×
Иса пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) анасы Мәриям Имранқызы туралы жазылған мақала

    Иса пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) анасы Мәриям Имранқызы туралы қисса

    قصة مريم بنت عمران عليها السلام

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    فريق اللغة الكازاخية بدار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    —™

    МӘРИЯМ ИМРАНҚЫЗЫ

    «(Аллаһ тағала) Мәриям Имранқызын (мүміндер үшін мысалға келтірді)».

    «(Аллаһ тағала) Мәриям Имранқызын (мүміндер үшін мысалға келтірді). Ол абыройын сақтаған еді. Біз оған Өзіміздің рухымыздан үрледік. Ол Раббысының сөздерін және кітаптарын растады әрі бойсұнушылардан болды» («Тахрим» сүресі, 12-аят).

    Мүміндерге үлгі болуы үшін Аллаһ тағала Құранда Мәриямды осылай сипаттаған. Мәриям әлемдегі ең құрметті әйелдерден болды. Оның бұл қасиеттерін айғақтаушы көптеген хадис бар. Аллаһ тағала алдында адамдардың мәртебесі әуелі пайғамбарлар (әл-әнбия), содан соң шыншылдар (әс-сиддиқун), одан соң шәһидтер (әш-шуһада), сосын игі адамдар (әс-салихун) дәрежесіне бөлінеді. Мәриям сол пайғамбарлардан кейінгі шыншылдар дәрежесін иемденді. Мұнымен ол шәһидтерден де жоғары тұрады. Ал Исламда шыншылдар дәрежесін иеленген Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ұлы сахабасы – Әбу Бәкір әс-Сыддық (Аллаһ оған разы болсын).

    Мәриямның әңгімесі анасынан бастау алады. Зәкәрия пайғамбардың кезінде өмір сүрген Мәриямның анасы Бәйтул-Мақдистің ізгі, діндар, тақуа әйелдерінен еді. Сол тұста Зәкәрия (аләйһис-сәләм) Бәйтул-Мақдистің діни істерін басқаратын. Сондай-ақ Мәриямның әкесі де белді дінбасылардан еді. Бұл дінбасылар Зәкәрияның басшылығында Бәйтул-Мақдис мешітінде оңаша ғибадатханада отыратын.

    Сол кездегі қалыптасқан әдет бойынша кейбір адамдар Аллаһқа жақындау ниетімен жаңа туылған ер балаларын Құдай үйінің қызметі үшін Бәйтул-Мақдиске атап нәзір ететін. Мұндай Құдай үйіне нәзір етілген балалар «азат» деп аталатын еді. Яғни бұл балалар жастайынан мешітке беріліп, сонда тәрбиеленіп, ержете келе Бәйтул-Мақдистің қызметінде қалатын және дүниелік істерден біржолата босатылатын. Дәл сол сияқты Мәриямның әңгімесі де оның анасының Бәйтул-Мақдиске бала нәзір етуінен басталады.

    Бәйтул-Мақдисте Мәриямның әкесі Имранның отбасы өте құрметті отбасылардан саналатын.

    Аллаһ тағала: «Шынында, Аллаһ Адамды, Нұхты, Ибраһимнің отбасын және Имранның отбасын әлемдер үшін таңдады» («Әлі Имран» сүресі, 33-аят), – деген.

    Бұл аяттан байқағанымыздай, Имранның отбасы Аллаһ тағала тарабынан бүкіл әлем үшін таңдалып қана қоймай, Адам, Нұх және Ибраһимнің (оларға сәлем болсын) отбасыларымен қатар аталған. Бұл осы отбасының қаншалықты дәрежеге ие екенінің айқын дәлелі емес пе!?.

    Күндердің күнінде Имранның әйелі жүкті болып, құрсағындағы баланы Аллаһ үшін Бәйтул-Мақдиске атайды.

    «Сол кезде Имранның әйелі: «Раббым, мен Саған құрсағымдағыны азат етіп, атадым. Менен қабыл ал, шынында, Сен – Естуші, Білушісің», – деді...» («Әлі Имран» сүресі, 35-аят).

