Ибраһим пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
Бөлімдер
Full Description
Ибраһим пайғамбар
(оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
قصة نبي الله إبراهيم عليه السلام
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Қазақ тілі командасы орналасуы Dar әл-Ислам
Islamhouse.com
Ибраһим
(оған Аллаһтың сәлемі болсын)
Ибраһим (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Бабыл (Вавилон) жерінде
Самуд қауымымен болған оқиғадан кейін уақыт өтіп, Аллаһтың тура жолынан ауытқу қайта басталды. Шайтан оларды жаңа жолдармен азғыра бастады. Күпірлік Палестинада, Арабия (Арабстанда) жерлерінде, Ирак және Мысыр елдерінде тарады. Сонда Аллаһ Тағала тағы бір пайғамбарды жіберді. Ол – пайғамбарлардың ішіндегі пайғамбарымыздан кейінгі ең абзалы әрі елшілердің ұлы бестігінің ішіне кірген пайғамбарлардың атасы Ибраһим ибн Тарих. Оның әкесін Азар деп те атаған.
Ибраһимнің қиссасы Құранда жетпіс үш жерде, жиырма бес сүреде баян етілген. Міне бұл осы дәреженің және бұл әңгіменің ұлылығының айғағы! Ибраһим Нұхтың ұлы Самның ұрпағынан тарайды. Ол Ирактың солтүстігіндегі қазірге дейін белгілі Бабыл қаласында өмір сүрді. Бабыл өте үлкен және өркениетті жер болатын. Бірақ онда пұтқа табынушылық көбейген-ді. Аллаһ Тағала Құранда: «(Ибраһим): «Шын мәнінде сендер дүние тіршілігінде өзара достық үшін Аллаһтан өзге пұттар жасап алдыңдар», - деді» (Анкабут сүресі, 25 аят);
«Сол уақытта ол әкесі мен еліне: «Мына сендер шоқынған мүсіндер не?» - деді. Олар: «Біз ата-бабаларымызды осыған сиынған түрде таптық», - деді» (Әнбия сүресі, 52-53 аяттар);
«(Мұхаммед) оларға Ибраһимның қиссасын баян ет. Сол уақытта ол әкесі мен еліне: «Неменеге табынасыңдар?» - деді. Олар: «Пұттарға табынамыз және оларға шоқынып қаламыз», - деді. (Ибраһим): «Олар шақырғандарыңда ести ме? Немесе олар сендерге пайда яки зиян келтіре ала ма?» - деді. Олар: «Жоқ, ата-бабаларымызды осылай істеген түрде таптық», - деді», - деп айтқан. (Шуғара сүресі, 69-74 аяттар).
Демек, олар пұтқа табынушылықты ата-бабаларынан мұра етіп алған болатын.
Сонда Ибраһим: Адам неге құдайға сиынады? Ол Оған мұқтаж болғанда қылған дұғасын қабыл алып, қажетін өтеуі үшін құлшылық жасайды, ақиқатты нұсқап, тура жолға бағыттауы үшін табынады. Сондай-ақ оған пайда беріп, зиян-зарардан қорғауы үшін ғибадат етеді. Ал мына пұттар естімейді, пайда да, зиян да келтірмейді. Сендер оларға қалайша табынасыңдар? – деп түсіндіре бастады.
Бірақ соқыр еліктеушілік пен адамзат санасының бір нәрсеге қатып қалатын мешелдігі оларды осылай етіп қойған-ды. Ибраһим сонда да табандылық танытып, оларды шақыруын жалғастырды. Аллаһ Тағала:
«Рас, бұрын Ибраһимға туралық берген едік және Біз оны білетінбіз», - деген (Әнбия сүресі, 50 аят).
Ол дағуатын өз әкесінен бастады. Бұл туралы Аллаһ Тағала: «(Мұхаммед) кітаптағы Ибраһимды есіңе ал. Расында ол шыншыл пайғамбар еді. Сол уақытта әкесіне: «Ей, әкетайым! Естімес, көрмес, сондай-ақ өзіңе бір пайдасы жоқ нәрсеге неге табынасың?! Ей, әкетайым! Расында маған саған келмеген бір білім келді. Сондықтан маған ілес. Сені тура жолға салайын. Ей, әкетайым! Шайтанға сиынба! Өйткені, шайтан, Рахманға қарсы болған. Ей, әкетайым! Сені Рахман тараптан азап қолға алып, шайтанға дос болып қалуыңнан қорқамын», - деді. Сонда (әкесі): «Ей, Ибраһим!Сен құдайларымнан бет бұрасың ба? Егер мұны қоймасаң, әрине, сені таспен атамын. Сондай-ақ өзің менен аулақ бол», - деді», - деген (Мәриям сүресі, 41-46 аяттар).
Бірақ Ибраһим мейірбандылық пен жанашырлық сезімімен әкесіне:
«Саған амандық болсын. Сені Раббымның кешіруін тілеймін. Өйткені Ол маған өте Қамқор», - деді» (Мәриям сүресі, 47 аят).
Ол әкесіне Аллаһтан кешірім тілеуге уәде етті. Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні Ибраһим әкесі Азармен жолығады. Азардың жүзін шаң басқан болады. Оған Ибраһим: «Маған қарсы келме деп айтпап па едім саған», - дейді. Әкесі: «Бүгін саған қарсы келмеймін», - дейді. Сонда Ибраһим: «О, Раббым! Сен мені қайта тірілер күні қорламауға уәде бергенсің. Алыстатылған әкемнен артық қандай қорлық бар?» - дейді. Аллаһ: «Расында мен жәннатты кәпірлерге харам қылдым», - дейді. Сосын: «Ей, Ибраһим! Аяқ астыңдағы не?» делінеді. Ол (аяқ астына) қарайды. Сөйтсе, ол (әкесі) бауыздалған малдың қанымен былғанған екен. Сосын (әкесі) сирақтарынан ұсталып, тозаққа лақтырылады», - деген (Имам әл-Бұхари риуаят еткен).
Дегенмен, Ибраһим әкесінің Аллаһқа дұшпан екенін анық білгенде одан бойын аулақ салды. Аллаһ Тағала:
«Ибраһимның әкесі үшін кешірім тілеуі; оған берген бір уәде бойынша ғана еді. Өзіне оның Аллаһтың дұшпаны екені білінген кезде, одан бойын аулақ салды. Расында Ибраһим қажырлы әрі жұмсақ еді», - деп айтқан (Тәубе сүресі, 114 аят).
Сонымен Ибраһим олардан алшақтап:
«Мен сендерден де, Аллаһтан өзге шоқынғандарыңнан да араны ашып, Раббыма жалбарынамын. Ал Раббыма жалбарынсам, құр қол қалмауымнан үміт етемін», - деді» (Мәриям сүресі, 48 аят).
Ибраһим енді не істеу керектігі жайлы ойланды және жамандықтың тамырын жоюды қалады. Ал жамандықтың негізі сол пұттарда болатын. Ол пұттарды сындыратынын айтып, ескерту жасап:
«Аллаһпен ант етемін! Сендер бұрылып кеткеннен кейін, әлбетте, пұттарыңа соқтығамын», - деді (Әнбия сүресі, 57 аят).
Ол бұл сөзді ашық айтты. Басқа бір аятта:
«Ибраһим деген жігіттің осыларды сөз қылып жүргенін естідік», - десті», - деп айтылған (Әнбия сүресі, 60 аят).
Шын мәнінде де ол пұттардың алдында ешкім болмайтын бір күнді күтіп жүрді. Бірақ бұл пұттардың алдынан адам үзілмейтін. Өйткені адамдар ас-ауқат әкеліп, олардың жанында қалдыратын да біраз уақыт өткен соң оны алып, құдайлардың берекесі дарыды деп жейтін еді.
Ибраһимның ойына алған ісінің сәті мереке күні түсті. Бұл күні олардың барлығы қаланың сыртына шығып мерекелерін тойлайтын. Сонда ойнап-күліп, көңіл көтеретін және кешке келіп жеу үшін тағамдарын пұттардың алдына тастап кететін. Сол күні адамдар мерекеге шығуға әзірленген уақытта Ибраһим үйде қалды. Адамдар оған келіп: «Саған не болды?» - деп сұрады. Сонда ол: «Мен жұлдыздарға қараған болатынмын. Бүгін өзімнің ауыратынымды білдім», - деді. Бұл туралы Құранда:
«Рас, бұрын Ибраһимға туралық берген едік. Сол уақытта ол әкесі мен еліне: «Мына сендер шоқынған мүсіндер не?» - деді. Олар: «Біз ата-бабаларымызды осыған сиынған түрде таптық», - деді. (Ибраһим): «Расында сендер де, аталарың да анық адасудасыңдар», - деді. Олар: «Сен бізге шындықты әкелдің бе әлде ойнап жүрсің бе?» - деді. (Ибраһим): «Олай емес. Негізінде сендердің Раббыларың – көктер мен жердің Раббысы; соларды Ол жаратты. Мен осыларыңа айғақ болушыларданмын. Аллаһпен ант етемін! Сендер бұрылып кеткеннен кейін, әлбетте, пұттарыңа соқтығамын», - деді. Сонда оларды быт-шыт қып, мүмкін, осыған оралар деп үлкенін ғана қойды», - деп жазылған (Әнбия сүресі, 51-58 аяттар).
