Мүміндердің Анасы – Жуәйрия Харисқызы (оған Аллаһ разы болсын) туралы қисса
Бөлімдер
Full Description
Мүміндердің Анасы – Жуәйрия Харисқызы
(оған Аллаһ разы болсын) туралы қисса
قصة أم المؤمنين جويرية بنت الحارث رضي الله عنها
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
авторлық
Исмаил бин көптеген
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
МҮМІНДЕРДІҢ АНАСЫ – ЖУӘЙРИЯ ХАРИСҚЫЗЫ
(АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)
«Мен қауымына Жуәйриядан көбірек берекелі (пайда әкелген) әйелді білмеймін».
Жуәйрия (Аллаһ оған разы болсын):
«Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келместен үш күн бұрын мен түс көрдім, түсімде Ясрибтен жылжыған Ай қойныма келіп кірген екен деймін. Мен көрген түсім жайлы Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келгенше ешкімге тіс жарғым келмеді. Ал тұтқынға түсіп қалғанымызда, осы түстің орындалуын тіледім. Түсім орындалып, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мені тұтқыннан босатып, маған үйленді», – деген.
Жуәйрия сабырлы, діншіл, сұлулығымен танылған, мәртебелі тектен шыққан мусталиқ руының әйелі еді. Оның өз есімі Бәрра, әкесі мусталиқ руының көсемі – Харис ибн Әбу Дирар. Мусталиқ хузаға аталатын үлкен тайпадан тарайды.
Анасының есімі тарих қалтарысында қалып ұмыт болған. Ол жайлы бірде-бір кітапта дерек берілмеген.
Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Бәрраға үйленгеннен кейін, оның атын Жуәйрия деп өзгертеді, бұл есім Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ұнайтын. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған Ясриб қаласының есімі Мәдина атауына ауыстырылған жылы һижра жыл санауымен 5-жылы үйленеді. Бұл жыл тарихта ірі уақиғалармен белгілі. Мысалға айтсақ:
Құрайыштардың басқа да араб тайпаларымен, Надр халқымен, Ғатафан, Хабаш елдерімен одақтасып қол біріктіріп, бірнеше мың әскермен Мәдина мұсылмандарына шабуыл жасауы.
Бұл соғыста мұсылмандар жауға төтеп беру үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қорғанады. Олар Мәдина атырабынан терең әрі үлкен ор қазады. Қарақұрым қалың жау әскері лажсыздан бұл бөгеттен қалай өтуді білмей, ордың алдына келіп тұрып қалады.
Олар күннен-күнге қауіп пен үрей үдетіп, Мәдинаны торуылдайды. Бұл торуыл жиырма жеті күнге созылады. Ислам мен Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) деген көкіректерінде ыза мен жек көру сезімінің табы қалған яһудилердің құрайза тайпасы осы мүмкіндікті пайдаланып, мұсылмандардың жауларымен одақтасады. Құрайза тайпасы пайғамбарымыз Мұхаммедпен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзара бейбітшілік сақтаймыз деп бекіткен келісімшарттарын бұзып, кәпірлерге қосылып, жаудың Мәдинаға кіруіне жол ашпақ ниетпен мұсылмандарға ту сыртынан келіп соқтығады.
Әйтсе де мұсылмандар Аллаһтың жеңісіне сеніп, ақиқат үшін өліспей беріспей, өжеттілікпен күресіп, дұшпанның алпауыт қара күшін жер жастандырады. Бұл мұсылмандардың есебіндегі тағы бір ұлы жеңіс болатын.
Келесі кезеңде мұсылмандар бір кездегі арқасынан келіп пышақ сұқпақшы болған екіжүзді яһудилерге тарпа бас салып, ел болмас ежелгі дұшпандарын бас көтерместей етіп тізе бүктіреді. Сөйтіп, яһудилер істеген әрекеттері үшін қатаң жазаланады.
Осы жылы, жоғарыдағы «Ахзаб» шайқасының алдында, шағбан айында мусталиқ руының Мәдинаға шабуыл жасау үшін әскер дайындап жатқаны мәлім болады.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мусталиқ руының қамалы ішіндегі қам-қаракеттің қалай белең алып жатқанына көз жеткізіп, біліп келу үшін Бурайда ибн Хусайб әл-Әсләми (Аллаһ оған разы болсын) деген сахабасын барлауға жібереді. Бурайда амалын тауып, жасырын қамалға кіріп, келген мақсатымен төңіректі шолады. Ол қаруланған қалың әскердің тобын көреді. Олардың мақсаттары Мәдинаға шабуылдаумен қатар, мұсылмандармен соғысып, Аллаһ елшісін (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) және жіберілген уахиды жою екендіктерін естиді. Мұны олар қарақұрым әскерінің көптігіне арқа сүйеп, ойластырып жатқан-ды.
