(И’ТИКАФ (Мешітте оңашалану
Бөлімдер
Full Description
И’ТИКАФ
(Мешітте оңашалану)
الإعتكاف
>қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
Дереккөз: «Ораза» сайты
مصدر: الموقع "الصوم"
Қазақ тіліне аударған: «Абу Ханифа мирасы» сайтының редакциясы
ترجمة: إدارة الموقع "ميراث أبي حنيفة"
مراجعة: إدارة الموقع "ميراث أبي حنيفة"
И’ТИКАФ
(Мешітте оңашалану)
«И’тикаф» сөзінің анықтамасы
Тілдік мағынасы – бұл әлдебір орында болу. Шариғатта – бұл ерекше кейіппен Аллаһқа құлшылық ету үшін мешітте сыртқа шықпай оңашалану. Қз.: “әл-Муфрадат” 343, “Шарх «Сахих» Муслим” 8/66.
И’тикафтың үкімі
И’тикаф Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әр Рамазанда өмірінің соңына дейін орындап келген Исламдағы өте құптаулы амал болып табылады. Ибн ‘Умардың (Аллаһ оған разы болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: “Әр Рамазанның соңғы он күнінде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітті тастап шықпайтын”. Әл-Бухари 2025, Муслим 1172.
Имам Абу Бакр ибн әл-Араби: “И’тикаф бекітілген Сүннет болып табылады”, - деген. Қз.: “Фатхул-Бари” 4/320.
Имам ән-Науауи былай деген: “И’тикаф жасау бірауызды келісім бойынша – сүннет, әрі уәжіп болып табылмайды, тек егер адам оны орындауды нәзір еткен болмаса ғана. И’тикафты орындау өте құптаулы амал болып табылады, әсіресе, Рамазанның соңғы он күнінде”. Қз.: «әл-Мәжму’» 6/501. Қз.: сондай-ақ «әл-Ижма’» 34.
И’тикафтың артықшылығы жайында
И’тикафтың артықшылығы өте үлкен екендігіне дау жоқ, өйткені ол өзінің құрамына ораза, бес уақыт намазды жамағатпен оқу, Құран оқу, Аллаһты зікір ету, мешітте болу сияқты ғибадаттың басқа да көптеген түрлерін біріктірген құлшылық болып табылады. Алайда и’тикафтың артықшылықтары туралы Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахих хадистер түрінде жеткен хабар жоқ. Абу Дауд былай деп баяндайтын: “Мен имам Ахмадтан: «И’тикафтың артықшылықтары туралы сахих деректер бар ма?», - деп сұрадым. Ол бұған: «Әлсіз хадистерден басқа еш нәрсе жоқ», - деп жауап берді”. Қз.: “Мәсаил Аби Дауд” 96.
Алайда и’тикафтың артықшылықтары туралы тақырыпқа қатысты Ибн Аббастан жеткен, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Аллаһтың Дидарына ұмтылып бір күн бойы и’тикаф жасаса, Аллаһ оны мен Оттың (арасын) үш ормен ажыратады, әрі олардың әрқайсысының кеңдігі шығыс пен батыстың арақашықтығығынан үлкен болады», - деген хадис бар. Әт-Табарани “әл-Әусат”, әл-Бәйһақи.
Бұл хадистің сахихтығына қатысты келіспеушіліктер болған, алайда хафиз әл-Мунзири мен хафиз әл-Хайсами хадистің иснадын хасан деген. Қз.: “әт-Тарғиб уа-т-тархиб” 1/267 и “Мәжма’у-з-зауаид” 8/192.
