Мұса пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
Бөлімдер
Full Description
Мұса пайғамбар
(оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
قصة نبي الله موسى عليه السلام
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
فريق اللغة الكازاخية بدار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
МҰСА
(оған Аллаһтың сәлемі болсын)
қиссасы
Құрандағы ұлы қиссалардың бірі – пайғамбарлардың ұлы бестігі қатарындағы Аллаһ елшісі Мұсаның өмір жолы. Бұл қисса Құранда жетпістен астам орында баян етілген. Аллаһ тағала:
«Бұл – анық баян етуші Кітаптың аяттары. (Мұхаммед!) Саған Мұса мен перғауынның қиссасын иланатын ел үшін ақиқатпен оқимыз» (Қасас сүресі, 2-3 аяттар), – деген.
Мұса ұлы да құрметті, Аллаһқа шын берілген пайғамбар болатын. Құдірет Иесі: «(Мұхаммед!) Кітаптағы Мұсаны есіңе ал. Рас, ол ықыласты әрі жіберілген пайғамбар еді» (Мәриям сүресі, 51 аят), – дейді.
Ол – Мұса ибн Имран ибн Қаһис ибн Азир ибн Ләуи ибн Яғқуб ибн Исхақ ибн Ибраһим.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Миғражға көтерілгені туралы хадисте оны: «Бидай өңді, денелі», – деп сипаттаған (Имам әл-Бұхари, Имам Муслим және басқалар риуаят етті).
Ол өте күшті болатын. Тіпті онда он кісінің күші бар еді деп айтылады. Сондай-ақ оның ерекшеліктерінің бірі – тілінің мүкістігі. Перғауын: «Иә, мен осы өзі қор, сөзін ұқтыра алмайтыннан жақсы емеспін бе?» (Зухруф сүресі, 52 аят) – деген. Сөйлеген кезінде тілі күрмеліп қалатын. Бірақ бұл кемістігі оны пайғамбар әрі ұлы елшілерден болуына кедергі жасай алмады. Ол өзі: «Бауырым Һарун тілде менен жатығырақ» (Қасас сүресі, 34 аят), – деген.
Мұса өзі еркін сөйлей алмағандықтан, Аллаһтан туысы Һарунды елшілік істерінде көмекші етуін сұраған-ды.
Мұса пайғамбардың қиссасы екі бөлімнен тұрады. Әуелгі кезең – Мұсаның перғауынмен болған әңгімесі, ал екінші кезең – перғауын суға батқаннан кейінгі болған оқиғалар.
БІРІНШІ КЕЗЕҢ
Мысыр жеріндегі исраилдіктер
Исраил ұрпақтары Юсуфтың кезінде Палестинадан Мысыр еліне қоныс аударып, сонда тұрақтап қалды. Тарихшылар олардың Мысырға келгендегі саны сексен алты адам болғандығын, сосын олар көбейіп, Мұса алып шыққан уақытта алты жүз мыңға жеткендігін айтады.
Сол замандарда Мысырды перғауындар биледі. Юсуфтың кезіндегі перғауын Раян ибн Уәлид деген кісі еді. Ол Юсуфтың өзге дін өкілі екендігіне қарамастан даналығын бағалап, оған ел басқару ісін тапсырған-ды. Юсуф болса елді ашаршылықтан, жұттан құтқарып қалды. Сол үшін де оның кезінде исраилдіктер берекетті өмір сүріп, Мысырда олардың дәрежесі жоғары саналды. Бірақ Раян өлген соң, билікке келген Қабус ибн Мусғаб Аллаһқа сенбейтін залым патша болды. Ол Юсуф дүниеден өткеннен кейін исраилдіктерге көп зиян тигізді. Кейін Қабустың інісі Уәлид ибн Мусғаб перғауын болды. Оның әйелі Әсия бинт Музахим Аллаһқа иман келтірген салиқалы ізгі әйел еді. Перғауын оны басында күң етпекші болған. Әсия отбасының амандығына қауіп төнген соң, амалсыз оның тең құқылы әйелі болуға келіскен. Бірақ ол күйеуі Уәлид ибн Мусғабты Аллаһқа сенбейтін, кәпірлігі мен зұлымдықтары үшін ұнатпайтын. Тіпті ол өзін құдаймын деп жариялап:
«Сендер үшін менен басқа тәңір барын білмеймін» (Қасас сүресі, 38 аят); «Мен – сендердің ең ұлы раббыларыңмын» (Назиғат сүресі, 24 аят), – деген.
Ол Аллаһпен тәңірлікте және раббылықта таласқысы келген-ді. Аллаһ тағала Құранда:
«Перғауын ол жерде зорлықшыл болып, елін топтарға бөлді. Олардың бір тобын жаныштап, ұлдарын бауыздап, әйелдерін тірі қалдыратын еді. Өйткені ол бұзақылардан болатын» (Қасас сүресі, 4 аят), – дейді.
Ол адамдарды таптарға бөліп тастады. Исраил ұрпақтары ең төменгі таптағылардың санатында болды. Перғауын оларды құл деп жариялап ауыр да азапты жұмыстарға жегіп, қатты қорлады. Ал әйелдерін күң ретінде санады. Бұл үстемдік оның тек өзіне ғана емес, сонымен қатар Мысырдың үстем таптарынан тұратын копттарға да тиесілі еді. Ал исраилдіктер осы азаптан арылуды асыға күтіп, әрдайым азаттықты аңсайтын. Олар перғауын сарайынан бір бала шығып, өздерін құтқаратындығынан хабардар еді. Бұл хабар олардың біріне аян арқылы келген деп айтылады. Анығы Аллаһқа мәлім.
Басқа бір деректе: бір күні перғауын түс көреді. Түсінде Құдыстан шыққан бір от Мысырға қарай жылжып, ондағы исраилдіктердің жұртынан басқа жерлердің барлығын өртеп жібереді. Перғауын түсін балгерлерге жорытқанда, олар: «Исраил ұрпақтарынан түбіңе жететін бір бала туылады», – дейді. Мұны естіген перғауын қатты қорқып, исраилдіктерге қатысты жантүршігерлік заң шығарды. Перғауын олардан туылған ер балаларды өлтіруді бұйырды. Сонымен, перғауынның пәрмені бойынша жүкті әйелдер бақылауға алынды. Әйел қыз туса, нәрестені тірі қалдырып, егер ер бала дүниеге келсе, сол мезетте өлтірілетін. Сондай-ақ кіндік шешелерге қысым жасап, әрбір босанған әйел туралы хабар беруді тапсырды, хабар бермеген жағдайда оның өзін құртатын. Сөйтіп, кіндік шешелер әрбір туылған баланың хабарын мысырлықтарға жеткізіп отырды. Бірақ кейін перғауын құлдардың азайып кетуіне байланысты бір жылы туылғандарды өлтіріп, бір жылы туылғандарды аман қалдыруға шешім қабылдайды. Сөйтіп, мерзімді жылы туылған ер балалар өлтірілетін болды. Һарун сәбилер өлтірілмейтін, ал Мұса өлтірілетін жылы дүниеге келді.
Мұсаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) дүниеге келуі
Оның анасы өзінің жүкті екенін босанғанға дейін жасырып жүрді. Сосын дүниеге ұл перзент әкелді. Мұны оның жақын туыстары ғана білетін. Ол Аллаһ тағала өзіне: «Оны еміз де, оған бір нәрсе болады деп қорықсаң, дарияға ағызып жібер. Қорықпа да қайғырма. Біз оны өзіңе қайта қайтарып, елшілерден етеміз» (Қасас сүресі, 7 аят), – деп уахи етіп, ой салғанға дейін Мұсаны жасырып жүрді.
Бұл пайғамбарлық уахи емес, көкейге салу еді. Осылай ұзамай исраилдіктер онан сайын қатаң бақылауға алынып, тінту жүргізіле бастады. Бұл Мұсаның анасында үрей туғызды, ол амалсыз баласын сандыққа салып, Ніл өзеніне ағызып жіберді, ал қызына оның соңынан жүріп отыруды тапсырды.
«Анасы (Мұсаның) әпкесіне: «Оның соңына түс», – деді. Ол оны (перғауынның адамдары) сезбеген жақтан бақылады» (Қасас сүресі, 11 аят).
Перғауынның сарайы өзен жағасында орналасқан болатын. Сандық перғауын сарайына келіп тоқтады. «Сонда перғауынның үйі өздеріне қастас әрі қайғы болу үшін оны ұстап алды. Расында, перғауын мен Һаман және әскерлері қателесті» (Қасас сүресі, 8 аят).
Оны перғауынның әйелі Әсияның кәнизактары көтеріп алады. Әсия өте балажан әйел болатын, бірақ өзінің баласы жоқ еді. Ол баланың исраилдік екенін білген. Әсия күйеуіне: «Мені мен сенің көз қарашығымыз. Оны өлтірмеңдер. Бәлкім, бізге пайдасы тиер немесе бала қып алармыз» (Қасас сүресі, 9 аят), – деді. Сонда перғауын: «Саған болар, ал маған жоқ», – деп жауап қатты. Өйткені ол да іштей сәбидің исраилдік екенін білген-ді. Әйтпесе тапа-тал түсте нәрестесін кім дарияға тастайды?
Мына жақта оның анасының жүрегі алаңдауда еді. Ол бар нәрсені жиыстырып қойып, тек Мұсаны ойлаумен болды. Бұл туралы Аллаһ тағала: «Мұсаның анасының жүрегі боп-бос боп қалды. Егер жүрегін иман келтіргендерден болуға бекітпесек, оны білдіріп ала жаздады» (Қасас сүресі, 10 аят), – дейді.
Мұса перғауын сарайында қарны ашып жылай бастады. Оған көптеген емізуші әйелдер әкелгенмен, ешқайсысын ембеді. Сонда олар емшек ана іздеп базарға келді. Аллаһ тағала: «Оны емізушілерден тыйдық» (Қасас сүресі, 12 аят), – дейді.
Сонда оның әпкесі сарай адамдарына барып: «Сендерге оны бағатын, оған қамқор болар бір отбасын көрсетейін бе?» –деді» (Қасас сүресі, 12 аят). Оларға бір қараша үйде иісі жағымды бір әйел бар екенін, оны барлық балалардың еметіндігін айтты. Сөйтіп, олар Мұсаны өз анасына алып барды да, бала емді. Әсия әйелге елші жіберіп, перғауын сарайында тұруға ұсыныс жасады. Бірақ Мұсаның анасы отбасы, бала-шағасы барын алға тартып сарайға барудан бас тартты. Сосын, амал жоқ, Мұсаны ақыға бағуы үшін оған табыстап кетті. Әсия Мұсаның анасына көп құрмет көрсетті. Сондай-ақ перғауынның адамдары да оған тарту-таралғылар жасайтын. Аллаһ тағала: «Сөйтіп, көзайым болып, қайғырмауы үшін және Аллаһтың уәдесінің хақ екендігін білуі үшін оны (Мұсаны) өз анасына қайтардық» (Қасас сүресі, 13 аят), – деген.
Мұса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) перғауын сарайында
Мұса перғауынның сарайында өсті. Ол білімді әрі ақылды жігіт болып толысты. Аллаһ тағала:
«Ержетіп, теңелген кезде оған хикмет, білім бердік. Игілік істеушілерді осылай сыйға бөлейміз» (Қасас сүресі, 14 аят), – деп айтқан.
Ол Исраил ұрпақтарының дінін ұстанатын мүміндерден болатын. Мұса өзінің исраилдік екенін білетін, сондай-ақ бұдан өзге адамдардың да хабары бар-тұғын. Бірақ ол сарайда өмір сүріп, перғауынның өкілі ретінде онда үкім жүргізетін және өте әділ еді.
Бір күні ол көшеде жүргіншілер болмайтын түс әлетінде яки түн ішінде сыртқа шыққанда, жол бойында төбелесіп жатқан екі кісіні көреді. Олардың бірі – исраилдік, ал екіншісі жергілікті мысырлық болатын. Исраилдік одан көмек сұрады. Мұны көрген Мұсаның ашуы келді. Өйткені исраилдіктің әлсіздігін пайдаланып, әлгі мысырлық оны көз алдында қорлап жатқан-ды. Сол уақытта Мұса исраилдікті қорғамақ болып, оған бір жұдырық жұмсады. Аллаһ тағала:
«Ол ел қаперсіз уақытта қалаға кірді де, онда төбелесіп жатқан екі кісіні көрді. Бірі – өз қауымынан, ал бірі дұшпан жақтан еді. Сонда өз қауымынан болғаны дұшпанына қарсы одан көмек сұрады. Сөйтіп, Мұса жұдырықпен түйіп, оны өлтіріп қойды» (Қасас сүресі, 15 аят), – деген.
Мұса аңырып қалды. Өйткені оны өлтіруді ойламаған-ды. Сол кезде ол: «Бұл – шайтанның ісі. Өйткені ол – анық адастырушы дұшпан», – деді» (Қасас сүресі, 15 аят). Сосын ол жазатайым істеген күнәсі үшін тәубе етіп, Аллаһтан:
«Раббым! Расында, өзіме зұлымдық істедім. Мені кешір», – деп өтінді. Сонда (Аллаһ) оны кешірді. Өйткені Ол өте Кешірімшіл, аса Мейірімді» (Қасас сүресі, 16 аят). Мұса бұдан кейін мұндай әрекетке бармауға Аллаһқа уәде беріп: «Раббым! Маған берген нығметіңе серт! Енді күнәһарларға жәрдем бермеймін», – деді» (Қасас сүресі, 17 аят). Ол түйсік арқылы өз тәубесін Аллаһтың қабыл еткенін сезді. Бірақ осы қылмысы себепті жазаға тартылудан қорқып, «қалада қорқып, алаңдаумен таң атырды» (Қасас сүресі, 18 аят).
Келесі күні сыртқа шыққанда, тағы да алдыңғы көріністің куәсі болды. Әлгі исраилдік басқа бір мысырлықпен төбелесіп жатыр екен. Аллаһ: «Қараса, кеше өзінен жәрдем сұраған кісі тағы айқайлап жатыр. Мұса оған: «Сен анық адасқан екенсің», – деді. Сөйтіп, екеуінің де дұшпаны (мысырлықты) ұстағысы келгенде, (исраилдік): «Ей, Мұса! Кеше бір адамды өлтіргеніңдей бүгін мені өлтіресің бе? Сен бұл жерде игілерден болмай, бір зорлықшыл болуды қалайсың ба?» – деді» (Қасас сүресі, 19 аят).
Яғни исраилдік Мұсаның ойын дұрыс түсінбей қалған еді. Осылай оның қылмысы әшкереленіп қалды. Мұса бой тасалап жасырынып жүргенде, оған перғауынның отбасынан өзін жақсы көретін «бір адам қала шетінен жүгіріп келіп: «Ей, Мұса! Басшылар сені өлтіруге кеңесіп жатыр. Дереу (елден) шығып кет! Шындығында, мен саған жақсылық ойлаушыларданмын», – деді» (Қасас сүресі, 20 аят).
Перғауын Мұсаны әу бастан жек көретін, оны тек әйелі Әсияның өтінішіне бола қалдырған еді. Сондай-ақ елдің көсемдері де оның исраилдік екенін білетін және оны ұнатпайтын. Ал енді одан құтылудың оңтайлы сәті туып тұр.
«(Мұса) қорқа байқастап қаладан шықты да: «Раббым! Мені залым елден құтқар», – деп (дұға қылды)» (Қасас сүресі, 21 аят).
