×
Имам әт-Тахауидің қысқаша өмірбаяны

    Имам әт-Тахауидің, оны Аллаһ рақым етсін, өмірбаяны

    حياة الإمام الطحاوي رحمه الله

    < Қазақ тілі – Kazakh – كازاخي >

    Islamic.kz сайтынан

    Islamic.kz من موقع:

    Имам әт-Тахауидің, оны Аллаһ рақым етсін, өмірбаяны

    · Атақты ханафи ғалымдары

    Имам Абу Джа’фар Ахмад бин Мухаммад бин Саляма бин Сальма бин ‘Абдульмалик әл-Азди әл-Хаджари әл-Мисри, имам әт-Тахауи деген (Мысырдағы туылған жерінің атына байланысты) атымен танылған.

    Оның шәкірті ибн Юнустың хабарлауынша, әт-Тахауи 239 х.ж. дүниеге келген және, биограф ғалымдарының көпшілігінің пікірінше, 321 х.ж. қайтыс болған, алайда Ибн Надим оның 322 х.ж қайтыс болғанын тұжырымдайды.

    Имам әт-Тахауи білімдарлығымен және тектілігімен танылған отбасыда өсті. Оның әкесі араб поэзиясының білімпазы ретінде ғана емес, сонымен қатар білімді және дана кісі ретінде танылған еді. Ал оның шешесі имам әш-Шафиғидің ізбасарлары мен оның сабақтарына қатысқан кісілердің қатарында аталады. Оның нағашысы Исмаил бин Яхья әл-Музани – имам әш-Шафиғидің алдыңғы қатарлы ізбасары және оның білімін таратушы болған.

    Имам ат-Тахауи алты атақты хадис жинақтарының авторы болған хадистанушы имамдардың және сол кездің басқа да көрнекті ғалымдарының замандасы болған және солармен бірге кейбір хадистерді жеткізуде қатысқан.

    Жиырма жасқа толған шағында ол әш-Шафиғидің мазхабын тастап, имам Абу Ханифаның мазхабына ілесті, бұған бірқатар факторлар әсер еткен болатын.

    1. Ол өзінің немере ағасының Абу Ханифа кітаптарын ыждағатты түрде зерттейтінін, ал олар оның берген пәтуаларына әсер ететінін байқайтын. Мухаммад бин Ахмад әл-Шурути одан: «Сен не үшін немере ағаңның мазхабынан бас тартып, Абу Ханифаның мазхабына ілестің?» - деп сұраған кезінде, ол: «Мен немере ағамның үнемі Абу Ханифаның кітаптарына жүгінетінін көретінмін, сондықтан да оның мазхабына ілестім», - деген екен.

    2. Ол әш-Шафиғи мен Абу Ханифаның атақты ізбасарларының пікірсайыстарына куә болған еді.

    3. Даулы мәселелер бойынша пікірлер баяндалған екі мазхабтың да ілесушілері жазған еңбектер. Мысалы, әл-Музани Абу Ханифаға бірқатар мәселелер бойынша келіспеушіліктерін жазған «Әл-мухтасар» кітабы, ал бұл кітапқа казы Баккар бин Кутайба өзінің мазхабын қорғап кітап жазды.

    4. Қазы Баккар бин Кутейба, ибн Абу Имран және Абу Хазим сияқты Мысырға қазылық қызметті атқару үшін келген Абу Ханифа мазхабына ілесуші шейхтар.

    Осы фактарлардың барлығы оның тума сипаттарымен, жан-жақты білімділігімен және «мужтахид» дәрежесіне деген ұмтылысымен бірге оны екі мазхабты да терең зерттеуге, оларды салыстыруға және өзін соған жатқызатын әрі кейіннен қорғайтын ханафи мазхабын таңдауға итермеледі.

