Илияс пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
Бөлімдер
Дерек көздері
Full Description
Илияс пайғамбардың
(оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы
قصة نبي الله إلياس عليه السلام
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
Islamhouse.com
Аса Мейірімді Рахымды Аллаһтың атымен
Илияс
(оған Аллаһтың сәлемі болсын)
Юшаъ дүниеден өткеннен соң үкімет екіге бөлінді. Ел билігі мен саясат патшалардың, ал дін істері пайғамбарлардың қолында болды. Исраилдіктер патшалығына Яһуда ибн Яъқубтың ұрпағы, ал пайғамбарлыққа Ләуи ибн Яъқубтың ұрпағы иелік етті.
Күндер өте келе Шам жерінде исраилдіктер арасында қайтадан күпірлікке жол беріп, пұтқа табынушылық белең алды. Әсіресе, Бағлбек қаласында Бағл деп аталатын бір пұтқа табына бастады. Осы кезде Аллаһ Тағала исраилдіктерге Илияс пайғамбарды жіберді. Сондай-ақ ол Илиясин деп те аталады. Илиястың шежіре тізбегі Һарунға барып тіреледі. Илияс ибн Ясин ибн Фунхас ибн Ғуизар ибн Һарун. Илияс Құранда:
«Әрине, Илияс елшілерімізден еді. Сол уақытта еліне: «Аллаһтан қорықпайсыңдар ма? Жаратушыны қойып, «Бағл» атты пұтқа жалбарынасыңдар ма? Аллаһ сендердің де бұрынғы аталарыңның да Раббы», - деді. Сонда елі оны жалғанға шығарды. Рас, олар жазаға тартылады. Бірақ, Аллаһтың ықыласты құлдары басқа. Кейінгі нәсілдерге ол үшін (жақсы ат) қалдырдық. «Илиясқа сәлем». Рас, Біз ізгі амал істегендерді осылай сыйлыққа бөлейміз. Өйткені ол сенімді құлдарымыздан еді», - деп айтқан (Саффат сүресі, 123-132 аяттар).
Ғұламалар мен тарихшылар Илияс (оған Аллаһтың сәлемі болсын) жайлы ешқандай дерек келтірмеген. Бір деректе: Илияс исраилдіктерді Аллаһтың бірлігіне шақырғанмен олар иман келтірмеген. Сосын Илияс қауымындағы залым патшадан қашып, үңгірде он жыл тығылған. Залым патша өліп оның орнына басқа біреу келгенде, Илияс оған келіп дағуат жасап, көп адамды иманға келтірген делінген.
Кейбір тәпсір және тарих кітаптарында: Илияс әлі тірі және сол сияқты Хыдыр да тірі деген пікір айтылады. Негізінде бұл өрескел қате түсінік. Тіпті, кейбіреулер: Төрт пайғамбар әлі күнге дейін тірі. Екеуі жерде, екеуі көкте: көктегі Идрис пен Иса, жердегі Хыдыр мен Илияс деген. Мұның бәрі негізсіз, жалған нәрсеге құрылған қате пікір. Бұған дәлел Абдуллаһ ибн Омар (екеуіне Аллаһ разы болсын) риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бірде құптан намазын оқып болған соң сахабаларға бұрылып:
«Мына түндеріңді көріп тұрсыңдар ма?» - деп сұраған. Олар: «Иә», - дейді. Сонда пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Жүз жылдан кейін жер бетінде қазір тірі болған ешкім қалмайды», - деген (әл-Бұхари, Муслим).
Яғни сол түнде жер бетінде болған адамдардың барлығы арадан тағы бір ғасыр өткенше өліп біткен. Бұл біздің қолымыздағы анық дәлел. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде ешкімді мұнан тысқары атамаған. Аталған төрт пайғамбардың ішінде Аллаһ Тағала тек Исаны ғана көкке көтеріп әкеткен. Ал қалғандары болса өз өлімдерімен дүние салған.
Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Әл-бидәя уа ән-ниһая».