×
Пітір садақасы және оған байланысты үкімдер

    Зәкат әл-фитр

    (Пітір садақасы)

    زكاة الفطر

    >қазақ тілі – Kazakh – كازاخي <

    Дайындаған www.ToIslam.com сайтының редакциясы

    www.ToIslam.com إعداد: إدارة الموقع

    —™

    Орыс тілінен қазақ тіліне аударған www.oraza.kz сайтының редакциясы

    Аударма мәтінін редакциялаған www.abuhanifa.kz сайтының редакциясы

    www.oraza.kz ترجمة: إدارة الموقع

    www.abuhanifa.kz مراجعة: إدارة الموقع

    Зәкат әл-фитр

    (Пітір садақасы)

    Зәкат әл-фитрді төлеу міндетті екендігі туралы

    Ибн Умар былай деп баяндайтын: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) зәкат әл-фитрді бір са’ азық-түлік ретінде таратуды бұйырды. Ол мұны мұсылмандардан болған құл мен еркін адамға, еркек пен әйелге, кіші мен қартқа бұйырып, оны айт намазына шығудан бұрын беруді әмір етті» (әл-Бухари; 1503).

    Имам әл-Хаттаби былай деді: «Бұл хадис зәкат әл-фитрдің міндетті екенін көрсетіп тұр, әрі оның парыз екені ғалымдардың бірауызды пікірі болып табылады» (“Мә’алиму-с-Сунан” 3/214).

    Имам ән-Нәуауи: «Зәкат әл-фитр әрбір мұсылманға парыз екеніне ғалымдардың барлығы бірауыздан келіскен», - деп айтқан («әл-Мәжму’» 6/106).

    Зәкат әл-фитрдің міндетті екеніне ғалымдардың барлығы бірауыздан келіскеніне имам Ибн әл-Мунзир де нұсқаған («әл-Ижма’» 34).

    Зәкат әл-фитр кім үшін міндетті болып табылады?

    Зәкат әл-фитр оны төлеуге мүмкіншілігі бар әрбір мұсылманға міндетті болып табылады. Алайда «мұсылман өзінің асырауындағы адамдар үшін де фитрді беруге міндетті ме, әлде әрқайсысы өзі үшін өзі беруі керек пе?» деген мәселеде ғалымдардың арасында келіспеушіліктер болған. Имам ән-Нәуауи былай деп айтқан: «Адам зәкатті өзі үшін әрі мал-мүлкінен жұмсауға (асырауға) міндетті болған кісілері үшін, нақтылап айтқанда: әйелі, балалары және ата-аналары үшін беру парыз болып табылады» («әл-Мәжму’» 6/128)

    «Адам өзі үшін, әрі асырауға міндетті болған кісілері үшін фитрді беру - парыз» деген пікірдің жақтастары Ибн `Умардан жеткен келесі хадиске сүйенеді: «Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: “Асырауға тиісті адамдарың үшін фитр беріңдер”» (әд-Дарақутни 2/141, әл-Бәйһақи 4/161).

    Алайда бұл хадистің сенімділігі жөнінде ғалымдар арасында қарама-қайшылықтар бар. Ибн әл-‘Араби, әз-Зәһаби, ән-Нәуауи және Ибн Хажар секілді имамдар бұл хадисті әлсіз деген, ал әд-Дарақутни: «Бұл сөздер Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) емес, Ибн `Умарға тиісті екендігі дұрыс болып табылады», - деді. Бірақ кейбір имамдар, олардың ішінде шейх әл-Әлбани де бар, бұл хадиске сүйеніп, оның сенімділігін ұқсас мағынадағы хадистер арқылы күшейткен (“Ируауль-ғалиль” 835)

    Сондай-ақ бұл пікірді Сауд Арабиясының пәтуалар және ғылыми зерттеулер бойынша тұрақты Комитетінің (әл-Ләжнатуд-даима) ғалымдары таңдаған. (“Фәтауа әл-Ләжна” 9/367).

