Иманның әлсіреп кетуінің себеп-салдары
Бөлімдер
Full Description
Иманның әлсіреп кетуінің себеп-салдары
أسباب ضعف الإيمان
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
Islamhouse.com
Иманның әлсіреп кетуінің себеп-салдары
Иманның әлсіреуінің өзіндік көптеген себептері және одан шығатын түрлі салдарлары бар.
1. Ұзақ уақыт бойы иманды ортадан қол үзу
Міне бұл иманның әлсіреуінің басты себептерінің бірі. Аллаһ Тағала Құранда:
«Иман келтіргендердің жүректері Аллаһты еске алумен жұмсарып әрі түскен ақиқатқа жібімей ме? Ал енді бұрын өздеріне кітап беріліп, сосын ұзын мерзім өткендіктен жүректері қатайғандар сияқты болмаңдар. Олардың көбісі пасықтар» (Хадид сүресі, 16 аят) – деп баян етеді. Бұл аят имандылық ортадан ұзақ уақыт бойы алыстаудың иманды әлсірететінін көрсетеді. Мысалы, бір кісі сапарға шығып немесе жұмыс бабымен мұсылман бауырларынан алыстап кетсе, алғашында өзі сол ортаның көлеңкесінде рахаттанып жүрген, одан жүрегінің қуатын алған иманды ортаны жоғалтады. Негізінде мұсылман адам жалғыздықта аз, ал көбіне өзінің мұсылман бауырларымен бірге болады.
Егер бауырларымен ұзақ уақытқа байланыспай қойса, біраз уақыттан кейін иманды ортадан қашқақтай бастауы мүмкін. Осының нәтижесінде жүрек қарайып, қатайып, ондағы иман нұры сөне бастайды. Міне, осы кейбір адамдардың қоныс аудару, жұмыстан ұзақ уақытқа босау, демалысқа шығу кездерінде болатын иманның әлсіреп кетуінің бір себебі.
2. Үлгі-өнеге тұтар ізгі адамнан ұзақтау
Ізгі адамнан тәлім-тәрбие алған шәкірт пайдалы білім, ізгі амал және қуатты иманның иесі болады. Себебі ол ұстазының мінез-құлқын, білімін игереді. Ал егер ол ұстазынан біраз уақытқа алыстап араласпай кетсе, жүрегінің қатайып бара жатқанын сезінеді. Міне, сондықтан болар Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салып, жерленгеннен кейін сахабалар: «Біз өз жүректерімізді танымай қалдық», - деген болатын. Өйткені олардың тәрбиешісі, ұстазы, әрі жолбасшысы болған Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болып кеткен еді. Кейбір жазба деректерінде сахабаларды: «Олар қыстың жаңбырлы түнінде қалып кеткен қой сияқты болды», - деп сипаттайды. Бірақ Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзінен кейінгілерге әрқайсысы басшылық етуге лайықты ірі тұлғаларды тәрбиелеп кеткен болатын. Сөйтіп олар бір-біріне үлгі-өнеге, жолбасшы бола білді. Ал бүгінгі таңда мұсылман өзіне үлгі-өнеге болып жолбасшы болар жанға аса мұқтаж.
3. Діни білім ізденуден және иманды жандандыра түсетін кітаптардан қол үзу
Кітаптардың кейбірі оқырман оқыған кезде оның жүрегіне иман ұялтып әрі ішіндегі имани факторларға әсер ететін түрлері бар. Мұндай кітаптардың ең бастысы – Аллаһ Тағаланың кітабы, сосын Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері жинақталған кітаптар, одан кейін уағыз және насихатты жетік меңгерген және жүректі тірілту жолы арқылы ақиданы жеткізген ғалымдардың кітаптары. Мысалы ибн әл-Қайюм және ибн Ражаб және т.с.с. ғалымдардың кітаптары. Осы секілді кітаптардан бет бұрып тек логикалық кітаптарға үңіліп немесе дәлелдері жоқ үкім кітаптарын оқу не болмаса тіл туралы кітаптарды ғана оқу кейде жүректің қатаюына апарып соқтырады. Бұл – тіл туралы немесе басқа да кітаптарды жамандағандық емес, тек тәпсір, хадис кітаптарынан бет бұрғанға жасалған бір ескерту. Бұл кітаптар жүректі Аллаһпен байланыстыратынына қарамастан, кейбір кісілердің оны өте аз оқитынын байқаймыз. Негізінде сахих хадистер жинақталған еңбектерді оқығанда өзіңді бейнебір Исламның алғашқы ғасырларында Пайғамбарымызбен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) және оның сахабаларымен бірге өмір сүріп жатқандай сезінесің. Өйткені олардың өмірлерінен, жүрген жолдарынан имандылықтық лебі есіп тұр. Ал енді тек дәлелсіз болжамдармен қиялға негізделген кітаптарды оқитындар діннен алыстайды. Сол сияқты бос әңгімелерді, махаббат жайлы әңгімелерді оқу, пайдасыз да тұрпайы газет-журналдарды оқу да иманды әлсіретеді.