Сондай-ақ, оның адамдармен бірге мерекеге шығудан қашқақтағаны да Құранда: «Сонда Ибраһим жұлдыз жаққа назар аударып: «Мен науқаспын», - деді. Сонда (елі) одан бұрылған бойда кете барды. (Ибраһим) олардың тәңірлерінің жанына оңаша барып: «Жемейсіңдер ме? Неге сөйлемейсіңдер?» - деді және оларға аңдып барып, оң қолымен ұрды», - деп баяндалған (Саффат сүресі, 88-93 аяттар).
Ибраһим барлық пұттарды сындырды, тек олардың ішінен ең үлкенін қалдырды және оның желкесіне балтасын қойып, сол күйінде оларды тастап шығып кетті. Адамдар қайтып оралған уақытта пұттарының сындырылғанын көріп: «Бұны құдайларымызға кім істеді? Ол анық залым екен», - десті» (Әнбия сүресі, 59 аят).
Сонда кейбір адамдар: «Ибраһим деген бір жігіттің осыларды сөз қылып жүргенін естідік», - десті. «Оны көрулері үшін адамдардың көз алдына алып келіңдер», -десті» (Әнбия сүресі, 60-61 аяттар).
Сонымен, Ибраһимды адамдарға алып келіп тергей бастады. Пайғамбардың да қалағаны осы еді. «Олар: «Ей, Ибраһим! Осыны құдайларымызға сен істедің бе?», - десті. (Ибраһим): «Бәлкім мына олардың үлкені істеген шығар. Егер сөйлей алатын болса, содан сұраңдар», - деді» (Әнбия сүресі, 62-63 аяттар).
Олар өзара ойға келіп: Қалай құдай құдайларды сындырады? Қалайша ол құдай бола тұра сөйлемейді?! Балта оның желкесінде ғой, мүмкін, сол бәрін сындырған шығар? – деп дал болды. Сөйтіп: «олар өзара: «Шынында сендер залымсыңдар», - десті» (Әнбия сүресі, 64 аят).
Бірақ ашық дәлелдер мен айғақтарды көре тұра иман келтірмеді. Оларды шайтан азғырды. «Сосын бастары салбырап: «Расында бұлардың сөйлемейтінін білесің ғой», - деді. (Ибраһим): «Онда сендер Аллаһты қойып, өздеріңе ешбір пайда да зиян да келтіре алмайтын нәрсеге табынасыңдар ма? Сендерге де, Аллаһтан өзге табынғандарыңа да. Енді де түсінбейсіңдер ме?!» - деді» (Әнбия сүресі, 64-67 аяттар).
«(Қолмен) жонып алғандарыңа табынасыңдар ма?! Аллаһ сендерді де, жасаған нәрселеріңді де жаратқан», - деді» (Саффат сүресі, 95-96 аяттар).
Яғни сендер өздерің жасаған нәрсеге табынасыңдар да сендерді жаратқан Аллаһты мойындамайсыңдар.
Бірақ олар быт-шыты шыққан пұт-құдайларындағы ашық айғақты көре тұра ақиқатты мойындамай, Ибраһим пайғамбарды отқа тастамақшы болды. Іс жүзінде де солай істеді.
«Олар: «Ол үшін бір орын жасап, оны отқа лақтырыңдар», - десті» (Саффат сүресі, 97 аят) және «Егер бір нәрсе істейтін болсаңдар, оны өртеп, құдайларыңа көмек беріңдер», - деді» (Әнбия сүресі, 68 аят).
Бір үлкен шұқыр құрғақ жер әзірлеп, оны таспен қоршады және барлық адамдарға сол жерге ағаш жинауға атсалысуды бұйырды. Адамдар, тіпті, әйелдер мен жас балалар да ағаш таси бастады. Отын бір үйдей болды. Сосын отты жағып, тас атқыш алып келді. Ибраһимды тас атқыштың оқпанына отырғызып, отқа қарата атты. Сонда Ибраһим: «Аллаһ бізге Жеткілікті, Ол қандай жақсы Уәкіл!» - деді. Бұл жапа шеккен, мұқтаж адамның дұғасы еді. Ибн Аббас (әкесі екеуіне Аллаһ разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ бізге Жеткілікті, Ол қандай жақсы Уәкіл!» Мұны Ибраһим отқа тасталғанда айтқан», - деген (Имам әл-Бұхари риуаят еткен).
Сондай-ақ басқа да әлсіз хабарлар бар: «(Ибраһим отқа лақтырылғанда) оған ауада Жәбірейіл (оған Аллаһтың сәлемі болсын) келіп: «Ей, Ибраһим! Қажеттілігің бар ма?» - дейді. Сонда ол: «Саған жоқ», - деді». Яғни, қажеттілігім саған емес Аллаһқа, деген-ді. Тағы бір риуаятта: «Жаңбыр періштесі: «Қашан бұйрық алсам, жаңбыр жаудырамын», - деген» деп айтылған. Ал Аллаһтың әмірі бәрінен де жылдам болды. Құдірет Иесі: «Ей, от! Ибраһимге салқын, зиянсыз бол», - дедік», - деп айтқан (Әнбия сүресі, 69 аят).
Ибраһим отқа түскен кезде Аллаһ Тағала оған отты салқын қылды. Ибн Аббас (әкесі екеуіне Аллаһ разы болсын): «Егер Аллаһ: «Ибраһимге зиянсыз бол» деп айтпағанда оған (оттың) салқыны зиян қылар еді», - деген.
Ибраһим пайғамбар отқа лақтырылған кезде жер бетіндегі бүкіл жан-жануар, жәндіктер отты сөндірмек болды. Тек кесіртке ғана отты өршіту үшін оны үрлеген. Сондықтан Умму Шариктен (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол Ибраһимге (от) үрлеген», - деп кесірткені өлтіруге бұйырған (Имам әл-Бұхари риуаят еткен).
Сонымен Ибраһим (оған Аллаһтың сәлемі болсын) оттың ішіне түсті. Өрт ол байланған жіпті ғана жандырды. Адамдар бұл көріністі бақылап отырды. От жанып күлге айналды. Кенет олар оттың ортасында рақатқа бөленіп отырған Ибраһимды көрді. Кейіннен ол: «Ешбір күндер мен түндерде (от) ішінде болғаннан жағымды өмір кешпедім. Өмірім мен тіршілігімнің барлығы сондағыдай болса деп тілеймін», - деген.
Адамдар мұны көріп таң қалды. Ол от ішінде, бірақ жанбаған. Олардың көз алдарында сондай ұлы керемет жүз берді! Сөйтіп Ибраһим оттан сау-сәлемет шықты. Алайда оған Луттан басқа ешкім иман келтірмеді. Аллаһ Тағала: «Сонда Лут оған иман келтірді», - деп айтқан (Анкабут сүресі, 26 аят).
Мұны көрген Ибраһим олардан үмітін үзді. Пұттары сынды және олардың көз алдында ұлы мұғжиза көрініс тапты. Бұдан артық не керек? Сол кезде барып ол өз отанынан кетуге байлам жасады.
Намруд патша
Бұл хабарлар сол уақытта Бабылды билеп тұрған Намруд деген патшаға жетті. Ол: «Оны маған алып келіңдер», - деді. Ибраһим алдына келген кезде ол одан Раббысы туралы сұрай бастады. Бұл туралы Аллаһ Тағала Құранда: «(Мұхаммед) өзі Аллаһ патшалық берді деп, Ибраһимнен оның Раббысы жайлы таласқанды көрдің бе?» - деген (Бақара сүресі, 258 аят).
Намруд сол кездегі бүкіл жер жүзіне үкімін жүргізіп отырған патша еді. Бір деректе: Әлемді түгелге жуық билеген төрт үлкен патша болған. Олардың екеуі мүмін: Сүлеймен және Зұлқарнайын, ал екеуі кәпір: Намруд және Бухтунсар деп айтылған.
Ибраһим оған: «Раббым өлтіреді және тірілтеді», - деді» (Бақара сүресі, 258 аят). Сол уақытта Намруд абақтыдан өлім жазасына кесілген екі кісіні алып келуді бұйырды. Ол екеуінің бірін өлтіріп, бірін босатты да: «Мен де өлтіремін және тірілтемін», - деді» (Бақара сүресі, 258 аят).
