×
«ТӨРТ ҚАҒИДА» түсіндірмесі

«ТӨРТ ҚАҒИДА» түсіндірмесі

>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

Шейх Солих әл-Фәузан

—™

www.al-hanifiya.kz

сайтының кітапханасынан

www.al-hanifiya.kz

www.al-hanifiya.kz

сайтының кітапханасынан

«ТӨРТ ҚАҒИДА»

түсіндірмесі

Шейх Солих әл-Фәузан

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!

Төрт қағида [1]

Ұлы Аршының Рабысы - Аллаһ Тағаладан саған бұл өмірде де, болашақ өмірде де пана болуын сұраймын, Ол сені, қайда жүрсең де, берекелі етсін және сені сый алсаң - алғыс айтушылардан, сынақ көрсең - сабыр етушілерден, күнә жасасаң – кешірім сұраушылардан етсін, өйткені осы үшеуі - бақыт негіздері болып табылады [2]!

[1] «Қо`ида» (көпше түрі «қоуә`ид») дегеніміз – одан көптеген мәселелер тарайтын, бөлініп шығатын бір негіз.

Ал бұл жолдауда тек таухид пен ширк тақырыбындағы негіздер баяндалады. Таухид тақырыбындағы қағида қандай? Ширк тақырыбындағы қағида қандай? Міне осы сұрақтардың жауабын автор, атылмыш жолдауында беруге тырысады. Өйткені, көптеген адамдар таухид пен ширк терминдерінің мағынасында қатеге ұрынған. Қазір әрбір адам бұл түсініктерді өз көңіл-қалауларына сай бұрмалап түсіндіреді.

Алайда, біздің мақсат – бұл тақырыптағы негіздер мен ережелерді үйреніп алу, жүректерімізде берік іргетас қалап алу. Бірақ бұл қағидаларды біз өз ойымыздан емес, көсем деп біреуді таңдап, соның бізге сендірген идеологияларынан емес, Қасиетті Құраннан және пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Асыл Сүннетінен аламыз. Әсіресе, таухид және ширк секілді өте маңызды мәселелерде.

Егер сен бұл қағидаларды үйреніп, оларды түсініп алсаң, онда бұдан кейін елшілердің жіберілуіне, кітаптардың түсірілуіне себеп болған таухидті ұғып аласың, сондай-ақ Аллаһ сақтандырған, дүние мен Ахыретте үлкен зиян әкелетін ширктен аулақ болып, оны мәнісіне анық көз жеткізесін. Бұл өте маңызды нәрсе! Бұл нәрсені білу, саған намаз, зекет және т.б. құлшылықтардың үкімдерін білуден де қажеттірек. Себебі, бұл ең әуелгі, ең негізге мәселе болып табылады. Тағы да өйткені, намазың да, оразаң да, зекетің де, басқа да құлышылық түрлері дұрыс сенімге (`ақида) негізделмеген болса, есептелмейді де, қабыл болмайды. Құлшылық жалғыз Аллаһқа ғана арналып, ықыласты түрде орындалуға тиіс.

[2] Бұл – ұлы кіріспе. Жолдауына жасаған осы алғы сөзінде автор, ақиқатты табуды қалап, адасу мен көпқұдайшылықтан аулақ жүруді қалап, өз сенімдерін үйреніп жүрген әрбір білім ізденушіге дұға етеді. Өйткені, ондай адамдар шынымен-ақ Аллаһтың панасы астында болуға лайықты.

Егер Аллаһ оны екі дүниеде Өз панасына алатын болса, онда дін мәселелерінде болсын, дүние мәселелерінде болсын ешқандай қиыншылықтар оған жол таба алмайды. Аллаһ Тағала былай деді: «Аллаһ – иман келтіргендердің қамқоршысы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады. Ал имансыздардың қамқоршысы – тағут» (Бақара сүресі, 257-аят). Егер Аллаһ сені өз қамқорлығы мен панасына алса, ширк (серік қосу), куфр (имансыздық) және күдіктер қараңғылықтарынан, иман, пайдалы білім, ізгі амал нұрына шығарады. «Бұл өйткені, Аллаһ – иман келтіргендердің қамқоршысы, ал имансыздардың еш қамқоршысы жоқ» (Мухаммад сүресі, 11-аят).

Сонымен, егер Аллаһ сені Өз панасына алып, саған қамқоршы болса, онда сен артынан ешқашан қайғы-қасырет болмайтын, бақытты күйде өмір сүреп кетесін. Бұл дүниеде Ол саған, тура жолға салу арқылы қамқорлық етсе, арғы өмірде ешқандай ауру, бақытсыздық, ауыртпашылық, қиыншылық болмайтын жәннат бақшаларына мәңгі кіргізу арқылы Өз панасына алады. Аллаһтың иман келтірген құлына пана болуы - міне, осы!

Тағы да автор: “Ол сені қайда жүрсең де, берекелі етсін", - деп тіледі. Аллаһтың сені қайда жүрсең де берекелі етуі – мақсаттардың мақсаты. Сонда Аллаһ өміріңе, ризық-несібеңе, біліміңе, амалдарыңа, ұрпақтарыңа береке береді. Қайда болсаң да, қайда бет алсаң да береке жаныңнан қалмайды. Бұл Аллаһтың ұлы нығметі және фазилеті емес пе? Ол – сондай Пәк, әрі Жоғары (Субханәһу уә Та`аля)!

«Сені сый алсаң - алғыс айтушылардан етсін», керісінше нығмет нәсіп етілгенде оны теріске шығарып, мойындамайтын қылмасын. Расында, адамдардың көбі нығметке бөленсе, оны теріске шығарып, ол үшін алғысын білдірмейді. Ол аздай, нәсіп етілген мүмкіншілікті Аллаһқа қарсы шығу, Оған бойұсынбау жолына жұмсайды. Соның себебімен ол бақытсыз адамға айналады. Ал кім шүкір етушілерден болса, онда Аллаһ оған игіліктерін одан сайын арттырып береді: «Раббыларың былай үндеді: “Егер шүкір етсеңдер, Мен сендерге арттырамын"» (Ибраһим сүресі, 7-аят). Аллаһ Тағала шүкір етушілерге Өз мейірімі мен игілігінен көбейтеді. Сондықтан, егер нығметтердің көбеюін қаласаң, Аллаһқа шүкір етуді ұмытпа. Ал егер олардың жойылуын қаласаң, оларды мойындамай, алғыс білдірмейтіндерден бола бер.

«Сені сынақ көрсең - сабыр етушілерден етсін». Аллаһ Тағала құлдарына сынақтар жіберіп тұрады. Оларды түрлі қиыншылықтар мен проблеммалар арқылы тексереді. Сол үшін, мұсылман сабыр етуге, Аллаһтың мейірімінен күдер үзбеуге мұқтаж. Ол дінінде берік тұруы керек. Құл сынақтармен, фитналармен бірге ауып кетпеу қажет. Сондай-ақ, ол сынақтар келгенде өкініп, қайғырып, наразылығын білдіретіндер, Аллаһтың рахметінен үміт үзгендер сияқты болмауға тиіс. Әйтпесе, бұл қиыншылыққа қиыншылық қосады.

Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтты: «Егер Аллаһ бір қауымды жақсы көрсе, оларды сынайды. Кім разылық білдірсе, оған да разылық болады. Ал кім ашуланса, оған да ашу болады» (әт-Тирмизи 2396, Ибн Мәжаһ 4031. Хадис сахих. Қараңыз: “әс-Силсиля әс-сахиха" 146). Тағы да ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ішінде ең қатты сынақ көретіндер – пайғамбарлар. Сосын оларға ұқсағандар, сосын мыналарға ұқсағандар» (әт-Тирмизи 2/64, Ибн Мәжаһ 4023, Ибн Хиббән 2901. Хадис сахих. Қараңыз: “әс-Силсиля әс-сахиха" 143), - деді. Елшелер де, шыншылдар да, шаһидтер де сыналған еді, бірақ олар шыдамды болды. Ал екіжүзділер болса, Аллаһ олар жайлы былай деді: «Адамдардың ішінде Аллаһқа (иман мен күпірлік) арасында құлшылық ететіндері бар. Егер оған жақсылық келсе, соның себебімен тынышталады. Ал егер басына сынақ түссе, бет бұрады (діннен қайтады) да, дүние мен Ахыреттен айырылады. Бұл – нағыз қасырет!» (Хаж сүресі, 11-аят).