Бурайда Мәдинаға оралып, көрген-білгендерін түгелдей Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жеткізеді. Мән-жайға қаныққан Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мусталиқ тайпасының қамалына олардан бұрын күтпеген жерден тарпа бас салу үшін әскер әзірлеп, атқа қонуға жедел бұйрық береді. Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әскері оларға тұтқиылдан шабуыл жасайды. Мұсылмандардың қолдарындағы ақиқаттың жеңісі үшін биік көтерілген қылыштары жарқылдап, жүректеріндегі иман от жалынындай маздайды. Олар пұттарды талқандап, жалғандық пен ширктің рәмізін біржолата жоюды мақсат тұтып, дұшпанға ойсырата соққы береді. Нәтижесінде, мұсылмандар еш қиындықсыз бір ғана кісінің шығынымен қамалды алады. Олжаға қой, түйелерді айдап, бас сауғалап қашқан жаудың әйелдерін тұтқындап, Мәдинаға оралады. Хабаршылар қуанышты хабарды жеткізгенде, қала тұрғындары жеңіс тойын тойлап жатқан болатын. Бұл жорық Ислам тарихында «Мурайсиғ шайқасы» деген атпен сақталған.
Тұтқындағы әйелдер арасында мусталиқ руының көсемі Харис ибн Әбу Дирардың қызы Бәрра болған еді. Ол Сәбит ибн Қайсқа (Аллаһ оған разы болсын) тұтқынға түседі. Бәрра құлдық өмірге түскісі келмей, одан өзін босатуды сұрайды. Сәбит ибн Қайс оның бостандығы үшін тоғыз кесек алтын талап етеді.
Осы кезеңдерде Ислам қоғамды құл иеленуден біржолата тазарту үшін жаңа үкім енгізген-ді. Бұл үкім бойынша кез келген құл өз қожайынынан сұраған құнын төлеу арқылы бостандық алуға құқылы еді. Ал құл иесі сұраған құнын құлы төлесе, онымен келісімге келіп, оған еркіндік беруге мәжбүр болатын.
Бәрра мұндай құнды тұтқындағы жағдайында төлеуге қалтасы көтермейтіндігін жақсы түсінеді. Десе де, көнбістікке салынбай, бостандық талап етеді, өзіне көмек қолын соза алатын адам табуды ойлайды. Ол үміт артқан жалғыз адам пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) еді, өйткені оны адамдар «осы үмбетке келген рақымшылық» деп айтатын. Бәрра өзінің жағдайын айтып, құлдық өмірден азат етуін сұрағысы келіп, үлкен үмітпен Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келеді.
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) есігінің алдына келген сұлу жас бойжеткеннің сол кезде жасы жиырмаға толмаған. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оның мұңлы жанары мен үмітке толы көздерін көреді.
Ол Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Уа, Аллаһтың елшісі! Мен – мұсылманмын, өйткені Аллаһтан өзге құдай жоқ, сенің Оның елшісі екеніңе куәлік етемін. Мен мусталиқ руының көсемі Харистің қызы Бәррамын. Өзің жақсы білесің, басымызға күн туды. Мен Сәбит ибн Қайстың тұтқынына түстім. Сәбит мені өзіне тәуелді болу келісімімен босатты. Мен сенен қол ұшын беруіңді сұрап келіп тұрмын, – дейді.
Аллаһ елшісінде (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған деген рақымшылық оянғандай болады. Ол алдымен кемсітушілікке қарсы, бостандығы үшін аянбай күресетін, еркіндікті сүйетін, тұтқыннан және құлдық құрсауынан құтылуды сұрап келіп тұрған әйелді көреді. Бәрра руы жеңіліп, күштері ыдырап, тұтқынға түскені бар, өлтірілгені бар, бас ауған жаққа қашқандары бар, олардан үмітін үзсе де, өз бетінше еркіндік іздеуде еді.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған жанашырлық, аяушылықпен қарап, жәрдемдесу жолын қарастырады. Ал есік алдында жауап күтіп тұрған қызға бұл бір мезет бүкіл ғұмырдай боп сезілген-ді.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) басын көтеріп, оған аяушылық білдіріп:
– Мұнан саған жақсы болар ма екен? – деді.
Қиналып тұрған қыз асыға:
– Неден? – дейді.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Мен сені тұтқыннан босатып, саған үйленсем, – дегенде, қыз жанары қуаныштан бал-бұл жайнайды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Онда осылай болсын, – дейді де, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Сәбит ибн Қайсқа Бәрра үшін сұраған құнын төлеп, оны тұтқыннан босатады. Оған үйленіп, оны Жуәйрия деп атады. Ол (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Жуәйрияға үйленумен хузаға руының күйеу баласы болуды қалаған-ды, ол осылай еткенде ғана туыстық байланыстың әсерімен олардың жүректері ақиқатты тани алатын шығар деп ой түйеді.
Мұсылмандар Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мусталиқ руының басшысының қызына үйленгенінен хабардар болғаннан кейін:
«Олар – енді Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) туыстары, енді оларды тұтқында ұстауға болмайды», – деп тұтқындағы хузағалықтарды босатады (Ибн Сағд, Табақат: 8/117).
Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Жуәйрияның тұрмысқа шығуы тұтқындағы руластарының бостандық алуына себепші болып, оларға зор пайдасы тиеді.