Ибраһим мұны мақсат тұтпаған-ды. Ол негізі өмір мен өлімді айтқан болатын. Сонда ол бұдан да күшті бұлтартпайтын дәлел ұсынып: «Расында Аллаһ күнді шығыстан келтіреді, сен оны батыстан келтірші», - деді. Сонда кәпір сасып қалды. Аллаһ залым елді тура жолға салмайды» (Бақара сүресі, 258 аят).
Бірақ ол Ибраһимның оттан аман қалғанын біліп, оған қарсы шығуға бата алмады. Алайда: «Біздің арамыздан кет», - деді. Сөйтіп Ибраһим Иракты тастап шығып, Шам еліне бет алды.
Ибраһим (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Харран жерінде
Ол Сириядағы Харран деген жерге барды. Бұл кезде ол немере ағасының қызы Сарраға үйленген болатын.
Сонымен «Оған Лут иман келтірді. (Ибраһим): «Шын мәнінде мен Раббым тарапқа қоныс аударамын. Күдіксіз Ол Үстем, Хикмет Иесі», - деді» (Анкабут сүресі, 26 аят).
Аллаһ Тағала:
«Оны мен Лутты құтқарып, әлемдер үшін мүбәрак болған жерге жеткіздік», - дейді (Әнбия сүресі, 71 аят).
Олар Харранға келіп, сол жерге қоныс тепті және сол елді Аллаһ жолына шақыра бастады. Харрандықтар жұлдыздарға табынатын еді. Ибраһим оларға жұлдыздарға сиынудың бекер екендігін көрсеткісі келді. Бұл Құран аяттарында: «Осылайша Ибраһимге анық сенушілерден болу үшін көктер мен жердің мүліктерін көрсеттік», - деп әңгімеленеді (Әнғам сүресі, 75 аят).
Яғни, Аллаһ Тағала оған жұлдыздар мен ғаламшарлардың сырларын және көктер мен жердің мүліктерін ашты. Адамдардың көз жанарындағы тосық перде оныкінен алынды. Сөйтіп ол қазіргі кездегі обсерваториялар айқындай алмайтын нәрселерді көретін болды. Кейбір адамдар Ибраһимды жұлдыздарға табынған, кейін Аллаһ оны тура жолға бағыттады деген негізсіз ой айтады. Бұл үлкен қателік. Көктер мен жердегі құпия сырларды анық көрген адам оларды жаратқан Аллаһтан өзгеге сиына ма?!
Сонымен Ибраһим Харрандықтарға ақиқатты көрсету үшін олармен сөз таластырды. Аллаһ Тағала:
«(Ибраһим) оны түн қаптаған сәтте бір жұлдыз көрді де: «Осы менің Раббым», - деді. (Жұлдыз) батқан кезде: «Бататындарды жақсы көрмеймін», - деді. Шыққан айды көргенде: «Осы менің Раббым», - деді. Ол батқанда: «Егер Раббым тура жолға салмаған болса еді, сөзсіз, мен де адасқан елден болар едім», - деді және шыққан күнді көргенде: «Осы менің Раббым, мынау үлкенірек», - деді. Ол батқан сәтте: «Ей, қауымым! Расында, сендер Аллаһқа ортақ қосқан нәрселерден аулақпын. Мен шынайы түрде жүзімді көктер мен жерді Жаратқанға біржолата бұрдым. Және ортақ қосушылардан емеспін», - деді. Елі онымен дауласты. (Ибраһим): «Мені рас тура жолға салған Аллаһ жайында менімен таласасыңдар ма? Мен сендердің Оған ортақ қосқан нәрселеріңнен қорықпаймын. Бірақ Раббым не нәрсе қаласа, (сол болады). Раббымның білімі әр нәрсені қамтыған. Ойланбайсыңдар ма? Сендердің қосқан ортақтарыңнан қалай қорқамын?! Сендер ешбір дәлел түсірілмеген нәрсені Аллаһқа ортақ қосудан қорықпайсыңдар», - деді. Егер білетін болсаңдар екі топтың қайсысы тыныштыққа лайығырақ? Сондай иман келтіріп, сенімдерін зұлымдықпен былғамағандар, міне, соларда тыныштық бар және олар тура жолға түсірілгендер. Ибраһимның еліне қарсы берген дәлеліміз осы. Қалағанымыздың дәрежесін көтереміз. Күдіксіз Раббың Хикмет Иесі, толық Білуші», - деп айтқан (Анғам сүресі, 76-83 аяттар).
Бірақ адамдар қарсы келіп, ешкім иманға келмеді. Сонда Ибраһим екінші рет қоныс аударуға шешім қабылдады.
Ибраһим (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Мысыр жерінде
Ол бұл жолы Мысырға келді. Сонда сол елдің патшасына бір әдемі әйел мен әлдебір кісінің келгендігі туралы хабар жетті. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Жер бетінде Хауаны есептемегенде Саррадан әдемі әйел жаратылмаған», - деген. Патша қызығып, сол әйелді алып келуге әскер жіберді. Әскеріне: «Онымен бірге жүрген кісіден ол әйелге кім болатынын біліңдер. Егер күйеуі болса, оны өлтіріңдер» деп тапсырды. Олар Ибраһимге келіп: «Бұл саған кім болады?» - деп сұрады. Ол: «Қарындасым», - деп жауап берді. Сосын Ибраһим Сарраға: «Егер сенен сұраса, менің қарындасым екеніңді айт. Аллаһқа ант етемін! Бүгінде жер бетінде (ерлі-зайыптылардан) сені мен менен басқа ешқандай мүмін жоқ», - деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Ибраһим үш-ақ рет өтірік айтқан. Олардың бәрі де Аллаһ үшін», - деген (Имам әл-Бұхари риуаят еткен).
Сөйтіп олар Сарраны патшаға алып кетті. Арам ойын іске асырмақ болған залым Сарраға қолын соза бергенде, Сарра Аллаһқа жалбарынып, жәрдем сұрап: «Аллаһым, егер Саған және пайғамбарларыңа иман келтірген болсам және күйеуімнен басқадан ар-намысымды сақтаған болсам, мені мына кәпірден құтқар», - деп дұға қылады.
Сол кезде әлгі залымның қолы қатып-семіп ешқандай әрекетке келмеді. Қатты қорқып, зәре-құты қалмаған патша Сарраға жалынып өзін босатуын сұрады. Босатпайын десе, залым патша адамдарына өзін өлтіруді бұйыра ма деп қауіптеніп, Аллаһқа оны босатуын сұрап дұға қылды. Ол босады. Патша аңтарылып: «Мүмкін бұл шайтанның ісі шығар» деп екінші рет Сарраға қолын созды. Сарра қайта дұға қылғанда, патшаның қолы тағы да қатып қалды. Залым үшінші рет әрекет жасағанда Сарра қайта дұға қылып, патшаның қолы семіп алғашқысынан де бетер болды. Сол кезде ғана патша ынсапқа келіп, Сарраға: «Осы жолы мені босатсаң, өзіңе лайықты сый-құрмет көрсетемін», - деп қайта жалынады. Өз басына қатер төнуден қорыққан Сарра Аллаһ Тағалаға дұға қылып, оны босатуын сұрағанда патша қолы қалпына келеді. Ақымақ, залым патша Сарраға жұмсаған жасақтарын шақырып: «Сендер маған кімді кіргізгенсіңдер, бұл адам емес шайтан ғой, оны сыртқа шығарыңдар» деп айқайлайды.
Патша сөзінде тұрып, Сарраны босатып, оған сый-құрмет көрсетіп, тарту-таралғы жасап, оған қоса тағы бір сұлу күңді қосып береді. Оның аты – Ажар еді. Бұл Мысыр патшасының Сарраға жасаған сыйы болды. Тарту-таралғылармен жанына күңді ертіп Сарра қайтып келгенше Ибраһим Аллаһтан әйелінің құтқарылуын сұрап, жәрдем тілеп ғибадатта болды. Сарра оған: «Аллаһ кәпірдің тұзағын қайтарды», - деді. Осылай Аллаһтың сынағының соңы Сарраның абыройын күйеуіне оралуымен бітті. Содан кейін Ибраһим Мысырды тастап, Палестинаға бет алды.
