Дәуіт пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
Бөлімдер
Full Description
Дәуіт пайғамбар
(оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
قصة نبي الله داود عليه السلام
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
فريق اللغة الكازاخية بدار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
ДӘУІТТІҢ
(оған Аллаһтың сәлемі болсын)
патшалығы
Дәуіт Талуттың қызына үйленіп, одан кейін исраилдіктердің патшасы болып тағайындалды. Аллаһ тағала Дәуіттің қолында екіге ажырап кеткен патшалық пен пайғамбарлықты қайтадан біріктірді. Бұл Юшағтан кейін төрт жүз алпыс жылдан бері әлі ешкімнің қолына біріктірілмеген іс еді. Дәуіт – Яһуда ибн Яғқубтың ұрпағы. Әкесінің аты – Әйша. Ибн Исхақ кейбір білім иелерінен оны: қысқа бойлы, көк көзді, сирек шашты, жүрегі мен жаны таза адам деп сипаттаған дерек келтірген.
Дәуіттің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) мұғжизалары
Аллаһ тағала Дәуіттің патшалығын үлкен күш-қуатқа ие қылды. Сондай-ақ ол арқылы көптеген мұғжизаларын көрсетті, оған жазбалар түсірді. Бұл жазбалар жинағы «Забур» деп аталды. Аллаһ тағала:
«Сондай-ақ Дәуітке Забурды бердік» (Ниса сүресі, 163 аят), – деген.
Дәуіттің тағы бір ерекшелігі дауысы өте көркем, әдемі еді. Тіпті одан өзге әсем дауысты адам жаратылмаған деп айтылады. Бірде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Мұса әл-Ашғаридің (Аллаһ оған разы болсын) Құран оқығанын тыңдап тұрып: «Әбу Мұсаға Дәуіттің сырнайларынан нәсіп болған екен», – деген екен (Имам Ахмад риуаят еткен).
Әбу Мұсаның да дауысы өте көркем болатын. Дәуіттің дауысын Аллаһ тағала оның кереметтерінің бірі еткен. Ол Забурды оқығанда, адамдар ұйып, таулар тыңдап, онымен бірге жаңғырып қайталаған. Тамылжыған әсем дауысқа құстар ұшып келіп, көкте бір орындарынан қозғалмай тұрып қалған. Онымен бірге қайталап тәсбих айтқан. Адамдардың барлығы осы кереметтің куәсі болған. Бұл ұлы мұғжиза туралы Аллаһ тағала:
«Расында, Дәуітке өз жанымыздан игілік бердік. «Ей, таулар, құстар! Онымен бірге үн қосыңдар», – (дедік)» (Сәбә сүресі, 10 аят);
«Дәуітке Аллаһты дәріптейтін тауларды, құстарды бағындырдық. Біз осылай жасадық» (Әнбия сүресі, 79 аят);
«Біз (Дәуітке) тауларды кешкі уақытта және таңертең онымен бірге тәсбих айтатын етіп бағындырып қойдық және жиналған құстарды да. Барлығы Оған бойсұнуға қайтатын» (Сад сүресі, 19 аят), – деген.
Сондай-ақ Дәуіттің мұғжизаларының бірі – Аллаһ тағала оған темірді жұмсартты. Жұрт саз-балшықпен қалай жұмыс істесе, Дәуіт темірмен солай жұмыс істеп, бұрын-соңды кездеспеген сауыт түрін жасаған. Алдыңғы сауыттар темірден тұтастай құйылғандықтан өте ауыр-тұғын. Ал Дәуіт темірден кішкене теңгеше шеңбершелер жасап, оны бір-біріне жалғау арқылы ыңғайлы әрі жеңіл сауыттар соқты. Бұл сауыттар жайлы Аллаһ тағала бір аятта:
«(Дәуіт) үшін темірді жұмсақ етіп қойдық және (оған): «Кең сауыттар жаса, оны тоқығанда өлшеп-піш», – (дедік)» (Сәбә сүресі, 10-11 аяттар), – десе, басқа бір аятта:
«(Дәуітке) өздеріңді соғыстан қорғау үшін сауыт жасау өнерін үйреткен едік. Сонда шүкір етесіңдер ме?» (Әнбия сүресі, 80 аят) – деген.
Дәуіттің бұл мұғжизасы адамзат тарихындағы темір өнеркәсібінің дамуына алғышарт болды.
Осылай Дәуіт ұзақ уақыт бытыраңқы күй кешкен исраилдіктердің басын қосып, қуатты мемлекет орнатуға қол жеткізді. Аллаһ тағала:
«Оның патшалығын күшейтіп, оған даналық, сондай-ақ төрелік айту қабілетін бердік» (Сад сүресі, 20 аят), – дейді.
