Пайғамбарымыздың қызы – Фатиманың қиссасы
Бөлімдер
Full Description
Пайғамбарымыздың қызы – Фатиманың қиссасы
قصة بنت رسول الله صلى الله عليه وسلم فاطمة رضي الله عنها
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
авторлық
Исмаил бин көптеген
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
ФАТИМА ЗАҺРА
(АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)
«Фатима менің бір бөлшегім: мен оданмын, ал ол менен».
Фатима – Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) кенже қызы еді. Оның дәрежесін көптеген хадис айшықтап көрсеткен. Сол хадистердің бірінде айтылғандай, адамзат тарихында кемел дәрежеге ие болған төрт әйел бар. Олар – Мәриям Имранқызы, Хадиша Хуайлидқызы, Әсия Музахимқызы және Фатима Мұхаммедқызы. Фатима – Ислам тарихындағы дара тұлғалы әйелдердің бірегейі, бүкіл Ислам үмбеті үшін қайталанбас үлгі-өнеге.
Ол Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық міндет жүктелуден бес жыл бұрын дүниеге келген. Кішкентайынан пайғамбарлық тәрбиеде ислами көркем қасиеттерді бойына сіңіріп өскен. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оны қатты жақсы көретін және осы қызының кескін-келбеті, іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, сөз саптауы мен дауыс ырғағы өзіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айнымай ұқсайтын.
Бойжеткен Фатимаға айттырушылар үздіксіз келіп жататын. Тіпті оған Әбу Бәкір мен Омар (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) да ниет білдірген. Алайда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) олардың ешқайсысына ыңғай танытпай, айттырып келушілерді сыпайы түрде шығарып салып отыратын. Сондай-ақ бұл қызда Әлидің де (Аллаһ оған разы болсын) ойы бар еді. Бірақ Әлидің кедейлігі соншалық, қалыңмалға ұсынатын соқыр тиыны да жоқ еді. Сол себепті Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, бұл жайлы сөйлесуге жүрегі дауаламай жүреді. Ақыр соңында бір күні адамдардың кеу-кеулеуімен Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Фатиманы айттырмақ боп келеді. Келуін келгенмен, рұқсат сұрап Аллаһ елшісінің алдына кіргенде, оны Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мысы басып, келген шаруасы жайлы дәнеңе деп тіс жара алмайды. Біраз үнсіздіктен кейін барып Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзі әңгіме бастап:
«Фатиманы айттыруға келдің бе?» – деп сұрайды. Әли:
«Иә», – деп жауап береді және қолында мәһірге бере қояр мал-дүние жоқтығын жеткізеді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) одан:
«Бәдірде олжаға түсірген сауытың өзіңде ме?» – деп сұрайды. Әли:
«Иә, өзімде», – дейді. Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған сол сауытты сатып, түскен қаражаттың бір бөлігін мәһрге ажыратуға кеңес береді. Сөйтіп, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әлиге кенже қызы Фатиманы ұзатады. Осы сәттен бастап Ислам тарихында ең үздік отбасы шаңырақ көтереді және осы шаңырақта жаннат көсемдері Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) райхандары – Хасан мен Хусейн дүниеге келеді. Бұл екі ұлдың үлкені Хасанмен Аллаһ тағала Ислам үмбетін ыдыраудан сақтаған. Ал Хусейн шәһидтердің мырзасы, Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сүйіктісі еді. Екі ұлдан кейін бұл отбасыда тағы да екі қыз дүниеге келеді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) олардың біріншісін Зәйнәб, ал екіншісін Умму Кулсум деп атайды. Сондай-ақ бұл отбасы Пайғамбардан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) тараған жалғыз нәсіл болып қалған.
Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Фатиманы жақсы көретіні соншалық, ұзақ сапардан келсе, ең алдымен мешітке түсіп, одан соң Фатиманы зиярат етіп, әйелдерін сосын барып аралайтын. Айша (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбарға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сөз саптауы, сөйлеуі Фатимадай ұқсас ешкімді көрмедім», – деген.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қызының үйіне келсе, қызы әкесін орнынан тұрып қарсы алатын. Ал Фатима әкесінің үйіне келгенде, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оны орнынан тұрып қарсы алып, маңдайынан сүйетін, жанына қатар отырғызып құшақтайтын. Міне, Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өз перзенттеріне мейірімділігі осыншалықты еді. Бірде Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Хасан мен Хусейнді сүйіп жатқанын көріп, бір мейірімсіз бәдәуи:
«Неге сонша балаларыңды өбектеп сүйе бересіңдер?» – деп таңырқағанда, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ сенің жүрегіңнен мейірімді алып қойса, қайтейін?!» – деген жауап қайтарған. Дәл осы жағдайдың куәсі болған Ақрағ ибн Хабис: «Менің он балам бар, ешбірін өмірімде сүйген емеспін», – дегенде, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған жымиып: «Кім мейірім көрсетпесе, мейірім көрмейді», – деген (Әл-Бұхари, Әдәб: 18; Муслим, Фадаил: 65).
Бурайдадан (Аллаһ оған разы болсын) мынадай хадис келтіріледі: Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бір күні жұма намазында құтпа оқып тұр еді. Сол кезде бірдей қызыл көйлек киген Хасан мен Хусейн апырақ-тапырақ басып мешітке кірді. Олардың енді ғана тәй-тәй басып жүрген кездері болатын, еркін жүре алмағандықтан, аяқтары бір-біріне шалынысатын. Оларға көзі түскен Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) орнынан тұрып келіп, екеуін құшағына алды, қайта мінберге шығып жайғасып, екеуін екі тізесіне отырғызды да: «Аллаһ «Сендердің мал-дүниелерің мен бала-шағаларың алдамшы» («Әнфәл» сүресі, 28-аят) деп рас айтқан. Мен мына екеуінің шалынысып келе жатқандарын көріп шыдай алмай сөзімді үзіп, мінберден түсіп, екеуін көтеріп алдым», – деді (Ән-Нәсәи, Жұма: 30).
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Хусейнді жақсы көргені сондай, оны ернінен сүйетін. Кейін Хусейн өлтірілгенде, сахабалардың бірі: «Мен мына ерінді Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қаншама рет сүйгенінің куәсі болдым ғой!» – деген.
Фатима Ислам үмбеті үшін осындай ұлдар тәрбиелеп берген ана болатын. Оларға ілім, ғибадат, әдеп-ахлақ, дін, күрес, сөз өнерін, әдебиет пен поэзияны сіңірген. Хасан мен Хусейнге қараған жан Фатима сынды ұлы тұлғалы әйелдің берген тәліміне көз жеткізеді.
Сол кездерде жалпы халықтың әсіресе Фатиманың материалдық жағдайы өте қиын еді. Ол үй тірлігінің барлығын өз қолымен істейтін. Ол кездегі үй тірлігі бүгінгі күнгімен салыстыруға келмейтін. Бір күні Фатима тірлігінің ауырлығынан Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) шағым айтпақ боп келеді. Күнделікті күйбең тірліктен оның қолдары күстеніп, жарылып кеткен-ді. Адамзат тарихындағы соңғы пайғамбар, Ислам үмбетінің басында Аллаһ тағаланың өкілі болып отырған Мұхаммедтің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қызы осындай жағдай кешкен-ді. Фатиманың ойында кейбір тірліктерін жеңілдету үшін әкесінен бір қызметкер сұраймын деген ниеті бар-тын. Бұл жайлы Фатиманың өзі:
«Осы ниетпен Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келгенімде, өтінішімді айтуға ұялып, ол жайлы тіс жармай шығып кеттім», – деп әңгімелейді.
Мінеки, бұл – ойламды қыздың әке алдындағы ибасы. Әйтсе де Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қызының не үшін келгенін сезген еді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) кейіннен қызы мен күйеу баласының үйіне келіп екеуіне: «Сендерге қызметкерден артық бір нәрсе үйретейін бе?» – дейді. Олар: «Әрине, уа, Аллаһтың елшісі!» – дейді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Күнде жатар алдында Аллаһты еске алыңдар, 33 рет «субханаллаһ» (Аллаһ Пәк), 33 рет «әлхамду лилләһ» (Аллаһқа мадақ болсын), 34 рет «Аллаһу әкбар» (Аллаһ Ұлы) деп айтыңдар. Бұларың сендерге қызметкерден де артық», – деген (Әл-Бұхари, Дағауат: 11; Муслим, Зикр: 80, 81).