Ибраһим (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Палестина жерінде
Палестинаға келіп қоныс тепкен соң оған Лут келді. Ибраһим оған Садум деген жердегі өте бұзық, күнәһар бір елге барып оларды Аллаһтың жолына шақыруды бұйырды. Сондай-ақ, ол ел «Әл-Мутафика» деп те аталатын. Сөйтіп Лут Садумға жүріп кетті. Ал Ибраһим және Саррамен оның күңі Ажар Палестинада қалды. Ибраһим сонда өмір сүріп, адамдарды Аллаһқа дағуат етіп, саудамен айналысты. Ол әжептәуір мал-дүниелі болды. Оның жасы шамамен сексен бес немесе сексен алтыға келген-ді. Сарра өзінің бала көтермейтінін түсінді. Ал Ибраһим балалы болуды қалайтын. Сонда Сарра оған Ажарды қосты. Сөйтіп Ажар Исмаъилды дүниеге әкелді. Бұл уақытта Ибраһим сексен алтыға шыққанды. Сарраның жүрегінде әйелге тән табиғатпен қызғаныш туды. Ол Ибраһимге: «Біз екеуімізді бір жерде ұстама», - деді. Бұл жайында Сарра Ажарға зияндық әрекет жасамақ болған деген негізсіз әңгімелер айтылады. Бірақ бұлардың шындыққа ешқандай қатысы жоқ. Дегенмен арада қызғаныштың болғаны рас. Сарра имандылығына, жоғары дәрежесіне және абыройына қарамастан Ажарға қатысты қызғаныш сезіміне берілді. Мұндай жағдай Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдерінің арасында да орын алған. Сондықтан бұл әйелдерге тән табиғи құбылыс. Ибраһим да мұны сезіп Ажар екеуін бөлектеуге ден қойды.
Мекке жерінде
Ибраһимге Ажар мен емшектегі баласы Исмаъилды Меккеге алып бару туралы Аллаһтан бұйрық келді. Сонымен Ибраһим оларды алып Меккеге сапар шекті. Ибраһим жеке өзі болғанда сапарға пырақпен (пайғамбарлар мінетін жануар) аттанатын. Ал жалғыз болмаса ол көбіне кәдімгі тәсілде сапар шегетін. Сондықтан олар Мекке топырағына әдеттегідей жол басып барса керек, Аллаһ жақсырақ біледі. Бірақ Ибраһим Ажар мен Исмаъилді зиярат жасағанда пырақпен келіп-кететін.
Сонымен олар Меккенің елсіз, сусыз жазығына жетті. Ибраһим Ажар мен баласын сонда тастап, оларға бір ыдыс құрма, бір ыдыста су қалдырып, өзі кері қайтты. Ажар Ибраһимның артынан жүгіріп: «Ей, Ибраһим! Қайда барасың?.. Бізді қайда қалдырып бара жатсың?!.. Мұнда адам баласы, дәнеңе жоқ қой?!..» - деді. Ол артына қарамай жүре берді. Ал Ажар артынан жүріп, бірнеше рет оның аялдауын өтінді. Ибраһим бұрылмады. Сонда Ажар оған: «Мұны саған Аллаһ бұйырды ма?» - деді. Ол: «Иә», - деді. Сонда Ажар «Ондай болса, Ол бізді өлтірмейді» деген.
Сонымен Ажар анамыз қалды да, Ибраһим кері қайтты. Ибраһим олар көрмейтіндей бір айналмаға жеткенде, Қағба жаққа қарап, қолын көтеріп, Аллаһқа жалбарынып: «Раббымыз! Ұрпақтарымның кейбірін егінсіз ойпатқа, құрметті үйің (Қағбаның) жанына орналастырдым. Раббымыз! Олар намаз оқитын болсын! Және адамдардың көңілдерін оларға бұрушы ет! Сондай-ақ оларды жемістермен ризықтандыр! Мүмкін олар шүкіршілік етер», - деп дұға қылды (Ибраһим мүресі, 37 аят).
Анасы мен баласы екеуден-екеу, елсіз, сусыз сахарада қалып, өздерімен алып қалған азық-ауқаттары таусылады. Анасының омырауындағы сүті де таусылып, аштық пен шөл қысқан сәби жылай бастайды. Баласының шыңғырғаны жанына қатты батқан ананың жүрегі абыржиды.
Бауыр еті баласы үшін қиналып не істерін білмей қалған ана әлдебір көмек, жәрдем бола ма деген үмітпен маңындағы төбелерге шығып, төңірекке көз жүгіртеді. Сафаға (төбенің аты) шығып, маңайды шолып қарайды. Әрине, бұл кезде Қағба құрылмаған, ал Зәмзәм суының көзі ашылмаған еді. Енді Ажардың көзі сол маңдағы жақын төбе Маруаға түсіп, сол жаққа қарай бет алды. Бұл төбеге шығып та жан-жақты шола бастады. Ажар үшінші бір төбеге шығып қарағысы келіп еді, баласынан ұзап кету қауіпі тосып қайтадан Сафаға қайтты. Сәлден соң Маруаға қайта келді. Абыржыған ана екі төбенің арасында ерсілі-қарсылы осылайша жүгіре берді. Ана жүрегінің қысылуынан, абыржуынан, қобалжуынан туған бұл әрекет мұсылмандар үшін оның өзінен кейін мәңгілік рәсім болып қалыптасты. Санаққа алар болсақ, Ажар анамыз Сафа мен Маруаның арасында 7-рет жүгіріп өткен екен. Ажар анамыз сол әрекетте жүргенде Жәбірейіл (оған Аллаһтың сәлемі болсын) түсіп, Исмаъилдың қасынан өзінің қанаттарының бірімен «Зәмзәм» бұлағының көзін ашты. Міне осылайша Зәмзәм бұлағы шығып, Исмаъил мен Ажар анамыз аман қалады. Осы сәттердің бірінде Журһум деген тайпа суы бар қоныс іздеп жүрген еді. Бұл Журһум тайпасы Йемендік таза араб тайпасы болатын. Олар Мариб бөгеті бұзылғаннан соң Йеменді тастаған еді. Йеменде үлкен бір бөгет болатын. Адамдар оны су қоймасы ретінде пайдаланатын. Сол плотина бұзылған уақытта ежелгі араб тайпалары Йеменнен Араб жарты аралының басқа жерлеріне қоныс аударды. Ал шөл далада су – өмірдің негізі. Олар суы бар жер тауып, сонда өмір сүрмекші болды. Журһум тайпасы саудамен айналысқандықтан қай жерде су көзі барын жақсы білетін. Олар Шам өлкесін бетке алып келе жатқан-ды. Журһумдіктер Мекке даласы деп аталатын жерде құстардың ұшып жүргенін көріп: «Біз бұл жерді білеміз ғой, мұнда су жоқ сияқты еді, мұнда неге құстар ұшып жүр» деп, бір кісіні төңіректі шолуға жібереді. Ол барып иен далада шығып жатқан суды байқап, тайпасына хабар береді. Олар келген кезде баласын қолына алған бір әйелдің суды қолымен көсіп, бір жағынан оның құмға сіңіп кетуінен қорқып абдырап; «зәм-зәм, зәм-зәм...» (жинал-жинал, жинал-жинал...) деп отырғанын көреді.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Егер ол (Ажар) оны (бұлақты) жайына қалдырғанда, ол (бұлақ) ағын өзен болар еді», - деген (Имам әл-Бұхари риуаят еткен). Бірақ ана жүрегі баланың жаны сақталып қалуына себеп болған судың құмға сіңіп кетуінен қорқып «зәм-зәм» (жинал-жинал) деп тоқтатқан болатын. Қияметке дейін Аллаһтың керемет мұғжизасын айғақтап тұрушы бұлақ осылай «Зәмзәм» деп аталды.
Журһум тайпасының адамдары бұлақтың иесі ретінде Ажарға ілтипатпен: «Сен рұқсат берсең, біз осында тоқтап, мына судан пайдаланғанымыз үшін саған белгілі бір мөлшерде ақы төлеп тұрайық», - дейді. Ажар бұл ұсынысты мақұл көріп, келіседі. Уақыт өте келе бұл бұлақ (Зәмзәм) Ажар анамыз бен ұлы Исмаъилдың күнделікті күнкөріс көзіне айналды.
Осылай Журһум тайпасы Меккеге қоныстанды. Исмаъил журһумдіктердің арасында өсті, олардан әдеби араб тілін үйреніп, оны шебер меңгерді. Сөйтіп оның ұрпағынан «мустағриб» (арабтанған) арабтар тарады. Мустағриб арабтардан Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) шықты. Негізінде бұл оқиғалар Ажар мен баласын тастап бара жатқандағы Ибраһимның қылған дұғасының жауабы еді.
