Сахаба әйел Атика Зейдқызы (Аллаһ оған разы болсын) туралы қисса
Бөлімдер
Full Description
Сахаба әйел Атика Зейдқызы (Аллаһ оған разы болсын) туралы қисса
قصة الصحابية عاتكة بنت زيد رضي الله عنها
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
تأليف :
إسماعيل بن عمر بن كثير
авторлық
Исмаил бин көптеген
ترجمة ومراجعة :
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
АТИКА ЗӘЙДҚЫЗЫ
(АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)
«Кім шәһид болуды қаласа, Атикаға үйленсін».
«Атика» сөзінің өзі «әдемі, көрікті, ажарлы» деген мағыналарды білдіреді. Атына заты сай болған Атика өз ғасырының сұлулық падишасы еді. Ол сұлулығына қоса, өте әдепті, ақыл-парасатқа ие, сонымен қатар ақындық өнері бар бойжеткен болатын. Осындай қасиеттерге ие Атика жастайынан көпшіліктің назарына ілігіп үлгереді және ол әйгілі Зәйд ибн Амр ибн Нуфайлдің қызы еді. Атиканың әкесі Зәйд ибн Амр Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық міндет жүктелуден бес жыл бұрын дүниеден өткендіктен, Ислам дәуірінің куәсі болмаған және оны қабылдамаған. Соған қарамастан Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде Зәйд ибн Амрдың Ақыретте жалғыз өзі бір үмбет болып тірілетінін айтқан. Сондай-ақ ол кісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Жаннатқа кіріп, Зәйд ибн Амрды көрдім», – дейді (Ибн Кәсир, әл-Бидәя: 2/262; Ибн Хажар , Фатхул-бәри: 14/301).
Бұл хадис Зәйд ибн Амрдың өзі пұтқа табынушылық дәуірінде өмір сүрсе де, жаннаттық екенін білдіреді. Өйткені ол ата-бабасының пұт-мүсінге табынатын дініне ілеспей, ақиқат іздеп жер бетін шарлаған-ды. Хақ дінді іздеу мақсатымен ол христиан дінінің өкілдеріне келіп, бұл дін жайлы сұрастырады. Олар: «Бұл дінге кірем десең – кір, бірақ біраз адасуға тап боласың», – дейді. Зәйдтің көңілі толмай: «Мен өзім адасушылықтан қашып жүрмін», – деп кетіп қалады. Сосын дәл осы мәселемен яһуди дінбасыларына келіп, олардың діндері жайлы сұрастырады. Олар: «Бұл дінді қабылдаймын десең, ерік өзіңде, алайда сен біраз Аллаһтың ашуына ұшырайсың», – дейді. Бұл дін де Зәйдтің көңілінен шықпай: «Мен өзім Аллаһтың ашуынан қашып жүрмін. Одан да маған Аллаһтың разылығына жететін дінді нұсқаңдар», – дейді. Оған бір ынсапты адамдар: «Онда саған Ибраһимнің (аләйһис-сәләм) таза дінінен басқа дін сай келмейді», – деп кеңес береді. Сол тұстағы арабтар: «Біз бабамыз Ибраһимнің дініндеміз», – дей тұра, бұл тура жолға пұт-мүсіндер ғибадатын араластырып, ақиқаттан адасқан болатын. Зәйд: «Ибраһимнің таза діні қандай? Қалай ғибадат етеді, қайтіп намаз оқиды? Шариғаты не?» – деген сұрақтар береді. Кеңесшілер: «Бұл діннің жөн-жоралғылары ұмыт болған. Бізде ол жайлы мәлімет жоқ», – деп жауап қайтарады. Зәйд сол кезде: «Аллаһым! Өзің куә бол! Мен Ибраһимнің таза дініндемін», – деп иман келтіреді. Сосын ол Шам шаһарынан Меккеге қайтып келе жатып жол бойы иіліп сәжде қылып: «Раббым, мен Өзіңе қалай ғибадат етуді білмеймін. Менен қабыл ал», – деумен болады.
