×
Ғибадат, оның шарттары, түрлері, дұға. Аллаһқа жақындау мен шапағат тілеу туралы мақала

    Ғибадат

    معنى العبادة وأهميتها

    қазақ тілі – Kazakh – كازاخي

    Қазақ тілі командасы орналасуы Dar әл-Ислам

    فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام

    Ғибадат

    عبادة (құлшылық) сөзінің тілдік мәні: мойынсұну, көну, тілге алу, ал шариғи мағынасы: Аллаһ Тағалаға бойсұнып, құлшылық ету, Оның және Оның Пайғамбарының (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әмірлеріне бағыну деген мағыналарды білдіреді.

    Аллаһ Тағалаға жасалатын құлшылық екі түрге бөлінеді:

    1. Орындалуы міндетті болған ғибадат. Аллаһтың жалғыздығына иман келтіру, намаз оқу, ораза тұту сияқтылар.

    2. Орындалуы ерікті болған, яғни, орындау немесе орындамау адамның өз еркінде болатын ғибадаттар. Намаз соңынан тәспі тарту, парыз оразасынан тыс нәфіл (қосымша) оразасын ұстау, т.б.

    Аллаһ Тағала адам баласына дінді қабылдау немесе қабылдамау еркін берген. «Дінде зорлық жоқ», Аль-Бақара сүресі, 256 аят.

    «Мухаммад! Кәпірлерге: «Мен сендердің құлшылық қылған нәрселеріңе құлшылық етпеймін. Сендер де менің құлшылық еткеніме құлшылық етпейсіңдер. Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме» де» , Кафирун сүресі, 4-6 аяттар.

    Бұл өмірде адам баласы Аллаһ Тағаланы бар деп мойындаса да, мойындамаса да, қалай болғанда да оның еркі (ниеті) жүзеге асуы Аллаһ Тағаланың құдіреті мен қалауында болу себебінен барлық адам Аллаһтың құлы, яғни Аллаһ Тағалаға тәуелді болып, Аллаһ оған берген ерікті пайдалануына қарай мұсылман немесе кәпір болады.

    «Дінді қабылдамау еркін қалаушылар Аллаһ Тағаланың дінінен басқа дін іздей ме? Көк пен жердегінің барлығы ерікті немесе еріксіз түрде болсын, Аллаһқа бой ұсынады. Сондай-ақ олар уәде етілген қайта тірілу күніне қайтарылады», Әли Ғимран сүресі, 83 аят.

    «Көк пен жердегі әркім Аллаһ Тағалаға ғана құл болып келеді», Марьям сүресі, 93 аят.

    Мұсылман Аллаһ Тағаланы Жаратушы Иесі деп біліп, Оның Елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әміріне бойұсынушы бола білсе, оның Аллаһқа хақиқи құлшылық еткені.

    Ибн Таймия «құлшылық» сөзіне: «Аллаһ Тағала жақсы көріп, разы болатын жария немесе жасырын істелген жақсы іс пен айтылған жақсы сөздің әрбірі – құлшылық» - деп түсінік берген.

    «Құран адамдар үшін ашық дәлелдер Кітабы және Аллаһ Тағалаға шын жүректен иман келтіргендер үшін тура жолға жетекші әрі рахмет. Жамандық істегендер Біз оларды иман келтіріп, ізгі амал істегендермен тіршіліктері мен өлімдерінде тең етеді деп ойлай ма? Олардың осылайша өздеріне өздері қате үкім етуі қандай адасушылық. Аллаһ Тағала Көк пен Жерді Өзінің құдіреттілігі мен жалғыздығына ақиқат дәлелдермен жаратты. Әркімге Аллаһ Тағалаға бойұсынушы болуы немесе Аллаһ Тағаланың әміріне қарсы келуі қылығының жазасы беріледі. Сондай-ақ олар жазаларын алуда әділетсіздікке ұшырамайды», Жасия сүресі, 20-22 аяттар.

    «Аллаһ Тағаланың барлығына шын жүректен иман келтіріп, игілік істеушілер нығмет ішінде (жәннатта) болады. Аллаһ әміріне қарсы келіп, күпірлікке түсушілер тозақы болады. Олар Қиямет күні тозаққа салынып, одан шығып құтыла алмайды», Инфитар сүресі, 13-16 аяттар.

    Ғибадаттың негізін үш нәрсе құрайды.

