×
Адам пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы туралы жазылған мақала

    Адам пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы

    قصة نبي الله آدم عليه السلام

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    Islamhouse.com

    —™

    Жаратылыстың басталуы

    Адам (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы алдында бүкіл әлемнің жаратылысы қалай болғандығына қысқаша тоқталып кетейік. Барлық жаратылысты жоқтан бар етіп Аллаһ Тағала жаратты. Аллаһ Тағаладан өзгенің барлығы жаратылған мақлұқ. Барлық жаратылыс Аллаһ Тағаланың басқаруында. Ол:

    «Аллаһ барлық нәрсенің Жаратушысы әрі Ол әр нәрсеге Кепіл», - деп айтқан (Зумәр сүресі, 62 аят).

    Аллаһ Тағаланың ең әуелгі жаратқан нәрсесі ол Өзінің аршысы (тағы) еді. Әбу Рәзин Ләқит ибн Амир әл-Уқайлиден (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте: «О, Аллаһтың елшісі! Көктер мен жерді жаратудың алдында Раббымыз қайда болды?» - деп (сұрағанда пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын)): «Ол асты-үстінде ауа жоқ бос кеңістікте болды. Сосын Ол су үстінде Өз аршысын жаратты», - деп (жауап берген) (Имам Ахмад риуаят еткен).

    Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас (екеуіне Аллаһ разы болсын): «Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ жаратылғандардың тағдырын көктер мен жерді жаратуынан елу мың жыл бұрын жазып қойды және Оның аршы су үстінде (орналасқан) еді», - деп айтқанын естідім», - деген (Имам Муслим, Имам әт-Тирмизи риуаят етті).

    Сосын барып қалам мен «ләухул махфузды» жаратты. Убада ибн Самиттен (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһтың ең алғаш жаратқан нәрсесі – қалам. Сосын оған: «жаз», - деді. Ол сол уақытта Қиямет күніне дейін болатын нәрселерді жазды», - депті (Имам Ахмад және Имам Әбу Дәуд және Имам әт-Тирмизи риуаят еткен).

    Содан кейін көктер мен жерді және ол екеуінің арасындағылардың барлығын жаратты. Аллаһ Тағала:

    «Ол (Аллаһ) сондай көктер мен жерді және ол екеуінің арасындағыларды алты күнде жаратты, сосын аршыға шықты. Ол жерге кірген нәрсе мен одан шыққан нәрсені және көктен түскен нәрсе мен оған көтерілген нәрсені біледі. Ол қайда болсаңдар да сендермен бірге. Аллаһ не істегендеріңді толық Көруші», - деп айтқан (Хадид сүресі, 4 аят).

    Аллаһ Тағала тағы:

    «Ол (Аллаһ) сондай көктер мен жерді алты күнде жаратты. Оның аршы су үстінде еді», - деген (Һуд сүресі, 7 аят).

    Имран ибн Хусайннан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте, йемендіктер Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Біз сенен дін үйрену үшін, бұл істің әуелін сұрау үшін келдік», - дегенде, пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ бар еді, Одан бұрын ештеңе болмады. Оның аршысы су үстінде еді. Одан кейін көктер мен жерді жаратты және кітапқа барлық нәрсені жазды», - деп айтқан (Имам Бұхари риуаят етті).

    Ал енді көктер мен жердегі мақлұқтардың жаратылу тәртібін, Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қолымнан ұстап:

    «Аллаһ топырақты сенбі күні жаратты, тауларды жексенбі күні жаратты, ал ағаштарды дүйсенбі күні жаратты, жағымсыз нәрселерді (зарарлы нәрселер: аурулар, жаралар, т.с.с.) сейсенбі күні жаратты, ал жарықты сәрсенбі күні жаратты, жануарларды бейсенбі күні жаратты, ал Адамды (оған Аллаһтың сәлемі болсын) жұма күні асыр (уақытынан) кейін жаратты. Ол жұма (күнінің) соңғы сағаттарының бірінде асыр мен түннің арасында жаратылған ең соңғы жаратылыс», - деді (Имам Муслим және Имам Ахмад риуаят етті).

    Аллаһ Тағаланың ең соңғы жаратқаны – адамзаттың атасы Адам (оған Аллаһтың сәлемі болсын). Ол жұма күнінің ең соңғы сағаттарында, асыр мен түннің арасында жаратылды.

    Аллаһ Тағала Адамды (оған Аллаһтың сәлемі болсын) жаратудың алдында періштелерді жаратты. Аллаһ Тағала оларды көптеген аяттарында:

    «Көктер мен жердегілер Онікі (Аллаһтікі). Оның қасындағы (періштелер) Оған құлшылық қылудан паңданбайды да, шаршамайды да. Олар жалықпай күндіз-түні (Аллаһқа) тәсбих айтады», (Әнбия сүресі, 19-20 аяттар).

    «Олар: Рахман (Аллаһтың) баласы бар», - деді. (Аллаһ одан) Пәк. Олай емес, (періштелер) құрметті құлдар. Олар (Аллаһтың) алдын орап сөз сөйлемейді, сондай-ақ, олар Оның әмірін ғана орындайды. (Аллаһ) олардың алдындағыны да, өткендерін де біледі. Олар (Аллаһтың) разы болған (пендесіне) ғана шапағат етеді. Олар (Аллаһтан) қорыққаннан тітірейді. Олардан кім: «(Аллаһтан) өзге мен де құдаймын», - десе, оны тозақпен жазалаймыз. Дәл солай залымдарды да жазалаймыз», (Әнбия сүресі, 26-29 аяттар).

    «(Аллаһтан қорқып) көктер үстінен жарыла жаздайды. Періштелер Раббыларын дәріптей тәсбих айтып, жердегілерге жарылқау тілейді. Расында Аллаһ аса Жарылқаушы, ерекше Мейірімді емес пе?», (Шура сүресі, 5 аят).

    «Мадақ көктер мен жерді жасаған, екі, үш, және төрт қанатты періштелерді елші қылған Аллаһқа тән. Ол жаратуда қалағанын арттырады. Расында Аллаһ әр нәрсеге Құдіретті», - деп келтірген (Фатыр сүресі, 1 аят).

    Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Періштелер нұрдан жаратылды. Жын оттан жаратылды. Ал Адам сендерге (Құранда) сипатталған нәрседен жаратылды», - дегенін Айша анамыз (оған Аллаһ разы болсын) жеткізген (Имам Муслим риуаят етті).

    Демек, періштелерден соң жындар жаратылған, ал олардың жаратылысына негіз болған нәрсе от еді. Бұл туралы көптеген аяттар мен хадистерде келген. Аллаһ Тағала: «(Аллаһ) жынды оттың жалынынан жаратты», - деп айтқан (Рахман сүресі, 15 аят).

    Сондай-ақ Аллаһ Тағала тағы: «Жынды да бұрын түтінсіз оттан жаратқан едік», - дейді (Хижыр сүресі, 27 аят).

    Ібіліс (оған Аллаһтың лағнеті болғай) жын тайпасынан еді. Аллаһ Тағала:

    «(Мұхаммед) сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар», - деген едік. Ібілістен басқа (періштелер) сәжде қылды. Ол (ібіліс) жыннан еді», - деген (Кәһф сүресі, 50 аят).

    Хасан Басри: «Ібіліс бір сәт те періште болмаған», - деп айтқан.