4. Мұсылман адамның күнәлар ашықтан-ашық жасалып жатқан ортада болуы
Біреуі жасаған күнәсін жариялап жатады, екіншісі мағынасыз, дұрыс емес өлеңдерді айтып отырады, үшіншісі темекі тартып, төртіншісі жалаңаш суреттері бар журналдарды ашып отырады, бесіншісінің тілі қарғыс, жаман сөздерді, ғайбатты нәрселерді айтудан босамайды. Ал, көптеген орталарда сауда, байлық, пайда түсіру, өсім, кіріс, шығыс сияқты әңгімелерден басқа әңгіме естімейсің. Ал, үйлерді алатын болсаңыз – күнәлардың соншама көптігінен мұсылманның шекесінен тер шығып, жүрегі бұзылады. Бұзақы өлеңдер, жаман кинолар сияқты нәрселерге қазіргі кезде көптеген мұсылмандардың үйлері толып жатыр. Міне осы сияқты орталарда жүрек ауруға шалдығып, күмәнсіз қатып қалады.
5. Жүрек дүниенің құлы болып кеткенше оған құнығу
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айтады: «Динардың және дирхамның құлы бақытсыздыққа ұшырайды (оңбайды)» (Имам әл-Бұхари риуаят еткен). Оған қоса Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шын мәнінде сендердің әрқайсыңа салт кісіге жеткен азық жетеді» (әт-Табарани риуаят еткен). Яғни, болар-болмас азғантай ғана нәрсе. Бұл көрініс қазіргі кезде түсінікті. Себебі бүгінгі күні материалдық тойымсыздық кең белең алған. Адамдар қазір сауда, өндіріс, серіктестіктердің артынан жүгіретін болған. Міне бұл жағдай Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадисіндегі: «Расында Аллаһ былай деді: «Шын мәнінде біз дүниені намаз оқылып, зекет берілу үшін түсірдік. Ал егер адам баласында бір бақша болса, ондай бақшаның екеуі болғанын қалар еді. Егер ода екі бақша болса, ол үшіншісінің болғанын қалар еді. Адам баласының көзі тек топырақпен ғана тояды. Кейін Аллаһ тәубе қылғанның тәубесін қабыл етеді» - деген сөздерін дәлелдей түседі (Имам Ахмад риуаят еткен).
6. Барлық уақытын мал-мүлік және әйелі мен балаларына ғана арнау
Аллаһ Тағала айтады:
«Негізінде малдарыңды және бала-шағаларыңды сын деп біліңдер» (Әнфәл сүресі, 28 аят).
«Адам баласы үшін әйелдер, балалар, алтын күмістен жиналған қазыналар, сәнделген аттар, малдар және егіндерді сүю әдемі көрсетілді. Бірақ олар дүние тіршілігінің сәні. Негізінде орынның жақсысы Аллаһтың қасында» (Әли Имран сүресі, 14 аят). Бұл аяттың мағынасы – егер де әйел және бала-шағаға деген махаббат Аллаһқа және Елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бойсынудан асып кетсе, оның иесі жағымсыз, жек көрінішті болады. Ал, егер махаббат шариғи түрде болса, оның иесі мақтаулы болады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан: «Бұл дүниеден маған әйел және хош иіс сулар (әтірлер) жақсы көрсетілді. Әрі намаз көзайдыным (рахаты) етілді» (Имам Ахмад риуаят еткен).
Көптеген адамдар әйелдерінің кесірінен харам нәрселерді жасайды, ал балаларының сылтауынан Аллаһқа бойұсынудан қалады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Бала – қайғыртушы, қорқақ, білімсіз және сараң етуші» - деген (Табарани риуаят еткен). Осы хадисті сөзбе сөз талдап көрейік.
«Сараң етуші» - егер адам Аллаһ жолында нәпақа бергісі келсе, шайтан оның есіне балаларын түсіреді де: «балаларым да осы ақшаға мұқтаж. Мен мұны соларға қалдырайын» деп Аллаһ жолында садақа беруге сараңдық жасайды.
«Қорқақ қылушы» - егер бір адам Аллаһ жолында күреске шыққысы келсе, шайтан оған: «күресесің де өліп кетесің. Кейін балаларың жетім болып адасып кетеді» - дейді. Сөйтіп ол адам үйінде отырып, шықпай қалады.
«Білімсіз қылушы» - әкесінің ғылым іздеуге қолын босатпайды (күш-қуат, уақытының бәрін соларға арнайды). Осылайша әкесінің білім іздеуге, кітап оқуға құштарлығы жойылады.
«Қайғыртушы» - егер баласы ауырып қалса, әкесі қайғырады. Егер баласы бір нәрсе сұрап, әкесі оны алып беруге шамасы келмесе, тағы қайғырады. Ал, егер үлкейген кезінде әкесінің сөздеріне құлақ аспай, оны құрметтемей қойса, міне қайғының ең үлкені де ұзағы да осы болмақ.