    Ал имам Ибн Хазм анасының құрсағында жатқан бала үшін де фитр беру парыз деп есептеген. Алайда бұл пікір қате әрі имамдардың ешқайсысы осыған ұқсас сөздер айтпаған. Имам Ибн әл-Мунзир былай деген: «Анасының құрсағында жатқан бала үшін фитр беру парыз емес екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен» («әл-Ижма’»; 31).

    Ал енді Әбу Шайба келтірген «`Усман ибн `Аффан өз отбасы үшін әрі тіпті құрсақтағы бала үшін де фитр берген» деп айтылған кең тараған әрі белгілі хабар туралы айтар болсақ, ол да әлсіз болып табылады. (“Ируа әл-ғалил” 3/330).

    Бірақ бұл хабар сенімді болған күнде де, ол ары кеткенде құрсақтағы бала үшін фитр беру тек рұқсат екеніне нұсқайтын еді, бірақ ол парыз екеніне еш нұсқамайды. Әбу Қилаба былай деп айтқан: «Саләфтар тіпті құрсақтағы балалар үшін де фитр беруді жақсы көрген» (Ибн Әбу Шайба 3/173, Абдур-Раззақ 5788. Иснады сахих).

    Сондай-ақ ғалымдар «әрбір мұсылман фитр беру керек пе, әлде тек ораза тұтқан адам ба?» деген мәселеде түрлі пікірде болған. Көпшілік ғалымдар, ал олардың ішінде төрт мазһаб имамдары да: «Науқас немесе қарт кісілер сияқты ораза тұтпаған адамдар да фитр беру керек», - деп есептеген. Ал кейбір ғалымдар тек ораза тұтқан адам ғана фитр беруге міндетті деп санаған. Өйткені Ибн `Аббастың хадисінде былай деп айтылған: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) зәкат әл-фитрді ауыз бекіткен адам үшін бос әңгімелерден тазару ретінде бұйырған» (Әбу Дауд 1609, Ибн Мәжаһ 1827, әд-Дарақутни 2/138. Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, әз-Зәһаби, имам ән-Нәуауи және шейх әл-Әлбани растаған).

    Алайда бұл дәлелге жауап беру оңай. Сонда Рамазан айында бос әңгіме айтпаған адам фитрді бермеу керек пе? Әрине, беру керек (“Фатхул-Бәри” 3/364).

    Еш күдіксіз, зәкат әл-фитр оразада жіберілген қателерден тазартады, алайда күнәлардың бар болуы оны төлеудің шарты емес. Бұдан қалса, Ибн `Умардан жеткен хадисте былай делінген: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұны мұсылмандардың құлы мен еркін адамына, еркегі мен әйеліне, кішісі мен қартына бұйырды» (әл-Бухари 1503).

    «Кіші» сөзімен кішкентай бала меңзелген, ал бірақ бала ораза тұтуға міндетті емес екені белгілі.

    Егер адам фитрді басқа біреудің атынан бергісі келсе, онда ол сол кісіге хабарлап қоюы керек, әрі бұны тек соның рұқсатымен істеу керек. Себебі зекет – бұл ниеттің болуын қажет ететін құлшылық.

    Егер адамда зәкат әл-фитрді беруге мүмкіншілігі болмаса, онда оған күнә жазылмайды, сол үшін ол қарызға ақша сұрап жүруі қажет емес. Аллаһ Тағала: «Аллаһ адамға шамасынан тыс нәрсені жүктемейді», - деді (әл-Бақара 2: 286). Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі

    мен сәлемі болсын) былай деді: «Мен сендерге бұйырғандарымнан шамаларың келгенді істеңдер!» (әл-Бухари 1/234).

    Имам Ибн әл-Мунзир былай айтқан: «Мүмкіншілігі жоқ кісі фитрді беруге міндетті емес екеніне ғалымдар бірауызды келіскен» («әл-Мәжму’» 6/113).

