Сүлеймен пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
Бөлімдер
Full Description
Сүлеймен пайғамбар
(оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
قصة نبي الله سليمان عليه السلام
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Қазақ тілі командасы орналасуы Dar әл-Ислам
Islamhouse.com
Сүлеймен
(оған Аллаһтың сәлемі болсын)
Сүлейменге (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Дәуіттен (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қалған мұра
Дәуіт дүниеден қайтқан соң, билік тағын оның ұлдарының бірі Сүлеймен иемденді. Аллаһ Тағала:
«Сүлеймен Дәуітке мұрагер болды», - дейді (Нәміл сүресі, 16 аят).
Аяттағы «мұрагер» деген сөзден мал-дүниеге қатысты емес, пайғамбарлық пен патшалық істеріндегі мұрагерлік мақсат тұтылған. Өйткені Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): Біз пайғамбарлар мирас қалдырмаймыз. Біздің қалдырғанымыз – садақа», - деп айтқаны бар (Имам әл-Бұхари, Имам Муслим және басқалар риуаят етті).
Сүлейменге (оған Аллаһтың сәлемі болсын) берілген мұғжизалар
Ол мұғжизалардың бірі – Сүлеймен құстардың тілін білетін. Аллаһ Тағала Сүлеймен пайғамбардың тілінде:
«Ей, адамдар! Бізге құс тілі үйретілді. Сондай-ақ бізге әр нәрсе берілді. Рас, бұл әлбетте анық бір артықшылық», - деген (Нәміл сүресі, 16 аят).
Сонымен бірге ешкімге берілмеген және ешкімге берілмейтін, бағындырылмайтын мақлұқаттардың бірі – жындардың Сүлейменге қызмет жасауы. Ол барлық жын-шайтандардың үстінен билік жүргізді. Аллаһ Тағала:
«Оған түрлі құрылыс салушы және сүңгігіш шайтандарды бағындырдық. Ал басқа біреулері шынжырларда қосақтаулы еді. Бұл – біздің бергеніміз. Ендеше қалағаныңа бер яки бермей ұстап тұр. (оның) есепсіз», - дейді (Сад сүресі, 37-39 аяттар).
Жындар да өзара қауымдарға, тайпаларға бөлінеді және олардың әрқайсысының кәсібі, қызметтері болады. Мәселен, олардың құрылысшылары, сүңгуірлері, тас қашаушылары, зергерлері т.с.с. бар. Сүлеймен олардың өзіне бағынбағандарын екі-екіден қосақтап байлап тастайтын. Аллаһ Тағала ол туралы:
«Раббының бұйрығымен оның алдында жұмыс істейтін жындарды бағындырдық. Олардан кім әмірімізден тайса, оған жалындаған азаптан таттырамыз. Олар Сүлейменнің қалауынша құрылыстар, мүсіндер, көлдей ыдыстар және орнатылған қазандар жасайтын. Ей, Дәуіттің үй-іші! Шүкіршілік етіңдер! Құлдарымнан шүкір етуші аз» (Сәбә сүресі, 12-13 аяттар);
«Оған суға сүңгитін және басқа істерді істейтін шайтандарды бағындырдық. Сондай-ақ олардың бақылаушысы едік», - дейді (Әнбия сүресі, 82 аят).
Бұл айтылған кереметтерге қоса, Сүлеймен желге билік жүргізді. Аллаһ Тағала бұл жөнінде:
«Оған бұйрығымен қалаған жеріне жүретін пайдалы желді бағындырдық», - деген (Сад сүресі, 36 аят).
Сүлеймен желдерді қай тарапқа бағыттаса, сол тарапқа олар бұлт апарып жаңбыр жаудыратын. Ол сондай-ақ жай желдерге ғана емес, дауылды желдерге де үкімін жүргізді. Аллаһ Тағала:
«Сүлейменге дауылды желді бағындырдық. Оның әмірімен Біз мүбәрак қылған жерге жүреді», - деп айтқан (Әнбия сүресі, 81 аят).
