×
Салих пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) туралы жазылған мақала

    Салих пайғамбар

    (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы

    قصة نبي الله صالح عليه السلام

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    —™

    Салих пайғамбар

    (оған Аллаһтың сәлемі болсын)

    Самуд қауымы

    Күндер өте адамзатты ешқашан тыныш қоймайтын лағынет Ібілістің азғыруымен адамдар қайта күпірлікке бет бұрды. Сол уақытта тағы бір ұлы пайғамбар келді. Ол Салих еді. Салих – арабтан шыққан пайғамбар. Оның ата-тегі: Салих ибн Ғубайд ибн Мәсих ибн Ғубайд ибн Хадир ибн Самуд ибн Асир ибн Ирам ибн Сам ибн Нұх болып өрбиді.

    Салих самуд тайпасынан шықты. Ал самудтар ол кезеңде Хижр деп аталатын жерді мекендейтін. Құран Кәрімдегі бір сүренің аты осылай аталады. «Һуд», «Хижр» және «Ахқаф» сүрелерінде осы қауымдар және оларға қатысты уақиғалар туралы әңгімеленеді. Құран Кәрімде бұл жөнінде:

    «Расында, хижрлықтар пайғамбарларды жалғанға шығарды. Біз оларға мұғжизаларымызды келтірдік. Алайда олар одан бет бұрды. Олар таулардан биік үйлер үңгіп алатын еді» (Хижр сүресі, 80-82 аяттар), – делінген.

    Олар өздеріне таулардан үй жасады. Аллаһ тағала:

    «Сондай-ақ жазықтарда жартастарды ойған самуд еліне...» (Фәжр сүресі, 9-аят);

    «Сондай-ақ ад және самуд (елі). Сендерге олардың мекендері анық болды» (Анкабут сүресі, 38-аят), – дейді.

    Құранда олардың тауларды қалай қашап үйлер соққаны баяндалған. Бұл – керемет шеберлік пен үлкен күш-қуаттың белгісі. Аллаһ тағала:

    «Естеріңе алыңдар! Сол уақытта Адтан кейін сендерді олардың орынбасары қылып, жер жүзіне орналастырды. Жазықтарынан сарайлар тұрғызып, тауларды үңгіп үйлер жасайтын едіңдер. Сондықтан Аллаһтың нығметтерін естеріңе алыңдар да, жер жүзінде бүліншілік қылмаңдар» (Ағраф сүресі, 74-аят), – деген.

    Яғни олар ад тайпасының өркениетін жалғастырды. Аллаһ тағала ад қауымына берген сияқты оларды да мол нығметтерге бөледі. Олар енді ад тайпасымен өткен уақиғадан ғибрат алса болар еді. Аллаһ тағала:

    «Сендер осындағылардың арасында қауіпсіз күйде қалдырыласыңдар ма, бақтарда және бұлақтарда, егіндерде және қауашағы нәзік құрма ағаштарында. Әрі таулардан шеберлікпен үйлер қашап аласыңдар. Аллаһтан қорқыңдар және маған бағыныңдар. Шектен шығушылардың бұйрығына бағынбаңдар – жер бетінде бұзушылық жасап, түзетушілік етпейтіндердің (бұйрығына)» (Шұғара сүресі, 146-152 аяттар), – деп айтқан.

    Яғни олар да Ад секілді көптеген нығметтердің иесі атанды. Тегіс жерлерге сарайлар соғып, таулардан үйлер қашады. Аллаһ тағала оларды сынап, енді Адтың басынан өткен нәрседен үлгі алар деп мұрсат берді. Алайда олар осының бәрінен ғибрат та, сабақ та алмай, Аллаһқа қарсы шығып, пұттарға табынды. Сонда Аллаһ тағала оларға өздерінің арасынан туыстары Салихты жіберді.

    Салихтың дағуаты

    Ол пайғамбарлықтан бұрын өте ақылды, дана, ғұлама кісі болатын әрі ең бір беделді отбасынан шыққан-ды. Халқы одан ақыл-кеңес алатын, оған жақын болуды қалайтын. Алайда Салих олардан иманға келуді, жалғыз Аллаһқа сыйынуды талап еткенде, олар бас тартып:

    «Ей, Салих! Сен бұдан бұрын арамызда үміт артылған (кісі) едің. Аталарымыздың табынғанына табынудан бізді тыясың ба? Расында, сенің бізді шақырған нәрсеңе күдіктіміз әрі күмәндіміз», – деді» (Һуд сүресі, 62-аят).