    Өйткені, періштелер нұрдан жаратылды, ал ібіліс оттан жаратылған. Ибн Омар мен ибн Аббас (Аллаһ оларға разы болсын) : «Жындар Адамнан (оған Аллаһтың сәлемі болсын) екі мың жыл бұрын жаратылды. (Олар жерде тура жолдан ауытқып, көп бұзықтықтар жасады. Бірін-бірі өлтіріп) қан төкті. Сонда Аллаһ оларға періштелерден (жасақталған) әскерді жіберді. (Періштелер олармен кескілескен соғыс жүргізді. Жер бетінде Адамның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) алдында періштелер мен жындар арасында үлкен шайқас болды). (Періштелер) оларды теңіз, мұхит аралдарына айдап жіберді», - деген (Ибн Кәсир).

    Яғни, құрлықтардан қуып шықты. Сол аралдар қазіргі кездегі жындардың мекені. Сондай-ақ, жындардың басшысы ібілістің тағы су бетінде екендігіне көптеген хадистерде ишара жасалған. Бұл оқиғалардың барлығы Адамның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) жаратуылынан бұрын болған-ды.

    Адамның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) жаратылысы

    Аллаһ Тағала бүкіл адамзатты тек Өзіне ғана ғибадат етуі үшін жаратты. «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым», (Зәрият сүресі, 56 аят).

    Бірақ, Ол біздің құлшылығымызға мұқтаж емес. Бәлкім біз Оған мұқтажбыз. Аллаһ Мұңсыз, Тәуелсіз. Оның барлық кемшіліктерден пәк көркем есімдері мен ұлы сипаттары бар. Аллаһ Тағала осы есімдерінің әсерін, мейірімділігі мен даналығының белгілерін, құдіреті мен ұлылығының айғағын көрсетуді қалады. Сөйтіп Ол мейірімділігін, білімі мен даналығын және күш-құдіретін көрсету үшін мақлұқатты жаратты. Құлшылық міндеті жүктелген жаратылыстардың бірі адамзаттың атасы Адам еді әрі ол жер бетіндегі алғашқы пайғамбар болатын.

    Адамның тарихы оның жаратылуының алдында барлық кемшіліктерден пәк Аллаһ Тағала мен періштелер ортасында болған көктегі ұлы әңгімеден басталады. Аллаһ Тағала:

    «(Мұхаммед) сол уақытта Раббың періштелерге: «Шынында мен жерде бір орынбасар жаратамын!», - деген-ді», - деген, (Бақара сүресі, 30 аят).

    Яғни, Аллаһ Тағала жерде үкім жүргізетін, онда өркениет жасайтын бір-бірінің орнын бірі басатын мақлұқты жаратуды қалады. Аллаһ:

    «Ол сендерді жерден жаратып әрі онда өмір сүргізді», - деген (Һуд сүресі, 61 аят).

    Сонда періштелер:

    «Сен онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреуді жаратасың ба?», - деп сұрады (Бақара сүресі, 30 аят).

    Періштелер Адамның ұрпағы бұзақылық жасап, қан төгетінін қайдан білді? Олар бұл сөзді қарсы шыққандықтарынан айтпады, олар мұндай сипаттан пәк. Бірақ, олар түсінбекші боп сұрады әрі жындар жаратылғаннан кейінгі оқиғаның куәсі болған-ды. Аллаһ Тағала Адамды жаратудан екі мың жыл бұрын жындарды жаратып, оларға жерде ерік берді. Сонда олар тура жолдан адасып, жер бетінде бұзақылық істеді. Жындар жерде билік етуге лайық емес еді. Енді Аллаһ Тағала басқа бір жаратылыс түрін жаратпақшы, мүмкін олар да жындар сияқты бұзақылық істейтін шығар. Періштелер таңғалды және олар Аллаһ Тағалаға ғибадатта кемшілік жіберіп қойдық па деп қорықты.

    «Негізінен біз Сені мадақтап тәсбих айтып, дәріптеудеміз», деді», (Бақара сүресі, 30 аят).

    Яғни, Сен бізден басқаны жаратпақшысың. Мүмкін біз Сені мадақтап, дәріптеуде кемшілік істедік пе, деген-ді. Демек, бұл жерде сұрақ екіұшты. Сен жындар сияқты бұзақылық істейтін адамдар жаратасың ба? Немесе басқа біреуді жарататындай біз кемшілік жібердік пе? Сонда Аллаһ Тағала оларға: «Мен сендердің білмейтіндеріңді жақсы білемін!» - деді» (Бақара сүресі, 30 аят).

    Сонда періштелер өзара әңгімелесіп: «Раббымыз қалаған нәрсесін жаратады. Ол ешқашан Өзінің алдында бізден құрметті әрі білімді жаратылысты жаратпайды», - деді.

    Яғни, олар барша мақлұқтарды: көктер мен жерді, жануарлар мен жындарды көрді және өздері ғана Аллаһқа мадақ айтып, Оның әмірі мен тапсырмаларын бұлжытпай орындайтынын, көктер мен жердегі Оның бұйрықтарын қалтқысыз іске асыратынын және өздерінің Аллаһтың алдындағы ең құрметті құлдар екенін білетін. Олар Аллаһ Тағаланың ең білімді әрі қадірлі құлдары-тұғын.

    Аллаһ Тағала Адамды жаратпақ болған кезде жерден топырақ әкелуге бұйырды. Әбу Мұса әл-Ашъариден (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    «Аллаһ Адамды бүкіл жер бетінен бір уыс (топырақ) алып жаратты. Сөйтіп, Адам балалары жердің ерекшелігіне қарай пайда болды. Олардан ақ, қызыл, қара (түстілер) және олардың аралықтарындағылары, жеңіл және қатты (мінезділері) мен олардың арасындағылары, сондай-ақ жақсы, жаман және олардың арасындағылары бар», - деген (Әбу Дәуд, әт-Тирмизи, ибн Хиббан риуаят еткен).

    Сонымен адамдардың түр-түсінің және мінез-құлықтарының ерекшелігі жер бедерімен, табиғатымен байланыстырылады.

    Бұл жаратылыс (Адам) топырақтан бастау алды. Сосын ол сумен араластырылып, лайға айналды. Сондықтан Адамды Құранның кейбір аяттарында топырақтан, ал кейбірінде балшықтан (саздан) жаратылды деп келген. Аллаһ Тағала Құранда: «Сол уақытта Раббың, періштелерге: «Мен балшықтан бір адам жаратамын», - деген-ді», (Сад сүресі, 71 аят).

    Топырақ суға шыланды, сосын ол онымен араласа келе бір-біріне жабыса бастады. Аллаһ Тағала: «Оларды (Адам баласын) жабысқақ балшықтан жараттық», - дейді (Саффат сүресі, 11 аят).

    Аллаһ Тағала оны Өзінің екі қолымен жасады. Ол бұл туралы Құранда: «Әй, ібіліс! Екі қолыммен жаратқаныма сәжде етуден сені не тосты?» - деген (Сад сүресі, 75 аят).

    Оны мүсін тәрізді бейнеледі. Сол балшық мүсін біраз уақыт тұрып, кепті. Сөйтіп ол қыш құмыра секілді бейнелі кепкен қара балшыққа айналды. Аллаһ Тағала: «Расында адамды кепкен қара балшықтан жараттық», - дейді (Хижыр сүресі, 26 аят).