    Абу Джа’фар ат-Тахауидің бір мазхабтан екінші мазхабқа өтуінде таңқалуға немесе сөгіске лайықты ешнәрсе жоқ, өйткені одан алдыңғы буыннан және оның замандастарынан болған көптеген ғалымдар бір мазхабтан екінші мазхабқа өтетін, әрі мұндай нәрсе сол кезеңнің ғалымдары тарапынан айыпталмайтын. Мысалы, имам әш-Шафиғидің шәкірттерінің көбі бұрын имам Маликтің ілесушілерінің қатарында болған, олардың арасында имам әт-Тахауи білім алған ғалымдар да бар еді. Бұл соқыр ілесушіліктің, еліктеудің немесе бәсекелестіктің нәтижесі емес, дәлелдерді, пайымдарды зерттеудің және дәйектермен қанағаттуныдың нәтижесінде орын алатын.

    Ибн Зулак былай деген: «Мен Абульхасан Али ибн Джа’фар әт-Тахауидің былай дегенін естігенмін: «Мен әкемнің Абу Убайда бин Харбауайхтың артықшылықтарын және фиқхтағы білімін атап, былай дегенін естігенмін: «Біз онымен кейбір сұрақтар бойынша пікірталасатынбыз, және бірде мен оның сондай бір сұрағына жауап бергенімде, ол маған бұл Абу Ханифаның пікіріне сәйкес келмейді деп жауап берді. Мен оған: «Уа, қазы, сонда мен Абу Ханифаның айтқан сөздерінің барлығын қайталауым керек пе?» - дедім. Және ол маған: «Мен сені оның соқыр ілесушісі ғана деп ойлайтынмын», - деді. Мен: «Фанатиктер ғана соқыр түрде ілеседі», - дедім, ал ол: «Немесе топастар», - деп қосты. Кейіннен бұл сөздер Мысырда кең таралғандығы соншалықты – ол адамдардың есінде сақталып қалған хикаяға айналды».

    Ғалымдардың имам әт-Тахауи туралы айтқан сөздері

    Ибн Асакир өзінің «Тарих» (7/368) кітабында хабарлағандай, Ибн Йунус былай депті: «Ол хадис жеткізуде сенімге лайықты, жақсы есте сақтау қабілетіне, ақыл-парасатқа және фиқх туралы білімдерге ие еді және өзіне тең келерлік ешкімді қалдырмады».

    Өзінің «әс-Силя» кітабында Масляма ибн әл-Қасим, бұл туралы Ибн Хаджар өзінің «әл-Лисан» (1/276) кітабында келтіргеніндей, былай деген: «Ол сенімге лайықты, өте құрметті және көрнекті адам еді, түрлі пікірлерді білетін және ғалымдардың еңбектерін жақсы түсінетін еді».

    Ибн Надим «әл-Фихриста» кітабында (260-бет) былай деді: «Ол сол заманда ақыл-парасатымен және зухдтық өмір сүруімен ерекшеленетіндердің біреуі болатын».

    Ибн Абдульбарр, бұл туралы «әл-Жауахир әл-мудыййя» еңбегінде келтіретініндей, былай деген: «Ол Куфа ғалымдары өмірбаяндарының, олар және олардың фиқхты білуі туралы оқиғалардың білгірлерінінің бірі болатын, сонымен бірге ол құқықтық мектептер – мазхабтар саласында білімдерге ие еді».

    Имам әс-Сам’ани «әл-Ансаб» кітабында (8/218) былай деген: «Ол – имам, хадистер жеткізуде сенімге лайықты (жеткізуші), фиқхтың білгірі, өзіне теңдес ешкімді қалдырмаған (ғалым) еді».

    Ибн әл-Жаузи «әл-Мунтазам» кітабында (6/250) былай деген: «Ол алғырлыққа және ақылға, фиқх біліміне ие еді, хадистер жеткізуде сенімге лайықты, көркем келбетті болатын, әрі барша оның адамгершілігін, шыншылдығын, қанағатшылдығын және кішіпейілдігін сөз ететін».

    Ибн әл-Асир «әл-Лубаб» кітабында (2/276) былай деп жазған: «Ол – имам, ханафи мазхабының фақихы болатын және (хадистер жеткізуде) сенімге лайықты еді».

