Сахаба әйел Сумәйя (Аллаһ оған разы болсын) туралы қисса
Бөлімдер
Full Description
Сахаба әйел Сумәйя (Аллаһ оған разы болсын) туралы қисса
قصة الصحابية سمية رضي الله عنها
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
تأليف :
إسماعيل بن عمر بن كثير
авторлық
Исмаил бин көптеген
ترجمة ومراجعة :
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
СУМӘЙЯ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)
«Сабыр қылыңдар, Ясир отбасы! Шын мәнінде, сендерге уәде етілген (сый) – жаннат».
Исламда алғаш иман келтірген әйел адам, ол – Хадиша (Аллаһ оған разы болсын), сондай-ақ Исламда дін үшін алғаш шәһид болған да әйел, ол – Сумәйя.
Сумәйяның күйеуі Ясир йемендік еді, басына іс түсіп, Меккені паналап келген-ді. Сол кездегі әдет бойынша басына күн туған адам Меккені паналайтын. Сондықтан да Мекке «Ләиз» (пана беруші) деп аталған. Бұл Аллаһтың үйін паналаған жанға ешкім алакөздік танытып түрткілемейтін.
Меккеге келген Ясир бәну махзум тайпасының көсемі – Әбу Хузайфа ибн Муғираның қорғанына кіріп, осы кісінің қызметінде жүреді. Осылайша күн кешкен Ясир бір күні Әбу Хузайфаның есігіндегі Сумәйя деген жас күң қызды айттырады. Әбу Хузайфа келісімін беріп, екеуі тұрмыс құрады. Шаңырақ көтерген бұл отбасында біршама уақыттан соң Аммар есімді ұл дүниеге келеді.
Бұл сәби туылғанда, Әбу Хузайфа Ясирдің құрметі үшін оны әйелі екеуін босатып, бастарына азаттық береді. Алайда Ясир сонда да осы қызметін дұрыс деп санап, Әбу Хузайфаның қарамағында қалуды жөн көреді.
Арада жылдар өтіп, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам дағуатын бастап, қараңғы араб жазирасына жарық нұр алып келді. Бұл шақта Аммар, есейіп оң-солын таныған жас жігіт еді. Ол Аллаһқа иман келтіріп, Пайғамбарға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ілеседі. Аммар және оның қатарында діндерін жасырын ұстаған Біләл Хабаши, Сухайб Руми сияқты төменгі тап өкілдері түнде Арқамның үйінде бас қосып, Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дін ілімін үйренетін. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оларға таухидтің, Исламның мән-мағынасын, адамзат өмірінің мақсатын түсіндіретін, Аллаһ оларға разы болсын!
Ал Ясир мен Сумәйяның Исламды қабылдауларына ұлдары Аммар тікелей себепші болады. Исламның әділетін түсінген бұл отбасы өздерінің үйреншікті пұт-мүсіндеріне табынудан бас тартып, жалғыз Аллаһқа ғибадат етіп, қорықпастан ақиқатты баршаға жария етеді. Осы сәттен-ақ бұл отбасына мүшріктер тарабынан ауыр азап басталады. Мүшріктер әуелі оларды нәр татқызбай аш тастағанда, олар сабырмен тояттанады. Сосын ұрып-соға бастайды, олар шыдап бағады. Содан оларды қамап тастайды, олар сенімдерінде нық тұрады. Бұларды жазаға тартып, азапқа салудың бастамашысы талай жыл адал қызметін істеген қожалары Әбу Хузайфаның өзі еді. Әбу Хузайфа құлдың тәнін иемденгенімен, оның рухын, жүрегін иемденудің мүмкін еместігін түсіне алмайды.
Бірде Әбу Жәһл өз еркімен Ясирдің отбасын азаптау үшін Әбу Хузайфаға келеді. Ол келе сала Әбу Хузайфаға үшеуін қала сыртына алып шығып, шыжыған күн астына байлап қоюға кеңес береді. Ислам дұшпанының бұл «табылған ақылын» мүшріктер мүлтіксіз орындап, Ясирдің отбасын күннің аптап ыстығының астына дар ағашқа керіп байлап тастап, нәр татқызбай, денелерін қамшымен тілгілейді.
