ЗУЛКИФЛ (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
Бөлімдер
Full Description
ЗУЛКИФЛ
(оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
قصة ذوالكفل عليه السلام
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
فريق اللغة الكازاخية بدار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
ЗУЛКИФЛ
(оған Аллаһтың сәлемі болсын)
Аллаһтың кітабында Айюбтың қиссасынан кейін:
«Исмаил, Идрис, Зулкифлдер – барлығы сабырлы болатын. Оларды мейірімімізге бөледік. Өйткені олар ізгілерден еді» (Әнбия сүресі, 85-86 аяттар).
«(Мұхаммед!) Исмаил, Әлясағ және Зулкифлді есіңе ал. Барлығы жақсылардан еді» (Сад сүресі, 48-аят), – деп оның екі жерде аты аталған. Құранда оның пайғамбар болғандығына айқын дәлел жоқ.
Бірақ ғұламалар оның есімінің пайғамбарлар қатарында аталуы себепті оны пайғамбар деген. Тарихшылардың көбі оны Айюбтың ұлы деп айтқан. Ол – Бишр ибн Айюб. Бишр қауымына ақыл-кеңес беруді, оларға әділ төрелік етуді, Аллаһ тағаланың әмірін орындауды, Ол үшін түні бойы намаз оқып, күнімен ораза ұстауды және ешқашан ашуланбауды өз мойнына алғаны үшін Зулкифл деп аталған. Ал ол сөзінде бекем тұрып, ғұмырын түгелдей уәдесін орындау үстінде өткізді деген деректер бар. Оның өмір жолынан бізге жеткен мәліметтердің бас-аяғы осы ғана.
РАСС ХАЛҚЫ
Құранда аты аталған халықтардың бірі – расс елі. Аллаһ тағала:
«Ад, самуд және расс елі мен бұлардың арасындағы көптеген ғасырларды... Барлығына да мысалдар келтіріп, баршасын мүлде жоқ еттік» (Фурқан сүресі, 38-39 аяттар);
«Олардан бұрын Нұх қауымы, расс халқы және самуд елі де жалғанға шығарған болатын. Ад, перғауын және Луттың ағайындары мен әл-әйкеліктер және Туббағ елі – барлығы елшілерді жалғанға шығарған. Сондықтан уәде шынға айналды» (Қаф сүресі, 12-14 аяттар), – деген.
Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Расс елі самуд халқының ішіндегі бір ауылдың тұрғындары еді», – деп айтқан.
Расс – құдықтың атауы. Оларға пайғамбар келіп, дінге шақырды. Көптеген тарихшылардың нұсқауына қарағанда, расс халқына келген пайғамбардың есімі Ханзала болған. Ханзаланы (аләйһис-сәләм) өз қауымы өлтіріп, денесі құдыққа тасталған. Сондықтан да олар расс елі деп аталған. Бұл қылмыстары үшін расс халқы Аллаһ тағаланың қаһарына ұшыраған.
ЯСИН ЕЛІ
Бұл қисса Ясин сүресінде баяндалған. Аллаһ тағала:
«(Мұхаммед!) Оларға елшілер келген елді мысалға көрсет», – деген.
Тарихшылардың көбі оны Шамның солтүстігіндегі Антакия елді мекені болған деп айтады. Аллаһ тағала: «Оларға екі елші жібердік. Сонда олар екеуін де жалғанға шығарды. Сонда үшінші бір елшімен қуаттадық. Елшілер: «Біз – сендерге елшіміз», – деді», – дейді.
Яғни оларға бір уақытта үш пайғамбар келді. Тарихшылар олар: Садық, Садуқ және Шалум есімді пайғамбарлар еді деп көрсеткен. Анығы Аллаһқа мәлім. Ол пайғамбарлар елдерін Аллаһқа шақырып, ескерте:
«Раббымыз біледі. Расында, сендерге елшіміз. Бізге ашық түрде жалғастыру ғана міндет», – деді». Бірақ елдері алдыңғы қауымдар сияқты: «Сендер – бар болғаны біз тәрізді адамдарсыңдар. Сендерге әр-Рахман еш нәрсе жіберген жоқ. Өздерің мүлдем өтірік айтасыңдар», – деді».
Әлгі пайғамбарлар шақыруды жалғастырғанмен, олар қарсылықтарынан танбады. Жағдай және де шиеленісе түсіп, «олар: «Расында, сендер себепті сәтсіздікке ұшырадық. Егер айтқандарыңнан қайтпасаңдар, әлбетте, сендерді таспен атқылаймыз. Сондай-ақ, сөзсіз, бізден жантүршігерлік қинау көресіңдер», – деді. (Елшілер): «Сәтсіздіктерің өздеріңмен бірге. Берілген үгітті ырым қыласыңдар ма? Олай емес. Сендер – шектен шыққан елсіңдер», – деді».
Мұнан соң жағдай тіптен ушығып, пайғамбарларды бопсалап, ұрып-соғу арқылы қинауға дейін жетті. Сонда бір кісі өз еліне жақындаған азапты сезіп, асығып келді. Тарихшылар оны Хабиб ән-Нәжжәр деген ізгі кісі деп көрсетеді. «Қала шетінен біреу жүгіріп келіп: «Ей, қауымым! Елшілерге ілесіңдер. Сендерден ақы сұрамайтын кісілерге еріңдер. Олар тура жолда. Өзімді Жаратқанға неге құлшылық қылмайын? Сондай-ақ сендер де Соған қайтарыласыңдар. Одан өзгені тәңірлер етіп алайын ба? Егер Аллаһ маған зиян келтіргісі келсе, олардың қолдаулары маған ешбір пайда бермейді және олар мені құтқара да алмайды. Сөз жоқ, онда мен анық адасуда боламын. Күдіксіз Раббыларыңа иман келтірдім. Енді маған құлақ салыңдар», – деді».
Елі оны тепкілеп, жаншып өлтірді. Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Олар оны жаныштап, кеңірдегін сыртқа шығарып жіберді», – деген.
Аллаһ тағала:
«(Оған): «Жаннатқа кір», – делінді», – дейді. Ол сол сәтте жаннатқа кірді және ондағы бақытты өмірді көрген кезде:
«Әттең! Раббымның мені кешіріп, ардақтылардан еткенін елім білген болса еді!» – деді».
Кіршіксіз таза ықыласымен Аллаһ жолында өлгені үшін оның барша күнәлары жуылды.
Сонда Аллаһ тағаланың әмірімен Жәбірейіл түсіп, бір ғана дауыспен оларды жер бетінен жоқ етіп жіберді. «Кейін оның еліне көктен бір әскер түсірмедік әрі түсіруші де емеспіз. Ол бір ғана дауыс еді. Сонда олар сөніп, жоқ болды. Өздеріне келген елшіні ұдайы мазақ қылған құлдарға нендей өкініш!»
Міне, бұл – елшілерді жалғанға шығарған тағы бір ел тұрғындарының ғибратқа толы қиссасы.
Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Альбидая уа нихая».