×
Сәресі мен ауызашарға арналған әдептер

    Сәресі (суһур) мен ауызашар (ифтар) әдептері

    آداب السحور والإفطار

    ) Қазақ тілі – Kazakh – كازاخي (

    www.Toislam.ws сайтының редакциясы дайындаған

    www.Toislam.ws إدارة الموقع:

    —™

    Қазақ тіліне орыс тілінен аударған www.oraza.kz сайтының редакциясы.

    Аударма мәтінін редакциялаған www.abuhanifa.kz сайтының редакциясы.

    www.oraza.kz ترجمة:

    www.abuhanifa.kz مراجعة:

    Сәресі (суһур) мен ауызашар (ифтар) әдептері

    Аса Мейірімді ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

    Суhур (сəресі)

    Суһурдың маңыздылығы мен артықшылығы

    Әрбір мұсылман түннің соңғы бөлігінде ораза тұтуға ниет етіп, суһур жасағаны жөн. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Таң атпастан бұрын тамақтаныңдар, өйткені суһурда (сәресінде) береке бар!», — деген (әл-Бухари 1923, Муслим 1095).

    Суһурдың артықшылығы жайында Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Расында, Аллаһ және Оның періштелері суһур жасайтындарға салауат айтады» (Ахмад 3/12. Шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген).

    Суһур – бұл сондай-ақ мұсылмандардың оразасы мен христиандар және яһудилердің оразаларының арасындағы бір айырмашылық. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ақиқатында, біздің ораза мен Кітап иелерінің оразасынан айырмашылығы — суһур» (Муслим 2/770).

    Суһурдың маңыздылығы туралы көптеген сахих хадистерде айтылған. Ибн `Амр, Әбу Са`ид және Әнастан жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір жұтым сумен болса да суһур жасаңдар», - деп айтқаны хабарланады (Ахмад, Әбу Я’лә, Ибн Хиббан. Хадис сенімді. Қараңыз «Сахих әл-жәми’» 2945).

    Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, суһурда игілік бар, сондықтан оны қалдырмаңдар», — деген ( Ахмад 11003. Хадис хасан. Қараңыз «Сахих әл-жәми’» 3683).

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деген: «Мүминның ең жақсы суһуры – бұл құрма» (Әбу Дәуд. Хадис сахих. Қараңыз “Сахих әт-тарғиб” 1/448).

    Суһурдың уақыты

    Суһурдың уақыты таң атуға жақын қалғанда басталады. Егер адам таң атпастан бірнеше сағат бұрын немесе ұйқыға жатар алдында тамақтанса, онда бұл суһур болып саналмайды. (Қараңыз: “әл-Маусу’атул-фиқһия” 3/269).

    Суһурды түннің ақырғы бөлігіне дейін қалдыру, тіпті дәл таң намазының алдында тамақтанған абзал. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бізге, пайғамбарларға ауызды ертерек ашып, суһурды кешірек жасау әмір етілген«, — деді (Ибн Хиббән, әт-Табарани, әд-Дыя. Хадис сахих. Қараңыз: “әс-Силсилә әс-сахиха” 4/376).

    Ибн `Аббас Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Таң екі түрлі болады: таң намазын оқуға рұқсат етілетін, ал тамақтануға тыйым салнатын таң, және таң намазын оқуға тыйым салынатын, бірақ тамақтануға рұқсат етілетін таң» (Ибн Хузәйма, әл-Хәким, әл-Бәйһақи. Хадистің сенімділігін имам Ибн Хузәйма, әл-Хәким және шейх әл-Әлбәни растаған. Қараңыз: “әс-Силсилә әс-сахиха” 693).

    Адам таң ата бастағанына анық көзі жеткенше тамақтана беруіне рұқсат етіледі. Аллаһ Тағала былай деді: «Таңның ақ жібі мен қара жібін ажырата алғандарыңша жеңдер және ішіңдер» (әл-Бақара 187).