Иә, бұл хадистің мән-мағынасы әйел, бала-шағаны тастап кету немесе олардың тәрбиесіне көңіл аудармау емес. Бұл хадистің астарында оларға шектен тыс көңіл бөлемін деп харам нәрсеге бой алдырып алмау керек деген ескерту жатыр.
Ал, байлық жайында Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Әр бір үмбеттің өз бүлігі болады. Менің үмбетімнің бүлігі – байлық». Байлыққа құнығу қасқырдың қой-қораны басқарып отырғанынан да қатерлі. Бұл Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын), мына сөзінің мағынасы: «Екі аш қасқырдың бір қойға жіберілуінен де кісінің дініне емес, байлыққа және абырой-атаққа ұмтылуы жаман» (Имам әт-Тирмизи риуаят еткен). Сол үшін де Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаһты естен шығарып жіберетіндей дәрежеде байлыққа ұмтылуды емес, «Шынында саған байлық жинауға қарағанда бір қызметші және Аллаһ жолында жүру үшін бір көлік жетеді» (Имам Ахмад риуаят еткен) – деп дүниенің тек өзіне жеткіліктісін ғана алуға жігерлендірген. Сондықтан Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын). «Байлығын былай-былай төрт жағына: оң жағына, сол жағына, алдына, артына бергендерден басқа байлық көбейтушілерге нендей өкініш» (Ибн Мажаһ риуаят еткен) – деп ескерткен. Яғни, байлығын садақа және басқа да жақсылыққа жұмсауға үгіттейді.
7. Үміттің, бос дәмелердің ұзаққа созылуы
Аллаһ Тағала: «(Мұхаммед) оларды қойып қой. Жесін, пайдалансын; дәмелері (үміттері) айналдырсын. Олар жуықта түсінеді» (Хижр сүресі, 3 аят) – деген. Осыған байланысты Али (Аллаһ оған разы болсын): «Негізінде менің сендерден қорқатынмын – бос қиялға (нәпсі, құштарлыққа) еру мен көп үміттену. Бос қиялға еру – ақиқаттан тосады, ал көп үміттену – ақыретті ұмыттырады» - деген (Фатхуль Бари 11/236). Осы еңбекте «төрт адам бақытсыз болады олар: жансыз көз (соқыр, яғни көріп тұрып көрмейтін), жүрегі қарайған, көп үміттенетін және дүниеге ұмтылатын. Көп үміттен және көп қиялдаудан құлшылық жасауда жалқаулыққа бой алдыру, тәубеге келуді кейінге қалдыру, дүниеге қызығу, ақиретті ұмыту туындайды. Міне осының барлығы жүректің қарайып қатаюына алып келеді. Себебі жүрек – өлім, қабір, сауаб және жаза, ақиреттің қорқыныштарын еске алу арқылы ғана жұмсарады. Аллаһ Тағала: «Олардың үміттері созылып кетті де жүректері қатып қалды» - деп баян етеді. Кімнің үміті қысқарса уайымы азайып, жүрегі нұрланады. Себебі ол өлімді келіп қалды деп сезінсе, құлшылық етуге тырысады делінген. (Фатхуль Бари 11/237).
8. Тамақ, ұйқы, бос сөз сөйлеу және адамдармен қарым-қатынаста шектен шығуы
Тамақты қажетті мөлшерінен асырып жеу адамның зейінін бұзады, ар-Рахманға бойсынуды денені ауырлатып, адамдағы шайтанның жолдарын азықтандырады. «Кім көп жесе, көп ішеді содан соң көп ұйықтайды да көп сауаптан құр қалады» деген сөздің жаны бар. Сол сияқты шектен көп сөйлеу де жүректі қатайтса, адамдармен шектен тыс араласа беру өзіндік түйсінуден, өзіне өзі есеп беруден, өзінің ісі жайлы ойланудан қалдырады. Ал, көп күлу жүректегі тіршілікті жойып, оны өлтіреді. Сол себепті Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Күлкіні көбейтпеңдер. Көп күлкі жүректі өлтіреді», - деген (Ибн Мажаһ).
Сондай-ақ Аллаһ Тағалаға құлшылық етуге арналмаған уақыт жүректі қарайтады. Ал қарайып қатқан жүрекке Құран да, иман жайлы уағыздар да көмек бермейді.
Көріп отырғанымыздай, иманның әлсіреуінің себептері көп. Оларды белгілі бір санмен шектеуге болмайды. Жоғарыдағы сипаттарды зерделеу арқылы иманның әлсіреуіне алып келетін өзге де себептерді анықтауға болады. Ақыл иесі оларды өз бойынан-ақ аңғарады. Біз Аллаһтан жүрегімізді тазартып, нәпсіміздің кесірінен сақтауын сұраймыз.