Ибн Амр Меккеге келген соң құрайыштарды Аллаһтың бірлігіне шақырып, оларға өз білгенінше таухидті үйретуге тырысады. Әдетте құрайыштар қажылық не умра кезінде: «Ләббәйка аллаһумма, ләббәйк. Ләббәйкә, лә шәрикә ләкә, ләббәйк. Иннәл-хамдә уән-ниғмәтә, ләкә уәл-мулк, лә шәрикә ләк» (Біз құзырыңдамыз, уа, Аллаһ, біз құзырыңдамыз! Сенде серік жоқ. Мадақ пен нығмет және патшалық Саған тән. Сенде серік жоқ), – деген сөзге «лә шәрикә ләкә иллә шәрикән һууа ләк, тәмликуһу уә мә мәләк» (Сенде Өзіңе ғана тән болған серіктен басқа серік жоқ. Сен оған және оның иелігіндегіге иелік етесің), – деп қосатын. Ал Зәйд ибн Амр осы ширк сөздерінен адамдарды қайтарып: «Сенде серік жоқ» деген жерде тоқтаңдар», – дейтін.
Осындай Исламның келуінен бұрын таухид орнаған отбасында жаннатпен сүйіншіленген ондықтың бірі – Сағид ибн Зәйд (Аллаһ оған разы болсын) пен біз әңгіме етейін деп отырған Атика дүниеге келеді. Атика жастайынан ағасы мен жеңгесінің қолында тәрбиеленіп, олардан ислами тәрбие алып, иман келтіреді. Атиканың жеңгесі, Сағид ибн Зәйдтің әйелі – Омар ибн әл-Хаттабтың (Аллаһ оған разы болсын) қарындасы Фатима Хаттабқызы болатын. Омар Фаруқтың Исламға кіру тарихында айтылатын оның қарындасы мен күйеу баласы – осы кісілер-тұғын.
Сағид өз отбасымен Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін бойжеткен Атиканы көптеген белгілі адамдар айттырып келе бастайды. Атикаға алғаш сөз салғандардың бірі – Әбу Бәкірдің ұлы Абдуллаһ (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) болатын. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бен Әбу Бәкір Мәдинаға қоныс аударған шақта, екеуі Саур үңгірінде жасырынып жатқан кезде азық-ауқат жеткізіп, хабар әкелетін Әбу Бәкірдің осы ұлы еді. Абдуллаһ та сұңғақ бойлы, келісті жігіт еді. Атика келісімін беріп, екі жас бас қосып, шаңырақ көтереді.
Атика мен Абдуллаһтың арасында үлкен сүйіспеншілік орын алып, бұл сүйіспеншілік оларды кейбір дүниелік және ақыреттік істерден тоса бастайды. Абдуллаһ сауда істеріне араласуды, жиһадқа шығуды қояды, көбіне-көп уақытын әйелімен бірге өткізуге тырысатын. Олар Әбу Бәкірдің қолында тұратын. Әрине, әке баласының мұнысын байқап жүрсе де, кеңшілік танытып үндемейтін. Бір күні Әбу Бәкір жұма намазына шығып бара жатып, ұлы Абдуллаһтың намазға әзірленбеген күйде әйелінің бөлмесінде отырғанын байқайды. Бірақ үндемей үйден шығып кетеді. Жұма намазы оқылып болған соң үйіне келсе, ұлы әлі әйелінің бөлмесінде отыр екен. Әбу Бәкір баласын шақырып: «Ей, Абдуллаһ! Жұма намазын оқыдың ба?» – дейді. Абдуллаһ абдырап: «Жұма намазы оқылып қойды ма?» – деп таңырқайды.
Әбу Бәкір ашуланып: «Енді сені намаздан да тосты ма? Оны талақ қыл», – деп бұйырады.
Абдуллаһ сүйген жарын қимаса да, өзінен үлкен ағаттық кеткенін түсініп, әкесінің сөзімен Атиканы талақ қылуға мәжбүр болады. Әйтсе де әйелімен айырылысқан күннен бастап ол есеңгіреп, сүлесоқ күй кешіп қалады. Оның Атикаға деген сағынышы күннен-күнге арта түседі.
Әбу Бәкір бұл бұйрығымен үлкен сүйіспеншіліктегі махаббат иелерін ажыратқысы келген жоқ, ниетінде мұндай нәрсе мүлдем болмаған да еді. Ол тек бұл жастарға өмірлік сабақ танытатын бір ғибрат көрсеткісі келген-ді. Абдуллаһтың әлгіндегідей іс-әрекеттері, дініне тосын келіп жатқан соң ғана әкені осылай етуге мәжбүрлейді. Әрбір мұсылман әке немесе ана өз перзентіне тек жақсы нәтиже әкелетін, оның пайдасына шешілетін нәрсені істейді емес пе?! Тақуалықтың шыңына шыққан Әбу Бәкірдей мұсылман әкелер Аллаһтың әмірін барлық нәрседен, соның ішінде перзент көңілінен жоғары қойған-ды.