    Ай-күні жетіп босанған ананың көңіліне абыржу түседі. Бұл абыржудың себебі оның қыз босануы еді. Өйткені сол кездегі қалыптасқан әдет бойынша Бәйтул-Мақдиске қыз балалар алынбайтын. Аллаһ үйіне атаған баласының қыз болып туылғанына қынжылған ана қайтадан Раббысына:

    «Раббым, мен оны (Саған атаған нәзірімді) қыз босандым», – деп дұға қылды.

    Бұл тұрғыда Аллаһ тағала: «Аллаһ оның не босанғанын одан жақсырақ біледі», – дейді.

    Бұл Құдай үйіне аталған сәби қыз Мәриям болатын. Ол туылған кезде анасы Аллаһқа:

    «Мен оны Мәриям деп атадым, Өзіңнен оны және оның ұрпағын қуылған шайтаннан (сақтауың үшін) пана сұратамын» («Әлі Имран» сүресі, 36-аят), – деп дұға етті.

    Көптеген риуаятқа қарағанда, шайтан Адамның (аләйһис-сәләм) бүкіл ұрпағын жек көретіндігінен кез келген нәресте туылғанда, оны қолымен нұқиды екен. Міне, осы үшін Мәриямның анасы дүниеге әкелген сәбиі мен келер ұрпағына алаңдап, шайтанның жәбірінен оларға пана сұрап, Раббысына дұға қылған. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылғандай, Мәриям және оның ұлы Иса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) шайтанның нұқуынан аман болған.

    Аллаһ тағала Мәриямның анасының айтқан шағымдарын көркем даналықпен қабыл алып, ер бала мен қыз баланың арасын айырмай, Өз үйі Бәйтул-Мақдисте ер балалармен қатар қыз баланың қызмет етуін жүзеге асырды. Бұл қалай жүзеге асқан еді? Сол ғасырдың ғұламалары бас қосып, «Қыз бала Аллаһ үйінде қызмет ете ала ма?» деген мәселені талқылап, қыз баланың мешітте қызмет етуіне ешқандай кереғарлық таппай, Мәриямды Бәйтул-Мақдиске қабылдауға шешім қабылдады.

    «Оны Раббысы көркем түрде қабылдады және оны көркем түрде бойжеткізді (өсірді)» («Әлі Имран» сүресі, 37-аят).

    Бәйтул-Мақдисте қалыптасқан тәртіп бойынша нәзірге келген әрбір балаға белгілі бір ұстаз кепіл болып, оны өз тәрбиесіне алатын. Кішкентай Мәриям ғибадат үйіне қабылданғанда, оны өз кепіліне алуға ниет білдірген ұстаздар өте көп болады, тіпті оны бәрі де тәрбиелеуге құштарлық танытады. Олардың бұл сәбиге қызығушылығын арттырған нәрсе Мәриямның пайғамбарлармен қатар аталған текті отбасынан шыққандығы еді. Әкесі Имран, анасы да тақуа, діншіл әйелдерден болатын. Ақыр соңында көп талас-тартыстан кейін бір келісімге келе алмаған олар: «Біз бұл ісімізге Аллаһты төреші қылайық», – деп бәрі бір-бір қаламнан алып, өзенге лақтырады. Аллаһ тағала Құранда:

    «(Мұхаммед!) Олар таласып, қайсысы Мәриямды кепілдігіне алу үшін қаламдарын (өзенге) лақтырған кезде сен қастарында болған жоқсың» («Әлі Имран» сүресі, 44-аят), – деген.

    Бұл ұстаздардың арасында Зәкәрия да бар еді. Барлық ұстаздардың қаламы өзен ағысымен кетеді де, жалғыз Зәкәрияның ғана қаламы ағысқа қарсы жүзеді.

    Сөйтіп, Зәкәрия Мәриямға кепіл болып, оны тәрбиесіне алады. Уақыт өте келе Мәриям дүниелік істерден баз кешіп, өзін Тәңірі ғибадатына бағыштап, Аллаһқа жан-тәнімен құлшылық етіп, елге ізгілігімен танылады. Діншіл, ғибадатшыл Мәриямның бойынан кереметтер бой көрсете бастайды.