Дүниеде әрқашан рахат, қуаныш, ләззат бола бермейді. Үнемі болмайды бұлай. Сахабаларға қарайықшы! Олар нендей қиыншылықтар мен сынақтарға жолықты?! Аллаһ Тағала: «Осы күндерді Біз адамдар арасында айналдырып отырамыз», - деді (Әли `Имран сүресі, 140-аят). Демек, сахабалардың жолымен жүрген біз де қиыншылықтармен қауышамыз. Сол үшін, құл сыналған уақытта өз жанын сабыр етуге, шыдамды болуға жаттықтыру қажет. Сынақтар оның ғана емес, одан бұрын өмір сүрген Аллаһтың достарының пешенесіне жазылған дүние екенін естен шығармау керек. Мұсылман сабырлы болып, Аллаһтың жеңілдігін күтуге міндетті! Ал соңы – тақуалардікі! (Әл-`ақибәту лил-муттәқин)!

«Сені күнә жасасаң – кешірім сұраушылардан етсін». Ал кім күнә жасаған соң, кешірім сұрамай, қасарысуын жалғастыра берсе, бақытқа жете алмайды. Аллаһ одан сақтасын! Ал иман келтірген адамға келер болса, ол күнә жасап қойса болды, тәубе етуге асығады.

Аллаһ Тағала былай айтты: «Егер олар арсыздық жасап қойса, я өз-өздеріне зұлымдық істеп қойса, Аллаһты еске алып, күнәларына кешірім тілейді. Ал Аллаһтан басқа күнәларды кім жарылқайды?» (Әли `Имран сүресі, 135-136-аяттар). Тағы да Ол былай деді: «Расында, Аллаһ надандықпен жамандық жасап, сосын тез арада тәубе ететіндердің тәубесін қабыл етеді» (Ниса сүресі, 17-аят). Бұл аяттағы надандық дегеніміз білімнің жоқтығы емес. Өйткені, білімсіз адам жауапқа тартылмайды. Алайда, оның мағынасы: ақымақтық, ақылдың және адагершіліктің аздығы. Адамдар бір жағынан білімді болуы мімкін, ал басқа жағынан надан болады. Себебі, оның істердегі табандылығы жоқ. «Сосын тез арада тәубе ететіндер», яғни әр күнә жасаған сайын, дереу тәубеге асығады. Күнә жасамайтын пенде жоқ. Бірақ, Аллаһқа шүкір, Ол бізге тәубе есіктерін ашық қалдырды. Сол үшін, құл күнәға ұрынып, қателік жасап қойса, тәубе етуге асығу қажет. Алайда егер ол тәубені де, кешірім тілеуді де ұмытса, бұл – бақытсыздықтың белгісі. Кейде ол Аллаһтың мейірімінен күдер үзеді, ал шайтан оған келіп: “Саған тәубе жоқ!", - деп азғырады.

Осы үш нәрсе: берілген сыйға шүкір ету, сынақтарға шыдамды болу, күналардан тәубе ету – бақыттың негіздері. Кім оларды бойында тапса, баққытты өмір кешеді. Ал кім олардан немесе олардың кейбірінен айырылып қалса, сол – нағыз сорлы, бақытсыз адам.

Біл, Аллаһ сені Өзіне бағынуға жетелейтін тура жолмен жүргізсін, әл-ханифия – бұл Ибраһимнің діні. (Оның мәні) жалғыз Аллаһқа құлшылық етіп, дінді шын ықыласпен орындау. Аллаһ Тағала былай деді: «Мен жындар мен адамдарды тек Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» (Зарият сүресі, 56-аят) [3].

http://ksunne.ru/otvedenie/vvero/4.htm - footnote_47

[3] «Аллаһ сені Өзіне бағынуға жетелейтін тура жолмен жүргізсін» - бұл автордың оқырманға тілеген дұғасы. Осылайша, әрбір ұстаз өз шәкірттеріне дұға етіп тұруы қажет.

Аллаһқа бағыну дегеніміз: Оның әмірлерін орындау және тыйымдарынан аулақ жүру.

«Әл-ханифия – бұл Ибраһимнің діні». Аллаһ Тағала пайғамбарымызға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ибраһимнің дініне еруді бұйырды. Ол былай деді: «Кейін саған: “Ханиф болған Ибраһимнің дініне ер!", - деп уахи еттік» (Нахл сүресі, 123-аят).

Ханифия – бұл ханиф болған Ибраһимнің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) діні. Ханиф деген: ол ширктен бет бұрып, таухидке қарай бейімделген адам. Ол адам жүрегімен де, істерімен де, ниетімен де, мақсаттарымен де Аллаһқа бұрылған. Аллаһ бізге Ибраһимнің дініне еруді әмір етті: «Ол сендерді таңдап, діндеріңде ешқандай қиыншылық жасаған жоқ. Әкелерің Ибраһимнің діні осындай. Аллаһ сендерді мұсылман деп атады» (Хаж сүресі, 78-аят).

Ибраһимнің діні: «жалғыз Аллаһқа құлшылық етіп, дінді шын ықыласпен орындау». Міне осы – ханифия. Автор: «жалғыз Аллаһқа құлшылық ету», - деп қана айтқан жоқ. Тағы да ол: «дінді шын ықыласпен орындау», - деп қосты, яғни, ширктен аулақ болып ғибадаттарды орындау керек. Өйткені, егер құлшылыққа ширк араласса, ол оны бұзады. Ол тек үлкен және кіші ширк түрлерінен таза болса ғана құлшылық деп аталады. Аллаһ Тағала айтқандай: «Оларға тек Аллаһқа дінді шын ықыласпен ханиф түрінде орындау арқылы құлшылық ету, намаз оқу және зекет беру ғана бұйырылған еді. Міне, осы – тұп-тура дін!» (Бәйина сүресі, 5-аят).

Осы құлшылықты Аллаһ жаратылыстарына бұйырды: «Мен жындар мен адамдарды тек Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» (Зарият сүресі, 56-аят). Құлшылық қылулары дегеннің мағынасы: Менің құлшылықта жалғыздаулары үшін. Сонымен, адамзаттың жаратылуының мақсаты мен хикметі, олардың Аллаһқа құлшылық етулерінде екен. Адамдардың ішінде бұл мақсатты орындап жатқандары да, орындап жатқан жоқтары да бар. Алайда, кім Аллаһтан басқа біреуге құлшылық етсе, онда ол жаратылуының хикметіне қайшы келді.

Ибраһим – өзінен кейін жіберілген пайғамбарлардың атасы. Олардың барлығы Ибраһимнен тараған. Аллаһ Тағала: «Біз оның ұрпағына пайғамбарлық пен кітап бердік», - деді (`Анкәбут сүресі, 27-аят). Ибраһимнің ұрпақтары болған пайғамбарлардың барлығы Бәну Исраилден шыққан, тек Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) араб еді. Аллаһ тағала Ибраһим пайғамбарды адамдарға имам қылды, яғни үлгі етті. Аллаһ Тағала ол туралы: «Расында, Ибраһим үлгі болған. Ол үнемі Аллаһқа бойұсынып жүрген ханиф еді, әрі серік қосушылардан болып табылмады», - деп айтты (Нахл сүресі, 120-аят). Осы үшін Аллаһ барлық адамдарды жаратқан. Әрі Ибраһим де, басқа пайғамбарлар секілді адамдарды Аллаһқа құлшылық етуге шақырған. Аллаһ Тағала былай деді: «Біз әрбір халыққа: “Аллаһқа құлшылық етіңдер де, тағуттан аулақ болыңдар", - дейтін елші жібердік» (Нахл сүресі, 36-аят).