    Бірақ Салих оларды шақыруды жалғастырды және оларға:

    «Ей, елім! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа ешбір құдайларың жоқ. Ол сендерді жерден жаратып әрі онда өмір сүргізді. Ендеше, Одан кешірім тілеңдер және Оған тәубе қылыңдар. Күдіксіз, Раббым – Жақын, тілекті Қабылдаушы», – деді» (Һуд сүресі, 61-аят).

    Сонымен қатар: «Аллаһтан қорқыңдар және маған бағыныңдар. Шектен шығушылардың бұйрығына бағынбаңдар – жер бетінде бұзушылық жасап, түзетушілік етпейтіндердің (бұйрығына)» (Шұғара сүресі, 150-152 аяттар);

    «Ей, елім! Сендер неге жақсылықтан бұрын жамандықтың тез болуын сұрайсыңдар? Өздеріңе мейірім етілуі үшін Аллаһтан кешірім тілемейсіңдер ме?» (Нәмл сүресі, 46-аят), – деді.

    Һуд өз тайпасы – адты ескерткеніндей, Салих та қауымына уағыз айтып, нұсқау жасады. Бірақ олар Ад қауымы секілді бас тартып, қарсы шықты және:

    «Ескерту біздің арамыздан соған түсірілді ме? Негізінде, ол – дандайсыған өтірікші» (Қамар сүресі, 25-аят), – деді.

    «Шынында, сен сиқырланғандардың бірісің», – десті» (Шұғара сүресі, 153-аят).

    Содан кейін Салихқа иман келтіргендерге барып: «Сендер Салихты өз Раббысынан жіберілген деп білесіңдер ме?» – деді. Олар: «Ақиқатында, біз онымен жіберілгенге иман келтіреміз», – деді. Өздерін жоғары санағандар: «Ал, біз сендер иман келтіргенге сенбейміз», – деді» (Ағраф сүресі, 75-76 аяттар).

    Яғни сендер иман келтірген нәрселердің барлығын жоққа шығарамыз.

    Бірақ Салих пайғамбар қауымын тура жолға шақыруды бір сәтке де доғармады. Мұның соңы оны елінің қуғынға ұшыратуына әкеліп соқты. Сонда олар:

    «Біз сені және сенімен бірге болғандарды кесірлі деп санаймыз» (Нәмл сүресі, 47-аят), – деді.

    Яғни «біздің сені көргіміз келмейді. Сен басымызға пәле болдың. Бізден аулақ жүр» деді. Сонда Салих:

    «Кесір деп санағандарың Аллаһтан. Негізінде сендер сынақ етіліп жатқан елсіңдер» (Нәмл сүресі, 47-аят), – деді.

    Сонымен, олардың арасындағы жағдай ашық дұшпандыққа айналды. Олар Салихпен әңгімелесуден бас тартып, оны жамандық әкеледі деп есептеді. Ал Салих елін күтіп тұрған азаппен қорқытты. Оларға: «Ей, халқым! Айтыңдаршы, егер мен Раббымнан анық дәлелде болсам және Ол Өзінен маған бір мейірім еткен болса да, мен Оған қарсы келсем, сонда Аллаһтан мені кім қорғайды? Сонда сендер маған зияннан басқаны арттырмайсыңдар» (Һуд сүресі, 63-аят), – деді.

    Яғни ойланыңдаршы, мен – хақ пайғамбармын. Ал сендер мені күнә істеуге итермелейсіңдер. Егер мен Оған қарсы шықсам, онда мен де, сендер де – барлығымыз зиян көреміз.

    Сонда олар оған қарсы шығып:

    «Сен – біз тәрізді адам ғанасың. Егер шыншылдардан болсаң, бір белгі әкел» (Шұғара сүресі, 154-аят), – деп айтты.

