×
Яъқуб пайғамбар және Юсуф пайғамбар (оларға Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы туралы жазылған мақала

    Яъқуб және Юсуф (оларға Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы

    قصة نبي الله يعقوب ويوسف عليهما السلام

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    فريق اللغة الكازاخية بدار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    —™

    Яъқуб (оған Аллаһтың сәлемі болсын) және Юсуф (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы

    Бұл қисса толық бір сүре арналған ұлы Құран қиссаларының бірі. Ол «Юсуф» сүресінде айтылған. Онда екі ұлы пайғамбардың өмірбаяны баяндалған. Олар Яъқуб ибн Исхақ ибн Ибраһим және Яъқубтың ұлы Юсуф, оларға Аллаһтың сәлемі болсын. Қиссадан сондай-ақ Юсуф пен оның бауырларының арасындағы болған уақиғалармен, оның басынан өткен қиыншылықтармен және осы қиссаның ішінде Яъқубтың да өмір жолымен танысамыз.

    Юсуф сүресі туралы

    Бұл сүре Меккеде түскен және ол Юсуфтың басынан өткен уақиғалар туралы әңгімелейді. Ал Меккелік сүрелер әдетте ескерту, қорқыту және үрейлендіру мазмұнында келеді. Алайда «Юсуф» сүресі оқырманды өзіне баурайтын өте қызық әңгімелерді қамтыған. Оны тыңдаған кісі жалықпайды әрі пайда алып шығады. Өйткені онан бауырмалдық, мейірімділік және рақымшылық әсерлерін табамыз. Біз онда басқа пайғамбарлар қиссасында кездеспейтін нәрсеге жолығамыз. Аллаһ Тағала алдыңғы қиссалардан пайғамбарлардың өмір жолын, оны қауымы қалай жалғанға шығарғанын, сосын оларға апат жіберіп жер бетінен жойып жібергенін әңгімелеген болса, «Юсуф» сүресінде мұның қарама-қарсы мағынасын көреміз. Біз бұл қиссада қиыншылықтар, бір-бірінің артынан келген сынаулардан соң берілген қуанышқа куә боламыз. Табиғиндер қатарына жататын ғұлама Ата ибн Әбу Рабах (оған Аллаһ разы болсын): «Юсуф сүресін тыңдаған мұңлы кісінің көңілі жазылады», - деген.

    Ол көңілге көтеріңкі леп беріп, қайғы-мұңды сейілтеді. Өйткені оны оқыған адам қиыншылықтан кейінгі бақытты өмірдің куәсі болады. Бұл сүре «Һуд» сүресінің алдында түсірілген. «Һуд» сүресінде пайғамбарлардың және Салих пен Һудтың (оларға Аллаһтың сәлемі болсын) елдерінің қалай Аллаһтың қаһарына ұшырағаны туралы баян етілген-ді. Сосын барып «Юсуф» сүресі түсті. Ол «қайғы жылында» түскен болатын. Сол жылы Пайғамбарымызды (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бағып өсірген, тәрбиелеген Аллаһ Елшісін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өте жақсы көретін оның (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) кіші атасы Әбу Талиб дүние салған. Ол Пайғамбарымызды (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өз қамқорлығына алып, оған көп көмек көрсеткен кісі еді.

    Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    «Әбу Талиб дүниеден өткенше құрайыштардың маған қолы жеткен емес», - деп айтқан (Ибн әл-Әсир).

    Осыдан үш күннен кейін Хадижа (оған Аллаһ разы болсын) дүние салды. Ол Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алғашқы сүйікті жары, әлемдегі ең жақсы әйелдердің бірі және жәннаттағы әйелдердің ханымы.

    Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде:

    «Жәннаттың ең жақсы әйелдері: Мәриям бинту Имран (Исаның анасы) мен Хадижа бинту Хуайлид» (Имам әл-Бұхари риуаят еткен), десе, тағы бір хадисінде: «Көптеген ер кісілер кәмілдікке жеткен. Ал әйелдерден төртеуі ғана кәмілдікке жетті: перғауынның әйелі Әсия, Мәриям бинту Имран, Хадижа бинту Хуайлид және Фатима бинту Мұхаммед», - деген (Ибн Исхақ).

    Хадижа мен Әбу Талиб дүние салған жыл тарихта «қайғы жылы» деп аталды. Бұл оқиға Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жүрегін қатты қынжылтты. Сол уақытта оны жұбату үшін және оған қиындықтан соң жеңілдік, қайғыдан соң қуаныш келерін ескертіп осы сүре түсті. Сондай-ақ, ол сүре хабарлар мен сабақтарға және ғажайып ғибраттарға толы. Негізінен Құрандағы өзге пайғамбарлардың қай-қайсысының болмасын қиссасы біркелкі тәсілде емес, бірнеше сүрелерде бөлек-бөлек баяндалған. Ал Юсуф пайғамбардың қиссасы Аллаһтың кітабында бір жерде жинақталып келген. Ал Мұсаның қиссасын алып қарасақ, ол жетпіс үш орында бөлек-бөлек баяндалған. Бұл қиссаның бір орында топталып келуі жайында Қуртуби: «Аллаһ Тағала Құранда пайғамбарлар қиссасын баян етіп, оларды түрлі әдістермен, шешендік өнерінің әр қилы дәрежелеріндегі түрлі сөздер және сөз тіркестерімен бір мазмұнда қайталап отырған», - дейді.

    Мысалы, Ибраһимның қиссасына қарасақ, оған періштелер келген кезді Аллаһ Тағала:

    «Сонда дереу қақталған бұзау әкелді», - деп сипаттаған (Һуд сүресі, 69 аят). Ал басқа бір аятта:

    «Дереу бір семіз бұзау әкелді», - дейді (Зәрият сүресі, 26 аят).

    Бұл екі аятты біріктіргенде ғана барып, біз оның семіз, қақталған бұзау әкелгенін білеміз. Оларды осылай жинақтау күш жұмсауды қажет етеді.

    Содан соң Қуртуби:

    «Және де Юсуфтың қиссасын баян етті, бірақ оны қарсы келгендер қайталанғанда да, қайталанбағанда да (Құранға) қарсы тұра алмау үшін қайталамады», - деген.