Мұса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Мәдиян жерінде
Мұсаны перғауын адамдары іздестіруде еді. Аллаһ тағала дұғасын қабыл етіп, оған жол көрсетті. Сөйтіп, Мұса қолында жейтін асы мен ішер суы жоқ, астында көлігі болмаса да, жолға шықты. Тіпті қайда барарын да білмейді. Себебі ол Мысыр жерінен ешқайда шықпаған-ды. Ол бағыты ретінде «Мәдиянға бет бұрған кезде: «Әрине, Раббым мені тура жолға салар», – деді» (Қасас сүресі, 22 аят). Мұса Ніл өзенін артқа тастап, шөл дала арқылы жаяу сапар шекті. Аяқкиімі жыртылып, жалаңаяқ жүруге тура келді. Ағаш жапырақтарымен қоректенеді. Осылай ол пайғамбар Шуғайбтың елі – Мәдиянға жетті. Бұл кезде ондағы қауым әйкәлықтар Аллаһ тағала тарабынан апатқа ұшыраған соң, олардың жұртына басқа халықтар қоныстанған-ды. Мәдиянда суат басында отырған кезінде қой, түйелерін айдап малшылар келді. Мәдиянның суаты қаланың сыртында адамдар мен малға арналған құдықтарды қоршай салынған бөлек-бөлек бірнеше науадан тұратын. Олар малын суару үшін құдықтан су тартып осы науаға құятын. Мұса сол жерде қойларын суатқа жібермей иіріп тұрған екі қызды көрді. Аллаһ тағала: «Мәдиян суына барған кезде ол жерде (мал) суарған бір қауым адамдарды көрді. Олардың арасынан (малын) қайырып тұрған екі әйелді көрді де: «Неге қарап тұрсыңдар?» – деді. Екеуі: «Біз малшылар қайтқанға дейін суара алмаймыз. Әкеміз болса қарт адам», – деді» (Қасас сүресі, 23 аят).
Қыздардың әкелері жасы келіп қалған қария – Шуғайб еді деген дерек бар. Қыздардың бұл жауабын естіген Мұса бірнеше кісінің жұмысын жалғыз өзі атқара жүріп, олардың қойларын суғарып берді. Бұл жұмыс үлкен күш қажет ететін. Мұса «ол екеуіне (малын) суарып берді де, (өзі ағаш) саясына бұрылып: «Раббым! Маған түсірген жақсылықтарыңа мұқтажбын» (Қасас сүресі, 24 аят), – деп Аллаһқа дұға қылды.
Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Мұса Мәдиянға барған кезінде, көп жаяу жүргендіктен, табанының терісі сыпырылып, орнына шор су жиналып, сүйелге айналған еді. Қарнының ашқаны сондай, іші-ішіне қабысып, тіпті аузынан ағаш жапырағының табы білінетін», – деген.
Мұсаның Аллаһқа қылған дұғасын әлгі қыздар естіп, үйіне барғанда болған мән-жайдың бәрін әкесіне түгел баяндайды. Шуғайб қыздарына жәрдемдескен адамға алғыс айтпақ болып оны шақыртуға қыздарының бірін жұмсады. Мұны Аллаһ тағала Құранда:
«Сонда екі әйелдің бірі оған ұялған түрде келді» (Қасас сүресі, 25 аят), – деп сипаттаған.
Қыз Мұсаға: «Әкем бізге мал суарып берген ақыңды беруге шақырады» (Қасас сүресі, 25 аят), – деп әкесінің сәлемдемесін жеткізді, Мұса шақыруды қабыл алып, онымен үйге қарай жүрмекке ыңғайланады. Бірақ қыз жігіттің алдына түсуге қысылды. Мұса мұны сезіп оған: «Сен менің соңымда жүре бер. Мен де шамалап жүріп отырамын. Егер басқа жолға түсіп бара жатсам, тас лақтырып ишара жасарсың», – деп жолға беттейді.
Мұсаның бұл сөзі пайғамбарлар әдебінің нышанын байқатады. Шуғайбтың осы қызы кейін Мұсаның әйелі болды.
Мұса қыздардың әкесі Шуғайбқа Мысырда болған бар жағдайды айтып береді.
«Ол (Шуғайбқа) келіп, уақиғаны әңгімелеп берген кезде, ол: «Қорықпа! Залым елден құтылыпсың» (Қасас сүресі, 25 аят), – деді. Әңгіме барысында екі қыздың бірі әкесіне:
«Әкетайым! Оны жалдап ал! Расында, жалданған адамдардың ең жақсысы – күштісі әрі сенімдісі» (Қасас сүресі, 26 аят), – деп ұсыныс тастады. Әкесі одан бұл жігіттің күшті әрі сенімді екенін қайдан білгенін сұрағанда, қызы оның мал суару барысында бірнеше кісі атқаратын жұмысты жалғыз өзі істегенін және осында келерде артына түспей, алдында жүргенін әңгімелеп берді.
Сахаба Абдуллаһ ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын): «Аса қырағы үш адам бар: әйеліне «Оны құрметте» деген Юсуфтың қожайыны, «Әкетайым! Оны жалдап ал! Расында, жалданған адамдардың ең жақсысы – күштісі әрі сенімдісі» деген Мұсаның әйелі және Омар ибн әл-Хаттабты (Аллаһ оған разы болсын) өзінен кейін халифалыққа тағайындаған Әбу Бәкір (Аллаһ оған разы болсын)», – деп айтқан.
Сонда Шуғайб бұл ұсынысты мақұл көріп Мұсаға:
«Маған сегіз жыл жалға жүруіңе қарымта ретінде мына екі қызымның бірін саған некелегім келеді. Егер он жылға толтырсаң, ол өз жаныңнан болады. Саған қиындық тудыруды қаламаймын. Аллаһ қаласа, мені ізгілерден табасың» (Қасас сүресі, 27 аят), – деп шарт қойды. Шуғайбтың бұл шартына келіскен Мұса: «Осы – мені мен сенің арамыздағы (келісім). Екі мезгілдің қайсысын өтесем де, маған қарсылық жоқ. Айтқанымызға Аллаһ Кепіл» (Қасас сүресі, 28 аят), – деп, оның қызының біріне үйленіп, қалыңмалы ретінде он жыл қойын бағып береді.
Мұсаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Мысырға қайтуы
Арада он жыл уақыт өтіп, Мұса енді Мысырға астыртын барсам болатын шығар деп анасын, туған жерін зиярат етуге жолға жиналады. Өзімен бірге әйелін және екі кішкентай балаларын ертеді. Сапар барысында олар адасып, түнгі салқында жаурай бастайды. Кенет қашықтан, тау беткейінен от көреді. Жылынуға жарар тамызық әкелуге, сол жаққа бармақ болып Мұса: «Тұра тұрыңдар. Бір от көрдім. Мүмкін сендерге бір шоқ әкелермін немесе от жақта бір жол сілтеуші табармын» (Таһа сүресі, 10 аят), – деп балалары мен әйелін сол жерде тастап кетті. Дәл осы жағдай басқа аятта: «Мұса мерзімді аяқтап, әйелімен жолға шыққанда, Тұр жақтан бір от көрді де, жұбайына: «Тұра тұрыңдар. Мен бір от көрдім. Мүмкін бір хабар немесе жылынуларың үшін оттан шоқ әкелермін», – деді» (Қасас сүресі, 29 аят), –делінген.
Отқа жақындап келгенде, Мұса ғажап көріністің куәсі болды. От тікенекті зәулім жасыл ағаштың ортасынан шығып тұр екен. Ол отқа жақын келгенде, оған тәңірлік үн келді. Бұл тек үн емес, Тәңір мен пенде арасындағы теңдессіз ұлы тілдесу еді. Бұл ұлы байланыс Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Миғраж түніндегі Аллаһпен тілдесуіне ұқсас. Құранда:
«Ол (отқа) барған сәтте: «Ей, Мұса! Рас, Мен – Раббыңмын. Кебісіңді шеш. Сен қасиетті Туа ойпатындасың. Сені таңдадым. Енді уахи етілгенді тыңда. Рас, Мен – Аллаһпын. Менен басқа құдай жоқ. Сондықтан маған құлшылық қыл. Сондай-ақ Мені еске алу үшін намазды толық орында. Әркім істегенінің қарымтасын алу үшін Мен мезгілін құпия еткен Қиямет анық келеді. Ендеше, сені Қияметке сенбей, көңілдерінің ауғанына ергендер (Қияметке сенуден) тоспасын. Онда құрисың», – деп дыбысталды» (Таһа сүресі, 11-16 аяттар), – делінген.
Сонымен қатар бұл көрініс Құранда:
«Ол жерге келген сәтте, қасиетті жердегі ойпаттың оң жағындағы ағаштың жанынан: «Ей, Мұса! Рас, Мен – әлемдердің Раббысы Аллаһпын», – деп дыбысталды» (Қасас сүресі, 30 аят), – деп сипатталған.
Аллаһ тағала пайғамбарымен тікелей тілдесіп одан:
«Ей, Мұса! Оң қолыңдағы не нәрсе?» (Таһа сүресі, 17 аят) – деп сұрады. Әлбетте, Аллаһ тағала оның не нәрсе екенін жақсы білетін еді. Мұса: «Ол – асатаяғым. Оған таянамын. Онымен қойларыма жапырақ қағып беремін әрі онда басқа да қажеттіліктерім бар», – деп жауап берді. Аллаһ тағала: «Ей, Мұса! Оны таста», – деді. Ол (таяқты) тастады. Сонда ол жылан болып жорғалады» (Таһа сүресі, 19-20 аяттар).
Бұл жайт Құранның басқа бір аятында: «Таяғыңды таста!» Сонда оны ирелеңдеген жылан көріп, бұрылып артына қарамай қашты. «Ей, Мұса! Бері кел, қорықпа! Шынында, сен қатерсіздерденсің!» – (дедік)» (Қасас сүресі, 31 аят), – деп баяндалған.
Яғни, таяғы ирелеңдеген алып жыланға айналып, жорғалай бастағанын көрген Мұса зәре-құты қалмай қорқып кеткен-ді.
Сонда оған Аллаһ тағала: «Оны ұста, қорықпа! Оны әуелгі қалпына қайтарамыз» (Таһа сүресі, 21 аят), – деп тіл қатты.
Осылай Аллаһ тағала Мұсаға әлгі алып жыланды қолымен ұстауды бұйырды. Үлкендігінен үрейленген Мұса жүрексіне оның құйрығынан ұстайды. Жылан қайтадан асатаяққа айналып, қалпына келді.
Аллаһ пен пайғамбардың арасындағы тілдесу Жаратушының:
«Қолыңды қойныңа тық! Аппақ кемшіліксіз басқа бір мұғжиза болып шықсын» (Таһа сүресі, 22 аят), – деп бұйыруымен жалғасын тапты.
Басқа бір аятта бұл жайлы: «Қолыңды қойныңа тық.
Зарарсыз аппақ болып шығады. Қорқыныштан салбыраған қолыңды жи! Бұл екеуі – перғауын мен оның адамдарына Раббыңның екі бірдей дәлелі. Өйткені олар – бұзақы ел» (Қасас сүресі, 32 аят), – делінген.
Аллаһ тағаланың бұйыруымен Мұса қолын қойнына тығып шығарған еді, қолы көз қарықтырар жарық шашты. Мұнан кейін Аллаһ тағала: «(Бұл) саған ұлы мұғжизаларымызды көрсету үшін (еді). Енді перғауынға бар. Өйткені ол шектен шыққан» (Таһа сүресі, 23-24 аяттар), – деп міндет жүктеді.
Мұса Аллаһ тағаланың бұйрығына мүлтіксіз бойсұнып:
«Раббым! Көңілімді кеңейткейсің. Ісімді оңайластырғайсың! Тілімнің тұтықпасын шеше көр. Олар сөзімді түсінсін!» (Таһа сүресі, 25-28 аяттар) – деп тілек айтты.
Шын мәнінде, Мұса тілінің мүкісі болғандықтан, сөйлегенде тұтығып қалатын. Оның тілегі қабыл болып, тілінің мүкісі адамдарға дағуат жасағанда жазылатын да, ал басқа кезде тұтығатын қалпына қайта түсетін.
Мұса Аллаһ тағалаға тағы да: «Маған отбасымнан туысым Һарунды көмекші ет. Ол арқылы арқамды күшейт! Сені көп дәріптеп, Өзіңді көп еске алуымыз үшін оны істеріме ортақ қыл. Күдіксіз, Сен – бізді Көрушісің» (Таһа сүресі, 29-35 аяттар), – деп өтініш білдірді.
Басқа бір аятта Мұсаның Аллаһқа айтқан бұл өтініші:
«Раббым! Расында, олардан кісі өлтірдім. Сондықтан олардың мені өлтіруінен қорқамын. Туысым Һарун тілде менен жатығырақ. Сондықтан оны менімен бірге көмекші етіп жібер, ол мені растасын. Өйткені олардың жалғанға шығаруларынан қорқамын» (Қасас сүресі, 33-34 аяттар), – деп баяндалады.
Мұсаның бұл тілегі де қабылданып, Аллаһ тағала:
«Ей, Мұса! Сенің тілегенің берілді», – деді» (Таһа сүресі, 36 аят). Сөйтіп, Һарун да оның шапағатымен пайғамбар болды. Мүміндердің анасы Айша (Аллаһ оған разы болсын) мұның тарихтағы ең ұлы шапағат екенін айтқан. Бірде: «Қай туыс ағайынына аса игі жақсылық жасаған?» – деп сұрақ қойғанда, Айша (Аллаһ оған разы болсын): «Ол Мұса ибн Имран, туысы Һарунға шапағатшы болған кезде», – деген (Ибн Кәсир).
Сосын Аллаһ тағала Мұсаға бұған дейін көрсеткен игіліктерін есіне салып:
«Негізінде, саған басқа да бір рет игілік еткен едік. Сол уақытта анаңның көкейіне: «Оны сандыққа салып, дарияға тастап жібер. Дария жағаға шығарып, оны өзіне де, Маған да дұшпан біреу тауып алсын» деген ой салдық. Сөйтіп, саған көз алдымызда бағылуың үшін Өз тарабымнан махаббат салдым. Сол уақытта әпкең барып: «Сендерге оны бағатын біреуді көрсетейін бе?» – деді. Сонда сені көзайым болып қайғырмауы үшін анаңа қайтардық. Сондай-ақ кісі өлтірдің. Сонда сені ол қайғыдан құтқарып, сынаулармен сынадық. Сондай-ақ жылдар бойы Мәдиян елінде тұрдың. Сосын белгілі мерзімде қайтып келдің, ей, Мұса! Сені Өзіме арнадым» (Таһа сүресі, 37-41 аяттар), – деді.
Мұсаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) перғауынға жасаған дағуаты
Мұса отбасымен Мысырға жетіп, анасымен көрісіп, мауқын басқан соң, Һарунды ертіп алды. Аллаһ тағала: «Өзің мен туысың екеуің мұғжизаларымды апарыңдар. Мені еске алуда селқостық танытпаңдар. Екеуің перғауынға барыңдар. Өйткені ол шектен шыққан. Оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе қорқар» (Таһа сүресі, 42-44 аяттар), – деді.
Сөйтіп, ол екеуі перғауын сарайына келеді. Сарайға келіп есік қаққанмен, күзетшілер ішке кіргізе қоймады. Мұса күзетшілерге: «Мен – елшімін», – дейді. Әдетте перғауынға жер-жердің патшаларынан елшілер жиі келетін. Күзетшілер Мұсаны сол елшілердің бірі екен деп ойлап, перғауынның алдына кіргізеді.