Сүлеймен пайғамбар желдерге Құдыста отырып билік ететін. Құдыс қаласы желдердің орталығы еді. Осы аталмыш желдің көмегімен Сүлеймен алыс-шалғай жерлерге аз уақытта жетіп баратын. Бұл үшін оның бөрене, тақтайлардан біріктіріліп жасалған сал іспеттес үлкен кілемі бар еді. Егер ол бір алыс сапарға шығуды қаласа, бүкіл әскері осы кілемнің үстіне отыратын да, жел оны астынан көтеріп алып ұшып тиісті жерге жеткізетін. Бұл желдің жылдамдығы сондай Сүлеймен әскерімен бір айлық жолды қажет ететін мекенге таң мен түс арасында баратын, түс пен кеш арасында қайтып үлгеретін делінген.
Аллаһ Тағала: «Сүлейменге де ерте кетуі бір айлық, кешке қайтуы бір айлық (жол алатын) желдерді бағындырдық», - деген (Сәбә сүресі, 12 аят).
Сүлеймен пайғамбардың тағы бір мұғжизасы – Аллаһ Тағала әкесі Дәуітке темір өңдеу қабілетін дарытқаны сияқты оған мыс көздерін берді. Аллаһ Тағала бұл жайлы:
«Ол үшін еріген мыстан бұлақ ағыздық», - деген (Сәбә сүресі, 12 аят).
Сүлейменнің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қазылығы
Аллаһ Тағала жоғарыдағыларға қоса, Сүлейменге үкім шығаруда асқан даналық берген. Бір күні Дәуіттің алдына екі көрші кісі дауласып, төрелік сұрап келеді. Олардың бірінің қойлары, енді бірінің бау-бақшасы бар еді. Түнде қораның есігі ашық қалып қойып, қой иесінің қойлары бақшаға кіріп, оны жеп қояды. Дәуіт бақшаның егесіне әлгінің қойларын алып береді. Екеуі тысқа шыққанда не үкім берілгенін білген Сүлеймен әкесіне кіріп: «Бұдан да жақсырақ үкім беруге болмас па еді, о, Аллаһтың пайғамбары!» - дейді. Дәуіт ұлынан: «Ол қандай үкім?» - деп сұрады. Сонда Сүлеймен: «Бақшаның егесіне қойлар, ал қой иесіне бақша беріліп, қой иесі бақшаға егін егіп, оны қалпына келтіргенше бақша иесі қойдан пайдалана тұрса...Бүлінген бақша қалпына келтіргеннен кейін екеуі қайта алмасады», - дейді. Әрине бұл алдыңғыға қарағанда ұтымды шешім еді. Құранда Аллаһ Тағала осы оқиғаға қатысты:
«Дәуіт пен Сүлейменді , екеуі бір адамдардың қойы түнде егінге түсіп, соған билік айтқанда биліктерін көріп тұрдық. Сонда оны Сүлейменнің көкейіне салдық. Негізінен әрқайсысына үкім мен білім бердік», - деген (Әнбия сүресі, 78-79 аяттар).
Сондай-ақ, бір күні Дәуітке балаға таласқан екі әйел келеді. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір екі әйел балаларын өздерімен бірге алып жүрген кезде қасқыр шауып, бірінің баласын алып кетеді. Сонда олар екінші балаға таласып, үлкен әйел: «Қасқыр сенің балаңды алып кетті», - дейді. Ал кішісі: «Керісінше, сенікін алып кетті», - деп, Дәуіттен үкім сұрап келеді. Дәуіт үкімді үлкен әйелдің пайдасына шешеді. Сонда Сүлеймен: «Маған қанжар әкеліңдер, оны екеуіңе бөліп берейін», - дейді. Сол кезде кіші әйел: «Аллаһтың рақымы жауғыр, бала соныкі», - деп шырқырайды. Сөйтіп Сүлеймен баланы кіші әйелге алып берді», - деп айтқан (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят еткен).