Ал тыйымдар мен бұйрықтар, халәл мен харам сияқты заң үкімдері үмметтердің қажеттеріне сай Аллаһтың қалауымен өзгеріп тұрды. Аллаһ бір шариғат заңдастырады, кейін оның күшін басқа, жаңа шариғатпен жояды. Солай, алдыңғы бүкіл шариғаттардың күшін жойған Ислам шариғаты келгенше жалғасады. Ол болса, Қиямет күніне дейін өзгермей, ауыстырылмай қала береді. Ал енді пайғамбарлар мен елшілердің діндерінің негізі туралы айтар болсақ, яғни таухид жайында, онда ол ешқашан өзгертілмеген, оның күші жойылмаған да, жойылмайды да. Елшілердің діндері бір, бірақ шариғаттарының арасында айырмашылық болған. Алайда таухид пен `ақида Адам атадан бастап, соңғы пайғамбарға дейін (оларға Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) болған.

Аллаһ сені құлшылық қылу үшін жаратқанын білген соң, сен енді, құлшылық таухидсіз (бірқұдайшылықсыз) – құлшылық болып аталмайтынын біліп ал [4].

[4] «Мен жындар мен адамдарды тек Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым» аятынан сен бекерге жаратылмағаныңды, әрі жәй ішіп-жеу үшін ғана өмірге келмегеніңді, бірақ құлшылық ету үшін дүние есігін ашқаныңды, ал айналаңдағы барлық нәрсе сол мақсатыңды орындауға жәрдем ретінде жаратылғанын білдің. Сондықтан, сол мақсатыңды орындауға тырысуың керек, әйтпесе қалаған нәрсесін жеп, қалаған нәрсесін ішетін, тек өз құмарлығын қанағаттандыруды ғана ойлайтын хайуандар секілді боласың. Сен ұлы бір мақсатпен, аса үлкен даналықпен жаратылдың. Аллаһ Тағала былай деді: «Мен жындар мен адамзатты тек Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым. Олардың Маған ризық бергенін де, тамақтандырғанын да қаламаймын. Расында, Ол Аллаһ – ризық Беруші, ұлы күш Иесі!» (Зәрият сүресі, 56-58-аяттар). Аллаһ Тағала тамақтандырады, ал оны ешкім тамақтандырмайды. Өйткені, ол тамақтануға мұқтаж емес. Сол сияқты, Ол сенің ғибадат жасауыңда қажетсінбейді. Тіпті егер сен Аллаһқа қарсы шығып, кәпір боп кетсең де, Оның мүлкінен, Оның иелігінен ештеңе кеміте алмассың. Керісінше, Раббыңа құлшылық ету өзіңе керек. Оның мейірімінен: саған пайда әкелетін нәрсені, Ол саған бұйырып жатыр. Себебі, егер сен Аллаһқа құлышлық қылсаң, Ол сені сый және сауаптармен ардақтайды. Құлшылық арқылы, осы дүниеде және Ахырет өмірінде сен ардақталасың. Сонымен, құлшылық етуден пайда алатын кім? – Одан пайда алатын құлшылық етушінің өзі екен. Ал әлемдердің Раббысы Аллаһ – жаратылыстарынан және олардың істегендерінен бай, мұқтаж емес.

Егер де сен Аллаһқа ғибадат жасау үшін өмірге келгеніңді түсінсең, онда сол ғибадаттың екі шарты орындалмайынша, ол Аллаһ разы болатындай, дұрыс іс болып саналмайды. Екі шарттың да жиналуы міндетті, олардың біреуі болмаса, құлшылық бұзылады.

Бірінші шарт: ол Аллаһтың Жүзі үшін ықыласты түрде атқарылу керек. Онда ширк (серік қосу) көріністері болмауға тиіс. Егер оған ширк араласса, ол бұзылады. Аллаһқа құлышылқ етіп, сосын Оған серік қоссаң, құлшылығың шаң-тозаңға айналады. Бұл бірінші шарт.

Екінші шарт: Елшіге (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ілесу. Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көрсетпеген қандай да бір құлшылық жалған, әрі қайтарылған болып есептеледі. Өйткені, ол жаңалық әрі бид`а. Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім біздің бұл ісімізге онда жоқ нәрсені еңгізсе, онысы кері қайтарылады» (Бухари 2696, Муслим 17/718). Ал Муслимнің риуаятында: «Кімде-кім біздің бұйрығымыз болмаған бір іс істесе, онысы кері қайтарылады», - деп айтылған (Муслим 18/1718). Міндетті түрде құлшылық Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес келу қажет. Адамдардың ойларына, ниеттеріне, қалауларына сай емес, шариғаттың дәлеліне сай болу керек. Ал дінде негізі жоқ нәрсе бид`а болып саналады. Ол іс, Аллаһқа жақындау мақсатымен жасалса да, адамға пайда әкелмек түгіл, күнә арқалауына себеп болады.

Құлшылықта осы екі шарт орындалуға тиіс: ықылас және елшіге (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ілесу. Міне сонда ғана ол істеушісіне пайдалы, әрі Аллаһтың алдында дұрыс болады. Ал егер оған ширк араласса, ол бұзылады. Тура сол сияқты, ол дәлелі жоқ, жаңадан ойлап табылған болса, кері қайтарылады. Жоғарыда аталған екі шартсыз құлшылықтың еш пайдасы жоқ. Өйткені, ол Аллаһ заңдастырмаған түрде атқарған. Ал Аллаһ тек Қасиетті Кітабы және елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тілі арқылы заңдастырған нәрсені ғана қабыл етеді.

Тағы да айта кететін маңызды бір мәселе, Аллаһ елшісі Мұхаммедтен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) басқа ешкімнің артынан ілесу міндет болып табылмайды. Одан өзгенің барлығына, тек елшіге (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ілесу болып табылатын істерде ғана еруге, бағынуға рұқсат. Ал елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үкіміне қарсы істе, біреуге бағыну тыйым салынған. Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, иман келтіргендер! Аллаһқа бағыныңдар және елшісіне бағыныңдар, сондай-ақ араларыңдағы билік иелеріне» (Ниса сүресі, 59-аят). Билік иелері: ғалымдар мен патшалар. Егер олар Аллаһқа бағынса, онда біз де оларға бағынамыз. Ал егер олар Аллаһтың әміріне қарсы шықса, қарсы шыққан нәрсесінде оларға бойұсынбаймыз.

Егер сен ширк құлшылыққа араласса оны бұзатынын, амалдарды жойып жіберетінін және пендені Отта мәңгі қалуға дұшар ететінін білсең, мұны білу - сенің ең маңызды міндетің екені енді саған айқын болды. Мүмкін Аллаһ сені ширк деп аталатын оқпаннан құтқаратын шығар. Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Расында, Аллаһ Өзіне серік қосқанды кешірмейді де, одан кішісін қалағанына кешіреді» (Ниса сүресі, 48-аят) [5].

[5] Таухидтің не екенін білсең, ал ол: Аллаһтың құлшылықта жалғыздау, тағы да ширктің не екенін де білуің керек. Себебі, бір нәрсені білмеген амамның, оған түсіп қалу күні алыс емес. Сондықтан, сен міндетті түрде, одан сақтанып жүру үшін, ширктің түрлерін үйреніп алуың қажет. Өйткені, Аллаһ ширктен қатты сақтандырған: «Расында, Аллаһ Өзіне серік қосқанды кешірмейді де, одан кішісін қалағанына кешіреді» (Ниса сүресі, 48-аят). Міне, ширктің қандай қауіпі бар! Аллаһқа серік қосатын кісі Жәннаттан айырылп қалады.Бұл туралы Аллаһ: «Расында, кім Аллаһқа серік қосса, оған Аллаһ жәннатты харам етеді, әрі оның орны тозақта болады. Залымдар үшін еш көмекші болмайды» (Мәида сүресі, 72-аят), - деген.