Мұса перғауынға: «Біз – бүкіл әлемдер Раббысының елшісіміз» (Шуғара сүресі, 16 аят), – деді. Алдына келген Мұсаны перғауын шырамытқандай болды. Мұса талабын айқындап: «Исраил ұрпақтарын бізбен бірге жібер!» (Шуғара сүресі, 17 аят) – деді. Сонда барып перғауын Мұсаны жазбай танып: «Сен Мұса емессің бе?» – дейді. Мұса: «Иә», – деп жауап береді. Перғауын оған зілдене: «Сені бала қып асырамадық па? Өміріңнен неше жыл арамызда болдың. (Сөйтіп жүріп) істеріңді істеп кеттің. Сен қарсы келушілерденсің» (Шуғара сүресі, 18-19 аяттар), – деп жазғырды. Мұса: «Мен ол істі істеген кезде қателескен едім. Сондықтан сендерден қорқып, қаштым. Ақыры Раббым маған хикмет беріп, пайғамбарлардан қылды. Сенің Исраил ұрпақтарын құл етіп, маған міндетсінген қайырың осы» (Шуғара сүресі, 20-22 аяттар), – деді. Перғауын одан әрі тәкаппарлана: «Әлемдердің Раббы деген не тәйірі?» (Шуғара сүресі, 21 аят) – деді. Мұса: «Егер анық сенетін болсаңдар, Ол – жер-көктердің әрі екі арасындағылардың Раббы» (Шуғара сүресі, 24 аят), – деп жауап берді. «Перғауын маңайындағыларға: «Естімей отырмысыңдар?» (Шуғара сүресі, 25 аят) – деді. Мұса сөзін жалғап: «Ол – сендердің де Раббыларың, бұрынғы ата-бабаларыңның да Раббы» (Шуғара сүресі, 26 аят), – деді.
Перғауын:
«Нақ осы сендерге жіберілген пайғамбар мүлде жынды» (Шуғара сүресі, 27 аят), – дегенде, Мұса: «Егер түсінер болсаңдар, Ол – шығыс пен батыстың және екі арасындағылардың Раббы» (Шуғара сүресі, 28 аят), – деп тіл қатты.
Осылайша, Мұса перғауынның санасына сыймайтын нәрселерді айта бастады. Ал перғауын өзін тәңірмін деп санайтын. Мұсаның айтқан дәйекті сөздерінен абыройына нұқсан келуінен қауіптеніп оған:
«Егер менен басқаны тәңір етіп алсаң, сөзсіз, сені түрмеге саламын» (Шуғара сүресі, 29 аят), – деді.
Перғауынның қоқан-лоққысына Мұса:
«Егер саған анық дәлел келтірсем де ме?» (Шуғара сүресі, 30 аят) – деп сұрақ қойды. Перғауын қасарыса: «Ал шын айтушылардан болсаң, әкел оны» (Шуғара сүресі, 31 аят), – деді.
Перғауынға жасалған дағуат: «Екеуің барып: «Біз – Раббыңның саған жіберген елшісіміз. Енді Исраил ұрпақтарын бізбен бірге жібер. Оларды қинама, саған Раббыңның мұғжизасымен келдік. Тура жолдағыларға сәлем болсын. (Бізді) жалғанға шығарып, бет бұрғандарға азап болары уахи етілді», – деңдер» (Таһа сүресі, 47-48 аяттар), – деп көрсетілген.
Мұсаның бұл сөздеріне перғауын нанбай: «Ей, Мұса! Раббыларың кім?» (Таһа сүресі, 49 аят) – дейді. Сонда пайғамбар: «Раббымыз әр нәрсеге бейне беріп, сосын оны тура жолға салған», (Таһа сүресі, 50 аят) – деді. Перғауын оны әжуалай: «Ал сонда бұрынғы дәуірдегілердің жағдайы қандай?» (Таһа сүресі, 51 аят) – деп сұрады. Оның бұл мысқылына Мұса:
«Олардың мәліметі Раббымның қасындағы Кітапта бар. Раббым жаңылмайды әрі ұмытпайды» (Таһа сүресі, 52 аят), – деп жауап берді.
Енді бар мәселе мұғжиза көрсетуге келіп тірелді. Олар:
«Кереметіңді көрсет!» – дегенде, «ол таяғын тастады да, сонда ол көпе-көрнеу жылан болды және қолын шығарды. Ол қараушыларға аппақ көрінді» (Шуғара сүресі, 32-33 аяттар). Перғауын мен оның адамдары теңдессіз мұғжизаның куәсі болды. Десе де, перғауын өзінің беделіне нұқсан келуден, адамдар арасында өзіне қарсы бүлік тууынан қауіптеніп:
«Ей, Мұса! Сиқырың арқылы бізді жерімізден шығару үшін келдің бе? Әрине, біз де сол тәрізді сиқыр әкелеміз. Ендеше, бізбен өз араңда бір уәделі жер белгіле. Біз де, сен де айнымайтын бір ыңғайлы орын болсын» (Таһа сүресі, 57-58 аяттар), – деді. Мұса: «Уәделі уақыттарың мереке күнгі ел жиылатын сәске болсын» (Таһа сүресі, 59 аят), – деп шарт қойды.
Мұса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) мен сиқыршылар
Осылай шешім қабылдап, перғауынның сиқыршылары мен Мұса бәсекеге түсетін болды. Бір хабарда Мұсаға қарсы сайысқа қырық сиқыршы қатысты делінген. Бұл сиқыршыларды кішкентайынан перғауын өзі таңдап алып, үлкен сиқыршылардың қолдарына күштеп тапсырған-ды. Сайыс алдында «Мұса оларға (сиқыршыларға): «Құрып-ақ қалыңдар! Аллаһқа өтірік жала жапсырмаңдар. Онда сендерді азаппен жоқ етеді. Расында, кім жала жапсырса, мүлде зиянға ұшырайды», – деді. Олар өзара дауласып, жасырын кеңесті» (Таһа сүресі, 61-62 аяттар). Кеңесе отырып сиқыршылар: «Біздің бұл ісіміз шайтанның ісі екендігі өздеріңе белгілі. Бәсекелесіміз шынымен пайғамбар болса қайтеміз?» – деп отырып қалды. Әйтсе де есекдәмеге беріліп, бәрі жиылып перғауынның алдына келді. «Сиқыршылар келіп перғауынға: «Егер жеңсек, бізге сыйлық бар емес пе?» – деді» (Шуғара сүресі, 41 аят). Перғауын оларға: «Иә, рас. Сендер онда (маған) жақындардан боласыңдар» (Шуғара сүресі, 42 аят), – деді. Перғауынның сөзінен кейін сиқыршылар жұрт алдына шығып, Мұса мен Һарунды нұсқап: «Бұл екеуі сиқыршы, сиқырлары арқылы сендерді жерлеріңнен шығаруды, ардақты діндеріңді жоюды қалайды» (Таһа сүресі, 63 аят), – деді.
Сонан соң олар өзара бас қосып, бір-біріне: «Барлық сиқырларыңды жинап, сосын қатарланып келіңдер. Расында, бүгін кім үстем болса, сол мұратқа жетеді» (Таһа сүресі, 64 аят), – десті.
Сөйтіп, сиқыршылар жаппай, біртұтас күйде Мұсаға қарсы келді. Жұрт тамашалап тұр. Бәсекеге шыққан олар: «Ей, Мұса! Не сен асаңды таста немесе біз бұрын тастайық» (Таһа сүресі, 65 аят), – деп дауыстады.
Сол мезет Аллаһ тағаладан Мұсаға «Әуелі олар тастасын» деген уахи келді. Мұса: «Жоқ, сендер тастаңдар», – деді. Сол сәтте олардың тастаған жіптері мен таяқтары сиқырларының салдарынан оған (Мұсаға) жорғалаған жылан боп көрінді» (Таһа сүресі, 66 аят).
Яғни сиқыршылар қолдарындағы таяқтары мен арқан, жіптерін лақтырғанда, олар ирелеңдеп, жорғалай бастады. Тіпті сиқыр Мұсаға әсер етіп, көзі байланып оларды жылан кейпінде көрді.
Басқа аятта: «Олар адамдардың көздерін сиқырлап, оларды қорқытты. Сондай-ақ үлкен бір сиқыр келтірді» (Ағраф сүресі, 116 аят), – деп айтылған.
Тамашалап тұрған адамдардың барлығын үрей билеп, олар қорқа бастады. Мұсаның өзі де секем алып қалды. «Мұса көңілінде бір қобалжу сезді» (Таһа сүресі, 67 аят). Сол кезде Аллаһ тағала Мұсаға:
«Қорықпа! Сен үстем боласың. Оң қолыңдағыны таста! Олардың жасағандарын жалмасын. Шынында, олардың жасағандары сиқыршының айласы ғана. Сиқыршы қайда барса да, құтылмайды» (Таһа сүресі, 68-69 аяттар), – деп уахи етті. Мұса асатаяғын жерге тастағаны сол еді, ол үлкен жыланға айналып, әлгі сиқыршылардың ирелеңдегендерін жұта бастады. Мұның сиқыр емес, теңдесі жоқ нағыз мұғжиза екендігіне көздері жеткен «бүкіл сиқыршылар сәждеге жығылып: «Мұса мен Һарунның Раббысына иман келтірдік» (Таһа сүресі, 70 аят), – деді.
Тәңірлік кереметке дүйім жұрттың алдында бас ұрған сиқыршыларына перғауын қаһарланып:
«Мен сендерге рұқсат беруден бұрын иман келтірдіңдер ме? Әрине, ол сендерге сиқыр үйреткен үлкендерің екен. Енді қол-аяқтарыңды айқаштап кесемін және сендерді құрманың бұтақтарына асамын. Сөйтіп, қайсымыздың азабы қатты да тұрақты екенін жақсы білесіңдер» (Таһа сүресі, 71 аят), – деді. Сиқыршылар перғауынға: «Бізге келген ашық мұғжизалардан, сондай-ақ бізді Жаратқаннан сені артық көре алмаймыз. Шығарар үкіміңді шығар. Бар болғаны сен осы дүниеде ғана ықпал жүргізе аласың. Күдіксіз, біз қателіктерімізбен сен зорлаған сиқырымызды кешіруі үшін Раббымызға иман келтірдік. Сондай-ақ Аллаһтың (берері) қайырлы әрі тұрақты» (Таһа сүресі, 72-73 аяттар), – деп қарсы тұрды.
Сиқыршылардың ақиқатты мойындап, иман келтіргеніне ашуланған перғауын оларды түгелдей өлтіруге бұйрық береді. Бұл сиқыршылар «жүгіріп келген кісіден» кейін мысырлықтардан алғаш иман келтірген адамдар еді. Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Перғауынның қауымынан сиқыршылармен бірге үш-ақ адам иман келтірді. Олар: перғауынның әйелі Әсия, жүгіріп келген кісі және перғауынның отбасынан иманын жасырын ұстаған бір кісі», – деген.
Тамашалап тұрған көпшілік ақиқатқа көздері жетіп мойындағандарымен, перғауынның қаһарынан қорқып иман келтірмеді.
Азаптың күшеюі
Перғауын өз адамдарын жинап, не істеу керектігі жөнінде ақылдасты. Сонда «перғауын елінің дөкейлері: «Мұса мен елін жер жүзінде бүліншілік қылып, өзің мен тәңірлеріңді тастауға қоя бересің бе?» – деді» (Ағраф сүресі, 127 аят) және олардың бірі перғауынға: «Сен исраилдіктерге азабыңды күшейт», – деп кеңес берді. Перғауын дәл осыған әмір етіп: «Еркектерін өлтіреміз де, әйелдерін тірі қалдырамыз. Әрине, біз оларға өктембіз», – деді» (Ағраф сүресі, 127 аят). Аллаһ тағала бұл жайында: «Оларға жанымыздан шындық келтірген кезде: «Онымен бірге иман келтіргендердің ұлдарын өлтіріңдер де, әйелдерін тірі қойыңдар», – деді. Бірақ кәпірлердің қулығы мүлде зая болады» (Ғафир сүресі, 25 аят), – деді.
Сөйтіп, исраилдіктердің басына қайтадан ауыр азап төнді. Перғауын Мұсаны әжуалап қасындағыларға: «Мені қоя беріңдер, Мұсаны өлтірейін. Ол Раббысын шақырсын. Расында, мен оның діндеріңді өзгертуінен немесе жер жүзінде бір бұзақылық істеуінен қорқамын» (Ғафир сүресі, 26 аят), – дейді. Перғауынның бұл сөздерін естіген Мұса: «Мен есеп күніне сенбеген әрбір тәкаппардан өзімнің Раббым және сендердің де Раббыларыңнан пана сұрадым» (Ғафир сүресі, 27 аят), – деп жәрдем тілеп, дұға қылды.
«Сонда перғауынның адамдарынан сенімін жасырып жүрген бір мүмін кісі (сөзге араласып): «Кісіні «Раббым – Аллаһ» дегені үшін өлтіресіңдер ме? Расында, ол сендерге Раббыларыңнан мұғжизалармен келді. Егер өтірікші болса, өтірігі өзіне, ал егер рас айтушы болса, сендерді қорқытқан (апаттардың) кейбірі бастарыңа келер. Расында, Аллаһ шектен шыққан суайт біреуді тура жолға салмайды. Ей, елім! Бүгін патшалық сендердікі. Бұл жерде (Аллаһтан өзгеге) үстемсіңдер. Ал егер Аллаһтың апаты келсе, одан бізді кім қорғайды?» – деді. Перғауын: «Мен сендерге өз ойымды ғана білдіремін. Сондай-ақ сендерді тура жолға бастаймын», – деді. Иман келтірген кісі: «Ей, елім! Расында, мен сендерге (бұрынғы өткен) топтардың күні сияқты күн (келуі)нен қорқамын. Нұх елінің, ад, самуд және олардан кейінгілердің ғұрпы сияқты. Аллаһ құлдарына зұлымдық қаламайды. Ей, елім! Расында, мен сендерге келер жанұшыру күнінен қорқамын. Сол күні арттарыңа бұрылып қашасыңдар. Сендерді Аллаһтан қорғаушы болмайды. Аллаһ кімді адастырса, оған тура жол көрсетуші жоқ» (Ғафир сүресі, 28-33 аяттар), – деп перғауын мен елін ақиқатқа шақырып, Аллаһқа ғибадат етуді, Оның пайғамбарларына қарсы келмеуді ескертеді. Бірақ мүлдем шектен шыққан «Перғауын: «Ей, Һаман! Маған бір мұнара жаса. Бәлкім, жолдарға жетермін. Көктердің жолдарына жетіп, Мұсаның тәңірін байқайын. Расында, мен оны өтірікші деп ойлаймын», – деді. Осылайша, перғауынға жаман істері көркем көрсетіліп, жолдан тосылды. Перғауынның тәсілі тек зая болар» (Ғафир сүресі, 36-37 аяттар). Үгітін одан әрі жалғастырған «иман келтірген кісі: «Ей, елім! Маған ілесіңдер. Сендерді тура жолға бастаймын. Ей, елім! Шын мәнінде, бұл дүние тіршілігі уақытша пайдалану ғана. Сөзсіз, Ақырет, ол – тұрақты мекен. Әлдекім бір жамандық істесе, соның өзіндей ғана жаза көреді. Ал енді қайсыбір ер-әйел мүмін күйде ізгі амал істесе, міне, солар жаннатқа кіреді. Сондай-ақ олар онда есепсіз ризыққа бөленеді. Ей, елім! Маған не бопты? Мен сендерді құтылуға шақырамын, ал сендер мені тозаққа шақырасыңдар. Әрі мені Аллаһқа қарсы болуға және білмеген нәрсемді Оған ортақ қосуға үндейсіңдер. Мен өздеріңді аса Үстем, өте Кешірімді (Аллаһқа) шақырамын. Күдік жоқ, шын мәнінде, мені шақырған нәрселерің дүниеде де, ақыретте де шақыруға лайық емес. Сөзсіз, бәріміздің қайтар жеріміз – Аллаһ жақ. Расында, шектен шығушылар, олар – тозақтық. Таяуда менің не айтқанымды түсінесіңдер. Мен ісімді Аллаһқа тапсырамын. Күдіксіз, Аллаһ – құлдарын толық Көруші», – деді» (Ғафир сүресі, 38-44 аяттар).
