Мүміндердің Анасы – Рамлә Әбу Суфиянқызы (оған Аллаһ разы болсын) қиссасы
Бөлімдер
Full Description
Мүміндердің Анасы – Рамлә Әбу Суфиянқызы
(оған Аллаһ разы болсын)
қиссасы
قصة أم المؤمنين رملة بنت أبي سفيان رضي الله عنها
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
авторлық
Исмаил бин көптеген
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
МҮМІНДЕРДІҢ АНАСЫ – РАМЛӘ ӘБУ СУФИЯНҚЫЗЫ
(АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)
Пайғамбарымызбен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйленгенде, Эфиопия патшасы Нажаши той жасаған мүміндердің анасы Рамлә, Әбу Суфиян ибн Харб ибн Умәйя ибн Абдушамсқызы. Ол сондай-ақ Хабиба деген қызы болғандықтан, Умму Хабиба деп те аталған. Меккенің қолға алынуына дейінгі құрайыш кәпірлері мен мүшріктерінің бетке тұтар көсемінің иманы күшті, сұлу да ақыл-парасаты мол қызы еді.
Умму Хабиба тілін кәлимаға келтіріп дінге кірген соң, тайпаластарының пұттарға бас ұрып табынуына қарамастан, ата-бабасының дінінен бас тартқан. Сонымен қатар сабырлылық пен ерік-жігер көрсете отырып, өзі ерген ақиқат жолын қорғаған. Рамлә Әбу Суфиянқызы және оның басынан өткізген жайттары Ислам тарихында маңызды орын алады.
Ол алғашында мүміндердің анасы Зәйнәб Жахшқызының ағасы Убайдуллаһ ибн Жахш әл-Әсәдиге тұрмысқа шыққан. Күйеуі екеуі бірге Исламды қабылдап, құрайыш кәпірлері мен мүшріктерінің зұлымдығына тап болып, қабылдаған жас сенімді құтқару үшін, әсіресе, әкесінің әділетсіздігінен қашып, Эфиопияға қоныс аударады. Күйеуі Убайдуллаһ бөтен жерде діннен шығып христиандықты қабылдап, әйелін де осыған итермелейді. Рамлә Аллаһ пен Оның елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қатты сенетін, сондықтан да күйеуінің оны Исламнан қайтармақ болған бұл әрекетінен түк шықпайды.
Рамлә анамыз өз сенімінде берік тұрады, ал күйеуі болса ішкілікке тойып келіп, оған қол көтеретін. Рамлә жұрт алдында күйеуінің жиренішті қылықтарынан қатты ұялумен болады. Кейін оны есіне алып:
«Мен түсімде Убайдуллаһты өте жаман кейіпте көрдім. Екеуміз әңгімелескенде ол маған:
– Ей, Умму Хабиба! Мен христиан дініне өттім, – деді. Ал мен оған:
– Маған сенші, онда ешқандай жақсылық жоқ, – деп көрген түсімді айтып бердім. Ол мән беріп құлақ та салмады. Сол бойы өмірден өткенше ішкілікке салынумен болды», – дейтін.
Рамлә бөтен елде, қиын жағдайларда қызын жалғыз өзі тәрбиелейді. Жат топырақта қолындағы сәбиімен қалып, қиыншылықтан шығар жол таба алмай қиналған кезде, әкесі христиан болып өлген кішкентай Хабибаға көзі түссе, жанарлары еріксіз жасқа толатын. Ол өте ауыр сынаққа түсті. Қызын алып Меккеге қайтқысы келгенімен, онда оны шеттету мен негізгі құндылығы болып табылатын сеніміне қысым күтіп тұр еді. Әйтсе де Рамлә Аллаһ пен Оның елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) деген берік сенімі мен өзінің күшті ерік-жігерінің арқасында бұл қиындықтарды жеңіп шығады.
Аллаһ тағала оны сабырлылығы үшін:
«Кім Аллаһтан қорықса, (Аллаһ) оған шығар жол береді және оны (оның өзі) ойламаған жерден ризықтандырады. Кім Аллаһқа тәуекел қылса, Ол оған жеткілікті» («Талақ» сүресі, 2-3 аяттар), – деген аятына сай «мүміндердің анасы» дәрежесімен марапаттайды. Бұл сый Рамләға басынан өткерген қайғы ауыртпалығынан кейін үлкен қуаныш еді.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Рамлә анамызбен өзінің қатысуынсыз Нажашиді уәкіл етіп, Эфиопия жерінде некелеседі. Рамлә жақтан уәкілдікке туыс бауыры Халид ибн Сағид жүреді. Нажаши оны мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйленуіне тарту ретінде Эфиопия топырағында үлкен той жасайды.