Ибраһим (оған Аллаһтың сәлемі болсын) мен келіндері
Күндер өтті. Исмаъил Журһум тайпасының арасында өсіп, жігіт болды. Ибраһим жылына бірнеше рет онымен жүздесіп тұрды. Бірде Ажар дүние салғаннан кейін Ибраһим ұлын көруге келеді. Бұл кезде Исмаъил журһумдіктердің бір қызына үйленген-ді. Баласының үйіне келсе, ол жоқ екен. Келінінен жағдайларын сұрайды. Келіні оған: «Таршылықта, қиындықта өмір сүріп жатырмыз», - деп шағымданады. Ибраһим оған: «Егер күйеуің келсе, оған сәлем жолдап, мынаны айт: есігінің табалдырығын өзгертсін», - дейді. Ұзамай үйіне оралған Исмаъил бірдеңені сезіп әйеліне: «Сендерге біреу келді ме?» - дейді. Әйелі: «Иә, бір қария келді. Сені сұрады, жағдайымызды білді. Мен таршылықта, қиындықта күн кешіп жатқанымды айттым», - деп, Ибраһимды сипаттап береді. «Саған бір өсиет айтты ма?» - дейді Исмаъил. Әйелі: «Иә, саған сәлем жолдауымды және есігіңнің табалдырығын өзгертуді сұрады», - деді. Сонда Исмаъил әйеліне: «Ол – менің әкем. Маған сенімен ажырасуды тапсырыпты. Сен төркініңе қайт», - дейді. Сонымен ол онымен ажырасып басқа әйелге үйленеді. Бұдан кейін Ибраһим тағы да келіп Исмаъилды үйінен таппайды. Келінінен жағдайларын, күнкөрістерін сұрайды. Ол жағдайларының жақсы екендерін айтып, Аллаһты мадақтайды. «Тағамдарың не?» - деп сұрайды Ибраһим (оған Аллаһтың сәлемі болсын). Келіні: «Ет», - деп жауап береді. «Сусындарың не?» - дегенде: Келіні: «су», - дейді. Ибраһим: «Аллаһым, оларға ет пен суда береке бер» деп дұға қылады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Сол күндері оларда дәнді дақыл жоқ тұғын. Егер оларда дәнді дақыл болғанда, сол үшін оларға дұға қылар еді. Меккенің көзінде ешкім ол екеуінсіз (ет пен сусыз) қалмайды», - деп айтқан (Имам әл-Бұхари риуаят еткен). Сосын Ибраһим келініне: «Егер күйеуің келсе, оған сәлем айт және есігінің табалдырығын бекітуді тапсырды дерсің», - деп жүріп кетеді. Ұзамай Исмаъил келіп: «Сендерге біреу келді ме?» - деп сұрайды. Әйелі: «Иә, бір келбетті қария келді. Сені және жағдайымызды сұрады. «Жағдайымыз жақсы» деп айттым», - дейді. «Саған бір өсиет айтты ма?» - дейді Исмаъил. Әйелі: «Иә, ол саған сәлем жолдады және есігіңнің табалдырығын бекітуіңді тапсырды», - деді. Сонда Исмаъил оған: «Ол – менің әкем. Сені өзімде ұстауымды бұйырған екен», - депті.
Құрбандық оқиғасы
Ибраһимның Меккеге жасаған сапарларының бірінде тарихтағы аса бір ұлы оқиға жүз берді. Ол қасиетті аймақта ұйықтап жатып аян алды. Түсінде өз баласын бауыздап жатқанын көрген-ді. Ибраһим пайғамбарлардың түсінің шындық екенін біледі. Сонда абыржымай осы бұйрықты орындауға кіріседі. Аллаһ Тағала бұл ұлы, ғажап оқиғаны бізге Өз кітабында:
«(Ибраһим): «Мен Раббым жаққа кеттім. Ол маған жол көрсетеді. Раббым! Маған ізгілерден (бір ұл) бер!» - деді. Оны өте биязы бір ұлмен қуанттық. (Ұлы) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: «Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін, назар аудар, қалай қарайсың?» - деді» (Саффат сүресі, 99-102 аяттар). Сонда Исмаъил: «Ей, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, соны орында. Аллаһ қаласа, мені сабырлылардан табасың», - деді», - деп баян еткен (Саффат сүресі, 102 аят).
Сол уақытта әке мен бала бұл бұйрықты орындауға шешім қабылдады. Исмаъил әкесіне: «Ей, әкетайым! Егер мені бауыздамақ болсаң, жүзіме көзің түсіп, аяушылығың оянбау үшін маңдайымды төмен қарат», - деді. Ибраһим осылай істеді. Ол ұлын етпетінен жерге жатқызды. Пышақты алып, оның алқым тұсына қойып тартты. Пышақ кеспеді. Бұл Аллаһ Тағаланың бұйрығы еді. Сонда Ибраһим пышақты қатты басып тартады. Бірақ пышақ өтпейді. Аллаһ Тағала бұл көріністі: «Сөйтіп ол екеуі де бойсұнған кезде (әкесі) оны маңдайымен жатқызды», - деп сипаттаған (Саффат сүресі, 103 аят).
Осылай әке-бала екеуі Аллаһ Тағаланың әміріне түгелдей бойсұнған кезде сынақ аяқталды. Олар Аллаһтың әмірін орындауға барлық ынталарымен әрекет етті. Бұдан кейін сынақ қылуға қажеттілік жоқ еді. Өйткені, мақсат қан төгу емес, олардың бойсұнуларын тексеру болатын. Аллаһ Тағала: «Біз оған: «Ей, Ибраһим! Расында түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде игілік істеушілерді осылай сынаймыз», - деп дауыстадық. Расында бұл бір ашық сынау еді», - деп айтқан (Саффат сүресі, 104-106 аяттар).
Бұл тарихтағы ең үлкен сынақ болатын. Кім сексен алты жасқа келгенде көрген жалғыз ұлын ишара-нұсқау арқылы құрбандыққа шалады?! Ал Ибраһим бүкіл әлемдердің Раббысына бойсұнып, мұндай қиын сынақта табысқа жетті.
Ибраһим Исмаъилды бауыздамақ боп пышақ өтпей жатқан аралықта ол бір дыбыс есітті. Бұрылып қараса, Жәбірейіл екен, онымен бірге көктен, жәннаттан түсірілген қошқар бар еді. Аллаһ Тағала: «Оны ірі бір құрбандықпен ауыстырдық», - деген (Саффат сүресі, 107 аят).
Ибн Аббас (әкесі екеуіне Аллаһ разы болсын): «Ол жәннатта қырық күз бағылған түсі ақ, көзі үлкен және мүйізді ірі бір қошқар еді», - деп айтқан (Ибн Кәсир, Тарих әт-Табари).
Исхақтың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) дүниеге келуі
Ибраһим осы оқиғадан кейін Палестинаға қайта оралған кезде Аллаһ Тағала тарапынан тағы бір қуаныш хабар келді. Аллаһ Тағала:
«Оны ірі бір құрбандықпен ауыстырдық. Кейінгі (буындарда) ол үшін (жақсы ат) қалдырдық. Ибраһимге сәлем. Біз игілік істеушілерді осылай сыйлыққа бөлейміз. Өйткені, ол мүмін құлдарымыздан еді. Оны пайғамбарлардың ізгілерінің бірі Исхақпен сүйіншіледік», - деген (Саффат сүресі, 107-112 аяттар).
Яғни Аллаһ Тағала құрбандық әңгімесінен кейін барып, оны екінші ұлы Исхақпен сүйіншілегенін айтып тұр. Демек құрбандыққа шалынуға түскен Исмаъил еді. Бірақ бір таңғаларлығы, кейбір адамдар көне еврей жазбаларынан әсерленіп: «Құрбандыққа шалынған Исхақ еді» деп айтады. Ал аятта болса барлығы айдан анық. Аллаһ Тағала алдымен құрбандық қиссасын, сосын барып оны баламен сүйіншілегенін баяндады. Олай болса, құрбандыққа шалынбақшы болған ешқандай күдік-күмәнсіз – Исмаъил.
Исхақтың сүйінші хабары Ибраһимге Палестинаға оралғаннан кейін келді. Бұл кезде Ибраһимның жасы жүз жиырмаға келген, ал Сарра тоқсан жаста еді.
Оларды сүйіншілеп үш періште: Жәбірейіл (оған Аллаһтың сәлемі болсын), Микаил (оған Аллаһтың сәлемі болсын) және Исрафил (оған Аллаһтың сәлемі болсын) түсті. Аллаһ Тағала оларға Луттың қауымын жоюды бұйырған еді. Олар жолай алдымен Ибраһимның үйіне адам кейпінде келді. Ибраһим өте қонақжай еді, үйіне қонақ келсе қуанатын. Сондықтан да ол Әбу Дифан (қонақтардың атасы) деп аталған. Ол өзіне қарай келе жатқан адамдарды көрді. Олар келіп сәлем берді. Ибраһим де олармен сәлемдесіп, таңырқап тұрып қалды. Өйткені, олар бөгде болатын әрі олардан ұзақ жол басып келгендіктің әсері білінбейтін, мініс көліктері де жоқ еді. Аллаһ Тағала:
«Олар (Ибраһимге) кірген кезде: «Сәлем», - десті. (Ибраһим де): «Сәлем, бөгде қауым», - деді. Дереу үйіне барып, семіз бір бұзау әкелді. Оны оларға жақындатып: «Жемейсіңдер ме?» - деді. (Тамаққа қол созбағандарын көріп) олардан тіксініп, қорықты. Олар: «Қорықпа!» - деді де, оны білгір бір ұлмен сүйіншіледі. Сонда (Ибраһимның) жұбайы, демін ішіне тартып келіп, өз бетін ұрды да: «(Мен) бір бедеу кемпір», - деді. Олар: «Раббың осылай деді. Ол аса Дана, өте Білгір», - деді», - деген (Зәрият сүресі, 25-30 аяттар).
