге арналған. Сен Аллаһ тағаланың «Сонда ол қараңғылықтар ішінде: «Сенен басқа ешбір құдай жоқ. Сен пәксің. Шын мәнінде, мен қателесушілерден болдым», – деп жалбарынды. Тілегін қабыл етіп, оны қайғыдан құтқардық. Міне, иман келтіргендерді осылай құтқарамыз» деген сөзін оқымадың ба? Кімде-кім осы дұғамен Аллаһқа жалбарынса, (Аллаһ оны құтқарады)», – деді», – деген (Хадисті әт-Тирмизи мен әт-Табари жеткізген).

    Юнустың жағалауға шығуы

    Юнус күні-түні Аллаһқа дұға етумен болды. Ол жайынның қарнында бірнеше күн жатты. Ақыр соңында Аллаһ тағала дұғасын қабыл етіп, балық оны жағалауға тастап кетті. Аллаһ тағала:

    «Сонда оны тақыр жерге шығарып тастадық. Ол науқас еді» (Саффат сүресі, 145-аят), – деп айтқан.

    Тәпсіршілердің айтуынша, жағалауға түскенде ол терісі түскен, жүруге шамасы келмейтін күйде еді. Ол осы қалпында жатқанда, таңғажайып кереметтер жүзеге асты. Жанынан бір ағаш өсіп шықты.

    «Оның үстіне жапырақты бір ағаш өсірдік» (Саффат сүресі, 146-аят).

    Ағаштың жапырағы үлкен еді, оған көлеңке түсіретін, денесіне жел зақым жеткізбеуі үшін жауып тұратын. Сондай-ақ ол хош иісті, шыбын-шіркейлерді қуатын қасиетке ие еді.

    Сонымен қатар Аллаһ тағала оған бір ұрғашы бұғыны жіберді. Бұғы келіп, оны емізетін. Юнус әлсіздіктен айыққанға дейін осындай күйде жатты және Аллаһтың рақымымен аяғына тұрып сауығып кетті. Денсаулығы қалпына келген соң, Аллаһ тағала оны екінші рет еліне жіберді.

    «Оны жүз мың не одан да көбірек елге жіберген едік. Сонда олар иман келтірді де, оларды бір мерзімге дейін пайдаландырдық» (Саффат» сүресі, 147-148 аяттар).

    Бұл жолы оған бүкіл қауымы иман келтірді. Пәк әрі Ұлы Аллаһ оған сабақ бермек болған-ды.

    Юнустың қадір-қасиеттері

    «Раббысы оны таңдап, ізгілерден етті» (Қалам сүресі, 50-аят).

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешбір пенде: мен Юнус ибн Мәттадан артықпын деп айтпауы керек», – деген (Хадисті әл-Бұхари мен Муслим жеткізген).

    Юнустың қиссасынан алынар өнегелер

    1. Адамдарды Аллаһқа шақырудан күдер үзбеу. Одан ешқандай пайда жоқ деп айтпау керек! Юнус қауымын дінге шақырып, олардан ешкім иман келтірмеген кезде үмітін үзген еді. Келер азапты ескертіп, бет бұрғанда олар иманға келді. Аллаһ кімді қашан тура жолға түсіретінін ешкім білмейді. Сондықтан Аллаһ тағала:

    «Сен өзің сүйген адамды тура жолға сала алмайсың. Алайда Аллаһ қалаған адамын тура жолға бастайды» (Қасас сүресі, 56-аят), – деген.

    2. Бұл қиссада тура жолға үндеу мен шақыруға қатысты зор ғибрат бар. Адам баласы Аллаһтың мейірімінен ешқашан үміт үзбей, өзгелерді тура жолға бастауда өзіне ғана сүйенбеуі керек. Өйткені тура жолға бастау – Аллаһқа тән, ал дағуатшыға тек шақыру – міндет.

    Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Альбидая уа нихая».