    Имам әз-Захаби «Сияр а’ләм ән-нубалә» еңбегінде (15/27) былай деп жазады: «Ұлы ғалым, Мысырда танымал хадис білгірі және фақих... әрі осы имамның еңбектерімен таныс болған әрбір адам, оның ілімділігінің дәрежесін және танымының кеңдігін көре алады».

    «әт-Тарих әл-кабир» атты өзінің басқа бір кітабында 33-ұрпақ туралы мақалада ол былай деп айтады: «Фақих, хадистердің білгірі және жеткізушісі, ең танымал ғалымдардың бірі, ол сенімге лайықты еді, хафиз болатын және білімдерге ие еді, әрі ақылымен де ерекшеленетін». Сондай-ақ имам әт-Тахауи туралы ол «Тазкират әл-хуффаз» кітабында да (808) айтады.

    Әс-Сафади «Әл-уафи биль-уафийат» кітабында (8/9) былай деп жазған: «Ол хадистер жеткізуде сенімге лайықты еді, текті болатын, ақылымен және фиқхты білуімен ерекшеленетін, әрі ол сияқтылар жоқ еді».

    Әл-Йафии былай деген: «Ол хадистер мен фиқхтың білгірі еді және бірқатар пайдалы шығармалар жазған».

    Ибн Касир «әл-Бидайа» (11/187) кітабында ол туралы былай дейді: «Ханафи мазхабының ғалымы, бірқатар пайдалы шығармалардың авторы, хадистердің ең дұрыс жеткізушілерінің бірі, ерекше күшті еске сақтау қабілетіне ие еді».

    Әс-Суютый «Табақат әл-хуффаз» еңбегінде (337) былай деген: «Имам, атақты ғалым және хадис білгірі, бірегей еңбектердің авторы, ол сияқты фақих болмаған».

    Әд-Даууди «Табақат әл-муфассирин» кітабында (1/74) ол туралы былай деген: «Имам, атақты ғалым және көп хадистерді жатқа білген».

    Махмуд Сулейман әл-Кафави өзінің «әт-Табакат» кітабында, бұл туралы әл-Ләкнауи «Әл-фауаид әл-бахийа» кітабында (31) былай деген: «Өте абыройлы имам, ол өзі туралы көптеген парақтарға толы керемет пікірлермен кең танылған еді... ол хадистер мен асарлар туралы білімде имам еді... ұлы және атақты шығармалардың авторы».

    Оның еңбектері

    Ол ақида, тафсир, хадистер, фиқх және тарих ғылымдары бойынша, өздерінің негізділігімен, сапасымен ерекшеленетін және өзіне көптеген пайдалы ақпаратты қамтыған бірқатар кітаптар жазды. Тарихшылар оның отызға жуық кітаптарын атаған, олардың арасында:

    1. «Шарх ма’ани әл-асар»«Хикаялардың мағыналарына түсіндірме»;
    2. «Шарх мушкиль әл-асар»«Хикаялардағы мәселелерге түсіндірме»;
    3. «Мухтасар әт-Тахауи фи-ль-фиқх әл-ханафи»«Әт-тахауидің ханафи фиқхы бойынша шағын жинағы»;

    4. «Сунан әш-Шафии», онда әт-Тахауи өзінің немере ағасы әл-Музани әш-Шафиғиден 252 х.ж. естігенді жинақтаған.

    5. «Әл-ақида әт-Тахауийа»«әт-Тахауидің «Ақидасы», кең танылған және Сүннеттің ілесушілері тарапынан, олардың мазхабтары арасындағы айырмашылықтарына қарамастан, қабыл етілген және оның өзіне бірқатар түсіндірмелер жазылған еңбек;

    6. «Әш-шурут әс-сағир».

    Имам әт-Тахауи, Аллаһ оны рақым етсін, Мысырда 321 х.ж. зуль-ка’да айында қайтыс болды және Бану Аш’ас қабірінде жерленді.

    Сондай-ақ мыналарды оқуды ұсынамыз:

    1. Имамның қайтыс болуы;

    2. Имам Абу Ханифаның шейхтары;

    3. Имамның салиқалылығы және дүниені тәрк етуі туралы;

    4. Имамның мазхабының таралуы;

    5. Абу Ханифаның ең танымал шәкірттері