    Зәкат әл-Фитрдің даналығы

    Аллаһ Тағала мұқтаждарды айт күндері тіленіп жүруден құтқару үшін және ол ораза кезінде жіберіп алған қателердің өтеуі болуы үшін Мұхаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үмметіне зәкат әл-фитрді міндеттеді. Ибн `Аббас былай деп айтқан: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) зәкат әл-Фитрді ауыз бекіткен кісі үшін бос сөздерден тазару ретінде және кедейлерге тамақ ретінде төлеуді бұйырды. Кім оны айт намазына дейін берсе, қабыл болған зәкат болады. Ал кім оны намаздан кейін берсе, онда ол тек садақа сияқты ғана болады» (Әбу Дауд 1609, Ибн Мәжаһ 1827, әд-Дарақутни 2/138. Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, әз-Зәһаби, имам ән-Нәуауи және шейх әл-Әлбани растаған).

    Уаки’ ибн әл-Джаррах былай айтқан: «Рамазан айындағы зәкат әл-фитр намаздағы саһу сәжде секілді. Сәһу сажде намаздың кемшіліктерін толтырғандай, зәкат әл-фитр де оразаның кемшіліктерін толтырады» («әл-Мәжму’» 6/321).

    Ал енді «Рамазан айы аспан мен жердің арасында тұрады. Әрі зәкат әл-фитрден басқа еш нәрсе оны Аллаһқа көтермейді» (әд-Дайләми және Ибн Шаһин), - деген хадиске келер болсақ, онда ол, бұл туралы имам Ибн әл-Жәузи, хафиз әс-Суюти және шейх әл-Әлбани айтқандарындай, әлсіз.

    Шейх әл-Әлбани былай деген: «Егер де бұл хадис сахих болғанда, ол зәкат әл-фитрсыз Рамазан оразасы қабыл болмайтынына нұсқайтын еді! Мен «зәкат әл-фитрсыз ораза қабылданбайды» деген бірде–бір ғалымды білмеймін» (қараңыз: “әс-Силсилә әд-да’ифа” 1/118).

    Зәкат әл-фитр кімге беріледі?

    Ғалымдардың көпшілігі зәкат әл-фитр тура зәкат сияқты, Құранда аталған сегіз санаттағы адамдарға үлестіріледі деп есептейді: «Шын мәнінде, садақалар (зекеттер) Аллаһ тарапынан бір парыз: қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге, оны жинап, үлестірушілерге, көңілдері (Исламға қарай) аударылатындарға, құлды азат етуге, қарыздарларға, Аллаһ жолына және жолаушыларға беріледі. Аллаһ әр нәрсені Білуші, Дана» (Тәуба 9: 60)

    Алайда бұл пікір қате, себебі бұлай салыстыру Ибн `Аббастың жоғарыда келген хадисіне қарама-қайшы келеді: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) зәкат әл-фитрді ауыз бекіткен адам үшін бос сөздерден тазару ретінде және кедейлерге тамақ ретінде бұйырған».

    Шейхуль-Ислам Ибн Тәймийя: «Зәкат әл-фитрді кедейлерден басқа біреулерге беру рұқсат етілмейді», - деп айтты (“Мәжму`ул-Фәтауа”, “Ихтияратуль-фиқһия” 102).

    Тура осылай шейх Ибн әл-Қайим, имам әш-Шаукани және басқа да зерттеушілер айтқан (Қараңыз: “Зәдул-мә’ад” және “Сайлюл-жәрар” 2/86).

    Бір кедейге бірнеше адамның атынан зәкат әл-фитр беруге болады немесе бір фитрді бірнеше кедейлерге үлестіруге болады. Мұны Мәлик, Ахмад, сондай-ақ шейхуль-Ислам Ибн-Тәймийя айтқан. Алайда фитрдің бір бөлігін ғана алған кедейге оның бір са` мөлшерінен кем алғанын ескерту керек, себебі ол зәкат әл-фитр ретінде алғанын өз атынан басқаға беруі мүмкін (Қараңыз: «Шархуль-Мумти’» 6/179).

    Бір адам фитрді бір са` мөлшерінен артық көлемде бере алады, алайда бір са` мөлшерінен кем беруге рұқсат етілмейді, бұл мәселеде келіспеушілік жоқ (Қараңыз: “Мәжму’уль-Фәтауа” 25/70).

