Нұх пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
Бөлімдер
Full Description
Нұх пайғамбар
(оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
قصة نبي الله نوح عليه السلام
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Қазақ тілі командасы орналасуы Dar әл-Ислам
Islamhouse.com
Нұх
(оған Аллаһтың сәлемі болсын)
Нұх ибн Ламит ибн Матушалих ибн Идрис. Идрис – оның бабасы. Ол кездегі адамдар ұзақ жасайтын. Сол сияқты Нұх та мың жылдан астам уақыт өмір сүрді. Оның уақытында адамдар арасында күпірлік пен ширк (Аллаһқа серік қосу) көбейді, адамдар пұттарға табынды. Адам тұсында негізгі сенім таухид (бірқұдайшылық) болса, Нұхтың елші ретінде жіберілу қарсаңында ширк негізгі сенім дәрежесіне шыққан еді. Ибн Аббастан (әкесі екеуінен Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Адам мен Нұхтың арасы барлығы ислам болған он ғасыр», - деген (Имам әл-Бұхари риуаят еткен).
Демек, адамдар Адамнан кейін мың жыл таухидте өмір сүрді. Сосын шайтан азғырып, олар пұттарға табына бастады. Иман, таухид және жалғыз Аллаһқа ғибадат ету жойылып, пұттар құлшылық-ғибадаттың негізіне айналды. Сонда Нұх келді және ол Аллаһ жолына шақыруда өте үлкен күш-қайрат жұмсады. Аллаһ Тағала:
«Расында Нұхты еліне: «Қауымыңды күйзелтуші азап келуден бұрын ескерт», - деп жібердік», - деп айтқан (Нұх, 1 аят ).
Нұх қауымына күтіп тұрған азапты ескертіп:
«Негізінде мен сендерге ашық ескертушімін. Аллаһқа құлшылық қылыңдар, Одан қорқыңдар да, маған бағыныңдар. (Аллаһ Тағала) күнәларыңды кешіреді және өздеріңді белгілі бір мерзімге дейін кешіктіреді. Егер білген босаңдар, расында, Аллаһтың өлшеулі мезгілі жетсе кешіктірілмейді», - деді (Нұх, 2-4 аяттар).
Нұх дағуат жасап күні-түні олардың үйлеріне, жиындарына барды. Олармен ашық және құпия түрде кездесіп, жалпы және жеке сөйлесті. Нұх оларды тоғыз жүз елу жыл бойы Аллаһтың жолына шақырды. Сосын ол Раббысына:
«Раббым! Расында мен елімді күндіз-түні шақырдым. (Бірақ) шақыруым олардың қашуын ғана арттырды. Мен оларды Сенің кешіруің үшін шақырған сайын олар саусақтарын құлақтарына тығып, киімдерін бүркенген бойда қасарысып, паңданған сайын паңданды. Сосын мен оларды дауыстап шақырдым. Одан кейін мен оларға жария қылып және құпия түрде жасырын да айттым. (Сондай-ақ, оларға): «Раббыларыңнан кешірім өтініңдер. Өйткені, Ол – аса Кешірімді, Ол, сендерге аспаннан мол-мол (жаңбыр) жібереді, сендерді малдармен, балалармен қамдайды, сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады. Аллаһтың ізетін ойламайтындай сендерге не болды? Расында Ол сендерді түрлі жағдайларда жаратты. Аллаһтың жеті аспанды қабат-қабат жаратқанын көрмейсіңдер ме? Олардың ішінде айды нұр қылып, күнді жарық қылды. Аллаһ сендерді жерден өсіріп өндірді. Сосын сендерді ол жерге қайтарады да, сонан кейін қайта шығарады. Аллаһ сендерге жерді оның кең жолдарында жүрулерің үшін төсеніш қылды», - дедім», - деп үн қатты (Нұх сүресі, 5-20 аяттар).
Сол уақытта Нұхтың қауымын бір кәпір патша билейтін. Ол өз халқына оған құлақ салмауды және пұттарға табынуды тастамауды бұйырды. Оларға онымен жолығуға тыйым салды. Адамдар патшаға еріп, Нұхтан теріс айналды. Сонда ол:
«Раббым! Расында олар маған қарсы келіп, малдары, балалары өздеріне зияннан басқа нәрсе арттырмаған біреулерге ілесті. Олар зор айлакерліктер істеді және олар: «Құдайларыңды тастамаңдар; уад, суағ, яғус, яғуқ және нәсірді әсте тастамаңдар», - деседі. Расында олар көпшілікті адастырды. Раббым! Сен де залымдардың адасуларын ғана арттыр», - деп дұға қылды (Нұх сүресі, 21-24 аяттар).
