×
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қыздары Умму Кулсум және Руқайя (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) өмірбаяндары туралы жазылған қисса

    Пайғамбардың қыздары Руқайя және Умму Кулсум (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) қиссасы

    قصة بنتي النبي صلى الله عليه وسلم رقية وأم كلثوم رضي الله عنهما

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    تأليف :

    إسماعيل بن عمر بن كثير

    авторлық

    Исмаил бин көптеген

    —™

    ترجمة ومراجعة :

    فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    РУҚАЙЯ ЖӘНЕ УММУ КУЛСУМ

    (АЛЛАҺ ОЛ ЕКЕУІНЕ РАЗЫ БОЛСЫН)

    Осман (Аллаһ оған разы болсын) ие болған Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қос нұры Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қыздары Руқайя мен Умму Кулсумнің өмір жолдары өте ұқсас болатын. Бұл екі қыз бойжетіп, оларды құрайыш көсемдерінің бірі Абдулғұзза ибн Абдулмутталиб деген кісі Ұтба және Утайба атты ұлдарына айттырып келеді. Абдулғұзза Ислам тарихында Әбу Ләһәб атымен танымал. Алайда бұл кездерде Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық міндет әлі жүктелмеген, Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) пен Абдулғұззаның арасында ешқандай дұшпандық қарым-қатынас орнамаған-ды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келісімін беріп, қыздарын осы кісінің ұлдарына ұзатады. Мекке шаһарында Ислам дағуаты басталған кезде Аллаһтың дініне Әбу Ләһәб айрықша қарсылық көрсетті. Оның Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) деген дұшпандығының ушыққаны сондай, тіпті ол Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дағуатын тоқтатпаған жағдайда ұлдарына қыздарын талақ еттіретінін ескертеді. Ақырында Әбу Ләһәбтің ұлдары әкесінің зорлығымен әйелдеріне талақ беруге мәжбүр болып, Руқайя мен Умму Кулсумды үйлеріне қайтарады. Есесіне, Руқайяны Осман ибн Аффан (Аллаһ оған разы болсын) айттырады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қызына осындай мүмін, тақуа, абыройлы, алдында періштелер ұялатын адамның жар болатынына қатты қуанады.

    Ислам Мекке табалдырығынан аттағалы бері құрайыштардың мұсылмандарға қысымы үдей түседі. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) құрайыш мүшріктерінің зәбір-жапасынан қорғануға әлдері келмейтін мұсылмандарға Эфиопия жеріне қоныс аударуға нұсқау беріп, ол ел ешкім зұлымдыққа ұшырамайтын әділ патшаның қол астында екенін ескертеді. Осы Хабаш жеріне алғашқы қоныс аударушы Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қызы мен күйеу баласы – Руқайя мен Осман болады. Бұл әрекетімен Осман Аллаһ жолында Лут пайғамбардан кейін дін үшін қоныс аударған алғашқы мұсылман саналған. Яғни адамзат тарихында Луттан (аләйһис-сәләм) Османға дейін ешкім дін үшін қоныс ауыстырмаған болатын.

    Руқайя Осман ибн Аффанға (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) тұрмысқа шықты. Екеуі (Осман мен Руқайя) сенімдерін қорғап қалу үшін кәпірлердің қысымынан бас сауғалап Эфиопияға қоныс аударды.

    Сөйтіп, Осман мен Руқайя Эфиопияны біраз жылдар мекен етеді. Меккеде Хамза, Омар (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) сияқты адамдар Исламды қабылдап, мұсылмандардың саны көбейгеннен кейін кері елге қайтады. Руқайя жат жерде жүрген кезде анасы Хадиша (Аллаһ оған разы болсын) дүниеден өткен-ді. Анасымен бақұлдаса алмаған оның өкініштен өзегі өртеніп, көзіне жас алады.

    Кейіннен Мәдина қаласына қоныс аудару басталады. Бұл жолы да олар дін үшін елден ауа көшудің алғашқы қарлығаштарынан болады. Бұл қоныс аударулардың бір ғана себебі бар еді: ол – құрайыш мүшріктерінің зорлық-зомбылығынан жас сенімді құтқару. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) меккелік ізбасарлары бұл жолда мал-жандары мен әйел, бала-шағаларын құрбан еткен. Көңілі мен пейілі кең, жаны жайсаң адамдар мекен ететін Мәдинаға қоныс тепкен Осман мен Руқайя ол жерде Абдуллаһ атты ұлды болады. Бірақ ұлдары алты жасқа келіп қалғанда, әтеш шоқып, жарақат орны жазылмастан асқынып, ақыры ажал құшады. Бауыр еті жалғыз баласының бұл өлімі ауыр тиген Руқайя науқастанып төсек тартып жатып қалады. Бұл Бәдір шайқасының кезі еді. Мұсылмандардың барлығы шайқасқа аттанып жатқанда, Османның да олардан қалып қойғысы келмейді. Әйтсе де Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған науқастанып халі нашарлап жатқан Руқайяның қасында қалуға бұйырады. Осы себепті Осман Бәдір шайқасына қатыса алмайды.

    Көп ұзамай Руқайя көз жұмады. Ұлы мен әйелінің өлімі Османға ауыр қайғы әкеледі. Ол біраз уақыт үйленбей жүріп алады. Дәл осы уақытта Бәдір шайқасында Омардың қызы Хафсаның күйеуі қаза табады. Бар-жоғы 18 жастағы Хафсаның жесір қалуы оның әкесін қатты алаңдатады. Сөйтіп, ол Османға келіп өзінің қызына үйленуге ұсыныс жасайды.

    Осы орындағы перзентіне деген әке қамқорлығын қарайықшы. Бүгінде біреуге «Менің қызымды ал» деуге қайсымыздың дәтіміз барады. Тіпті бұл істі ұят санап, өз абыройымызды аяққа таптау деп ойлаймыз. Негізінде, бұл қыздарымызға абыройлы, ақыл-парасатты, оған сүйеніш болар күйеу іздеудің озық үлгісі емес пе? Шын мәнінде, бұл біздің қашқақтайтын емес, тікелей араласатын ісіміз болу керек. Мұны түсініп, соған ұмтылған ұлы тұлға Омар еді.

    Сүйікті жары Руқайяның қайғысынан арыла қоймаған Осман Омарға:

    «Мен қазір үйленуді қаламаймын», – деп жауап береді. Бұл жауапқа ыңғайсызданып, шамданып қалған Омар болған жайды Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп баяндайды. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған:

    «Хафсаға Османнан да жақсырақ біреу үйленеді, ал Осман Хафсадан абзалырақ біреуді әйелдікке алады», – дегенді айтқан (Ибн Сағд, Табақат: 8/82).

    Нәтижесінде, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Хафсаға, ал Осман Аллаһ елшісінің үшінші қызы Умму Кулсумге үйленеді. Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) екі қызына үйленген Осман «Зуннурайн» (екі нұрдың иесі) деген атқа ие болған.

    Османның шаңырағына Руқайяның орнына Умму Кулсум келіп, екеуі алты жыл тату-тәтті, салауатты ғұмыр кешеді. Умму Кулсум Османмен алты жыл тұрып, Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде өмірден озады. Аллаһ Өз елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қыздары Руқайя мен Умму Кулсумға разы болсын!