    Тұрақты комитет ғалымдарына «Базарларда қайыр тілеп жүретіндерге зәкат әл-фитрді беруге болады ма, біз олардың шынайы жағдайын білмейміз ғой?» деген сұрақ қойылды. Олар былай жауап берді: «Фитр кедей мұсылмандарға беріледі, тіпті егер олар күнәһар болса да, бірақ діннен шықпаған болса. Кедейдің сыртқы жағдайына қарау керек, тіпті егер ол іс жүзінде бай болып шықса да. Алайда шама келгенше шынайы кедейлерді іздеу керек. Егер адам берген зекетінің жағдайы бар адамның қолына түскенін білсе, онда бұл оның зекетіне зиян тигізбейді» (“Фәтауа әл-Ләжна” № 3055).

    Зәкат әл-фитрді кімге беруге тыйым салынған

    Зәкат әл-фитрді кәпірлерге беруге болмайды, өйткені зекеттің парыз үкімдерінде оларға ештеңе тиесілі емес. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарды Исламға шақыру үшін Му`азды Йеменге жібергенде, былай деген: «Егер олар саған бұл нәрседе (яғни бірқұдайшылық пен намаз оқуда) бағынса, онда Аллаһ олардың байларына кедейлерінің пайдасына зекет берулерін әмір еткенін оларға хабарла» (әл-Бухари 3/225, Муслим 19).

    Хасан әл-Басри былай деген: «Мұсылмандардың жерінде тұратын кәпірлерге парыз зекеттен (кәдімгі зекет пен зәкат әл-фитр) ештеңе тиесілі емес. Алайда егер адам қаласа, оларға нәпіл (қосымша) садақа бере алады» (Әбу ‘Убайд 1/236).

    Ал «Әбу Майсара зәкат әл-фитрді жинап, оны монахтардың арасында таратқан» деген хабарға келер болсақ, ол сенімді хабар емес (“Тамамул-минна” 389).

    Сондай-ақ адам ата-анасы, балалары мен әйелі сияқты өзі асырауға міндетті кісілірге зәкат әл-фитр бермейді. Имам Малик: «Өзің асырауға міндетті жақын туысқандарыңның қатарындағы кісілердің ешқайсысына зекет берме!», - деді. (Қараңыз: “әл-Мудауина” 1/344).

    Имам әш-Шәфи`и былай деген: «Зекет әкеге де, анаға да, атаға да, әжеге де берілмейді» (Қараңыз “әл-Умм” 2/87)

    Имам Ибн әл-Мунзир адам өзі асырауға міндетті кісілерге зекет берілмейтінінде ғалымдар арасында келіспеушілік болмағанын айтқан (Қараңыз: «әл-Ижма’» 32).

    Алайда әйел өз күйеуіне зекет бере алады, өйткені ол оны асырауға міндетті емес.

    Шейх Ибн `Усаймин айтқандай, кәдімгі зекет пен зәкат әл-фитрді өзі асырауға міндетті емес кедей туыс мұсылмандарға берген жақсырақ.

    Сондай-ақ зәкат әл-фитр байға әрі күшті, жұмысқа жарамды адамға берілмейді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Садақаны байға, сондай-ақ күшті, жұмысқа жарамды адамға беруге рұқсат етілмейді» (Әбу Дауд 2/234, Ибн әл-Жәруд 363. Имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи, әл-Хаким, хафиз Ибн Хажар және шейх әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған).

    Имам Ибн Қудама: «Кедейлер мен міскіндерге арналған садақаны бай кісіге беруге болмайды, әрі бұл мәселеде ғалымдар арасында келіспеушіліктер жоқ» (Қараңыз: “әл-Муғни” 2/522).

    Зәкат әл-фитрдің мөлшері

    Ибн `Аббастың сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: «Зәкат әл-фитрді бір са’ мөлшерінде тамақпен беріңдер!» (Әбу Ну’айм 3/262, әл-Бәйһақи 4/167. Сахих хадис. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 282).

    Зәкат әл-Фитрді бір са` мөлшерінде азық-түлікпен беру керек. Бір са` төрт муддқа тең, ал бір мудд – орташа адамның қос алақанына сыятын көлем. (Қараңыз: “Маусу’атуль-фиқһия” 3/163).