    Яғни, Аллаһ Тағала Құранға сенбейтіндердің ол жайлы қандай да болсын қарсы пікір айтуларына жол бермеу мақсатында Құранның мұғжизасын бөлінген қиссалармен және бір жерге топталған қиссамен байытуды қалады.

    Сонымен бұл қиссаның басында Аллаһ Тағала:

    Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен

    «Әлиф-ләм-ра (Ұғымын Аллаһ біледі). Бұлар ап-айқын Құранның аяттары. Расында біз мұны арабша Құран түрінде түсірдік, әрине түсінерсіңдер. (Мұхаммед) саған бұл Құранды уахи етуімізбен өзіңе қиссалардың ең жақсысын баян етеміз. Негізінен сен бұдан (бұл қиссадан) бұрын хабарсыз едің. (Сол уақытта) Юсуф әкесіне: «Әкетайым! Мен түсімде он бір жұлдыз және күн мен айды көрдім. Оларды маған сәжде қылған күйде көрдім», - деді. (Яъқуб): «Ей, балақайым! Түсіңді бауырларыңа айтпа! Саған бір айлакерлік жасар. Расында шайтан адам баласына ашық дұшпан», - деді», - деп айтқан (Юсуф сүресі, 1-5 аяттар).

    Юсуфтың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) түсі

    Юсуф кішкентай кезінде түсінде он бір жұлдыздың және күн мен айдың өзіне сәжде қылғанын көрді. Яъқуб Юсуфты ұлы бір құрмет күтіп тұрғанын білді. Сондай-ақ, ол Юсуфты бауырларының көре алмайтындығын да аңғаратын. Сондықтан, ол баласына түсін бауырларына айтпауын тапсырды. Юсуфтың он бір бауыры бар тұғын. Солардың ішінде Юсуфтың бір шешеден туған Бинямин деген кіші інісі болатын. Қалған онның алтауы бір шешеден, ал төртеуі басқа бір екі күңнен еді. Олар Юсуф пен Биняминді көре алмайтын. Өйткені Яъқуб ол екеуін қатты жақсы көретіндігі соншалық оларсыз бір сағатқа да шыдай алмайтын. Кейде Юсуф ойнап сыртқа шығып кетсе, оны қайтадан қасына шақырып алатын. Аллаһ Тағала:

    «Міне, осылайша Раббың сені таңдайды», - деген (Юсуф сүресі, 6 аят).

    Аллаһ оған пайғамбарлықты беру үшін, оны сол замандағы адамдардың ішінен таңдап алды.

    «Саған түстердің жоруын үйретеді. Бұрыңғы аталарың Ибраһим, Исхақтарға нығметтерін тамамдағандай саған және Яъқуб ұрпағына да нығметін толық етеді. Шәксіз Раббың толық Білуші, хикмет Иесі» (Юсуф сүресі, 6 аят).

    Аллаһ Тағала бұл қиссаны мүміндерге үлгі, ғибрат болу үшін келтірді. «Расында Юсуф және оның туыстарының (қиссасында) сұраушылар үшін өнегелер бар» (Юсуф сүресі, 7 аят).

    Бауырларының Юсуфтан (оған Аллаһтың сәлемі болсын) құтылмақ болған әрекеті

    Аллаһ Тағала:

    «Сол уақытта (бауырлары): «Юсуф пен оның бауыры әкемізге бізден сүйіктірек. Біз болсақ бір топпыз. Дау жоқ, әкеміз ашық адасуда», - деді».

    Олар осы сөздерімен әкелеріне наразылық білдірді. Күншілдіктері мен жек көрулері сондай дәрежеге алып барды, тіпті олар:

    «Юсуфты өлтіріңдер немесе оны бір жерге апарып тастаңдар. Өздеріңе әкелеріңнің дидары бос қалады. Артынан түзу кісілер боласыңдар», - деді.

    Яғни олар қылмыс істеп, күнә жасап, артынан тәубе етпекші. Сонда «араларынан бір айтушы (бұл үлкендері Яһуда еді делінген):

    «Егер менің айтқанымды істейтін болсаңдар, Юсуфты өлтірмеңдер, оны бір құдықтың түбіне тастаңдар. Бәзбір жүргінші тауып алар», - деді».

    Сонымен олар осы пікірді жөн көріп, оны іске асыру мақсатында әкелеріне келді. Жоғарыда айтқанымыздай, ол Юсуфтан ажырамайтын еді. Олар: «О, Әкеміз! Юсуфке қатысты бізге сенбейтіндей саған не болды? Әрине біз оған жақсылық қалаймыз. Ертең оны бізбен жібер. Тамақтансын, ойнасын. Расында біз оны қорғаушымыз», - деді». Сонда Яъқуб:

    «Расында сендердің оны алып кетулерің маған уайым салады. Сендер одан қаперсіз қалып, оны қасқыр жеуінен қорқамын», - деді». Өйткені, сол аймақта қасқыр көп болатын. Сонда олар: «Біз бір топ бола тұра оны қасқыр жесе, онда зиянға ұшыраушылардан болармыз», - деді».

    Сөйтіп олар жалынып қоймаған соң Яъқуб келісімін беріп, Юсуфты жіберді. Ұзап шыққан соң олар Юсуфты жекіп, ұрып-соғуға дейін барды. Сосын «оны алып кеткен кезде бәрі құдықтың түбіне тастауға келісті».

    Құдыққа тасталған Юсуф оның түбіндегі бір тастың үстіне тұрды. Сол уақытта Аллаһ Тағаладан уахи келді:

    «Оған: Әлбетте оларға өздері сезбеген күйде осы істерінің хабарын бересің» деп уахи еттік».

    Сол кезде оның жүрегінде Аллаһ Тағаланың көмегімен осы құдықтан шығатынына бір сенімділік пайда болды. Ал бауырлары әкелеріне не уәж айтарларын ойласып кеш бата үйлеріне қайтты. Аллаһ Тағала:

    «Олар іңірде әкелеріне жылап келді», - дейді. Олар Яъқубқа: «О, әкеміз! Біз жарысып кеткенде Юсуфты заттарымыздың жанына тастаған едік, сонда оны қасқыр жеп қойыпты. Енді расын айтсақ та, бізге сенбейсің ғой», - деді. Сондай-ақ олар оның жәйдесіне өтірік қан жағып әкелді».