Сонда барып Ибраһим олардың періште екенін білді. Өйткені олар: «Қорықпа, расында біз Луттың қауымына жіберілдік», - деген-ді (Һуд сүресі, 70 аят). Сөйтіп, періштелер өздерінің басты мақсаттары не екенін айтты.
Аллаһ Тағала:
«(Ибраһим): «Ей, елшілер! Бұйымтайларың не?» - деді. Олар: «Шын мәнінде біз бір қылмысты елге жіберілдік. Оларға балшықтан тас жаудыру үшін! (Бұл) Раббың тарапынан, шектен шығушылар үшін белгіленген», - деді», - деп айтқан (Зәрият сүресі, 31-34 аяттар).
Олар өздерінің келу себебін айтып жатқанда Сарра қонақтардың қызметінде жүрген еді. Мұны естіп күлді. Ғалымдар: «Ол Луттың қауымы жойылатынын естіген кезде қуанды. Өйткені олар жер бетін бұзақылыққа толтырған болатын», - деп пікір білдірген. Лут: «Жер бетінде бұлардан кесірлі ешбір елдің тұрғындарын білмеймін», - деген.
Аллаһ Тағала: «Оның әйелі түрегеп тұрған, күліп жіберді. Сонда оны Исхақ және артынан Яъқубпен сүйіншіледік», - дейді (Һуд сүресі, 71 аят).
Яғни, Сарраға үш сүйінші хабар келді. Оның алғашқысы – Ибраһим мен Сарраның Исхақ деген ұл сүйетіндіктері, екіншісі – Яъқуб атты немере көретіндіктері, кейінгісі – Сарра анамыздың ұзақ жасайтындығы жайлы еді. Бұл сүйінші хабарды естіген Сарра анамыз таңданысып жасыра алмай: «Сорым құрсын, мен кемпір, ал мына ерім шал болып тұрып туамын ба? Шын мәнінде бұл таңқаларлық нәрсе» (Һуд сүресі, 72 аят), - дегенде, Аллаһтан үмітін үзгендердің бәріне ғибрат болар: «Сен Аллаһтың ісіне таң қаласың ба? Сендерге Аллаһтың рақымы мен берекелері болсын, (Ибраһим) үйінің мүшелері! Аллаһ Аса Мақтаулы, Даңқ Иесі», - деген уахи келді (Һуд сүресі, 73 аят).
Расында да, пенденің тоқсанға келіп ұл көріп, немере құшуы таң қалдыратын жайт. Десе де, ғайыптың ісін ешкім болжап болмаған.
Осылайша Ибраһим мен Сарра өз ұрпақтарынан келетін пайғамбарлар тізбегімен сүйіншіленді. Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім құрметті?» - деп сұрағанда: «Құрметті, ол – құрметтінің баласы, құрметтінің немересі, құрметтінің шөбересі – Юсуф ибн Яъқуб ибн Исхақ ибн Ибраһим», - деп жауап берген (Имам әл-Бұхари, Имам әт-Тирмизи және Имам Ахмад риуаят еткен).
Бұл тек Юсуф пайғамбарға ғана тән дәреже. Оның әкесі, атасы және бабасының барлығы пайғамбарлар болған.
Қағбаның тұрғызылуы
Ибраһим Меккеге жасаған сапарларының бірінде ұлы Исмаъилге: «Ей, балақайым! Аллаһ маған бір бұйрық берді», - дейді. Ол: «О, әке! Раббың бұйырған нәрсені істе», - деді. Ибраһим: «Сен маған көмектесесің», - дейді. Ол: «Әрине», - дейді. Ибраһим: «Аллаһ маған осы жерде Аллаһ үшін бір жай соғуымды бұйырды», - дейді. «Мен сенімен біргемін», - дейді Исмаъил. Аллаһ Тағала Құранда:
«Сол уақытта Ибраһимге Үйдің (Қағбаның) орнын әзірледік: Маған ешбір нәрсені ортақ қоспа! Тауап етушілерге, тік тұрып, еңкейіп және бас қойып (құлшылық қылушыларға) тазарт деп», - деген (Хаж сүресі, 26 аят).
Ибраһимге періште келіп Қағбаның орнын көрсетті. Аллаһ Тағала:
«Ибраһимді Раббысы сөздермен сынағанда, ол оларды толық орындағанды (еске ал). Ибраһимды Раббысы сөздермен сынады. Сонда ол оларды толық орындады. (Аллаһ Тағала): «Мен сені адамдарға басшы қыламын», - деді. Ол: «Ұрпақтарымнан да!» - деді. (Аллаһ Тағала): «(Ұрпақтарыңнан) залымдар уәдеме жете алмайды», - деді. Сол уақытта Үйді (Қағбаны) адамдарға орталық және бейбітшілік (орны) етіп жасадық. Ибраһимның мақамынан намаз орны қылып алыңдар және Ибраһим мен Исмаъил екеуінен: Үйімді (Қағбаны) тауап етушілер, ғибадатқа отырушылар және рукуғ, сәжде қылушылар үшін таза ұстауға уәде алғанбыз. Сол уақытта Ибраһим: «Раббым! Бұны бір тыныш өлке қыла көр және оның тұрғындарынан кім Аллаһқа, Ақырет күніне иман келтірсе, оларды түрлі жемістермен ризықтандыр», - деп (дұға қылды). (Раббысы): «Кім қарсы болса да, оны да (аз күнгі дүниеде) біраз пайдаландырамын, сонан соң оны (Ақыретте) от азабына мәжбүрлеймін. Ол барар орынның ең жаманы!» - деді. Сол уақытта Ибраһим мен Исмаъил Үйдің (Қағбаның) іргетасын көтере: «Раббымыз, бізден қабыл ал, расында Сен қалқысыз Есітуші, толық Білушісің. Раббымыз, екеуімізді Өзіңе бойсұнушы қыл, ұрпақтарымыздан да Өзіңе бойсұнушы бір үмбет қыла көр әрі бізге ғибадат рәсімдерімізді (қажылық амалдарымызды) көрсетіп, тәубелерімізді қабыл ал, әлбетте, Сен Өзің тәубені Қабыл Етуші, аса Мейірімдісің! Раббымыз, (ұрпағымыздың) ішінен өздеріне, оларға аяттарыңды оқитын, Кітапты әрі хикметті (Пайғамбардың сүннетерін) үйретіп, оларды тазартатын бір елші жібергейсің, расында Сен аса Үстем, өте Данасың», - деп (жалбарынды)», - дейді (Бақара сүресі, 124-129 аяттар).
Ибраһим мен Исмаъил үйді тұрғызуды бастап бұрышына жеткен кезде, Ибраһим сол бұрыштың ерекше болуын қалады. Сөйтіп ол Исмаъилге: «Маған осы бұрышқа лайықты бір тас әкел», - деп бұйырды. Исмаъил: «Мен шаршап тұрмын», - деп жауап қатады. «Орныңнан тұр», - дейді Ибраһим. Исмаъил орнынан тұрып, тас іздей бастайды. Бірақ ол лайықты тас таппай қайтады. Кенеттен сол бұрышқа бір тас қаланып, Ибраһимның құрылысты жалғастырып жатқанын көрді. Ол: «О, әкетай! Бұл тасты саған кім әкелді?» - дейді. Ол: «Маған оны шаршамайтын Жәбірейіл (оған Аллаһтың сәлемі болсын) алып келді. Бұл жәннаттан келген тас», - деді. Ол туралы деректерде: «Ол алғашында ақ тас болған. Сосын қарайған. Оны қарайтқан Адам ұлдарының күнәлары», - деп айтылған.
Сонымен Қағба құрылды. Бұл лай-балшықсыз жалаң тастармен тұрғызылды. Оның биіктігі Ибраһимның бойына жеткен кезде өзі тастарды қалай алмай қалды. Сонда ол ұлына аяқ қойып құрылысты жалғастыратын бір тас әкелуді бұйырды. Ұлы бір тас алып келді. Ибраһим оның үстінде жалаңаяқ тұрған-ды, оның аяқтарының ізі тасқа басылды. Ибраһимның мақамы дегеніміз – осы.
Ибраһимның мақамы Қағбаға тақау жерде болатын. Қажылыққа келген адамдар Қағбаны тауап еткенде сол жерде қатты сығылысып, Құранда баян етілген Ибраһимның мақамын көру үшін бір-біріне зиян келтіретін жағдайлар жиі кездесетін. Сондықтан Омар ибн Хаттаб (оған Аллаһ разы болсын) сахабалардың келісуімен оны орнынан жылжытып, қазірдегі орнына қойған. Аллаһ Тағала:
«Ибраһимның мақамынан (аяқ іздерінің орны) намаз орны қылып алыңдар», - деген (Бақара сүресі, 125 аят).