    Ибн `Аббас айтқан: «(Тан атуына қатысты) күдіктерің жойылмайынша Аллаһ сендерге жеп-ішуге рұқсат етті» (‘Абду-Рраззақ, хафиз Ибн Хажар иснадын сахих деп атаған. Қараңыз: “Фатхул-Бәри” 4/135).

    Осындай пікірді шейхул-Ислам Ибн Тәймия да ұстанған. (Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 29/263).

    «Ішіп-жеуді, қателесуден аулақ болу үшін, таң атудан бұрын, мысалы, таң атуға он минут қалғанда тоқтату керек» деген тұжырым – бидғат (дінге еңгізілген жаңалық) болып табылады. Кейбір ораза кестелерінде таң намазының уақыты кіретін уақыттан бөлек жасалған қосымша «имсәк» (яғни, ішіп-жеуді тоқтату уақыты) деп аталатын бағана (графа) көруге болады. Бұның ешқандай (шариғи) негізі жоқ, бұған қоса ол сахих хадистерге қайшы келеді. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан: «Кімде-кім азан естіген сәтте қолында (асы бар) ыдысы болса, ол оны жеп болмайынша қоймасын» (Әбу Дәуд 1/549, Ахмад 2/423, әл-Хаким 1/426, әл-Бәйһақи 4/218, әд-Дарақутни 2/165. Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, шейхул-Ислам Ибн Тәймия және шейх әл-Әлбани растаған. Қараңыз: “әс-Силсилә әс-сахиха” 1394).

    Осы хадисте азан кірген уақытқа дейін тамақтанудан қорқып, таң намазынан 15-20 минут бұрын бекітілетін имсак уақыты дінге еңгізілген жаңалық (бид`а) болып табылатындығына нұсқау бар (Қараңыз: «Тәмәмул-минна» 418).

    Бұл хадис көптеген сенімді деректермен бекітіледі. Әбу Умама былай деп айтқан: «Бірде, намазға азан шақырылып жатқанда, `Умардың қолында кесесі болатын. Сонда ол Аллаһ Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Аллаһтың елшісі, мынаны ішіп қояйын ба?», - деп сұрады. Ол: «Иә, ішіп қой!», — деді» (Ибн Жәрир әт-Табари 3017. Хадистің иснады жақсы).

    Әбу Зубайр былай деп баяндайтын: «Мен Жәбирден: «Ораза ұстағысы келетін адам, азан айтылып жатқанда қолында сусыны бар кесемен не істеуі қажет?», — деп сұрадым. Ол маған былай деді: «Біз де пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алдында осы туралы сөз қозғаған едік, сонда ол: «Іше берсін», — деп жауап берді» (Ахмад 3/348. Хафиз әл-Хайсәми хадистің иснадын хасан деген. Қараңыз: “Мәжму’у-Ззәуаид” 3/153).

    Шейх әл-Әлбәни былай деген: «Хадистегі «Сендерден кім азан естісе» деген сөздер, екінші азанды меңзеп тұр. Бұл оны имсак (тамақтан бас тарту) азаны деп қате аталатын азан емес мүлде. Біз бірінші азанды «имсак азаны» деп атауға Сүннетте ешқандай негіз жоқ екенін білуіміз керек».

    Ибн Мас`удтың сөздерінен Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Биләлдің түнде шақыратын азаны сендерге таң атудың алдында тамақтануға кедергі болмасын. Өйткені ол азан сөздерін таң намазының уақыты кіргенін хабарлау үшін емес, бірақ араларында ұйықтамай жатқандарыңның көңілін аудару және ұйықтап жатқандарыңды ояту үшін айтады» – деген (әл-Бухари 621, Муслим 2/768).

    Хадистің басқа нұсқасында былай айтылған: «Сондықтан Ибн Умм Мәктум азан айтқанға дейін жеңдер және ішіңдер!». Ибн Умм Мәктум «осы сәттен бастап тамақтануға тыйым салынады әрі таң намазының уақыты кірді» дегенді білдіретін екінші азан айтатын еді. Бірақ Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сонда да (қолында тамағы бар адамдарға) ерекшелеу жасап: «Кімде-кім азан естіген сәтте қолында (асы бар) ыдысы болса, ол оны жеп болмайынша қоймасын», — деді.