    Ибн Аббас (әкесі екеуіне Аллаһ разы болсын):

    «Олар бір қойды сойып, оның қанына Юсуфтың жейдесін былғап әкелді», - деген.

    Яъқуб жейдеге қарап: «Бұл қандай рақымы мол қасқыр! Баламды жеп, көйлегіне тимепті», - деп: «Олай емес! Сендерге нәпсілерің бір істі жақсы көрсеткен екен. Енді көркем сабыр керек. Айтқандарыңа Аллаһтан жәрдем тіленеді», - деді».

    Юсуф (оған Аллаһтың сәлемі болсын) уәзірдің үйінде

    «Бір керуен келіп, сушыларын (құдыққа) жіберді. Ол қауғасын салып: «Ой, сүйінші! Мынау бір ер бала», - деді». Сол уақытта құлдар өте құнды тауарға саналатын. «Олар оны сауда малы ретінде жасырып қойды».

    Яғни оны сатпақшы болды. Сөйтіп олар бір адасып қалған бала немесе қашып кеткен құл шығар, егер иелері біліп қойса, алып қояр деп жасырып қойды. Бірақ:

    «Аллаһ олардың не істегендерін толық біледі».

    Бұл Шамнан Мысырға бара жатқан керуен еді. Олар Юсуфты Мысырға әкеліп, істерінің жария боп қалуынан қорқып оны арзан бағаға сатып жіберді. Ибн Аббас (әкесі екеуіне Аллаһ риза болсын): «Жиырма дирһамға», - деген.

    «Олар оны арзан бағаға бірнеше дирһамға сатып жіберді. Өйткені, олар (Юсуфке) құштар емес еді». Оны Мысыр қазынасының уәзірі сатып алды. «Мысырдағы оны сатып алған кісі әйеліне: «Оған құрметпен қара. Мүмкін бізге пайдасы тиер немесе бала қып алармыз», - деді».

    Уәзір балалары жоқ егде тартқан кісі еді. Юсуф оның үйінде баласы сияқты тәрбиеленді. Есейген кезінде уәзірдің сарай ісімен шұғылданатын болды. Аллаһ Тағала:

    «Осылайша Юсуфты ол жерге орналастырып, оған түстердің жоруын үйреттік. Аллаһ Өз ісіне Өктем, бірақ адамдардың көбі білмейді», - дейді.

    Юсуф бұзықтық пен пұтқа табынушылықтан аулақ, ізгі жігіт болып өсті. Аллаһ Тағала оған билік берді. Ол уәзірдің сарайына басшылық ете бастады. Сондай-ақ оған білім беріп, адамдардың ең білгіріне айналды. Аллаһ Тағала:

    «Ержеткенде оған билік пен білім бердік. Игілік істеушілерді осылай марапаттаймыз», - деген.

    Уәзірдің әйелінің Юсуфты (оған Аллаһтың сәлемі болсын) азғыруы

    Осындай қасиеттерге ие жігітке уәзірдің әйелінің көңілі ауды. «(Юсуф) тұрған үйдің әйелі оның көңілін өзіне тартпақ болды». Сонда оның жасы он жетіде еді делінген. Ол өте көрікті жігіт болып өскен-ді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Миғражда Юсуфпен жолыққаны туралы хадисте: «Шынында оған сұлулықтың тең жартысы берілген екен», - деген (Имам Ахмад риуаят еткен). Яғни, Адамның сұлулығының жартысы.

    Уәзірдің әйелі бұл сұлулықтың сынағына шыдай алмай, жүрегі Юсуфке деген махаббатқа толды. Сұлу жігіттің құшағында болуды қалаған ол Юсуфты түрлі тәсілдермен өзіне тарта бастады. Аллаһ Тағала: «(Юсуф) тұрған үйдің әйелі оның көңілін өзіне тартпақ болды да есіктерді бекітіп: «Қане, кел бері!» - деді. (Юсуф): «Аллаһтан пана сұраймын. Ол (күйеуің) – қожайыным. Мені жақсы орынға қойды. Шын мәнінде залымдар құтылмайды», - деді».

    Зинақорлық зұлымдыққа жатады. Аллаһ Тағала оны істеген адамдарды құтқармайды. Юсуф оны әуелден-ақ қайтарды және оған ойы да болмады. Өйткені, Аллаһ Тағала оған даналық пен білім беріп, игілік істеушілерден деп атады. Сондай-ақ ол өзіне көрсетілген құрметке қарсы мұндай бұзықтық жасаған кісінің ешқашан табысқа жетпейтінін білетін. Аллаһ Тағала:

    «Расында (әйел) одан ой қылды. Егер Раббысының дәлелін көрмесе, (Юсуф та) одан ой қылған болар еді. Одан жамандық пен арсыздықты бұруымыз үшін осылай (еттік)», - деген.

    Яғни уәзірдің әйелімен зина жасау Юсуфтың қаперіне де келмеді. Аллаһ Тағала жамандықты оның ойына да келмейтін етіп қойған. Ол Юсуф туралы: «Өйткені ол ықыласты құлдарымыздан еді», - дейді.

    Бірақ уәзірдің әйелі алған бетінен қайтпай Юсуфке жақындап, оған жабыса бастады және Юсуфтың қашқанына қарамастан артынан жүгірді. Аллаһ Тағала бұл оқиғаны баяндап: «Екеуі есікке жүгірді де әйел оның жейдесін арт жағынан жыртып алып қалды», - деген.

    Яғни, Юсуф есікке ұмтылды, бірақ есік құлыптаулы болатын. Ол есікті ашуға әрекет жасады, уәзірдің әйелі болса, оған жабысып бері тартқанда көйлегінің арқа тұсы жыртылып әйелдің қолында қалып қойды. Сол сәтте есік сыртынан ашылып, ішке уәзір кіріп келді де сәнденген, сұлуланған әйелінің Юсуфқа жабысып жатқанын көрді. «Екеуі оның күйеуін есік алдында жолықтырды». Сол уақытта әйел бірден өз басын қорғауға көшіп: «Әйеліңе жамандық ойлаған біреудің жазасы – абақты немесе жан түршігерлік азап», - деді».