Сонымен үй құрылып біткенде Аллаһ Тағаладан: «Оның жолына шамасы келген адамдар, Аллаһ үшін Үйге (Қағбаға) қажылық жасауы уәжіп. Ал кім қарсы келсе, Аллаһ барша әлемдерден Бай», - деген бұйрық келді (Әли Имран сүресі, 97 аят).
Сондай-ақ Аллаһ Тағаладан Ибраһимге: «Адамдарды қажылыққа шақыр», - деген әмір түсті (Хаж сүресі, 27 аят).
Ибраһим: «О, Раббым! Менің дауысым жетпейді ғой», - дейді. Аллаһ Тағала: «Ей, Ибраһим! Саған тек шақыру керек. Ал оны жеткізу Бізге тән», - деп үн қатты. Сонда Ибраһим Арафат тауына көтеріліп, сол жерден адамдарды, Аллаһтың қасиетті үйіне қажылық жасауға шақырды. Сол кезде мұғжиза жүз беріп, оның дауысы жер-жердегі барлық адамдарға жетті (Ибн Кәсир).
Сондай-ақ, Аллаһ Тағала адамдардың жүрегіне Қағба мен оны қажылық жасауға деген махаббат салды. Аллаһ Тағала: «Адамдарды қажылыққа шақыр. Олар жаяу және көлік үстінде әрбір алыс жолдардан саған келеді», - деген (Хаж сүресі, 27 аят).
Сонымен адамдар бүкіл дүние жүзінен Аллаһтың үйіне қажылыққа келе бастады. Осылай Аллаһ Тағаланың мұғжизасымен Қағбаны қажылық жасау мен оны құрметтеу бой көрсетті.
Бұдан кейін Ибраһим Палестинада өмір сүрді.
Аллаһ Тағаланың Ибраһимге (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Өзінің өлілерді тірілту құдыретін көрсетуі
Аллаһ Тағала Өзі мен Ибраһимның арасында болған ғажайып бір әңгімені баян етеді:
«Сонда Ибраһим: «Раббым! Маған өлілерді қалай тірілтетініңді көрсет», - деп (өтінді). Аллаһ Тағала: «Сен сенбеймісің?» - деді. Ол. «Әрине (сенемін). Бірақ, жүрегім орнығу үшін», - деді» (Бақара сүресі, 260 аят).
Осы жерде ғұламалардың айтуынша, анық білу бар және анық көзбен көру бар. Анық білу – кісінің бір нәрсеге толық сенімді болып, жүрегінде ешқандай күдіктің болмауы. Омар ибн Хаттаб (оған Аллаһ разы болсын): «Аллаһпен ант етемін! Аспан жарылып, жәннат пен тозаққа назар салсам да, иманым артпас еді», - деп айтқандай. Ал анық көзбен көруге келсек, Аллаһ Тағала:
«Раббыңа, саған анық бір нәрсе (өлім) келгенге дейін құлшылық қыл», - деген (Хижр сүресі, 99 аят). Өлім келсе Аллаһтың айтқандарын, періштелер мен қабірге қатысты жағдайларды және Ақырет күніне қатысты хабарларды көзбен көресің.
Демек Ибраһим анық білуден анық көзбен көруге көшуді қалады. Сонда Аллаһ Тағала:
«Төрт құсты алып, оларды өзіңе жина. Сосын әр тауға олардан бір бөлшек қой», - деді (Бақара сүресі, 260 аят).
Яғни төрт құсты алып оларды сой. Сосын оларды бөлшектеп, бір-бірімен араластыр. Сонан соң олардың етінің, қаны мен қауырсындарының қоспасын төртке бөліп, төрт тауға апарып қой, деді. Бір хабарда Ибраһим құстардың басын қолында алып қалды делінген.
Іс жүзінде де ол құстарды сойып, оларды бөлшектеді. Олардың бөлшектерін араластырып төрт тауға бөліп қойды.
Аллаһ Тағала:
«Соң оларды шақыр. Олар саған жетіп келеді. Білгін! Расында Аллаһ аса Үстем, өте Дана», - деді (Бақара сүресі, 260 аят).
Сонда Ибраһим құстарды шақырды. Сол кезде оның көз алдында құстардың денесі жиналып, бассыз бейнелене бастады. Сонан соң одан бастарын алып ұшып кетеді. Аллаһ Тағаланың әрбір нәрсеге құдіреті жетеді.
Ибраһимнің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) дүние салуы
Исмаъилдың анасы Ажар әкесі Ибраһимның алдында дүние салды. Ол Меккеде жерленген. Ибраһим оның қазасына қатты қайғырды. Кейін жүз жиырма жеті жасында Сарра дүние салды. Ибраһимге оның қазасы да ауыр тиді.
Сосын Ибраһим жүз жетпіс бес жасында қайтыс болды. Оны ұлдары Исмаъил мен Исхақ қазіргі кезде Әл-Халил деп аталатын Хабрун деген жерге жерледі.
Ибраһимның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қадір-қасиеттері
Ибраһимның жоғары қадір-қасиеттері туралы Құран Кәрім мен хадистерде көп айтылған. Оның ең ұлы қасиеттерінің бірі – ол «Халилур-Рахман» (Рахманның досы). «Аллаһ Ибраһимды дос тұтқан» (Ниса сүресі, 125 аят).
«Хилла» (достық), бұл – жүректің махаббатқа толуы. Ал достық махаббаттан жоғары тұрады. Ол Аллаһтың өте жақсы көрген пенделерінен еді.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) көп жерде, өзінен кейін елшілердің абзалы Ибраһим екендігіне ишара еткен. Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Қиямет күні өзіне барша адамдардың, тіпті Ибраһимның да (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қызығатынын айтқан.
Ибн Аббастан (әкесі екеуіне Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдар (Қиямет күні) жалаң-аяқ, жалаңаш және сүндеттелмеген күйде жиналады. Ең бірінші киіндірілетін – Ибраһим», - деген (Имам Ахмад риуаят еткен).
Сонымен қатар ол Аллаһ Тағаланың әмірлерін толық жүзеге асырған. «Сондай-ақ (әмірді) орындаған Ибраһим» (Нәжім сүресі, 37 аят).
Ол пайғамбарлар қатарындағы ең сабырлы ұлы бестіктің ішіне кірді. «(Мұхаммед) (сол уақытта) пайғамбарлардан уәде алған едік; Сенен, Нұхтан, Ибраһимнен, Мұсадан және Мәриям ұлы Исадан, солардан берік уәде алғанбыз» (Ахзаб сүресі, 7 аят).
Сондай-ақ, Аллаһ Тағала оны: «Шынында Ибраһим нағыз Аллаһқа бойсұнушы, ықыласты бір өнеге еді. Мүшіріктерден емес-ті. Оның (Аллаһтың) нығметтеріне шүкір ететін. (Аллаһ) оны таңдап, тура жолға салды. Оған дүниеде жақсылық бердік. Сондай-ақ ол Ақыретте де ізгілерден болады», - деп өнегелі түрде сипаттаған (Нахыл сүресі, 120-122 аяттар).
Ибраһим өзінен кейінгі келген пайғамбарлардың барлығының әкесі. Аллаһ Тағала: «Оған Исхақ пен Яъқубты бердік және оның ұрпағына пайғамбарлық және кітап бердік. Сондай-ақ оған дүниеде сыйын бердік және ол Ақыретте де ізгілерден болады», - деген (Анкабут сүресі, 27 аят).
Әнәс ибн Мәликтен (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні мүміндер жиналып: «Раббымыздың алдында шапағатшы болатын біреуді іздесек», - деп, Адамға келеді. Адам шапағат ете алмайтын себебін айтып: «Өзім!..Өзім!..Менен басқа біреуге барыңдар! Нұхқа барыңдар!» - дейді. Адамдар Нұхқа келгенде, ол да: «Өзім!..Өзім!..», - деп себебін айтады. Сосын адамдар Ибраһимге келіп: «Ей, Ибраһим! Сен Аллаһтың досысың ғой. Аллаһтан бізге есеп-қисапты бастауын сұрағын», - дейді. Сонда ол: «Жоқ, мен Раббымнан қорқамын. Өйткені, үш рет өтірік айтқанмын», - дейді» (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят еткен). Сондағы оның айтқан жалған сөздері: «Мен сырқатпын», «Бәлкім олардың үлкені істеген болар» және «Ол менің қарындасым» деген сөздер. Бәрін де өз мақсатында емес, Аллаһ үшін айтқан.