Бір күні Әбу Бәкір түн ортасында үйдің шатырына шығып, таһажжуд намазын оқиды. Намазын аяқтаған соң, шатырдың арғы бұрышынан естіліп жатқан дауысқа құлақ түреді. Қараса, ұлы Абдуллаһ әйелін сағынып, оған жыр жолдарын арнап жатыр екен. Табиғатынан көңілі жұмсақ Әбу Бәкір ұлының бұл халін көріп, оған жаны ашып кетеді. Сосын Абдуллаһты шақырып алып: «Әйеліңді қайтарып ал», – дейді. Абдуллаһтың қуанғаны сондай, қызметкер құлын шақырып: «Сен Аллаһтың дидары үшін азатсың», – деп, оған бостандық береді. Міне, бұл – сол кездегі сұлулықты бағалап, сүйіспеншілікті қадірлей алатын мұсылманның көрінісі-тұғын.
Осылайша Атика өзінің сүйікті күйеуіне қайта оралып, жүректер жай тауып, көңілдер орнығады. Сөйтіп, отбасы қайта өзінің бұрыңғы ыстық сезімге толы қалпына кіреді. Бірақ бұл жолы олардың сезімдері Аллаһтың әмірлерін орындауға кедергі болмады. Абдуллаһ жиһад істеріне араласып, Меккені алу жорығына, Хунайн, Таиф шайқастарына қатысады. Өкінішке қарай, Таиф шайқасында Абдуллаһтың иығына садақ жебесі тиіп, ауыр жарақат алады. Жарасынан қан шапшып тоқтамай, қаншама емдеуге әрекет жасалғанмен, нәтижесіз шығып жатты. Асқынған жарақаттың аузы қайта-қайта ашылып қатты азаптаумен болды. Ақыры осы жарақат оның өлімінің себебіне айналды. Оның иығына тиген садақ жебесін Әбу Бәкір сақтап қойып, ол таифтық бәну сақиф руының адамдарын жинап, олардан: «Мына жебе кімдікі?» – деп сұрайды. Олардың араларынан бір кісі шығып: «Менікі», – дейді. Жебенің иесі Таиф шайқасынан кейін Исламды қабылдаған болып шығады.
Сонда Әбу Бәкір оған: «Аллаһтың атымен ант етемін! Ол сенің қолыңмен жаннатқа кірді. Ал сен оның қолымен тозаққа кірмейсің», – деген.
Сүйіктісі көз жұмар алдында Атика оның жанынан бір елі ұзап шықпай, оның қас-қабағын бағып бәйек болып, ылғи да қасынан табылды. Дүние саларынан бұрын Абдуллаһ әйеліне қимастықпен қарап: «Мынау Хаит бағын саған қалдырамын. Егер менен кейін тұрмыс құрмасаң, осы бақ сенікі», – дейді.
Бұл Хаит бағы қисапсыз өнім беретін. Осы бақты Абдуллаһ өзінен кейін тұрмысқа шықпау шартымен Атикаға қалдырады.
Арысынан айырылған Атика Абдуллаһты жоқтап тамаша жоқтаулар шығарған. Оның өлең жолдарының бірі мынадай мазмұнда еді:
– Ант етем! Ыстық боп қалар көз жасым Сен үшін, ал денем шаңнан арылмас.
Яғни саған деген көз жасым құрғамайды және сенен кейін ешкімге сәнденіп, сұлуланбаймын деген мағынада жырлаған.
Осы сөзінде тұрып Атика Абдуллаһтан кейін ұзақ уақыт ешкімге тұрмысқа шықпайды.
Арада біршама уақыт өтіп, әлемге ақиқаттың жарық шамын әкелген Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өтеді.