    Бірінші негіз: Аллаһ Тағалаға деген сүйіспеншілік. «Адамдардың кейбіреулері Аллаһ Тағалаға пұт, жасанды құдайларды теңдес етіп, оларды Аллаһты сүйгендей сүйеді. Ал мүминдер Аллаһты барлық нәрседен артық сүйеді», Аль-Бақара сүресі, 165 аят.

    Екінші негіз: Аллаһтың азабынан қорқу. «Шын жүректен иман келтірушілер Раббыларының азабынан қорқып үрейленіп, Раббыларының аяттарына иман келтіреді. Раббыларына серік қоспайды. Дін жолында не берсе де жүректерінде: «Бергеніміз қабыл болмай қалады ма?» - деген қорқыныш болады. Өйткені олар Қиямет күні Аллаһтың алдында істеген амалдары үшін жауап беретіндеріне шын жүректен сенеді. Міне осылар ізгілік істеуде жарысып, ізгілік істеу жолында басқалардың алдында болушылар», Аль-Муминун сүресі, 57-61 аяттар.

    «Айша анамыз: Мен: «Йа, Расулаллах! «Аллаһ жолына не берсе де жүректерінде қорқыныш болушылар» ол – ойнастық қылып, арақ ішіп немесе ұрлық жасаған адамдар ма?» - деп сұрағанымда, Ол: «Жоқ. Ол ораза тұтып, намаз оқып және садақа беріп тұрып: «істеген құлшылығым қабыл болмай қалады ма?» - деп қорыққан кісілер» - деп жауап берді» - деді» хадисті Имам Тирмизи риуаят етті.

    Үшінші негіз: Аллаһтың кеңшілігіне үміт ету. «Аллаһқа шын иман келтіргендер, Аллаһ жолында Отандарынан кетіп, күрескендер. Міне солар Аллаһтың рахыметінен үміттері болғандар. Өйткені Аллаһ мүминдерді Жарылқаушы және оларға ерекше Мейірімді», Аль-Бақара сүресі, 218 аят.

    «Мухаммад! Мен де сендер сияқты адаммын. Маған құдайларың бірақ құдай екендігі уахи етілуде. Сондай-ақ, кім Раббысына жолығуды үміт етсе, ол ізгі амал істеп, Раббысына құлшылығында серік қоспасын», Аль-Кахф сүресі, 110 аят.

    Жүрегінде Аллаһқа деген сүйіспеншілік, Раббысының азабынан қорқыныш пен Оның кеңшілігінен үміті болған пенденің құлшылығы жоғары деңгейде болады. Аллаһ осы үш сезімді жүректеріне орнықтырған пенделері жайында былай деген: «Олар аяттарымызға иман келтіреді. Үгіт берілген кезде сәждеге жығылып, Раббыларына мақтау айтып, Оны кемшіліктен пәктейді. Әрі олар құлшылықтан бас тартып тәкаппарланбайды. (сәжде аяты) Олардың жанбастары төсектерінен ажырап (яғни, олар түнде ұйқыларынан тұрып), Раббыларынан қорқа және Оның жарылқауынан үміттене жалбарынады. Сонымен қатар олар Біз берген несібемізді тиісті орынға жұмсайды», Ас-Сажда сүресі, 15-16 аяттар.

    «Мүмин пасықпен тең бола ма? Әрине тең болмайды!», Ас-Сажда сүресі, 18 аят.

    Ғибадат қабыл болудың шарттары

    Мұсылман адам жасаған ғибадаты қабыл болудың екі шарты бар.

    1. Жалғыз Аллаһқа құлшылық ету, яғни, құлшылығында Аллаһқа серік қоспау;

    2. Құлшылықты шариғат үкіміне сәйкес орындау.

    «Кім Раббысына жолығуды үміт етсе, ол ізгі амал істеп, құлшылығында Раббысына серік қоспасын», Аль-Каһф сүресі, 110 аят.

    «Яхуди мен христиандар: «Жәннатқа яхуди яки христиан ғана кіреді» - деді. Бұл олардың қате ойлары ғана. Мухаммад! Оларға: «Егер сөздерің рас болса, дәлел келтіріңдер!» - де. Жәннатқа яхуди яки христиан болғандар емес Аллаһқа иман келтіріп мұсылман болғандар кіреді. Кім Аллаһ жалғыз деп біліп, Оған бойұсынушы болған үшін Раббысының жанында сыйлық (жәннат) бар, оларға қорқыныш жоқ әрі олар Ақырет күні қайғырмайды», Аль-Бақара сүресі, 111-112 аяттар.

