Мүміндердің Анасы – Сафия Хаййайқызы (Аллаһ оған разы болсын) қиссасы
Бөлімдер
Full Description
Мүміндердің Анасы – Сафия Хаййайқызы
(Аллаһ оған разы болсын)
қиссасы
قصة أم المؤمنين صفية بنت حيي رضي الله عنها
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
авторлық
Исмаил бин көптеген
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
«Сен – пайғамбардың қызысың, сенің атаң – пайғамбар және сен – пайғамбардың әйелісің. Дәреже тұрғысында сенімен кім таласа алады?»
Сафия (Аллаһ оған разы болсын): «Кинана ибн Рабиғпен алғашқы неке түнімде, түсімде Мәдинадан шыққан Айдың аспан көгімен менің төбеме жылжып келіп, сәулесін шашып тұрғанын көрдім. Оянған соң түсімді күйеуіме айттым. Ол ашуланып: «Бұл сенің Мұхаммедке жақын болғың, оның әйелі болғың келетіндігіңнен басқа еш нәрсені білдірмейді», – деп бетімнен салып қалды. Жүзімде әлі күнге дейін сол соққының дағы қалған», – деген.
Діндар да, иманды мүміндердің анасы Сафия Хаййайқызы, Яғқуб пайғамбардан (аләйһис-сәләм) тараған бәну надир тайпасынан еді. Сонымен қатар оның ата-тегінің Мұсаның (аләйһис-сәләм) ағайыны Һарун ибн Имранға да (аләйһис-сәләм) тікелей қатысы бар еді.
Анасының есімі – Бәрра Самаууалқызы.
Сафия тұтқынға түскеннен кейін Аллаһ тағаланың оны тура жолға салуымен ол Исламды қабылдап, өзінің жас сеніміне жан-тәнімен беріледі. Исламды қабылдамай тұрып, Аллаһтың елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дейін Сафия екі рет тұрмысқа шыққан-ды. Алғашқы күйеуінің аты Сәлмә ибн Мишкам, ал екінші күйеуінің есімі Хайбар қамалының иесі Кинана ибн Рабиғ еді. Екі рет тұрмыс құруы да Сафияның тайпасы үшін бейбіт өмірді сақтаудың жолы болады, өйткені сол уақытта яһудилер мен олардың тайпаларының арасында ежелден келе жатқан дұшпандық кеңінен орын алған-ды.
Яһудилер Пайғамбарымызбен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келісімшарт бекітіп, артынша өздері оны бұзатын, қулық-сұмдыққа барып алдайтын, бір сөзбен айтқанда, Аллаһтың нұрының жарығын сөндіру үшін бәрін істейтін. Ақырында Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл зұлымдыққа нүкте қоюға және мұсылмандарды олардың айла-шарғысынан құтқару үшін қалың қол әскермен яһудилерді шабуылдауға шешім қабылдайды.
Мухаррам айында, һижра жыл санауымен 7-жылы Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әскері араб түбегіндегі яһудилер қамалына бет алады. Бұл қорған оңаша орын тепкен берік қамал болатын. Онда яһудилер қулық-сұмдықтарын ұйымдастырып, өтіріктің жалынын маздататын.
Таңертең Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ерте оянып, Аллаһқа мақтау айтып, жәрдем тілейді. Сол күні жарық пен қараңғылықтың, ақиқат пен жалғанның, иман мен күпірдің арасында үлкен шайқас жүрді. Сөйтіп, жарық қараңғылықты жойып, ақиқат жалғаннан үстем келіп, иман күпірді жеңеді. Бұл шайқас Ислам тарихында «Хайбар жорығы» деген атпен қалған болатын.
Жорықта бәну надир тайпасының көп адамдары тұтқынға алынады, олардың арасында Сафия мен оның күйеуі Кинана ибн Рабиғ та бар еді. Сол кезде Сафияның жасы бар-жоғы он жетіде болатын.