Осы сөздері үшін перғауын оған зұлымдық жасағысы келгенімен, «Аллаһ оны олардың ойлаған сұмдықтарынан қорғады» (Ғафир сүресі, 45 аят).
Мұсаға тек исраилдіктер ғана иман келтірді. Ал жергілікті мысырлықтардан «Мұсаға, перғауын мен әкімқараларының өздеріне тигізер кесірінен қорқып, елінен бір топ қана иман келтірді. Расында, перғауын ол жерде өктем болатын. Сондай-ақ ол шектен шығушылардан еді» (Юнус сүресі, 83 аят). Исраилдіктердің басына қасірет төніп, перғауынның азабына ұшырап жатты. Мұса оларды: «Ей, елім! Егер Аллаһқа иман келтірген болсаңдар, сондай-ақ мұсылман болсаңдар, онда Аллаһқа тәуекел қылыңдар» (Юнус сүресі, 84 аят), – деп сабырлыққа шақырды.
Сонда олар Мұсаға: «Сен бізге келуден бұрын және бізге келгеннен кейін де азапқа ұшырадық» (Ағраф сүресі, 129 аят), – деген болатын.
Бірақ кейіннен кешірім өтініп Аллаһқа: «Біз Аллаһқа тәуекел қылдық. Раббымыз, бізді залым елмен сынама. Сондай-ақ бізді мейіріміңмен кәпір қауымнан құтқара гөр!» (Юнус сүресі, 85-86 аяттар) – деп жалбарынды.
Мұғжизалар
Перғауынның Исраил ұрпақтарына деген азабы күннен-күнге күшейе түскен соң, бір күні Мұса Аллаһқа: «Раббымыз! Расында, Сен перғауын мен оның әкімқараларына жолыңнан адастырулары үшін дүние тіршілігінде зейнет пен мал-дүниелер бердің бе? Малын жоқ ет, жүректерін қатайт! Жантүршігерлік азапты көргенге дейін олар иман келтірмейді» (Юнус сүресі, 88 аят), – деп дұға қылады. Осы дұғадан кейін Аллаһ тағала Мұсаға: «Екеулеріңнің тілектерің қабылданды. Ендеше, тура жолда болыңдар да, білмейтіндердің жолына ермеңдер» (Юнус сүресі, 89 аят), – деп перғауын қауымына үлкен зұлмат жіберді. Бұл зұлмат, тарихшылардың сипаттауынша, перғауындықтардың мал-мүліктері, дүниелері, астықтары мен азық-түліктері, жұмыртқа, бұршақтарына дейін тасқа айналып кеткен. Перғауын сонда да қаһарынан қайтпай, Исраил ұрпақтарына зорлық-зомбылығын одан да бетер күшейте түсті. Бұл қиыншылықтарға олар шыдамсыздық танытып кейде: «Сен бізге келуден бұрын да және бізге келгеннен кейін де азапқа ұшырадық» (Ағраф сүресі, 129 аят), – дейтін.
Мұса оларды бұл сөздерінен қайтарып: «Раббыларың дұшпандарыңды жойып, орнына сендерді ол жерге орналастыруы мүмкін. Бірақ сендердің де қалай істейтіндеріңе қарайды» (Ағраф сүресі, 129 аят), – деп ескертетін.
Исраилдіктерге көрсеткен зұлымдықтарына қарымта ретінде Мысыр еліне Аллаһ тағала түрлі бақытсыздықтар жібере бастады. Перғауын мемлекетіне зұлмат бірінің артынан бірі жалғасып келіп жатты. «Шынында, перғауын елін жылдар бойы қолға алдық» (Ағраф сүресі, 130 аят).
Мысырда құрғақшылық белең алып, жер сортаңға айналды, аспаннан бір тамшы тамбай, Ніл өзені тартылып, елді аштық жайлады. Перғауын мұның бәрі Мұсадан келіп жатқанын біліп, оны шақырып алып: «Раббыңнан бізді бұл құрғақшылықтан құтқаруды сұрап дұға қылсаң, мен де исраилдіктерді азаптауымды доғарамын», – дейді. Мұса оның бұл ұсынысына келісіп, Аллаһ тағалаға дұға қылады және дұғасы қабыл болып, Ніл өзені суға толып, көктен жаңбыр жауды. Бірақ перғауын уәдесінен тайып, Исраил ұрпақтарын қайта азаптай бастады. Оның мұнысы үшін Құдірет Иесі оларға басқа бір тараптан бақытсыздық жіберді. Келесі зұлмат «жемістерін кеміту» (Ағраф сүресі, 130 аят) еді. Жемістер өнім бермей, қуарып, құрма, жүзімдер бір түйір де салмай қойды. Бұл жолы да перғауын Мұсаны шақырып, егер бұл пәледен құтылуға араша түсіп, Аллаһқа дұға қылса, Исраил ұрпақтарына соқтықпайтынын айтып уәде берді. Мұса тағы да Аллаһқа дұға қылған соң, жемістер өнім бере бастады. Бірақ перғауын уәдесінен тағы да айнып кетеді. Перғауындықтардың ондай жанкештілігін Құран: «Қашан оларға бір жақсылық келсе: «Бұл бізге тиесілі», – деп, ал бір жамандық жетсе, Мұса және онымен бірге болған кісілерді ырымдайды. Олардың сәтсіздіктері Аллаһ тарабынан емес пе?» (Ағраф сүресі, 131 аят) – деп сипаттайды.
Осыдан кейін барып Аллаһтың мұғжизалары бой көрсете бастады. «Оларға ашық мұғжизалар түрінде; топан су, шегіртке, бит, бақа және қан жібердік» (Ағраф сүресі, 133 аят).
Перғауын тәубеге келу үшін Аллаһ тағала тоғыз түрлі мұғжиза жіберген-ді:
– Асатаяқтың жыланға айналуы;
– Қолдың қойыннан шыққанда аппақ болып жарқырауы;
– Құрғақшылық жылдар;
– Жеміс ағаштарының өнім бермеуі;
Бұл мұғжизаларға, жоғарыдағы «Ағраф» сүресінің 133-аятында айтылған бес зұлматты – топан су, шегіртке, бит, бақа және қанды қосқанда барлығы тоғыз болады.
Бірінен соң бірі келген осы соңғы бес мұғжизаның алғашқысы – топан су. Ніл өзені арнасынан тасып, мысырлықтардың үйін су алып, сел басады. Ең кереметі селден келген ағын су исраилдіктердің үйіне, ауласына кірмейді. Мысырлықтар бұл құбылысқа қатты таңырқайды.
Екіншісі: шегіртке. Мысырлықтардың егіс алқаптарын шегіртке басып, құртып жібереді. Әйтсе де исраилдіктерге шегірткелер ешбір зиянын тигізбейді.
Үшіншісі: бит. Мысырлықтарды бит басып, жаппай қолайсыздыққа ұшырады. Тіпті бастарында, төсек орындарында бит өріп жүретін халге жетті. Бірақ мұндай зұлматтан исраилдіктер дін аман болды.
Төртіншісі: құрбақа. Мысырлықтардың үйін, ауласын, тіпті ыдыс-аяқтарына дейін құрбақа басып кетті. Ал Исраил ұрпақтарын тағы да Аллаһ тағала бұл пәледен аман сақтады. Бұл жазаның әрбірінде перғауын әдеттегі жалған уәдесін беріп, Мұсаға дұға қылдыратын да, пәледен құтылған соң уәдесінен тайып шыға келетін. Бұл жағдайды Аллаһ тағала:
«Оларға ашық мұғжизалар түрінде топан су, шегіртке, бит, бақа және қан жібердік. Сонда да олар менменсіген әрі күнәһар бір қауым болды. Оларға азап келген кезде: «Ей, Мұса! Раббыңа өзіңе берген уәдесі бойынша дұға қыл. Егер бізден азабын айықтырсаң, өзіңе сенеміз де, Исраил ұрпақтарын сенімен бірге қоя береміз», – дейді. Қашан олардан белгілі бір мерзімге дейін азапты әкетсек, сол уақытта олар айнып шыға келеді» (Ағраф сүресі, 133-135 аяттар), – деген.
Ең соңғы, перғауынды берілуге мәжбүрлеген мұғжиза қан еді. Қайсыбір мысырлық өзеннен немесе құдықтан су алса, олардың сулары қанға айналатын. Ал сол жерден кез келген бір исраилдік келіп алса, ештеңе болмағандай су қалпында қалатын. Мысырлықтардың кейбірі енді исраилдіктерден су сұрай бастады. Жаны ашып, исраилдік мысырлыққа суынан құйып берсе, ол сол замат қанға айналатын. Мысырлықтарға осы қан арқылы болған зұлмат ауыр тиген соң, тағы да Мұсадан дұға қылып құтқаруын өтінді. Мұның есесіне исраилдіктердің қаладан шығып кетуіне рұқсат беретіндіктерін айтты. Мұса қайтадан дұға қылып, мысырлықтар бұл пәлекеттен де құтылды. Сонда Аллаһ тағала Мұса мен туысына: «Екеуің Мысырда елдерің үшін үйлер дайындаңдар» (Юнус сүресі, 87 аят), – деп уахи етті.
Бұл уахидің астарында Мысырда орналасқан исраилдіктердің үйлерінің әрқайсысына белгі салу меңзелген. Бұл белгі олардың бір түнде жиналып қаладан қашып шығып кетуіне септігін тигізеді. Өйткені белгі арқылы түнде исраилдіктің үйі қиындықсыз ажыратылды. Аллаһ тағала сондай-ақ: «Үйлеріңді құбыла қылып, намаз оқыңдар және де мүміндерді сүйіншіле» (Юнус сүресі, 87 аят), – деп бұйырды.
Мысырды тастап шығу
Аллаһ тағала Мұсаға: «Құлдарымды түнделетіп алып кет» (Таһа сүресі, 77 аят), – деп бұйырды. Осы сәтті пайдаланып, исраилдіктер бір түнде бір-бірінің есігін қағып, перғауын айнып қалмай тұрғанда, қаладан шығып кетуге жиналды. Сөйтіп, шамамен алты жүз мың исраилдік бала-шағасын ертіп, мал-мүліктерін алып, ың-шыңсыз түн ортасында Палестинаны бетке ұстап қаладан шығып кетеді. Перғауынның Исраил ұрпақтарын қолынан шығарғысы келмегенінің себебі, оларды әйел, балаларына дейін құлдық қызметке пайдаланатын. Әсіресе еркектерін құрылыс жұмыстарына жегетін.
Таң ата перғауын қаладан исраилдіктердің кетіп қалғандығын біліп, уәдесінен тағы да айныды. Сөйтіп, ол әскер жасақтап, олардың соңдарынан қуды. Аллаһ тағала:
«(Перғауындықтарды) бау-бақшаларынан, бұлақтарынан, қазыналары мен салтанатты мекендерінен шығардық. Осылайша, оларға Исраил ұрпақтарын мұрагер қылдық. Сонда олар (исраилдіктерді) күн шыға қуды» (Шуғара сүресі, 57-60 аятттар), – деген.
Осы аралықта Мұса мен исраилдіктер Қызыл теңіздің қос қапталының біріндегі Хулзум теңізіне жеткен-ді. Арттарына қарап перғауын әскерінің қуып келе жатқанын көреді. «Екі топ бірін-бірі көрген сәтте Мұсаның жолдастары: «Сөз жоқ, қолға түстік», – деді. (Мұса): «Әсте олай емес, шынында, Раббым бізбен бірге. Ол маған жол көрсетеді», – деді» (Шуғара сүресі, 61-62 аяттар). Теңізге таяғанда әскер өкшелеп жетіп те қалған-ды. Сол кезде Аллаһ тағаладан Мұсаға уахи жетті: «Таяғыңмен теңізді ұр!» – деп уахи еттік. Сонда (теңіз) жарылып, әр бөлігі асқар таудай болды» (Шуғара сүресі, 63 аят). Мұса Аллаһтың әмірі бойынша асатаяғымен бір ұрғанда, теңіз қақ жарылды да, су екі бетке тау сияқты жиналып, алдарынан жол ашылып, қарсы бетке өтуге мүмкіндік туды. Бұл жайт басқа бір аятта:
«Оларға теңізден құрғақ жол аш. (Перғауындықтардың) қуып жетулерінен үрейленбе және қорықпа!» (Таһа сүресі, 77 аят) – делінген.
Теңіз жағасына келіп жеткен перғауын мен әскері ол арқылы ашылған жолды көрді. Бірақ оған түсіп кетіп бара жатқан исраилдіктердің соңына түсуге жүрексінді. Кенет Аллаһ тағала перғауынның атын теңіз жолына қарғытып түсіріп жіберді. Оның артынан бүкіл әскері түсті. Сонда Исраил қауымының ең соңғы адамы теңізден шығып, перғауын әскері түгелдей түскені сол еді, екіге бөлініп тұрған теңіз қайта қосылып, «оларды қуған перғауын мен оның әскерлерін теңіз басып, ішіне алды» (Таһа сүресі, 78 аят).
Перғауынның өлер сәтін Аллаһ тағала:
«Исраил ұрпақтарын теңізден өткіздік. Сонда перғауын мен оның әскерлері жауыздық пен дұшпандық көрсетіп оларды қуды. Ақыры (перғауын) суға батар сәтте: «Исраил ұрпақтары иман келтірген Тәңірден басқа тәңір жоқтығына иман келтірдім. Мен де бойсұнушылардан болдым», – деді» (Юнус сүресі, 90 аят), – деп баяндаған.
Жан алқымға келген кездегі тәубе қабыл болмайды. Перғауынның бұл сөзіне жауап ретінде Аллаһ тағала: «Енді ғана сендің бе? Расында, сен бұрын қарсы келген бұзақылардан болғансың. Сенен кейінгіге үлгі болуы үшін денеңді құтқарамыз. Расында, адамдардың көбі аяттарымыздан хабарсыз» (Юнус сүресі, 91-92 аяттар), – деді.
Аллаһ тағала кейінгі ұрпаққа сабақ болу үшін перғауынның денесін ақыретке дейін сақтайтындығын айтқан. Расында да, оның денесі Оксфорд университетіндегі мұражайда әлі күнге дейін сақтаулы тұр.
Перғауынның суға батқан күні Ашура күні деп аталады. Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде, яһудилер Ашура күні ораза ұстайтын еді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына ораза ұстайтын күндерің не?» – деп сұрады. «Бұл – Мұса Перғауынға үстем болған күн», – деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Олардан (яһудилерден) гөрі Мұсаға сендер құқылысыңдар, ораза ұстаңдар!» – деді», – деген (Имам әл-Бұхари, Имам Муслим және басқалар риуаят еткен).
ЕКІНШІ КЕЗЕҢ
Исраилдіктердің Мұсаға (оған Аллаһтың сәлемі болсын) құдай жасап бер деп өтінуі
Исраилдіктер Мысырдан кеткеннен кейінгі оқиғалар Сина мен Палестина аралығындағы мекенде өрбиді. Жоғарыда айтылғандай, Исраил ұрпақтары үлкен тауқыметті бастарынан өткере жүріп, Аллаһтың рақымшылығымен мысырлықтардан құтылды. Аллаһ тағала бұл жайлы Құранда:
«Сендерді перғауынның сыбайластарынан құтқардық. Олар сендерді ауыр азапта ұстап, ұлдарыңды бауыздап, әйелдеріңді тірі қоятын еді. Міне, мұнда сендерге Раббыларыңнан зор сынау бар» (Бақара сүресі, 49 аят), – деген.