Сүлейменнің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) әуесі
Сондай-ақ, Сүлейменнің сүйіп айналысатын бір әуесі – арғымақтар ұстау еді. Ол сарайында бір аяғын көтеріп, үш аяқтап тұратын асыл тұқымды, ұшқан құс, жүгірген аңмен жарысатын өте жүйрік сәйгүліктерді жарататын. Сүлеймен бір күні арғымақтарын тамашалап тұрып күннің қалай батқанын білмей қалады. Ол осылай сәйгүліктерін қызықтап жүріп, ғибадат уақытын өткізіп алған-ды.
Аллаһ Тағала бұны Құранда:
«Бір кеште оған жүйрік сәйгүліктер көрсетілді. Сонда ол: «Расында мен (күн) батқанша жылқыны Раббымды еске алудан жақсы көріппін. Оларды маған қайта әкеліңдер», - деді. Сөйтіп (сәйгүліктердің) аяқтары мен мойындарын сипай бастады», - деп баяндалған (Сад сүресі, 31-33 аяттар).
Содан кейін Сүлеймен арғымақтармен әуестенуді қойған, Аллаһ Тағала оған оның орнына желді бағындырды.
Құмырсқа оқиғасы
Сүлеймен жайлы Құранда баяндалған қызық хикаялардың бірі құмырсқа оқиғасы. Аллаһ Тағала:
«Сүлейменнің жыннан, адамдар мен құстардан толық басқарылудағы әскерлері жиналды. Олар құмырсқалар (мекен еткен) бір ойпатқа келгенде бір құмырсқа: «Әй, құмырсқалар! Індеріңе кіріңдер! Сүлеймен мен оның әскерлері сендерді білмей, жаншып кетпесін», - деді. Сонда (Сүлеймен) құмырсқаның сөзіне жымиып күлді де: «Раббым, маған және әке-шешеме мархабат еткен игіліктеріңе шүкір етуімді әрі өзің разы болатын амал істеуімді нәсіп ет те, Өз мархабатыңмен ізгі құлдарыңның арасына кіргіз!» - деді» (Нәміл сүресі, 17-19 аяттар).
Сүлеймен (оған Аллаһтың сәлемі болсын) және Билқис
Сондай-ақ Сүлейменге қатысты қызықты Құран хикаясы – оны мен Билқис патшайым жайлы оқиға. Бұл қисса «Нәміл» сүресінде баяндалады.
Бір күні Сүлеймен адамдардан, жын-перілер мен аң-құстардан құралған бүкіл әскерінің жиналуына бұйрық береді. Жиылысқа Һудһуд келмей қалып, Сүлеймен: «Құстарды түгендеді де: «Һудһудты неге көрмеймін, немесе ол жоғалып кетті ме?» - деді». Кешіккен соң, оған іздеу салып: «Расында мен оған ауыр азап көрсетемін яки оны бауыздаймын. Немесе маған бір ашық дәлел келтірсін», - дейді. Бір кезде көп күттірмей Һудһуд келіп, Сүлейменге: «Мен сен білмейтін бір нәрседен хабар таптым және Сәбәдан анық бір хабар алып келдім», - дейді. Ол әңгімесін жалғап:
«Мен оларға патша боп отырған бір әйелді көрдім. Оған әрбір нәрседен несібе берілген. Және оның үлкен тағы бар. Мен оның және оның қауымының Аллаһқа емес, күнге сиынатындықтарын көрдім. Шайтан оларға істерін әдемі көрсетіп, жолдан тосқан. Сондықтан тура жол таба алмайды. Көктер мен жердегі сырларды әшкере ететін және олардың көрнеу-көмес істегендерін білетін Аллаһқа неге сәжде қылмайды? Ұлы аршының Раббы – Аллаһ. Одан басқа ешбір құдай жоқ», - деді.
Бұл Билқис деген патшайым болатын. «Оған әрбір нәрседен несібе берілген» еді. Оның ғажайып бір тағы болатын.