Демек, ширк деп аталатын бұл күнәнің төндіріп тұрған қауіп-қатері өте зор. Соның бәлесіне ұрынбай жатып, сен оны алдын-ала біліп алуың парыз. Өйткені, ширк мәселесінде қаншаның ақылдары мен түсініктері адасуға ұшырады. Сонымен, біздің міндетіміз – Құран және Сүннеттен ширктің не екенін білу! Аллаһ не нәрседен қайтарып, сақтандырса, оны баяндап, мәнісін ашып береді. Сол сияқты, нені әмір етсе, оның мән-жайын түсіндіреді. Жаратушы Иеміз ширкті тыйым салып, оны жалпылай сипаттап кеткен жоқ. Бірақ, оны Өзінің Кітабында, елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінде егжей-тегжейлі анықтап берді. Сондықтан, егер ширктің не екенін үйреніп білуді қаласақ, пәлен-түгеннің сөзіне емес, Құран мен Сүннетке оралуымыз керек.

Бірінші ереже

Сен Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) соғысқан кәпірлер Аллаһ Тағаланың – Жаратушы, Ризық беруші, Басқарушы екенін мойындағанын білуің қажет. Бірақ оған қарамастан, бұл оларды Исламға кіргізбеді. Мұны Аллаһ Тағаланың мына сөздері дәлелдейді: «“Аспан мен жерден сендерді кім ризықтандырады? Есту, көру қабілеттеріңе кім иелік етеді? Өліден тіріні және тіріден өліні кім шығарады? Әрі істермен басқаратын кім?", - деп сұра. Олар: “Аллаһ!", - деп жауап береді. “Неліктен қорықпайсыңдар?!", - деп айт» (Юнус сүресі, 31-аят) [6].

[6] Бірінші қағиданың мәнісі: Аллаһ елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) соғысқан имансыздар тәухид әр-рубубияны (Аллаһтың істеріндегі жалғыздығын) мойындаған, сонда да бұл мойындаулары оларды Ислам дініне кіргізбеді де, олардың малдары мен қанын харам етпеді.

Осыдан түсінетініміздей, тәухид – бұл тек рубубияны ғана мойындау емес. Ал ширк – тек рубубия мәселесінде ғана Аллаһқа серік қосу емес. Рубубияда Аллаһқа серік қосқан кісілер жоқ дерлік. Үмметтердің барлығы таухид әр-рубубияны мойындаған. Таухид әр-рубубия дегеніміз: Аллаһты Жаратушы, Ризықтандырушы, Тірілтуші және Өлтіруші, Басқарушы деп растау. Немесе одан да қысқаша анықтама беруге болады: тәухид әр-рубубия – бұл Аллаһ Тағаланы Оның істерінде жалғыздау.

Жаратылыстардың ішінде ешкім Аллаһпен бірге тағы да біреу жаратады немесе ризықтандырады, немесе тірілтеді, немесе өлтіреді деп мәлімдемеген. Мушриктер (көпқұдайшылар) Аллаһтың Жаратушы, Ризықтандырушы, Өлтіруші, Тірілтуші, Басқарушы екенін растаған. Аллаһ Тағала былай деді: «Егер олардан: “Аспандар мен жерді кім жаратты?", - деп сұрасаң, олар былай дейді: “Оларды аса Үстем, Білуші жаратқан"» (Зухруф сүресі, 9-аят). Тағы да Аллаһ былай айтты: «"Егер білсеңдер, жер мен оның үстіндегі барлық нәрсе кімдікі?", - деп сұра. Олар: “Аллаһтікі", - деп жауап береді. “Неліктен ойланбайсыңдар?!", - деп айт! Олардан: “Жеті көктің және ұлы `Арштың Раббысы кім?", - деп сұра! Олар: “Аллаһ!", - дейді. “Неліктен қорықпайсыңдар?!", - де! “Егер білсеңдер әр нәрсенің иелігі кімнің қолында? Әрі Өзі қорғайтын, бірақ Одан қорғайтын ешкімі жоқ кім?", - деп сұра. Олар: “Аллаһ!", - деп жауап береді. Оларға айт: “Қаншылықты алдандыңдар"» (Муминун сүресі, 84-87-аяттар). Егер «Муминун» сүресінің соңғы аяттарын оқитын болсаңыз, мушриктердің тәухид әр-рубубияны мойындағанын көресіз. Сол сияқты «Юнус» сүресінде де Аллаһ былай дейді: «“Аспан мен жерден сендерді кім ризықтандырады? Есту, көру қабілеттеріңе кім иелік етеді? Өліден тіріні және тіріден өліні кім шығарады? Әрі істермен басқаратын кім?", - деп сұра. Олар: “Аллаһ!", - деп жауап береді. “Неліктен қорықпайсыңдар?!", - деп айт» (Юнус сүресі, 31-аят). Олар осыны мойындаған.

Пәлсапышылар (философтар) айтатындай, таухид – бұл тек таухид әр-рубубия емес. Олар былай деген: “Аллаһ – затында жалғыз, теңдесі жоқ; сипаттарында жалғыз, Оған ұқсас ештеңе жоқ; істерінде жалғыз, серігі жоқ". Ал бұл тәухид әр-рубубия емес пе?! Пәлсапышылардың қандай болсын кітабына қайтсаңдар, онда тек тәухид әр-рубубия тақырыбынан шықпайтындарын табасыңдар. Аллаһ Тағала елшілерін бұл таухидпен жіберген жоқ еді. Жалғыз осыны ғана растау адамға пайда әкелмейді. Өйткені, бұны мушриктер де, кәпірлердің беделділері де мойындаған. Алайда бұл оларды имансыздықтан шығарып, Исламға кіргізбеді. Бұлай ойлау – үлкен қателік. Кімнің сенімі (`ақидасы) осындай болса, ол Әбу Жәһлдың, Әбу Ләһабтың сенген нәрселерінен асып отқан жоқ.

Ал ширк туралы ол адасқандар: “Ол – Аллаһтан басқа біреу жаратады, ризық береді деп сенуің", - деп айтады. Біз айтамыз: “Ондай сөздерді тіпті Әбу Ләһаб та, Әбу Жәһл да айтпаған. Олар Аллаһтан басқа біреу жаратады, ризық береді деп жәрияламаған. Керісінше, олар Аллаһтың ғана Жаратушы, Ризықтандырушы, Тірілтуші, Өлтіруші екенін растаған".

Екінші қағида

Олар былай дейді: «Біз оларға өзімізді Аллаһқа жақындатуды және Оның алдында бізге шапағатшы болуды сұрап жалбарынамыз және жүгінеміз». (Көпқұдайшылардың Аллаһқа) жақындау мақсатымен дұға жасайтынын Аллаһ Тағаланың мына сөздері дәлелдейді: «Ал Одан басқа біреулерді өздеріне әулие етіп алғандар: “Біз оларға тек, Аллаһқа едәуір жақындатсын деп қана құлшылық етеміз", - дейді. Расында, Аллаһ олардың өзара таласқандары жайында үкім етеді. Шын мәнінде, Аллаһ өтірікші және имансыз адамдарды тура жолмен жүргізбейді» (Зумар сүресі, 3-аят). [7].