Һижра жыл санауымен 6-жылы Эфиопияға қоныс аударған мұсылмандар Жағфар ибн Әбу Талибтің (Аллаһ оған разы болсын) басшылығымен Ислам орталығына айналып үлгерген Мәдинаға оралуға бел байлайды. Олар ұзақ жолды артқа тастап, Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қаласына келгенде, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Хайбар жорығында болатын. Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) деген сағыныштары оларды Мәдинаға аялдатпай, Хайбарға қарай асықтырады.
Бұл екі һижра (қоныс аудару) иелері Хайбар жеңісі қуанышының үстінен түседі. Бұларды көрген Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қуанышын жасырмай:
«Қайсысымен қуанарымды білмей тұрмын?! Хайбардың жеңісімен қуанайын ба, жоқ, Жағфардың келуімен бе?!.» – деген (Әл-Хаким, Мустадрак: 3/211).
Осылайша Рамлә өмірінің сындарлы кезеңін тарих еншісіне беріп, Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдерінің қатарынан орын алады. Ол Пайғамбарымызды (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) барлығынан артық көріп қадірлеп, басына көтерумен өткен. Анамыздың Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) деген құрметінің бір дәлелі туған әкесі Әбу Суфиянмен қарым-қатынасында көрініс табады.
Құрайыш мүшріктері Худайбияда мұсылмандармен түзген келісімді бұзғаннан кейін, күннен-күнге қарқындап күшіне мініп келе жатқан Ислам әлеуметінен қауіптене бастайды. Олар өзара ақылдаса келе, келісімді жаңарту ниетімен Мәдинаға өкіл етіп Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қайынатасы Әбу Суфиян ибн Харбты жібереді. Мәдинаға келген Әбу Суфиянның үміті ақталмай, есекдәмемен соңғы тоқтаған жері қызы Рамләның үйі болады. Сәлемдесіп қызының үйіне кірген Әбу Суфиян жерде төсеулі жатқан бір көрпенің үстіне отыруға ыңғайлана бергенде, Рамлә ыршып барып әкесінің астынан ол көрпені жұлып алады. Абдырап қалған Әбу Суфиян таңданысын жасырмай:
– Ей, қызым! Маған бір көрпеңді қимағаның ба, әлде мұнда мен білмейтін бір сыр бар ма?!. Бұл көрпе саған несімен құнды болды?! – деп ашуланады.
Рамлә анамыз сонда:
– Бұл – Аллаһ елшісінің көрпесі, ал сен – ыфлас мүшріксің, – деп жауап береді.
Неше жылдан бері көріспеген қызының бұл ісі мен сөзіне шамданған Әбу Суфиян:
– Аллаһтың атымен ант етемін! Саған бір кесір келген екен, – деп бұлқан-талқан күйінде шығып кетеді.
Иә, Рамләның бұл ісі өзі қалтқысыз ұстанатын дін сенімінің талабы еді. Бірақ әкесі шығып кете сала, жүрек түкпірінде жатқан перзенттік сезімі оянып, Жаратқанға әкесін тура жолға салуын сұрап жалбарынады.
Көп ұзамай Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) құрайыш мүшріктерінің озбырлығына біржолата нүкте қою мақсатында он мыңдай мұсылман әскерімен Меккеге жол тартады. Сол кезде барып Әбу Суфиян Аллаһ дінінің алдындағы дәрменсіздігін түсініп, Мекке сыртына ат шалдырып шатыр тіккен Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келіп, өзінің Исламға кіргенін жариялайды.
Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әскері шеру тартып қасиетті Мекке шаһарына кіріп келе жатқанда, мұсылмандар тарабынан «Кім қасиетті Қағбада болса, сол аман қалады, кім өз үйінде отырса, сол аман қалады және кім Әбу Суфиянның үйінде болса, сол аман қалады» деп жар салынады.
Сол бір күні әкесінің Исламға кіргенін және Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған көрсеткен құрметін естіген Рамләның қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап еді.
Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қазасынан кейін Рамлә үйінен ұзап шықпай, оңаша ғұмыр кешіп, қалған өмірін ғибадатқа арнады. Уақыт-сағаты жақындағанда Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірі әйелдерін шақырып, олармен бақұлдасып, өзінен ағаттық кетсе, кешірулерін сұрайды. Көп ұзамай һижра жыл санауымен 44-жылы Мәдина халқы мүміндердің тағы бір анасын Бақиғ қорымына шығарып салады. Рамлә анамызға Аллаһ разы болып, оны Өз рақымына алсын!