Әлгі патша Нұхтың ізбасарларының қатарында бір нәрсені байқады. Олардың барлығы әлсіздер, кедей-кепшіктер еді. Сөйтіп патша бір айла ойлап тапты. Ол Нұхқа: «Біз саған адамдармен сөйлесуіңе, оларды дағуат етуіңе рұқсат береміз. Мүмкін біз де саған иман келтіретін шығармыз. Біз сенімен бірге отырып, сөйлесіп, сенің шақыруыңды қабылдауымыздан бұрын бір шарт қоямыз. Сен анау кедей-кепшіктерді қуып жібер. Олар бейшаралар, ал біз беделді адамдармыз, олармен бірге отырмаймыз. Біздің ел арасында атақ-абыройымыз бар. Ал олар болса, қауымның шеткеқағарлары. Егер біздің саған құлақ салып ілесуімізді қаласаң, оларды қуып жібер. Болмаса біз сенімен бірге бола алмаймыз», - деді. Олардың қойған шарттарымен Нұхтың оларға қайтарған жауабы Құранда:
«Қауымының қарсы болған бастықтары: «Шынында біз сені өзіміз тәрізді адам ретінде көреміз және саған тар көзқарастағы шетқағарларымыздан басқаның ергенін көрмейміз. Сондай-ақ сендердің бізден бір артықшылықтарыңды да көрмейміз. Керек болса, сендерді өтірікші деп ойлаймыз», - деді. (Нұх): «Ей, елім! Көрдіңдер ме? Мен Раббым тарапынан ашық бір дәлелде болсам және Ол Өз қасынан бір мархабат көрсетсе, ал ол сендерге көрінбесе, сондай-ақ, оны жек көрсеңдер, біз зорлап қабылдата аламыз ба? Ей, елім! Сендерден бұл үшін мал сұрамаймын. Алар ақым – Аллаһта ғана. Ал мен иман келтіргендерді қумаймын. Өйткені, олар Раббыларына жолығушылар. Бірақ мен сендерді надандық істеп тұрған қауым ретінде көремін. Ей, елім! Егер мен оларды қусам, мені Аллаһтан кім қорғайды? Түсінбейсіңдер ме?! Сендерге: «Менде Аллаһтың қазыналары бар демеймін, мен ғайыпты да білмеймін. Мен бір періштемін демеймін және көздеріңе ілмейтіндерге: «Аллаһ сендерге жақсылық қылмайды», - деп те айтпаймын. Аллаһ олардың көкейлеріндегіні жақсы біледі. Онда (егер оларды қусам), мен залымдардан болармын», - деді. Олар: «Ей, Нұх! Сен бізбен жанжалдасып, талас-тартысты көбейтіп жібердің. Шын айтқан болсаң, енді бізге бопсалаған нәрсеңді келтір», - деді. (Нұх): «Егер қаласа, оны сендерге Аллаһ қана келтіреді. Сендердің (одан бас сауғалауға) әлдерің келмейді. Егер Аллаһ сендерді адастыруды қаласа, сендерге насихат айтуды қаласам да, насихатым сендерге пайда бермейді. Ол – Раббыларың, сендер Оған қайтарыласыңдар», - деді», - делінген (Һуд сүресі, 27-34 аяттар).
Сонымен Нұх пен қауымының ортасында қарама-қайшылық басталды. Аллаһ Тағала: «(Мұхаммед) оларға Нұхтың хабарын оқы. Ол қауымына: «Ей, Елім! Араларыңда тұруым, Аллаһтың аяттарын үгіттеуім сендерге ауыр келген болса, онда Аллаһқа тәуекел еттім. Ал енді сендер және серіктерің не істейтіндеріңде бірлесіңдер (жиналыңдар). Сосын істерің өздеріңе мұң болмасын. Кейін маған мұрса бермей-ақ қолдарыңнан келгенін істеңдер!» - деген» (Юнус сүресі, 71 аят).