Міне, осылайша Жуәйрия Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдерінің, мүміндердің аналарының бірі атанады.
Айша (Аллаһ оған разы болсын): «Ол өте сұлу, сымбатты, тартымды әйел еді», – деген.
Жуәйрия иманды, адал әйел еді. Кейіннен оның әкесі Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, қызына бостандық әпергеніне ризашылығын білдіре:
– Менің қызым тұтқында емес екен, осы үшін мен ризамын, – дейді.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Мұнда бір қайырлық көрмесең, мұны айтар ма едің? (Яғни ризашылық білдірер ме едің?) –дейді. Харис:
– Жоқ, әрине, – дейді.
Содан соң Харис қызына келіп, не үйіне оралуына немесе Аллаһ елшісімен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қалуына таңдау жасауын ұсынады.
Қызы:
– Мен Аллаһ пен Оның елшісін таңдадым, – дейді (Ибн Сағд, Табақат: 8/118).
Харис ақылды қызынан мұндай жауап еститінін күтпегендіктен шамданып, өзін сансыз сұрақтың астына алып, «мұны айтып тұрған, расында да, менің қызым ба?!. Ол мен білмейтін бір нәрсені білгені ме?.. Қызым Аллаһ пен Оның елшісін таңдады, демек, мұнда бір игілік бар», – деп сарсаңға түседі.
Харис Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мен оның шақырған діні жайлы көп ойланып, оның ақиқат, шындыққа үндейтінін, ал еш пайдасы жоқ пұттарға құлдық ұру – Аллаһ дініне қарсы әрекет екеніне көзі жетіп, Ислам дініне кіреді.
Ол пұтқа табынушылықты тастап, Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, Исламды қабылдағанын жариялайды. Онымен бірге екі ұлы да ере келеді.
Міне, Жуәйрия осындай игіліктерге себепші болған еді. Өйткені олар Жуәйрия арқылы хақиқи сенімнің көзін табады.
Жуәйрия Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйінде сыйластықпен тұрып жатады. Ол өте ғибадатшыл еді. Бірде Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) таң намазынан кейін оның бөлмесіне кіреді. Қараса, Жуәйрия тәсбих айтып отыр екен. Мазалағысы келмей тысқа шығып кетеді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бір айналып бесін намазының алдында кіргенде, оның әлі сол қалпында тәсбих айтумен шұғылданып отырғанын көреді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған:
– Әлі сол мен таңертең кірген кездегі қалпыңда отырсың ба? – деп сұрайды. Жуәйрия:
– Иә, уа, Аллаһтың елшісі, – деп жауап береді.
Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):
– Саған бұларды айтсаң, осы ғибадатыңнан жақсырақ болатын бір сөздерді үйретейін бе? – дегенде, ол:
– Әрине, уа, Аллаһтың елшісі, – дейді.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған:
– «Субханаллаһи уә бихамдиһи, ъадәдә халқиһи, уә ридаа нәфсиһи, уә зиинәтә ъаршиһи, уә мидәдә кәлимәтиһи», – деп бірнеше рет қайтарсаң, таңның атысынан түс әлетіне дейін тәсбих айтып отырғаныңнан жақсы, – деген (Муслим, Зикр: 79; Ахмад, Муснад: 6/324).
Жуәйрия Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ислами тәлім-тәрбие алады, оны мұқият тыңдап, іс-қимылдарынан көз жазбайды.
Оның иманы күннен-күнге болаттай берік құрыштана түседі. Ол Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) көмегімен Құран оқуды және оның тәпсірін жетік меңгереді, одан естіген сөздерін мықтап есте сақтап, оларды өмірінің үлгілі бастауы етеді.
Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қазасынан кейін Жуәйрия одан естіген барлық хадистерін келер ұрпаққа жеткізеді. Оның есімі хадисті риуаят етуші ірі тұлғалардың арасында жиі кездеседі.
Жуәйрия ұзақ ғұмыр кешеді. Халифа Әбу Бәкір мен Омар ибн әл-Хаттабтың кезіндегі Исламның өркендеп, өрлеуінің және халифалар Осман ибн Аффан мен Әли ибн Әбу Талиб, Муғауияның (Аллаһ оларға разы болсын) кезіндегі уақиғалардың, сонымен қатар Ислам мемлекеті астанасының Дамаскіге көшірілуінің куәсі болады.
Жуәйрия Харисқызы 70 жас шамасында һижра жыл санауымен 56-жылы дүниеден өтеді.
Оның жаназасын Маруан ибн Хакам шығарған. Оның денесі Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдері жерленген Бақиғ қорымына қойылады.
Аллаһ елшісімен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қиылған некесі көп адамдардың Аллаһ тағаланы тануына себепкер болған мүміндердің анасы Жуәйрия Харисқызы Аллаһтың рақымына бөленсін!
Айша (Аллаһ оған разы болсын): «Мен қауымына Жуәйриядан көбірек берекелі (пайда әкелген) әйелді білмеймін» (Ибн Һишам, әс-Сира: 408-409), – деген.
Мүміндердің анасы – Жуәйрияға Аллаһ разы болсын!