ЗӘКӘРИЯ ЖӘНЕ ЯХИЯ (оларға Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
Бөлімдер
Full Description
ЗӘКӘРИЯ ЖӘНЕ ЯХИЯ
(оларға Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
قصة زكريا ويحيى عليهما السلام
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
فريق اللغة الكازاخية بدار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
ЗӘКӘРИЯ ЖӘНЕ ЯХИЯ
(оларға Аллаһтың сәлемі болсын)
Имран әулеті
Арада біршама уақыт өткен соң Исраил қауымында Яғқубтың ұрпағынан шыққан «Имран әулеті» деп аталатын ізгі кісілер пайда болды.
«Шын мәнінде, Аллаһ Адам мен Нұхты және Ибраһим мен Имранның әулетін әлемдерге ардақты қылды» (Әлі Имран сүресі, 33 аят).
Аталмыш Имран деген кісі – Дәуіттің ұрпағы. Имранның қызы Мәриямның әпкесі және Исаның нағашы апасы – Әшия деген әйел Зәкәрия пайғамбардың әйелі болатын. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) миғраж хадисінде:
«Екі бөленің: Яхия мен Исаның қасынан өттім», – деген.
Осы Имран әулетінде Иса пайғамбардың анасы Мәриям дүниеге келді.
«(Аллаһ тағала) Мәриям Имранқызын (мүміндер үшін мысалға келтірді). Ол абыройын сақтаған еді. Біз оған Өзіміздің рухымыздан үрледік. Ол Раббысының сөздерін және кітаптарын растады әрі бойсұнушылардан болды» (Тахрим сүресі, 12 аят).
Мүміндерге үлгі ретінде Аллаһ тағала Құранда Мәриямды осылай сипаттаған. Мәриям әлемдегі ең құрметті әйелдерден болды. Оның бұл қасиеттерін айғақтаушы көптеген хадистер келген. Аллаһ тағала алдында пенделер әуелі пайғамбарлар (әл-әнбия), сонан соң шыншылдар (әс-сиддиқун), одан кейін шәһидтер (әш-шуһада), сосын игі адамдар (әл-салихун) дәрежесіне бөлінеді. Мәриям сол пайғамбарлардан кейінгі шыншылдар дәрежесін иемденді. Мұнымен ол шәһидтерден де жоғары тұрады.
Мәриямның әңгімесі анасынан бастау алады. Зәкәрия пайғамбардың кезінде өмір сүрген Мәриямның анасы Бәйтул-Мақдистің ізгі, діндар, тақуа әйелдерінен болатын. Сол тұста Зәкәрия Бәйтул-Мақдистің діни істерін басқаратын. Ол Сүлейменнің ұрпағынан шыққан пайғамбар еді, сонымен қатар ағаш ұсталығымен айналысатын. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Зәкәрия ағаш ұстасы еді», – деген (Имам Муслим, Ибн Мажаһ және Имам Ахмад риуаят еткен).
Сондай-ақ Мәриямның әкесі де белді дінбасыларынан еді. Бұл дінбасылар Зәкәрияның басшылығында Бәйтул-Мақдис мешітінде оңаша ғибадатханада отыратын.
Сол кездегі қалыптасқан әдет бойынша кейбір адамдар Аллаһқа жақындау ниетімен жаңа туылған ер балаларын Құдай үйінің қызметі үшін Бәйтул-Мақдиске атап нәзір ететін. Мұндай Құдай үйіне берілетін балалар «азат» деп аталатын еді. Яғни бұл балалар жастайынан мешітке беріліп, сонда тәрбиеленіп, ержете келе, Бәйтул-Мақдистің қызметінде болатын және дүниелік істерден біржолата босатылатын. Дәл сол сияқты Мәриямның әңгімесі де оның анасының Бәйтул-Мақдиске бала нәзір етуінен басталады.
Күндердің күнінде Имранның әйелі жүкті болып, құрсағындағы баланы Аллаһ үшін Бәйтул-Мақдиске атайды.
«Имранның әйелі: «Раббым, мен Саған құрсағымдағыны азат етіп, атадым. Менен қабыл ал, шынында, Сен – (барлығын) Естуші, (толық) Білушісің», – деп айтқан-ды» (Әлі Имран сүресі, 35 аят).