Дағуаттың тоқтауы
Нұхтың қауымы айтқан нәрселеріне құлақ салмай, оны жындыға санады. Адамдардың иманға келуі тоқтады. Жүздеген жылдар өтсе де ешкім иман келтірмеді. Жаңадан келген әрбір ұрпақ бұзықтықта алдыңғысынан асып түсті. Алайда Нұх оларды шақырудан жалықпады. Бірақ санаулы адамдардан басқа ешкім иман келтірмеді. Сонда Аллаһ Тағала тарапынан «Нұхқа: «Еліңнен (бұрын) иман келтіргендерден басқалары (енді) әсте иман келтірмейді. Енді олардың істегендеріне кейіме», - деп уахи етілді» (Һуд сүресі, 36 аят).
Нұх тоғыз жүз елу жыл бойы Аллаһ Тағаладан бұйрық келгенге дейін үмітін үзген жоқ еді.
Аллаһ Тағала: «Рас Нұхты еліне жібердік. Сонда олардың ішінде тоғыз жүз елу жыл тұрды», - деп айтқан (Анкабут сүресі, 14 аят).
Сондағы Нұхқа ілескендердің саны бір деректе: он адам, ал тарихшылар сексен адам деп көрсеткен. Енді Аллаһтан олардан басқа ешкім иман келтірмейді, деп әмір келген уақытта ол: «Раббым! Расында олар маған қарсы келіп, малдары, балалары өздеріне зияннан басқа нәрсе арттырмаған біреулерге ілесті. Олар зор айлакерліктер істеді. Және олар: «Тәңірлеріңді тастамаңдар; уад, суағ, яғус, яғуқ және нәсірді әсте тастамаңдар», - деседі. Расында олар көпшілікті адастырды. Раббым! Сен де залымдардың адасуларын ғана арттыр. Раббым! Жер жүзінде кәпірлерден ешбір тұрғын қалдырма. Егер оларды қалдырсаң, құлдарыңды жолдан адастырады да бұзақы кәпір (балаларды) ғана туады», - деді (Нұх сүресі, 21-24, 26-27 аяттар).
Сосын ол: «Раббым! Мені, әке-шешемді, мүмін болып үйіме кірген (кісіні) және мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді кешір! Ал залымдардың опаттарын ғана арттыр», - деп дұға қылды (Нұх сүресі, 28 аят).
Нұхтың айтқаны басқа бір аятта:
«Раббым! Мені елім өтірікшіге шығарды. Енді мені мен олардың арасын ашып (үкім бер)! Мені және менімен бірге мүміндерді де құтқар!» - деді», - деп келтірген (Шуғара сүресі, 117-118 аяттар).
Аллаһ Тағала:
«Олардан бұрын Нұхтың қауымы да өтірікке санап: «Жынды» деген еді. Ол (Нұх) жәбірленді. Сонда ол Раббысына: «Мен жеңілдім, маған жәрдем бер», - деп дұға қылды», - деп айтқан (Қамар сүресі, 9-10 аяттар).
Кеме жасау
Нұх Аллаһ Тағалаға жәрдем беруін сұрап дұға қылды. Сонда Аллаһтан:
«Сонда оған: «Біздің бақылауымыз және нұсқау-уахиымыз бойынша кеме жаса. Қашан әміріміз келіп, тандыр(дан су) қайнаса, сонда әр жыныстан бір жұп және (жазаға) үкім берілгендерден басқа, отбасыңды алып оған (кемеге) түс. Сондай-ақ, залым болғандар жайында маған сөз айтпа. Өйткені, олар суға батуға тиіс», - деп уахи еттік», - деген алып кеме туралы уахи келді (Муминун сүресі, 27 аят).
«Біздің бақылауымыз және нұсқау-уахиымыз бойынша кеме жаса» дегені: Жәбірейіл түсіп, Нұхқа кеме жасау жолын үйретті. Кеме өте алып, үлкен еді. Бір хабарда, оны жүз жылда жасап бітірді деп айтылады. Олар кемені құрлықта жасады. Ағаш болмағандықтан өздері ағаш отырғызып, сол ағаштар жетілген соң барып кеме жасауды бастады. Темір әкеліп, шеге дайындады.
Аллаһ Тағала Құранда бұл туралы:
«Оны шегелер мен тақтайлардан тұратынға (кемеге) орналастырдық», - дейді (Қамар сүресі, 13 аят).