И’тикафтың даналығы
Шейх Ибн әл-Қайим былай деген: “Аллаһ Тағала и’тикаф жасауды бекітті, әрі оның даналығы мен мағынасы адамның Аллаһ Тағалаға бүкіл жанымен ұмтылуында, өзін Жалғыз Оған ғана бағыштауында, Онымен оңаша қалуында, дүниелік істерден алыстап, өзінің Раббысына құлшылық етумен айналысуында. Оңашалану кезінде адамның бүкіл ойы мен ниеті «Аллаһты қалай жақсырақ зікір етсем екен және жақсы көрсем екен, әрі Оған қалайша жақсырақ ұмтылсам екен?» дегенмен байланысты болады. Адам қалған өзге ойлар мен ниеттерден құтылады. Оны тек Аллаһқа деген ұмтылыс мазалайды. Оны тек Аллаһты зікір ету және Оның разылығына қалай жетуге және Оған қалай жақындауға болады деген сұрақтар ойландырады. Ол Аллаһпен сөйлесу үшін, адамдармен сөйлесуден бас тартады, әрі өзін қабірге түсетін ұлы жалғыздық күніндегідей елестетеді. Ақиқатында, ол жерде адам өзіне сұхбаттас таппайды әрі тек Аллаһпен бірге оңашалануға ғана қуана алады”. Қз.: “Задул-Ма’ад” 2/86.
И’тикафтың кезеңдері
Мешітте оңашалануды кез-келген уақытта жасауға болады, әрі ол тек Рамазанмен ғана байланысты емес. Бұған Айшаның былай деп баяндаған хадисі нұсқайды: “Бірде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) белгілі бір уақытын мешітте өткізгісі келді де, өзінің (оңаша) болғысы келген жеріне жақындағанда, ол жерде оның әйелдерінің (Аишаның, Хафсаның және Зайнабтың) шатырлары тігілген болып шықты. Оларды көріп Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендер олар осыны ізгіліктен істеді деп ойласыңдар ма?» - деді. Содан соң Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің и’тикафын тоқтатты, бірақ оны кейін Шәууәл айында он күн бойы жалғастырды”. Әл-Бухари 2034.
Алайда, бұл туралы жоғарыда айтылып кеткендей, ең жақсы оңашалану – бұл Рамазан айының соңғы он күніндегі оңашалану.
И’тикафтың ең аз және ең көп уақыты
Ғалымдар «И’тикаф жасау үшін ең аз уақыт қандай болуы керек?» деген сұраққа қатысты бірнеше пікірге бөлінді. Олардың кейбіреулері бір күн мен түн, кейбіреулері 10 күн, ал көпшілігі кез-келген уақыт, тіпті бір сәт болса да болады деген. Қз.: “әд-Дуррул-мухтар” 1/445, “әл-Қауанинул-фиқһия” 125, “әл-Инсаф” 7/566.
Әрі бұл туралы кейбір сәлафтар айтып кеткен болатын. Я’лә ибн Умайя (Аллаһ оған разы болсын): “Ақиқатында, мен мешітте бір сағат боламын, әрі мұны и’тикаф ретінде жасаймын!” , - дей тін. Абдур-Раззақ 4/346, Ибн Аби Шәйба 3/89. Иснады сахих.
Бірақ мәликилер ең дұрыс пікір – и’тикафтың ең аз уақыты күн немесе түн, өйткені бұл Сүннет нұсқайтын ең аз уақыт деп айтқан, мысалы, Ибн ‘Умардың, онда ‘Умар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Жәһилиет кезінде мен әл-харам Мешітінде бір түн бойы оңашаланамын деп нәзір берген болатынмын”, - деген хадисіндегідей. Ал Пайғамбар болса (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Ендеше, нәзіріңді орында», - деген. Әл-Бухари 2032.
Бұл - сүннетте и’тикафтың ең аз уақытына байланысты келген нұсқау. Әрі ешбір сахабадан олар мешітке намазға келгендерінде, немесе бір намазды оқып болған соң екінші намазды күтіп отыратын уақытын и’тикаф деп атағаны туралы хабар жеткізелмейді. Қз.: “Фиқһ әл-и’тикаф” 55.