    «Еркектен немесе әйелден кім иман келтіріп, ізгі істер істесе, міне солар жәннатқа кіреді. Олар ешқандай әділетсіздікке ұшырамайды. Діни тұрғыдан жақсылық істеуші болып, жүзін Аллаһқа қаратып, Ибрахимнің дініне ерген кісіден кім жақсы бола алады?», Ан-Ниса сүресі 124-125 аяттар.

    Әрбір мұсылманның: («Аллаһтан басқа құдай жоқ және Мухаммад Оның құлы әрі Елшісі» - деп куәлік беремін) деген сөзі жоғарыда айылған құлшылығы қабыл болуының екі шартын өзіне қамтиды. Себебі, Аллаһтан басқа құдай жоқ кәлимасы: «Мен Аллаһтан өзгеге құлшылық етпеймін» - деген мағынаны білдірсе, Мухаммад Оның құлы әрі Елшісі сөзі: «Мухаммад Аллаһтың әмірін жеткізуші. Сол себебті, біз пайғамбарға еріп, амалымызды Оның бұйрықтарына сәйкес орындаймыз» - деген ұғымды білдіреді.

    Бұған қатысты Аллаһ айтады: «Сендерге Пайғамбар не әкелсе соны қабыл алыңдар, неден тыйса, одан тыйылыңдар», Аль-Хашр сүресі, 7 аят.

    Ғибадат түрлері

    Дінде ғибадаттың түрі көп. Мысалы, Аллаһқа иман келтіру, намаз оқу, садақа беру, жақсы ниетте болып, ізгі амал істеу, жаман сөз айтпау, ұрлық жасамау, өзін басқалардан жоғары тұтпау, Отанына, халқына адал қызмет ету, уәдеде тұру.

    Әрбір тіршілігіне мән берген адам өзіне: «Мен бұл дүниеге не үшін келдім? Мен не үшін өмір сүремін?» - деген сұрақ береді. Бұл сұрақ барлық заманның философтарын толғандырған. Бірақ олардың ешбірі де бұл сұрақтарға қанағаттанарлық жауап бере алмаған. Неміс философы Канттың айтуынша философия саласындағы ең маңызды мәселе өзіне үш нәрсені қамтиды. Ол:

    1. Не нәрсені білуге шамамыз жетеді?

    2. Не істеуіміз керек?

    3. Не нәрседен үміттенеміз?

    Құран Кәрім бұл сұрақтарға анық жауап береді. Адам баласының дүниеге келу мақсаты – Аллаһқа құлшылық ету. «Мен жындар мен адамдарды өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым», Аз-Зарият сүресі, 56 аят.

    Аллаһқа ғибадат етудің ең жоғары деңгейі – адам баласы Жаратушысына бойұсунышы болып, өзін Оған мұқтаж деп сезіну. Бұл деңгейге жету үшін әрбір адам Аллаһтан басқа ешкімге және ешнәрсеге сыйынбауы қажет. Себебі, бұл дүниедегі барлық нәрсе Аллаһ жаратқаны ал мақұлық құдай бола алмайды. «Ей, мүшриктер! Сендердің Одан өзгеге құлшылық еткен нәрселерің, сендер әрі аталарың атаған құр аттар ғана. Аллаһ оларға табынуға байланысты ешбір дәлел түсірмеген. Үкім ету Аллаһ Тағалаға ғана тән. Ол Өзіне ғана құлшылық қылуларыңды бұйырған. Міне осы ақиқат дін. Бірақ адамдардың көбі бұны білмейді», Юсуф сүресі, 40 аят.

    «Міне, бұл сендердің Раббыларың болған Аллаһ Тағала. Одан басқа ешбір құдай жоқ. Ол барлық нәрсені Жаратушы. Ендеше Оған ғана құлшылық қылыңдар. Ол әр нәрсеге кепіл», Аль-Анғам сүресі, 102 аят.

    Демек, дүниеде Аллаһтан ұлы нәрсе жоқ. Сол себепті, жер жүзінде ешбір адам өзін басқалардан жоғары тұтып, тәкаппар болып, зорлық-зомбылық, жәбір көрсетуге хақысы жоқ. Өзін басқалардан жоғары көріп, озбырлық жасап өзгелердің өзіне бас июін қалаған адамның (мысалы, Ленин, Сталин) басқан ізі күнә, істеген жақсылығына да сауап жазылмайды. Міне осындайлар өзін Аллаһқа теңеп, жер жүзінде жамандық, әдепсіздік пен зұлымдықтың таралуына басты себепкер болады. Ислам діні адамзатты мұсылманшылыққа үндеу арқылы адам баласын жердегі жаралған құдайлардың зұлымынан құтқаруды мақсат етеді. Адамзат жиылып бір Жаббардың Аллаһтың құлымыз дегенде ғана шын теңдікке жетеді.