Ай-күні жетіп босанған ана көңілінде абыржу пайда болды. Бұл абыржудың себебі оның қыз босануы еді. Өйткені сол кездегі қалыптасқан әдет бойынша Бәйтул-Мақдиске қыз балалар алынбайтын. Аллаһ үйіне атаған баласының қыз болып туылғанына қынжылған ана қайтадан Раббысына:
«Раббым, мен оны қыз босандым» (Әлі Имран сүресі, 36 аят), – деп дұға қылды.
«Аллаһ оның не босанғанын одан жақсырақ біледі. Қандай да ұл бала (бұл) қыз секілді емес» (Әлі Имран сүресі, 36 аят), – деп айтқан.
Бұл Құдай үйіне аталған сәби қыз Мәриям болатын. Ол туылған кезде анасы Аллаһқа:
«Мен оны Мәриям деп атадым, Өзіңнен оны және оның ұрпағын қуылған шайтаннан пана сұратамын» (Әлі Имран сүресі, 36 аят), – деп дұға қылды.
Шайтан Адамның бүкіл ұрпағын жек көретіндігінен кез келген нәресте туылғанда, оны қолымен нұқиды екен. Міне, осы үшін Мәриямның анасы дүниеге әкелген сәбиі мен келер ұрпағына алаңдап, оларды шайтанның жәбірінен пана сұратып, Раббысына дұға қылды.
Ажлан (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Адам баласынан әрбір туылған нәрестені шайтан саусағымен түртеді. Тек Мәриям бинт Имран мен оның ұлы Иса ғана бұдан тысқары», – деген (Имам Муслим және Имам Ахмад риуаят еткен).
Аллаһ тағала Мәриямның анасының айтқан өтініштерін көркем даналықпен қабыл алып, ер бала мен қыз баланың арасын айырмай Өз үйі Бәйтул-Мақдисте ер балалармен қатар қыз баланың қызмет етуін жүзеге асырды. Бұл қалай болған еді? Сол ғасырдың ғұламалары бас қосып, «Қыз бала Аллаһ үйінде қызмет ете ала ма?» деген мәселені талқылады және қыз баланың мешітте қызметте болуына ешқандай кереғарлық таппай, Мәриямды Бәйтул-Мақдиске қабылдауға шешім шығарды. «Оны Раббысы көркем түрде қабылдады және оны көркем түрде бойжеткізді (өсірді)» (Әлі Имран сүресі, 37 аят).
Бәйтул-Мақдисте қалыптасқан тәртіп бойынша нәзірге келген әрбір балаға белгілі бір ұстаз кепіл болып, оны өз тәрбиесіне алатын. Кішкентай Мәриям ғибадат үйіне алынғанда, оны өз кепіліне алуға ниет білдірген ұстаздар өте көп болды. Бәрі де оны тәрбиесіне алғысы келеді. Олардың бұл сәбиге қызығушылығын арттырған нәрсе Мәриямның пайғамбарлармен қатар аталатын текті отбасынан шыққандығы еді. Әкесі Имран, анасы да тақуа, діншіл әйелдерден болатын. Ақыр соңында көп талас-тартыстан кейін бір келісімге келе алмаған олар: «Біз бұл ісімізге Аллаһты төреші қылайық», – деп бәрі қолдарына бір-бір қаламнан алып, оны өзенге лақтырады. «(Мұхаммед!) Олар таласып, қайсысы Мәриямды кепілдігіне алу үшін қаламдарын (өзенге) лақтырған кезде сен қастарында болған жоқсың» (Әлі Имран сүресі, 44 аят).
Бұл ұстаздардың арасында Зәкәрия да бар болатын. Барлық ұстаздардың қаламдары өзен ағысымен кетті де, жалғыз Зәкәрияның ғана қаламы ағысқа қарсы жүзді. Сөйтіп, Зәкәрия Мәриямға кепіл болып, оны тәрбиесіне алды. Уақыт өте келе Мәриям дүниелік істерден баз кешіп, өзін Тәңірі ғибадатына бағыштап Аллаһқа жан-тәнімен құлшылық етіп, елге ізгілігімен танылды. Ғибадатшыл, тақуа Мәриямның бойынан кереметтер бой көрсете бастады.