Һудһудтың сөзін естіген Сүлеймен:
«Рас айтасың ба, жоқ өтірік айтасың ба – оны көрерміз, (әуелі) менің мына хатымды оларға алып барып таста да, бұрылып күтіп тұр. Сөйт те, (мұны) қалай қабылдайды (соны) бақыла», - деп, жат елге өз сәлемін жолдайды. Әміршісінің хатын Һудһуд ұшып келіп, Билқис сарайының төбесінен тастайды. Көктен түскен хатқа таңырқаған Билқис оны алып ашып қарағанда, соңында Сүлейменнің қолы қойылған:
«Бисмилләһир-Рахманир-Рахим. Маған астамшылық көрсетпеңдер. Алдыма бойсұнған күйде келіңдер», - деген сөзді оқиды.
Арасы алшақ екі елде (Билқис Йеменде, Сүлеймен Палестинада) сұлтандық құрған екі патша ешқашан кездеспеген-ді. Сүлейменнен келген бұл хаттың мәселесін шешуге Билқис елінің ақсақалдарын жинап: «Ей, ақсақалдар! Маған бір ардақты хат келді, ол Сүлейменнен...Менің бұл ісіме қатысты ақыл-кеңес беріңдер», - дейді. Ал, олар Билқисқа:
«Біз жарақты әскері бар күшті елміз, қалай шешуді өзің ойлап көр», - деп батыл ештеңе айта алмады. Сонда Билқис:
«Егер патшалар бір елге кірсе, оны бұзады, қадірлілерін қор етеді. Осылай істейді де. Мен оларға бір сәлемдеме жіберіп, елшілер арқылы не жауап қайтаратынын күтемін», - деп тоқтамға келеді.
Сөйтіп ол қисапсыз мал-мүлік, асыл тастар, сыйлықтармен сол елге елшілер аттандырды. Патшайым тапсырған нәрселерді жеткізген елшілер жер-жаһандағы теңдесі жоқ, ұлы патшалықтың иесі, ешкім бағындыра алмайтын нәрселерді бағындырған, ешкім құра алмаған өркениеттің төрінде отырған патшаны көрді. Елшілер ханшайымдарының беріп жіберген сәлемдемесін Сүлейменнің алдына тартқанда ол: «Сендер мені мал-дүниемен жарылқамақшысыңдар ма? Маған Аллаһтың бергені сендер бергеннен жақсы. Тарту-таралғыларың өздеріңе бұйырсын. Патшаларыңа айтып барыңдар. Ол алдыма келмесе, мен оған қарсы шеп-шегі жоқ әскер шығарамын және оларды ол жерден қорлап шығарамын да, олар сорлайды», - деп қайтарды.
Елдеріне жеткен елшілер көрген-білгендерін, Сүлейменнің қайтарған жауабын айтқан соң, Билқис Сүлейменнің мемлекетіне бағынуға шешім қабылдап өзінің басшылығымен өкілдерін алып баратындығын айтады. Олардың келе жатқанын естіген Сүлеймен қол астындағы үлкен жындарын жинап:
«Ей, мықтылар! Олар маған бойсұнып келуден бұрын қайсыларың оның тағын маған алып келесіңдер?» - дейді. Сонда: «Жындардан бір үлкені: «Тақты мен (мәжіліс бітіп) сен орныңнан тұрғанша әкелемін. Шын оған күшім жетеді де сенімдімін», - деді. Сондай кітаптан ілімге ие біреу: Мен қасқағым сәтте әкелемін», - дейді. (Сүлеймен) оның (тақтың) жанына келтіріліп, қойылғанын көрген сәтте:
«Бұл Раббымның маған берген кеңшілігі. Шүкіршілік қылам ба, шүкірсіздік етем бе, мені сынау үшін. Кім шүкіршілік қылса, әрине өзі үшін қылады. Ал кім шүкірсіздік етсе, Раббым Бай әрі Жомарт», - деді.
Бұл тақ әкелінген соң Сүлеймен оны өзгертуге әмір береді. Қызметкерлері оны жеңіл-желпі жөндейді.