Алайда олар Мысырдан шыққан соң, көптеген ұлы мұғжизалардың куәгерлері ретінде Аллаһқа деген сенімдерінің артуының орнына, иман мәселесінде ауытқуларға ұрына бастады. Олар Шам сапарында жолай пұт-мүсіндерге табынатын бір қауымның қасынан өткен-ді. Исраилдіктер бұл пұт-мүсіндерге не үшін табынатындықтарын сұрағанда, оған табынушылар «бұлар пайда келтіреді, қысылтаяң кездерде олардан шапағат сұраймыз» деген секілді әңгімелер айтты. Сонда кейбір тар ойлайтын исраилдіктер бұған сеніп қалып, Мұсаға бізге сондай тәңірлер жасап бер деп өтініш жасайды. Исраилдіктердің бұл надандықтары мен Мұсаның оларға қайтарған жауабын Аллаһ тағала:
«Исраил ұрпақтарын теңізден өткізгенімізден соң, олар пұттарға табынатын бір елдің жанынан өтті де: «Ей, Мұса! Біздерге де олардың тәңірлері сияқты құдай жасап бер», – десті. (Мұса): «Расында, сендер – түсінбейтін елсіңдер. Шынында, олардың (ғибадат еткендері) зая болушы, ал істеген амалдары болса – босқа кетер нәрсе. Мен сендер үшін Аллаһтан басқа құдай іздейін бе? Ал Ол болса сендерді бүкіл әлемдерден артық қылған», – деді. Сендерді жаман азаптармен қинаған, ұлдарыңды өлтіріп, әйелдеріңді тірі қалдыратын перғауын адамдарынан құтқарғанымызды естеріңе алыңдар. Бұл істерде Раббыларың тараптан үлкен сынақ бар» (Ағраф сүресі, 138-139 аяттар), – деп баяндайды.
Бұл оқиғаға Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде де ишара жасалған. Сахаба Әбу Уақид әл-Ләйси (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ елшісімен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бірге Хунайн (жорығының) алдында бір лотос ағашының жанынан өтіп бара жатып: «Уа, Аллаһтың елшісі! Кәпірлердің қару ілетіні сияқты бізге де қару-жарақ ілетін бір нәрсе істеп бер», – дедік. Кәпірлер сол лотос ағашына қару-жарақтарын іліп, әрі соның айналасында сиынатын. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһу әкбар! Бұл исраилдіктердің Мұсаға «Олардың тәңірлері тәрізді бізге де құдай жасап бер» дегені сияқты. Сендер өздеріңнен алдыңғылардың ғұрпына ілесіп тұрсыңдар», – деді», – деп айтқан (Имам Ахмад және Имам Нәсәи риуаят етті).
Тұр тауында
Сосын Аллаһ тағала Мұсаға шариғат үкімдері ретінде Тәуратты беруге уәде етіп, Тұр тауына келуді бұйырады. Аллаһ тағала: «Мұсаға отыз түн уәделі мерзім белгіледік» (Ағраф сүресі, 142 аят), – дейді.
Сөйтіп, Аллаһ тағала Мұсаға Тұр тауына келіп отыз түн, толық бір ай өткізіп, Тәуратты қабылдап алуды әмір етті. Аллаһпен тілдесуге ынтызарлығы артып, шыдай алмаған Мұса қауымын туысы Һарунға тапсырып, жүріп кетеді. Аллаһтың разылығы үшін Тәуратты қабылдап алуға асыққан Мұса жайлы Құранда:
«Ей, Мұса! Сені қауымыңнан не асықтырды?» «Олар артымда, Раббым, Саған Өзің разы болу үшін асықтым», – деді (Мұса)» (Таһа сүресі, 83-84 аяттар), – делінген.
Ол Тұр тауына жетіп, екінші рет қасиетті ағаш түбінде Аллаһтың дидарын көрместен Онымен тілдеседі. Осы Тұр тауының қасиетті Туа ойпатында Мұса Аллаһ тағаладан Тәуратты қабылдап ала бастады. Уәделі отыз күн ішінде Мұса ораза ұстады. Арада біраз күн өткен соң аузынан жағымсыз иісті сезіп, мұндай халде Аллаһпен тілдесуге ұялып, аузын ашып жібереді. Мұсаның бұл ісін Аллаһ тағала айыптап, оған: «Неге аузыңды аштың?» – дейді. Мұса: «Аузымның иісі бұзылды», – деп жауап берді. Сонда Аллаһ тағала: «Сен білмейсің бе, ораза ұстаған ауыздың иісі Мен үшін мисктің иісінен де жағымды. Тағы да он күн ораза тұт!» – деп бұйырады. Мұсаның отыз күніне тағы да он күн қосылып, қырық күнге ұзарды. Аллаһ тағала:
«Мұсаға отыз түн уәделі мерзім белгіледік те, оған он (түн) қосып, сөйтіп, Раббының белгілі уақыты қырық кешке толды. Мұса туысы Һарунға: «Елімнің арасында орынбасарым бол. Түзет те, бұзақылардың жолына ерме», – деді» (Ағраф сүресі, 142 аят), – деп айтқан.
Бұл уақыт аралығында Мұсаның орнына исраилдіктерді Һарун басқарып отырды. Аллаһ тағаламен қырық күн бойы ешқандай дәнекерсіз тікелей тілдескен Мұса осы ерекшелігі үшін «Кәлимуллаһ» (Аллаһпен тілдесуші) деп аталған. Аллаһ тағала:
«Аллаһ Мұсамен тілдесу жүргізген» (Ниса сүресі, 164 аят), – деген. Аяттың мазмұнынан бұл тілдесудің бір реттік емес, бірнеше мәрте болғаны аңғарылады. Сол күндердің бірінде Мұса Аллаһтан дидарын көрсетуді сұрайды. «Мұса уәделі мерзімімізде келіп, Раббы онымен тілдескен кезде: «Раббым, маған өзіңді көрсет, Сені көрейін» (Ағраф сүресі, 143 аят), – деді. Дидарын көрсетуді өтінген Мұсаға Аллаһ тағала:
«Мені әсте көре алмайсың, бірақ тауға қара, егер ол орнында тұра алса, сен де Мені көресің» (Ағраф сүресі, 143 аят), – деді.
Аллаһ қарауға бұйырған тау Тұр емес, басқа тау еді. Мұса тауға көз салып тұрды.
«Сонда Раббы тауға көрініс берген сәтте, оны быт-шыт қылды» (Ағраф сүресі, 143 аят).
Сол сәтте Аллаһ тағаланың нұрынан тау шашылып, күл-парша болып, топыраққа айналып кетті. Көз алдында кенеттен болып өткен бұл таңғажайып көріністен бойын үрей билеп, қорыққан «Мұса талып түсті. Есі кіре сала: «Сен Пәксің, Саған тәубе қылдым әрі мен – иман келтіргендердің алғашқысымын», – деді» (Ағраф сүресі, 143 аят).
Аллаһ тағаланы көздер көре алмайды. Исра және Миғраж хадисінде келгеніндей, бірде Айша (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Раббыңды Миғражда көрдің бе?» –
деп сұрағанда: «Нұр ғой, қайдан көрейін», – деп жауап берген (Имам Муслим, Имам әт-Тирмизи және Имам Ахмад риуаят етті). Яғни Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) да Аллаһты көрмеген.
Сондай-ақ тағы бір хадисте, Аллаһтың пердесі нұр делінсе, бір риуаяттарда от делінеді. Егер ол перде алынса, алдындағыны өртеп жібереді (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят етті).
Мұнан соң Аллаһ тағала:
«Ей, Мұса! Шынында, сені адамдардан елшілікке және сөйлесуге таңдап алдым. Ендеше, саған бергендерімді ал да, шүкіршілік етушілерден бол!» (Ағраф сүресі, 144 аят) – деді.
Аллаһ тағала Мұсаға Тәуратты тас тақтайшаларға (жазық тастарға) жазылған күйде түсірді.
«Мұсаға (Тәурат) тақтайларында әр нәрсені үгіт түрінде түсіндіріп жазған едік: «Сонда оны мықты ұста және еліңе әмір ет. Оның көркем нұсқауларын алсын. Саған әлі бұзақылар мекенін көрсетемін» (Ағраф сүресі, 145 аят).
Тәуратты қабылдаған қырық күн ішінде Мұса оның мазмұнымен танысып, үкімдерін үйренді.
Исраилдіктердің бұзауға табынуы
Мұса Тұр тауында жүрген аралықта исраилдіктердің арасында аса қатерлі жағдай белең алды. Аллаһ тағала: «Біз сенен кейін еліңді сынадық. Сондай-ақ оларды Самири жолдан шығарды» (Таһа сүресі, 85 аят), – деп айтқан. Аятта айтылғандай, Мұсаның қауымын адастырған Самири деген кісі болатын. Мұса Аллаһпен кездесу мерзімі біткеннен кейін Тәурат жазылған тас тақтайшаларды алып, исраилдіктерге қайта оралады. «Сонда Мұса ашуланып, кейіген түрде еліне қайтты» (Таһа сүресі, 86 аят).
Мұса жоқ кезде қауымының арасында бүлік тууға мына нәрсе себеп болған-ды. Мұсаның айтулы отыз күні өтсе де қауымына оралмаған соң, адамдардың арасында түрлі қаңқу сөз тарайды. Сол кезде оның кешігуін Һарун «Мүмкін, біз бір күнә істеп қойған болармыз» деп ойлайды. Өйткені исраилдіктер Мысырда жүрген кездерінде өздерінің әшекей бұйымдары болмаған соң, кейде сәндік бұйымдарды мысырлықтардан уақытша сұрап алатын. Мысырдан шыққан исраилдіктерде сол сәндік бұйымдар қалып қойды, бұл бұйымдарды қайтарып беруге мүмкіндіктері болмаған-ды. Мүмкін, осы үшін күнәлі болармыз деп ойлаған Һарун исраилдіктердің қолындағы сәндік, әшекей бұйымдардың барлығын түгелдей жинатып, жерге көміп тастайды. Нәтижеде бұл бұйымдарды Самири деген кісі қазып алып балқытып, одан бір бұзаудың мүсінін жасайды. Бір күні әлгі Самири атқа мінген Жәбірейілді (оған Аллаһтың сәлемі болсын) көреді. Періштенің атының тұяғы басқан әрбір жерден көк өніп шығатын. Самири сол көк өнген жерден бір уыс топырақ алып, әлгі мүсін бұзаудың ішіне салып жібергенде, одан бейне бір мөңірегендей дыбыс шығатын болды. Самири қауымының адамдарына: «Мұса құдайын іздеп кетті. Ал оның құдайы болса бізге келіп қалды. Ол келіп осыған сиынады», – деп адамдарды адастырып, азғырады. Адамдар бұзауды тәңірге балап, көбісі соған сиына бастады. Олардың біразы ғана: «Мұсаны күтейік. Өзі де келіп қалатын шығар. Не де болса күте тұрайық», – деп мүсінге сиынбаса да, күдікте қалды.
Ал, шын мәнінде, Самири көрген періште, ол Аллаһтың қауымды сынау үшін жіберген нәрсесі еді. Ақиқатта тапжылмай берік иманмен қалған Һарун мен аз ғана адам болды. Қайта оралған Мұса оларға:
«Ей, елім! Раббыларың сендерге игі уәде қылмап па еді? Сендерге уәде ұзақ келді ме? Немесе өздеріңе Раббыларыңның қаһары келуін қалап, уәдемнен айныдыңдар ма?» – деді. Олар: «Уәдеңнен өздігімізден таймадық. Бірақ бізге ол елдің сәндік бұйымдары артылған еді. Сонда оларды тастадық. Осылайша, Самири де тастады», – деді. Сонда Самири оларға мөңіреген бір бұзаудың мүсінін шығарып: «Сендердің де, Мұсаның да тәңірі – осы. (Мұса) жаңылды», – деген. Олар оның өздеріне жауап қайтармағанын, сондай-ақ олар үшін не пайда, не зиян келтіру күшіне ие емес екендігін көрмей ме? Бұған дейін Һарун да оларға: «Ей, елім! Шынында, сендер осы арқылы сыналдыңдар. Күдіксіз Раббыларың Мейірімді. Сондықтан маған еріп, әміріме бойсұныңдар!» – деген еді. Олар: «Мұса бізге қайтқанға дейін бұған табынудан қайтпаймыз», – десті» (Таһа сүресі, 86-91 аяттар).
Мұса қауымының ашық күпірге түскендерін білген соң, бұл үшін Һарунды жазғырып, оны шаш, сақалынан сүйрей:
«Ей, Һарун! Бұлардың адасқанын көргенде, артымнан келуіңнен сені тосқан не? Немесе әміріме қарсы келдің бе?» – деді. (Һарун): «Ей, анамның ұлы! Сақал, шашымнан ұстама. Исраил ұрпақтарының арасына іріткі салдың, сөзімді елемедің деуіңнен қорықтым», – деді» (Таһа сүресі, 92-94 аяттар).
Мұса өте қатал кісі болатын, ал Һарун жұмсақ мінезді еді. Сол үшін де исраилдіктер Һарунды жақсы көретін.
Һарун қауым арасында жік тудырудан сақтанған-ды. Аллаһ тағала бұл оқиғаны басқа сүреде:
«Мұса еліне ыза болып, кейіген түрде қайтқан кезде: «Менен кейін нендей жаман іске бой ұрдыңдар! Раббыларыңның әміріне асықтыңдар ма?» – деп (Тәурат) тақтайларын тастай сала, туысы (Һарунның) басынан ұстап, өзіне қарай тарта бастады. (Һарун): «Ей, анамның ұлы! Расында, бұл ел мені басынып, тіпті өзімді өлтіруге таяды. Енді мені дұшпандарға күлкі қылма және залым елмен бірге санама!» – деді» (Ағраф сүресі, 150 аят), – деп баяндайды.
Мұса оның уәжін тыңдап, мән-жайды түсінген соң, ол үшін дұға қылып:
«Раббым! Мені және туысымды кешір, бізді мейіріміңе бөле! Сен – рақым көрсетушілердің ең Рақымшылысың», – деді» (Ағраф сүресі, 151 аят). Сонан соң Самириге: «Ей, Самири! Сенің істегенің не?» – деді» (Таһа сүресі, 95 аят). Самири болған жайтты әңгімелеп: «Олар көрмеген бір нәрсені көрдім. Елшінің (Жәбірейілдің) ізінен бір уыс топырақ алып, оның ішіне салдым. Оны маған нәпсім жақсы көрсетті», – деді» (Таһа сүресі, 96 аят).
Исраилдіктер Аллаһ көрсеткен тоғыз мұғжизаны, теңіздің екіге жарылуын, перғауынның сол теңізге батуы мен өздерінің одан құтқарылуын көріп-біле тұра, Асқақ Аллаһқа күпір келтірді.
Мұнан соң Мұса Самиридің бұл әрекетіне үкім шығарып:
«Енді кет! Ғұмырыңда: «Маған жұғыспа» деп өтесің. Күдіксіз саған әсте өзгермейтін жаза тағы бар. Айнымай табынған тәңіріңе қара! Расында, оны өртеп, сонан соң дарияға тастап жібереміз», – деді» (Таһа сүресі, 97 аят).