[7] Аллаһ оларды мушриктер деп атаған, әрі оларға мәңгі тозақта қалады деп үкім еткен көпқұдайшылар рубубияда серік қосқан жоқ. Олар тәухид әл-улюһияда (құлшылықта) Аллаһқа серік қосты. Олар: “Тәңірлеріміз Аллаһпен бірге ризықтандырады, пайда мен зиян әкеледі", - деп айтпайтын. Олар тәңірлерін тек шапағатшы ретінде көрген. Аллаһ Тағала олар туралы былай айтты: «Олар Аллаһтан өзге зиян да тигізбейтін, пайда да әкелмейтін нәрселерге құлшылық етеді де: “Бұл – біздің Аллаһтың алдындағы шапағатшыларымыз", - дейді» (Юнус сүресі, 18-аят). «Зиян да тигізбейтін, пайда да әкелмейтін нәрселерге» - олар бұны мойындаған. Бірақ тәңірлерін шапағатшы ретінде, яғни қажеттерінің өтелуінде Аллаһтың жанындағы дәнекер ретінде есептейтін. Оларға арнап құрбандық шалатын, оларға нәзір беретін. Олардың жаратқандары, ризықтандырғаны, пайда не зиян әкелгені үшін емес, бірақ Аллаһтың қасында дәнекер, шапағатшы болады деп сенгендіктері үшін. Бұл – мушриктердің `ақидасы (сенімі).

Енді бүгін, сен қабырге табынушылармен сөйлесіп көрсең, олар осы сөздерді дәл ме дәл айтады. Олар: “Бұл әулие немесе ізгі кісі зиян да, пайда да келтіре алмайтынын білемін. Алайда ол ізгі адам ғой, мен оның маған Аллаһтың алдында шапағат еткенін ғана қалаймын", - дейді.

Шапағаттың дұрысы да, бұрысы да бар. Шапағат дұрыс, шынай болу үшін, онда екі шарт орындалу қажет:

1) Ол Аллаһтың рұқсатымен болу керек;

2) Шапағат етілуші адам таухидті (бірқұдайшылықты) ұстанатын адам болу керек.

Егер осы шарттардың біреуі орындалмаса, шапағат жалған болып саналады. Аллаһ Тағала: «Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді?» - деді (Бақара сүресі, 255-аят). Тағы да Ол: «Олар тек Ол разы болған біреуге ғана шапағат етеді», - деп айтты (Әнбия сүресі, 28-аят). Ал Аллаһ тек бірқұдайшыларға ғана разы болады. Ал имансыздар мен көпқұдайшыларға ешкімнің шапағаты пайда бермейді. Аллаһ Тағала былай айтты: «Залымдардың жақын туысы да, оған бағынатын шапағатшысы да болмайды» (Ғафир сүресі, 18-аят).

Әлгілер шапағат туралы естіген, бірақ мағынасын түсінбей қойды. Сол үшін мәз болып, бұлардан Аллаһтың рұқсатынсыз шапағат тілей бастады. Ол аздай, Аллаһқа серік қосатын адам үшін шапағат етуді тіледі. Ал негізінде оған ешқандай шапағатшының шапағаты көмектеспейді. Әлгілер шынайы шапағат пен жалған шапағаттың мағынасынан бейхабар.

Сол үшін мәтіннің авторы былай деді:

Шапағатқа ие болу мақсатында жасалатын құлшылықтарға Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқайды: «Олар Аллаһтан өзге зиян да тигізбейтін, пайда да әкелмейтін нәрселерге құлшылық етеді де: “Бұл – біздің Аллаһтың алдындағы шапағатшыларымыз", - дейді» (Юнус сүресі, 18-аят). Ал шапағат ету екі түрге бөлінеді: теріске шығарылатын шапағат және бекітілген шапағат. Теріске шығарылатын шапағат – ол, Аллаһтан өзгелерден, Оның ғана шамасы жететін нәрселерде сұралатын шапағат. Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, иман келтіргендер! Сауда да, сүйіспеншік те, шапағат та, болмайтын бір күннің келуінен бұрын сендерге берген несібемізден Аллаһ жолында жұмсаңдар. Ал имансыздар - олар залымдар» (Бақара сүресі, 254-аят). Бекітілген шапағат – ол Аллаһтан сұралатын шапағат. Сонда, шапағатшы – шапағат етумен ардақталған, ал шапағат етілетін кісі - сөздері мен амалдарына Аллаһ разы болып табылатын адамдар болу керек. Және шапағат ету тек Аллаһ рұқсат бергеннен кейін ғана мүмкін болады, бұл жөнінде Аллаһ Тағала: «Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді?» - деді (Бақара сүресі, 255-аят) [8].

[8] Шапағат өзіндік шарттарға, шекараларға ие. Оның екі түрі болады:

1. Аллаһ теріске шығарған шапағат. Ол – Аллаһтың рұқсатынсыз болатын шапағат. Аллаһтың алдында ешкім, Оның рұқсатынсыз шапағат ете алмайды. Тіпті жаратылыстардың ең абзалы, пайғамбарлардың ең соңғысы – Мұхаммед те (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Қиямет күні адамдарға шапағат етуден бұрын, Раббысының алдында сәждеге құлап, Одан тілеп, Оны мақтап, мадақтайды. Әрі сәжде жасаған күйінде: «Басыңды көтер! Айт - естілесің! Шапағат ет, шапағаттың қабыл болады!», - деп айтылғанша қала береді. Қысқаша айтқанда, ол рұқсаттан кейін ғана шапағат етеді.

2. Бекітілген шапағат. Ол – таухид ұстанатын кісілер үшін болады. Серік қосушыға шапағат пайда бермейді. Ал қабірлерге құрбандық шалатын, қабірдерге нәзір беретін адамдар мушрик емес пе? Демек оларға шапағат көмектеспейді.

Сөздің қысқасы: теріске шығарылатын шапағат – ол Аллаһтың рұқсатынсыз талап етілетін немесе Аллаһқа серік қосатын кісі үшін сұралатын шапағат. Ал бекітілген шапағат – ол Аллаһтың рұқсатынан кейін және таухид ұстанатындар үшін сұралатын шапағат.

Үшінші қағида

Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) түрлі объектілерге құлшылық ететін адамдардың үстінен жеңіске жетті. Олардың арасында періштелерге құлшылық ететіндер, пайғамбарлар мен әулиелерге (ізгілерге) құлшылық ететіндер, ағаштар мен тастарға құлшылық ететіндер және күн мен айға құлшылық ететіндер бар еді. Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) олармен соғысты және олардың арасында айырмашылық жасаған жоқ [9].

[9] Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа серік қосатын кісілерге жіберілді. Олардың ішінде періштелерге құлшылық еткендер болған, тағы да күн мен айға табынғандар болған, сондай ақ, пұттарға, тастар мен талдарға ғибадат жасағандар болған, әрі әулиелер мен ізгілерге сиынғандары да болған.

Бұл ширктің жиіркенішті көріністерінің бірі. Аллаһ серік қосушылар бір нәрсені тәңір тұтып жиналмайды: Муаххидтер (бірқұдайшылар) болса, тек жалғыз тәңірге – Аллаһқа құлшылық қылады. Аллаһ Тағала былай деді: «Бөлек-бөлек раббылар жақсы ма? Немесе әр нәрсеге Өктем жалғыз Аллаһ жақсы ма? Одан өзге сендер, өздерің және аталарың атаған есімдерге ғана құлшылық етесіңдер» (Юсуф сүресі, 40-аят). Ширктің жалған екеніне дәледердің бірі: көпқұдайшылар құлшылық ету объектілерінде әртүрлі, олар бір нәрсеге келіспейді. Себебі, олар негізге сүйеніп жүрмейді. Олар өздерінің көңіл-қалауларымен, адастыратын мәлімдеулерімен жүреді. Соның нәтижесінде келіспеушіліктері артады. Аллаһ Тағала былай айтты: «Аллаһ мынадай мысал келтірді: бір адам өзара келісе алмайтын серіктестердің меншігінде, ал басқа біреу жалғыз адамның иелігінде. Ол екуеі тең бе? Аллаһқа мақтау болсын! Алайда, олардың көбісі білмейді» (Зумәр сүресі, 29-аят). Жалғыз Аллаһқа құлшылық ететін кісі бір ғана адамның иелігіндегі құлға ұқсайды, сонымен тыныш өмір сүреді. Өйткені, егесінің талаптарын, талғамдарын біледі. Ал мушрик бірнеше адамның меншігіндегі құл секілді. Қайсысының көңілін аулайтынын, қайсысына жағатынын білмей, жәй таппайды. Әркімнің өз талабы, қалауы бар. Сондықтан Аллаһ: «Аллаһ мынадай мысал келтірді: бір адам өзара келісе алмайтын серіктестердің меншігінде», - деді, яғни бірнеше егесі бар адам, қайсысын разы қылатынын білмей басы қатады. «Ал басқа біреу жалғыз адамның иелігінде», яғни оның жалғыз ғана егесі бар. Бұл Аллаһтың бірқұдайшыл (муаххид) мен көпқұдайшылға (мушрик) келтірген мысалы.