    «Мухаммад! Оларға: «Аллах Тағаладан өзге, сендерге пайда және зиян келтіре алмайтынға құлшылық қыласыңдар ма?» - де», Аль-Маида сүресі, 76 аят.

    «Ей, мүшриктер! Сендер Аллаһтан басқа пұттарға табынып, олар Аллаһ Тағаланың серігі деп жалған айтасыңдар. Шын мәнінде, Аллаһ Тағаладан өзге табынғандарың сендерге тілеген нәрселеріңді бере алмайды. Қажет нәрселеріңді Аллаһтан тілеңдер. Оған құлшылық етіп, шүкіршілік келтіріңдер», Аль-Анкабут сүресі, 17 аят.

    «Сендерге Аллаһ Тағаладан өзге не дос, не жәрдемші жоқ», Аль-Анкабут сүресі, 22 аят.

    Дұға (тілек)

    Пенденің Аллаһ Тағалаға дұға етуі ғибадат болып есептеледі. «Дұға етудің өзі – ғибадат» хадисті Нұғман ибн Баширдан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Тирмизи, Имам ибн Мажаһ және Имам Әбу Дәуід риуаят етті. «Ғибадаттың – дұға ету (яғни, қажетін жалғыз Аллаһтан тілеу)» хадисті Абдуллаһ ибн Аббастан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Хаким риуат етті.

    Дұға – пендені Жаратушысымен байланыстырады, дұға ету мен жалбарыну біздің табиғатымызға тән нәрсе. Бұған дәлел – оны ешкім үйретпесе де тосын қатерлі жағдайда шыбын жаны шырқырап Аллаһ Тағалаға жалбарынады. Өйткені, оның басқа арашасышы да, қорғаны да жоқ екендігіне пенде еріксіз куә болады. Мына аяттың мазмұны да соған меңзейді: «Раббыларың: «Менен тілеңдер, тілектеріңді қабыл етемін. Расында, Маған құлшылық қылудан тәкаппарланғандар қор болып, тозаққа кіреді» - деді», Аль-Ғафир сүресі, 60 аят.

    Бұл аятта Аллаһ Тағала дұға етуді ғибадат деп, Өзіне дұға етуден бас тартқандарды тәкаппар деп атап отыр.

    Аллаһ Тағалаға дұға ету – ауру, сырқаттардың емі. Адам табиғаты сондай, ол әрдайым жүрегіндегі уайым-қайғысын ең жақын адамына төгіп салып, өзінің қайғы қасіретін жеңілдеткісі келіп тұрады. Невропатологтардың айтуынша, жүйке ауруына шалдыққан адамның көбі көңілдегі уайым-қайғысын жақын адамына шағыну арқылы айығады екен. Жүйке ауруына шалдыққан адам уайымын ешкімге айтпай, ішіне сақтап жүрсе, дерті асқынып кетеді. Ал егер, адам баласы өз қайғысын Жаратушысына айтып, Одан медет сұраса ше? Әлбетте, бұндай жағдайда оның көңілі жай тауып, қайғы-қасірет салмағы жеңілдейді. Өйткені, ол шын жүрек пен нық сенім арқылы: «Аллаһ Тағала сенімен бірге. Одан шын жүректен сұрасаң сұрағаныңды береді» - деп сұрады.

    «Мухаммад! Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға жақынмын. Менен тілеушінің тілегіне жауап беремін. Оларда Менің әміріме бойұсынсын. Маған иман келтірсін», Аль-Бақара сүресі, 176 аят.

    Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айтады: «Дұға – өткен бәлеге де, әлі түспеген нәрсеге де септігі тиеді. Ей, Аллаһ Тағаланың құлдары, сендердің міндеттерің Аллаһ Тағалаға көп дұға ету» хадисті Абдуллаһ ибн Омар (оған Аллаһ разы болсын) риуаят етті.

    Хадисте «өткен бәлеге» деген сөз – өткен күнәнің кешірілуіне, ал «әлі түспеген нәрсеге септігі тиеді» деген сөз – пендеге түсіп келе жатқан қиыншылық яки қасырет дұғаның себебімен қайтарылады деген ұғымды білдіреді. Рас, Аллаһ белгілеген тағдыр мақұлықтың қолымен өзгертілмейді. Алайда, бүкіл жаратылыстың қалау еркі қолында болған Аллаһ Өз қалауымен қалаған нәрсенің тағдырын өзгертеді. Ол үшін Аллаһ Өз даналығымен себептерді де жаратып қойған. Бұған дәлел жоғарыда айтылған хадис. Хадисте делінгендей болмаса, дұға етіп, тілеудің, тәубеге келіп, күнәдан қайтудың, Аллаһтың кешірімін, мейірімінен үміттенудің не мәнісі бар?