Көп кешікпей патша сарайына Билқис та келіп түседі. Ішке енген патшайым мен жанындағы өкілдері төрдегі тақтан көздерін алмай таңырқап қалады. Таңданыстарын аңғарған Сүлеймен Билқисқа:
- Сенің тағың осындай ма? – дейді. Билқис болса:
- Дәл өзі сияқты, - деп жауап береді.
Сүлеймен келген қонақтарға өзіне Аллаһ Тағаланың тарту еткен күш-құдіретін көрсеткісі келіп түгелдей мөлдір шыныдан құрылған, тіпті еденінің астынан су ағызылып қойылған бір сарайға кіргізеді. Бұл сарайдың шеберлікпен жасалғаны сондай, су шынының үстінен ағып жатыр екен деп ойлаған Билқис кіре бере көйлегінің етегін түреді. Аллаһтың бұл кереметін көрген Билқис ханшайым бұл адам қолынан келмес ғажайып нәрсе екенін түсініп, ғаламат күштің өкілі Сүлеймен (оған Аллаһтың сәлемі болсын) шақырып тұрған бұл діннің хақиқилығына көзі жетіп, сол жерде: «Раббым! Шынында өз-өзіме кесір еткен екенмін. Сүлейменмен бірге әлемдердің Раббы Аллаһқа бойсұндым», - деп иман келтіреді. Бір хабарларда, Билқистің Сүлейменге тұрмысқа шыққаны жайлы айтылады.
Сүлейменнің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) дұғасы
Сүлеймен Құдірет Иесі тарапынан берілген ғажайып нығметтер мен биліктің өзінен кейін ешкімге нәсіп етілмеуін сұрап Аллаһ Тағалаға: «Раббым! Мені кешір және маған өзімнен кейін ешкімге тиесілі болмайтын патшалық бер», - деп дұға қылған (Сад сүресі, 37-38 аяттар). Аллаһ Тағала оның тілегін қабыл алып, мұндай билік Сүлейменнен кейін ешкімге бұйырған емес. Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кеше кешке жындардың бір дәуі маған намазымды үзу үшін килікті. Сонда маған Аллаһ сондай күш берді, оны ұстап алдым да, бәрің көрулерің үшін мешіттің тіреулерінің біріне байлап қойғым келген еді, бауырым Сүлейменнің: «Раббым! Мені кешір және маған өзімнен кейін ешкімге тиесілі болмайтын патшалық бер» деген дұғасын есіме алдым. Сөйтіп оны босатып жібердім», - деген (Имам әл-Бұхари риуаят еткен).
Сүлейменнің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Ақса мешітін жаңартуы
Сүлейменнің ғұмырындағы атқарған тағы бір айтулы істерінің бірі – оның Бәйтул Мақдисті жаңартуы. Бұл аталмыш мешітті салған Яъкуб еді. Әбу Зарр (оған Аллаһ разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Жер бетінде алғаш салынған қай мешіт?» - деп сұрақ қойғанда, Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Харам мешіті», - деп жауап берген. «Сосын ше?» - деп сұрағанда: «Ақса мешіті», - деген. «Олардың арасы қанша?» - деп сұрағанда: «Қырық жыл», - деп жауап қайырған. Сондай-ақ Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас (әкесі екеуіне Аллаһ разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Сүлеймен Бәйтул Мақдисті салған кезде Ұлы Раббысынан үш қасиет сұрады. Аллаһ Тағала оған екеуін берді, ал үшіншісінің нәсіп етуін біз үміт етеміз. Сүлеймен Аллаһ Тағаладан Оның үкімімен сәйкес келетін үкім сұрады, оны берді, өзінен кейін ешкімге тиесілі болмайтын патшалық сұрады, оны берді және қайсыбір кісі үйінен осы мешітте (Бәйтул Мақдисте) намаз оқуды қалап шықса, оның қателіктерінің анасынан туғандағыдай шығуын сұрады. Оны Аллаһ бізге берді деп үміттенеміз», - деген (Имам Ахмад, Нәсәи, ибн Мәжәһ риуаят етті).