«Сондай-ақ, залым болғандар жайында маған сөз айтпа. Өйткені, олар суға батуға тиіс» дегені олар үшін дұға қылма, оларды кешіруімді, оларға уақыт беруімді сұрама, Аллаһ оларға үкім шығарып қойды деген мағынада.
Сонда қауымы Нұхтың дағуатты тастап, кеме жасаумен айналыса бастағанына таңданып, оны әжуалай бастады. Олар:
«Ей, Нұх! Пайғамбарлықты тастап, ағаш ұстасы боп кеткенсің бе?» - деп мысқылдады. «Ей, Нұх! Құрлықта кеме жасамақсың ба?» - деп тәлкек етті. Аллаһ Тағала олардың бұл қылығын бізге Құранда:
«Кемені жасап жатқанда, елінің бастықсымақтары жанынан өткен сайын оны тәлкек қылды. (Нұх) оларға: «Егер сендер бізді тәлкек қылсаңдар, біз де сендерді, бізді тәлкек қылғандарыңдай тәлкек етеміз. Әлі-ақ білесіңдер: қор ететін азап кімге келер екен, тұрақты азап кімнің басына түседі екен?» - деді», - деп баян еткен (Һуд сүресі, 38-39 аяттар).
Кеменің сипаты туралы Абдуллаһ ибн Аббас әкесі Аббастан (әкесі екеуіне Аллаһ разы болсын) риуаят еткен хадисте:
«(Кеменің) ұзындығы үш жүз кез, ені елу кез, ал биіктігі отыз кез болды. Төбесі жабық еді және оның бір-бірінің астында (орналасқан) үш есігі болды», - делінген.
Демек, ол төбесі ашық, қарапайым кеме емес тұғын. Төбеден жауған нөсер жаңбыр ішіне құйылып батырып жібермеуі үшін ол асты-үстінен жабылған, су асты кемесі тәрізді болатын. Ол кеме үш қабатты еді, оның әр қабатында бір қатардың бойында орналасқан жеке есіктері болды.
Бұл кеме қазіргі таңға дейін сақталған. Аллаһ Тағала оны бұзбай, сақтайтынын бізге Құранда:
«Расында оны (кемені) ғибрат қып қалдырдық. Сонда түсінуші бар ма?» - деп айтқан (Қамар сүресі, 15 аят).
ХХ ғасырда ғалымдар Нұхтың кемесін іздеп тапты. Кеме екіге бөлініп кеткен. Біз жоғарыда сипаттағандай, төбесі жабық, үш қабатты кеме Түркиядағы Арарат тауынан табылған. Ол кеме бейнетаспаға да түсіріліп, кезінде телехабарларда көрсетілді.
Топан су
Кеме жасалып біткен соң топан су келді. Аллаһ Тағала Нұхқа белгі берді. Ол Нұхқа осы белгі көрінген кезде, мүміндер мен отбасын және жер бетінде өмір сүретін жануарлардың әрқайсысынан бір жұптан алып кемеге мінуді бұйырды. Ал ол белгі тандырдан судың қайнап шығуы болатын. Тәпсіршілер «тандыр» сөзі туралы бір-біріне қарама-қайшы пікірлер айтқан. Кейбіреулері тандырды су шығатын бұлақ деп ұққан. Бірақ, бұл пікірлердің ең дұрысы, аяттағы «тандыр» - кәдімгі от жағып нан пісіретін орын. Аллаһ Тағала:
«Ақыр әміріміз келген заманда, тандырдан су қайнады. (Нұхқа) оған (кемеге) әр нәрседен бір жұп және (жазаға) үкім етілгендерден басқа, отбасың мен иман келтіргендерді орналастыр», - дедік. Негізінде онымен бірге аз ғана (адам) иман келтірді», - деген(Һуд сүресі, 40 аят).
Сонымен бір күні Нұх сол белгіні көрді. Тандырдан су қайнап шыға бастады. Ол тез беткейдегі кемеге бет алды. Ал онда жер бетіндегі әрбір жануардан бір-бір жұп жиналып, кемеге кіруді күтіп сап түзеп тұр еді. Аллаһ Тағала оларды жер шарының әр қиырынан алып келген-ді. Кеменің астыңғы қабатына жыртқыштар мен басқа жануарлар, орта қабатына адамдар, ал үстіңгі қабатына құстар орналасты. Нұх кемеге өзіне ерген мүміндерді және жан-жануарларды жайластырып болған кезде Аллаһ Тағаладан жер бетіндегі нәрселердің барлығының жойылуы туралы әмір келді. Бұл әмір аспан есіктері ашылып жаңбыр құюы және жер қойнауы жарылып су атқылауы арқылы жүзеге асты.