Ал и’тикафтың ең көп уақыты туралы айтар болсақ, онда оның шектеуі жоқ. Хафиз Ибн әл-Муләкқин былай деген: «И’тикафты әлдебір уақытта жасау айыпталмайды, әрі ғалымдар оның ең көп уақытына қатысты шектеу жоқ екеніне бірауызды келіскен!» Қз.: “әл-И’ләм бифауаид ‘Умдатул-ахкам” 5/430.
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айының соңғы он күнінде жасаған и’тикафты жасау үшін қай уақытта оңашалану керек?
Айша (Аллаһ оған разы болсын) былай деп баяндайтын: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) и’тикаф жасағысы келгенде ол таң намазын жасайтын да, оңашаланатын орнына қарай жүретін”. Әл-Бухари 2033, Муслим 1172/6.
Бұл хадис он күндік и’тикафқа Рамазанның жиырма бірінде таң намазынан кейін кіру керек екеніне нұсқайды. Бұл пікірді әл-Әуза’и, Суфиян әс-Саури және әл-Ләйс сынды имамдар ұстанған. Қз.: «әл-Инсаф» 3/369, «Субулю-с-Саләм» 2/174.
Ал имамдардың көбінің, солардың қатарында Абу Ханифаның, Мәликтің, әш-Шәфи’и мен Ахмадтың пікіріне келер болсақ, онда олар Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітте Рамазанның жиырма бірінші түніне қараған күні күн батқанға дейін оңашаланатын еді деген. Осы орайда олар Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрқашан Рамазанның соңғы он түнінде оңашаланатын еді деген хадистерге сүйенген. Қз.: «әл-Мудаууана» 2/238, «Умдатул-қари» 11/148.
Кейбір имамдар екі пікірдің екеуін де керемет біріктіріп, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ақшам намазына дейін мешітте Рамазанның соңғы он күніне оңашаланатын, ал таң намазын орындап болған соң ол өзінің шатырында оңашаланып, Аллаһқа жекешеленіп құлшылық ететін деген. Қз.: “Шарх «Сахих» Муслим” 8/249, “Найлюл-Әутар” 4/313.
И’тикафтың шарттары
1. Ниет
Имам Ибн Рушд: “Біз ниеттің қажет екендігіне қатысты келіспеушіліктерді білмейміз”, - деген. Қз.: “Бидаятул-мужтаһид” 1/430.
И’тикаф жасағысы келген адам оны басқа да оңашаланулышылардың ортасында көңілді өткізу үшін немесе басқа да себептермен емес, оны Аллаһ үшін жасауды, әрі осы үшін ұлы сауапқа ие болуды ықыласты түрде ниет етуі керек. Абу Заррдан (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сауапқа үміт етпегенге сауап жоқ», - дегені жеткізіледі. Әд-Дайләми “әл-Фирдаус” 4/206. Шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген.
2. И’тикафты мешітте жасау
Аллаһ Тағала: «Мешіттерде (ғибадат етіп) итикафта болған кездеріңде әйелдеріңе жақындаспаңдар», - деді («әл-Бақара» сүресі, 187-аят).
Имам әл-Қуртуби былай деген «Ғалымдар и’тикаф тек мешітте ғана болуы мүмкін дегенге бірауызды келіскен!» Қз.: «Тафсир әл-Қуртуби» 2/333.
Ғалымдар и’тикафты кез-келген мешітте жасауға болады дегенге бірауызды келісссе де, мешіт қандай болуға тиіс деген мәселеде әртүрлі пікірде болған. Кейбір ғалымдар и’тикафты мешіт деп аталатын кез-келген орында жасауға болады деген. Алайда кейбір сахабалар бұл пікірді сөккен. Ибн Аббастың былай деп айтқаны жеткізіледі: “Аллаһ үшін ең жек көрінішті амалдар – бұл бидғаттар! Әрі, ақиқатында, бидғаттардың қатарына и’тикафты үйлерде орналасқан мешіттерде жасау жатады!” әл-Бәйһақи 4/316. Имам Ибн Муфлих пен шейх әл-Әлбани сахихтығын растаған.