    Шейх Ибн Баз айтқандай, бір са` мөлшері шамамен бидайдің 3 килограммына сәйкес келеді. Азық-түліктің түріне байланысты оның салмағы әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, бір са` арпа 3 килограмнан аз болса, бір са` мөлшеріндегі күріш немесе сүзбе 3 килограммнан артық болуы мүмкін. Фитрді дәл бір са` көлімінде бергісі келген адам, шейх Ибн `Усаймин «Шархуль-мумти`та» айтқанындай, 2,4 кг бидайдың салмағына тең азықтың мөлшерін анықтап алуы керек.

    Зәкат әл-Фитрді немен беру керек

    Әбу Са`ид әл-Худри: «Біз фитрді бір са’ тағаммен немесе бір са` арпамен, немесе құрмамен, немесе сүзбемен, немесе мейізбен төлейтінбіз» , - деп айтқан (әл-Бухари 1506).

    Хадистерде аталған «та`ам» сөзінің мағынасы жайында ғалымдар әртүрлі пікір білдірген. Кейбіреулері «тағам» сөзімен бидай меңзеліп тұрғанын айтқан. Ал басқаларының айтуынша, пітірді тек хадисте аталған тағам түрімен ғана төлеуге болады. Шын мәніне келсек, хадистердегі «та`ам» сөзі жалпы, әрі өлшенетін тамақтың барлық түріне қатысты деп есептейтін ғалымдардың пікірі күштірек және дәлелдірек. Бұған қоса, зәкат әл-фитрді

    сол аймақта негізгі тағам болып табылатын азық-түлікпен беру қажет. Бұған Әбу Са`идтің келесі хадисі нұсқайды: «Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде біз фитрді бір са’ тамақпен төлейтінбіз, ал ол кезде біз арпамен, мейізбен, кептірілген ірімшікпен және құрмамен тамақтанатынбыз» (әл-Бухари 1510).

    Әшхаб былай деп баяндайтын: «Мен имам Маликтің: “Арпа оны жемейтіндерге берілмейді! Адамдар жеп жүрген нәрсені ғана беру керек”, - деп айтқанын естідім» (Қараңыз: “әл-Истизкар” 9/263).

    Хафиз Ибн `Абдул-Барр былай деген: «Белгілі бір жердің негізгі тамағын ескеріп жүру барлық уақытта міндетті болып саналады» (қараңыз: “әт-Тамхид” 7/127).

    Шейхуль-Ислам Ибн Тәймийя былай деген: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) зәкат әл-фитрді бір са` құрма немесе бір са` арпамен төлеуді парыз етті, өйткені бұл Мәдина тұрғындарының тамағы еді. Егер де Мәдина тұрғындары олардан өзге тамақтарды жейтін болғанда, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға олар қолданып жүрмеген тамақтарды беруді бұйырмас еді» (қараңыз: “Мәжму’уль-Фәтауа” 25/68).

    Шейх Ибн әл-Қайим былай деп жазған: «Хадистерде аталған азық-түлік Мәдина тұрғындарының негізгі тамақтары еді. Егер белгілі бір жер тұрғындарының негізгі тамақтары осылар болмаса, онда олар фитрді қолданыстағы тағам түрлерімен, мысалы, жүгері, күріш, інжір және т.б. берулері керек. Ал егер олардың жейтін тағамдары сусымалы емес, есесіне ет немесе балық секілді тағамдар болса, онда олар фитрді олар жейтін нәрселермен берулері керек, ол не болса да. Бұл - көпшілік ғалымдардың пікірі, әрі осы ең дұрыс пікір болып табылады» (“И’ләмуль-мууаққи’ин” 3/12.).

    Шейх Ибн `Усаймин былай деп айтқан: «Егер сусымалы азық-түлік белгілі бір жердің негізгі тамағы болып саналмаса, бірақ керісінше олардың негізгі тамақтары, мысалы, ет болса, онда олар фитрді етпен берулері керек. Дұрысы осы!» («Шархуль-мумти’» 6/182).