Аллаһ Тағала:
«Сонда аспан есіктерін құйылған жаңбырмен аштық. Жерді жарып, қайнарлар шығардық. Сонда су тағдыр етілген әмір бойынша қосылды. Оны шегелер мен тақтайлардан тұратын (кемеге) отырғыздық. Кәпірлерге жаза ретінде Нұхтың кемесі көз алдымызда жүріп бара жатты», - деп айтқан (Қамар сүресі, 11-14 аяттар).
Жерді су басып, адамдар мен жан-жануарлардың барлығы бата бастады. Аллаһ Тағала: «Расында Нұх бізге жалбарынды. Біз қандай жақсы Қабылдаушымыз! Оны да, отбасын да зор машақаттан құтқардық. (Жер бетінде) оның ұрпақтарын қалдырдық. Оны (Нұхты) кейінгілерге дәріптеттік. Нұхқа әлемдерден сәлем болсын! Біз ізгі (амал) істеушілерді осылай марапаттаймыз. Ол біздің мүмін пенделерімізден. Сосын басқаларды суға батырдық», - деген (Саффат сүресі, 75-82 аяттар).
Нұхпен бірге болғандардан басқаның бәрі суға батты.
«Расында Біз су тасыған кезде сендерді кемеге отырғыздық. Оны сендерге бір ғибрат ретінде және ұғар құлақ есітіп-сақтауы үшін (жасадық)» (Хаққа сүресі, 11-12 аяттар).
Су көбейіп қалалар мен ауылдар және ондағы адамдар суға кетті. Судың беті жер бетіндегі ең биік таулардан он бес кезге дейін жоғары көтерілді деген хабар бар. Аллаһ Тағала осы топан кезіндегі судың көптігін сипаттап:
«Ол (кеме) оларды таулардай толқында алып жүрді» (Һуд сүресі, 42 аят);
«Сонымен Нұх кемеге шықты. Су деңгейі кеменің астына жақындағанда ол: «Оған (кемеге) отырыңдар, Оның жүруі де тұруы да Аллаһтың атымен. Расында Раббым өте Кешірімді, аса Мейірімді», - деді», - деген (Һуд сүресі, 41 аят).
Сол уақытта оған Аллаһтың:
«Өзің және өзіңмен бірге болғандармен кемеге орналассаң: «Мақтау-мадақ бізді залым қауымдардан құтқарған Аллаһқа тән», - де. Сондай-ақ: «Раббым! Мені құтты бір қонысқа түсір! Сен түсірушілердің ең абзалысың», - де», - деген әмір келді (Муминун сүресі, 28-29 аяттар).
Аллаһ Тағала Нұхқа онымен бірге отбасын да құтқаруға уәде берген еді. Шын мәнінде де, оның бір ұлынан басқа барлық отбасы мүшелері, әйелі өзімен бірге кемеге шықты.
Аллаһ Тағала Құранда:
«Аллаһ кәпірлерге Нұхтың әйелі мен Лұттың әйелін мысал ғып көрсетті. Ол екеуі ізгі пенделерімізден екі пенденің некесінде еді. Ол екеуі де (күйеулеріне) қиянат қылды. (Сондықтан екі пайғамбар да) ол екеуін Аллаһтан ештеңе де қорғай алмады. (Ол екі әйелге): «Екеуің (тозаққа) кірушілермен бірге тозаққа кіріңдер», - делінді», - деп айтқан оның кәпір әйелі бұл кезде өліп қалған еді. Ал кемеге мінген әйелі иманды болатын (Тахрим сүресі, 10 аят).
Сөйтіп Нұхтың иман келтірмеген бір кәпір ұлы ғана кемеден сыртта қалды. Оның аты Ям болатын. Оны Канған деп те атайды. Су тасқыны кезінде оны әкесі кемеге шақырды.