    Яғни, уәзірдің оны өлтіруінен қорқып, дереу жазасын өзі айтты. Өйткені ол Юсуфты ұнататын. Сонда Юсуф та басын арашалап:

    «Ол көңілімді өзіне тартпақшы болды», - деді». Сонда «Әйел жағынан бір айғақ: «Егер (Юсуфтың) жейдесі алдынан жыртылса, әйел рас айтты да, ол өтірікшілерден болмақ. Ал жейдесі артынан жыртылса, онда әйел жалған айтты да, ол рас айтушылардан», - деп куәлік берді».

    «Сонда оның жейдесінің артынан жыртылғанын көрген күйеуі: «Міне, бұл сендердің (әйелдердің) қулықтарың. Расында сендердің (әйелдердің) қулықтарың зор», - деді». Сосын уәзір: «Юсуф, мұны қоя сал!» - (деп), (әйеліне): «Сен күнәң үшін кешірім өтін! Расында сен қателесушілерденсің», - деді».

    Бұл ар-намысына көңіл бөлетін адамның сөзі емес-ті.

    Бұл хабар тарап кетіп, әйелдер уәзірдің әйелін өсек қыла бастады. «Қала әйелдері: «Уәзірдің әйелі қолбаласына көңіл қойып, оны махаббат билепті. Әлбетте біз оны ашық адасуда көреміз», - десті». Әйелдер оны басқа-басқа, қызметкер құлға көңіл қойғаны үшін айыптады. Бұл әңгіме уәзірдің әйеліне жетті. «Ол әйелдердің өзін сөз қылғанын естігенде шақыру жіберіп, оларға сүйеніп отыратын диван әзірледі де, әрбіреуіне пышақ беріп, (Юсуфқа): «Шық, оларға көрін!» - деді. (Жеміс кесіп жеп отырған әйелдер) көрген сәтте оны зор көріп (естері шығып), өз қолдарын турады. «Ой, Аллаһ! Мынау адам емес, бұл – құрметті бір періште ғой», - десті». Сонда уәзірдің әйелі: «Ал міне, мені өсектегендерің – осы. Расында мен оның көңілін қаладым. Сонда да өзін арлы ұстады және де ол бұйырғанымды орындамаса, абақтыға салынып, қор болады», - деді».

    Енді оған әйелдердің барлығы жабысты. Олар Юсуфтың көркіне мас болып, ар-ұяттан жұрдай болды. Сөйтіп барлығы оны ханымына құлақ асып, оның айтқанын орындауға үгіттей бастады. Әйелдер жан-жағынан азғырып жатқан кезде Юсуф: «Раббым! Бұлардың шақырғандарынан маған абақты жақсырақ. Егер бұлардың сұмдықтарын менен қайтармасаң, оларға бейімделіп надандардан болармын», - деді».

    Сөйтіп Юсуф өңшең жоғары таптағы әйелдер итермелеген арсыздықтан бас тартты. Сондықтан да көптеген ғұламалар Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) төмендегі хадисін түсіндіруде Юсуфке қатысты осы оқиғаны тілге тиек етеді. «Аллаһ Өзінің саясынан басқа көлеңке болмайтын күні жеті (адамды) Өз саясында көлеңкелетеді. (Олар): әділетті басшы; оңашада Аллаһты еске алып көз жасын төккен кісі; одан шықса қайтып оралғанға дейін жүрегі мешітке байланған кісі (яғни есіл-дерті мешітке ауып тұратын адам); Аллаһ үшін бір-бірін жақсы көріп, сол үшін бас қосып, тараған екі кісі; садақа беріп, оны сол қолы оң қолының жұмсағанын білмейтіндей дәрежеде жасырған кісі; Аллаһтың ғибадатында өскен жас жігіт және дәрежелі, сұлу бір әйел (зина жасауға) шақырғанда: «Мен Аллаһтан қорқамын», - деген кісі» (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят еткен).

    Сөйтіп Юсуф әйелдердің тұзағынан құтылды. Оны Аллаһ Тағала сақтады. «Сонда Раббысы тілегін қабыл етіп, одан әйелдердің арамзалықтарын қайтарды. Өйткені Ол – толық Есітуші, өте Білгір».

    Юсуф (оған Аллаһтың сәлемі болсын) абақтыда

    Бұл туралы хабар елге тарап, адамдар уәзірдің әйелін өсек қыла бастады. Сонда уәзір мен әйелі ақылдаса отырып елге Юсуфты кінәлі көрсету мақсатында оған жала жауып абақтыға тастады. Ибн Аббас (әкесі екеуіне Аллаһ разы болсын):

    «Уәзір Юсуфты есекке отырғызып, қаланы айналдырып шығуды бұйырды. Оған Мысыр базарларында барабан соғылып:

    «Ибрандық Юсуф өз ханымын қалады, ал оның жазасы – абақты» деп жар салынатын», - деген.

    Аллаһ Тағала:

    «Сонсоң оларға дәлелдер көрінгеннен кейін де оны бір мерзімге дейін абақтыға салды. (Юсуфпен) бірге екі жігіт абақтыға кірді», - дейді. Олар абақтыдағы кездерінде Юсуфтың ізгі қасиеттерінің, әдептілігінің және Аллаһқа деген құлшылық-ғибадатының куәсі болды. Ол екеуі бір күні түнде түс көрді. Ұйқыдан тұрып Юсуфқа «ол екеуінің бірі: «Мен түсімде шарап сыққанымды көрдім», - деді. Екіншісі: «Мен төбеме нан көтеріп жүр екенмін. Одан құстардың шоқығанын көрдім. Бізге бұл түстердің жоруын айтып бер. Күдіксіз, біз сені игілік істеушілердің (санатында) көреміз», - деді». Юсуф екеуіне: «Сендерге азық болар тамақ келмей жатып екеуіңе оның жоруын айтып беремін. Бұл маған Раббымның үйреткендерінен. Шынында Аллаһқа сенбеген және Ақырет күніне қарсы келген бір елдің дінін тастадым. Аталарым: Ибраһим, Исхақ және Яъқубтардың дінін ұстандым», - деді».