    Ал Әбу Са`идтің олар фитрді бір са` мөлшеріндегі ұнмен бергені тұралы айтылған хадисіне келер болсақ, онда ол, имам Әбу Дауд және басқалар айтқандай, әлсіз болып табылады (“Ируауль-ғалил” 848). Алайда бұл хадистің әлсіздігіне қарамастан, кейбір ғалымдар зәкат әл-фитрді ұнмен беруді рұқсат еткен. Имам Ибн Қудама былай деген: «Фитрді ұнмен беруге болады, әрі бұл туралы имам Ахмад айтқан» (“әл-Муғни” 2/357).

    Сондай-ақ бұл пікірді имам Әбу Ханифа, шейхуль-Ислам Ибн Тәймийя, шейх Ибн әл-Қайим ұстанған, ал қазіргі заман ғалымдарының ішінде бұл пікірді шейх Ибн `Усаймин таңдаған.

    Шейз Ибн `Усаймин: «Фитрді макарондармен де, егер олар белгілі бір жердің негізгі тағамы болып есептелсе, беруге болады», - деді («Шархул-мумти’» 6/191).

    Сөйтіп, жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, фитрді кез-келген азық-түлікпен: ол макарон, күріш, қара бидай, ет, тары және т.б. нәрселермен болсын – яғни белгілі бір жердің негізгі тамақтарымен беруге болады. Әрі адам фитрді ең қымбат тамақпен беруге міндетті емес, ол оны өзі жеп жүрген орта бағадағы нәрсемен бере алады.

    Фитрді немен төлемеген жөн және немен төлеуге тыйым салынады

    Фитрді бұзылған және де тез бұзылатын тамақпен беруге болмайды. Ибн әл-Қайим: «Нан және дайын тамақ туралы айтар болсақ, онда тіпті олардың кедейлер үшін пайдасы бар және олар уақыт пен еңбекті талап ететін болса да, бәрібір сусымалы тағамдардың пайдасы көбірек, өйткені оларды ұзағырақ сақтауға болады. Ал нан мен дайын (піскен) тамаққа келер болсақ, олар көп болса да, тез бұзылады әрі оларды ұзақ сақтау мүмкін емес», - деп айтқан (қараңыз: “И’ләмуль-муакқи’ин” 3/18).

    Сондай-ақ фитрді қантпен, тұзбен және соған ұқсас нәрселермен беруге болмайды, себебі олардың барлығы тамақ емес, тек дәмдеуіштер ғана.

    Ал Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Сүйікті нәрселеріңді жұмсамайынша, сендер ешқашан игілікке жетпейсіңдер, ал сендер не жұмсасаңдар да, Аллаһ ол туралы біледі» (Әли ‘Имран 3: 92).

    Зәкат әл-фитрді ақшалай беруге болады ма?

    Зәкат әл-фитрді киіммен де, ақшамен де, тағамнан басқа нәрселермен де беруге болмайды, себебі бұл Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әміріне қайшы келеді. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) фитрді тек тамақ түрінде беруді бұйырған. Алайда осыған қарамастан кейбір ғалымдар фитрді ақшалай беруді рұқсат еткен. Имам ан-Нәуауи былай деген: “Фақиһтардың көбісі фитрді ақшамен беруді рұқсат етпеген, дегенмен мұны Әбу Ханифа рұқсат еткен. Ибн әл-Мунзир мұның рұқсат етілгенін Хасан әл-Басриден, Умар ибн Абдул-Азизден және Суфьян әс-Сауриден жеткізген ”. “Шарх «Сахих» Муслим” 7/60.

    Имам әл-Хаттаби Абу Са’идтің “Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде біз фитрді бір са’ мөлшерінде тағаммен төлейтінбіз, ал ол кезде біз арпамен, мейізбен, кептірілген ірімшікпен және құрмамен тамақтанатынбыз” деген хадисін келтіріп, былай деген: “Бұл хадисте фитрді ақша түрінде беруге болмайтынына дәлел бар, өйткені бұл жерде ақша емес, нақты азық-түлік туралы айтылған” (“Ма’алиму-с-Сунна” 2/44).