Аллаһ Тағала:
«Нұх айрылуда болған ұлына: «Ей, балақайым! Бізбен бірге (кемеге) отыр, кәпірлерден болма!» - деп дауыстады. (Баласы Канған): «Мен судан сақтайтын тауға паналаймын», - деді. (Нұх): «Бүгін Аллаһтың әмірінен, Ол рақымшылық көрсеткендерден басқаға сақтаушы жоқ», - дегенде, екеуінің арасына толқын түсіп, (Канған) суға батқандардан болды» (Һуд сүресі, 42-43 аяттар).
Нұхқа Аллаһ Тағала оның отбасын құтқаруға уәде берген еді. Енді болса, бір ұлы суға батты. Сонда ол Аллаһ Тағалаға жалбарынып:
«Раббым! Негізінде ұлым отбасымнан ғой. Расында Сенің уәдең ақиқат. Сондай-ақ Сен ең тура Үкім Етушісің», - деді (Һуд сүресі, 45 аят).
Алайда, Нұх ұлының суға батқаны үшін Аллаһ Тағалаға қарсылық білдірмеді. Сонда Аллаһ Тағала:
«Ей, Нұх! Ол сенің отбасыңнан емес. Өйткені, ол (ұлыңның істегені) дұрыс іс-амал емес. Сондықтан, білмеген нәрсеңді Менен сұрама. Саған надандардан болмауыңды насихат етемін», - деді» (Һуд сүресі, 46 аят).
Сол кезде Нұх бірден Раббысына тәубе етіп:
«Раббым, білмегенімді сұраудан Өзіңе паналаймын. Егер мені кешіріп, маған рақымшылық қылмасаң, зиянға ұшыраушылардан болармын», - деді» (Һуд сүресі, 47 аят).
Нұх ешқашан Аллаһқа қарсы шықпаған. Оның жалғыз қателігі осы ұлына қатысты қойған сұрағы болды.
Сонымен кеме таулар сияқты толқындарда жүзді. Жер бетін су басып, адамзат тіршілігі және сонымен қатар хайуандар мен құстардың барлығы жойылды. Кемедегілерден басқа ешбір тірі жан қалмады.
Ибн Аббас (әкесі екеуіне Аллаһ разы болсын) олардың кемеде алты ай жүргендігін айтқан. Ақыр соңында Аллаһтың әмірімен су тасқыны тоқтады. Аллаһ Тағаладан:
«Ей, жер! Суыңды жұт. Аспан сен де тоқта» делінді де, су тартылды. Іс бітті. (Кеме) Жуди (тауына) тоқтады. «Залым қауымдар жоқ болсын!» делінді» (Һуд сүресі, 44 аят).
Су тартыла бастады. Сонда Нұхқа бір дыбыс келіп:
«Ей, Нұх! Саған және сенімен бірге болған адамдарға Бізден (болған) сәлеметтік, молшылықтармен (кемеден) түс! Бір халықтарды (дүниеден) пайдаландырамыз да, сонан кейін олар біздің күйзелтуші азабымызға ұшырайды» делінді» (Һуд сүресі, 48 аят).
Нұхтың кемеден түсуі туралы көп хабарлар келген. Сол деректердің кейбірінде, Нұх топан судың тоқтағанын білу үшін көгершінді ұшыратын. Бірақ, көгершін ешнәрсесіз қайтатын. Біразға дейін осылай жалғасты. Сосын бір күні ол көгершінді қайтадан жіберді. Сонда ол бір зәйтун ағашының жапырағын алып келді. Сонда Нұх ағаштар бой көрсетіп, судың тартыла бастағанын білді. Кейін оны тағы да ұшырды. Бұл жолы көгершіннің аяғы лай болып қайтты. Сол кезде ол судың толық тартылғанын білді. Бұл әңгіме тарих кітаптарында кездеседі. Көгершіннің кейбір елдерде «бейбітшілік рәмізі» ретінде танылуына мүмкін осы әңгіме негіз болған шығар. Аллаһ жақсы Білуші!
Кемеден түсу
Нұх және онымен бірге болғандар кемеден түсті. Бүкіл Адам ұрпағынан тірі қалғандар осылар еді. Жерде тек Нұхтың ұрпақтары ғана тіршілік етіп қалды. Сондықтан оны «екінші Адам» немесе «адамзаттың екінші атасы» деп атайды. Өйткені, барлық адамдардың түбі Нұх пайғамбарға барып тіреледі.
