×
Рамазан айындағы мустахаб істер туралы жазылған мақала

    Рамазан айындағы мустахаб (қосымша сауапты) істер

    مستحبات شهر رمضان

    < Қазақ тілі – Kazakh – كازاخي >

    Islamic.kz сайтынан

    Islamic.kz من الموقع

    —™

    Рамазан айындағы мустахаб (қосымша сауапты) істер

    Тәубе ету

    Аллаһ Тағала былай деді: «Ал кім тәубе етпесе, солар — залымдар» (Хужурат 49: 11).

    Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһ тәубе етушінің тәубесін әрқашан және әр уақытта қабылдайды. Бірақ осы айда өзінің бұзақылығы мен күнәларының және тәубе етуден бас тартуының себебімен Раббысының кешіріміне лайық болмаған адамға өкініш болсын. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп баяндайтын: «Маған Жәбрейіл періште келіп: «Уа, Мухаммад! Рамазан айына жетіп, сонда да кешірімге ие болмаған адам Отқа кіреді, әрі Аллаһ оны Өзінен алыстатады. «Әмин!», — деп айт», - деді. Мен: «Әмин!», — дедім» (Ахмад, Ибн Хиббан, әт-Табарани “әл-Кәбир". Хадис сахих. Қараңыз: “Сахих әт-тарғиб" 3/216).

    Тәубе еткісі келген адам үшін тәубе есіктері ажалы жетпейінше ашық тұрады. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Ұлы әрі Құдіретті Аллаһ құлының тәубесін ол жан тәсілім етердегі қырылын білдірмейінше қабыл етеді», — деген (әт-Тирмизи 3537, Ибн Мәжаһ 4253. Шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген).

    Осы айға жетемін деп армандаған, бірақ дегендеріне жете алмаған қаншама адамдар бар еді. Олар қабірлерінде, ізгі істерін арттыра да алмайтын, көптеген күнәлары үшін кешірім де сұрай алмайтын кепілге алынған тұтқынға айналды. Сондықтан да ешкім, күнәлары қандай үлкен болса да, тәубе ету мүмкіншілігін назарсыз қалдырмасын, өйткені Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, Менің өздеріне зұлымдық жасаған құлдарым, Аллаһтың мейірімінен күдер үзбеңдер! Шын мәнінде, Аллаһ күнәларды толығымен кешіреді: өйткені Ол – аса Кешірімді, Мейірімді!» (әз-Зүмар 39: 53).

    Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Күнәсы үшін тәубе еткен адам күнә жасамаған адаммен тең», — деді (Ибн Мәжаһ 4250. Хадис хасан. Қараңыз: «Сахих әл-жәми'» 3008).

    Сондықтан да адам Аллаһтың мейірімінен күдер үзбеуі және күнәлары мен айыптарының көп екенін әрі олардан құтыла алмайтынын сылтауратып, мойынсұнбаушылықтары мен күналарын жалғастырып, Мейірімді Раббысын ызаландырмауы қажет.

    Алайда Раббымыз Кешірімді әрі Мейірімді екенін, бірақ Ол Өзінің кешірімі мен мейірімін тек белгілі шарттар орындалған кезде, нақтырақ айтқанда, адам Аллаһ Тағалаға толық әрі ықыласты тәубемен жалбарынғанда ғана нәсіп ететінін білу керек.

    Тәубе етудің үш шарты бар:

    1) Күнә жасауды доғару,

    2) Күнә жасағаны үшін өкіну,

    3) Болашақта ешқашан осындайды жасамауға бел байлау.

    Егер осы шарттардың біреуі болса да орындалмаса, онда тәубе қабыл етілмейді! Ал егер жасалған күнә басқа адамға зиянын тигізетін болса, онда тәубенің төрт шарты орындалуы керек. Нақтырақ айтсақ, жоғарыда аталған үш шартқа қоса зардап шеккен кісіден кешірім сұрау әрі егер іс материалдық құндылықтарды заңсыз тартып алуға қатысты болса, оны иесіне қайтыру (қараңыз: “әл-Әзкар" 321, “Рияду-с-салихин" 28).

    Құранды көбірек оқу

    Аллаһ Тағала былай деді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) ажырататын дәлел түрінде Құран түсірілді» (Бақара 2: 185).

    Ибн `Аббас былай баяндайтын: «Жәбрейіл періште Мухаммад пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айының әр түнінде кездесіп, онымен бірге Құран үйренетін» (Бухари 6, Муслим 2308).

    Хафиз ибн Ражаб былай деген: «Бұл хадисте Рамазан айында Құран үйрену үшін жиналудың абзал екеніне нүсқау бар. Сондай-ақ хадисте Рамазан айында Құран оқуды арттыру керек екеніне де нұсқау бар» (“Ләтаифул-мә'ариф" 189).