Бір күні Зәкәрия қыс мезгілінде Мәриямның бөлмесіне кіргенде оның алдында тұрған жаздық жеміс-жидектерді көреді. Ол уақытта бүгінгідей жеміс-жидектерді сақтаудың алуан тәсілдері және сақтау құралдары жоқ еді. Тіпті Зәкәрия бұл кереметтің бір емес, бірнеше рет куәсі болады.
«Зәкәрия оған (Мәриямға) михрабқа қай кезде кірсе де оның алдынан бір ризық-несібе көретін» (Әлі Имран сүресі, 37 аят).
Ал бұл әдеттегі азық емес-ті. (Зәкәрия):
«Ей, Мәриям! Бұл сенде қайдан пайда болды?» – деп сұрағанда, ол:
«Бұл – Аллаһтың алдынан», – деп жауап беретін. Аллаһ тағаланың сол әйелге көрсеткен құрметі сондай, тіпті, оған періштелер Раббысының алдынан ризық әкелетін. «Аллаһ қалаған пендесіне есепсіз ризық береді» (Әлі Имран сүресі, 37 аят).
«Кім Аллаһтан қорықса, (Аллаһ) оған шығар жол береді және оны өзі ойламаған жерден ризықтандырады» (Талақ сүресі, 2-3 аяттар).
Яхияның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) дүниеге келуі
Мәриямды тәрбиелеп өсірген Зәкәрия оның бойындағы осыншалықты қасиеттерді көріп, әуесі кетіп өзі де бір бала сүйгісі келді. Бұл кезде ұлы Яхия әлі туылмаған еді. Зәкәрияның жасы жүзде, ал әйелінің жасы тоқсан тоғызда еді делінген. Жасы жүзге иек артқан Зәкәрия Аллаһ тағалаға жалбарынып дұға-тілек етеді. Аллаһ тағала:
«(Мұхаммед!) Бұл – Раббыңның құлы Зәкәрияға деген мейірімінің естелігі. Бір кездері ол Раббына құпия дауыспен жалбарынған еді. «Раббым! Сүйегім қаусап, басым ағарды. Дегенмен саған қылған тілегім босқа кетпеген еді. Шынында, мен өзімнен кейінгі ізбасарларымнан қорқамын. Әйелім болса – кемпір. Сонда да маған Өз қасыңнан бір мұрагер бере көр! Ол маған мұрагер болып әрі Яғқуб ұрпағына да мұрагер болсын. Раббым оны разылығыңа бөле!»(– деген-ді)» (Мәриям сүресі, 2-6 аяттар);
«Сол арада Зәкәрия Раббысына жалбарынып: «Раббым! Маған қасыңнан игі ұрпақ бер. Әлбетте, Сен – тілекті Естушісің», – деді» (Әлі Имран сүресі, 38 аят).
Аллаһ тағала оның дұғасын қабыл алды. «Сонда оның тілегін қабыл алып, оған Яхияны бердік және әйелін (бедеуліктен) түзеттік. Олар жақсылықтарда алдында болуға ұмтылатын еді. Бізден үміттене әрі қорқа тілейтін. Әрі олар бойсұна берілушілерден болды» (Әнбия сүресі, 90 аят).
«Зәкәрия михрабта намаз оқып тұрғанда, періштелер: «Аллаһ сені Аллаһтың сөзін растаушы, ел ағасы, нәпсісіне ие әрі ізгілер қатарында пайғамбар болатын Яхиямен сүйіншілейді» - деп үн қатты» (Әлі Имран сүресі, 39 аят).
Аллаһ тағала: «Ей, Зәкәрия! Расында, сені бір ұлмен сүйіншілейміз. Оның есімі – Яхия. Бұрын оған ешкімді аттас қылмаған едік», – деді. Зәкәрия таңқалып: «Раббым! Менде бала қайдан болады?! Әйелім болса – кемпір. Расында, өзім де кәріліктен қурадым», – деді. «Міне, солайша», – деді (періште). «Раббың: «Ол маған оңай. Өйткені сені бұрын жаратқанымда да дәнеңе емес едің», – деді». (Зәкәрия): «Раббым! Маған бір белгі бер!» – деді. (Аллаһ): «Сенің белгің: сап-сау бола тұра, үш тәулік адамдармен сөйлесе алмайсың», – деді» (Мәриям сүресі, 8-10 аяттар).