Сонымен, мушриктердің құлшылық етіп жүрген объектілері әртүрлі еді. Соған қарамастан, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың арасын бөлмей, бәрімен бірдей соғысты. Ол пұтқатабынушылармен де, яһуди және христиандармен де, отқатабынушылармен де, періштелерге, пайғамбарларға, әулиерге құлшылық етіп жүргендермен де соғысты, әрі олардың арасын бөлмеген. Бұл – “Пұтқа табынатын адам мен ізгі кісіге, періштелердің біріне құлшылық ететіндер ұқсас емес. Өйткені, мыналар тастар мен талдарға сиынып жатса, аналар Аллаһтың әулиелеріне ғибадат етіп жатыр ғой. Сол үшін олар бірдей емес", - дейтіндерге қарсы жауап (родд).

Осы сөздерімен адасқандар: “Қазіргі таңда қабырлерге құлшылық етіп жүргендердің үкімі, пұттарға табынғандармен тең емес. Сол үшін ол имансыз болмайды, ал оның ісі ширк деп саналмайды", - деп айтқысы келеді. Біз оларға былай жауап береміз: Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың арасын бөлмеген. Барлығын бірдей көпқұдайшылар деп есептеген. Арасын ажыратпады. Аллаһтың елшісі болып табылған `Иса пайғамбарға құлшылық етіп жүргендердің өзімен де Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) соғысқан. Пайғамбар немесе ізгі кісі болған `Узәйрге құлшылық етіп жүрген яһудилермен де Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) күресті. Ол ешкімнің арасын бөлген жоқ. Ширк мәселесіне келгенде, адамның кімге құлшылық ететіні маңызды емес:тасқа ғибадат жасай ма, әлде әулиеге сиына ма. Өйткені, ширк – бұл кім болса да, не болса да Аллаһқа біреуді ортақ қосу. Аллаһ Тағала: «Аллаһқа құлшылық етіңдер де, Оған ешкімді серік қоспаңдар», - деп айтты (Ниса сүресі, 36-аят). Аяттағы «ешкімді» деген сөз барлығын қамтып алады: пайғамбарларды да, әулиелерді де, пұттарды да, ағаштарды да және т.б.

Бұған Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқайды: «Олармен ешбір бүлік қалмағанға дейін және дін бүтіндей Аллаһқа тән болғанға дейін соғысыңдар» (Әнфәл сүресі, 39-аят) [10].

[10] Мушриктермен, олардың құлшылық етіп жүрген объектілерін есепке алмай-ақ күресуге дәлел Аллаһтың клесі сөздері: «Олармен ешбір бүлік қалмағанға дейін және дін бүтіндей Аллаһқа тән болғанға дейін соғысыңдар» (Әнфәл сүресі, 39-аят).

«Олармен соғысыңдар» - бұл барлық көпқұдайшыларға қатысты, ешқайсысы осы жалпы сөздерден тыс қалмайды.

«Ешбір бүлік қалмағанға дейін». Бүлік (фитна) – бұл ширк, яғни «ешбір ширк қалмағанға дейін». Бұл кез-келген ширкті қамтымыған: әулиелер мен ізгілерге, тастар мен талдарға, ай мен күнге және т.б. не нәрсеге қатысты болса да.

«Дін бүтіндей Аллаһқа тән болғанға дейін», яғни құлшылықтардың барлығы Аллаһқа тән болғанға дейін, кімді болса да Аллаһқа серік қосу жойылмағанға дейін. Әулиелер мен ізгілерді серік қоса ма, әлде тастар мен талдарды серік қоса ма, немесе шайтандарды серік қоса ма – бәрібір, еш айырмашылық жоқ.

Күн мен айға құлшылық қылатын көпқұдайшылар туралы Аллаһ Тағала былай деді: «Түн мен күндіз, күн мен ай – Оның аяттарынан. Күнге де, айға да табынбаңдар, бірақ оларды жаратқан Аллаһқа ғана табыныңдар, егер сендер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар» (Фуссиләт сүресі, 37-аят) [11].

[11] Осыдан түсінетініміз, күн мен айға құлшылық етіп жүрген біреулер болатын. Сондықтан, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) күн шығып бара жатқанда және батып бара жатқанда, ширкке апаратын жолдарды жауып намаз оқуды тыйым салды. Өйткені, күн шығып немесе батып жатқанда, оған сәжде ететіндер бар. Сол үшін біз, осы екі уақытта тіпті Аллаһ үшін ғана болса да, намаз оқудан қайтарылдық. Өйткені, бұл уақыттарда намаз оқу мушриктерге ұқсау, еліктеу болып табылады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ширктен және оған апаратын жолдардан да тыюға жіберілді.

Періштелерге құлшылық қылатындар туралы Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Ол сендерге: «Періштелер мен пайғамбарларды тәңір жасап алыңдар!» - деп бұйырмайды» (Әли `Имрән сүресі, 80-аят) [12]. http://ksunne.ru/otvedenie/vvero/4.htm - footnote_51

[12] Осыдан түсінетініміз, періштелер мен пайғамбарларға құлшылық етіп жүргендер бар, әрі ол ширк болып саналады. Ал қазіргі қабірге табынушылар былай айтады: “Періштелерге, пайғамбарларға, ізгілерге құлшылық ететіндер имансыз (кәфир) болып табылмайды".

Адамдардың пайғамбарларға құлшылық қылатындарына Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқайды: «Аллаһ: “Әй, Мәриям ұлы `Иса! Сен адамдарға: «Мені және анамды Аллаһтан өзге екі тәңір етіп алыңдар», - деп айтқан ба едің?", - дейді. Ол былай айтады: “Сен пәксің! Оған құқығым болмаған нәрсені мен қалайша айта аламын? Егер солай айтқан болсам, онда оны білетін едің. Сен менің жанымдағыны білесің, ал мен Сенің Жаныңдағыны білмеймін. Расында, Сен – көместерді білушісің!"» (Мәида сүресі, 116-аят) [13].

[13] Осы аяттан, пайғамбарларға құлшылық ету пұттарға құлшылық ету секілді ширк болып саналатынын түсінеміз.

Тағы да бұл аятта қабірлерге табынатындарды ерекшелейтіндерге қарсы жауап бар. Олар былай айтады: “Ширк дегеніміз – бұл пұттарға құлшылық ету. Әрі пұтқа сиынатын мен әулие не ізгі бір адамға сиынатын кісі бірдей емес". Олардың ойы бойынша, Аллаһқа серік қосу пұттарға табынумен шектелген. Бұның анық жалған екенін екі жолмен дәлелдейміз:

1) Аллаһ Тағала Өзіне кімді серік қосса да, бәрін теріске шығарды. Әрі кімге сиынса да, онымен соғысуды әмір етті;

2) Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) пұтқа табынушы мен періштеге ғибадат жасаушыны немесе ізгі адамға құлшылық етушіні ажыратпады.

Көпқұдайшылардың ізгілерге (әулиелерге) құлшылық қылатынына Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқайды: «Олардың сиынғандары Раббыларына қайсылары жақын боламыз деп, уәсиля ізденеді. Мейірімін үміт етіп, азабынан қорқады» (Исра сүресі, 57-аят) [14].