Басқалар мешіт тек бес уақыт намаз оқылатын жамағат мешіті болуы керек деген. Ибн Аббас былай деген: “Жамағат намаздары оқылатын мешіттерден басқа жерде и’тикаф жоқ”. Қз.: «Мәсаил Абдуллаһ ибн Ахмад» 2/623.
Ал Хузайфа болса и’тикаф тек үш мешітте: әл-Харамда (Меккеде), Пайғамбар Мешітінде (Мәдинада) және әл-Ақса мешітінде жасалады деп айтқан, әрі бұл пікірді шейх әл-Әлбани де абзал көрген. Олардың дәлелі – «Үш мешіттен басқа жерде и’тикаф жоқ!» деген хадис.
Алайда басқа пікірлерді жақтаушылар бұл хадис Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахих түрде жетпеген әрі бұл Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) емес, Хузайфаның өзінің пікірі деп айтқан.
Өкінішке орай, қазір бұл мәселені жан-жақты қарап шығуға уақыт та, мүмкіндік те жоқ, сондықтан да мұны басқа кезге қалдырамыз.
3. Ораза ұстау
И’тикафың осы шартына келер болсақ, ғалымдар ол туралы келіспеушілікке түскен.
Аиша былай деп айтатын: “И’тикаф орындаушы үшін ауруларды зиярат етпеу, жаназаға қатыспау, әйелге жақындамау және оны аймаламау, қатты қажеттілік болмаса мешіттен сыртқа шықпау сүннет болып табылады. Әрі оразасыз и’тикаф жоқ, және жамағат мешітінен басқа жерде и’тикаф жоқ”. Абу Дауд 2473, әл-Бәйһақи 4/321. Шейх әл-Әлбани сахихтығын растаған.
Имам Ибн әт-Таркумани былай деген: “Мухаддистердің мәзһабы сахабалардан біреу әлдебір нәрсеге «Сүннет» деп айтқан болса, онда бұны Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қаулы еткен дегенді білдіретінінде”. Қз.: “әл-Жаухару-ннақий” 4/317.
Сондай-ақ бұл жерде «Суннет» деген сөзбен «уәжіп» меңзелетініне Айшаның (оған Аллаһ разы болсын) мешіттен қатты қажеттіліксіз шықпау, әйелді аймаламау т.с.с. нәрселер Сүннет болып табылады деген сөздері де меңзейді, ал бұл істер и’тикаф кезінде тыйым салынған болып табылады.
Имам әл-Жәссас: “Ораза ұстау и’тикафтың шарты болып табылады”, - деген. Қз.: “Ахкамул-Қуран” 1/245.
Шейх Ибн әл-Қайим былай деп айтқан: “Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол и’тикафты ораза ұстаусыз жасағаны туралы еш нәрсе жеткізілмеген, бұдан қалса Айша: «Оразысыз и’тикаф жоқ», - деген. Әрі Аллаһ и’тикафты оразадан бөлек атамаған, және Пайғамбар да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны тек ораза ұстаушылармен бірге жасаған. Әрі дәлелдер нүсқайтын және сәлафтардың көпшілігі ұстанған ең жақсы пікір – ораза и’тикафтың шарты болып табылатынында. Әрі бұл пікірді шейхул-Ислам Абул-Аббас Ибн Таймия таңдаған”. Қз.: “Задул-ма’ад” 2/87.
Алайда ораза ұстау и’тикафтың шарты болып табылмайды деген пікірді ұстанушылар Ибн ‘Умардың, онда ‘Умар (Аллаһ оған разы болсын) бірде Пағамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жәһилиет кезінде мен әл-Харам мешітінде оңашаланамын деп нәзір беріп едім», - деп айтқан, ал Пайғамбар болса (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Ендеше, нәзіріңді орында», - деген хадисті келтірген. Әл-Бухари 2032.
