Сахаба әйел Нусайба Кағбқызы (Аллаһ оған разы болсын) туралы қисса
Бөлімдер
Full Description
Сахаба әйел Нусайба Кағбқызы (Аллаһ оған разы болсын) туралы қисса
قصة الصحابية نسيبة بنت كعب رضي الله عنها
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
تأليف :
إسماعيل بن عمر بن كثير
авторлық
Исмаил бин көптеген
ترجمة ومراجعة :
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
НУСАЙБА КАҒБҚЫЗЫ
(АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)
«Сенің қолыңнан келген кімнің қолынан келер дейсің, уа, Умму Умара!»
«Умму Умара» деген атпен танымал Нусайба Кағбқызы әл-Мазиния ансарлардың бәну нәжжар руының әйелі еді. Умму Умара Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аудармай тұрып Ақаба келісімінде ансарлық әйелдердің арасынан алғаш иман келтірген. Бұл әйгілі Ақаба келісіміне бар-жоғы екі әйел қатысқан. Сол екі әйелдің бірі – Нусайба Кағбқызы. Уақыт өте Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына қоныс аударып, мұсылмандар мен мүшріктер арасында шайқастар легі басталғанда Нусайба күйеуі Ғазайя және алғашқы күйеуі марқұм Зәйд ибн Асамнан көрген ұлдары Абдуллаһ, Хабибтармен бірге жорықтарға қатысады. Аллаһ оларға разы болсын! Нусайбаның ерен ерлігі әсіресе Ухуд шайқасында көрініс табады. Негізінде, жорыққа шыққан әйелдер жаралыларға жәрдем көрсететін, әскерге ас-су әзірлеп, тағы басқа жағдайларда қолғабыс ететін, бірақ соғысқа араласпайтын.
Ухуд шайқасында ұрыстың бастапқы кезінде мұсылмандар басымдылыққа ие болғанмен, садақшылардың өз орындарын тастап кетуі нәтижесінде дұшпан тарабындағы Халид ибн Уәлидтің атты сарбаздары соғыс алаңын орағытып өтіп, мұсылмандардың ту сыртынан соққы береді. Бұл «Аллаһтың семсері» атанған Халидтің (Аллаһ оған разы болсын) Исламды әлі қабылдамаған кезі еді. Осындай күтпеген шабуылдың әсерінен мұсылман әскерінің шебі бұзылып, қосыны бытырап артқа шегініп қаша бастайды. Белең алған аласапыранның нәтижесінде Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қасында он-ақ жауынгер қалады. Аллаһтың елшісін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қорғау үшін аяқтарында нық тұрған бұл ондықтың төртеуін Нусайба Кағбқызының отбасы құраған: өзі, күйеуі және екі ұлы. Бұл ондық Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) амандығы үшін өз бастарын қатерге тігіп, жандарын салып, тәндерін тосады. Қарусыз жалаң қолмен тұрған Нусайба Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) басына қауіп туғанын көріп, қапелімде жерден бір қылыш тауып алып, өз жанынан да артық көретін ұлы тұлғаны қорғау үшін дұшпанға қарсы шығады. Мұны көрген Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қашып бара жатқан бір мұсылман сарбазға: «Ей, соғыспасаң, қалқаныңды соғысатын адамға тастап кет!» – деп айқайлайды. Әлгі сарбаз қалқанын Нусайбаға лақтырады. Қалқанды қолына алған Нусайба Аллаһ елшісін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қорғау жолында аянбай шайқасады. Осы бір аласапыранның арасында жүріп Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мүшріктердің алдын ала қазып дайындап қойған орына түсіп кетеді. Осы сәтті пайдаланып, мүшріктер Пайғамбарымызды (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өлтіру үшін орға қарай жанталаса ұмтылады. Олардың жолдарын тоспақ болған Нусайбаның ұлы Абдуллаһ ибн Зәйд ауыр жарақат алады. Мұны көрген Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Нусайбаға: «Нусайба, балаң!» – деп
дауыстайды. Ұлына жетіп барған Нусайба оның жарақатын шүберекпен таңып, шапшып жатқан қанды тоқтатып ұлына: «Енді тұр орныңнан! Шайқасқа аралас!» – деп бұйыра айқайлайды. Сол кезде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Нусайбаның осыншалықты өжеттілігіне тамсанып: «Сенің қолыңнан келген кімнің қолынан келер дейсің, уа, Умму Умара!» – деген-ді (Әз-Зәһәби, Сиәр: 2/279-280).