    Аллаһ айтады: «Аллаһ әр күні шұғылдануда», Ар-Рахман сүресі, 29 аят. «Расулуллаһ (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ әр күні шұғылдануда» аятын оқыды. Біз Ол кісіден: «Я, Расулуллаһ! «Шұғылдануда» - дегенді не деп түсінеміз?» - деп сұрағанымызда, Ол: «Аллаһ Тағала күнәні кешіріп, қайғы-қасіретті кетіруі, бір қауымның дәрежесін көтеріп, екінші бір қауымның дәрежесін түсіруі» - деп жауап береді». Хадисті Әбу Дардадан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Бухари риуаят етті.

    «Аллаһ ерекше Мейірімді, мәңгі тіршілік Иесі, өте Жомарт. Пендесі мінәжат етіп екі қолын көтерсе, Ол оған бірер жақсылық бермей түсіртуге ұялады».

    Бір риуаятта «Аллаһ тілегенін бермей бос қалдырудан ұялады» - делінген. Хадисті Анас ибн Маликтен (оған Аллаһ разы болсын) Имам Ахмад, Имам Әбу Дәуід, Имам Тирмизи риуаят етті.

    «Кім де кім Аллаһқа дұға етпесе (яғни, қажетін Аллаһтан тілемесе) оған Аллаһ ашуланады» хадисті Әбі Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Имам ибн Маджаһ риуаят еткен.

    «Аллаһ үшін дұғадан қымбат нәрсе жоқ» хадисті Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Имам ибн Маджаһ риуаят етті.

    «Адамдардың ең әлсізі – дұғаға әлсіздік еткені. Адамдардың ең сараңы – сәлемге сараңдық еткендер» хадисті Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Табарани, Имам Бәйхақи риуаят етті.

    Ислам талап етіп тұрған дұға – адам баласының көкейінде Аллаһқа деген әрдайым болатын тілек. Аллаһқа дұға етуге, жақсылық немесе қиыншылық болуы шарт емес. Қайта Жаратқан Ием, мені бір мезет те өз еркіме қалдырма деп сұрау керек.

    Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Сіздерден біреу Раббысынан барлық қажетін, тіпті үзілген жағдайда аяқ киімінің бауын да сұрай берсін» хадисті Анас ибн Маликтен (оған Аллаһ разы болсын) Имам Тирмизи риуаят етті.

    Бірақ адам баласы көбінесе басына қиын күн туса ғана Аллаһқа жалбарынып, уайым-қайғысы арылуымен Жаратушысын естен шығарып қояды. Осымен тура жолдан адасып, күпірлікке түсіп қалу жағдайлары көп.

    «Адам баласына бір зиян жетсе ол жатса, отырса немесе түрегеп тұрса Бізге жалбарынады. Алайда, одан зиянды кетірсек, ол басына түскен қиыншылықты кетіру үшін Бізге тіпті жалбарынбағандай болып кетеді», Юнус сүресі, 12 аят.

    Сол үшін адам баласы Аллаһ Тағаланың жасаған қамқорлығына астамшылық етпей, керісінше қашан да Құдайына оған жасаған ілтипатын есінен шығармау, оны дұғасымен қарсы алуы үлкен әдеп, көргенділік.

    Аллаһқа жақындау мен шапағат тілеу

    Шариғат бойынша Аллаһқа жақындау мен шапағат тілеудің үш жолы бар.

    1. Аллаһтың көркем есімдері мен, тек Аллаһ Тағаланың Өзіне тән сипаттарын зікір ету (еске алу) арқылы. «Ей, иман келтіргендер. Аллаһ Тағаланың күнә үшін беретін жазасынан қорқындар да Оған жақын болу жолдарын іздеңдер», Аль-Маида сүресі, 35 аят. «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылып әміріме қарсы келмендер», Аль-Бақара сүресі, 152 аят. «Ең көркем есімдер Аллаһ Тағалаға тән. Соларды тілдеріне алып Одан тілендер!», Аль-Ағраф сүресі, 180 аят. Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаһқа жалбарыну уақытында: «Өзіңді Өзің атаған, Өзіне тән болған барлық есімдеріңмен Сенен тілеймін» - деген. Хадисті Имам Ахмад риуаят етті.