Сахабалар Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) тұтқынға Хайбар қамалының иесі алынғандығын мәлімдейді. Ол (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оны алдына әкелуді бұйырады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) кедейлер мен мұқтаждарға үлестіріп беру мақсатында одан қамалындағы қазына-байлықтың қайда екенін сұрайды. Бірақ Кинана қазынаның орнын айтудан бас тартып: «Қамалда мүлдем қазына жоқ», – деп жалтарады.
Сонда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Егер біз оны тауып алсақ, сені өлім күтіп тұр, осыған келісесің бе? – дейді.
Кинана:
– Иә, – деп жауап береді.
Мұсылмандар Кинананың тығып тастаған қазына-байлығын тауып алады, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Кинананың өтірік айтқандығын біліп, оны сахабасы Мұхаммед ибн Мәсләмәға (Аллаһ оған разы болсын) жібереді. Шайқаста яһудилер Ибн Мәсләмәнің бауырын өлтірген-ді. Осының ызасымен ол Кинананы соққыға жығып, оған кесілген үкімді орындайды.
Ал тұтқынға түскен әйелдер Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) азаншысы Біләлдің (Аллаһ оған разы болсын) қарауында еді. Олар жылап, бақырып-шақырып, айқайлап шу шығарумен болғанда, жалғыз Сафия ғана үнсіз мұңайып, ішінен тынатын. Оның мөлдір жанарынан аққан жас та білінер-білінбес-ті. Оның бұл халі Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) көңілін аударады. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Сафияның жанына таяп келіп, Біләлдан оны босатуын сұрайды. Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Сафияның жүріс-тұрысының қарапайымдылығы, түсінігі мен сабырлылығы ұнайды.
Әнәс ибн Мәліктің (Аллаһ оған разы болсын) айтуынша, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Сафиядан иманға келіп, өзінің әйелі болуға қалай қарайтындығын, келіспесе, бостандыққа жіберетінін айтқанда, ол:
«Уа, Аллаһтың елшісі! Әрине, қалаймын, тек егер Аллаһ пен Ислам маған ол үшін ерік берсе. Яһудилікте мен үшін мақсат жоқ. Онда мен үшін әке де, бауыр да қалмады. Маған иман мен күпірдің арасына таңдау тастадың. Мен Исламды сен үйленуге ұсыныс жасамай тұрып-ақ қабылдағанмын. Аллаһ пен Оның елшісі маған бостандыққа шығып, қауымыма оралғанымнан жақсырақ», – деп жауап береді.
Үйленгеннен кейін Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған:
– Аллаһ өлтіргенше әкең маған яһудилердің ішіндегі ең қаскөйі болып өткен еді, – дегенде, Сафия:
– Уа, Аллаһтың елшісі! Аллаһ кітабында: «Ешкім басқаның күнәсін көтермейді» («Исра» сүресі, 15-аят) деген ғой, – дейді. Аллаһ оған разы болсын!
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударғанда, Сафияның әкесі Хаййай ибн Ахтаб Мәдинада болатын. Ол өз тайпасының көсемі еді.
Сафия:
«Кішкентай кезімде әкемнің немере ағам Ясирмен сөйлесіп жатқанын естідім. Әкем одан:
– Жіберілген пайғамбар осы ма? – деп сұрады. Немере ағам:
– Иә, – деп жауап берді.
– Оны қайдан білдің? – деп сұрады әкем. Ол:
– Ишара етілген барлық белгілер сәйкес келеді, – деді. Әкем:
– Енді қандай шешімге келдің? – дегенде, ол:
– Оған өле-өлгенше қастық қылуға байлам жасадым, – деді. Мен бұлар айтып жатқан кісі пайғамбар болса, неге онда оны жек көреді деп ойладым», – дейді.
Осы сәттен бастап Сафияның жүрегінде Аллаһтың елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббат оянады.