    Шейх әл-Әлбәни сондай-ақ былай деді: «Кейбір адамдардың «Егер адам екінші азанды естіп тұрса әрі оның ауызында тамақ болса, онда ол оны түкіріп тастау керек» деген сөздері фиқһ тарапынан айыпты саналады және Сүннетке де қарсы. Бұл Аллаһ пен: «Дінде шектен шығушылық жасаудан (ғулю) аулақ болыңдар. Расында, сендерден бұрыңғыларды діндерінде шектен шығушылық жасағандары опатқа ұшыратты» (ән-Нәсаи 2/49, Ибн Мәжаһ 2/242. Хадистің сенімділігін әл-Хаким, аз-Зәһаби, ән-Нәуауи, Ибн Тәймийя растады), — деп айтқан Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тыйым салған шектен тыс қаталдық, асыра сілтеушілік және шектен шығушылық болып табылады».

    Ибн `Умардан жеткен хадисте, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: «Расында, Аллаһ Тағала Оның тыйымдарын бұзғанды қалай жек көретін болса, тура солай Ол Өзінің жеңілдіктерін қабылдағанды жақсы көреді» (Ахмад 2/108, Ибн Хиббан 2742, әл-Қада’и 1078. Хадис сахих. Қараңыз: “Сахих әт-тәрғиб” 1059).

    Ифтар (ауызашар)

    Жәбир былай баяндайтын: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Ұлы әрі Құдіретті Аллаһта әрбір ауызашар кезінде Оттан босататын (құлдары) бар. Әрі бұл әрбір түн сайын орын алады!»» (Ибн Мәжаһ 1643, Ибн Хузайма 1883. Шейх әл-Әлбани сенімділігін растаған).

    Оразаны қашан тоқтату керек?

    `Умар ибн әл-Хаттабтан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер түн мына жақтан пайда болса , — деп, шығысқа сілтеп, - Ал күндіз мына жаққа кетсе, — деп, батысқа қарай сілтегені, - Және күн батқан кезде ораза ұстаушылардың оразасы тоқтатылады», — деп айтқаны жеткізіледі (әл-Бухари 1954, Муслим 1100).

    Сондай-ақ бірде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының біріне ауызашарға тамақ әзірлеуді бұйырғанда, ол: «Уа, Аллаһтың елшісі, бірақ әлі күндіз ғой», — деп айтқаны жеткізіледі. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған жауап бермей, тағы да ас әзірлеуді бұйырды. Осы хадистің жеткізушісі: «Біз оразаларымызды тоқтанқанда, алдымызда күндізгі жарықты көретін едік, — деп айтты да, сосын - Егер де арамыздағы біреу өз түйесіне мінгенде, күнді көретін еді», — деп қосты (әл-Бухари 1955).

    Шейхул-Ислам ибн Тәймийя былай деген: «Күннің шарасы толығымен жоғалған бойда, ауыз бекіткен адам, көкжиекте қалған қызыл шапаққа көңіл бөлмей, оразасын тоқата беруі қажет» (“Мәжму’ул-фатауа” 25/216).

    Немесе мағриб (ақшам) намазына азан шақырған кезде-ақ ораза тұтушы адам ауызын ашуы керек. Ал азаншының өзі туралы айтатын болсақ, онда ол намаз уақыттарын және оларды анықтауды жақсы меңгеріп алуы тиіс, өйткені оның жауапкершілігі өте үлкен.

    Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Муәзіндер (азаншылар) – бұл мұсылмандардың ифтары (ауызашары) мен суһурын (сәресін) қорғайтындар», — деген (әт-Табарани. Хафиз әл-Хайсами, имам әс-Суюты және шейх әл-Әлбани хадисті хасан деп атаған. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 6647).