Мұса айтқандай, Самири жаман жұқпалы ауруға ұшырап, адамдар оған жақындамай қашатын болды. Ал бұзау мүсінін Мұса майдалап, бөлшектеп, өртеп теңізге лақтырып жіберді де, қауымына:
«Тәңірлерің – Аллаһ қана. Одан басқа ешбір құдай жоқ. Оның білімі әр нәрсені сыйдырады» (Таһа сүресі, 98 аят), – деді.
Аллаһ тағала бұзау мүсінге табынғандарға қатысты:
«Күдіксіз сондай бұзауды тәңір тұтқандарға Раббылары тарабынан қаһар тиіп, дүние тіршілігінде қорлыққа ұшырайды. Қаралаушыларды осылай жазалаймыз» (Ағраф сүресі, 152 аят), – деген үкім шығарды. Осы сәттен бастап олар Қиямет күніне дейін Аллаһтың азабы мен қаһарына ұшырады. Сол үшін де біз мұсылмандар әр намазымызда: «Бізді тура жолға сала көр! Ашуға ұшырағандар мен адасқандардың емес, нығметке бөлегендеріңнің жолына!» (Фатиха сүресі, 6-7 аят) – деп айтамыз.
Бұл аятта айтылған «ашуға ұшырағандар» – исраилдіктер, ал «адасқандар» – христиандар. Ғұламалар «исраилдіктердің ашуға ұшырауының себебі – ақиқатты біле тұра, тура жолдан тайып кетуі, ал христиандардың адасуы – тура жолды таппауы» деп түсіндіреді. Ақиқатты біле тұра жүз бұрғандары үшін исраилдіктер Қиямет күніне дейін Аллаһтың жазасынан тыс қалмайды.
Олар мүсін бұзау паршаланып, өртеніп теңізге лақтырылғаннан кейін қателескендерін біліп, Мұсаға келіп: «Біз қателестік. Тәубе қылғымыз келеді», – дейді. Оларға жауап ретінде Аллаһтан: «Расында, сендер бұзауды тәңір жасап алумен өздеріңе қастық қылдыңдар! Енді Жаратушыларыңа тәубе қылыңдар да, өз-өздеріңді өлтіріңдер. Бұларың сендер үшін Жаратушыларыңның қасында қайырлы» (Бақара сүресі, 54 аят), – деген үкім түсті. Яғни бұл күнә өз-өзін өлтіру арқылы ғана жуылатын болды. Исраилдіктердің кейбірі бұл үкімге бойсұнып өз-өздерін өлтіріп тәубе етті. Әлбетте, олардың тәубелерін Аллаһ қабыл алды. «Сонда (Аллаһ) тәубелеріңді қабыл етті. Өйткені Ол – тәубені Қабылдаушы, аса Мейірімді» (Бақара сүресі, 54 аят);
«Сондай жаман іске бой ұрғандар, кейін тәубе қылып, иман келтірсе, күдіксіз Раббың сонан соң да аса Кешірімді, өте Мейірімді» (Ағраф сүресі, 153 аят). Ал көпшілігі болса бұл нәрсені орындай алмады. Өйткені олар өмір сүруге тым құштар. Аллаһ тағала:
«Яһудилердің жалпы адамдар мен мүшріктерге қарағанда тіршілікке (ұзақ өмір сүруге) тым құштар екенін көресің. Олардың әрбіреуі мың жыл өмір сүруді арман етеді. Алайда өмір оны азаптан арашаламайды. Аллаһ – олардың істегендерін толық Көруші» (Бақара сүресі, 96 аят), – деп айтқан.
Яғни олар қандай жағдай болсын, мейлі қорлықта, мейлі адасуда күн кешсе де, өмір сүруді өте жақсы көреді. Сондықтан да Аллаһтың күнәларын жуу үшін шығарған үкімі ауыр тигендіктен, исраилдіктер мұнымен келісе алмады және көпшілігі орындамады. Сөйтіп, олар Қияметке дейін Аллаһтың қаһары мен азаптауында өмір сүретін болды.
Тәуратты ұстану туралы исраилдіктерден ант алу
«Мұсаның ашуы басылғанда тақтайларды алды. Оның нұсқасындағы жазуда Раббыларынан қорқатындар үшін тура жол мен мейірім бар» (Ағраф сүресі, 154 аят).
Сөйтіп, ол исраилдіктерді жинап:
«Мына тақтайшалар, онда Аллаһтың әмірлері, Тәурат бар. Құлақ салып, бойсұныңдар», – деді. Олар Мұсаға: «Мұны бізге оқып бер. Егер ұнаса – құлақ саламыз, ұнамаса – тыңдамаймыз», – деп жауап қайтарады. Мұса мұндай жауапқа ашуланып: «Оны ұстаныңдар!» – десе де, олар қасарысып: «Жоқ! Оның ішінде не жазылғанын білгенімізше, сондай-ақ ұнамаса, оны ұстанбаймыз», – дейді. Мұса оларды Тәураттағы үкімдерді ұстануға қанша үгіттегенмен, көнбеді. Аллаһ исраилдіктерді осы секілді надандықтары үшін жазғырып: «Сендерге Мұса анық дәлелдер әкелгеннен кейін де бұзауды тәңір жасап алдыңдар. Сендер – залымсыңдар» (Бақара сүресі, 92 аят), – дейді.
Осы кезде ғажап мұғжиза бой көрсетті. Тау орнынан көтеріліп, әуелеп ұшып, исраилдіктердің төбелеріне келіп тұрды. Сол кезде барып олар Мұсаға Тәураттың әмірлерін ұстануға серт берді. Исраилдіктердің кітаптарындағы үкімдерді қабыл етулері осындай таңғажайып қорқыту арқылы ғана жүзеге асты. Аллаһ тағала:
«Сол уақытта бастарыңа Тұр тауын көтеріп тұрып: «Сендерге біз берген (Тәуратты) мықтап ұстаңдар да, құлақ салыңдар» деп серт алған едік. Олар: «Құлақ салдық және қарсы болдық», – деді. Кәпірліктері себепті олардың жүректеріне бұзау сіңіп қалған. Оларға: «Егер иман келтірген болсаңдар, имандарың сендерге нендей жаман нәрсені (бұзауға табынуды) бұйырған», – де» (Бақара сүресі, 93 аят);
«Бір күнде тауды көлеңке тәрізді Исраил ұрпақтарының төбелеріне көтердік. Олар оны шын түседі деп ойлады. «Сендерге берген кітапты мықтап ұстаңдар да, ондағыны түсініңдер, мүмкін қорқарсыңдар», – (дедік)» (Ағраф сүресі, 171 аят), – деп баяндаған.
Тұр тауына барған жетпіс кісінің оқиғасы
Мұса Аллаһ тағаланың оларды перғауын езгісінен құтқару жолында көрсеткен шексіз рақымшылығынан кейін де қауымының келтірген күпірлігі үшін қысылып, қатты ұялады. Сондықтан Аллаһтың алдында қауымы үшін кешірім сұрауға Тұр тауына барғысы келген ол исраилдіктерден ізгі деп санаған бұзауға табынбағандардың ішінен жетпіс кісіні іріктеп таңдап алып, үшінші рет қасиетті мекенді бетке алып жолға шығады. Аллаһ тағала: «Мұса белгілі мерзіміміз үшін елінен жетпіс кісі таңдады» (Ағраф сүресі, 155 аят), – деген. Осы жетпіс кісіні ертіп Мұса тауға шығып келе жатқанда, тау тітіреп, сілкінеді. Мұнан қорыққан Мұса «оларды сілкініс қолға алғанда: «Раббым, егер қаласаң, оларды да, мені де бұдан бұрын-ақ жоқ етер едің. Ішіміздегі ақымақтардың қылықтарының салдарынан бізді жоқ етесің бе? Бұл Сенің бір сынауың ғана. Сонымен қалағаныңды адастырып, қалағаныңды тура жолға саласың. Сен – біздің Иемізсің. Енді бізді кешір, бізге рақымшылық ет. Сен – кешірушілердің ең Абзалысың. Бізге осы дүниеде және ақыретте жақсылық жаз! Күдіксіз біз Саған бет бұрдық» (Ағраф сүресі, 155-156 аяттар), – деп Аллаһқа жалбарынып дұға қылды.
Аллаһ тағала: «Мен қалағанымды азабыма ұшыратамын, рақымым әр нәрсені сыйдырады. (Рақымымды) сондай тақуалық қылғандарға, зекет бергендерге және аяттарымызға сенгендерге жазамыз», – деді» (Ағраф сүресі, 156 аят).
Аллаһ тағала кеңшілік көрсетіп, кешірім жасаған соң, тау сілкінуін тоқтатып, тынышталды. Сол кезде тау төбесіне қою бұлт қонды да, сол бұлттың арасынан Аллаһтың үні естіле бастады. Мұсаның қасындағы жетпіс кісі осындай керемет оқиғаның куәсі болды. Сонда әлгілер:
«Ей, Мұса! Аллаһты әшкере көрмейінше саған әсте иланбаймыз» (Бақара сүресі, 55 аят), – деп тағы бір кесірлікке бастайды. Мұса іріктеп алып келген ең таңдаулыларын Аллаһтан қорқуға қанша үгіттеп, өзінің Аллаһты көргісі келгенде, таудың шашылып, топыраққа айналғанын айтып берсе де, көндіре алмады. Исраилдіктердің бұл кесірлігі жайлы Құранда:
«Сонда олар Раббыларының әміріне қарсы келді. Сондықтан қарап тұрғандарында найзағай түсті» (Зәрият сүресі, 44 аят), – деп, Аллаһтың қаһарланып олардың үстеріне жасын түсіріп, бәрін өлтіргені баян етіледі. Бұл жағдайдан кейін Мұса абыржып, қатты түңіліп кетті. Ертіп келген жетпіс кісісі жайрап жатыр. Еліне барғанда «Ең таңдаулы деген жетпісімізді Аллаһ өлтірсе, бізден не үміт, не қайыр», деп олардың дау-дамай шығаратынын жақсы білді. Сосын Мұса жалынып, жалбарып Аллаһқа дұға қылады. Осылайша, қайта-қайта кешірім сұрап, дұға қылған оның тілегі қабыл болып, тағы да бір мұғжиза бой көрсетті.
«Сонан соң шүкірлік етерсіңдер деп өлгендеріңнен кейін қайта тірілттік» (Бақара сүресі, 56 аят).
Әлгі өлген жетпіс кісінің барлығын Аллаһ тағала қайта тірілтті. Олар орындарынан тұрып, бір-біріне қарап таңғалысты.
Исраилдіктердің күпірлігі осындай дәрежеде еді. Олардың өз пайғамбарларына жасаған мәмілесі осындай болса, онда өзге пайғамбарлар мен олардың жолын ұстаған мүміндерге не істемейді? «Расында, мүміндерге адамдардан ең қатты дұшпан ретінде яһудилер мен мүшріктерді табасың» (Мәида сүресі, 82 аят).
Исраилдіктердің соғысқа бұйырылуы
Мұса әлгі жетпіс кісіні ертіп қауымына келген соң, исраилдіктерді ертіп, Илия қаласына барады. Илия – бүгінгі Құдыс қаласы. Құдыс ол тұста сол аймақтың астанасы болып саналатын. Сол уақытта Илия қаласына биліктерін жүргізіп отырғандар өте қуатты, еңселі, ірі тұлғалы адамдар еді. Мұса осы аймақты қолға алуды жоспарлады. Бұл қаладағылар да қарап қалмай қақпаларды бекітіп, Мұса мен оның қауымына қарсы соғысқа дайындалды. Сөйтіп, Мұса исраилдіктерге қамалға шабуыл жасауға бұйрық бергенде, олардың тағы да кесірліктері ұстап, бас тартып: «Біз – құлдықта болған адамбыз, соғыса алмаймыз», – деп перғауынның қол астында бірнеше ұрпақ бойы құлдықта болғандарын желеуретеді. Мұса оларды үгіттеп: «Маған сеніңдер. Тек оларға шабуыл жасасаңдар болды, сендер жеңесіңдер» десе де, көнбеді. Сонда Мұса: «Ей, елім! Аллаһ сендерге жазған қасиетті жерге кіріңдер. Арттарыңа қайтпаңдар, әйтпесе зиян шегушілерге айналасыңдар», – деді. Олар: «Ей, Мұса! Ол жерде бір зорлықшыл ел бар. Солар ол жерден шықпайынша, оған әсте кірмейміз. Ал егер олар ол жерден шықса, әрине, кіреміз», – деді. Тақуалардан болып, өздерін Аллаһ нығметке бөлеген екі кісі: «Оларға қақпадан кіріңдер. Сонда қашан одан кірсеңдер, сендер үстем боласыңдар. Егер мүмін болсаңдар, Аллаһқа тәуекел етіңдер», – деді» (Мәида сүресі, 21-23 аяттар). Аятта айтылған екі кісі Юшағ ибн Нун мен Калиб ибн Юфанна еді. Оларға исраилдіктер, тіпті Тұр тауында өліп, қайта тірілген жетпіс кісі де құлақ аспай:
«Ей, Мұса! Олар ол жерде тұрғанда, оған тіпті кірмейміз. Өзің және Раббың барып соғысыңдар. Әрине, біз мұнда отырамыз», – деді» (Мәида сүресі, 24 аят).
Осылайша, исраилдіктер қалаға кіруден бас тартып, көнбеген соң, Мұса алғашқы рет қауымына:
«Раббым! Мен өзім мен туысыма ғана ие бола аламын. Бұзақы елден арамызды ажырата гөр!» (Мәида сүресі, 25 аят) – деп қарсы дұға қылды. Сол кезде Аллаһ тағаладан: «Енді оларға ол жер шынымен харам етілді. Олар сол жерде сандалып жүреді. Ендеше, бұзақы елге бола қайғырма» (Мәида сүресі, 26 аят), – деген үкім келді.
Исраилдіктер жапан далада
Сөйтіп, Аллаһтың үкімімен өздеріне бұйырып тұрған жер қырық жылға харам етіліп, олар осы қырық жыл бойы елсіз, жапан далада күн кешті. Илиядан қауымын алып кеткен Мұса басқа бір мекенге барып тіршілік етті. Ал енді исраилдіктердің жапан түзде қырық жыл бойы қалай күнелткендеріне келер болсақ, Аллаһ оларды жойып жіберуді емес, тек жазалауды ғана қалаған еді. Кеңшілігі шексіз Аллаһ тағала оларға елсіз далада үлкен тастың он екі жерінен су көзін ашып берді. Өйткені олар он екі тайпадан тұратын. Олар су шығатын тасты ылғи да өздерімен бірге алып жүретін де, қайсыбір жерге тоқтап, тасты жерге қойса, сол жерден су ағатын. Енді олар елсіз сахараның ыстығына шыдай алмай, Мұсаға келіп, Аллаһқа дұға қылуын өтінді. Мұнан соң оларды күннен саялап тұратын бұлт пайда болды. Аллаһ тағала:
«Біз Исраил ұрпақтарын он екі рулық топтарға бөлдік. Мұсадан елі су сұрағанда: «Таяғыңды тасқа ұр!» – деп уахи еттік. Сонда тастан он екі бастау су шықты да, әркім өз суатын білді. Оларға бұлтты көлеңке қылып, шырын мен бөденелер түсіріп: «Өздеріңе Біз берген таза ризықтан жеңдер», – (дедік). Олар бізге кесір тигізбеді. Алайда өз-өздеріне кесір тигізді» (Ағраф сүресі, 160 аят), – деген.