Дәуіттің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қазылығы
Дәуіт мемлекеттің қазылық істерін де өзі басқарды. Ол бұл міндетін туралықпен жүргізе әділ үкім шығарып, кесімді төрелік айтатын. Бұл үкімдердің бірі Құранда:
«Саған бөлменің қорғанынан асып түскен даугерлердің хабары келді ме? Олар оның алдына кірген кезде, ол олардан қорқып қалды. Олар: «Қорықпа! (Біз) біреуіміз біреуімізге әділетсіздік еткен екі даугерміз. Біздің арамызға ақиқатпен үкім ет және әділетсіздік жасама. Әрі бізге жолдың турасын көрсет. Мынау – менің бауырым. Оның тоқсан тоғыз саулық қойы бар, ал менің бір ғана саулығым бар. Ол (маған): «Оны менің қарауыма бер», – деді және (енді) мені сөзде жеңіп шықты», – деді. (Дәуіт): «Ол саған саулығыңды өзінің саулықтарына (қосып алуды) сұраумен әділетсіздік етіпті. Негізінде, серіктестердің көбісі біріне бірі әділетсіздік жасайды. Бірақ иман келтірген және ізгі амал істегендер басқа. Алайда ондайлар аз», – деді. Сонан соң Дәуіт Біздің өзін сынағанымызға көзі жетіп, дереу Раббысынан кешірім тіледі, иіле жығылды және тәубеге келді. Сонда оның мұнысын кешірдік. Әрі ол үшін Біздің алдымызда жақындық және қайтатын жердің көркемі бар. Ей, Дәуіт! Ақиқатында, Біз сені жер бетінде орын басушы еттік. Ендеше адамдардың арасына ақиқатпен үкім айт және көңіл ауғанға ерме. Әйтпесе ол сені Аллаһтың жолынан адастырады. Ал Аллаһтың жолынан адасқандарға Есеп күнін ұмытқандары үшін қатты азап бар» (Сад сүресі, 21-26 аяттар), – деп баяндалған.
Кейбір тарих кітаптарында Дәуіттің тоқсан тоғыз әйелі болғаны айтылған. «Бір күні ол бір қолбасшысының әйелін көріп, ғашық боп қалады да, соған үйленгісі келеді. Бұл ойын жүзеге асырмақ болған Дәуіт әлгі қолбасшысынан құтылу ниетімен оны небір қатерлі, қауіпті жорықтарға жібереді. Бірақ қолбасшысы қандай жерге жұмсаса да, аман-есен орала береді. Ақыры Дәуіт оны өлтіріп, әйеліне үйленген» деген негізсіз жалған деректер келтіріледі. Тіпті бұл деректер кейбір тәпсір кітаптарына да еніп кеткен. Дұрысы: Аятта тоқсан тоғыз әйел емес, тоқсан тоғыз қой деп анық айтылған. Ал араб тілінде әйел ешқашан қойға теңелген емес.
Дәуіттің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) өмір жасы
Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Аллаһ Адамды жаратқан кезде оның белін сипап ұрпақтарын шығарды. Аллаһ олардың екі көзінің ортасына бір нұр жасаған еді. Сонда (Адам): «Ей, Раббым! Бұлар кім?» – деп сұрады. (Аллаһ тағала): «Бұлар – сенің ұрпағың», – деді. (Адам) өз ұрпағының ішінен бір кісіні көрді. Оған оның екі көзінің ортасындағы нұры ұнады. Сонда ол: «Ей, Раббым! Бұл кім?» – деп (сұрады). Аллаһ тағала: «Бұл – сенің ұрпағыңның ішіндегі соңғы халықтардан (шығатын) бір кісі. Оның есімі – Дәуіт», – деді. Адам: «Оған қанша өмір бердің?» – деп (сұрады). Аллаһ тағала: «Алпыс жыл», – деді. (Адам): «Ей, Раббым, оның өмірін ұзарт», – деп өтінді. Аллаһ тағала: «Тек сенің өміріңнен ұзартамын», – деді. Сөйтіп, Адамның өмірінен Дәуітке қырық жыл қосылды... Сөйтіп, Дәуіттің өмір жасын жүзге толтырып, Адамның өмір жасын мыңға толтырды», – деген (Имам Ахмад риуаят етті).
Осы себепті Дәуіт жүз жыл өмір сүрген.