    Аруана мұғжизасы

    Қауымы Салихқа біздің саған ілесуімізді қаласаң, бізге бір дәлел келтір деп шарттарын қоя бастады. Олар: «Біз кез келген белгіні қабылдамаймыз, оны өзіміз таңдаймыз. Мына үлкен жартастың көз алдымызда жарылып, соның ішінен түйе шығуын қалаймыз», – деді. Сонымен, елдің беткетұтарлары оған күліп, әжуалай бастады. Олардың бірі: «Ол он айлық буаз болу керек», – десе, бірі: «Оның түсі қызыл болсын», – деді. Ал біреуі: «Оның жүні қалың болсын», – деді. Басқа біреуі: «Ол өмірімізде көрмеген өте алып түйе болсын», – десе, тағы біреуі: «Оның үлкендігі сондай құдықтан бір күні ол, ал екінші күні біз ішетіндей болайық», – деп шарт қойды. Сонда Салих оларға: «Егер осы белгілер келсе, сендер иман келтіресіңдер ме?» – деді. Олар: «Иә», – десті. Салих: «Адамдарды жинаңдар», – деді.

    Сөйтіп, олар уәделескен күні жиналды. Сол уақытта Салих Раббысына дұға қылды. Сол кезде жер сілкініп, көз алдарында жартас қақ жарылды және оның ішінен олар өмірінде көрмеген өте алып түйе шықты. Бәлкім, ол тарихтағы ең алып түйе шығар. Ол бір ауылға жететін суды жалғыз өзі ішетін-ді. Сондай-ақ ішінде он айлық ботасы бар еді. Яғни өздері сұранған сипаттағы түйе болды. Сонда Аллаһ тағаланың әмірін жеткізіп Салих:

    «Ей, халқым! Мынау – Аллаһтың аруанасы, сендерге бір мұғжиза. Оны жайына қалдырыңдар, Аллаһтың жерінде жайылсын. Оған жамандық тигізбеңдер. Онда (олай істесеңдер), сендерді жуықта бір азап қолға алады» (Һуд сүресі, 64-аят), – деді.

    Сондай-ақ Салих оларға шарт қойып:

    «Міне, бір – аруана. Су кезегі бір күні оныкі де, бір белгілі күн сендердікі. Оған жамандықпен соқтықпаңдар. Онда сендерді ұлы күннің азабы қолға алады», – деді» (Шұғара сүресі, 155-156 аяттар).

    Аллаһ тағала: «Біз оларға сынақ ретінде түйені жібереміз. Сен олардың не істейтіндерін күт және сабыр ет. Оларға су араларында бөлінгенін, әрбір су кезегінің келетінін хабарла» (Қамар сүресі, 27-28 аяттар), – деген.

    Салих оларды «түйеге жауыздық істемеңдер және оны судан тыймаңдар» деп қайта-қайта ескертіп: «Аллаһтың түйесіне әрі оның суына (килікпеңдер)» (Шәмс сүресі, 13-аят), – деді.

    Адамдар бұл мұғжиза-белгіні көрген сәтте екіге бөлінді. Олардың азғанасы ғана иман келтіріп, Салихқа ілесті. Бірақ олардың көбісі бұл мұғжизаны өз көздерімен көре тұра, мойындамады және Аллаһ тағала айтқандай, Оның мұғжизасына қатысты ынсап көрсетпей, зұлымдық қылды. Аллаһ тағала:

    «Оларға мұғжизаларымызды келтірдік. Алайда олар одан бет бұрды» (Хижр сүресі, 81-аят);

    «Самуд еліне көрнеу түрде аруана жібердік. Бірақ олар оған зұлымдық қылып, өлтірді» (Исра сүресі, 59-аят), – деп айтқан.

    Олар бұл мұғжизаны көздерімен көре тұра, оған зұлымдық жасады. Бұл шүбәсіз айқын дәлел болатын. Мұны біреулер тіпті сиқыр деп айтудан да тайынбады. Алайда түйе олардың арасында жүрді. Құдықтан бір күні ол, ал екінші күні адамдар су ішетін де, келесі күнге қажет мөлшерде су алып қоятын. Олар оны сауып, сүтін ішетін. Сүті бүкіл ауылға жететін. Бірде түйе олардың көз алдында бошалап, ботасы да құдды өзіндей болып туылды. Мұны көрген олар таң-тамаша болысты. Бұл жерде күмәнданатындай сиқырдың ешқандай белгісі жоқ еді. Бұл бір сәттік сиқырдың бұлдыр елестері емес, ап-айқын мұғжиза болатын. Түйе олардың арасында ұзақ уақыт өмір сүрді. Олар бұл мұғжизаны көріп, әрдайым таңырқайтын. Бірақ басым көпшілігі мұны мойындамай, сол баяғы қасарысқан кәпір күйлерінде қала берді.