Күйеуінің қазасынан кейін Атиканың көңілі жүдеу тартып, еш нәрсеге зауқы соқпай, өзін айттырып келушілерге мойын бұрмайтын. Осылай күндер өтіп жатады. Бір күндері оған адамзат тарихындағы ұлылардың бірі, сол тұстағы Ислам үмбетінің халифасы, мүміндердің әміршісі – Омар ибн әл-Хаттаб (Аллаһ оған разы болсын) сөз салып келеді. Атика халифа Омардың бұл ұсынысына:
– Сен сияқты ерлердің меселі қайтарылмайды. Бірақ мен Абдуллаһтан кейін ешкімге тұрмысқа шықпауға қасам ішкенмін. Оған қоса қолымда өзінен кейін тұрмыс құрмау шартымен күйеуімнен мұраға алған Хаит бағы бар, – деп ыңғай таныта қоймайды. Омар оның айтқан бұл уәжін құптамай:
– Сен өзіңе Аллаһтың халал қылған нәрсесін қалай харам етесің?! Саған пәтуа сұрау керек, – дейді. Атиканың:
– Кімнен пәтуа сұраймын? – дегеніне, Омар:
– Мұсылмандардың қазысы, адамдардың білгірі – Әлиден сұра, – деп кеңес береді.
Әли Атиканың мәселесіне:
– Бақты Әбу Бәкірдің отбасына қайтарып бер де, өзің күйеуге шық, – деп пәтуа береді.
Осылайша Атика қолындағы бақты Әбу Бәкірдің отбасына қайтарып, бірнеше шартпен Омарға тұрмысқа шығуға келісімін береді.
Атика Омарға:
«Сен – мінезің өте қатал, қызғаншақ кісісің. Менің саған қояр бірнеше шартым бар. Біріншіден: маған қол жұмсамайсың. Сосын мені ешқандай құқығымнан тоспайсың және мешітке жамағат намазына барудан қайтармайсың», – дейді.
Омарға бұл үш шарттың әсіресе соңғысы ауыр тисе де, қабыл алып, оған үйленеді. Екеуі бас қосып, шаңырақ көтерерде Айша (Аллаһ оған разы болсын) Атикаға бір кездерде оның Абдуллаһты жоқтап: «Ант етем! Ыстық боп қалар көз жасым Сен үшін! Ал денем шаңнан арылмас», – деп айтқанын есіне салып: «Ант етем! Шаттықта қалар жанарым Ал тәнім сәнденіп ашар ажарын», – деп қалжыңдайды.
Атика мен Омардың жұбайлық тұрмыстары баянды болып, бақытты ғұмыр кешеді. Атика Омардың ең жақсы әйелдерінің бірі атанады. Тек көбіне Омарды Атиканың жамағатпен намаз оқуға мешітке шығуы аздап қынжылтатын. Ал Атиканың әдептілігі сондай, күйеуімен келісіп қойған шарты болса да, әр барған сайын мешітке Омардың рұқсатынсыз шықпайтын. Ол Аллаһтың үйін өте жақсы көретін, оның жүрегі мешітке байланған еді. Ол Омармен оның өмірінің соңына дейін бірге ғұмыр кешеді.
Бір күні мұсылмандар мешітте таң намазына сап түзеп жатқан-ды. Онда Атика да бар-тұғын. Намазға тәкбір айтылып болған кезде кенеттен Файруз Әбу Лулу деген кісі халифаға қастандық жасап, оған алты рет пышақ салады. Оның бірі кіндік астынан тиеді. Осы соққы оның өліміне себепші болады. Ауыр жарақат алған Омар өмірінің соңғы күндерінде Атиканың үйінде жатып көз жұмады. Діні үшін, тақуалығы үшін, ел ісіне жауапкершілігі үшін, әділдігі үшін, ақиқат жолындағы күресі үшін Омарды құрмет тұтатын Атика оны жоқтап, қастандықтың құрбаны болған күйеуіне жыр жолдарын арнаған.