    Сөйтіп Юсуф оларға өзін таныстырды. Олар Ибраһимды білетін. Сосын Юсуф ол екеуіне уағыз-насихат айтып:

    «Біздің Аллаһқа ешбір серік қосуымыз тиіс емес. Бұл бізге әрі адам баласына Аллаһтың бір мархабаты. Бірақ адамдардың көбі шүкіршілік қылмайды. Ей, абақты жолдастарым! Бөлек-бөлек раббылар жақсы ма, әлде Жалғыз, Өктем Аллаһ па? Сендердің Одан өзге табынғандарың өздерің мен аталарың атаған жалан аттар ғана. Аллаһ оларға (табынуға қатысты) ешбір дәлел түсірмеген. Үкім Аллаһқа ғана тән. Ол Өзіне ғана құлшылық қылуларыңды бұйырған. Міне, осы тұп-тура дін. Бірақ адамдардың көбі білмейді», - деді.

    Сосын ол олардың түстерін жорыды:

    «Ей, абақты жолдастарым! Біреуің қожайынына шарап құяды. Ал басқа біреуің дар ағашқа керіліп, басын құс шоқиды. Міне екеуің жоруын сұраған іс бітті. Ол құтылады деп ойлаған екеуінің біріне: «Қожайыныңның жанында мені ескер!», - деді».

    Яғни, қожайыныңның алдында шарап құюшы болып жүрген кезіңде мені оған айт деді.

    Расында да олардың бірі дар ағашқа керіліп өлтірілді. Ал екіншісі абақтыдан шығып, патшаның шарап құюшысы болды. Бірақ ол Юсуфтың тапсырмасын ұмытып кетеді. Аллаһ Тағала:

    «Сонда шайтан қожайынының алдында еске алуды ұмыттырды да, сондықтан (Юсуф) бірнеше жыл абақтыда жатып қалды», - деген.

    Сонымен Юсуф жеті жыл абақтыда жатты делінген. Бұл оның өмір жолындағы тағы бір сынақ еді.

    Патшаның түсі

    Күндер өтті. Бір күні патша түс көрді. «Патша: «Түсімде жеті семіз сиырды жеті арық сиыр жеп жатқанын және жеті жасыл сабақтар мен тағы сондай қурағандарын көрдім. Ей, ел ағалары! Егер түс жоритын болсаңдар, менің түсімді жорыңдар», - деді. Олар: «Бұл шым-шытырық бір түс екен. Біз мұндай түстердің жоруын білмейміз», - деді». Сонда «ол екеуінің құтылғаны (Юсуфты) бірталайдан кейін есіне алды да: «Мен сендерге оның жоруының хабарын беремін. Дереу мені (абақтыға) жіберіңдер», - деді».

    Ол Юсуфқа барып: «Ей, шыншыл Юсуф! Бізге жеті семіз сиырды жеті арық сиырдың жеуін және жеті жасыл сабақ пен қурағандары жайын жорып бер. Олардың да оны білулері үшін адамдарға қайтып барайын», - дейді. Юсуф: «Жеті жыл әдеттегіше егін егесіңдер де, сонда орғандарыңды бастырмай сабақтарында қойып, тек аздап жейтіндеріңді ғана аласыңдар. Тағы бұдан кейін жеті қатты (ашаршылық жыл) келеді. Аздап сақтағандарыңнан басқа бұрыннан сол үшін жинағандарыңды жейсіңдер. Ал бұдан кейін адамдар жаңбырға кенеліп, онда жемістердің суын сығатын жыл келеді», - деді».

    Юсуф түсті жорып қана қоймай онда аян етілген аштықтан қалай құтылу жолын да үйретті.

    Сөйтіп шарап құюшы бұл хабарды патшаға жеткізді. Мұндай жоруға қатты риза болған «патша: «Оны маған алып келіңдер», - деді».

    Юсуфтың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) абақтыдан шығуы

    Патшаның елшісі Юсуфқа келіп өзімен бірге қожайынының алдына баратынын айтты. Бірақ Юсуф абақтыдан шығудан бас тартты. Ол айыпсыз болып шыққысы келген-ді. «Шабарман келген кезде (Юсуф): «Қожайыныңа қайтып бар. Қолдарын тураған әйелдердің мақсаттары не екен? (Соны) сұра! Күдіксіз Раббым олардың қулықтарын толық біледі», - деді». Елші қайтып патшаға келіп, арада болған әңгімені айтып берді. Сонда патша уәзірдің үйінде Юсуфты көрген әйелдерді жинап: «Юсуфтың көңілін ауламақшы болғандарыңда жағдай не еді?», - деп (сұрайды). (Әйелдер): «Аллаһ сақтасын! Оған байланысты ешқандай жамандық білмедік», - деді. Уәзірдің әйелі де: «Міне шындық ортаға шықты. Оның көңілін аулауды қалаған мен едім. Расында, ол анық шыншылдардан еді. Бұл расында, оған астыртын қиянат қылмағанымды білуі үшін. Күдіксіз Аллаһ қиянатшылардың қастығын жөнге салмайды. Нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады. Бірақ та Раббым рақымшылық қылса ол басқа. Күдіксіз Раббым аса Жарылқаушы, өте Мейірімді», - деді».

    Сонда Юсуфтың кінәсіз, білімді әрі дана жігіт екенін біліп «патша: «Оны маған алып келіңдер. Оны өзім үшін арнаулы адам қылып алайын», - деді».

    Юсуфтың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қазына уәзірлігіне тағайындалуы

    Юсуфпен әңгімелескен патша оның әйелдер сипаттағанынан да ұлырақ екеніне көз жеткізді. «Патша Юсуфпен сөйлескен кезде: «Әрине бүгін алдымызда елеулі орның мен сенімің бар», - деді. (Юсуф патшаға): «Мені жер қазыналарына басшы қыл. Өйткені мен оны сақтауды білемін», - деді». Юсуф мемлекет қазынасын орынды жұмсаудың жолын білетін. Аллаһ Тағала:

    «Міне, осылайша Юсуфты ол жерге орналастырдық, қалаған жерінде отыра алады. Біз қалағанымызды мархабатымызға бөлейміз. Сондай-ақ игілік істеушілердің еңбегін зая қылмаймыз. Әрине иман келтіріп, тақуа болғандардың Ақыреттегі сыйлығы тағы жақсы», - дейді.