[14] Кейбір ғалымдардың айтқандай, бұл аят `Иса, оның анысы Мәриям және `Узәйр туралы түскен. Аллаһ Тағала олардың, Өзіне құлшылық ететін, мейірімін үміт етіп, азабынан қорқатын құлдар екенін хабарлады. Олар – бағыну арқылы Раббыларына жақын болуды қалаған, Аллаһқа мұқтаж құлдар ғана. Сондықтан, олар құлшылық етілуге лайық емес, ғибадат объектісі болуға жарамсыз. Олардың өздері Аллаһқа жалбарынып, Оған жақын болуды қалайды.

Екінші топ ғалымдардың пікірі бойынша, бұл аят жындардың бір тобына құлшылық етіп жүрген адамдар жайлы түскен. Жындар Ислам қабылдайды, ал оларға ғибадат жасап жүргендер олардың Исламға кіргенін білмейді. Ал жындар болса Аллаһқа жақындау жолын іздеп, Оның мейіріміне үміт етіп, Оның азабынан қорқатын. Сондықтан, олар құлшылық етілуге жарамайды.

Қай ғалымдардың пікірі дұрысырақ болса да, маңыздысы – ізгілерге: пайғамбарлардан болсын, шыншылдардан болсын немесе әулиелерден болсын құлшылық етуге рұқсат етілмейді. Оларға сиынуға болмайды. Себебі, олардың барлығы Аллаһқа мұқтаж болған құлдар ғана. Онда қалайша оларды Аллаһқа серік қосамыз?!

«Уәсиля» сөзінің мағынасы: бағыну және жақындау. Оның тілдік мағынасы: мақсатқа жеткізетін құрал. Аллаһтың разылығы мен Жәннатына жеткізетін нәрсе «уәсиля» деп аталады. Міне осы Аллаһтың: «Оған уәсиля іздеңдер» (Мәида сүресі, 35-аят), сөздеріндегі заңды «уасиля» болып табылады.

Ал Құран аяттары мен хадистерді бұрмалайтын көпқұдайшылар былай айтады: «Уәсиля» дегеніміз – ол Аллаһ пен сенің ортаңда ізгілерден, әулиелерден, өліктерден болған дәнекер етуің. Солар арқылы сен Аллаһқа жақындайсың". Осы адасқандардың пайымдауынша, әлге дәнекерлер сенің тілегеніңді Аллаһқа жеткізіп, саған не қажет болып жатқанын Оған хабарлайды. Аллаһ білмей ма сонда дәнекерлерсіз бұны?! Немесе Аллаһ дәнекерлер келіп өтінбейінше, адамның дұғасына жауап бермейді ма?! Аллаһ олардың айтқандарынан Пәк!

Олар былай дейді: “Аллаһ Тағала айтты ғой: «Олардың сиынғандары Раббыларына уәсиля ізденеді». Демек, жаратылыстардың арасынан Аллаһқа жеткізетін дәнекер таңдап алу заңды іс. Өйткені, Аллаһ солай істейтіндерді жоғарыдағы аятта мақтап отыр. Басқа аятта Ол: «Әй, иман келтіргендер! Аллаһтан қорқыңдар, Оған уәсиля ізденіңдер және Аллаһ жолында соғысыңдар» (Мәида сүресі, 35-аят), - деп айтты. Раббымыз бізге уәсиля алуымызды бұйырып отыр. Ал оның мағынасы: дәнекер". Қараңыздар, осылай олар Аллаһтың сөздерін айтылмақшы болған мағынадан бұрмалап, өзгертеді. Ал Құран мен Сүннет негізі бар заңды уәсиля ол – Аллаһқа жақындататын бойұсыну, Оның есімдері мен сипаттары арқылы оған жалбарыну. Осы – заңды уәсилә болып есептеледі. Ал жаратылыстарды дәнекер етіп, Аллаһқа уәсиля іздеу тыйым салынған. Оған қоса ол Аллаһқа серік қосу көрінісі болып табылады. Бұрында да мушриктер жаратылыстарды уәсиля деп таңдаған еді. Аллаһ Тағала олар жөнінде былай айтты: «Олар Аллаһтан өзге зиян да тигізбейтін, пайда да әкелмейтін нәрселерге құлшылық етеді де: “Бұл – біздің Аллаһтың алдындағы шапағатшыларымыз", - дейді» (Юнус сүресі, 18-аят). Тағы да Аллаһ: «Ал Одан басқа біреулерді өздеріне әулие етіп алғандар: “Біз оларға тек, Аллаһқа едәуір жақындатсын деп қана құлшылық етеміз", - дейді» (Зумар сүресі, 3-аят). Бұл – әуелгілердің де, ақырғылардың да екі тамшы секілді бір-біріне ұқсаған көпқұдайшылығы. Олар оны уәсиля деген жақсы сөзбен атағанымен, ол нағыз ширк болып қала береді. Ал ширк Аллаһқа ешқашан уәсиля болмақ түгіл, Одан едәуір алыстатып жібермейтін ба еді?! Аллаһ Тағала былай айтты: «Расында, кім Аллаһқа серік қосса, оған Аллаһ жәннатты харам етеді, әрі оның орны тозақта болады. Залымдар үшін еш көмекші болмайды» (Мәида сүресі, 72-аят). Қалайша ширк Аллаһқа жеткізетін уәсиля болмақ?! Аллаһ олардың айтқандарынан Жоғары!

http://ksunne.ru/otvedenie/vvero/4.htm - footnote_53Ағаштар мен тастарға құлшылық етілетініне Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқайды: «Ләт пен Узза туралы хабарлаңдаршы, және үшінші сұмпайы – Мәнәт (туралы)(Нәжм сүресі, 19-20-аяттар) [15]. http://ksunne.ru/otvedenie/vvero/4.htm - footnote_54

[15] Бұл аят тастар мен талдарға құлшылық ететін көпқұдайшылар бар екеніне дәлел болып табылады.

Әл-Ләт - Таифтағы жонылған ақ жартас болатын. Оның үстіне жабылғысы бар ғибадатхана тұрғызылған. Оның қызметкерлері бар еді. Ғибадатхана қабырғамен қоршалған. Таифтың тұрғындары болған сақифилер және басқа тайпалар оны ұлықтайтын. Сондай-ақ, басқа арабтардың алдында мақтаныш ететін.

Басқа қырағат бойынша аяттағы бұл сөз «әл-ләттә» (илеуші) деп оқылады. Ол – сәуиқ (ұн мен құрмадан жасалатын) деген ас әзірлеп, онымен қажылыққа келген адамдарды тамақтандырып жүрген ізгі кісі. Ол қайтыс болған соң, оның қабрінің үстінен халық ғимарат соғады да, оған Аллаһтан өзге құлшылық етеді. Міне, осы – әл-Ләт.

Әл-`Узза – Мекке мен Таифтің арасындағы, Нәхлә деген жердегі ағаш болатын. Оның үстінде жабылғысы бар ғимарат бар еді. Сондай-ақ, ол жерде қызметшілер болған. Сол мекенде шайтандар адамдармен сөйлесуші еді. Ал надандар, сөйлеп жатқан – ағаштардың өзі немесе оның үстіне құрылған ғимарат деп ойлаған. Алайда, ол – адамдарды Аллаһтың жолынан адастырмақшы болған шайтандар еді. Бұл пұт құраиш тайпысының, Мекке мен оның айналасындағы тұрғындардың иелігінде еді.

Мәнәт – Мекке мен Мәдинаның арасындағы мекенде орналасқан жартас. Оған жәхилия (Исламға дейінгі надандық) кезенінде Хуза`а, әл-Әус, әл-Хазрәж тайпалары құлшылық қылатын. Сол жерден олар Қағбаға қажылық жасауға аттанатын.

Осы үшеуі – арабтардың ең үлкен пұттары еді.