    2. Имандылық және ізгі амал істеу арқылы. Имандылық дегеніміз не? Имандылық дегеніміз – Аллаһ Тағаланы жалғыз деп біліп, Оған серік қоспау. Аллаһ Тағаланы, Оның Пайғамбарын (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сүю. Аллаһ Тағаланың істе деген нәрсесін істеп, істеме деген нәрсесінен тыйылу. Жақсы амал дегеніміз не? Ол – Аллаһ Тағалаға және Оның Пайғамбарына (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бойұсыну. Намаз оқу, ораза тұту, жалған сөйлемеу, біреудің ақысын жемеу. Осының барлығы пендені Жаратушысына жақын етіп, тілеушінің дұғасын қабыл болуына себеп болатын нәрселер.

    3. Ізгі адамдардан шапағат (қолдау) тілеу арқылы. Исламнан бұрын арабтар табынып жүрген пұттарын өздеріне шапағатшы, яғни, араға түсіп жағдайды жеңілдетуші, талаптарын Аллаһқа жеткізуші дәнекер, дүние істерінде қолдаушы деп түсініп, дүниеден өткен әулиелерге жалбарынып, сыйынып, пұттарға құрбандық шалатын еді. Ал мұсылмандар шапағат ету жалғыз Аллаһқа ғана тән деп біледі. «Мухаммад! Шапағат ету билігі жалғыз Аллаһ Тағаланың Өзіне тән. Көк пен жердің иелігі Оныкі», Аз-Зумар сүресі, 49 аят. Аллаһ бүкіл әлемді жаратып, ондағы барлық нәрсенің, соның ішінде шапағат етудің де билігін Өзіне алған. Сол себептен Аллаһ Тағаланың қалауынсыз ешбір пенде өзбетінше басқаларға шапағат ете алмайды. «Көктер мен Жердегі нәрсенің барлығы Аллаһ Тағаланың мүлкі және құлы. Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді?», Аль-Бақара сүресі, 255 аят. «Оның рұқсатынсыз ешкім шапағатшы бола алмайды», Юнус сүресі, 3 аят.

    Адам адамға қандай жолмен шапағат-қолдау жасауы мүмкін?

    1. Исламда пенденің дәнекерлігі дұғамен болады. Бұған аят дәлел: «Мухаммад! Аллаһ Тағаладан басқа ешбір құдай жоқ екенін білгін! Одан өзіңнің әрі мүмин ер және әйелдердің күнәлары үшін жарылқау тіле!», Мухаммад сүресі, 19 аят.

    2. Дүние ісінде – дене мүшелері және мал дүниемен. «Кім жақсылықта шапағат етсе, оған одан несібе (сауап) бар. Ал кім жамандыққа шапағат етсе (жамандыққа болысса), оған одан бір үлес (Аллаһтың жазасы) бар», Ан-Ниса сүресі, 85 аят. Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Шапағат етіңдер – сауап аласыңдар» - деген. Хадисті Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.

    Қандай кісілерден шапағат сұралып, қандай кісілердің шапағаты Аллаһ Тағаланың жанында қабыл болуы ықтималы?

    Исламда тірі, шариғатқа сәйкес құлшылық ететін, тақуа, пейілі дұрыс, таза адамнан: «Ізгілігі себебінен Аллаһ Тағала бұл кісінің тілегін қабыл етеді» - деген үмітпен дұғасын алса болады. Бірақ: «Бұл кісі дұға етсе ниетіме жетемін» - деп, дұғаның қабыл болуына негізгі себепті, яғни, Аллаһ Тағаланың қалауын естен шығарып, бірінші орынға пендені қою дұрыс емес. Себебі, Аллаһ айтады: «Мухаммад! Құлдарым Сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға жақынмын. Маған етушінің тілегін қабыл етемін. Олар Маған әміріме бойұсынуымен жауап берсін. Маған иман келтірсін (әрдайым сенсін). Сонда ғана олар тура жолда жүрген болады», Аль-Бақара сүресі, 186 аят.

    «Оның рұқсатынсыз ешкім шапағатшы бола алмайды», Юнус сүресі, 3 аят.

    «Мухаммад! Шапағат ету билігі жалғыз Аллаһ Тағаланың Өзіне тән. Көк пен Жердің иелігі Оныкі» - де», Аз-Зумар сүресі, 44 аят.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айтады: «Сендер жақын және бәрін естіп тұрушы Аллаһтан сұрап тұрсыңдар. Ол білімі арқылы сендермен бірге» хадисті Имам Муслим риуаят етті.