Олар адам түнде ораза ұстамайды, әрі егер ораза міндетті шарт болғанда, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұған нұсқайтын еді деп айтады.
Бірақ имам Ибн Дақиқ әл-’Ид: “Арабтарда «түн» дегенде «тәулік» меңзеледі”, - деген. Қз.: “Ихкамул-әхкам” 2/56.
Әрі мұны бұл хадистің әл-Бухари де, Муслим де келтіретін басқа риуаяттарында «бір түн бойы» деген сөздердің орнына «бір күн бойы» деп айтылатыны да нығайта түседі.
Ал ең жақсы пікір – бұл ораза и’тикафтың жарамды болуының шарты болып табылмайды деген пікір, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Умарға нәзірін орындауды бұйырғанда, оған ораза ұста деп айтпады.
И’тикафты бұзатын себептер
1. Әйелімен жыныстық қатынасқа түсу
Аллаһ Тағала: «Мешіттерде (ғибадат етіп) итикафта болған кездеріңде әйелдеріңе жақындаспаңдар», - деді («әл-Бақара» сүресі, 187-аят).
Ибн Аббас былай деген: “Егер и’тикафтағы адам оңашалану кезінде жыныстық қатынас жасаса, ол өзінің оңашалануын жарамсыз етті”. Ибн Аби Шәйба 3/92, Абдур-Разақ 4/363. Иснады сахих.
Хафиз Ибн Абдул-Барр былай деген: «Ғалымдар и’тикафтағы адам жыныстық қатынасқа түспейді және әйелін сүймейді дегенге бірауызды келіскен». Қз.: «әт-Тамхид» 8/331.
2. Мешіттен орынды себепсіз сыртқа шығу
Айша былай деп баяндайтын: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) и’тикаф жасаған кезінде қажеттіліксіз мешіттен шықпайтын”. Әл-Бухари 2029, Муслим 297.
И’тикафтағы адамның қажетсіз мешіттен шығуы ғалымдардың бірауызды пікірі бойынша и’тикафты бұзады. Қз.: «Кашшаф әл-кана’» 3/362, “әд-Динул-Халис” 8/421.
Ал егер и’тикафтағы адам, мысалы, дәрет немесе ғұсыл алу үшін, дәрет сындыру үшін, тамақтану үшін, немесе мал-мүлкі жоғалады немесе бұзылады деп қорқып мешіттен шығуға мәжбүр болса, онда оның и’тикафы бұзылмады! Имам Ибн Хубайра: «Ғалымдар адамға мешіттен қажеттілікпен шығуға рұқсат етіледі дегенге бірауызды келіскен». Қз.: «әл-Ифсах» 1/259.
И’тикаф жасағысы келетіндерге қысқа насихат
Оңашалану кезінде и’тикаф үшін берілетін сауапты жоғалтпау үшін, дүниелік істерді шешумен, сауда келісім-шарттарын жасаумен айналыспау керек, ұйқыда артық кетушілікке, бос сөзге салынбау қажет, керісінше, осы ұлы түндерде Аллаһқа құлшылық етуде көбірек ынта таныту қажет.
Сондай-ақ и’тикафтағы басқа мұсылмандарға көмек көрсетіп және оларға ыңғайсыздықтар туғызбай, қамқорлық танытуға тырысу қажет, әрі жақсы бауырластық танытудың ұлы артықшылықтарын және мұсылман баурыңа көмек көрсету и’тикафтың өзінен жақсырақ екенін есте сақтап жүру керек. Бұл туралы Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Әрі, расында, мұсылман бауырыма оның мұқтаждығында көмекке келу мен үшін мешітте бір ай бойы и’тикаф жасаудан жақсырақ», - деп айтқан. Ибн Аби әд-Дуния, әт-Табарани. Хадис хасан. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 176.
Дереккөз: «Ораза» сайты.
Қазақ тіліне аударған: «Абу Ханифа мирасы» сайтының редакциясы.