    Сонымен Юсуф мемлекет істеріне басшылық жасай бастады. Патша оған билікті түгелдей сеніп тапсырып қойды. Молшылық жылдардың түсімінен Юсуф мүмкіндігінше пайдаланып, дәнді дақылдар мен азық-түліктер жинады.

    Юсуфтың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) бауырларымен кездесуі

    Оның билікте отырғанына жеті жыл толған кезде құрғақшылық басталды. Ашаршылық Мысыр елінен басқа барлық жерлерді қамтыды, Палестинаға да жетті. Яъқуб сол уақытта ұлдарымен қуаң далада өмір сүретін. Оларды да ашаршылық діңкелетті. Сөйтіп Палестинадан Мысырға керуендер ағыла бастады. Олар Юсуфтан азық-түліктер сатып алатын. Бірақ ол әрбір адамға бір түйенің жүгінен артық бермейтін еді. Сондықтан азық-түлік сатып алмақ болғандар отбасы мүшелерімен келетін. Солардың қатарында «Юсуфтың да туыстары келіп, алдына кірді. Сонда (Юсуф) оларды таныды да, олар оны танымады».

    Туыстарына азық-түлік бермей тұрып Юсуф: «Сендер кімсіңдер? Қайдан келдіңдер?», - деп сұрастырды. Олар: «Біз жатжерлікпіз», - деп жауап берді. Сосын: «Әке-шешелерің кім? Сендердің басқа бауырларың бар ма?» - деп сұрады. Сосын оларды құрметтеп, «Юсуф олардың жүктерін әзірлеткен сәтте: «Маған (бір) әкеден (туған) бауырларыңды (Биняминді) ала келіңдер. Шын мәнінде (астық) өлшеміне беріктігім мен меймандостардың жақсысы екенімді көрмейсіңдер ме? Егер оны маған әкелмесеңдер менде сендерге өлшеп берер (астық) жоқ және маған жақындамаңдар», - деді. (Юсуфтың туыстары): «Біз оны әкесінен алуға тырысамыз. Сөзсіз мұны орындаймыз», - деді. Сосын «Юсуф жігіттеріне: «Олардың (астық сатып алу үшін әкелген) нәрселерін жүктерінің ішіне салыңдар. Үйлеріне қайтып барған кезде оны біліп, мүмкін қайтып келер», - деді».

    Юсуф олардың қайта оралуын қалайтын. Сондықтан да туыстары қайтып келуге мүмкіндік таппай қалмас үшін астыққа төлем ретінде әкелген бұйымдарын өздеріне қайтарып берді. «Сонда олар әкелеріне қайтып барғанда: «О, әкеміз! Бізге (астық) өлшемі тоқтатылды. Сондықтан бауырымыз (Биняминді) бізбен жібер, (азық) өлшеп алайық. Біз әлбетте оны қорғаймыз», - деді. (Яъқуб): «Бұдан бұрын бауырына байланысты сендерге сенгенім сияқты бұған да сендерге сенейін бе? Дегенмен Аллаһ толық Қорғаушы әрі Ол мейірімділердің ең Мейірімдісі», - деді». Олар әкелеріне қанша жалынса да разылық бермеді. «Жүктерін ашқанда өздеріне қайтарылған нәрселерін тапты да: «О, әкеміз! Не істейміз? Міне нәрселеріміз өзімізге қайтарылыпты. Біз отбасымызды қамтамасыз етіп, бауырымызды қорғаймыз. Сондай-ақ, тағы бір түйе (астық) өлшемін алуымызға болады. Негізінде бұл өлшеп әкелгеніміз шамалы», - деді».

    Аллаһ Тағала Яъқубтың жүрегіне Биняминді туыстарымен жіберуді салды. Ол ойлана келе: «Бәрің қолға түссеңдер де міндетті түрде оны маған әкелулеріңе байланысты Аллаһпен серт бергендеріңе дейін оны сендермен бірге жібере алмаймын», - деді. Сөйтіп олар әкелеріне серт берген кезде әкелері: «Аллаһ айтқанымызға Уәкіл», - деді. (Яъқуб) ұлдарына: «Ей, ұлдарым! Қалаға бір қақпадан кірмей бөлек-бөлек қақпалардан кіріңдер. Сендерден Аллаһтың (жазмышында) ешнәрсе де пайда бере алмаймын. Үкім Аллаһқа ғана тән. Оған тәуекел еттім. Сондай-ақ, тәуекел етушілер Оған тәуекел етсін», - деді. Олар әкелерінің әмірімен кірген болса да оларға Аллаһтың (жазмышында) ешнәрсе де пайда бере алмайтын еді. Тек Яъқуб көңіліндегі бір қажетін атқарған болды. Өйткені ол біздің үйретуіміз себепті білім иесі еді. Алайда оны адамдардың көбі білмейді».

    Оның он бір ержеткен ұлдары болды. Яъқуб оларға көз тиюінен немесе жұрттың күншілдік сезімінен қорқып қала қақпаларынан бөлек-бөлек кіруге бұйырды. Өйткені, көз тию – шын.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Көз (тию) – ақиқат», - деген (Имам әл-Бұхари, Имам Муслим және басқалар риуаят етті).

    Бірақ Аллаһтың жазмышы болмақ.

    Сонымен Яъқубтың ұлдары жолға шығып Мысырға келді. «Олар Юсуфтың жанына кіргенде ол бауырын өз қасына алды». Юсуф оларға қонақжай танытып, әрбір екеуіне бір бөлмеден берді. Ал інісі Биняминді құшақтап, бауырына басып: «Мен сенің ағаңмын. Олардың істегендеріне кейіме», - деді».