    Аллаһ Тағала тағы:

    «Ібіліс сәжде қылмай: «Балшықтан жаратқаныңа сәжде қыламын ба?» - деді», - деп айтқан (Исра сүресі, 61 аят).

    Және бір аятта: «Ол, адамзатты сыңғырлаған кепкен балшықтан жаратты», - деп келген (Рахман сүресі, 14 аят).

    Демек, Адам жаратылысының негізі болған топырақ түрлі кезеңдерден өтті. Аллаһ Тағала: «Расында сендерді жаратып, содан кейін бейнеледік», - деген (Ағраф сүресі, 11 аят).

    Бұл мүсіннің жаратылған кездегі түр-тұлғасын сипаттап Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ Адамды ұзындығын алпыс кез етіп жаратты,...адамдар сол уақыттан бастап қысқара берді», - дегенін Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят етті).

    Бір хадисте: «Адамның бойын алпыс кез, ал енін жеті кез», - деп сипаттаған (Имам Ахмад риуаят еткен).

    Адамға жан бітудің алдында періштелер оны мүсін қалпында көріп үрейленеді. Ең қатты үрейленген ібіліс болды. Ол қасына келіп оны ұратын, сонда мүсін жаңғырған дыбыс шығаратын. Мүсіннің іші бос, қуыс екенін көрген ібіліс оның өз-өзіне ие бола алмайтындығын, әлсіз екенін білді. Ібіліс оған: «Не іс үшін жаратылдың?» - дейтін еді. Сосын ол оның аузынан кіріп, артынан шықты. Сонан кейін ол періштелерге: «Қорықпаңдар бұдан. Егер мені одан үстем қылса, оның көзін жоямын. Ал егер оны менен үстем қылса, қарсы шығамын», - деді. Сөйтіп ібілісте әуелден-ақ Адамға деген дұшпандық пайда болды.

    Әнәс ибн Мәликтен (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ Тағала Адамды жаратқан кезде оны біршама сол күйінде Өзі қалаған мерзімге дейін қалдырды. Сөйтіп ібіліс оны айнала бастады. Оның кәуек екенін көріп, әлсіз жаратылыс екенін білді», - деген (Имам Муслим және Имам Ахмад риуаят етті).

    Адамға (оған Аллаһтың сәлемі болсын) рухтың үрленуі

    Сонан соң Аллаһ Тағала Адамға рух үрледі. Бұл туралы Ол Құранда: «Оның жаратылысын тамамдап, рухымнан үрлеген (жан салған) сәтте оған сендер (яғни, періштелер) сәжде қылыңдар! (Бас иіңдер!)» - деген (Хижыр сүресі, 29 аят).

    Аллаһ Тағала тағы:

    «Шын мәнінде, Аллаһтың қасында Исаның жағдайы; топырақтан жаратып, сонсоң «бол» дегенде бола қалған Адамның жағдайы сияқты», - деп айтқан (Әлі Имран сүресі, 59 аят).

    Әнәс ибн Мәлик (оған Аллаһ разы болсын) пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Оған Аллаһ Тағала рух үрлеген кезде, жан алдымен оның басынан кірді. Сонда ол түшкірді де, «Әлхамду лилләһ», - деді. Сонда Аллаһ Тағала оған: «Саған Раббыңның мейірі жаусын», - деді», - деп айтқанын жеткізген (Ибн Хиббан риуаят етті).

    Осылай Адамға рух толығымен енбей жатып Аллаһ Тағаланың мейірімі түсті. Рух көзіне жеткенде, ол жұмақ жемістеріне қарап, олар туралы ойлана бастады. Ал рух қарнына жеткенде, оның тамақ жегісі келді және аяғына жан бітпей жатып ол тағамға қарай ұмтылды, жұмақ жемістеріне асықты. Сондықтан Аллаһ Тағала: «Адамзат асыққыш болып жаратылды», - деген (Әнбия сүресі, 37 аят).

    Адам (оған Аллаһтың сәлемі болсын) періштелерден құрметті әрі білімді еді

    Адам білімді болды. Адамға жан бітіп, аяғына тұрған кезде Аллаһ Тағала оған:

    «Анау бір топ періштелерге барып: «Сендерге (Аллаһтың) сәлемі болсын», - деп айтқын», - деді. Адам оларға барып: «Сендерге (Аллаһтың) сәлемі болсын», - деді. Олар: «Саған да Аллаһтың сәлемі мен мейірімі жаусын», - деп жауап қайтарды. Сосын оған Аллаһ Тағала: «Бұл сенің және сенің ұрпағыңның өзара сәлемдесу сөзі», - деп айтты. Бұдан соң Ол Адамға жаратылысының алғашқы күнінде-ақ барлық есімдерді үйретті.

    Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын):

    «Аллаһ оған көктер мен жердегі барлық нәрселердің атауын үйретті», - деген.

    Бұл – жануар, ал анау – теңіз, мынау – құс, мынау – тау деген сияқты. Аллаһтың нұсқауымен Адам барлық нәрсенің атауын білді. Аллаһ Тағала оған, сонымен қатар, барлық еңбек өнерін: от жағуды, ағашты, темірді т.с.с. пайдалануды үйретті. Аллаһ оның бейнесін ғана емес, сондай-ақ, білімін, ақыл-есін де өте жоғары дәрежеде сомдады. «Аллаһ Адамға барлық атауларды үйретті де, сонан соң оларды періштелерге көрсетіп:

    - «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер», - деді» (Бақара сүресі, 31 аят).

    Аллаһ Тағала мұнымен Адамның олардан құрметті әрі білімді екенін көрсетті. Құрметі үшін де Аллаһ періштелерге Адамға сәжде қылуды бұйырды.

    «Сонда періштелер:

    - «Сен Пәксің! Бізде Сенің үйреткеніңнен басқа білім жоқ. Расында Сен толық Білуші, өте Данасың», - деді.

    (Аллаһ Тағала): «Ей, Адам! Оларға бұлардың аттарын баян ет», - деді. Сонда (Адам) оларға ол (заттардың) аттарын айтқан сәтте, (Аллаһ):

    - «Мен сендерге көктер мен жердің құпиясын, сендердің де жарияларыңды да, жасырғандарыңды да білемін деп айтпадым ба? – деді» (Бақара сүресі, 32-33 аяттар).

    Періштелер нені жасырған еді? Олар «Аллаһ ешқашан бізден құрметті және білімді жаратылыс жасамайды» деген сөздерін жасырған болатын.

    Адамға (оған Аллаһтың сәлемі болсын) періштелердің сәжде қылуы

    Сонымен, Аллаһ Тағала Адамның құрметті әрі білімді екенін көрсеткеннен кейін періштелерге оған сәжде қылуды бұйырды. Олардың арасында ібіліс те бар еді. Ол бұған дейін Аллаһқа ешқашан қарсы келмеген ізгі жындардың бірі болатын. Аллаһ Тағала оны жасаған ғибадатының құрметі ретінде көкке көтеріп, дәрежесін періштелермен теңестірген. Бірақ, ол періште емес-ті. Періштелермен қатар Адамға сәжде қылу ібіліске де бұйырылған еді. Бірақ ол Аллаһ Тағаланың бұйрығына қарсы келді. Сонда Аллаһ оны жұмақтан қуумен жазалады.