    Динарлар мен дирхамдар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде де болған, алайда шариғат фитрді ақшамен емес, тамақпен беруді бұйырған. Сол үшін біз де осыған тоқтауымыз керек. Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім (дінде) біз нұсқамаған амалды істесе, ол қайтарылады». Муслим 1/236.

    Имам Ахмадтан фитрді дирхаммен төлегісі келген адам туралы сұрағанда, ол былай деп жауап берген: “Оның бұл ісі Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне қарсы келгендікен, есептелмей қалады ма деп қорқамын!” Сондай-ақ имам Ахмад: “Фитрді азық-түліктің орнына ақшамен беруге болмайды!”, - дегенде, оған: “Бұл жерде адамдар: «Умар ибн Абдул Азиз ақшамен берген», - деп жатыр ғой” – деген уәж айтылғаны хабарланады. Сонда имам: “Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерін тастап: «Біреу солай айтты» - деп жатыр!” - деп жауап берді (“әл-Муғни” 2/671).

    Зәкат әл-Фитрді қашан беру керек?

    Умар ибн Абдул-Азиз бен Әбул-Алия Аллаһ Тағаланың «Тазарған, Раббысының атын еске алған және намаз оқыған (адам) табысқа жетті!» (әл-А`лә 87: 14-15) деген сөздері жайлы былай деді: «Мұның мағынасы: зәкат әл-Фитрді беріп, сосын айт намазына барды» (қараңыз: “Ахкамуль-Қуран” 3/176).

    Ибн Умар былай деді: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) фитрді айт намазына шығардың алдында беруді әмір еткен» (әл-Бухари 1503).

    Имам Ибн әт-Тин: «Фитр беру уақыты - таң намазынан бастап айт намазына дейін», - деген (қараңыз: “әл-Мутауари” 135, “Фатхуль-Бари” 3/478).

    Кейбір ғалымдар фитр беру уақыты Рамазанның соңғы күні батқан соң басталады да, айт намазына дейін жалғасады деп есептеген. Алайда оны айт намазына шықпас бұрын беру керек деген бірінші пікір күштірек, себебі ол тікелей хадиске сүйенеді.

    Ал фитрді Рамазанның басында да беруге болады деп санаған ғалымдардың пікірі жайында айтар болсақ, онда ол қате әрі ештеңеге негізделмеген пікір болып табылады. Одан қалса, бұл пікір Ибн `Аббастан жеткен «Фитрдің мәнісі айт күндерінде кедейлерді тамақтандыруда» деген хабарға қайшы келеді. Имам Ибн Қудама былай деді: «Зәкат әл-Фитрдің парыз болуының мағынасы – бұл Ораза айт» (қараңыз: “әл-Муғни” 2/676).

    Әш-Шаукани мен Шамсуль-Хаққ Азим Абади деген имамдар былай деген: «Ғалымдардың көпшілігі зәкат әл-Фитрді айт намазына дейін беру жай мустахаб амал ғана болып табылады әрі оны айт күні аяқталғанша беруге болады деп есептеген. Алайда Ибн `Аббастың хадисі оларды теріске шығарады» («‘Аунул-Мә’буд», “Нәйлюл-аутар” 4/255).

    Шейх әл-Әлбаниге «Зәкат әл-фитрді айт намазынан бірнеше күн немесе бірнеше апта бұрын беруге рұқсат па?» деген сауал қойылды. Оған шейх былай жауап берді: «Бұл рұқсат етілмейді, өйткені зәкат әл-фитрдің мәнісі кедейлерді мейрамда тіленіп жүруден құтқаруды қамтиды. Егер сен фитрді одан бұрын беріп қойсаң, онда кедей оны айтқа дейін сақтай алмайтынында күмән жоқ» (қараңыз: “әл-Һауи мин Фәтауа шейх әл-Әлбани” 283).