Бұл туралы Құранда:
«Расында Нұх бізге жалбарынды. Біз қандай жақсы Қабылдаушымыз! Оны да, отбасын да зор машақаттан құтқадық. (Жер бетінде) оның ұрпақтарын қалдырдық. Оны (Нұхты) кейінгілерге дәріптеттік. Нұхқа әлемдерден сәлем болсын. Біз ізгі (амал) істеушілерді осылай марапаттаймыз. Ол біздің мүмін пенделерімізден. Сосын басқаларды суға батырдық», - деп айтылған (Саффат сүресі, 75-82 аяттар).
Аллаһ Тағала тағы:
«(Ей), Нұхпен бірге (кемеге) мінгізгендеріміздің ұрпақтары!» - дейді (Исра сүресі, 3 аят).
Саъид ибн Мусаййаб (оған Аллаһ разы болсын):
«Нұхтың үш ұлы болды. Сам, Яфис және Хам. Осы үш баладан тағы үш-үш ұлдан дүниеге келді. Самның ұлдары: араб, парсы және румдықтар, Яфистің ұлдары: түрік, славян және яжуж-мәжуж, ал Хамның ұлдары: копт, судан жән-3+
е берберлер», - деп айтқан.
Нұх су тасқынынан кейін үш жүз елу жыл жасады делінген. Ол бүкіл өмірін Аллаһқа ғибадат етумен өткізген.
Нұхтың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қадір-қасиеттері
Нұх жер бетіне жіберілген алғашқы елші еді. Әбу Һурайра (оған Аллаһ разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Қиямет күні мүміндер жиналып «Раббымыздың алдында шапағатшы болатын біреуді іздесек» деп, Адамға келіп: «Ей, Адам! Сен адамзаттың атасысың, Аллаһ сені Өз қолымен жаратты, Өзі саған рух үрледі, періштелерге бұйырып, саған сәжде жасатты және сені жәннатқа орналастырды, бізге Раббымыздың алдында шапағат етпейсің бе? Біздің жағдайымызды көрмейсің бе?» - дейді. (Адам): «Раббым қатты ашуланып отыр. Бұның алдында бұлай ашуланбаған, бұдан кейін де бұлай ашуланбайды. Мені жемістен қайтарып еді, күнәһарлық істедім. Өзім!... Өзім!... Менен басқаға барыңдар! Нұхқа барыңдар!» - дейді. Адамдар Нұхқа келіп: «Ей, Нұх! Сен жер бетіне жіберілген әуелгі елшісің, Аллаһ сені шүкір етуші пенде деген, біздің жағдайымызды көрмейсің бе? Бізге Раббымыздың алдында шапағат етпейсің бе?» - дейді» (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят еткен).
Сондай-ақ, Нұх өзіне жүктелген аманатты қауымына толық жеткізген. Әбу Саъид ал-Худриден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «(Қиямет күні) Нұх пен қауымы келеді де, Аллаһ Тағала (Нұхқа): «(Дінді, таухидты) жеткіздің бе?» - дейді. (Нұх): «Иә, Раббым», - дейді. Аллаһ Тағала (оның қауымынан): «Сендерге (дінді, таухидты) жеткізді ме?» - деп (сұрайды). (Қауымы): «Жоқ! Бізге пайғамбар келген емес», - дейді. Аллаһ Тағала (Нұхтан): «Кім саған куәлік береді?» - деп (сұрайды). (Нұх): «Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) пен оның үмбеті», - дейді. Сөйтіп біз оның жеткізгендігіне куәлік береміз. Аллаһ Тағаланың: «Осылайша сендерді (артық кемсіз) орташа бір үмбет қылдық. Адамдарға куә болуларың, сондай-ақ пайғамбардың сендерге куә болуы үшін», - деген (Имам әл-Бұхари риуаят еткен).
Барша пайғамбарлар Нұх сияқты үмбетін пайда әкелетін барша жақсылықтарға бұйырып, зиян келтіретін жамандық атаулыдан қайтарып ескерткен. Абдуллаһ ибн Омардан (әкесі екеуіне Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларға дажжал туралы әңгімелей отырып:
«Мен сендерді одан сақтандырамын. Барша пайғамбарлар қауымдарын одан сақтандырған. Нұх та қауымын одан сақтандырған», - деп айтқан (Имам әл-Бұхари риуаят еткен).
Аллаһ Тағала Құранда: «Расында ол-шүкір етуші бір пенде еді», - деп сипаттаған (Нахыл сүресі, 3 аят).