    Ауызашарға асығудың қажеттілігі жайында

    Жоғарыда айтылған нәрселердің барлығы осы бөлімге де қатысты. Саһл ибн Са`дтан жеткен хадисте сондай-ақ Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны хабарланады: «Адамдар ауызашарларына асығып жүргендеріне дейін игілікте болады» (әл-Бухари 1957, Муслим 1092).

    Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені айтылған: «Адамдар ауызашарларына асығып жүргендерінше дін ашық (айқын) болады, өйткені яһудилер мен христиандар оны кейінге қалдырады (кешіктіреді)» (Әбу Дәуд, ән-Нәсаи, әл-Хаким. Хадис хасан. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 7689).

    `Амр ибн Мәймун былай деп баяндайтын: «Мухаммад пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары ауызашарға басқалардан көбірек асығатын әрі суһурларын кейнге қалдыратын» (`Абдур-Раззақ. Хафиз Ибн Абдул-Барр иснадын сахих деп атаған. Қараңыз: “Фатхул-Бәри” 4/199).

    Егер ауызы берік адам ифтар жасау үшін ештеңе таппаса, кейбіреулер жасайтындай, саусағын сорып отырмай, оразасын ниетімен тоқтатуы тиіс.

    Немен әрі қалай ауыз ашу керек?

    Сүннет бойынша ауызашарды жаңа піскен немесе құрғақ құрмалармен немесе сумен бастаған абзал. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендерден біреу ауыз ашатын болса, құрмамен ауызын ашсын, ал егер ол құрманы таба алмаса, онда сумен ифтар жасасын, өйткені, расында, ол тазартады» (Әбу Дәуд 2355, әт-Тирмизи 658, Ибн Мәджаһ 1699. Хадистің сенімділігін Әбу Хәтим, ‘Әбу Исә әт-Тирмизи, Ибн Хузәйма, Ибн Хиббән, әл-Хәким, әз-Зәһаби растаған).

    Ауызды мағриб (ақшам) намазына азан шақырылған бойда бірден, осы намазды орындаудан бұрын ашу керек, мұны Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осылай істейтіні сияқты. Әнас ибн Мәлик былай деп баяндайтын: «Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ораза кезінде сумен болса да ауызын ашпастан ақшам намазын оқығанын ешқашан көрген емеспін» (Әбу Я’лә, Ибн Хузайма. Шейх әл-Әлбани сенімділігін растаған. Қараңыз: “Сахих әт-тарғиб” 1076).

    Ифтар (ауызашар) алдында Аллаһқа дұға ету керек

    ‘Абдуллаһ ибн ‘Амрдан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Расында, ораза ұстаушының ауызашар алдында жасаған дұғасы қайтарылмайды» (Ибн Мәжаһ 1753, әл-Хаким 1/422. Хафиз Ибн Хажар, әл-Бусайри және Ахмад Шакир хадистің сенімділігін растаған).

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ауызын ашқан соң былай деп айтатын еді: «Шөл басылды, тамырлар нәрге толды, Аллаһ қаласа, сауап та бізді күтіп тұр» (Әбу Дәуд 2357, әл-Бәйһақи 4/239. Хадистің сенімділігін әд-Дәрақутни, әл-Хәким, әз-Зәһаби, әл-Әлбани деген имамамдар растаған).

    ذهب الظمأ وابتلت العروق وثبت الاجر إن شاء الله

    /Зәһаба ззома-у уәбталләтил-‘уруқ, уә сәбәтәл-әжру иншә-Аллаһ/.

    Айтпақшы, бұл Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ауызашар кезінде айтқан дұғасы туралы айтылған жалғыз сенімді хадис болып табылады.

    www.Toislam.ws сайтының редакциясы дайындаған.

    Қазақ тіліне орыс тілінен аударған www.oraza.kz сайтының редакциясы.

    Аударма мәтінін редакциялаған www.abuhanifa.kz сайтының редакциясы.