    Адамдардың арасында: «Мен тақуамын, ақ-сүйекпін, қожамын, пәленше жүзбін, сопымын, пірмін, әулиемін, бастықпын» - деп тәкаппарланатын бишәралар бар. Бұндайлар істеген амалын, білгенін немесе шыққан тегін артықшылық деп біліп, оны басқаларға міндетсінеді. Ал негізінде біз кімбіз?

    «Біз адамды балшықтан жараттық», Мүминун сүресі, 12 аят.

    «Ей, адам баласы. Сендерді бір кісіден (Адамнан) жаратқан Раббыларыңның азабынан қорқыңдар», Ан-Ниса сүресі, 1 аят.

    Аллаһ Тағаланың Өзі де, сөзі де рас.

    Жаратушымыз Аллаһ Тағала, асылымыз топырақ, Адам (оған Аллаһтың сәлемі болсын) ата нәсіліміз болса, неге біз өзімізді басқалардан артық көреміз? Пайғамбарымыз Мұхаммад Өзін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) басқалардан артық қоймаған.

    «Мухаммад! Оларға: «Мен де сендер сияқты адаммын» - де», Аль-Кәһф сүресі, 110 аят.

    Расулуллаһ (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Христиандар Марьям ұлы Исаны көтермелегендей Мені көтермелемеңдер! Мен бар болғаны пендемін. Сондықтан да: «Аллаһ Тағаланың құлы әрі Елшісі» - деп айтыңдар!» - деп бұйырған. Хадисті Омар ибн Хаттабтан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Бухари риуаят етті.

    Ал, нәсілі мен руын, жүзі мен ұлтын артықшылық деп санайтындардың қайсысы имандылық пен тақуалық тұрғысынан Пайғамбарымызбен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) теңесе алады?

    Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айтады:

    «Аллаһ Тағала сендердің дене және келбеттеріңе қарамайды. Бірақ Ол сендердің жүректеріңе қарайды және істеген амалдарыңа қарайды» хадисті Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Муслим риуаят етті.

    Өкінішке орай, көп адамдар осы мәселені ескермей молданың жүрегіне емес, сәлде-мәсі, сақал – шапанына, ал молдалар жайылған дастархан мен оқыған Құраны үшін берілген ақшаға қарайды. Жүректегі имандылық пен пейілдің тазалығы болмаса, осының ешбірі жасаған жақсылық пен тілеген дұғаның қабыл болуына себепкер бола алмайды.

    Алайда, ата-тегімен емес, айбар - күшімен, сақал, сәлдесімен емес ақыл және парасаттылығымен Жаратушымыз Аллаһ Тағаланың рахметіне ілігіп жүрген азаматтарымыз да баршылық. Міне солардың тілек, дұғалары қабыл болуында ешбір күмән жоқ!

    Аллаһ Тағаладан тілеу және шапағат сұрау жолындағы ширк амалдары

    Исламда құлшылықтың қайсысы болмасын, барлығы жалғыз Аллаһ Тағалаға бағышталып, тек Аллаһ Тағаланың ризалығы үшін орындалады. Мысалы, мұқтаждың қажетін өтеп, оның ризалығын алу – бір Аллаһ Тағаланың ризалығы үшін. Намаз оқу, ораза тұту, өтірік айтпау, ғылым іздену – барлығы бір Аллаһ Тағаланың ризалығы үшін болу керек.

    Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үмметін таухидке үйретіп, тіршілікте ширкке алып баратын жолға түсіп кетуден сақтануды ескертуге тырысты.

    Соның бірі – ізгі амал істеуші адамдарды, шамадан тыс көтермелеу. Шариғатта «шамадан тыс көтермелеу» деп – артық немесе жалған мақтауды айтады.

    Пайғамбардың Өзі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Христиандар Марьям ұлы Исаны тым артық дәріптегендей Мені де дәріптемеңдер! Мен бар болғаны пендемін. Сондықтан да: «Аллаһ Тағаланың құлы әрі Елшісі» - деп айтыңдар» - деп бұйырған. Хадисті Омар ибн Хаттабтан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Бухари риуаят етті.

    Бұл айтылғанға Нух пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қауымын мысал ретінде келтірсек болады. Нух пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қауымы арасындағы ізгі амал қылушы адамдарды шектен тыс мадақтап қана қоймай, олардың мүсіндерін жасап, бірте-бірте олардың жатқан жерлері мен мүсіндерін құдай тұтып, соларға табынатын болған.