    Сонда халық жиналып, бас қосып ақылдасты. Олар: «Адамдар бізді тастап, Салихқа еріп кете ме деп қорқамыз. Оның үстіне, бұл түйе бізге пәле болды, суға бара алмай, мына түйені күні бойы күтіп тұруымыз керек және оның алып денесінен жануарларымыз үркіп қашады. Ол бізге зиянын тигізуде. Одан құтылайық», – десті. Сөйтіп, оны өлтіру үшін араларынан біреуді таңдады. Тарихшылар оны Құдар ибн Салиф ибн Жундуғ деген кісі еді деп айтады. Олар сол Құдарды шақырып, онымен түйені өлтіру жөнінде сөз байласты. Бұл жайында Құранда: «Сонда олар жолдастарын шақырды да, (ол түйені) өлтірді» (Қамар сүресі, 29-аят), – делінген.

    Абдуллаһ ибн Зәмға жеткізген хадисте Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) осы Құдар туралы айтылған «Олардың ең сорлысы шыққан кезде» (Шәмс сүресі, 12-аят) аятын түсіндіріп: «(Түйені өлтіруге) орталарынан бір абыройлы, көсем де, беделді кісі шықты»( Хадисті әл-Бұхари, Муслим және Ахмад жеткізген), – деген.

    Құдар өзінің бір серігімен түйені өлтіруге келісті. Сонымен қоса олардың бірге арақ ішіп, бұзықшылық жасайтын бір топ достары және бар еді. Олар тоғыз кісі еді. Әлгі Құдар олармен бірге түйені қалай өлтіруді ақылдасты. Барлығы да Құдарға көмектесуге уәде етті. Сосын олар иман келтірмеген адамдармен кеңесті, олардың бәрі де түйені өлтіруге келісімдерін берді. Сол тоғыз кісі туралы Құранда:

    «Қалада жер бетінде бұзушылық жасап, түзетушілік етпейтін тоғыз кісі бар еді» (Нәмл сүресі, 48-аят), – деп айтылады.

    Сонымен, әлгі тоғызы жолда түйені аңдып тұрды. Түйе олардың қасына келгенде, Құдар оған шабуыл жасауды бұйырды. Олар түйеге өлтірмек болып жақындағанда оның алыптығынан қорқып қашты. Сонда Құдар оларды әжуалап, оған өзі барып, оның аяғынан ұрды және сирағын сындырды. Түйе жерге құлап түсті. Аллаһ тағала бұл жауыздық туралы Құранда:

    «Сонда олар жолдастарын шақырды да, (ол түйені) өлтірді» (Қамар сүресі, 29-аят);

    «Олар оны жалғанға шығарып, (түйені) өлтірді. Сонда Раббылары оларға күнәларының салдарынан апат жіберіп, жермен-жексен қылды. Аллаһ оның соңынан қорықпайды» (Шәмс сүресі, 14-15 аяттар);

    «Сөйтіп олар түйені өлтіріп, Раббыларының әміріне (бағынбай) шектен шықты. Кейін: «Ей, Салих! Егер елшілерден болсаң, бізге уәде етіп жүргеніңді келтір!», – деді» (Ағраф сүресі, 77-аят), – делінген.

    Сөйтіп, олар Салихты ашық майданға шақырып, түйені өлтірді. Аруананы ұрып құлатқан кезде ботасы тауға қашып кетті. Олар ботаның артынан қуып барғанда, қасиетті жануар сол жерде үш рет қатты боздады да, ғайып болды.

    Осы оқиғадан кейін ауыл тұрғындары түйені сойып, етін жеу үшін жиналды. Бұл жауыздыққа олардың барлығы қатысты. Тек иман келтірген кісілер ғана бұдан бас тартты. Бұл туралы хабар Салихқа жетті. Ол асыға келсе, қауымы түйені жайратып салып, оны боршалап жатыр екен. Сонда Салих:

    «Мекендеріңде үш күн бойы жасай тұрыңдар. Бұл жалғансыз бір уәде» (Һуд сүресі, 65-аят), – деді.