    Бұл туралы Аллаһ Тағала:

    «Расында сендерді жаратып, сосын бейнеледік. Сонан соң періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар!» - дедік. Барлығы сәжде етті. Бірақ ібіліс етпеді де, сәжде етушілерден болмады», – деп айтқан. (Сол сәтте Аллаһ Тағала мен ібілістің арасында әңгіме басталды).

    (Аллаһ ібіліске):

    - «Саған, Мен әмір еткенде сені сәжде етуден не қайтарды?» - деді.

    Ол:

    - «Мен одан артықпын. Мені оттан жараттың, ал оны балшықтан жараттың», - деді.

    (Аллаһ):

    - «Онда одан (жәннаттан) түс. Онда (жәннатта) сенің менменсуіңе болмайды. Дереу шық, сен қор болушылардансың», - деді.

    (Ібіліс):

    - «Маған қайта тірілер күнге дейін мұрсат бер», - деді.

    Сонда Аллаһ Тағала:

    - «Шынында сен мұрсат берілгендерденсің», - деді.

    (Ібіліс рұқсат алып болғаннан соң):

    - «Ендеше, мені қаңғыртқаның себепті мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңда отырып аламын. Сонан соң оларға алды-артынан, оң-солынан келемін де, Сен олардың көбін шүкір етушілердің қатарынан таппайсың», - деді.

    (Оған Аллаһ Тағала):

    - «Қорланып қуылған түрде ол жерден (жәннаттан) шық. Ал енді олардан кім саған ілессе, сендердің барлықтарыңмен тозақты толтырамын», - деді (Ағраф сүресі, 11-18 аяттар).

    Бұл әңгіме басқа бір аятта толығырақ келтірілген:

    «(Мұхаммед) сол уақытта Раббың періштелерге: «Мен кепкен қара балшықтан адам жаратамын. Оның жаратылысын тамамдап, оған рухымнан үрлеген (жан салған) сәтте, оған сәжде қылыңдар! (Бас иіңдер!)» - деді. Сонда періштелер тұтас сәжде қылды. Бірақ, ібіліс сәжде қылушылармен бірге болудан бас тартты. (Аллаһ Тағала):

    - «Әй ібіліс! Сен неге сәжде қылушылармен бірге болмадың?» - деді.

    (Ібіліс):

    - «Сен кепкен қара балшықтан жаратқан адамға сәжде етпеймін», - деді.

    (Аллаһ):

    - «Онда жәннаттан шық. Өйткені, сен (жәннаттан) қуылдың және саған Қиямет күніне дейін лағнет бар», - деді.

    (Ібіліс):

    - «Раббым! Ендеше, маған қайта тірілер күнге дейін мұрсат бер», - деді.

    (Аллаһ ібіліске):

    - «Сен белгілі бір мерзімге мұрсат берілгендерденсің», - деді.

    Ол:

    - «Раббым! Менің қаңғыртқаның үшін адам баласына жер жүзіндегі (жаман) нәрселерді жақсы көрсетіп, олардың нағыз құлдарыңнан басқаларының барлығын адастырамын», - деді.

    (Аллаһ):

    - «Маған келетін тура жол осы. Менің шынайы құлдарыма ықпалың жүрмейді. Бірақ саған кім ерсе, ол адасқандардан болады. Сөз жоқ, олардың бәрінің уәделі жері жаһаннам», - деді (Хижыр сүресі, 28-43 аяттар).

    Аллаһ Тағала осы оқиғаны баяндап:

    «Сол уақытта періштелерге:

    - «Адамға сәжде қылыңдар!» - дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ ібіліс сәжде қылмай:

    - «Балшықтан жаратқаныңа сәжде қыламын ба? Осы менен ардақты қылғаныңды көрдің бе? Егер мені Қиямет күніне дейін кешіктірсең, оның ұрпақтарының өте аз ғанасынан басқасының (барлығын) бір қырыма (адастырамын)», - деді. (Аллаһ):

    - «Кет! Енді олардан кім саған ерсе, сонда жазаларың жаһаннам болады. (Ол) толық бір жаза. Олардан шамаң келгенін дауысыңмен әуліктір және оларға оттылы, жаяу түрде келіп байбалам салып, дүрліктір. Сондай-ақ, олардың малдарына, балаларына (харам араластырып) ортақ бол. Оларға жалған уәде бер», - деді. Негізінде шайтан оларға алдаудан басқа уәде бере алмайды. Шынайы құлдарыма сенің ықпалың жүрмейді. Раббың уәкілдікте жеткілікті», - деген (Исра сүресі, 61-65 аяттар).

    Аллаһқа жасалған алғашқы күнәні әңгімелейтін аяттар көп. Оған бірінші болып қарсы шыққан ібіліс еді, оған Аллаһтың лағнеті болсын. Аллаһ Тағала Өзіне қарсы шыққанға бірден жауап қайырып, оны кәпірлер қатарына қосты. «Кәпір» - ол Аллаһ Тағаланың нығметін жоққа шығарушы. Аллаһ Тағала оны көкке шығарып дәрежесін көтерді, ал ол Оның нығметін жоққа шығарды.

    Хауаның жаратылуы

    Сонан соң Аллаһ Тағала Хауаны жаратты. Ол бірден жаратылған жоқ. Алдымен Адам жәннатта біраз уақыт жалғыз өзі өмір сүрді. Ол өзін жалғыз сезінді, рухы құлазып зерікті. Содан бір күні ол ұйқыда жатқан кезде Аллаһ Тағала оның сол жақ қабырғасының бірін алып, сүйекті етпен қаптап, одан Хауаны сомдады.

    Аллаһ Тағала:

    «Ей, адамдар! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар», - деп айтқан (Ниса сүресі, 1 аят).

    Сонымен, Адам атадан Хауа ана жаратылды. Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Адам ұйқысынан оянған кезде алдында отырған әйелді көрді. Одан: «Сен кімсің?» - деп сұрады. Ол: «Әйелмін», - деп жауап берді. Адам: «Не үшін жаратылдың?» - деді. «Сенімен тұру үшін», - деді Хауа ана. Періштелер бұл әйелді көріп Адамға келіп ол туралы сұрады. Өйткені, ол Адам атаға ұқсамайтын еді. Олар: «Оның аты кім?» - деді. Адам: «Хауа», - деп жауап берді. Оған мұны білдірген Аллаһ Тағала еді. Сонда олар: «Неге оған Хауа деген ат берілді?» - деп сұрады. «Өйткені, ол тірі нәрседен жаратылды», - деді ол», - деп риуаят еткен (Ибн Кәсир).

    Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Аллаһқа және Қиямет күніне сенетін болса, бір істі көргенде дұрысын айтсын немесе үндемесін және әйелдерге дұрыстықты өсиет етіңдер, өйткені, әйел қабырғадан жаратылды. Ал қабырғалардың ең қисығы – оның жоғарыдағысы. Егер оны туралмақшы болсаң, сындырып аласың. Ал тастап қойсаң, ол сол қисық қалпында қалады. Сол үшін әйелдерге дұрыстықты (жақсылықты, қайырлы істі) өсиет етіңдер», - деген (Имам әл-Бұхари және Имам Муслим риуаят етті).

    Ибраһимнің әйелі Сара туралы сахих хадистерде, оның әлемдегі Хауадан кейінгі ең әдемі әйелдердің бірі болғандығы риуаят етілген. Бұл хадис Хауаның адамзат жаратылғаннан Қиямет күніне дейін ең әдемі әйел болып қалатындығын көрсетеді.