Сүлейменнің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) шариғатының ерекшелігі
Сонымен қатар, Аллаһ Тағала оған көп әйел алуға ерік берген. Әбу Һурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
«Дәуіттің ұлы Сүлеймен: «Осы түнде жетпіс әйелімді аралаймын да, әрбірі Аллаһ жолында шайқасатын шабандозға жүкті болады», - дейді. Бірақ «Аллаһ қаласа» деп айтпайды. Нәтижеде ешқайсысы көтермей, тек біреуі ғана жарты денесі жоқ бір бала туады. Егер ол «Аллаһ қаласа» деп айтқанда, балалары Аллаһ жолында шайқасар еді», - деген (Имам әл-Бұхари, Имам Ахмад және басқалар риуаят еткен).
Аллаһ Тағала: «Расында Сүлейменді сынап, тағының үстіне бір дене қойдық. Сосын ол тәубе қылды», - деп айтқан (Сад сүресі, 34 аят).
Жындар ғайыпты білмейді
Сүлеймен елу екі жасында ғажап жағдайда дүние салды. Аллаһ Тағала оның қазасы арқылы адамдарға бір ғибрат беруді қалады. Мұның мәнісі, сол кезде халық арасында «жындар ғайыпты біледі» деген түсінік бар еді. Сондықтан Аллаһ Тағала Сүлейменнің қазасы себебімен жындардың ғайыптан мүлде бейхабар екенін түсіндіргісі келді.
Көзі тірісінде Сүлеймен әдетте жындарды жұмысқа жегіп, өзі жұмыс қарқынын жіті бақылап отыратын. Оның бақылауында жындар жұмысты аянбай, белсене істейтін.
Бір күні ол жындардың жұмыс барысын ұзақ бақылаудан кейін шаршап, аса таяғына сүйене, жағын таянып тұрған. Сол кезде Аллаһтың әмірімен Сүлеймен жан тапсырады. Алайда, көздері ашық қалған-ды. Жындар оның көз жұмғанын сезбей, ұзақ уақыт бойы тынбай, қарқынды жұмыс үстінде болды. Сүлеймен осы қалпында бір жыл тұрды делінген. Уәзірі жындарды алдандыру үшін онымен ақылдасқансып, анда-санда құлағына сыбырлап кетіп жүрді. Уақыт өте келе жындар әміршілерінің бір орнынан тапжылмай, ішпей-жемей, өздерін қимылсыз күзетіп тұрғанына таңдана бастады. Сол кезде Аллаһ Тағала жер құрттарын (термиттерді) жібереді. Бұл жәндіктер Сүлейменнің аса таяғын кеміреді, сөйтіп жерге жығылады. Сол кезде ғана барып жындар оның өлгенін бір-ақ білді. Осылай Аллаһ Тағаланың даналығымен адамдар «жындар ғайыпты біледі» деген түсініктен арылды. Егер де олар ғайыптың сырын білгенде, әлбетте, Сүлейменнің қайтыс болғанын сол мезетте-ақ білген болар еді. Аллаһ Тағала: «Біз оның өліміне үкім берген заманда жындарға оның өлімін асасын жеген жердің құрты ғана көрсетті. Сонда ол жығылған сәтте жындарға аян болды. Егер жындар көместі білген болса еді, олар ауыр машақатта қалмас еді», - деген (Сәбә сүресі, 14 аят).
Сүлейменнің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасынан алынар өнегелер
1. Билқистің Сүлейменнің әскеріне қарсы шықпағандығы: ол әйелдің өте ақылды екендігіне дәлел.
2. Сүлеймен арғымақтармен әуестенуін қойып, Аллаһ Тағаланың оған оның орнына желді бағындырғанынан алар өнеге: егер біреу бір істі Аллаһтың ризалығы үшін тастаса, Аллаһ Тағала оған одан да жақсыны алмастырып береді. Себебі Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
«Егер бір нәрсені Аллаһтан қорқып тастасаң, Аллаһ саған одан да жақсыны береді», - деп айтылған (Имам Ахмад риуаят еткен).
Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Әл-бидәя уа ән-ниһая».