Аллаһ Тағала былай деді: «Ләт пен Узза туралы хабарлаңдаршы, және үшінші сұмпайы – Мәнәт (туралы)!». Олар сендерді құтқарды ма? Сендерге бір пайда әкелді ма? Сендерге көмектескен ба еді? Олардың жаратуға, ризық беруге, өлтіруге, тірілтуге шамасы жеткен ба? Олардан не таптыңдар? Бұл сөздерді Аллаһ адамдардың көңілін аудару үшін айтты. Олар тек ағаштар мен тастар ғана еді ғой. Олар пайда да, зиян да әкелмейтін жаратылыстар ғой.

Ал Ислам келген кезде және пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Меккені ашқан кезде, ол Муғира ибн Шу`баны Таиф қаласындағы әл-Ләтты қиратуға жібереді, Холид ибн Уәлидті `Уззәны құртуға жібереді (сонда ол ағаштардың барлығын құлатып, адамдармен сөйлесетін жын-шайтаны бар тәуіп әйелді өлтіреді), `Али ибн Әбу Талибті Мәнәт пұтын жер бетінен жойып жіберуге жібереді. Олар өздерін де сақтап қалған жоқ, онда өздеріне құлшылық етіп жүргендерді қалай сақтайтын еді?!

Әбу Уәқид әл-Ләйси жеткізген хадисте былай айтылған: «Бірде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге Хунайнға жол тартады. Олармен бірге жақын арада Ислам қабылдаған мұсылмандар болады. Кенет, көпқұдайшылар көпке дейін жанынан шықпай, әркез береке тілей отырып қару жарақтарын ілетін (Зәт әл-ануат деген) бір талдың жанынан өтіп бара жатқанда жақын арада Ислам қабылдаған мұсылмандар: "Иә, Аллаһтың елшісі! Біз де олардыкіндей Зәт әл-ануат болуын қалаймыз"-дейді. Сонда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): "Аллаһу әкбар! (Аллаһ ұлы!) Бұл бұрынғылардың салты. Жаным қолында болғанмен ант етемін, сендер Исраил ұрпақтарының Мұсаға айтқан сөзін айтып тұрсыңдар: «Бұлардың тәңірлері сияқты бізге де тәңір жасап бер. Мұса оларға: "Шынында сендер надан қауымсыңдар"- дейді» (А`раф сүресі, 138-аят). Шынында сендер бұрынғылардың салтымен жүресіңдер"-дейді Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)» (Тирмизи 5/218) [16].

[16] Әбу Уәқид әл-Ләйси – Меккенің ашылу жылында, яғни Һижраның сегізінші жылында Ислам қабылдаған.

Зәт әл-әнуат: «әнуәт» деген сөз оған ілінетін нәрсені білдіретін «нәут» сөзінің көпше түрі болып табылады. Адамдар зәт әл-әнуатқа өз қару-жарақтарын береке алу үшін іліп қоятын. Ал жақында ғана Ислам қабылдаған, әрі таухидті толық түсінбеген кейбір сахабалар: “ Біз де олардыкіндей Зәт әл-ануат болуын қалаймыз", - деп айтады. Бұл – соқыр ілесу (тәқлид) мен еліктеудің (тәшаббуһ) кесірі. Бұлар – ең ұлы бәлелердің болып табылады. Соны естіген пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қатты таңқалып: «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!», - дейді. Өйткені, егер оны бір нәрсе таң қалдырса, ол «Аллаһу әкбар!», - деп немесе «Субханаллаһ!», - деп айтатын.

«Бұл бұрынғылардың салты», яғни бұрыңғылардың жүріп кеткен жолы. Әлгі сахабаларды сондай сөздерге итермелеген, бұрынғылардың жолына еру және көпқұдайшыларға еліктеу еді.

Осы хадистен мынадай пайдалар аламыз:

1) Таухид туралы білмеудің қауіптілігі. Егер адам таухидті білмесе, күндердің күнінде ширкке, өзі де сезбей, бас сұғуы әбден мүмкін. Осыдан, таухидті және оған қайшы келетін ширк мәселелірін үйренудің міндеттілігін түсінеміз.

2) Мушриктерге еліктеудің қауіптілігі. Ол ширкке де апаруы мүмкін.

3) Тастардан, ағаштардан және ғимараттардан береке тілеу, адамдармен ширк деп аталмаса да, шариғат бойынша ширк деп есептеледі.

Төртінші қағида

Қазіргі замандағы қөпқұдайшылар жасап жүрген ширктерінде бұрынғы көпқұдайшылардан қорқыныштырақ. Өйткені ерте замандағы көпқұдайшылар есендік кезінде Аллаһқа теңдес (серік) қосатын, бірақ бақытсыздық кездерінде Ол үшін ықыласты болатын. Ал біздің кезіміздің көпқұдайшылары үнемі: есендікте де, бақытсыздықта да Аллаһқа теңдес (серік) қосады. Бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Қашан олар кемеге отырса, Аллаһқа діндерін шын ықыласпен орындап, жалбарынады, ал Ол оларды құтқарып, құрлыққа шығарса, олар Аллаһқа серік қосады» (`Анкәбут сүресі, 65-аят) [17].

[17] Аллаһ Тағала бізге, бұрынғы мушриктердің қиыншылық кезінде Аллаһ үшін ықыласты болып, Одан басқа ешкімге дұға етпейтінін хабарлады. Себебі, олар Аллаһтан басқа қиыншылықтардан ешкім құтқара алмайтынын білген. Аллаһ тағала айтпақшы: «Теңізде бастарыңа қиыншылық түссе, Одан өзге сиынғандарың жоқ боп кетеді. Ал Ол сендерді құрлыққа шығарып құтқарса, бет бұрып кетесіңдер. Расында, адам баласы шүкірсіз!» (Исра сүресі, 67-аят). Басқа аятта былай делінген: «Оларды толқын көлеңке секілді жапқан кезде, олар Аллаһқа діндерін шын ықыласпен орындап жалбарынады. Ал оларды теңізге шығарып құтқарған кезде, олардың ішінде ортадағылар болады (яғни, шүкір етуден жалтаратындар)» (Луқман сүресі, 32-аят). Тағы да бір аятта Аллаһ: «Ал оларды құрлыққа шығарып құтқарған кезде, серік қосады», - деді (`Анкәбут сүресі, 65-аят). Демек, бұрынғы мушриктер есендік уақытында Аллаһқа серік қосатын еді, пұттарға, ағаштарға, тастарға және т.б. құлшылық ететін. Ал бастарына қиыншылық түскенде және опатқа ұшарай жаздаса, пұттарға да, тастарға да, талдарға дұға етпей, жалғыз Аллаһтан құтқару тілейді.

Ал біздің заманымызда өмір сүретін серік қосушылар болса, есендікте де, қиыншылықта да үнемі ширк жасайды. Тіпті, проблеммалары ауырлай берген сайын, жасайтын ширктері де күшее береді.

Тура сол сияқты, қазіргі мушриктердің бұрынғы мушриктерден жаманырақ екеніне мына нәрсе дәлел болады: ертедегі көпқұдайшылар тек ізгі адамдарға: пайғамбарларға, періштелерге, әулиелерге құлшылық етіп жүрген болса, қазіргілер күнәһардың күнақарына ғибадат жасайды. Олардың өздері бұны мойындайды. Олардың пірлері, мәселенкей, намаз оқымайды, ораза тұтпайды, зинадан және басқа да арсыздықтардан аулақ жүрмейді. Өйткені, олардың ойы бойынша, пірлердің мойнынан міндеттің бәрі түскен. Сондықтан, олар үшін халәл мен харам деген түсінік жоқ, ондай түсініктер тек қарапайым адамдарға арналған. Олардың өздері, пірлерінің осылай пайымдауларына сүйеніп, намаз оқымайтындарын, ораза тұтпайтындарын мойындайды. Соған қарамастан, сол пірлері мен көсемдеріне құлшылық етеді. Ал олар ең күнәһар адамдар, мысалы: Халләж, Ибн `Араби, Бәдәуи және т.б.

Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!