Олар үйленіп, Мәдинаға бірге оралады. Мәдина халқы мұсылмандардың үлкен жеңісі мен Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жас сұлу Сафияға үйленгендігіне қуанышты еді. Үйленгеннен кейін Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Сафия өзінің Кинанаға тұрмысқа шыққанда алғашқы неке түні түс көріп, түсінде оған Айдың жылжып келіп, сәулесін шашқандығын, кейін ол түсін оянған соң күйеуіне айтқанда, ол бірдеңелерді шатып, жұдырық жұмсағанын, сол соққыдан жүзінде дақ қалғандығын айтқанда, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған жаны ашып, аяушылықпен қарап, Мәдинаға қайтып келе жатқанда, Сафияның жол бойы неге өзінен алшақ жүргендігін сұрайды. Сонда Сафия: «Уа, Аллаһтың елшісі! Мен сен үшін қатты қорықтым, яһудилер біздің жанымызда еді, менің кесірімнен саған олардың зияны тимесе екен деп, сенен біршама алшақ жүрдім», – деп жауап қайтарады.
Мұны естіген Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған сүйіспеншілікпен көз тастайды.
Мәдинаға кіргенге дейін олар (Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бен Сафия) шымылдықты күймеде болады. Екеуі бірге түнегенде, Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабасы Әбу Айюб Халид ибн Зәйд (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбарымызды (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) таң атқанға дейін бақылап, қарауылдаумен жүреді. Таңертең Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) одан неге өздерін күзеткендігін сұрағанда, Әбу Айюб:
– Уа, Аллаһтың елшісі! Мен, шынында, сен үшін қатты қауіптендім. Бұл әйел саған зиянын тигізуі мүмкін еді, сен оның күйеуі мен тайпаластарын өлтірттің емес пе? – дейді.
Сонда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Ей, Әбу Айюб! Мені осы түні күзеткеніңдей, Аллаһ рақымымен сені де, басқа мұсылмандарды да яһудилердің зұлымдығынан сақтасын, – деген (Ибн Сағд, Табақат: 121-123).
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұлайша дұға қылуының себебі, яһудилер Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мен мұсылмандарға небір зұлымдықтар істейтін. Бірде Зәйнәб Харисқызы деген яһуди әйел Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алдына қойдың піскен етін әкеліп, дастарқан жасайды. Сол кезде Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қасында тағы бір сахаба отырған еді. Әкелген етті сахаба жей бастайды, ал Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын), әйтеуір, жегісі келмейді. Етті жеген сахаба сол жерде-ақ жантәсілім етеді. Кейін Зәйнәбтан неге Аллаһ елшісін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) улап өлтіргісі келгендігін сұрағанда, ол: «Мен сенің пайғамбарлығыңның ақиқаттығын тексергім келді, егер сен шын мәнінде пайғамбар болмай, етті жегеніңде, біз сенен құтылар едік», – деп жауап береді.
Дегенмен де Сафия Зәйнәб сияқты емес еді. Иманды, тақуалығы сондай, оның жүрегі иман мен Ислам нұрына толы болды.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Сафиямен Мәдинаға жеткенде, оны өз үйіне апармастан сахаба Харис ибн Нуғманның (Аллаһ оған разы болсын) үйіне түсіреді. Сафияны көруге мүміндер аналарының көршілері, сонымен қатар басқа да мәдиналық әйелдер келеді. Барлығы Харис ибн Нуғманның үйінің айналасында жиналып, Сафияның бір көрінуін күтеді. Олардың арасында Айша да (Аллаһ оған разы болсын) бар еді.
Бір кезде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Айшаның Харистің үйіне кіріп бара жатқандығын байқап қалып, оны қарсы алып, көйлегінен өзіне қарай тартып:
– Сен кімді көрдің? – деп сұрайды.
– Ол яһуди ғой, – деп жауап береді Айша анамыз. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Олай деме, ол Исламды қабылдады, – дейді (Ибн Сағд, Табақат: 8/126).
Айша Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) басқа әйелдеріне жаңа түскен әйел жайлы айтып келеді.
Сафия Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйінде салмақты, сабырлы қалпын сақтай білген. Ол ақиқатты танып, жүрегіндегі яһудилік ұлттық сезімді иманға жеңдіре біледі. Сафия яһудилердің мұсылмандарға қарсы айла-шарғы жасап, қулық-сұмдық істейтіндерін білетін.