Абдуллаһ ибн Омар (әкесі екеуіне Аллаһ разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Нұхтың оразасы туралы:
«Нұх айт (күндерін) есептемегенде (барлық) уақытта ораза тұтатын еді», - деген (Ибн Мәжәһ).
Нұхтың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасынан алынар өнеге-ғибраттар
1. Шайтанның мақсаты адам баласын өзімен бірге тозаққа тарту. Ал тозаққа тартудың ең тиімді жолы – ширк. Себебі Аллаһ Тағала ширкті кешірмейді және оны істеген адамға жәннатты харам етті. Ол туралы Құранда:
«Аллаһ Өзіне ортақ қосылғанын кешірмейді де, бұдан өзге қалаған кісісін кешіреді» (Ниса сүресі, 48 аят);
«Кім Аллаһқа ортақ қосса, расында, Аллаһ оған жәннатты харам етеді. Оның орны тозақ оты. Сондай-ақ залымдар үшін жәрдемші жоқ», - делінген (Мәида сүресі, 72 аят).
Сондықтан шайтан (оған Аллаһтың лағынеті болсын) Адамға деген дұшпандығын жалғастырып, оның ұрпақтарын пұттарға табындырып, тозаққа түсіру мақсатында ғасырлар бойы бағдарламасын түзіп, реттеуде. Сол уақыттан бері ақиқат (таухид) пен жалған (ширк) арасында күрес жалғасып келеді. Шайтан адамдарды ширкке азғырған сайын, Аллаһ Тағала халықты тура жолға бастайтын елшілерін жіберіп отырды. Яғни: барша пайғамбарлардың жіберілу мақсаты – халықты таухидке үндеу болған.
2. Нұхтың қауымына жұмсаған күш-қайратында дағуатшылар үшін үлкен өнеге бар. Ол елін күні-түні, ашық және құпия түрде, жалпы және жеке тәсілде тоғыз жүз елу жыл бойы Аллаһтың жолына шақырды. Оған бар жоғы санаулы-ақ адам иман келтірді. Дағуатшы Аллаһ жолына шақыруда барлық тәсілдерді қолданып, үлкен күш-қайрат жұмсағаны абзал. Ешқашан «қанша айтсам да тыңдамайды» деп күдер үзбеу керек. Себебі оған жеткізу ғана міндет, ал тура жолға салушы – Аллаһ Тағаланың Өзі.
3. Аллаһ Тағаланың: «Ол сенің отбасыңнан емес», - деген сөзінен ұғарымыз: күпірлік туыстық қатынасты үзеді. Мүміннің екінші бір мүмінге ара-қатынасы оның кәпір туысқанымен болған қатынасынан берекелі. Шынайы бауырмалдық иманға негізделеді. Ал кәпірлік туыстықты жояды. Сол үшін Аллаһ Тағала: «Өйткені, ол (ұлың) дұрыс іс-амал емес», - деді. Яғни, ол кәпір болғаны үшін өзі бұзық іс-амал ретінде сипатталды.
4. Аллаһ Тағаланың азабы келгенде одан бірде-бір кәпір аман қалмады. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Егер де Аллаһ Нұх қауымынан біреуді мейіріміне алғанда, бір сәбидің анасын мейіріміне алар еді. Нұх қауымында (дағуат жасап) тоғыз жүз елу жыл тұрды. Сосын жүз жыл ағаш екті. Сосын өскесін оларды кесіп, кеме жасады. (Қауымы) өтіп бара жатып, оны әжуалап: «Құрлықта кеме жасап жатырсың ба? Ол қалай жүзбек?» - дейтін. (Нұх): «Әлі көресіңдер!» - деп айтатын. Көшелерге су толғанда, бір сәбидің анасы қатты жақсы көретін баласы үшін қорқып, таудың үштен біріне шығады. Су жеткен кезде таудың ең үстіне көтерілді. Су мойнына жеткен кезде, (сәбиін) қолымен жоғарыға көтеріп тұрып екеуі де суға батқан. Егер де Аллаһ Нұх қауымынан біреуді мейіріміне алғанда, сол сәбидің анасын мейіріміне алар еді», - деп айтқанын Аиша анамыз (оған Аллаһ разы болсын) риуаят еткен (әт-Табари, Әбу Хатим).
Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Әл-бидәя уа ән-ниһая».