    Бір күні Зәкәрия қыс мезгілінде Мәриямның бөлмесіне кіргенде оның дастарқанында тұрған жаздық жеміс-жидектерді көреді. Ол уақытта бүгінгідей жеміс-жидектерді сақтаудың алуан тәсілдері және сақтау құралдары болмаған. Тіпті Зәкәрия бұл кереметтің бір емес, бірнеше рет куәсі болады. «Зәкәрия оған (Мәриямға) михрабқа қашан кірсе де, оның алдынан бір ризық-несібе көретін».

    Ал бұл әдеттегі азық емес-ті. Зәкәрия Мәриямнан: «Бұл сенде қайдан пайда болды, ей, Мәриям?!» – деп сұрағанда, ол: «Бұл – Аллаһтан», – деп жауап береді. Аллаһ тағаланың сол әйелге көрсеткен құрметі сондай, тіпті оған періштелер Раббысының алдынан ризық әкелетін. Иә, «Аллаһ қалаған пендесіне есепсіз ризық береді» («Әлі Имран» сүресі, 37-аят);

    «Кім Аллаһтан қорықса, (Аллаһ) оған шығар жол береді және оны өзі ойламаған жерден ризықтандырады» («Талақ» сүресі, 2-3 аяттар).

    Мәриямды тәрбиелеп өсірген Зәкәрия оның бойындағы осыншалықты қасиеттерді көріп, көңілі ауып, өзі де бір бала сүйгісі келеді. Бұл кезде ұлы Яхия (оған Аллаһтың сәлемі болсын) әлі туылмаған еді. Ол Аллаһтан Мәриямдай ізгі ұрпақ сұрап: «Раббым, маған алдыңнан бір ізгі ұрпақ бер. Сен – дұғаларды Естушісің», – деп дұға-тілек жасайды. Оның дұғасы Жомарт Аллаһ тағала тарабынан қабыл алынып, Зәкәрия ұлы Яхиямен сүйіншіленді.

    Ал Мәриямға келсек, ол Бәйтул-Мақдистің шығыс жағынан адамдардан оңаша бір орын алып, барған сайын Аллаһ тағаланың ғибадатында тереңдей береді. Осындай пәк құлшылық-ғибадатпен жүрген Мәриямның он бес жыл өмірі артта қалады. Осы он бес жасында оның өмірінде бір ұлы оқиға орын алады.

    Ол дүниеге пайғамбарлардың ұлы бестігінің ішіне кіретін Аллаһтың елшісі – Исаның дүниеге келуі еді. Бұл ұлы қиссаны Аллаһ тағала біздерге Қияметке дейін мәңгілік үлгі етіп қалдыру үшін Өзінің ұлы кітабы Құранда келтірді. Ол бұл қиссаға кітабында өз алдына бір сүре арнады. Ол – «Мәриям» сүресі.

    Бір күні Аллаһтың бұйрығымен Мәриямның алдына адам бейнесіндегі Жәбірейіл (оған Аллаһтың сәлемі болсын) келеді. Оның періште екенінен Мәриям бейхабар еді. Үстіне бейсауат кіріп келген ер адамнан сескеніп қалған Мәриям:

    – Егер тақуа болсаң, сенен Рахманнан (Аллаһтан) пана сұраймын, – дейді.

    Өйткені Мәриямның бөлмесіне ұстазы Зәкәрия мен оны-мұны қызметін атқаратын немере ағасы Юсуф Нажжардан басқа ешкім бас сұқпайтын. Сол кезде Жәбірейіл:

    – Мен – сенің Раббыңның елшісімін, саған бір пәк бала беру үшін келдім, – деп тіл қатады.

    Оның бұл айтқанына Мәриям таңғалып:

    – Мен еркекке жақындаспасам не әлдебір бұзықтық істемесем, менде бала қайдан болсын?! – дегенде, Жәбірейіл:

    – Раббың осылай деді: «Ол Маған жеңіл және Біз оны адамдарға аят-ғибрат әрі Өзімізден бір мейірім етеміз» деген Аллаһ тағаланың сәлемін жеткізеді. Сөйтіп, Жәбірейіл Мәриямның омырауына дем үрлейді. Кеуде қуысынан кірген дем жатырға еніп, Мәриям бала көтереді.