Аятта айтылғандай, Аллаһ исраилдіктерді күніне үш мезгіл азықтандырып отырды. Азық ретінде оларға Аллаһ тағала бөденелерді жіберетін. Бөденелер келіп қонғанда, исраилдіктер олардың арасынан қалағандарын таңдап алып, пісіріп жейтін. Бөденелер олардан қашпайтын, еттері өте дәмді болатын. Бұған қоса, Аллаһ тағала оларға көктен тәттілігі тіл үйірер, бал сияқты желім түсіретін. Бір риуаяттарда, бұл желім емес, ұнтақ еді, оны исраилдіктер илеп, нан жасайтын дейді. Осыншалықты қырсықтықтарына қарамастан, Аллаһ тағала оларды ішіп-жеммен қамтамасыз етіп, күннің ыстығынан сая берді. Исраилдіктер сонда да кесапаттық танытатын. Аллаһ тағала:
«Сол уақытта: «Ей, Мұса! Бір түрлі тағамға еш қанағат ете алмай жатырмыз. Раббыңа дұға қыл, бізге жерде өсетін көкөнісінен: қиярынан, сарымсағынан, бұршағынан, пиязынан өсірсін», – дедіңдер. (Мұса): «Жақсыны арзымас нәрсеге ауыстыруды қалайсыңдар ма? Онда қалаға барыңдар, тілегендеріңді табасыңдар», – деді» (Бақара сүресі, 61 аят), – деп айтқан.
Сиыр оқиғасы
Олар жапан түзде үйсіз-күйсіз қырық жыл қаңғырып жүргендерінде бірнеше оқиғаны бастарынан өткерді. Ол оқиғалардың бірі – сиыр әңгімесі.
Бір күні таңертең исраилдіктер бір көсемдерінің өлтірілгенін көреді. Оның өліміне кінәліні іздегенмен, таба алмайды. Сонан соң Мұсаға келеді. Мұса оларға: «Егер уахи келмесе, мен біле алмаймын», – деп жауап береді. Исраилдіктер Мұсаға: «Онда Раббыңа дұға қыл», – деп өтінді. Ол Аллаһқа дұға қылғанда, уахи келді, Мұса қауымына Аллаһтың әмірін жеткізіп: «Аллаһ бір сиыр бауыздауларыңды бұйырды», – деді. Олар: «Бізді келемеж қылмақсың ба?» – деді. (Мұса): «Надандардан болудан Аллаһтан пана сұраймын», – деді» (Бақара сүресі, 67 аят).
Яғни Аллаһ маған уахи еткен нәрседен басқаны айтудан Аллаһ сақтасын.
Аллаһтың әміріне исраилдіктер бұл жолы да қиқарлық көрсетіп, Мұсаға: «Бізді әжуалап тұрсың ба? Раббың бізге қандай сиыр сойсын дейді, соны сұра», – деп, кез келген бір сиырды сойып, Аллаһтың әмірін орындаудың орнына, оның түр-түсін, сипатын сұрап, өздеріне машақат тілеп алды. Мұнан кейінгі оқиға:
«Олар: «Раббыңа біз үшін дұға қыл, бізге оның не екенін білдірсін», – деді. (Мұса): «Аллаһ: «Ол сиыр кәрі де емес, жас та емес, соның арасында», – дейді. Ал енді бұйырылғанды орындаңдар», – деді. Олар: «Раббыңа біз үшін дұға қыл, бізге оның түсін білдірсін», – деді. (Мұса): «Аллаһ: «Ол сап-сары сиыр, оның өңі көрушілерді сүйіндіреді», – дейді», – деді. Олар тағы: «Раббыңа біз үшін дұға қыл, ол не, бізге білдірсін. Өйткені бізге сиырлар бір-біріне ұқсас секілді. Әрине, Аллаһ қаласа, тура жолда боламыз», – десті. (Мұса): «Расында, Аллаһ: «Ол жер жыртуға және егін суаруға жегілмеген, дені сау, бойында еш теңбілі жоқ сиыр», – дейді», – деді. Сөйтіп, олар оны бауыздады, (алайда мұны) орындамауға жақын қалған еді» (Бақара сүресі, 68-71 аяттар), – деп өрбиді.
Исраилдіктер осылайша өздеріне-өздері қиындатып, кежегелері кейін тартып жүріп сипатталған сиырды бір адамнан табады. Ол адам сиырын сатудан бас тартады. Исраилдіктер саудаласа келіп, оның салмағындай алтын береміз дейді. Сонда ғана әлгі адам сатуға келісімін береді. Мұса адамдарға сиырды сойып, жіліктеп, оның мүшелерімен өлікті қағуды бұйырады.
Аллаһ тағала: «Сол уақытта біреуді өлтірдіңдер де, сол жөнінде таластыңдар. Аллаһ жасырғандарыңды ортаға шығарды. Сөйтіп, «Өлікті соның мүшесімен қағыңдар» дедік. Аллаһ осылайша өлікті тірілтіп, сендерге белгілерін көрсетеді. Бәлкім, ойланарсыңдар» (Бақара сүресі, 72-73 аяттар), – деген.
Сиырдың мүшелерімен қаққаны сол еді, әлгі көсемнің мәйітіне жан бітіп, тіріліп, өзін өлтірген адамды көрсетті де, қайта өлі қалпына түсті. Аллаһтың көрсеткен осы кереметінен кейін де исраилдіктердің жүректері жібімегендіктері жайлы Аллаһ тағала:
«Содан кейін де жүректерің қатайып, тастай немесе тағы қаттырақ болды. Өйткені тастар жарылып, одан өзендер ағады әрі кей тастар қақ бөлініп, одан су шығады. Ал кей тастар Аллаһтан қорқып, құлайды. Аллаһ істегендеріңнен хабарсыз емес» (Бақара сүресі, 74 аят), – дейді.
Мұса мен Қыдыр
(оларға Аллаһтың сәлемі болсын)
Сондай-ақ исраилдіктер жапан далада кезіп жүрген уақыт аралығында Мұса мен Қыдырдың арасындағы оқиға болды. Бұл оқиға Құран Кәрімде «Кәһф» сүресінің 60-82 аяттарында баяндалған.
Убай ибн Кағб (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұса пайғамбар Исраил ұрпақтарына уағыз айтып тұрғанда одан: «Адамдардың ең білімдісі кім?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Ең білімдісі – мен», – деп жауап береді. «Аллаһ біледі» деп айтпағаны үшін Аллаһ оны айыптады. Оған Аллаһ: «Расында, екі теңіздің қосылған жерінде тұратын пенделерімнің бірі сенен де білімді», – деп уахи етті. (Мұса): «Уа, Раббым! Оны қалай табамын?» – деп сұрады. Сонда оған: «Себетке балық салып ал, балықты қай жерде жоғалтсаң ол сол жерде», – деген жауап қайтарылды...», – деп айтқанын риуаят еткен (Имам әл-Бұхари риуаят етті).
Сонымен, Мұса жолға шығып, жанына қызметкер ретінде Юшағ ибн Нун деп аталатын бір жас баланы серік етіп ертіп алады. Бұл бала кейіннен пайғамбар болып, Мұса мен Һарун дүниеден өткеннен кейін Исраил қауымын басқарған. «Сол уақытта Мұса қызметкеріне: «Екі теңіздің қосылған жеріне жеткенге дейін тоқтамаймын немесе жаяу жүріспен жылдар өткіземін», – деді. Екеуі екі (теңіздің) құйғанына жеткен кезде, балықтарын ұмытты. Сонда (балық) ыршып түсіп, теңізден жол алды» (Кәһф сүресі, 61 аят).
Оларда өздерімен бірге алып шыққан қуырылған балық болды. Ал екі теңіздің құйған жері деген – Қызыл теңіздің қос қапталы болатын. Аталмыш мекенге жеткенде, Мұса ұйқыға кетті де, Юшағ ояу отырды. Сол кезде әлгі қуырылған балық тіріліп, себеттен секіріп, теңізге түсіп жүзіп кетеді. Юшағ бұл жайтты тамашалап отырды. Бірақ Мұса оянғаннан кейін болған жайтты оған айтуды ұмытып кетеді. Сапарларын одан әрі жалғастырып, «екеуі ілгерілеп барған кезде, Мұса қызметкеріне: «Азығымызды әкелші. Расында, бұл сапарымызда шаршадық», – деді. (Юшағ): «Көрдің бе? Таста демалғанда балықты ұмытқан екенмін. Маған оны айтуды шайтан ұмыттырды. Ол таңғажайып түрде теңізден жол алды», – деді. (Мұса): «Міне, іздегеніміз – осы», – деп екеуі ізінше кері қайтты. Сонда екеуі Өз тарабымыздан мейірімге бөлеп, Өз қасымыздан білім үйреткен пенделеріміздің бірін тапты».
Екеуі осылай артқа қайтып, Қыдырды кездестірді. Ғұламалардың көпшілігі бұл кісіні пайғамбар болған дейді.
«Мұса оған: «Саған үйретілген даналықтан маған да үйретуің үшін саған ерейін бе?» – деді. Ол: «Расында, сен менімен бірге (жүруге) шыдай алмайсың. Ішкі сырын толық білмейтін нәрсеге қалай сабыр ете аласың?» – деді. (Мұса): «Аллаһ қаласа, мені сабырлы табасың. Сондай-ақ саған ешбір істе қарсы келмеймін», – деді».
Сонда Қыдыр: «Ал онда маған ілессең, өзім айтпайынша, менен ештеңе сұрама», – деді». Олар осыған келісіп, Мұса Юшағты еліне қайтарып, өздері жолға шығады. «Сөйтіп, екеуі жолға шықты да, кемеге түсіп, (Қыдыр) оны тесе бастады». Ішіне су кірген кеме батуға айналды. Кемедегі балықшылар ішке кірген суды сыртқа төгіп, әбігерге түсті. Қыдырдың бұлай істегеніне Мұса таңырқап: «Кемедегілерді суға батыру үшін тестің бе? Шынында, сен айыпты іс жасадың», – дейді». Қыдыр: «Саған менімен бірге еш сабыр ете алмайсың демедім бе?» – деді». Сонда Мұса Қыдырға берген уәдесі есіне түсіп: «Ұмытқанымды айыпқа бұйырма және маған ісімде қиындық жүктеме», – деді».
Мұнан кейін олар бір жағажайға түсіп, біраз жүрген соң Қыдыр ойнап жатқан балалардың қасына келіп, олардың біреуін жығып құлатып, бауыздап өлтіріп тастайды. «Екеуі жолға түсті. Бір ұл бала кездесіп еді, (Қыдыр) оны өлтірді». Көз алдында кісі өліміне куә болған Мұса шыдап тұра алмай: «Ешкімді өлтірмеген бейкүнә жанды өлтірдің бе? Шынында, сен теріс іс жасадың», – дейді». (Қыдыр) тағы да: «Сен менімен бірге жүруге әсте шыдай алмайсың демедім бе?» – деді». Мұса: «Егер осыдан кейін де сенен әлдене жайлы сұрасам, мені серік етпе. Шынында, сен менің тарабымнан ақталудың (шегіне) жеттің», – деп соңғы уәдесін берді.
Сосын шаршап-шалдығып, қарындары ашып, бір ауылға келеді. Бірақ ол ауылдың адамдары бұларды үйлеріне түсіріп, қонақ қылмайды. Екеуі үйлеріне түсуге сұранса да, қабылдамайды. Сонда олар ауыл сыртына шығады. Қараса, бір дуал қаңырап, құлайын деп тұр екен. Қыдыр барып ол дуалды түзетіп қояды. Мұса оның қонақ күтуге жарамаған ауыл адамдарының құлайын деп тұрған дуалын еш ақысыз жөндеп бергеніне таңырқап қалады. Аллаһ тағала:
«Сонда екеуі тағы жүріп, бір ауыл халқына барып, тұрғындарынан тамақ сұрады. Олар екеуін қонақ қылудан бас тартты. Сонда екеуі ол жердегі жығылғалы тұрған дуалды көріп, (Қыдыр) оны жөндеді. (Мұса): «Егер қаласаң, бұған ақы алар едің», – деді. (Қыдыр): «Міне, осы, мені мен сен екеуміздің арамыздың айырылуы. Ал енді саған сабыр ете алмаған нәрселеріңнің сырын айтайын. Кеме теңізде кәсіп істейтін кембағалдардікі еді. Оны ақаулы еткім келді. Өйткені арт жақтарында әрбір (жарамды) кемені тартып алатын патша бар еді. Ал баланың мүмін әке-шешесі бар болатын. Оның әке-шешесін бас тарттыруға, қарсылыққа мәжбүрлеуінен қорықтық. Раббылары оларға оның орнына одан да таза әрі мейірімді бір бала беруін қаладық. Ал енді дуал, бұл қаладағы екі жетім баланікі болып, оның астында екеуіне тиесілі қазына бар еді. Сондай-ақ әке-шешелері түзу кісі болғандықтан, Раббың оларға қазыналарын шығарып алуын қалады. Бұл Раббыңнан бір мейірім еді. Сондай-ақ мұны мен өздігімнен істемедім. Міне, осы – сенің сабыр ете алмаған істерің», – деді», – деп айтқан.
Ибн Аббастың (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) тәпсірлеуінше, Қыдыр кемені тескен кезде бір патша жолында кездескен барлық кемелерді тартып алып келе жатқан болатын. Тесілген кемені көрген патша оны керек қылмастан алмай кетеді. Ал Қыдыр өлтірген балаға келсек, Аллаһ тағала бұл баланың ержеткенде залым, кәпір, ата-анасын жәбірлейтін адам болатындығын біліп, оны өлтіруге әмір етті. Сөйтіп, бұл баланың орнына мүмін әке-шешесіне ізгі бір бала сыйлады. Енді оның ауыл шетіндегі қаңыраған дуалды түзетіп қойғандығын айтсақ, ол дуалдың астында бір марқұм жақсы кісінің екі баласына тиесілі қазына жатқан болатын.
Мұса пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қауымындағы Қарунның қиссасы
Қарун Мұсаның немере ағасы болып келеді. Мұса – Имран ибн Қаһистің ұлы, ал Қарун Ясһаб ибн Қаһистің ұлы еді. Қарун Мұса мен оның қауымының ұстанған дініне сенбеді. Аллаһ тағала:
«Расында, Мұсаны аят-белгілерімізбен әрі анық дәлелмен перғауынға, Һаманға және Қарунға жібердік. Сонда олар (Мұсаны) жалғанпаз сиқыршы деді» (Ғафир сүресі, 23-24 аяттар);
«Қарун және перғауын мен Һаманды да (жоқ еттік). Расында, олар Мұса өздеріне анық мұғжизалар келтіргенде, жер жүзінде дандайсыған еді» (Анкабут сүресі, 39 аят), – деп айтқан.
Ол есепсіз мол байлыққа ие болды, қазыналарының кілттерін бір топ адам жабылып әрең көтеретін. Қарун сол байлыққа мастанып, қауымының айтқан ақыл-кеңестерін құлағына да ілмеді. Астамшылық жасап, менменсіді.
«Рас, Қарун Мұсаның елінен еді, оларға қарсы келді. Оған кілттерін күшті бір топ әрең көтеретін қазыналар берген едік. Сонда оған жұрты: «Елірме! Расында, Аллаһ еліргендерді ұнатпайды. Аллаһтың өзіңе берген дәулетімен ақырет мекенін іздеп, дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Аллаһ саған жақсылық еткендей, сен де жақсылық істе. Сондай-ақ жер бетінде бұзғыншылық жасама. Аллаһ бұзақыларды ұнатпайды», – деді. (Қарун болса): «Шын мәнінде, бұл маған өзімдегі білімге берілді», – деді» (Қасас сүресі, 76-78 аяттар).
Яғни қолындағы бұл байлықты сынақ деп есептемей, өзін осыған хақылымын деп ойлады.
«Негізінде, Аллаһтың мұнан бұрын өзінен де күшті, саны да көп нәсілдерді жоқ еткенін білмеді ме? Күнәһарлардан күнәлары жайлы сұралмайды» (Қасас сүресі, 78 аят).