Сонымен, Аллаһ тағаланың кереметімен Зәкәрияның жұбайы құрсақ көтеріп, Яхияны дүниеге әкелді. Ол ержетіп әкесімен қатар пайғамбар болды. Аллаһ тағала оны сипаттап: «Ей, Яхия! Кітапты мықты ұста!» – деп оған сәбилігінде-ақ даналық берген едік. Әрі оған Өз қасымыздан жұмсақтық, күнәдан тазалық бердік. Өзі де тақуа әрі әке-шешесіне мейірімді болатын. Зорлықшыл, күнәһар емес еді. Оған туылған күні, өлер күні және қайта тірілер күні амандық болсын» (Мәриям сүресі, 12-15 аят), – деген.
Яхияның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) өлтірілуі
Сонымен, Зәкәрия мен Яхия қауымдарының арасында пайғамбарлық міндеттерін жалғастырып жүрді. Сол тұста исраилдіктерді бір залым патша билейтін. Бірақ патшаның бұл екі пайғамбарға ешқандай қысасы жоқ еді. Бір күндері осы патша туған ағасының қызының сұлулығы мен сымбатына қызығып, үйленгісі келді. Қыз да патшаның бұл бейбастығына қарсы бола қоймайды, шешесі де келісімін береді. Десе де, олар мұндай некенің харам екенін өте жақсы білетін. Сондықтан олар Яхиядан рұқсат алғылары келеді. Осы ниетпен көптеген тарту-таралғылар жасап, Яхияның көңілін ауламақ боп пәтуа сұрады. Сонда Яхия жұрт алдына шығып, ағасының қызына үйленудің харам екенін жариялады. Бұдан соң жұрт сөзінен қорыққан патша ол қызға үйленуден бас тартады. Бірақ патша да, қыз да Яхияға тістерін қайрап қалады. Бір түні әлгі қыз патшаның алдында ән салып, би билеп, алуан түрлі қылықтарымен оны өзіне еліктіреді. Патша оны төсекке тартқысы келгенде, ол бұған тек өзіне үйленсе ғана келісетіндігін айтады. Патша: «Мен саған қалай үйленемін, Яхия бұған тыйым салды ғой?!» – дегенде, қыз: «Маған Яхияның басын әкел! Менің қалыңмалым сол болсын!» – деп шарт қояды. Мұнысымен қоймай, шартының сол сәтте дереу орындалуын талап етеді. Нәпсісі қозып, еліккен патша пайғамбарды өлтіруге әскер жібереді. Шабармандар Яхияны ғибадат орнында отырған жерінде өлтіріп, кесілген басын легенге салып, патшаға алып келеді. Сөйтіп, залым патша пайғамбардың басын легенмен әлгі салдақыға сый ретінде тартады.
Міне, Исраил қауымының азғындығы.
Бір риуаятта: мұнан кейін патша ел ішінде өзіне қарсы бүлік тууынан қауіптеніп, Зәкәрияны да өлтіртеді делінсе, басқа риуаятта ол өз өлімімен өлген делінген. Осылайша, әкелі-балалы екі ұлы пайғамбар азғындардың қолынан қаза құшты. Бұл кезде Исаның жасы отыздан асып қалған-ды. Ол Яхия дүниеге келгеннен кейін үш айдан соң туылған еді делінген.
Зәкәрия мен Яхияның қиссасынан алынар өнеге
Зәкәрияның кәрілікке жетіп, Аллаһ тағаладан перзент тілеуінде әрбір балаға құштар пендеге өнеге бар. Аллаһ тағала Ибраһим мен Зәкәрияға қартайған шағында бала бергеніндей, Өзінің мейірімі түскен пендесіне қалаған уақытында перзент береді.
Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Альбидая уа нихая».