    Кейбір риуаяттарда хабар етілуінше, Юсуф Нажжар Мәриямның бойынан жүктіліктің белгісін байқап: «Бұл қалай?!» – деп таңырқайды. Әрине, ол Мәриямның қандай тәрбиедегі қыз екенін және оның алдына өзі мен Зәкәриядан басқа ешкімнің кірмейтінін жақсы білетін. Күдігі көңіліне сыймаған Юсуф ақыры Мәриямға:

    – Мен бұл ойымды қаншама ішіме сақтап, тұншықтырғым келсе де, шыдай алмадым. Маған мынаны айтшы: егін тұқымсыз өсіп-өне ме? – дейді. Мәриям:

    – Иә, – дейді. Юсуф қайтадан:

    – Ағаш көшетсіз өсе ме?

    – Иә. Ол сонда да тықақтап:

    – Бала еркексіз пайда бола ма? – деп сұрақты төтесінен қояды. Мәриям:

    – Иә, сен білмеуші ме едің, Аллаһ тағала алғаш өсімдікті жаратқан кезде тұқымсыз жаратты емес пе? Ал ағашты алғаш жаратқан кезде көшетсіз өсірді емес пе? Сондай-ақ Ол Адамды топырақтан жаратқан жоқ па? Ол бір нәрсені жаратуды қаласа, оған тек «Бол!» деп әмір береді, – дейді.

    Сол кезде Юсуф Нажжар Мәриямның жүктілігі Аллаһтан келген нәрсе екенін түсінеді.

    Мәриям мен Юсуф Нажжардың арасында болған бұл әңгіменің сенімділігіне бізде нақты дәлел жоқ. Бірақ ой жүгірткен адамға мұнда ғибрат аларлық өнеге жеткілікті.

    Ай-күні жақындаған сайын Мәриям бойындағы баланы айналасындағы адамдарға қалай түсіндіруді білмей қатты сасады.

    Әбден сарсаңға түскен ол баланы елсіз бір жерге барып босануға шешім қабылдайды. Адам көзінен аулақ жерге жеке шыққанда оның толғағы басталады. Толғақ азабы оны қурап қалған бір құрма ағашының түбіне алып келеді. Толғатып жатып оның ойы сан-саққа жүгіреді. Мәселе ар-ождан, намыс, абыройға тіреліп, «Адамдар бұған не айтады?..» деген сұрақтан өзге ойына ештеңе келмейді.

    Аллаһқа бойсұнып, Оған иман келтірген мүмін әйелде ар-намыс мәселесі бәрінен де биік тұрады. Ал қазіргі «бүкіл әлем әйелдеріне үлгі-сымақ болып отырған» Батыс әйелдері мен оларға еліктеушілерді бұл мәселе аса толғандыра қоймайды. Ал мұсылман әйел үшін (Абай айтқандай) жаны – арының садағасы. Бұл сезім бойында бар әйел Мәриям анамыздың толғатып жатып қандай күйде болғанын жақсы түсінбек.

    Тән азабы мен жан азабын қатар тартқан Мәриям:

    «Мен бұл болмай жатып өліп кеткенімде еді, атым өшіп ұмыт болғанымда ғой», – деген ойға барады. Осылай көп азаптанған Мәриям ана адамзат тарихындағы ұлы пайғамбарлардың бірі – Исаны дүниеге әкеледі.

    Елсіз далада жападан-жалғыз босанған Мәриям қатты әлсіреп қалған-ды. Сол кезде оған:

    «Қайғырма, Раббың астыңнан бір ағын су әкелді», – деген үн жетеді.

    Бұл үн нәресте Исадан ба, жоқ әлде періштеден бе, ол жағы Аллаһқа ғана аян.

    Мәриям ол судан ішіп әл жинағанда қайтадан: «Құрманың діңін сілкі. Саған жас піскен құрма түседі», – деген үн тағы естіледі.