    «Олар (Нух қауымындағы өлген кісілерді, олардың мүсіндерін пұт қылып алушылар): «Құдайларыңнан ажырамаңдар! Уад, Суағ, Яғус, Яғұқ және Насрды (пұттар аттары) тастамаңдар!» - дейтін», Нұх сүресі, 23 аят.

    Ибн Аббас (оған Аллаһ разы болсын) бір сөзінде: «Бұл Нұх (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қауымының ізгі амал қылушы кісілердің есімдері» - десе, екінші бір сөзінде: «Олар о дүниелік болғаннан кейін, адамдар олардың қабірлерінің жанынан шықпайтын. Кейін олардың мүсіндерін жасап, уақыт өте мүсіндерге табына бастаған.» - деген.

    Ширкке алып баратын екінші жол – бейіттерді мешіт қылып алу, яғни, қабірлерді құлшылық ету орнына айналдыру. Адам баласы қабірді қалай мешітке айналдыруы мүмкін? Мешіт деген не? Араб тілінде مسجد (масжид) сөзі мекен үстеуі (اسم المكان) табына жатып, сәжде ететін, яғни, маңдайды жерге қоятын орын деген мағынаны білдіреді. Дін саласында масжид (қазақшасы – мешіт) деп намаз оқитын орынды айтады. Араб тілінде الصلاة (намаз) сөзі – дұға ету, тілеу деген ұғым беретінін ескерсек, масжит (мешіт) намаз оқитын, яғни Аллаһ Тағалаға дұға етіп, құлшылық жасалатын орын екені анықталады. Демек, қабірді мешітке айналдыру дегеніміз – мәйіттің жатқан жерін құлшылық ететін орынға айналдыру деген сөз.

    «Расулаллаһ (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жан тәсілімінде: «Пайғамбарларының қабірлерін мешітке айналдырған яһуди мен христиандарға Аллаһ Тағаланың лағынеті болсын!» - деді». Хадисті Айша (оған Аллаһ разы болсын) анамыздан Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.

    «Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өтерінен бес күн бұрын айтты: «Сендерден бұрыңғылар пайғамбарларының қабірлерін мешіт етіп алған еді. Сендер де, соларға ұқсап, қабірлерді мешіт етіп алмаңдар, Мен сендерді одан тыйямын». Хадисті Жундуб ибн Абдуллаһтан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Муслим риуаят етті.

    Шариғат бойынша мұсылмандарға қабірді зиярат ету рұқсат етілгенімен, қабірдің басына намаз оқылмайды және қабірге қарап тұрып мәйіттен еш нәрсе сұралмайды.

    Қабірді зиярат етудің екі жолы бар.

    Біріншісі: Марқұмның басында тұрып оған Аллаһ Тағаладан жарылқау тілеу, өлім мен Ақырет күнін еске алу шариғат рұқсат еткен амалдарды орындау. Бұл қабірді зиярат етудің шариғатқа сай, ширкке алып бармайтын жолы.

    Екіншісі: Шариғатқа қайшы келіп, ширкке алып баратын жол. Шариғатта бұл – бидғат (дінге жаналық әкелу) деп айтылады. Қабірді зиярат етудің бұл жолы Исламға мүлдем қайшы.

    Қабірдің басында жасалатын бидғат түрлері: мәйіттен қажетін сұрап, одан шапағат, қолдау тілеу, қабірді тауап ету, яғни айналу. Осының барлығы ширктің акбар (ауыр) түріне жатады.

    Мұсылман үшін тауап ететін бір ғана орын бар, ол – мұсылмандардың Қыбласы болған қасиетті Меккедегі Қағба. Себебі, Аллаһ Құран Кәрімде: «Мұсылмандар Қағбаны тауап етсін» - деп әмір еткен, Хадж сүресі, 29 аят.

    Ал, адамдардың қабір мен сағаналарды тауап ету білімсіздіктің көрсеткіші.

    Қазіргі уақытта халықтың арасында кеңінен жайылған бидғаттың тағы бір түрі – қабірдің басына барып мал сою.

    Арабтар жахилият заманында Қағбаның қабірғасына құрбанның етін асып, қандарын жағатын. Оларды бұндай сорақылықтан қайтару үшін Аллаһ былай деген: «Ешқашан Аллаһ Тағалаға құрбандықтың еттері мен қандары жетпейді, бәлкім сендердің тақуалықтарың жетеді. Сендерге хидаят (тура жол) бергеніне Аллаһ Тағаланы ұлықтауларың үшін, осылайша малдарды еріктеріңе бердік. Игілік істеуші пенделерге сүйінші хабар бер!» , Хадж сүресі, 37 аят.