Пайғамбарымызды (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қорғау жолында жанталасып жүрген араларында Нусайба бар ондық өздері жаяу болса да, атты әскерге тайсалмай қарсы тұрып, күрес жүргізеді. Кескілескен ұрыс осылайша жалғасып жатқан-ды. Кенеттен бір атты мүшріктің Умму Умараның ұлына ұмтылып бара жатқанын байқаған Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Нусайбаға: «Балаңды қорға!» – деп жанұшыра айқайлайды. Нусайба баласын қорғауға ұмтылады. Оны көрген дұшпан атының басын Умму Умараға қарай бұрады. Нусайба кейіндеп артқа шегініп кетеді де, мүшрік артқа шалт қайырылып, оның ұлына қарсы шабады. Сол кезде Нусайба жетіп барып, оның атының аяғын шабады да, мүшрік атынан ұшып түседі. Мүшріктің құлағанын көрген Нусайба: «Маған көмекке келіңдер», – деп айқайлайды. Жүгіріп келген ұлы әлгі дұшпанмен қылыштаса кетеді. Осы сәтті пайдаланған Нусайба дұшпанның артқы жағынан келіп, оны шауып өлтіреді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) соғыс біткеннен кейін: «Қай жағыма қарамайын, сол батырлар бас сауғалап қашқан уақытта, қасымда Умму Умараның соғысып жүргенін көрдім», – деп айтып жүретін.
Нусайба денесіне тиген найзалардың ұшы мен қылыштардың жүзін елемей, он үш жерінен жарақат алып, киімі қанға малынғанша қайсарлықпен шайқас жүргізеді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) шұңқырға түсіп кеткен сәтте, оны өлтірмекке атын қамшылап, өршелене ұмтылғандардың бірі Ибн Қамия болатын. Ол орға жақындап келіп, Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) найза лақтырады. Сол кезде белгілі сахаба Әбу Дужана (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһтың елшісін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қорғап найзаның ұшына өз кеудесін тосады. Найза үстіндегі сауытты тесіп өте алмай, сахаба аман қалады. Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қарата Ибн Қамияның үсті-үстіне лақтырған найзаларынан сахабалар Пайғамбарымызды (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қасық қандары қалғанша қорғайды. Осы сәтте бұл қауіптің алдын алмаққа Нусайба үстінде сауыты жоқтығына қарамастан, желең көйлегімен Ибн Қамияға қарсы шабады. Ибн Қамияның сілтеген қылышы қайсар әйелдің иығына тиіп, соққыдан Нусайбаның топшысының жігі айырылып кетеді де, жарақатынан қан шапшыған Умму Умара әлсіреп жерге құлап түседі. Мұсылмандар осылайша қан кешіп жүріп Пайғамбарымызды (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мүшріктерден қорғап қалады.
Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға келіп, алдымен сұрағаны Нусайбаның жағдайы еді. Бұл кезде Умму Умара жарақатынан қан тоқтамай қиналып жатқан-ды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған ерекше көңіл аударып, жарақатын емдеудің барлық шараларын қарастыруды адамдарға мықтап жүктейді.
Ухуд шайқасынан үш күннен кейін Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) осы шайқасқа қатысқан мұсылмандардың бірі қалмай, тегіс қайта атқа қонуына бұйрық береді. Ислам тарихында бұл жорық «Хамра-ул-әсәд» деп аталған. Ауыр жарақатына қарамастан Нусайба да әскер сапынан орын алады. Бірақ әскер көп ұзап шықпай жатып, Нусайба жарақатының аузы қайта ашылып, әлсіреп жерге құлап түседі. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған Мәдинада қалуға кеңес беріп, адамдарға оны емдетуді тапсырады. Мұсылмандар қосыны қала сыртына шығып, Мекке мен Мәдина арасындағы Хамра-ул-әсәд деген жерге келіп, мүшріктердің әскерін күтеді. Бірақ қарсы тараптан жаудың қарасы көрінбеген соң, мұсылмандар жасағы соғыссыз кері қайтады. Бұл әрекеттерімен мұсылман әскері сақтарының сынбағанын, жасымағанын, жасқанбай қашанда болсын соғысқа әзір екендіктерін дәлелдеген.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға келе сала, тағы ең алдымен, Нусайбаның жағдайын сұрастырады.
Қайсар әйел Нусайба Ислам тарихындағы Байғатур-Ридуан деген атпен қалған ризашылық антын қабылдағандардың ішінде болған, Пайғамбарымызбен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығына қатысқан.
Кейінірек Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ғұмырының аяқ шенінде Йеменнен Мусәйләмә деген бір алаяқ жалған пайғамбарлық дағуасымен бүлік шығарады. Бір күні Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ол былай деп хат жолдайды:
«Аллаһ елшісі Мусәйләмәден Аллаһ елшісі Мұхаммедке! Мен сенімен бұл істе (пайғамбарлықта) ортақ емеспін бе? Жердің жартысы маған, жартысы саған. Бірақ құрайыштар маған зұлымдық қылады».