    Назар аударыңыз! Мәриям түбіне отырған әлдеқашан қурап қалған құрма ағашы-тұғын. Оны қанша сілкісе де, құрма түспейтіні белгілі. Енді оны сілкудің қажеті қанша?! Әрине, жоқтан бар етуші Аллаһ тағала барлық нәрсеге Құдіретті, Ол ешқандай сілкудің қажетінсіз-ақ құрма түсіреді. Бірақ Ол пенденің азғана болса да қарап отырмай, әрекет етуін талап етеді, тіпті ол әрекет мүлдем нәтиже бермесе де. Мақсатқа жету жолындағы пенденің әрекеті – оған жүктелген міндеттердің бірі және бұл – дініміздің ұстанымы. Сол үшін де Аллаһ тағала өзі жаңадан босанып, әлсіреп жатқан әйелге сол ағашты сілкуді бұйырды, бұл – осы ұлы әйелдердің тарихымен танысып жатқан біздерге мәңгілік үлгі.

    Сондай-ақ Аллаһ тағала Мәриямға мынадай нұсқау берді:

    «Одан же, іш, тоятта. Қорықпа, егер бір адам баласын көрсең, «Мен Рахман үшін ораза ұстауды нәзір еттім. Бүгін ешбір адаммен тілдеспеймін» де».

    Бұл аяттағы «Мен Рахман үшін ораза ұстауды нәзір еттім. Бүгін ешбір адаммен тілдеспеймін» дегенді қалай түсінеміз? Ол замандағы оразаның бүгінгі Исламдағы оразадан ерекшелігі сөз сөйлеуден де тыйылу еді. Бұл олардың шариғатына тән. Ал біздің шариғатымыз да сөзден тыйылатын оразаға тыйым салынған. Бұған дәлел: Бірде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) күн астында тұрған кісіні көріп адамдардан: «Бұл кім?» – деп сұрайды. Адамдар оған: «Бұл – Әбу Исраил, ол отырмай, көлеңкелемей және сөйлемей ораза тұтуға ниет еткен», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға:

    «Оған айтыңдар: отырсын, көлеңкеге барсын, сөйлей берсін және оразасын аяғына жеткізсін» (Әл-Бұхари, Әймән уән-нузур: 31), – деген. Демек, оразаның мұндай түрі біздің дінімізде ғибадат болып саналмайды.

    Тағы бір ойлануды қажет ететін жайт, бұл аятта Аллаһ тағала Мәриямға: «...«ешбір адаммен тілдеспеймін» де» деген сөзді айтуды бұйырды. Енді ауыз бекітіп, ешкіммен тілдеспеуге ниет еткен адам қалай айтады?! Бұл жерде Аллаһ тағала адам баласының ойына түрткі салып тұр. Ойды жеткізудің жалғыз құралы тіл емес, оны ыммен, ишарамен де жеткізуге болады.

    Бір-бірінің артын ала келген уахилардан кейін Мәриямның көңілі тынышталып, ерік-жігерін жинақтап, нәрестесін алып Бәйтул-Мақдиске келеді. Оны көрген бетте адамдар өзара: «Мәриям?.. Баламен бе?..» деп сыпсыңдаса бастайды. Оларға осыншалықты діндарлығымен танылған Мәриямның жасырын босанып келуі тосын жағдай еді. Адамдар оның айналасына жиналып қалады да:

    – «Ей, Мәриям! Сен бір аса ауыр (күнәлі) нәрсемен келіп тұрсың ғой?! Ей, Һарунның қарындасы! Сенің әкең жаман кісі емес еді, шешең де арсыз емес-ті», – деседі.

    Бұл жерде «Һарунның қарындасы» деулерінде Һарун пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) мақсат тұтылып отырған жоқ. Бір риуаяттар Һарун Мәриямның ағасы десе, бір деректерде адамдар Мәриямды Һарун пайғамбарға қатты ұқсатып, оны «Һарунның қарындасы» деп атаған делінеді, ақиқаты Аллаһқа аян.

    Сөйтіп, он бес-он алты жас аралығындағы жас қыз елінің алдында осындай ауыр жағдайда тұрды. Аллаһ тағаланың оған тіл қатпауын бұйыруының төркінінде аса Дана Аллаһтың тағы бір даналығы бар еді. Өйткені жел сөзге беріліп, өсекті өршітуге дайын тұрған адамдарға сөзбен ештеңе түсіндіру мүмкін емес, ең дұрысы – үндемеу. Мәриям оларға ешқандай жауап қатпай, қолындағы сәбиді меңзейді. Адамдар: «Біз құндақтағы кішкентай нәрестемен қалай сөйлесеміз?» – дейді, сол тұста нәресте тілге келіп:

    «Расында, мен – Аллаһтың құлымын. Ол маған Кітап берді және мені пайғамбар етті. Ол мені қайда болсам да құтты қылып, тірі жүргенімде намаз бен зекетті өсиет етті. (Сондай-ақ мені) анама мейірімді етіп, зорлықшыл, бақытсыз қылмады. Маған туылған күнімде, өлер күнімде және қайта тірілер күнімде (Аллаһтан) амандық болсын», – дейді.