Дәуіттің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) дүние салуы
Оның дүние салуын Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Дәуіт өте қызғаншақ еді. Егер сыртқа шықса, есіктерді жабатын да, оның үйіне өзі қайтқанша ешкім кірмейтін. Бір күні ол сыртқа шығып, үйін құлыптап кетеді. Бір кезде әйелі ауласын аралап жүрсе, ауланың ортасында бір ер кісі тұр екен. Сонда (әйелі): «Үйдегі кім?.. Сарай болса құлыптаулы, мына ер кісі қайдан кірген?! Аллаһпен ант етемін! (Мұны) Дәуітке айтармыз», – дейді. Ұзамай Дәуіт келсе, ауланың ортасында бір ер кісі тұр екен. Дәуіт оған: «Сен кімсің?» – деп сұрайды. Ол: «Мен – сондай патшалардан қаймықпайтын, кедергілерде тосылмайтын біреумін», – деп тіл қатты. Сонда Дәуіт: «Аллаһпен ант етемін! Онда сен – өлім періштесісің. Аллаһтың әміріне қош келдің!» – дейді. Сосын рухы алынғанша сонда қалды. (Сүлеймен оны) жуып, кебіндеп, арулап болған кезде күн шығып кетті. Сонда Сүлеймен құстарға: «Дәуітке сая болыңдар», – деді. Құстар жер қараңғы тартып кеткенше көлеңкеледі. Сол кезде Сүлеймен құстарға: «Қанаттарыңды жиыңдар», – деді», – деген. Хадисті риуаят етуші Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) құстардың әрекетін көрсету үшін бір қолын қағып, бір қолын жиды», – деген (Имам Ахмад риуаят етті).
Аллаһтың пайғамбары Дәуіт осылай дүниеден өтті. Оған Аллаһтың сәлемі болсын!
Дәуіттің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қадір-қасиеттері
Дәуіт өте ғибадатшыл еді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһқа ең сүйікті намаз – Дәуіттің намазы. Сондай-ақ Аллаһқа ең сүйікті ораза да – Дәуіттің оразасы. Ол түннің жартысын ұйықтап, үштен бір бөлігінде намаз оқып, алтыдан бір бөлігінде тағы ұйықтайтын. Бір күн ораза ұстап, бір күн аузын ашып жүретін», – деген (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят еткен).
Әрі ол өте ержүрек, батыр кісі-тұғын. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оның ержүректігі жайлы: «(Дұшпанға) бетпе-бет келсе, қашпайтын» (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят еткен), – деп айтқан .
Сондай-ақ Дәуіт шүкір қылушы пенделерден болатын. Аллаһ тағала:
«(Ей), Дәуіттің отбасы! Шүкірлік үшін амал істеңдер! Негізінде, құлдарымнан шүкір етуші аз» (Сәбә сүресі, 13 аят), – деген.
Дәуіт пайғамбар өзгеге масыл болуды ұнатпайтын. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «(Дәуіт) тек өз қол еңбегінен тамақтанатын», – депті (Имам әл-Бұхари және Имам Ахмад риуаят еткен).
Дәуіттің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасынан алынар өнеге-ғибраттар
1. Аллаһ тағаланың:
«Аллаһ адам баласын бірін-бірі арқылы қорғамаса, жер жүзі бұзылар еді. Аллаһ – бүкіл әлемге кеңшілік Иесі» деген сөзінен алар өнеге: егер патшалар болмаса, әділетсіздік жайылып, күшті әлсізге зұлымдық жасайды. Себебі адам баласы Аллаһтан қорқып зұлымдықтан тыйылмаса, патшадан қорқып тыйылады. Осман ибн Аффан (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ Құранмен тоқтатпағанды патшамен тоқтатады», – деген.
2. Аллаһ тағаланың:
«Ей, Дәуіт! Ақиқатында, Біз сені жер бетінде орын басушы еттік. Ендеше адамдардың арасына ақиқатпен үкім айт және көңіл ауғанға ерме. Әйтпесе ол сені Аллаһтың жолынан адастырады. Ал Аллаһтың жолынан адасқандарға Есеп күнін ұмытқандары үшін қатты азап бар» деген сөзінен алар өнеге: бұл өсиет Аллаһтан Дәуітке түскенімен, барлық басшыларға да тікелей қатысы бар. Әбу Сағид әл-Худриден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Шын мәнінде, Аллаһқа Қиямет күні адамдардың ең сүйіктісі және жақынырағы – әділ басшы, ал Аллаһқа Қиямет күні адамдардың ең жеккөрініштісі және қатты азапталатыны – залым басшы», – деген (Имам Ахмад риуаят еткен).
Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Альбидая уа нихая».