    Егер мұсылман күндізгі уақытын ораза ұстауға, ал түнін Құран оқуға арнайтын болса, онда Қиямет күні оның екі шапағатшысы болады: олар – ораза мен Құран. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ораза мен Құран Қиямет күні Аллаһтың құлына шапағат етеді. Ораза: «Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден айырдым, сондықтан маған ол үшін шапағат етуге рұқсат бере гөр!», — деп айтады. Ал Құран: «Раббым! Мен оны түнде ұйқыдан айырдым, сондықтан маған ол үшін шапағат етуіме рұқсат бере гөр!», — деп айтады. Сосын олардың шапағаттары қанағаттандырылады» (Ахмад 2/174. Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, хафиз әл-Мунзири, шейх Ахмад Шакир және шейх әл-Әлбани растаған (қараңыз: “Сахих әт-тарғиб" 973).

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары, содан соң олардың ізбасарлары Құран Кәрімнің мағыналарына үңіліп, оны оқып, Рамазан айының күндері мен түндерін өткізетін еді. Рамазан айы келгенде олар Құран оқуды көбейтетін, әрі үмметіміздің ұлы имамдары олардың осы өнегесіне ілесетін. Мысалы, имам Мәлик рамазан айында өзінің барлық ғылымдарын қалдырып, Құран оқуға кірісетін. Дәл солай Суфьян әс-Сәури де жасайтын. Ізгі алдынғы ұрпақтарымыздан болған кейбір ғалымдарымыз түнгі намаздарында Құранды түгелдей үш күн ішінде, екіншілері – жеті күн ішінде, ал басқалары – әр он күнде оқып бітіріп шығатын. Сондай-ақ Қатада түгел Құранды әр жеті күн сайын оқып шығатындығы, ал рамазан айы басталғанда ол оны әр үш күн сайын оқып шығатындығы туралы хабарланады. (Қараңыз: “әс-Сияр" 5/276).

    Алайда, Құранды үш күннен кем уақыт аралығында толығымен оқып шығуға болмайды, өйткені Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзі Құранды үш күннен кем уақыт аралығында оқып шықпаған, бұған қоса: «Құранды үш күннен кем уақыт аралығында оқыған адам оны түсінбейді» , — деген (Әбу Дәуд 1394, әт-Тирмизи 2949, Ибн Мәжаһ 1347. Шейх әл-Әлбани хадисті сахих деген).

    Ал Құранды әлі оқи алмайтын адамдар туралы айтар болсақ, онда біз оларға ерік күшін иемденіп, араб әліппесін меңгеріп алуларын тілейміз. Олар игілікті рамазанда да, одан басқа уақыттарда Құранды оқып, ұлы сауапқа қол жеткізулері үшін. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Аллаһтың Кітабынан бір әріп болса да оқыған адамға, бір игі іс жазылады. Ал осы бір игі іс үшін, он есе сауап қайтарылады. Мен: "«Әлиф, ләм, мим» - бір әріп», - деп тұрған жоқпын. Жоқ, «әлиф» — бір әріп, «ләм» — бір әріп және «мим» бір әріп болып табылады» (әт-Тирмизи 2910, Имам Ибн Қудама мен шейх әл-Әлбани хадисті сахих деп атаған).

    Са`д ибн Әбу Уаққас былай деп айтқан: «Егер адам Құран оқуды түннің әуелгі бөлігінде аяқтаса, онда періштелер ол үшін таң атқанша дұға етеді, ал егер де ол Құран оқуды түннің ақырғы бөлігінде бітірсе, онда періштелер ол үшін кешке дейін дұғада болады» (Ахмад, әд-Дәрими. Хасан хабар. Қараңыз: “әл-Әзкар" 136).

    Сәбит әл-Бунани былай деп айтатын: «Әнас ибн Мәлик Құранды түгелдей оқып аяқтаған кезде, бала-шағасы мен отбасы мүшелерін жинап, Аллаһқа дұға ететін еді» (әд-Дәрими 2/469, Са'ид ибн Мансур 1/140. Имам ән-Нәуауи, хафиз Ибн Хажар және шейх әл-Әлбани иснадтың сенімділігін растаған).

    Ибн Утайба былай деген: «Бірде Мужаһид пен Абда ибн Әбу Любаба мені (кісі жіберіп) шақыртып алды. Мен оларға келгенімде, олар маған: «Расында, біз сені шақырған себебіміз, Құранды тилауат етуді (оқуды) аяқтап жатқан едік. Ал Құран оқудың соңында жасалған дұға қабыл болады», — деді» (Ибн Әбу Дәуд. Имам ән-Нәуауи иснадын сахих деп атаған. Қараңыз: “әл-Әзкар" 119).

    Ал Құран оқып болған соң айтылатын адамдардың өздері заңдастырып алған белгілі бір дұғаларға келер болсақ, онда бұның ешқандай негізі жоқ. Сондықтан имам әш-Шәтыби оны: «Енгізілген бидғат (жаңалық)», — деп атаған (Қараңыз: “әд-Дә'ифа" 13/315).

    Сондықтан да Құран оқуды аяқтаған соң Аллаһқа кез-келген дұға арқылы жалбарынуға болады, өйткені бұл үшін белгіленген ешқандай арнайы дұғалар жоқ!