    Міне, Жаратушы Аллаһтың мұғжизасы! Жөргектегі нәресте ақида, иман, ғибадат, әдеп мәселелерінде теңдессіз сөздер айтқан.

    Ол адамзат бейбітшілігі үшін жіберілген-ді. Аллаһтың қай пайғамбары болсын оның жіберілуіндегі мақсат – бейбітшілік.

    Бұл нәресте Мәриямұлы Иса болатын. Адамзат тарихындағы ең ұлы пайғамбарлардың бірі «Мәриямұлы Иса» деп анасының атына телінді. Бірақ адамдар бұл жайында әртүрлі көзқарасқа бөлінді: біреулер оны «Аллаһтың ұлы» десе, біреулер «Аллаһтың Өзі», ал енді біреулер «қасиетті үштіктің бірі» деп шатасты.

    Көпшілік алдында нәресте осы сөздерді айтқаннан кейін бұған біреулер сенеді, ал біреулер сенбей: «Бұл – сиқыр шығар» деп күмән келтіріп: «Жөргектегі бала бізге қалай пайғамбар болады?» – деп шуласады. Дау-дамай ушығып бара жатқан соң, баласына әлдебір қатер келе ме деп қауіптенген Мәриям Исаны алып Бәйтул-Мақдисті тастап шығып кетеді. Оның Бәйтул-Мақдистен шығып қайда бет алғаны туралы риуаяттар да әртүрлі. Бір риуаяттарда Бәйтул-Лахмға кетті десе, бір риуаяттарда Мысырға кеткені туралы айтылады.

    Ойын баласы кезінде-ақ Исаның бойында мұғжизалар бой көрсетіп жатты. Ол жанындағы балаларға үйлерінде не бар, не жоқ, түрлі тәттілерді шешелерінің қайда тыққанын, бүгін тамаққа не жейтіндерін айтып беретін. Есейе келе Аллаһ тағала ол арқылы ұлы мұғжизаларын көрсете бастады. Ол мұғжизалардың бірі – өлгенді тірілту. Бұл жайлы риуаяттар көп. Бірде бір бала қастандықтың құрбаны болып, оның өліміне Иса айыпталғанда, ол адамдарға: «Маған оның үйіндегілерді және өлген баланы алып келіңдер», – дейді. Адамдар таңғала жүріп оның айтқанын орындайды. Бәрі әзір болғаннан кейін Иса өлген баланы қолымен нұсқайды. Сол кезде бала орнынан тұрып: «Мені өлтірген мынау», – деп өзін өлтірген кісіні көрсетіп, қайта өлі қалпына түседі. Дегенмен бұл риуаяттың растығына толық сенімділік жоқ, бірақ Исаның Аллаһтың құдіретімен өлілерді тірілтетін болғандығы күмәнсіз. Ол балшықтан құстың мүсінін жасап дем үрлесе, оған жан бітіп ұшып кететін болған.

    Аллаһтың орасан ғажайып мұғжизаларын арқалаған, әлемдер Раббысының ұлы міндеті жүктелген Исаны адамзат тарихындағы ең абзал әйелдердің бірі Мәриям жалғыз өзі тәрбиелеп өсірді. Ол әрдайым сүйікті ұлының қасынан табылып, оған сүйеніш, демеу болды. Иса көкке көтерілгенде, анасы Мәриям тірі еді. Ол яһудилердің «Исаны өлтірдік» дегендеріне нанған жоқ және осы сенімде өмірінің соңына дейін өзінің Ұлы Раббысына құлшылық етумен өткен.

    Аллаһ тағала Мәриям анамызға сәлем жолдап, оны Қияметке дейін әлем әйелдеріне үлгі-өнеге етсін!