    Ібілістің азғыруы

    Сосын ібіліс оларды азғыра бастады. Бұл азғыру Адам мен Хауа жәннатқа орналасқаннан кейін басталды. Аллаһ Тағала:

    «Ей, Адам! Сен және жұбайың жәннатта тұрыңдар да, қалағандарыңнан еркін жеңдер, бірақ, мына ағашқа жоламаңдар. Онда (жақындасаңдар) залымдардан боласыңдар», деген едік» (Бақара сүресі, 35 аят);

    «Ей, Адам! Сен және жұбайың жәннатқа орналас. Екеуің қалағандарыңнан еркін жеңдер. Алайда, мына ағашқа жоламаңдар. Онда залымдардан боласыңдар» (Ағраф сүресі, 19 аят);

    «Сол уақытта періштелерге Адамға сәжде қылыңдар», - дедік. Сонда олар сәжде қылды. Тек, ібіліс сәжде қылмай, бас тартты. Сонда Адамға: «Расында бұл – саған да, жұбайыңа да дұшпан. Екеуіңді ол жәннаттан шығармасын, онда сорлайсыңдар. Жәннатта сен ашықпайсың және жалаңаш болмайсың», - дедік» (Таһа сүресі, 116-118 аяттар);

    «Расында бұл – саған да, жұбайыңа да дұшпан». (Яғни, ібіліс Адамға және оның әйелі Хауаға әуел бастан-ақ дұшпан болды).

    «Сондай-ақ, онда шөлдемейсің және күннің ыстығы өтпейді», - деген (Таһа сүресі, 119 аят).

    Яғни, олар шөлдеуді, аптапты сезбеді. Ол екеуі қарындары тоқ, киімдері бүтін, молшылық-бақытта бейпіл өмір сүрді. Олар ешқандай қиындық, бақытсыздық көрмеді. Сол уақытта ібіліс тарапынан азғыру басталды. Бұл азғыру оларға сол Аллаһ Тағала тыйым салған ағашты мәңгілік пен патшалық ағашы деп көрсету арқылы іске асты. Олар ағаштан жеген сәтте әуреттерін жауып тұрған киімдері түсіп, жалаңаштанып қалды. Өйткені, шайтан олардың осылай жалаңаш қалуын және Аллаһ Тағалаға қарсы шығуын қалаған еді. Аллаһ Тағала:

    «Сонда шайтан, ол екеуін ұятты жерлерінің ашылуы үшін азғырды да: «Раббыларың сендерді осы ағаштан, екеуің періште болып кетеді немесе мәңгі қалып қояды деп тыйған ғой», - деді және: «Расында мен екеуіңе насихат айтушыларданмын», - деп ант ішті», - деген (Ағраф сүресі, 20-21 аяттар).

    Ібіліс ант іше бастады. Оларды алдап, жәннаттың тұрғына қажет болмаған нәрсеге итермеледі. Ал олар ібілістің айтқанына алданды. Күнә істеп, киімсіз қалды. Аллаһ Тағала:

    «Сонда екеуі ағаштан татқан сәтте ұятты жерлері ашылып қалды», - деген (Ағраф сүресі, 22 аят).

    Адам да, Хауа да ұялды. Бұл ұят адам баласының табиғатында бар, олар әуелден жалаңаштықтан қысылады. Адам ата мен Хауа ана жәннат ағаштарының жапырақтарын жұлып, денелеріне жапсыра бастады. Аллаһ Тағала:

    «Екеуі жәннат жапырақтарынан үстеріне жапсыра бастады», - дейді (Ағраф сүресі, 22 аят).

    Адам ұялғанынан қашты. Аллаһ оған тіл қатып шақырды. Хадисте: Адам қашқан кезде Аллаһ Тағала оны: «Ей, Адам! Сен Менен қашпақсың ба?» - деп шақырды. Ол: «Жоқ, о, Раббым. Мен Сенен қашпақшы емеспін. Бәлкім, осы күнәһар, жалаңаш күйімде көруіңнен ұялдым», - деді», - деп айтылған (Ибн Саъд).

    Ағаштан алғаш Хауа жеді және Адамды да осыған итермеледі. Бұл туралы пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер Хауа болмағанда, ешбір әйел күйеуіне қиянат істемес еді», - деген (Имам әл-Бұхари риуаят еткен).

    «Раббылары екеуіне: «Екеуіңді осы ағаштан тыймап па едім? Расында, шайтан сендерге ашық дұшпан демеп пе едім?» - деп дауыстады» (Ағраф сүресі, 22 аят).

    Олар сол кезде ібіліс сияқты қасарысып тұрып алмай күнәларын мойындап:

    «Раббымыз біз өзімізге зұлымдық істедік. Егер Сен бізді кешіріп, рақым қылмасаң, зиян шегушілерден боламыз», - деді (Ағраф сүресі, 23 аят).

    Бірақ, Аллаһ Тағала екеуіне ашуланды. Сонда үлкен бұйрық келді. Аллаһ Тағала оларға: «(Жәннаттан) бір-біріңе дұшпан болып түсіңдер. Сендерге жер жүзінде (белгілі) бір мерзімге дейін мекен және пайда көзі бар. Ол жерде тіршілік етесіңдер, сол жерде өлесіңдер және ол жерден қайта шығарыласыңдар», - деді (Ағраф сүресі, 24-25 аяттар).

    Басқа бір аятта Ол:

    «Расында бұрын Адамға әмір берген едік. Алайда, ол ұмытты. Оны төзімді таппадық. Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар», - дедік. Сонда олар сәжде қылды. Тек ібіліс сәжде қылмай, бас тартты. Сонда: «Ей, Адам! Расында бұл саған да, әйеліңе де дұшпан. Екеуіңді жәннаттан шығармасын, сорлайсыңдар. Сен онда (жәннатта) аш-жалаңаш қалмайсың және онда шөлдемейсің, күннің ыстығы да өтпейді», - дедік. Шайтан оны азғырып: «Ей, Адам! Саған мәңгілік ағашын және соңы жоқ патшалықты көрсетейін бе?», - деді. Сонда екеуі одан (ағаш жемісінен) жеді де, әуреттері ашылды. Екеуі үстеріне жәннаттың жапырақтарын жапсыра бастады. Адам Раббысына күнәһар болып, жолдан тайды. Сосын Раббысы оны есіркеп, тәубесін қабыл етіп, тура жолға салды және: «Бір-біріңе дұшпан болып жәннаттан бәрің түсіңдер. Менің тарапымнан сендерге туралық келеді. Кім тура жолыма ілессе, ол адаспайды және сорламайды. Ал кім үгітімнен бет бұрса, сонда оған бір тар тұрмыс болады. Сондай-ақ, Қиямет күні оны соқыр түрде жинаймыз», - деп айтқан (Таһа сүресі, 115-124 аятар).

    Адамның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) жердегі өмірі

    Адам күнә істегеннен кейін Раббысынан сөздер үйреніп, Оған сол сөздерді айтып тәубе қылды. Аллаһ Тағала тәубесін қабыл алып, оны тура жолға салды. Өйткені, Адам өз күнәсында тоңмойындық танытпаған-ды. Ал ібіліс болса, Аллаһ Тағала: «Не үшін сәжде қылмадың?» - дегенде, қасарысып жауап қайтарды. Алайда Адамға: «Неге (Менің әміріме) қарсы шықтың?» - деп айтқанда, ол әуелі екеуі:

    «Раббымыз, біз өзімізге зұлымдық қылдық. Егер Сен бізді кешіріп, рақым қылмасаң, сөзсіз зиян шегушілерден боламыз», - деді» (Ағраф сүресі, 23 аят).