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған мынадай мәтінде жауап хат жазды:
«Аллаһ елшісі Мұхаммедтен жалғаншы Мусәйләмәге! Тура жолға ілескендерге сәлем болсын! Шын мәнінде, жер Аллаһтікі. Оны пенделерінің қалағанына мұра етеді. Істің ақыры тақуалардың пайдасына (шешіледі)» (Ибн Һишам, Сира: 4/329).
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл хатты Мусәйләмәге жеткізуге ансарлардан екі кісіні аттандырады. Бұл екеудің бірі – Нусайбаның ұлы Хабиб ибн Зәйд (Аллаһ оған разы болсын) еді. Хат қолына тиген Мусәйләмә оны оқып ашуға мініп, Хабиб ибн Зәйдтен:
– Сен Аллаһтан өзге құдай жоқтығына куәлік бересің бе? – деп сұрайды. Хабиб:
– Иә, – деп тіл қатады. Мусәйләмә:
– Мұхаммед Аллаһтың елшісі екендігіне куәлік бересің бе? Хабиб:
– Иә, – дейді.
– Ал менің Аллаһтың елшісі екендігіме куәлік бересің бе? – деп сұрайды Мусәйләмә. Хабиб ибн Зәйд:
– Мен мұндайды естімеппін, – деп жауап қайтарады.
Мусәйләмә оған осы сұрақтарды қайта-қайта қояды. Ал Хабиб ибн Зәйдтің қайтарған жауабы алғашқысынан айнымайды. Зығырданы қайнаған Мусәйләмә оны азаптап, жәбірлей бастайды. Әр кезде Хабиб «Менің Аллаһтың елшісі екендігіме куәлік бересің бе?» деген сұраққа келгенде: «Мен мұндайды естімеппін», – деумен болады. Азғын Мусәйләмә оған зұлымдықтың шегінен шыққан түрін көрсетеді. Әуелі бір құлағын, сосын екінші құлағын кесіп алады. Сұрағын әр қайталаған сайын мұрнын, қолын, екінші қолын кесіп, осылайша өр әйелдің ер ұлын ақиқат үшін шәһид болғанша азаптайды. Аллаһ оған және анасына разы болсын!
Бұл хабар Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жеткенде, ол кісі қатты ашуланады. Ұлының осындай азғындық тәсілмен өлтірілгеніне зығырданы қайнаған Нусайба Мусәйләмә не өліп, не өлтірілгенше жуынбауға қасам ішеді. Осы уақыт аралығында Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өтеді. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) көзі қайтқаннан кейін имандары әлсіз далалық арабтар діннен шыға бастайды. Умму Умара өз антынан таймайды. Жаңа сайланған халифа – Әбу Бәкір (Аллаһ оған разы болсын) Исламнан қайтқандарға қарсы әскер шығарады. Бұл шайқастар легіндегі қарсыластардың ең қатерлісі Мусәйләмә бастаған бүлікшілер тобы еді. Оларға қарсы аттанған екі дүркін мұсылман әскері жеңіліс тауып қайтқан соң, Әбу Бәкір үшінші ретте бұл екі әскер тобына Халид ибн Уәлидтің (Аллаһ оған разы болсын) басшылығындағы жасақты қосып аттандырады. Халифа әйелдерден тек Умму Умараның ғана жорыққа шығуына рұқсат береді. Сөйтіп, ол ішкен қасамын орындау үшін мұсылман әскерінің қатарында Мусәйләмәге қарсы жүргізілген Ямама шайқасына ұлы Абдуллаһ ибн Зәйдпен бірге қатысады.
Мұсылмандар мен діннен қайтқандардың арасында кескілескен қырғын шайқас басталады. Өзінің егде тартып қалған жасына қарамастан, Нусайба ақиқат жеңісі үшін қолынан келгенін аямайды. Бұл шайқаста оның Ухудта алған жарақатының аузы қайта ашылып, біраз әбігерге түседі. Алайда Нусайба бұған қарамастан, өз жанынан артық көрген Пайғамбарға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қарсы келген, бауыр еті ұлын кескілеп өлтірген Мусәйләмә азғыннан кек алу үшін жанын салады.
Ұзаққа созылған шайқастың соңы мұсылмандардың жеңісімен аяқталып, Мусәйләмә өлтіріледі. Ұрыс аяқталған соң Абдуллаһ анасын Мусәйләмәнің мәйітіне алып келеді. Оның өлігін көрген өжет әйелдің көңілі жай тауып, Мәдинаға кері қайтады. Жол бойы аузы ашылған жарақатынан қан кетіп әбден әлсіреген Нусайба Мәдинаға келе салысымен, шәһидтік жолмен жан тапсырады. Аллаһ оған разы болсын!