Омардың қазасынан кейін де Атиканы айттырып келушілердің легі басталады. Атика ешкімге келісімін бермей, бәрін сыпайы түрде қайтарып отырады. Бірде оны ұлы сахабалардың бірі Зубәйр ибн Аууам (Аллаһ оған разы болсын) айттырып келеді. Тұрмысқа шығу ойында жоқ болса да, Зубәйр ибн Аууамның көп үгіттеуімен Атика оған тұрмысқа шығуға келіседі және оған да Омарға қойған шарттарын қояды. Зубәйр Атиканың бұл шарттарына көніп, екеуі бас қосады. Зубәйр ибн Аууам өте кеңпейіл, ашыққол, дәулетті кісі еді. Атика үшін Омармен кешкен тәркідүниелік, жұпыны өмірден кейін молшылық пен кең тұрмыстың есігі ашылады. Зубәйр да Атиканың аталмыш үшінші шартына қынжылыс білдіретін. Өйткені ол өте қызғаншақ адам-тұғын. Сұлу да сымбатты Атиканың қайсарлығымен бұл шартқа, амал жоқ, көнсе де, әр кез сұлу әйелі мешітке шығарда оның қызғаныш сезімі оянатын. Атиканың мешітке шығуын тоқтату үшін бірде Зубәйр бір қулық ойлап табады. Мешіт маңында «Сақифат бәну сағида» деп аталатын бір бастырма болатын. Бір күні Зубәйр сол бастырманың артына барып жасырынып, Атиканың мешітке қарай өтуін тосып тұрады. Атика өте бергенде, жылдамдата келіп, оның ту сыртынан құшақтап, сосын жібере салып, жүзін көрсетпей қашып кетеді. Ызаланған Атика: «Бері кел, ей, Аллаһтың дұшпаны! Қолың кесілгір!» – деп айқайлап қалады. Зубәйр түк болмағансып үйіне келіп отырады. Әдеттегісінен ертерек оралған Атикаға дәнеңе білмегенсіп: «Неге ерте қайттың? Намазға бардың ба өзі?» – деп сұрайды. Ашуланып, ызаға булыққан Атика: «Аллаһтың атымен ант етейін! Адамдар бүгінде бұзылыпты. Мұнан кейін мешітке шықпаймын», – деп, осы жайттан кейін үйінің ең түпкі бөлмесіне кіріп намаз оқитын болған.
Қай уақытта, қай кезде болсын мәселе ар-ождан, абыройға келіп тірелгенде, мұсылман әйелдері сол үшін бар нәрседен бас тартатын. Нағыз мұсылман әйел ар-абыройына дақ түсуінен осылай сақтанатын.
Атика мен Зубәйрдің бір-біріне деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Екеуінің бақытты өмір кешуі мұсылмандар арасында үлкен бүлік тудырған «Жәмәл» шайқасы бас көтергенге дейін жалғасады. Осы «Жәмәл» шайқасында Зубәйр ибн Аууам Әли ибн Әбу Талибқа (Аллаһ оған разы болсын) қарсы шыққан Айша Әбу Бәкірқызының басшылығындағы әскердің ішінде болады. Бірақ шайқасқа қатыспай, кері қайтып кетеді. Зубәйр қайтып келе жатқанда, соңынан Амр ибн Журмуз деген кісі аңдып, оны қапыда қастандықпен өлтіреді. Әлиге жағыну үшін Амр ибн Журмуз оған Зубәйрдің басын алып келеді. Оның бұл ісіне күйініп кеткен Әли адамдарға: «Оның тозақта болатынын ескертіңдер!» – дейді. Сахабалар арасындағы ерек тұлға, жарық жұлдыз Зубәйр ибн Аууам осылай өлтіріледі.
Зубәйр өлтірілген соң адамдар: «Кім шәһид болғысы келсе, Атикаға үйленсін», – деп айтатын болды. Ал Атика үшін үш бірдей арыстан айырылу оңайға соқпайды. Зубәйрдің өлімінен кейін оңашаланып қалады. Десе де, оны айттырып келушілердің аяғы толастамайды. Бір күндері оны халифа Әлидің өзі айттырып келеді. Атика оған: «Сен сияқты ердің беті қайтарылмас, бірақ бір аласапыранда шәһид болсаң, тағы бір арыстан айырылып қан жылап қалам ба деп қорқамын», – дейді. Атика ыңғай бермеген соң, Әли оны қыстамайды.
Тағы бір күндері оны Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) отбасының мүшесі, ұлы тұлғалардың бірі Хусейн ибн Әли (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) айттырып келеді. Атика оған да Әлиге айтқан жауабын бергенде, Хусейн: «Мен саған шәһидтік іздеп келіп тұрмын», – дейді.
Атика оған келісімін беріп, тұрмысқа шыққан соң, екеуі біраз уақыт тату-тәтті жұбайлық өмірді бастарынан өткереді. Алайда көп ұзамай Карбала деген жерде мұсылмандарды ақиқатқа қайтару үшін өзін осы күреске арнаған Хусейн шәһид болады. Осы жорықта Атика да бар еді. Оның көзінше қаскөйлер тарабынан Хусейннің басы шабылып, өлтіріледі. Осылайша Атика тағы бір арысты жоқтап қан жұтып қалады. Ол осыншалықты ауыр қайғыны көтере алмастан, көп ұзамай дүниеден қайтады. Аллаһ оған разы болсын!