Ясир отбасының мұндай жағдайға душар болғанын естіген Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) олар азапталып жатқан жерге келеді. Аллаһ елшісін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) көрген олардың жүздерінде қуаныштың нышаны ұялайды. Бірақ Пайғамбарымызда (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ол тұста бұл отбасына араша түсер, мүшріктердің жәбір-жапасына қарсы тұрар дәрмен жоқ еді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оларды төзімділікке шақырып:
«Сабыр қылыңдар, Ясир отбасы! Шын мәнінде, сендерге уәде етілген (сый) – жаннат», – деп жұбатады (Ибн Һишам, Сира: 1/395).
Оларға Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп кеткенін естіген Әбу Жәһл ызаланып, әйел кісі азапқа ұзақ шыдай алмас деп ойласа керек, Сумәйяға келіп: «Мұхаммедке күпірлік қылмайды екенсің, азаптай беремін», – деп жан төзгісіз жәбір көрсетеді. Халі мүшкіл, әлсіз, дәрменсіз болса да, Сумәйя мойымай, Әбу Жәһлге шымбайына батар ауыр сөздер айтып, жүзіқараның бетіне түкіріп жібереді. Оның қайсарлығымен алысуға шыдамы жетпеген Әбу Жәһл қолына найза алып, сүңгісін Сумәйяның кіндік тұсынан ұрып, арқасынан бір-ақ шығарады. Осылайша Ислам тарихында алғашқы рет сенім үшін, дін үшін жан қиылды және бұл алғашқы шәһид нәзік жанды әйел кісі еді, Аллаһ оған разы болсын! Ол ақиқат үшін күресіп, сабыр қылған, мойымаған, шегінбеген, сенімінен таймаған, берілмеген жан еді. Ол жеңілмеді, жеңді! Жеңілген – Әбу Жәһл. Ол заты әйел, қайсар Сумәйяның өжеттілігіне, қайраттылығына төтеп бере алмай, әлсіздік танытты. Қолындағысын батырса да, ойындағысын асыра алмады.
Міне, бұл – қаһарман өжет әйелдің тұлғасы.
Келесі кезекте Әбу Жәһл Ясирді азаптай бастайды. Ясир де алған бетінен қайтпай, сенімінде нық тұрып, ақыры ауыр соққылардың нәтижесінде жан тапсырып, Ислам тарихындағы екінші шәһид мәртебесін иеленеді. Мүшріктер келесі кезекте Аммарға соқтығып, жас жігітті адам жаны төзгісіз ауыр азапқа салады. Аммар жантүршігерлік бұл азаптардан аздап мұрсат алу үшін Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қарсы күпірлік сөзін айтуға мәжбүр болады және соңынан жылап-еңіреп Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келеді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Аммардан: «Жүрегің не дейді?» – деп сұрайды. Аммар: «Жүрегім орнында», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Ештеңе етпейді. Мүшріктер саған қайтадан дұшпандық қылса, тағы да осылай ет», – деп кеңес береді. Сол кезде Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Жоғары Мәртебеліден: «Жүрегі иманға орныққан күйде зорлық көргеннен басқа» («Нахл» сүресі, 106-аят) деген Аммардың ісін ақтаған аят келеді (Ибн Жәрир, Тәфсир: «Нахл» сүресі 106-аятты қараңыз).
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Аммар ибн Ясирді бірнеше рет жаннатпен сүйіншілеген және Аммар алдына келген сайын әрдайым: «Қош көрілген жақсы келді, қош көрілген жақсы келді!» – дейтін (Әт-Тирмизи, Манақиб: 35; Ибн Мәжәһ, Муқаддима: 11).
Ол Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіндегі алғашқы шәһид Сумәйяның ұлы болатын. Оның анасы бүкіл мұсылман әлеуметі үшін мәңгілік үлгі болып қалды. Осылайша бұрынғы өткен ізгі аналарымыз дін жолында ер кісілермен бірдей қайталанбас асқан қайраткерлік таныта білді. Аллаһ оларға разы болсын!