    Яғни бұл жерде Салих сол күнді санамағанда үш күннен кейін бәрінің де түгелімен құритындарын ескертті.

    Самуд қауымына келген азап

    Сол уақытта адамдар жиналып, Салихтың өздеріне айтқан ескертуі жайлы сөйлесті. Содан соң олар Салихты да өлтірмекші болды және осы туралы бір-бірімен ақылдаса бастады. Аллаһ тағала:

    «Қалада жер бетінде бұзушылық жасап, түзетушілік етпейтін тоғыз кісі бар еді. Олар: «Бір-біріңе Аллаһпен ант етіңдер, оған және үй-ішіне шабуыл жасаймыз. Содан кейін (кегін даулаған) туысына: «Біз оның үй-ішінің өлтірілуіне қатысқан жоқпыз. Біз шын айтып тұрмыз», – деп айтамыз», – деді» (Нәмл сүресі, 48-49 аяттар), – деген.

    Енді олар Салихты іс жүзінде өлтіруге әзірленді. Бұл іс те әлгі тоғыз кісіге тапсырылды. Сөйтіп, олар Салихтың үйін бұзып, оны және оған ілескендерді өлтіруге аттанды. Бұл оқиға Құранда:

    «Олар айла-шарғы жасады, сонда Біз олардың айла-шарғысын сезбеген халдерінде өздеріне қайтардық. Олардың айла-шарғысының соңы қалай болғанын қара: Біз оларды және елдерінің барлығын жойдық» (Нәмл сүресі, 50-51 аяттар), – деп берілген.

    Алғашқы пәлекет сол тоғыз адамның басына түсті. Жер сілкініп, жартастар домалап, оларды жаншып өлтірді. Сосын барып Аллаһтың азабы басталды. Аллаһ тағала Салихты өлтіруді қалаған дұшпандардың көзін жойған күні Салих өзімен бірге ізбасарларын алып, Хижрды тастап шығып кеткен болатын. Ертеңіне адамдар таң атқан уақытта таңғажайып бір көріністің куәсі болды. Самуд қауымының түгелдей жүздері сарғайып кеткен еді. Сонда олар жылай бастады. Өйткені бұл ескертудің алғашқы белгісі еді. Келесі күні олардың жүздері қызарып кетті. Үшінші күні олардың жүздері қап-қара түске енді. Сонда олар ойбай салып, айқайлап жылап, өздеріне көр қаза бастады. Олар сонда ғана барып пәлекеттің растығын және одан қашудың жолы жоқ екендігін түсінді.

    Сол уақытта оларға Аллаһтың азабы келді. Ол ад қауымына келген дауыл яки Нұхтың еліне келген топан су секілді емес-ті. Бұл жаза алуан түрлі болды. Өйткені оларға өздерінің шарттарына сай мұғжиза-белгі берілді, ал олар соған қарамастан қарсы шықты.

    Әуелі қатты жер сілкініп, олар құлап, орындарынан тұра алмай қалды. Сосын аспан күркіреп, үстеріне найзағай түсті. Бұл азаптың соңы олардың түбіне жеткен ащы айқаймен аяқталды. Бұл ащы дауыс оларды түгелдей жойып жіберді. Аллаһ тағала:

    «Сонда оларды бір сілкініс қолға алды да, үйлерінде етпеттеген бойларында қалды» (Ағраф сүресі, 78-аят);

    «Самуд (елінде ғибрат бар). Сол уақытта оларға «Бір мерзімге дейін пайдалана тұрыңдар» делінді. Сонда олар Раббыларының әміріне қарсы келді. Сондықтан оларды қарап тұрғандарында найзағай қолға алды. Сонда олардың тұруға да шамалары келмеді әрі жәрдем де көрмеді» (Зәрият сүресі, 43-45 аяттар);

    «Зұлымдық істегендерді ащы дауыс алып, олар өз үйлерінде етпеттерінен түсті. Тіпті олар ол жерде отырмаған сияқты болды» (Һуд сүресі, 67-68 аяттар);

    «Расында, оларға қатты бір дауыс жібердік те, олар шарбақ қораның үгітіндісі сияқты болып қалды» (Қамар сүресі, 31-аят), – деген.