    Туыстары Биняминге де әлімжеттік көрсетіп, түртпектейтін. «(Юсуф) олардың заттарын қамдағанда ыдысты інісінің жүгінің ішіне салды да, (олар жүрген кезде) бір жаршы: «Ей, керуеншілер! Сендер анық ұрысыңдар», - деп айғайлайды. Олар бұларға бұрылып: «Не нәрсе жоғалттыңдар?» - деді. Бұлар: «Патшаның қадағын жоғалттық. Оны әкелген кісіге бір түйеге жүк сыйлық бар әрі мен оған жауаптымын», - деді. Олар: «Аллаһпен ант етеміз. Расында бұл жерге бұзақылық (істеу) үшін келмегенімізді білдіңдер. Сондай-ақ, біз ұры емеспіз», - деді. Бұлар: «Егер өтірік айтушы болсаңдар, оның жазасы не?» - деді. Олар: «Оның жазасы – (қадақ) кімнің жүгінен шықса, соның өзі жазаға тартылады. Біз залымдарға осылайша жаза береміз», - деді».

    Мысыр елінің заңы бойынша ұрыға дүре соғылатын немесе өлтірілетін. Бірақ Юсуф осылай айла жасап інісін Яъқубтың шариғаты бойынша құл еткенсіп алып қалуды қалады.

    «Інісінің жүгінен бұрын олардың жүгін тінтіп, сонсоң оны бауырының жүгінен шығарды. Осылайша Юсуфқа әдіс үйреттік. Өйткені Аллаһ қаламайынша патша заңы бойынша інісін алып қала алмас еді. Қалаған кісіміздің дәрежесін көтереміз. Сондай-ақ әр білім иесінің үстінде бір білуші бар. Олар: «Егер бұл ұрлық қылса, әрине ағасы да бұрын ұрлық қылған болатын», - деді. Сонда Юсуф (ашуын) ішінде сақтап, оларға әшкерелемеді. (Іштей): «Сендер бұдан жаман орындасыңдар. Аллаһ айтқандарыңды жақсы біледі», - деді».

    Сонда олар жалынып: «О, уәзір! Мұның кәрі әкесі бар. Сондықтан оның орнына бірімізді ал. Шын мәнінде біз сені игілік істеушілер ретінде көреміз», - деді. (Юсуф): «Затымызды жанынан тапқан адамнан басқаны алып қалудан Аллаһ сақтасын! Біз онда анық залымдардан боламыз», - деді. Олар Юсуфтан күдер үзген кезде оңашаланып кеңесті. Олардың үлкені: «Білмейсіңдер ме? Расында әкелерің сендерге байланысты Аллаһ атымен серт алған. Сондай-ақ бұрын да Юсуфқа қатысты зор айыптысыңдар. Сондықтан әкем рұқсат бергенше немесе мен үшін Аллаһ бір үкім шығарғанға дейін осы жерден әсте тапжылмаймын. Ол үкім етушілердің ең Жақсысы. Сендер әкелеріңе қайтыңдар да: «О, әкеміз! Шын мәнінде ұлың ұрлық қылды. Біз білгенімізге ғана айғақпыз. Сондай-ақ біз ғайыпты білмейміз. Біз болған қала мен бізге кездескен керуеннен сұра. Сөз жоқ, шын айтамыз», - деңдер, - деді».

    Қалған тоғызы елдеріне қайтып, болған жағдайдан хабар бергенде әкелері Яъқуб:

    «Олай емес. Сендерді нәпсілерің бір іске қызықтырған екен. Енді маған көркем сабыр керек. Бәлкім Аллаһ олардың бәрін маған келтірер. Өйткені Ол толық Білуші, хикмет Иесі», - деді. Сөйтіп олардан теріс айналып: «Оһ, қайран Юсуф!» - деп күйіктен көздері ағарып, қасірет шегіп іштен тынды. Олар әкелеріне: «Аллаһқа ант етеміз! Күйіктен езіліп, опат болғанға дейін Юсуфты жоқтай бересің», - деді. (Яъқуб): «Мен күйзелісімнен де, қайғымнан да Аллаһқа ғана шағым айтамын әрі Аллаһтан сендер білмеген нәрсені білемін», - деді. (Сосын оның жүрегінде үміт оты жанып): «Ей, ұлдарым! Барыңдар да Юсуф пен інісін іздестіріңдер және Аллаһтың мархабатынан күдер үзбеңдер. Өйткені Аллаһтың рақымынан қарсы болған қауым ғана күдер үзеді», - деді».

    Олар әкелерінің тілін алып жолға шықты. Бірақ оларда пұлдауға жарайтын ешқандай бұйым, зат жоқ еді. Мысырға келген олар «Юсуфқа барып кірген кезде: «О, уәзір! Бізге және отбасымызға ашаршылық тиді. Біз мардымсыз бір нәрсемен ғана келдік. Сонда да толықтай (астық) өлшеп бер және бізге садақа да қыл. Күдіксіз Аллаһ садақа берушілерді марапаттайды», - деді». Олар әр жылы келіп бір жылдық астық алып кетіп тұрған-ды. Бұл үшінші жыл еді. Бұл жолы оларда астық сатып алатын ешнәрсе қалмаған болатын. Олар Юсуфқа жалынып садақа сұрады. Сонда Юсуф:

    «Сендер надандықтан Юсуф пен оның інісіне не істегендеріңді білесіңдер ме?» - деді. Олар: «Сен өзің шын Юсуфсың ба?» - деді».

    Арадан бірталай уақыт өткен еді. Құдыққа тасталған кезде ол жас бала тұғын. Ал қазір ол үлкен ер жігіт болған. Юсуф:

    «Мен Юсуфпын, мынау інім. Расында Аллаһ бізге игілік жасады. Шын мәнінде кім Аллаһтан қорқып, сабыр етсе, күдіксіз Аллаһ игілік істеушілердің еңбегін зая қылмайды», - деді. Олар: «Аллаһқа ант етеміз! Рас Аллаһ сені бізден артық қойды. Өйткені біз қателескен едік», - деді. (Сонда Юсуф): «Бүгін сендерге сөгіс жоқ. Аллаһ сендерді кешіреді. Ол мейірімділердің ең Мейірімдісі. Енді мына жейдемді апарып, әкемнің бетіне жабыңдар, көз жанары қалпына келеді. Түгел үй-іштеріңмен маған келіңдер», - деді. Керуен (Мысырдан) шыққан кезде әкелері (Яъқуб): «Егер алжыды демесеңдер, шын мәнінде, мен Юсуфтың иісін сезіп отырмын», - деді. (Адамдар): «Аллаһқа ант етеміз! Әрине сен бұрыңғыдай жаңылысып отырсың», - деді. Сүйінші келген сәтте-ақ жейдені Яъқубтың бетіне жаба сала оның көзі көруге айналды да, ол: «Аллаһ тарапынан сендер білмейтін нәрсені білемін демеп пе едім?» - деді. (Ұлдары): «О, әкеміз! Күнәларымыздың кешірілуін тіле! Расында біз қателескен едік», - деді. (Яъқуб): «Сендер үшін Раббымнан кейінірек кешірім өтінемін. Өйткені Ол аса Кешірімді, өте Мейірімді», - деді».

