×
Шуғайб пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы туралы жазылған мақала

    ШУҒАЙБ

    (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы

    قصة شعيب عليه السلام

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    فريق اللغة الكازاخية بدار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    —™

    ШУҒАЙБ

    (оған Аллаһтың сәлемі болсын)

    Сондай-ақ Аллаһ тағала тарабынан тағы бір ұлы пайғамбар келді. Ол – Шуғайб, тегі Мәдиян ибн Мәдиян ибн Ибраһимге барып тірелетін арабтан шыққан пайғамбар. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Заррға (Аллаһ оған разы болсын) пайғамбарлар мен елшілер туралы әңгімелей отырып: «Олардың төртеуі араб: Һуд, Салих, Шуғайб және өзіңнің Пайғамбарың, ей, Әбу Зарр!» – деген (Хадисті Ибн Хиббан жеткізген).

    Сондай-ақ Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Шуғайбты: «Ол – пайғамбарлардың шешені», – деп сипаттаған (Мұны Ибн Исхақ риуаят еткен).

    Мәдиян елі

    Шуғайб Маған деген қалаға жақын орналасқан Лут көлінің маңындағы Мәдиян деп аталатын елді мекенде тұратын мәдиян тайпасынан шыққан. Маған – қазіргі таңда Йордания мемлекетіне қарайтын танымал қала. Ал Лут теңізі – Жәбірейіл оның қауымын асты-үстін келтіріп жойғаннан кейін, Аллаһ тағала олардың жұрттарының орнында жаратқан Өлі теңіз, бұл теңіз әлі күнге дейін бар.

    Шуғайбтың елі Аллаһқа күпірлік қылып, қылмыс жасайтын және пұтқа табынатын еді. Олар жол торып, өткен-кеткеннің мал-мүлкін күштеп тартып алатын. Сондай-ақ саудамен айналысып, көп қиянат тірліктерге баратын.

    Пайғамбарлардың міндеттерінің бірі: қоғамдағы қарым-қатынас кереғарлығымен күресу. Шуғайбтың кезеңі экономикалық мәселеге дөп келді. Мәдиян қоғамындағы негізгі дерт сауда саласындағы бұзықтық пен алаяқтық еді. Наным мәселесінде олар «әл-әйкә» деп аталатын бір ағашқа табынатын. Аллаһ тағала оларды Құранда өздері табынатын ағашқа қатысты атаған:

    «Әл-әйкә елі де елшілерді жалғанға шығарды» (Шұғара сүресі, 176-аят).

    Олар Шуғайбқа сенбеді.

    Шуғайбтың дағуаты

    Сонымен, Шуғайб қауымын Аллаһ жолына шақыра бастады.

    «Мәдиян еліне туыстары Шуғайбты жібердік. (Ол): «Ей, елім! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа құдайларың жоқ. Сендерге Раббыларыңнан анық бір дәлел келді. Енді өлшеуді, тартуды толық орындаңдар. Адамдардың нәрселерін кемітпеңдер. Түзетілгеннен кейін жер жүзінде бүлікшілік қылмаңдар. Егер иман келтірген болсаңдар, сендерге осы істерің жақсы. Иман келтіргендерді Аллаһтың жолынан тосып, бопсалап, қыңырлық іздеу үшін жол үстінде отырмаңдар. Ойланыңдар, сендер аз едіңдер, Аллаһ көбейтті. Сондай-ақ бұзақылардың соңы қалай болды?» – деді» (Ағраф сүресі, 85-86 аяттар).

    «Шамам келгенше түзетуді ғана қалаймын. Табысты болуым Аллаһқа ғана байланысты, Оған тәуекел еттім әрі Оған бойсұнамын», – деді» (Һуд сүресі, 88-аят).

    Шуғайб иманға, хақтың жолын ұстануға шақырып, оларға Аллаһ тағала тарабынан мұғжиза әкелді. Бірақ кітаптарда оның нақты қандай мұғжиза екендігі туралы мәлімет келтірілмеген. Сонда да олар қарсы келіп, оған иланбай:

    «Ей, Шуғайб! Біздің аталарымыздың табынғанын тастауымызды немесе малдарымызға қалағанымызды істеуден тыйылуымызды саған намазың (яғни дінің) әмір ете ме?» – деді» (Һуд сүресі, 87-аят).

    Яғни сауда мәселесіне араласпа, мұнда сенің шаруаң болмасын, аулақ жүр деген-ді. Сондай-ақ елі оған:

    «Тіпті сен өте жұмсақ, аса көреген көрінесің», – деді» (Һуд сүресі, 87-аят).

    Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Олар мұны мысқылдап айтты», – деген. Яғни бұл мақтау емес, керісінше, мазақтау болатын. Сонда Шуғайб оларға:

    «Ей, халқым! Маған қарсы келулерің өздеріңе Нұх қауымы не Һуд қауымы немесе Салих қауымына келген тәрізді ауыртпалық келтірмесін! Сондай-ақ Лут елі сендерден ұзақта емес. Раббыларыңнан кешірім тілеңдер. Сосын Оған тәубе қылыңдар. Шынында, Раббым аса Мейірімді, өте Сүйгіш» (Һуд сүресі, 89-90 аяттар), – деп ескертті.

    Бірақ олар қасарысып тұрып алды. Сонда Шуғайб:

    «Арамызға Аллаһ үкім бергенге дейін шыдаңдар. Ол – үкім берушілердің Жақсысы» (Ағраф сүресі, 87-аят), – деп айтты.

    Ал «олар: «Сен анық жадыланғансың. Өзің біз секілді адамсың әрі сені өтірікшілерден деп ойлаймыз. Егер рас айтушылардан болсаң, онда үстімізге аспанның бір кесегін түсір», – деді» (Шұғара сүресі, 185-187 аяттар).