    Бірақ егер адам фитрді айт намазына дейін беруге үлгермей қаламын деп қауіптенсе, онда оны айт намазына дейін бір-екі күн бұрын берсе болады. Бұл жалпы ережеден тыс жағдай болып табылады. Нәфи` былай деген: «Ибн `Умар кейде зәкат әл-фитрді айттан бір-екі күн бұрын беретін еді» (әл-Бухари 1511, Муслим 986).

    Кейбір ғалымдардың айтуынша, Ибн `Умар фитрді бір-екі күн бұрын кедейлердің өзіне емес, фитрді жинауға тағайындалған кісіге беретін еді. Бұл мағлұматты басқа хабарлар растайды. Нәфи`: «Ибн `Умар зәкат әл-фитрді айттан бір-екі күн бұрын оны жинап жүрген адамға жіберетін», - деп айтқан (Мәлик 1/285).

    Айюбтан жеткен тағы бір хабарда «Ибн `Умар фитрді қашан беретін еді?» деген сұраққа Нәфи` былай жауап берген деп айтылған: «Жинаушы фитрді жинай бастағанда». Одан: «Ал жинаушы фитрді қашан жинай бастады?», - деп сұрағанда, ол: «Айттан бір-екі бұрын», - деп жауап берген (Ибн Хузайма 4/83).

    Алайда Ибн `Аббас: «Ал кім оны намаздан кейін берсе, онда ол кәдімгі садақа ретінде қарастырылады», - деп айтқандай, зәкат әл-фитр айт намазынан кейін берілсе, ол есптелмейтінін ескерту маңызды болып табылады.

    Тұрақты Комитеттің (әл-Ләжна әд-Даима) ғалымдары былай деген: «Фитрді өз уақытында бермеген адам күнә жасады! Ол Фитр беруді кешіктіргені үшін тәубе етіп, бәрібір оны кедейлерге беруге тиіс» (қараңыз: “Фәтауа әл-Ләжна” 9/369). Бірақ білмеген адамның жағдайы басқа.

    Зәкат әл-Фитр тек кедейге берілген кезде ғана төленген болып есептеледі. Ол кедейге немесе фитрді жинайтын сенімді кісіге уақытылы жетуі керек. Кедей адам өзіне тиесілі зекетті жинауды басқа біреуге тапсыруына болады. Сенімді кісіге зәкат әл-Фитрдің уақытылы жеткені кедейдің оны алғанын білдіреді.

    Алайда егер адам зәкат әл-Фитрді беруге үлгермеген болса немесе оны ұмытқан болса, онда ол төлеуді талап ететін қарыз болып табылатындығына ғалымдар бірауыздан келіскен (“әл-Муғни” 2/458, “Мәусу’әтул-фиқһия” 41/43).

    Шейх Ибн `Усайминнен: «Мен Рамазан айының басында Мысырда болғанымда, зәкат әл-фитрді беріп қойған едім, бірақ қазір мен Меккедемін. Фитрді қайта беру мен үшін міндетті болып табылады ма?», - деп сұраған. Шейх былай деп жауап берді: «Иә, сен фитрді қайта беруің керек, себебі оны уақытынан ерте беріп қойдың! Іс себебімен байланысты. Ал фитрдің себебі Ораза айт күні болып табылады әрі бұл уақыт аталмыш зекеттің уақыты болып саналады. Ораза айт күні тек Рамазанның соңында ғана болатынын жақсы білеміз. Фитр Рамазанның ақырғы күні аяқталып, күн батқан соң ғана беріледі. Бірақ фитрді айт намазына дейін бір-екі күн бұрын беруге рұқсат екенінде жеңілдік бар. Бұл тек жеңілдік қана, өйткені бұл зекеттің шынайы уақыты Рамазанның ақырғы күнінің кешінен басталып, айт намазына дейін созылады. Ал егер мүмкіншілік болып жатса, онда фитрді таңертең, айт намазына дейін берген жөн болады» (“Фәтауа Ибн ‘Усаймин” 18/180).

    Дайындаған www.ToIslam.com сайтының редакциясы;

    Орыс тілінен қазақ тіліне аударған www.oraza.kz сайтының редакциясы;

    Аударма мәтінін редакциялаған www.abuhanifa.kz сайтының редакциясы