Бір күні «ол қауымына сән-салтанатқа бөленіп шықты. (Сонда) дүние тіршілігін қалағандар: «Әттең! Бізге де Қарунға берілген тәрізді болса еді! Ол – зор ырыс иесі», – деді. Ал білім берілгендер болса: «Аллаһтың сыйы иман келтіріп, ізгі амал істегендерге бек жақсы. Оған сабырлылар ғана жетеді», – деді» (Қасас сүресі, 78-80 аяттар).
Сол кезде Қарунды бүкіл мал-дүниесімен қоса, жер жұтып кетті. «Сонда оны да, үйін де жерге жұтқыздық. Аллаһтан өзге оған жәрдем етер бір топ болмады әрі көмек те берілмеді. Кеше оның орнында болуды қалағандар: «Сірә, Аллаһ құлдарынан кімді қаласа, соның несібесін кеңітіп, тарылтады екен. Егер Аллаһ бізге қамқорлық қылмаса, әрине, бізді де жерге жұтқызар еді. Айтқандайын, кәпірлер құтылмайды», – деп шықты. Міне, ақырет мекені. Оны жер жүзінде астамшылық және бүліншілік қаламайтындарға нәсіп етеміз. Негізінде, соңғы табыс тақуалар үшін» (Қасас сүресі, 81-83 аяттар).
Басқа бір аяттарда: «Қарун және перғауын мен Һаманды да (жоқ еттік). Расында, олар Мұса өздеріне анық мұғжизалар келтіргенде, жер жүзінде дандайсыған еді. Сонда да олар қашып озған жоқ. Күнәлары себепті кейбіреулерін үстіне тас жаудырып, кейбіреуін ащы дауыспен, ал кейбірін жерге жұттырып және кейін суға батырып, бәрін қолға алдық. Аллаһ оларға зұлымдық жасамады. Бірақ олар өз-өздеріне зұлымдық қылды» (Анкабут сүресі, 39-40 аяттар), – деп айтқан.
Мұсаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) дүние салуы
Жоғарыда айтылғандай, исраилдіктер қырық жыл бойы иен далада қаңғырып жүргенде, Һарун өмірден өтті. Сосын Мұса жарық дүниемен қош айтысты. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген хадисте: Мұсаға өлім періштесі жіберіледі. Кіріспеде айтқанымыздай, пайғамбарлар жандарын өз еріктерімен тапсырады. Оған өлім періштесі келгенде, Мұса оны ұрып, бір көзін ағызады. Содан соң періште Аллаһқа қайта келіп: «Мені өлімді қаламайтын пендеге жіберіпсің», – дейді. Аллаһ тағала оған Мұсаға қайтып барып «Қолын өгіздің арқасына қойсын! Оның қолы қамтыған жердегі түктердің санындай өмірін ұзартып беремін», – деп айтқанын жеткізуді бұйырады. Өлім періштесі келіп, Мұсаға осыны айтады. Мұса Аллаһқа дұға қылып: «Уа, Раббым! Сонан соң не болады?» – деп сұрайды. Аллаһ тағала: «Сонан соң өлім!» – дейді. Сонда Мұса: «Одан да қазір!» – деп өлім періштесіне жанын тапсырады. Сонымен қатар Мұса Аллаһтан қабірінің Құдысқа тас лақтырым жақын жерде болуын сұрайды. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер сол жерде (Бәйтул-Мақдисте) болсам, сендерге жол жиегіндегі қызыл құм шоғырынан (Мұсаның) қабірін көрсетер едім», – дегенін жеткізген (Имам әл-Бұхари риуаят етті).
Мұсаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Аллаһ тағалаға қойған сауалдарынан
Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп жеткен хадисте: «Мұса Раббысынан: «Дәрежесі ең төмен жаннаттық кім?» – деп сұраған. Аллаһ тағала: «Ол – жаннаттықтар жаннатқа кіріп болғаннан кейін келген бір кісі. Оған: «Жаннатқа кір», – делінеді. Сонда ол: «Жаннатқа қалай кіремін?! Адамдар орындарын иемденіп, тиесілерін алып қойды ғой», – дейді. Оған: «Жаннатта өзіңе дүниедегі патшалардың бірінде болған нәрсенің болуын қалайсың ба?» – делінеді. Ол: «Иә, уа, Раббым», – дейді. Оған: «Саған осы және тағы да сол сияқты», – делінеді. Ол: «Уа, Раббым, разымын», – дейді. Оған: «Саған осы және он есе сол сияқты», – делінеді. Ол: «Уа, Раббым, разымын», – дейді. Оған: «Саған осымен бірге көңілің тартқан және көзің қызыққан нәрселер», – делінеді», – деп жауап қайтарған. Мұса Раббысынан тағы: «Дәрежесі ең жоғары жаннаттық кім?» – деп сұрады. Сонда Аллаһ тағала: «Саған олар жайлы әңгімелеп беремін: Мен олардың қадір-қасиетін Өз қолыммен егіп, оны аяғына жеткіздім. Оны көз көрмеген, құлақ естімеген және ол адамзат көкейіне келмеген», – деп жауап берді. Аллаһ тағаланың кітабында да осы мағына қуатталған: «Ешбір жан Мен өздеріне жасырған қуаныштарды білмейді» (Сәжде сүресі, 17 аят), – делінген (Имам Муслим, Имам әт-Тирмизи және Ибн Хиббан риуаят етті).
Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұса Ұлы Раббысынан өзінде бар деп ойлаған алты қасиет жайлы сұрады, жетіншісін Мұса ұнатпайтын. Ол: «Уа, Раббым! Пенделеріңнің ең тақуасы кім?» – деп (сұрақ қойды. Аллаһ тағала): «Зікір етіп, ұмыт қылмайтыны», – деді. Ол: «Пенделеріңнің ең тура жолдағысы кім?» – деп (сұрады. Аллаһ тағала): «Тура жолға ілесетіні», – деді. Ол: «Пенделеріңнің ең әділі кім?» – деп (сұрады. Аллаһ тағала): «Адамдарға өзіне үкім қылғандай төрелік беретіні», – деді. Ол: «Пенделеріңнің ең білгірі кім?» – деп (сұрады. Аллаһ тағала): «Ілімге тоймайтын, адамдардың ілімін өз іліміне қосатын ғалым», – деді. Ол: «Пенделеріңнің ең қадірлісі кім?» – деп (сұрады. Аллаһ тағала): «Қадірленсе, кешірім сұрайтыны», – деді. Ол: «Пенделеріңнің ең дәулеттісі кім?» – деп (сұрады. Аллаһ тағала): «Өзіне берілгенге қанағат қылатыны», – деді. Ол: «Пенделеріңнің ең жарлысы кім?» – деп (сұрады. Аллаһ тағала): «(Өзіне берілгенді) аз санайтыны», – деді» (Ибн Хиббан риуаят етті);
«Мұса: «Уа, Раббым! Мүмін пендең дүниеде жарлы», – деді. Сонда жаннаттан бір есік ашылып, (Мұса) оған назар салды. (Аллаһ тағала): «Ей, Мұса! Бұл – Менің оған дайындағаным», – деді. Мұса: «Уа, Раббым! Құрметің мен ұлылығың хақы. Егер (мүмін) жаратқан кезіңнен Қиямет күніне дейін екі қолсыз, екі аяқсыз бетімен жер сырған болса да, барар жері осы болса, еш бақытсыздық көрмейді», – деді. Сосын (Мұса): «Уа, Раббым! Кәпір пендеңе дүниеде кеңшілік берілген», – деді. Сонда тозақтан бір есік ашылып, (Аллаһ тағала): «Ей, Мұса! Бұл – Менің оған дайындағаным», – деді. (Мұса): «Уа, Раббым! Құрметің мен ұлылығың хақы. Егер (кәпір) жаратқан кезіңнен Қиямет күніне дейін дүниеге ие болса да, барар жері осы болса, еш игілік көрмейді», – деді» (Имам Ахмад риуаят етті);
«Мұса: «Уа, Раббым! Сені зікір етіп, Өзіңе дұға қылатын бір нәрсе үйрет», – деген. (Аллаһ тағала): «Ей, Мұса! «Аллаһтан өзге құдай жоқ» деп айт», – дейді. (Мұса): «Уа, Раббым! Пенделеріңнің бәрі осыны айтады», – деді. (Аллаһ тағала тағы да): «Аллаһтан өзге құдай жоқ» деп айт», – дейді. (Мұса): «Мен өзіме ғана арналған бір нәрсе қалаймын», – деді. (Сонда Аллаһ тағала): «Ей, Мұса! Жеті қат көктер мен жерлердің тұрғындары таразының бір басында тұрып, екінші басына «Аллаһтан өзге құдай жоқ» (деген сөз) қойылса, «Аллаһтан өзге құдай жоқ» (деген сөз) басып кетер еді», – дейді» (Ибн Хиббан риуаят етті), – деген.
Мұсаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қадір-қасиеттері мен сипаттары
Аллаһ тағала ол жайлы: «Рас, ол ықыласты әрі жіберілген пайғамбар еді» Мәриям сүресі, 51 аят);
«Ей, Мұса! Шынында, сені адамдардан елшілікке және сөйлесуге таңдап алдым» (Ағраф сүресі, 144 аят);
«Аллаһ Мұсамен тілдескен» (Ниса сүресі, 164 аят);
«Ей, иман келтіргендер! Сендер де Мұсаны ренжіткендер сықылды болмаңдар. Сонда оны Аллаһ олардың айтқандарынан ақтады. Ол Аллаһтың алдында беделді еді» (Ахзаб сүресі, 69 аят), – деп айтқан.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) осы аятқа қатысты: «Мұса өте ар-ұятты кісі болатын. Ұяты себепті денесінен ештеңе көзге көрінбейтін. Сонда исраилдіктер оны өсектеп: «Тәнінде алапес яки ісік немесе жара сияқты бір айыбы болғаны үшін ғана осылай қымтанады», – дейді. Аллаһ тағала Мұсаны олардың айтқандарынан ақтап алғысы келді. Сөйтіп, бір күні (Мұса) жалғыз өзі оңашаланып, киімдерін тастың үстіне қойып, сосын жуынады. (Жуынып) болған соң киімін алуға келгенде, тас киімін алып қашып кетеді. Мұса асасын алып, тасты қуалап: «Тас! Киімімді (әкел)! Тас!.. Киімімді (әкел)», – дейтін. Сөйтіп, исраилдіктердің бір тобына жеткенге дейін (келді). Сонда олар (Мұсаны) Аллаһ жаратқан көркем бейнеде көрді, сөйтіп Аллаһ оны (исраилдіктердің) айтқандарынан ақтап алды. Тас тоқтады. Ол киімін алып киініп, асасымен тасты қойып қалды. Аллаһпен ант етемін! Сонда оның соққысының әсерінен тасқа үш яки төрт немесе бес сызат түсті». «Ей, иман келтіргендер! Сендер де Мұсаны ренжіткендер сықылды болмаңдар. Сонда оны Аллаһ олардың айтқандарынан ақтады. Ол Аллаһтың алдында беделді еді» деген аяттың мәнісі – осы», – деген (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят етті).
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мені Мұсадан жоғары қоймаңдар. Расында, Қиямет күні адамдар есінен танады, ал алғаш есін жинайтын мен боламын. Қарасам, Мұсаның Арыштың діңгегінен ұстап тұрғанын көремін. Білмеймін... Есінен танып, менен бұрын есін жиды ма, жоқ Тұр (тауындағы) естен тануы жеткілікті саналды ма?» – деп айтқан (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят еткен).
Әрине, бұл – Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) кішіпейілділігі мен ізеттілігінің көрінісі. Негізінде, дүние-ақыреттегі пайғамбарлардың ең дәрежесі жоғарысы – өзі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын).
Абдуллаһ ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын):
«Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) (адамдарға өзіне келген мал-мүліктен) үлес бөліп берді. Сонда бір кісі: «Мен мына үлеспен Аллаһтың дидарын қаламаймын», – деді. Пайғамбарға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, оны айтқан едім, оның жүзінен ашудың нышанын байқадым. Сосын ол (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ Мұсаны рақымына бөлесін! Ол бұдан да көп азар берілгенде де сабыр қылған», – деді», – деп жеткізген (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят еткен).
Мұса мен Һарунның қиссасы осылай аяғына жетті. Оларға Аллаһтың сәлемі болсын!
Мұсаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасынан алынар өнеге-ғибраттар
1. Шуғайбтың қызының «Әкетайым! Оны жалдап ал! Расында, жалданған адамдардың ең жақсысы – күштісі әрі сенімдісі» деген сөзінен ұғарымыз: әлбетте, кез келген жұмыскерден талап етілер нәрсе – қабілет пен сенімділік.
2. Перғауын адамдарынан сенімін жасырып жүрген бір мүмін кісінің айтқан сөздерінен алынар өнеге: залым патшаның алдында өміріне қауіп төніп тұрса да, шындықты айту жиһадтың ең жақсы көрінісі.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Жиһадтың ең жақсы көрінісі – залым патшаның алдында әділ сөз айту», – деген (Имам Ахмад риуаят еткен).
3. Аллаһ тағаланың «Үйлеріңді құбыла қылып, намаз оқыңдар» деген сөзі:
«Сабырлық және намазбен жәрдем тілеңдер» дегені сияқты.
Қандай қиын жағдай болса да, мұсылман адам сабырлық сақтап, намаз арқылы Аллаһтан жәрдем тілеуі керек.
4. Мұса еліне қайтқанда қауымының бұзауға табынғандарына ашуланғанынан алар өнеге: Жаратушыға ортақ қосылып жатқан жағдайда, мұсылман адамға үндемей тұруға болмайды. Ол нәрсеге ашуланып, ширктен қайтару керек. Сол сияқты Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дүние тіршілігі мәселесінде біреу оған дөрекілік көрсетсе, ашуланбай, үндемей тұратын. Ал дін мәселесіне келгенде бір қайшылық байқаса, ашуланғаннан жүздері қызарып кететін.
5. Мұсаның бұзау мүсінін майдалап, бөлшектеп сындыруынан алар өнеге: мұсылман адам шамасы келсе, ширкке себеп болып жатқан нәрсенің көзін жоюы керек.
6. Мұсаның Қыдырға: «Аллаһ қаласа, мені сабырлы табасың. Сондай-ақ саған ешбір істе қарсы келмеймін», – деген сөзінен алынар ғибрат: Мұса пайғамбардың Қыдырдың алдындағы кішіпейілділігі. Мұсаның дәрежесі Қыдырдан жоғары екендігі белгілі. Соған қарамастан оның осыншалықты кішіпейілдігі пайғамбарлардың ілім алудағы әдебін айғақтап тұр. Өйткені тәкаппарлық орын алған жағдайда ілім келмейді.
7. Мұса мен Қыдыр арасында болған жайттарды баян ететін аяттардан аңғарарымыз, ізгі, мүмін ата-аналардың салауаттылығына Аллаһ тағала Өзі тікелей араласып отыр. Оларға рақымсыз ұлдың орнына ізгі перзент сыйлады, балаларына арналған қазынаның сақталуын кепілдігіне алды. Демек, Аллаһ тағала ізгі ата-ананың шарапатын перзенттеріне тек көздері тірісінде ғана емес, көз жұмған соң да тигізеді екен.
8. Қыдыр иелік еткен бұл ілім – оған Аллаһ тағала дарытқан ғайып ілім. Оның қазіргі сопылардың айтып жүрген ілімімен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Өйткені ғайып ілімі тек пайғамбарларға ғана Аллаһ тағала тарабынан беріледі.