    Күнәсінің жазасы ретінде оларды жұмақтан шығарды. Сөйтіп, Адам мен Хауа жерге түсті. Олармен бірге жерге ібіліс те түсті.

    Адам мен Хауа ана жер бетінде ұзақ ғұмыр кешті. Олар мың жыл бірге өмір сүрген. Аллаһ Тағала ол екеуінен көптеген ер-әйелді таратты. Олардың бала-шағасы, ұрпағы көп болды. Көне еврей жазбаларында: «Адамның ұрпақтарының саны төрт жүз мыңға жеткен», - деп айтылады. Бұл туралы Құранда:

    «Ей, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар», - делінген (Ниса сүресі, 1 аят).

    Табари: «Хауа Адамнан жиырма құрсақ көтеріп, егізден қырық бала туды. Әрбір егіздің бір сыңары ұл, бір сыңары қыз болатын. Олардың тұңғышы Қабыл, ал оның қарындасы Құлайм. Ал ең кенжесі Абдулмуғис, ал қарындасы Уммулмуғис еді», - деп риуаят еткен.

    Адамзат нәсілі көбейіп, ұрпақ тарата бастады. Оларға дін үйретуші Адам пайғамбар болды. Олар бір Аллаһқа ғана құлшылық қылатын, барлығы бір үмбет еді.

    «Аллаһ Тағала Адамды жұмақтан жерге түсірген кезде, оған барлық нәрсені жасауды үйреткен», - деп Әбу Мұса әл-Ашъари (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен (әт-Табари, ибн Кәсир және басқалар).

    Демек ол білімді, киімді және өнерді, кәсіпті үйреніп түскен. Ол темір өңдеуді, ағаш өңдеуді, отты пайдалануды, тоқыма өнерін және сол сияқты тіршілікке қажет нәрселерді, яғни, адамзат бұларды жаратылғаннан бері білген.

    Қабыл мен Абылдың қиссасы

    Адамның тұңғыш ұлы Қабыл болды. Құранда Аллаһ Тағала бізге Қабыл мен оның бауыры Абылдың қиссасын баяндайды.

    Қабыл қатыгез, тасжүректеу еді. Ал Абыл керісінше жұмсақ мінезді, мейірімді болатын. Қабыл егіншілікпен айналысты. Абыл болса қой бағуды кәсіп қылатын. Ал мал бағу ісі жұмсақтық пен мейірімділікті қажет етеді. Яғни, жануарды жем-шөпсіз, сусыз, қараусыз қалдырмау керек.

    Сол уақытта адамзат көбеюі үшін арнайы заңдарға мұқтаж болды. Қазіргі таңда ағасының өз қарындасына үйленуі харам етілген. Алайда, ол кезде олардың барлығы Адамның балалары, яғни, бір-біріне бауыр еді. Сондықтан, оларға өздерімен сыңарлас туылған қарындастарынан басқаға үйленуге рұқсат етілді. Қабылдың қарындасы Абылдың қарындасына қарағанда көрікті болатын. Ол қарындасын бауыры Абылға бергісі келмей, оған өзі үйленуді қалады. Алайда, бұған Адам тыйым салған еді. Адам өз балаларына дін заңдарын белгілеуші пайғамбар болды. Оның шариғатында балаларына өзінің сыңарлас қарындасына үйленуге рұқсат етілмейтін. Қабыл бұған қатты наразы болды.

    Сосын, Адам оларға құрбандық ұсынуды белгіледі. Құрбандық дегеніміз – Аллаһ Тағала үшін тарту етілетін сыйлық. Олардың құрбандықтарының қабыл болу белгісі бар тұғын. Егер құрбандық қабыл болса, оған от немесе найзағай тиіп жалмайтын. Бұл белгі құрбандықтың қабыл болғандығын білдіретін. Ал от тимеген құрбандық қабыл болмайтын еді.

    Сонымен, құрбандық берер күні Абыл қойларының ішіндегі ең жақсыларын таңдап алып, оларды Аллаһ Тағалаға құрбандық ретінде ұсынды. Ал Қабыл жеуге жарамсыз, бұзылған нашар көкөністерін алып келді. Олар келесі күні келгенде Абылдың құрбандығы қабыл болғандығын, ал Қабылдың құрбандығына от тимегенін көрді. Бұл жағдай Қабылдың Абылға деген ашу-ызасының арта түсуіне себеп тудырды. Бұрыннан-ақ, ол өз қарындасына Абылдың үйленуіне наразы еді. Енді құрбандық мәселесі келіп тақалғанда шайтан оны: «Бауырыңды өлтір», - деп азғырды. Сонымен Қабыл бауырын өлтірмекші болды. Кісі өлтіру оларда бұрын болмаған жат нәрсе еді. Ол Абылға барып: «Мен сені өлтіремін», - деді. Абыл оған: «Егер мені өлтірмекші болсаң, қорғанбаймын. Саған қарсы қол көтермеймін, қарсы да шықпаймын. Сен мені өлтіруіңмен күнәһар болып, күнәларыңның үстіне күнә арртырасың», - деп жауап қайырды. Бірақ Қабыл бәрібір алған бетінен қайтпай, Абылды өлтіреді. Бұл адамзат тарихындағы алғашқы кісі өлтіру қылмысы еді. Қабыл не істерін білмей абдырады. Бауыры Абылдың денесін арқалаған күйі жан-жаққа безілдеді. Сол уақытта, Аллаһ Тағала кенет екі қарғаны түсірді. Олар бір-бірімен шұқысып, біреуі екіншісін өлтірді. Сосын тірі қалған қарға жерді қаза бастады және өлген қарғаның денесін сонда тастап, үстін топырақпен жапты. Оларға қарап отырған Қабыл бауырын қалай көмуді қарғадан үйренді. Ол жерді қазып, оған Абылдың денесін қойды да, бетін топырақпен көмді.

    Ол жасаған ісіне қатты өкінді. Бірақ, күнәсі үшін Аллаһ Тағаладан кешірім сұрамады. Шынайы тәубе болу үшін жалғыз өкініш жеткіліксіз. Егер кісі бір күнә істесе, ол міндетті түрде Аллаһ Тағаладан кешірім сұрау керек.

    Аллаһ Тағала Құран Кәрімде Қабыл мен Абылдың оқиғасын: «(Мұхаммед) оларға Адамның екі ұлының әңгімесін ақиқатпен оқы: «Сол уақытта екеуі (Аллаһқа жақындық үшін) құрбандық ұсынған еді. Сонда біреуінен қабылданып, екіншісінен қабылданбады». (Құрбандығы қабыл болмаған Қабыл): «Мен сені өлтіремін», - деді. Сонда (Абыл): «Аллаһ, расында, тақуалардан ғана (құрбандық) қабыл алады. Сен мені өлтіруге қол созсан да, мен сені өлтіру үшін қол созбаймын. Мен әлемдердің Раббысы Аллаһтан қорқамын және мен сенің өз күнәңнің үстіне менің күнәмді жүктеп, тозақтық болуыңды қалаймын. Залымдардың жасазы осы», - деді. Сонда оның нәпсісі, бауырын өлтіруге итермеледі де, ол оны өлтіріп, зиян шегулерден болды. (Сол кезде) Аллаһ оған бауырының өлігін жасыруды көрсету үшін жер қазған қарғаны жіберді. (Сонда Қабыл): «Сорым құрсын! Бауырымның денесін көмуде осы қарға құрлы бола алмадым ба?» - деп, өкінушілерден болды», - деп баяндайды (Мәида сүресі, 27-31 аяттар).