    Яғни егер айтқан сөзің рас болса, бізге аспаннан бір азап әкел.

    Бұған қоса «қауымының дандайсыған көсемдері: «Ей, Шуғайб! Әрине, сені де, сенімен бірге иман келтіргендерді де елімізден шығарамыз яки дінімізге қайтасыңдар», – деді» (Ағраф сүресі, 88-аят).

    Бірақ Шуғайб азаптан құтылуларынан үміттеніп, оларды Аллаһ жолына шақыруды жалғастыра берді. Қауымы оны тыңдаудан бас тартты. Оны тыңдағандар еш нәрсе ұқпадым дейтін, қайталаса, тағы түсінбедік деп әжуалайтын.

    «Олар: «Ей, Шуғайб! Сенің айтқаныңның көбіне түсінбейміз әрі сені арамызда төмен санаймыз. Егер ағайындарың болмағанда, әлбетте, таспен атып өлтірер едік. Сондай-ақ сен бізге қадірлі емессің», – деді. (Шуғайб): «Ей, халқым! Сендерге Аллаһтан ағайыным қадірлі ме? Аллаһты мүлдем ту сырттарыңа тастадыңдар. Расында, Раббым – не істегендеріңді толық Білуші. Ей, халқым! Қолдарыңнан келгенін істеңдер, мен де әрекет етемін. Жақында қорлаушы азаптың кімге келетінін және кімнің өтірікші екенін білесіңдер. Енді күтіңдер! Әрине, мен де – сендермен бірге күтушімін», – деді» (Һуд сүресі, 91-93 аяттар).

    Ол Аллаһқа өзі мен олардың арасын алшақтатуды сұрап:

    «Раббымыз! Біз бен еліміздің арасын ақиқатпен ажырат. Сен– ажыратушылардың ең Жақсысысың», – деді» (Ағраф сүресі, 89-аят).

    Сонда оларға Аллаһтың азабы келді. Ол алуан түрлі азаптардан тұрды. Бұдан Шуғайб және онымен бірге иман келтіргендер ғана құтылды. Біз өткен қиссалардың бәрінде Аллаһ тағала құдіретінің куәсі болып келеміз. Ол қауымдарды әртүрлі азаптарға ұшыратты. Солардың қатарында Шуғайбтың еліндегі ауаны алмастырмай қойды. Бірнеше күн бойы ауа алмаспай, күн қызып, олар өлермен халге жетті. Сонда Аллаһ тағала қала сыртына бір бұлт жіберді. Адамдар сыртқа шығып, бұлттың саясына барып отырды. Сол сәтте жер сілкініп, барлығы жапатармағай жер жастанды. Сосын Жәбірейіл келіп, бір ащы дауыспен оларды түгел өлтірді. Аллаһ тағала:

    «Сонда олар (Шуғайбты) жалғанға шығарды да, оларды түнек күннің апаты қолға алды. Рас, ол ұлы бір күннің апаты еді» (Шұғара сүресі, 189-аят);

    «Әміріміз келген замат Шуғайбты және онымен бірге иман келтіргендерді Өзімізден бір мейіріммен құтқардық. Ал зұлымдық қылғандарды бір ащы дауыс қолға алды да, жұрттарында етпеттеген бойда жоқ болды» (Һуд сүресі, 94-аят), – деген.

    Шуғайб күйзеліп, олардан бет бұрып: «Ей, елім! Расында, мен сендерге Раббымның нұсқауларын жалғастырдым әрі сендерге үгіт жасадым. Ал енді қарсы болған бір елге қайтіп қайғырамын?» – деді» (Ағраф сүресі, 93-аят).

    Сосын ол Мәдиянға қайтып оралды. Мәдиян жері сол қалпында сақталған болатын. Сонда өмір сүрді. Оның тұрғындарының көпшілігін Шуғайбқа иман келтіргендер құрады. Мәдиян қаласы өркендеп, адамдар қоныстана бастады. Кейін Мұса барған Мәдиян – осы қала.

    Шуғайбтың қиссасынан алынар өнеге-ғибраттар

    1. Шуғайбтың «Шамам келгенше түзетуді ғана қалаймын. Табысты болуым Аллаһқа ғана байланысты, Оған тәуекел еттім әрі Оған бойсұнамын» деген сөзінен алынар өнеге: ешбір дағуатшы адамдарды иманға мәжбүрлей алмайды, қолынан бар келері – адамдарды түзету үшін әрекет ету ғана. Оның міндеті ақиқатты айту, ал жүректі иманға ашу – Аллаһ тағаланың еншісінде.

    2. Әл-Әйкә елінің «Ей, Шуғайб! Біздің аталарымыздың табынғанын тастауымызды немесе малдарымызға қалағанымызды істеуден тыйылуымызды саған намазың (яғни дінің) әмір ете ме?» деген сөздерінен алынар өнеге: олардың сөздері қазіргі кейбір адамдардың «діннің мал-дүниеге не қатысы бар?» дегені сияқты. Сол сияқты дінді тек қана ғибадат, мешіт, ал саясат пен экономиканың оған ешқандай қатысы жоқ деп ойлайтындар жеткілікті. Олар дінді дүниеден бөліп қарағысы келеді. Бұл – Шуғайбтың елі ұстанған жол. Олар оған сауда мәселесіне араласпа, мұнда сенің шаруаң болмасын деп, дінді күнделікті тіршіліктерінен бөліп тастаған. Алайда, әсілінде, Аллаһтың шариғаты өмірдің барлық салаларын қамтып, тіршіліктің бағдаршамы болады.

    Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Альбидая уа нихая».