Сондай-ақ Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әли мен Фатиманың үйіне таң намазынан бұрын олар ұйықтап жатқан кезде кіргені риуаят етіледі. Осылай Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзі бұл отбасын кейде намазға оятатын. Бұл да пайғамбарлық ұлы тұлғаның кішіпейілділігін айғақтайды.
Кейіннен мұсылмандардың мал-дүниесі көбейіп, жоқ-жітіктердің жағдайы түзелген соң, мешіт ауласында жататын үйсіз-күйсіз сахабалар дүниелік қажеттіліктермен қамтамасыз етілгеннен кейін ғана Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қызына бір қызметкер ажыратып береді. Сол кезде Фатима құлдықтан азат етілгендей күй кешкенін айтқан. Қараңыздар, күйбең тірлікте күң сияқты жағдайда жүрген әйел қалай үлгі-өнеге көрсетіп, қоғамға қандай балалар тәрбиелеп бере алды десеңізші?! Ал қазіргі барлық жағдайы жасалған әпке-қарындастарымыз болмашы нәрсені сылтау ғып, желеуретеді. Оларды Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатимадан үлгі алуға шақырар едік. Ол осындай қиын тұрмысына қарамастан, Әлимен бақытты өмір кешкен. Әли Фатиманы құрметтегені себепті оның үстіне ешқашан әйел алған емес. Тек бір жолы ғана үйленуге ниет қылады. Бұл Әбу Жәһлдің қызы еді. Әлидің бұл ойынан хабардар болған Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оны шақырып алып:
«Аллаһ елшісінің қызы мен Аллаһтың дұшпанының қызы бір еркектің некесінде болуы мүмкін емес», – деген (Әл-Бұхари, Фадаил асхабин-нәби: 12; Муслим, Фадаил әс-сахаба: 93 және басқалар).
Бұдан кейін Әли қайта үйленуге ниет танытпай, өмірінің соңына дейін Фатима оның жалғыз әйелі болып қалады. Әли өзге әйелдеріне Фатима дүниеден өткеннен кейін ғана үйленген.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өмірден өтер шағында Фатима әкесін зиярат етіп келген-ді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оны жанына шақырып, құлағына бірдеңе дейді. Мұны естіген Фатима көз жасына ерік беріп жылай бастайды. Жылағанын көрген Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оны жанына қайта шақырып, құлағына тағы да сыбырлап бірдеңе айтады. Мұны естіген қызының жүзіне күлкі үйіріліп шаттыққа бөленді. Фатима Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алдынан шыққаннан кейін оған Айша анамыз ілесе шығып: «Не үшін жылап, неге күлдің?» – деп сұрағанда, ол: «Мен Пайғамбардың сырын жая алмаймын», – деп жауап береді. Яғни Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сендердің естулеріңді қалағанда, мұны құпия қылып айтпас еді дегенді меңзейді. Бірақ кейін Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) көз жұмған соң, бұл құпияны Айшаға айтып берген. Фатима: «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш рет құлағыма сыбырлағанда: «Жәбірейіл (аләйһис-сәләм) әр жылы маған Құранды басынан аяғына дейін бір рет қайталататын, ал бұл жылы екі рет қайталатты. Осыған қарағанда, менің өлім сәтім таяды-ау», – деді. Мен мұны естіп жыладым. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) менің жылағанымды көріп, маған қайтадан сыбырлап: «Отбасымның ішінде бірінші боп маған жолығатын сенсің», – деді. Мұны естіп, мен қуанғанымнан күлдім», – деген.
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әли мен Фатимаға, Хасан мен Хусейнге қарап:
«Мен – сендерге қастасқанға қаспын, достасқанға доспын!» (Ахмад, Муснад: 2/442; Әл-Хаким, Мустадрак: 3/149) – дегені риуаят етіледі.
Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Фатима – менің бір бөлшегім: Оған азар берген маған азар береді» (Әл-Бұхари, Фадаил асхабин-нәби: 12; Муслим, Фадаил әс-сахаба: 94 және басқалар), – деп айтқан.
Фатима Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алты айдан кейін өмірден өткен. Сол кезде оның жасы небәрі жиырма сегізде болатын. Аллаһ тағала Өз елшісінің сүйікті қызы Фатимаға разы болсын!