Сафияның иманы күннен-күнге күшейе түседі. Әйтсе де адамдардың оның сыртынан яһудилігін сөз етуі доғарылмады. Оған қоса Айша мен Хафса оны мысқылдайтын. Осының себебімен Аллаһ тағала ардақты елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Ей, иман келтіргендер! Сендерден бір қауым (басқа) бір (мүмін) қауымды (сыртынан күліп) мысқылдамасын. Өйткені олар (мысқылдаушылардан) қайырлы шығар. Және әйелдер де (басқа) әйелдерді (кемсітпесін). Бәлкім, (кемсітілген әйелдер) өздерінен жақсы шығар. Өздеріңді (яғни бір-біріңді) кекетпеңдер де, бір-біріңді (жаман) лақап аттармен атамаңдар. Иманнан кейін пасықтық есімі қандай жаман. Кім тәубе қылмаса, әне солар – пасықтар» («Хужурат» сүресі, 11-аят), – деген уахи жібереді.
Осыдан кейін Сафия өзіне ауыр тие-тұғын гу-гу әңгімеге құлақ түруді қойып, көңілі жай табады.
Бірде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оның үйде жалғыз жылап отырғанының үстінен түсіп, не болғандығын сұрайды. Сафия Айша мен Хафсаның оның яһудилігін мысқылдайтындығын жеткізеді.
Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Сен олардың өзіңнен еш нәрсесімен артық еместігін, өйткені сенің күйеуің – Мұхаммед, ал әкең – Һарун, атаң – Мұса екендігін неге айтпадың?» (Әт-Тирмизи, Манақиб: 64; Әл-Хаким, Мустадрак: 4/29) – дейді.
Ол бұл сөздерге жұбанып, сабырға келеді.
Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Сафияның яһудилігін бетіне басқаны үшін Зәйнәб Жахшқызын (Аллаһ оған разы болсын) үш айға жалғыз тастап қойғаны жайлы риуаят та бар. Үш айдан соң ерлі-зайыптылық қатынасын қайта қалыпқа келтіргенде, Зәйнәб қуанғанынан оған (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) күңін сыйлаған екен.
Сафия Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жанында әрдайым бірге болады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін, Сафия қалған өмірін өз үйінде оңашада, Аллаһқа ғибадат етумен өткізеді. Ол яһуди ұлтынан әрі сұлу болғандықтан, адамдармен арақатынаста аса сақтық жасайтын.
Бірде Сафияға көрші әйел мүміндердің әмірі Омар ибн әл-Хаттабқа (Аллаһ оған разы болсын) келіп: «Уа, мүміндердің әміршісі! Сафия яһудилердің демалысы сенбі күнді жақсы көреді, ол сол күні яһудилерге ақша, киім үлестіреді», – дейді. Омар естігені туралы Сафиядан сұрағанда, ол: «Мені Аллаһ иманға келтіргелі, сенбіні жұмадан артық көрмеймін, ал яһудилерге келсек, олар – менің қандастарым», – деп жауап берген. Кейін Сафия көрші әйелге барып, неге Омарға олай дегендігін сұрағанда, әлгі әйел: «Мені шайтан түртіп, маған осы ойды салды», – депті. Омар бар шындықты білгеннен кейін Сафияны қайтып мазаламаған.
Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қазасынан кейін, Сафияның өмірі осылайша жалғасып жатады. Ол Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне тастап кеткеніне ілесіп күн кешеді, оған қоса қоғамдық, саяси мәселелерде табысты еңбек етеді. Жұртшылық Сафияны жақсы көріп, құрметтейтін. Ол басқаларды өзінің қолынан келетін нәрселерге үйретіп, көптеген хадисті жеткізіп кеткен. Осман ибн Аффанның (Аллаһ оған разы болсын) үйін бүлікшілер қоршауға алғанда, Сафияның оған ас-су әкелгендігі жайлы хабар бар.
Ол һижра жыл санауымен 50-жылы Муғауия ибн Әбу Суфиянның (Аллаһ оған разы болсын) кезінде дүниеден қайтады. Денесі мүміндердің аналарының қорымы Бақиғқа жерленген. Аллаһ оған разы болсын!