    Аллаһ тағала олардың барлығын жер бетінен жойды. Ал Салих пен онымен бірге иман келтіргендерді бұл апаттан құтқарды. Аллаһ тағала:

    «Әміріміз келген кезде Өз мейірімізбен Салихты және онымен бірге иман келтіргендерді құтқардық. Сондай-ақ сол күннің қорлығынан да (құтқардық). Күдіксіз, Раббың, Ол өте Күшті, аса Үстем» (Һуд сүресі, 66-аят), – деп айтқан.

    Олардың тарихи қалдықтары әлі күнге дейін сақталған. Мәдина қаласынан солтүстік-батысқа қарай 380 шақырым қашықтықта орналасқан Мәдәин Салих деген жерден олардың үйлерінің орнын көруге болады. Аллаһ тағала:

    «Міне, олардың зұлымдықтары себепті бұзылған үйлері білген елге бір ғибрат» (Нәмл сүресі, 52-аят), – деген.

    Бұл қиссаның шындығына ешкім шүбәланбауы үшін және одан мүміндердің ғибрат алуы үшін Аллаһ тағала олардың үйлерінің белгілерін қазіргі күнге дейін сақтаған.

    Сол бір апаттан кейін Салих бұл жерден көшіп кетті. Аллаһ тағала:

    «Сонда (Салих) олардан жүз бұрып: «Ей, елім! Расында, мен сендерге Раббымның тапсырмасын жеткіздім және насихат айттым. Бірақ сендер насихат айтушыларды жақсы көрмейсіңдер», – деді» (Ағраф сүресі, 79-аят), – деп айтқан.

    Сонымен, Салих мүміндерді ертіп, қасиетті Палестина жеріне қоныс аударды. Ол Рамлә деген жерде тұрып, сол жерде қайтыс болды.

    Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеті

    Абдуллаһ ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Табук жорығына бара жатып жолай Хижрға, самуд қауымының үйлерінің жанына түскен. Сонда кейбір сахабалар барып, самуд қауымы ішкен құдықтардан су әкеліп, ол сумен қамыр илеп, қазан асқан. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қазандарды төгіп, қамырларды түйелерге беруді бұйырды. Сосын адамдарды орындарынан тұрғызып, түйе су ішкен құдыққа келіп, маңына түсіп, сол жерде адамдарды азапқа ұшыраған елден ғибрат алуға шақырып: «Мен сендердің бастарыңа олардың бастарына түскеннің түсуінен қорқамын. Оларға кірмеңдер», – деген (Хадисті Ахмад жеткізген).

    Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына Аллаһтың азабына ұшырағандарға жылаған халде болмаса, кірмеңдер», – деп айтқан (Хадисті әл-Бұхари мен Муслим риуаят еткен).

    Басқа бір риуаятта: «Егер жылағыларың келмесе, олардың бастарына түскеннің өз бастарыңа түсуінен қорқып жылауға тырысыңдар», – деген.

    Яғни ешкім Мәдәин Салихқа басқа тарихи мұраларды зиярат еткендей бармау керек. Ол жерге бара қалған кісінің оларға Аллаһтың көрсеткен азабын есіне алып, жылаған күйде кіргені орынды. Аллаһ тағала: «Шынында, самуд елі Раббыларына қарсы келді. Самуд елі құрысын!» (Һуд сүресі, 68-аят) – деген.

    Міне, Құранда жиырмадан астам жерде мүміндерге естелік әрі уағыз-насихат ретінде баян етілген Салих пен оның қауымы туралы қиссаның қысқаша мазмұны осылай.

    Салихтың қиссасынан алынар өнеге

    Бүгінгі күнде де Аллаһтың жолына шақырушы мұсылман бауырларымыз Самуд қауымының «Шынында, сен сиқырланғандардың бірісің» дегені секілді әр түрлі сөздер естуі мүмкін. Бірақ ондай сөздер оның көңілін қажытып, дағуатының тоқтауына себеп болмау керек. Біз түгіл, тіпті Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне де кәпірлер «жынды», «сиқыршы» деп айып таққан, тағы басқа бұдан да зорын айтқан.

    Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Альбидая уа нихая».