    Саъд ибн Әбу Уаққастан (Аллаһ оған разы болсын) риуаят етіледі; Осман ибн Аффанның (Аллаһ оған разы болсын) бүлігі тұсында Саъд (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: «Мен Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың салуаты мен сәлемі болсын): «Шынында бір бүлік болады. Сол кезде отырған кісі әрекет етушіден жақсырақ...», - дегеніне куәмін. Сонда: «Егер (біреу) үйіме кіріп, мені өлтіру үшін қол созса ше?» - дегенде, Пайғамбар (оған Аллаһтың салуаты мен сәлемі болсын): «Адамның ұлы сияқты бол!» - деді» (Ахмад, Әбу Дәуд және әт-Тирмизи).

    Басқа риуаятта: «Сен Аллаһтың кісі өлтіруші құлы емес, Аллаһтың өлтірілген құлы бол!» - деп айтылған (Имам Ахмад риуаят етті).

    Сондай-ақ, ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) жеткізген хадисте Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салуаты мен сәлемі болсын):

    «Зұлымдықпен өлтірілген әрбір адамның қанының бір бөлігі Адамның тұңғыш ұлына (Қабылға барады). Өйткені, ол алғаш кісі өлтірудің негізін салған (адам)», - деген (Имам Ахмад және басқалар риуаят етті).

    Яғни, Қиямет күніне дейін әрбір кісі өлтірушінің күнәсінің бір бөлігін Қабыл арқалайды. Бұл оның Абылды өлтіргенінің ғана емес, бәлкім кісі өлтіруді алғаш бастап бергенінің жазасы. Кімде-кім бір жаман істі бастап, оны адамдар арасында әдетке, ғұрыпқа айналдырса, ол өз күнәсынан бөлек Қиямет күніне дейін оны істеген кісілердің де күнәларының бір бөлігін арқалайды. Сонымен, әрбір кісі өлтірген адамның күнәсінің бір бөлігі Қабылға барады. Өйткені, ол алғаш кісі өлтірді және оны адамдар арасында әдетке айналдырды.

    Қабыл Абылды өлтірген соң әкесі Адамға көрінгісі келмей, әйелін алып қашып кетті. Ол жазық далада күн кешті. Ал Адам балаларымен таудың етегінде тұратын. Сөйтіп, ол Адамнан бөлініп кетті. Қабылдан ұрпақ тарап, олардың арасында бұзық іс-әрекеттер пайда бола бастады. Дегенмен олар жалғыз Аллаһқа құлшылық қылатын. Алайда, араларында Аллаһтың әміріне қарсы келу, Адамның шариғатына бойсұнбау т.с.с. бұзықтықтар белең алды. Адам ұрпағы осылай бір-бірінен бөлек екі қоғамға бөлінді. Адаммен және оның басқа балаларымен бірге игі адамдар, ал Қабылмен бірге бұзықтар өмір сүрді.

    Адамның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) дүние салуы

    Өмір жалғасып жатты. Адам мың жыл ғұмыр кешті. Оның өмір-жасы туралы ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салуаты мен сәлемі болсын):

    «Шын мәнінде ең бірінші болып мойындамаған Адам», - деп үш рет айтып сөзін: «Аллаһ Адамды жаратқан кезде оның белін сипап ұрпақтарын шығарды. Аллаһ олардың екі көзінің ортасына бір нұр жасаған еді. Сонда ол (Адам): «Ей, Раббым! Бұлар кім?» - деп сұрады. (Аллаһ Тағала): «Бұлар сенің ұрпағың», - деді. (Адам) өз ұрпағының ішінен бір кісіні көрді. Оған оның екі көзінің ортасындағы нұры ұнады. Сонда ол: «Ей, Раббым! Бұл кім?» - деп (сұрады). Аллаһ Тағала: «Бұл сенің ұрпағыңның ішіндегі соңғы халықтардан (шығатын) бір кісі. Оның есімі – Дәуіт», - деді. Адам: «Оған қанша өмір бердің?» - дейді. Аллаһ Тағала: «Алпыс жыл», - деді. (Адам): «Ей, Раббым, оның өмірін ұзарт», - деді. Аллаһ Тағала: «Тек сенің өміріңнен ұзартамын», - деді. Сөйтіп Адамның өмірінен Дәуітке қырық жыл қосылды. Аллаһ Тағала періштелерді куә қылып, жаздыртып қойды. Адамның өмірі аяғына жеткен кезде, оған өлім періштесі келді. (Сол уақытта ол тоғыз жүз алпысқа келген болатын. Ол өз жасының мың жыл екендігін білетін еді). Сонда ол өлім періштесіне: «Менің қырық жыл ғұмырым қалған жоқ па еді?» - деді. Періште: «Оны (қырық жылды) ұлың Дәуітке бермедің бе?» - деп айтты. «Ол мойындамады. Аллаһ Тағала оған жазуды шығарып, дәлел келтірді. Сөйтіп, Дәуіттің өмір жасын жүзге толтырып, Адамның өмір жасын мыңға толтырды», - деп айтқан (Имам Ахмад риуаят еткен).

    Адам қателесті, ұмытты және мойындамады. Бірақ, ол мұны қасақана істеген жоқ, расында да ұмытып қалған-ды. Ал бұл адамзаттың табиғатына айналды. Олар мойындамайды. Бірақ, көбінесе ұмытулары себепті тайқиды. Олар қателік істейді және бұл да ұмытшақтықтан.

    Ибн Зумра әс-Саъди:

    «Мен Мәдинада сөйлеп жатқан бір шейхты көрдім. Ол туралы (адамдардан) сұрадым. Олар: «Бұл Убай ибн Каъб», - деді. Сонда ол (Убай (оған Аллаһ разы болсын)): «Адам өлім төсегінде жатқан уақытта балаларына: «Менің жәннат жемістерін жегім келді», - деген», - деп риуаят еткен.

    Жәннатта жер бетіндегі сияқты алма, анар, жүзім сияқты жемістердің барлығы бар. Бірақ, айырмашылығы бұл дүние жемістері уақыты өтсе шіріп, жеуге жарамсыз боп қалады. Ал жәннатта олай емес. Сондай-ақ, бұл дүние жемістерінің дәмі қарапайым, ал жәннаттағы жемістердің дәмі шырын. Адам жәннаттағы сияқты жеміс жеуді қалады.