Ибраһимның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасынан алынар өнеге-ғибраттар
1. Аллаһ Тағаланың: «Ибраһимның әкесі үшін кешірім тілеуі оған берген бір уәде бойынша ғана еді. Өзіне оның Аллаһтың дұшпаны екені білінген кезде, одан бойын аулақ салды» деген сөзінен алынар өнеге: мүмін кісінің кәпір үшін кешірім тілеуі дұрыс емес екендігі. Шариғатта егер кәпір біреу дүние салса, Аллаһтан оған кешірім сұрауға тыйым салынған.
2. Ибраһимның Бабыл мен Харран халқына жасаған дағуатынан алар өнегеміз: дағуатты халықтың санасына қарап, қиындатпай, олар түсінетін тілде айту керек.
3. Ибраһимның дағуатын өз әкесінен бастауындағы өнеге: әр дағуатшы дағуатын өз отбасынан және жақындарынан бастау керек.
4. Мұсылман адам мүмкіндігі болса ширкке себеп боп жатқан нәрсенің көзін жоюға тырысу керек.
5. Аллаһ Тағаланың: «Ей, от! Ибраһимге салқын, зиянсыз бол», - дедік» деген аятынан алар өнегеміз: от тек Аллаһтың әмірімен ғана күйдіреді. Аллаһтың жаратқан мақлұқтарында ешқандай өзіндік құдірет жоқ, олардың іс-әрекеті Аллаһтың қолында. Сол сияқты құрбандық оқиғасында да пышақтың өтпеуі де Аллаһтың әмірімен болған іс.
6. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) кесірткені өлтіруге бұйырып: «Ол Ибраһимге (от) үрлеген», - дегенінен алынар өнеге: кесіртке Ибраһимның дағуатына дұшпандық жасап, от күшейіп, қаттырақ жансын деген еді. Бірақ кесірткенің қайбір демі бар. Сол сияқты кімде-кім Аллаһтың дініне арзымайтын дәрежеде болса да дұшпандық танытса, Аллаһ Тағала оны азаптайды.
7. Ажар анамыздың Мекке жерінде басынан кешкен оқиғасынан алынар өнегелер:
- «Ондай болса, Ол бізді өлтірмейді» деген сөзі әйелдерден бұрын еркектерге ғибрат болмақ. Яғни қашан Аллаһтың әмірі астында болса, адам қараусыз қалмайды. Оның әмірлеріне бойсұнған кісі кедейлік пен мұқтаждықтан қорықпайды. Өйткені оның ризығын Аллаһтың Өзі жеткізеді. Сондай-ақ қайсыбір пенде Аллаһтың бұйрықтарын бұлжытпай орындайтын болса, Ол оны қолдап-қуаттайды. Харамға бой ұрмау керек, Аллаһ Тағала халалын жеткізеді. Сол себепті де бұрыңғы өткен ізгі мұсылман әйелдер күйеуін босағадан шығарып саларда: «Біз үшін Аллаһтан қорық. Біз аштыққа бірнеше күн шыдай аламыз, бірақ тозақ отының ыстығына бір сәт те сабыр ете алмаймыз. Біздің үйге харам нәрсе әкелме» деп айтатын болған.
- Адам баласының сезімдеріне көз салар болсаңыз, ананың баласына деген пәк, таза махаббатына тең келер ештеңе таппайсыз. Бұл әсіресе, алақанындағы өз баласын жоғалтуына бір табан қалып тұрған ананың жағдайында айқын көрініс табады. Иен далада, баласынан айрылу алдында тұрған, бірдеңе істеуге шарасы қалмаған ананың орнына өзімізді қойып көрейікші.
- Бұл көріністегі тағы бір ғибрат алар нәрсе, адам баласының қарап отырмай себеп іздеуі. Бір жәрдем болар деген үмітпен Ажар анамыз айла-шарасы жоқ болса да үмітін үзбей жәрдем боларлық дәнеңе (себеп) іздеді. Міне, мұсылман осылайша себеп іздейді, бірақ бұл әрекет Аллаһтың әміріне қарсы шығу деген сөз емес. Сафа мен Маруа арасында жүгірген Ажар анамыздың өзін Аллаһтың тағдырына тапсырып, соқыр тәуекелге бармай, қолдан келгенін істеп нағыз тәуекел етуі екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.
8. Құрбандық оқиғасынан алынар өнегелер:
- Ибраһимның: «Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін; назар аудар, қалай қарайсың?» - деді» деген сөзінде неліктен Ибраһим ұлы Исмаъилмен ақылдасты? Мұның мәні мұсылман әкенің өз ұлымен сауапты бөлісуінде жатыр. Ол баласына айтпай-ақ, бұл Аллаһтың әмірі деп оны бауыздауы мүмкін еді. Бірақ ол ұлының да сауап алуын қалады. Бұл жерде ата-аналарға ұл-қыздарын сауап алуға қатыстыру мәселесінде үлкен ғибрат бар.
- Ибраһим оған мен осыған бұйырылдым деген жоқ-ты. Бәлкім түсінде көргенін айтты. Бірақ Исмаъил пайғамбарлардың түсінің ақиқат екенін білетін. Сондықтан ол Аллаһтың әміріне толығымен бойсұнып: «Өзіңе не әмір етілсе, соны орында. Аллаһ қаласа, мені сабырлылардан табасың», - деді. Ғалымдар: «Осы сөйлемде Аллаһ Тағалаға қатысты әдептілік пен кішіпейілділіктің шыңы жатыр», - деген.
- Аллаһ Тағаланың: «Сөйтіп ол екеуі де бойсұнған кезде», - деген сөзінде: неге «фәләммә әсләмә» (бойсұнған кезде), - деді? Олар әуелден-ақ бойсұнушы мұсылман емес пе еді? Бұл жерде олардың Аллаһтың әміріне толық, біржола бойсұнғандықтары жайлы айтылған. Міне, бұл шынайы мұсылмандық. Шынайы мұсылмандық – Аллаһ Тағаланың әмірлері мен тыйымдарына біржола, толықтай бойсұну.
Демек Ибраһим отқа тасталғанда өзін, сосын түсіндегі аян арқылы ұлын Аллаһ жолында құрбандыққа тігіп, барлық сынақтардан өтті. Осыдан бастап Аллаһқа жолына тарту ретінде, сондай-ақ, бүкіл әлемде Оған бойсұну көрініс табу үшін әр жылы мұсылмандар құрбандық шалады. Бұл құрбандықтағы мақсат, біз өз баласын Аллаһқа құрбан етуге дайын болған Ибраһимның жолымен жүреміз дегенді білдіреді. Мұның астарында о, Раббымыз, біз Ибраһимның жолын қуып өзімізді, балаларымызды және мал-мүлкімізді Сенің жолыңда құрбан етуге дайынбыз деген ұлы мағыналар жатыр.
9. Қажылық рәсімдерінің барлығы (тауап ету, Сафа мен Маруаның арасында жүгіру, құрбандық шалу және т.с.с.) Ибраһимның қиссасын жаңғыртады.
Ибраһимның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) ұлдары
Исмаъил мен Исхақ жайлы мәлімет аз келтірілген. Аллаһ Тағала кітабында Исмаъилды: «(Мұхаммед) Кітаптағы Исмаъилды есіңе ал. Шынында, ол уәдесіне берік әрі жіберілген бір пайғамбар еді. Үй-ішіне намаз бен зекетті (орындауды) бұйыратын. Сондай-ақ Раббының қасында разылыққа жеткен-ді», - деп бейнелеген (Мәриям сүресі, 54-55 аяттар).
Аллаһ Тағала оны уәдеге берік деп сипаттады және оның қасиеттерінің бірі – ол ұлдары мен қыздарының Аллаһқа ғибадат етуіне қатты көңіл бөлетін. Оларға намаз оқып, зекет беруді әрдайым ескертіп отыратын.
Исмаъил жабайы жылқыларды қолға үйреткен деген дерек бар. Абдуллаһ ибн Омар (әкесі екеуіне Аллаһ разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Жылқыны үйреніңдер және ол (ілімді) мұра қылып қалдырыңдар, шын мәнінде ол – әкелерің Исмаъилдың мұрасы», - дегенін жеткізген.
Исмаъил жүз отыз жеті жасында Меккеде дүние салып, анасының қасына жерленген.
Ал Исхақ туралы Аллаһ Тағала: «(Ибраһимге) Исхақты және артықша Яъқубты бердік. Бәрін де ізгі кісілер еттік. Оларды әміріміз бойынша тура жол көрсететін басшы қылып, оларға жақсылық істеуді, намазды орындауды, зекет беруді уахи қылдық. Олар бізге құлшылық қылушылардан еді», - деген (Әнбия сүресі, 72-73 аяттар).
Исхақ та жүз жетпіс бес шамасында қайтыс болып, Әл-Халилде жерленді. Аллаһтың алдындағы ең ұлы пайғамбарлардың бірі Ибраһим мен оның ұлдары Исмаъил және Исхақтың қиссасы осылай аяғына жетті.
Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Әл-бидәя уа ән-ниһая».