    Көбірек жомарттық таныту

    Рамазан айы жомарттық пен мейірімділік мезгілі секілді. Бұл айда мүміндер осы сипаттарды танытуда өзара жарысады. Ибн `Аббас былай баяндайтын: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ең жомарт адам еді. Ал рамазанда ол ерекше жомарт болатын. Әрі ол еркін есетін желден де артық игі нәрселерге жомарт еді» (әл-Бухари 6, Муслим 2308).

    Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметін ораза тұтушылырға қамқорлық көрсетуге ынталандырып: «Ораза тұтушыға ауызашар берген адам ол алғандай сауабқа ие болады, бірақ сонымен қоса ораза тұтушының сауабы тозаңдай нәрсеге кемімейді», — деп айтқан (Ахмад 5/192, әт-Тирмизи 807. Имам Әбу Иса әт-Тирмизи, хафиз әл-Мунзири мен шейх әл-Әлбани хадистің сенімділігін растаған).

    Шейхул-Ислам Ибн Тәймийя өзінің «әл-Ихтиярат» кітабында хадисте тамақтың тоюға болатын мөлшері туралы сөз болып тұрғанын айтқан.

    Имам Ибн Шиһаб әз-Зуһри рамазан айы келгенде былай деп айтатын: «Бұл Құран оқу мен адамдарды тамақтандыру айы» (Ибн `Абдул-Барр «әт-Тәмхид» 6/110).

    Ізгі алдынғы буын өкілдеріміздің (салиқалы сәлафтарымыздың) көбісі: олардың ішінде Ибн `Умар да, Мәлик ибн Динар да, имам Ахмад та болған - өз тамақтарын кедейлердің пайдасына қиып, оларға ауызашар берген. Ал Ибн `Умарға қатысты айтар болсақ, ол тек жетім немесе кедей адаммен бірге ауыз ашатыны туралы хабарланады (қараңыз: “Сәб'унә мәсалә фи-с-сыям" 19).

    Бауырлар! Біз де ораза ұстаушыны ауызашармен, ал өзімізді оған тиісті сауаптай сауаппен қуанту үшін, оны тамақтандыруға асығайық!

    Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың - ас беретіндерің!», — дейтін (Ибн Мәжаһ, Әбу Я`лә, әт-Табарани. Хафиз Ибн Хажар, имам әл-Бусайри және шейх әл-Әлбани хадисті хасан дәрежесіне жатқызған. Қараңыз: “әс-Силсилә әс-сахиха" 44).

    Егер адамдарға ас беру Исламның ең жақсы көріністерінің бірі болса, онда осы ұлы амалды рамазан айында жасау туралы не айтса болады!

    Аллаһ Тағала Жәннатты тақуалар мен кешірім етуге, дүние жұмсауға, игілік істеуге асығатындар үшін жаратты әрі оларға Өзінің жарылқауын уәде етіп, былай деді: «Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей Жәннатқа жарысыңдар. Олар кеңшілікте де, таршылықта да Аллаһ жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Аллаһ жақсылық істеушілерді сүйеді!» (Әли `Имран 3: 133-134).

    Құлшылықта көбірек ынта таныту

    `Айша (оған Аллаһ разы болсын) былай деген: «Рамазан айында Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) басқа уақыттарға қарағанда көбірек ынта танытатын, ал рамазан айының соңғы он күнінде ол осы айдың басқа күндеріне қарағанда көбірек ынта танытатын» (Муслим 1175).

    Әбу Һурайра былай деп баяндайтын: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) рамазан айында адамдарды түнгі нәпіл намаздарын оқуға ынталандыратын, бірақ бұны оларға үзілді-кесілді бұйырмайтын (яғни парыз етпейтін). Алайда ол: «Рамазан айының түндерін Аллаһтың сыйына иман келтіріп және үміт етіп, намаз оқумен өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі», — деген» (әл-Бухари 37, Муслим 759).

    `Амр ибн Мурра әл-Жуһани: «Бірде Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам келіп: “Уа, Аллаһтың елшісі! Мен Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ екеніне, әрі сен Аллаһтың елшісі екеніңе куәлік беретінімді, намаз оқитынымды, зекет беретінімді, ораза ұстайтынымды және рамазан түндерін намаздармен өткізетінімді білесің бе?!", — деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: “Кім осыларды үстанған күйінде қайтыс болса, Жәннатта шыншылдар мен шаһидтер арасында болады"», - деп баяндайтын (әл-Баззар, Ибн Хузайма, Ибн Хиббан. Хадис сахих. Қараңыз: “Сахиху-т-тәрғиб" 1/419).

    Аллаһтың разылығына ұмтылатын, шәһидтің сыйын қалайтын тақуа мұсылманға бұдан артық не керек?!

    Дайындаған www.ToIslam.com сайтының редакциясы;

    Орыс тілінен қазақ тіліне аударған www.oraza.kz сайтының редакциясы;

    Аударма мәтінін редакциялаған www.abuhanifa.kz сайтының редакциясы.