    Яъқубтың ұлдарына:

    «Сендер үшін Раббымнан кейінірек кешірім өтінемін» дегендегі мақсаты, ғұламалардың айтуынша, дұғасын таң алдындағы уақытқа қалдыру еді. Бірде Омар (Аллаһ оған разы болсын) мешітке келіп, бір кісінің: «Аллаһым! Мені шақырдың, жауап бердім. Маған бұйырдың, бойсұндым. Міне сахар (таң алдындағы уақыт (сәресі уақыты), мені кешір», - деп дұға қылып жатқанын естиді. Құлақ салып қараса дауыс Абдуллаһ ибн Масъудтың (Аллаһ оған разы болсын) үйінен шығып жатыр екен. Омар (Аллаһ оған разы болсын) бұл жайында сұрғанда ол: «Өйткені Яъқуб ұлдарына деген дұғасын таң алдындағы уақытқа қалдырған», - деп жауап берген. Сондай-ақ Аллаһ Тағала:

    «Таң алдында кешірім сұраушылар» (Әлі Имран сүресі, 17 аят), - деп атап көрсеткен.

    Сонымен қатар пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    «Раббымыз әр түні дүние аспанына түсіп: «Тәубе етуші бар ма, тәубесін қабылдайын. Сұраушы бар ма, (тілегенін) берейін. Кешірім өтінуші бар ма, оны кешірейін», - дейді», - деген (Имам Муслим және Имам Ахмад риуаят еткен).

    Юсуфтың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) ата-анасымен кездесуі

    Яъқубтың отбасы Мысырға барды. «Олар Юсуфтың қасына барғанда ол әке-шешесін өз қасына алды да: «Аллаһтың қалауы бойынша Мысырға бейбіт түрде кіріңдер», - деді. Әке-шешесін таққа көтерді. Барлығы (Юсуфқа) сәждеге жығылды».

    Яъқубтың шариғатындағы сәжде, періштелердің Адамға қылған сәждесі сияқты құрмет мағынасындағы сәжде еді. Бірақ Ислам шариғатында құрмет сәждесі харам етілген.

    Сонда Юсуф:

    «О, әкетайым! Міне бұрыңғы көрген түсімнің жоруы. Раббым оны ақиқатқа шығарды. Сондай-ақ шайтан бауырларым мен менің арамды бұзғаннан кейін мені абақтыдан шығарып, сахарадан сендерді келтіріп, маған игілік көрсетті. Күдіксіз Раббым қалағанына өте Мейірімді. Ол толық Білуші, хикмет Иесі. Раббым маған патшалық беріп, түстердің жоруын үйреттің. Көктер мен жердің Жаратушысы, Сен дүние-Ақыретте Иемсің. Мені бойсұнған күйде өлтіріп, игілермен бірге қыл!» - деді».

    Міне ұлы мағыналар мен ғибраттарға толы Яъқуб және Юсуф пайғамбарлардың (оларға Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы.

    Юсуфтың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасынан алынар өнеге-ғибраттар

    1. «Юсуф пен оның бауыры әкемізге бізден сүйіктірек» деген сөзден ұғарымыз: бір кісінің өз балалары мен қыздарын әртүрлі дәрежеде жақсы көруіне ешқандай тосы жоқ. Бірақ, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мұны білдірмеуді ескерткен. Балаларға деген сүйіспеншіліктің әр қилы болуына тыйым салынбаған. Бірақ, олардың арасында әділ болуы және олардың арасында бір-бірлеріне дұшпандық туғызбау үшін кісі өз сезімін жасыруы керек.

    2. Күнә істеуге ниет етіп, сосын тәубе етуді қалаған адамның тәубесі қабыл болады ма? Ғұламалар: «Тәубе есігі әрдайым ашық», - дейді. Себебі Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

    «Аллаһ Тағала түнде күндіз жамандық істегендердің тәубесін қабыл ету үшін қолын жаяды. Ал күндіз түнде жамандық істегендерден тәубесін қабыл ету үшін қолын жаяды» делінген. Бірақ қорқыныштысы, күнә істеген кісіге өлімнің тәубе етудің алдында келуі.

    3. «Олар іңірде әкелеріне жылап келді» деген аятта Аллаһ Тағала көз жасының әрдайым ақиқат бола бермейтініне нұсқау жасаған. Ағмаш есімді бір ғалым ең әділ қазылардың қатарына жататын Шурайхтың мәжілісінде отырғанда бір әйел кісі әлдебіреумен дауласып келіп, еңіреп жылай бастады. Сол кезде Ағмаш: «Көрмей тұрмысың? Ол жылап тұр ғой», - деді. Оған Шурайх: «Расында Юсуфтың бауырлары да іңірде жылап келген еді. Әділ үкім шығар», - деп жауап берді. Яғни төрелік көз жасына емес ақиқатқа қарап айтылады.

    4. Юсуфтың: «Қожайыныңның жанында мені ескер!» - деген сөзінде мақлұқтан қолынан келетін нәрсені сұрауға болатынына дәлел бар.

    5. Юсуфтың: «Мені мемлекеттің қазына бастығы қыл. Өйткені мен оны сақтауды білемін», - деген сөзінен: бойында бір іске қабілет әрі аманатшылдық қасиет табылатынына сенген адам сол жұмыстың өзіне жүктелуін сұрауға болатындығын көреміз.

    Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Әл-бидәя уа ән-ниһая».