    Убай ибн Каъб (Аллаһ оған разы болсын) айтқан:

    «Олар жеміс іздеп кетті. Бірақ, оларға (адам кейпінде) қолдарында кебін, иіссу сияқты жерлеу құралдары мен мәйітті арулау заттары бар періштелер жолықты. Олар:

    «Ей, Адамның балалары! Не қалайсыңдар, не іздеп жүрсіңдер?» - деді. (Адамның балалары): «Әкеміз науқас еді. Оның жәннат жемістерінен жегісі келеді», - дейді. Періштелер: «Арттарына қайтыңдар! Әкелеріңнің ажалы жетті», - деді. Періштелер келген кезде Хауа оларды танып, Адамға жабысты. Сонда Адам Хауаға:

    «Маған жақындама! Өйткені, мен (ібілістің азғыруына) сенің тарапыңнан берілген едім. Енді, мені Раббымның періштелерінің арасына килікпе!» - дейді. Адамның тыйым салған жемістен жеуіне Хауа ананы кінәлау да даулы мәселе емес пе? Сонда өлім періштесі Адамның жанын алды. Періштелер оны жуып, кебіндеп, жерледі. Олар Адамды жерлеу алдында оған жаназа намазын оқыды. Сосын оны қабірге қойып, бетін топырақпен жапты. Содан кейін Адамның балаларына:

    «Ей, Адам балалары! Бұл сендердің дәстүрлерің», - деді», - деп айтқан (Имам Ахмад риуаят етті).

    Олар қалай жерлеуді білмейтін еді, Қабылдың Абылды қалай көмгенін көрмеген болатын.

    Сонымен мың жыл өмірін түгелдей Ұлы Аллаһқа бойсұнумен өткізген Адам дүние салды. Өз өмірінде ешқашан Аллаһтың әміріне қарсы шықпады. Ол тек жәннаттағы тыйым салынған ағаштың жемісінен жеген кезде ғана күнә істеген болатын. Ал қалған өмірінің барлығы ұрпақтары үшін үлгі-өнегеге толы болды. Содан бір жыл өткеннен кейін Хауа ана да дүние салды.

    Адамның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қадір-қасиеттері

    Аллаһ Тағала Адамға төрт артықшылық берді. Әнәс ибн Мәликтен (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні мүміндер жиналып «Раббымыздың алдында шапағатшы болатын біреуді іздесек» деп Адамға келіп: «Сен адамзаттың атасысың, Аллаһ сені Өз қолымен жаратты, періштелерді саған сәжде жасатты және өзіңе барлық нәрсенің атауын үйретті, бізге Раббымыздың алдында шапағат ет», - дейді»,- деген (Имам әл-Бұхари мен Имам Муслим риуаят еткен).

    Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) миғражға көтерілген кезде пайғамбарлармен кездескен. Сонда Юсуфты сипаттап:

    «Оған сұлулықтың тең жартысы беріліпті», - деген.

    Ғұламалар:

    «Юсуфке Адам сұлулығының тең жартысы берілген. Себебі Аллаһ Тағала Адам атаны Өз қолымен жаратқан», - дейді.

    Адамның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасынан алынар ғибраттар

    1. Алғашқы күнә – тәкәппарлық. Сондықтан ғұламалар: «Барлық күнәлардың негізі – тәкәппарлық», - деген. Сол үшін: «Жүрегінде тарының дәнінің салмағындай менмендік болған (адам) жәннатқа кірмейді», - деген (Әбу Дауд риуаят еткен) және осы мағынаны беретін көптеген хадистер келтірілген.

    Сондай-ақ киімді менменсіп, жерге сүйретіп жүруден қайтаратын: «Аллаһ пандықпен киімін сүйретіп жүретін кісіге Қиямет күні назарын салмайды», - делінген хадис жеткен (әл-Бұхари риуаят еткен).

    Киіммен, үй-жаймен немесе руымен, ата-тегімен мақтану күнәлардың негізі болып табылады. Сол себепті пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалардың бірінің: «Ей, ансарлар!», ал басқа бірінің: «Ей, муһажирлер!» - деп өз жақтастарын шақырып жатқанын естіген кезде: «Қойыңдар оны, расында ол – жиіркенішті нәрсе», - деген (әл-Бұхари риуаят етті).

    Ұлтшылдық, рушылдық және адамдар арасындағы бақталас, мақтанушылық – тәкаппарлыққа жатады. Қарапайым қызметкерге, жалгер жұмысшыға немесе міскіндерге менменси қарау аса ауыр күнә. Өйткені, Аллаһ Тағала күпірліктің басы тәкаппарлық деген.

    2. Кінәні мойындау – Адам мен ібілістің арасындағы үлкен айырмашылық. Ібіліс қарсылық танытып, менменсіді және осы әрекеті үшін мәңгілік тозаққа лайық болды. Ал Адам Аллаһтың әміріне қарсы келіп күнә істегенмен Одан өз күнәларын кешіруін сұрады. Сондықтан ғалымдар: «Кіші күнә мойындаумен, ал үлкен күнә кешірім сұрау арқылы (жуылады)», - деп айтқан.

    3. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    «Егер Адам баласы сәжде аятын оқып, сәжде жасаса, шайтан жылап: «Маған қасірет болсын! Адам баласы сәждеге бұйырылып, сәжде жасады да, оған жәннат болады. Мен сәждеге бұйырылдым да, қарсы шықтым, маған тозақ болады», - дейді», - деген. (Имам Муслим риуаят еткен).

    4. Қазіргі кездегі «Адам баласының алғашында сана-сезімі төмен болған. Оны адам еткен – еңбек. Ол аң аулауды және отты қалай пайдалануды үйренді. Келе-келе тілі шықты» деп шатасатын пікірлерде кереғарлық бар. Бұл айтылып жүргендер бос сөз, жасанды тарих. Аллаһ Тағала адамды білімді, періштелерден де білгір етіп жаратты.

    5. «Жәннатта сен ашықпайсың және жалаңаш болмайсың». Тарихшылар адамдар әуелде жалаңаш болған, сосын киінуді үйренді деген бос әңгімелер айтады. Ал бұл сөздер шындыққа тіптен жанаспайды. Өйткені, Аллаһ Тағала Адамды және оның ұрпағын жәннатта да, жерде де киіндірді. Бұл туралы Ол:

    «Ей, адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін сендерге киім және сәндік бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы. Солар Аллаһтың белгілері. Мүмкін түсінерсіңдер», - деген (Ағраф сүресі, 26 аят).

    Ал Адам ата мен Хауа ана жаратылғаннан бері жалаңаш болмаған және жалаңаштықтың не екенін де білмеген. Өйткені, Аллаһ Тағала:

    «Жәннатта сен ашықпайсың және жалаңаш болмайсың», - деп айтқан.

    6. Біздің шариғатымызда жаратылған мақұлыққа сәжде етуге тыйым салынған. Алғашында құрмет сәждесіне рұқсат етілген. Бірақ, бұл ғибадат сәждесі емес, құрмет бабындағы сәжде еді.

    7. Шын мәнінде де, қыңырлық әйелдердің табиғатында бар. Кейде оларды ақыл емес, сезім билейді. Егер оған қатты тұрсаң, сындырып аласың. Ал егер тастап қойсаң, онда ол өзің шыдауға тура келетін сол сезімінде қалады. Сондықтан, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелдерге дұрыстықты (жақсылықты) өсиет етіңдер», (яғни, оларды табиғатына қарсы мәжбүрлемеңдер) - деген.

    8. Қабылдың тәубесінің қабыл болмау себебі: ол тәубенің қабыл болу шарттарын орындамаған еді. Тәубенің қабыл болу шарттары:

    А) Күнәдан тез арада тыйылу.

    Ә) Істеген күнәсына жан-дүниесімен өкіну.

    Б) Аллаһ Тағаладан кешірім сұрау.

    В) Тәубені кешіктірмей жасау. Өйткені, жан алқымға келсе немесе күн батыстан шықса тәубе қабылданбайды.