Мүміндердің Анасы – Умму Сәләма Һинд Әбу Умәйяқызы (Аллаһ оған разы болсын) туралы қисса
Бөлімдер
Full Description
Мүміндердің Анасы – Умму Сәләма Һинд Әбу Умәйяқызы
(Аллаһ оған разы болсын) туралы қисса
قصة أم المؤمنين أم سلمة هند بنت أبي أمية رضي الله عنها
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
авторлық
Исмаил бин көптеген
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
МҮМІНДЕРДІҢ АНАСЫ – ҺИНД ӘБУ УМӘЙЯҚЫЗЫ (УММУ СӘЛӘМА)
(АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН)
«Туыстарың болмаса, балаң Сәләма ұзатсын. «Жасым болса келіп қалды» дейсің, мен сенен үлкенмін. Ал жетім балаларыңа келсек, олар Аллаһ пен Оның елшісінің қамқорлығында, ал егер қызғаншақ болсаң, Аллаһқа сені мұнан арылту үшін дұға қыламын».
Ол Бәну махзум руынан шыққан Зәду Ракибтің ақылды да парасатты, тапқыр, түсінігі мол, сұлу қызы еді. Оның өз есімі Һинд Әбу Умәйяқызы болса да, Сәләма деген ұлы болғандықтан, Умму Сәләма (Сәләманың анасы) деп аталған-ды.
Әкесі – Әбу Умәйя ибн Муғира ибн Абдуллаһ әл-Қураши әл-Махзуми. Жұрт оны Зәду Ракиб деп атап кеткен. Бұлай аталуының себебі ол сапарға ешуақытта жалғыз аттанбаған. Оның жүгін жолдастары алып жүрген, бірақ жолсеріктері жүгінен әлдеқайда көп болған.
Анасы – Атика, Амр ибн Рабиғақызы, Кинана тайпасынан. Умму Сәләма Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) таңдаулы сахабаларының бірі Әбу Сәләма Абдуллаһ ибн Абдуласад ибн Һиләл әл-Махзумиге (Аллаһ оған разы болсын) тұрмысқа шыққан.
Әбу Сәләма Эфиопияға, кейін Мәдинаға қоныс аударғаны үшін екі һижраның иесі атанған. Әбу Сәләма Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) немере әпкесі Бәрра Абдулмутталибқызының ұлы әрі Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сүйікті інілерінің бірі еді. Әбу Сәләма мен әйелі Һинд Исламда үлкен, маңызды орынға ие әрі қауымдарынан Эфиопияға қоныс аударғандардың алғашқылары еді. Тіпті олар Хабаша жеріне қоныс аударған алғашқы ондықтың ішінде болды деген де риуаят бар.
Һинд әрдайым шаңырақ жылуы мен отбасы берекесін сақтаған, күйеуін құрметтеген үлгілі жар бола білген. Олар Исламды қабылдап, Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) соңынан ергенде, кәпірлер мен көпқұдайшылдардың көрсеткен қиыншылықтарын бірге бастарынан өткеріп, қуаныш пен қайғыда ортақтасады. Қабылдаған жас сенімдері – Исламды мүшріктердің әділетсіздігінен құтқару үшін бас сауғалап Эфиопияға қоныс аударады.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мүшріктердің зәбір-жапасына қарсы тұра алмайтын мұсылмандарды Эфиопияға қоныс аударуға үгіттеп: «Хабаша жеріне барыңдар, ол жер ешкімге зұлымдық жасамайтын патшаның қол астында» (Ибн Исхақ, әс-Сиәр уәл-мағази: 123), – дейтін.
Һинд Эфиопияда, бөтен жұрттың жерінде, ұлы Сәләманы босанады.
Аллаһ тағала Исламды құрайыш тайпасының ықпалды ірі тұлғалары – Хамза ибн Абдулмутталиб және Омар ибн әл-Хаттабтармен (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) күшейтіп, құрайыштардың мұсылмандарға құрған тұзағы – экономикалық қысымы, көрсеткен зорлық-зомбылықтары доғарылғаннан кейін барып Әбу Сәләма мен Һинд басқа қоныс аударушылармен бірге Меккеге оралады. Кейін мәдиналықтармен олардың мұсылмандарға жәрдем көрсетуі және мұсылмандардың бастарына әлдеқандай күн туғанда, өмірін қатерге тігіп, қанымен қорғауы туралы келісімшартқа отыру аяқталған соң, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оларға Мәдинаға қоныс аударуға рұқсат береді.
Әбу Сәләма да өз отбасымен қоныс аударушылардың алғашқы қарлығаштары атанады. Оған Меккені тастап, Мәдинаға қоныс аудару ауыр әрі қиын соғады. Дегенмен сол кездегі орын алған оқиға өз алдына бір тарих болатын. Бұл жайлы Умму Сәләманың өзі былай әңгімелейді:
«Мәдинаға жол тартпақ ниетпен Әбу Сәләма мені мен ұлымды түйеге отырғызып, өзі түйенің бұйдасын алып жетектеуге ыңғайлана бергенде, мен шыққан Муғира тайпасының бірнеше ер адамы жетіп келіп, күйеуіме:
– Қалайша сен біздің алдымызға шығып барасың? Қаласаң, Ясрибқа өзің бар, біз қызымызды жібере алмаймыз, – деп қолынан түйенің бұйдасын жұлып алды. Сол кезде Әбу Сәләманың туыстары ашуланып, муғираның адамдарына:
– Жоқ, қыздарыңды қайтарып алсаңдар, алыңдар, бірақ баланы бермейміз, – деп, ұлымыз Сәләманың қолын шығарып жібере жаздап, әрлі-берлі жұлқылап таласты.
Ақырында оны Әбу Сәләманың туыстары тартып алды. Ал муғиралықтар мені өздерінде қалдырды. Күйеуім болса Мәдинаға жүріп кетті де, мен жалғыз қалып қойдым. Олар мені күйеуім мен ұлымнан айырды. Осы сәттен бастап мен күн сайын төбе басына шығып, айырылысқан жерімізге келіп, күн батып, қас қарайғанша көз жасымды көл қылатын болдым. Бұл жағдай тайпаластарым мені түсініп, аяушылық білдіргенше жалғасты. Бір кісі тайпаластарыма келіп:
– Мынау, бақытсыз әйелді қоя беру ойларыңда бар ма өзі? Оны сендер күйеуі мен ұлынан айырдыңдар, қайғыға душар еттіңдер! – деді. Мұны естіген олар маған:
– Қаласаң, күйеуіңнің артынан кете бер, – деді.
Күйеуімнің тайпасына барып, ұлымды қайтарып алып, Мәдинаға аттандым. Танғим деген жерге келіп жеткенде, Осман ибн Талханы кездестірдім. Ол:
– Қайда жүріп бара жатырсың, неге жалғызсың, ей, Зәду Ракибтің қызы? – деп тіл қатты. Мен оған:
– Мәдинаға... күйеуіме... қасымда жалғыз Аллаһ пен ұлымнан басқа ешкім жоқ, – деп едім, түйесіне отырғызып, өзі бұйдасынан жетектеп, Мәдинаның өзіне дейін апарып салды.
Аллаһпен ант етейін! Мұншалықты кеңпейіл, жомарт адамды көрмеппін. Құба елді мекеніне таяй бергенде: «Сенің күйеуің осында. Аллаһтың берекетімен кір», – деді де, өзі келген ізімен Меккеге кері қайтты».
Умму Сәләма Мәдинада Сәләмадан басқа үш ұл-қыз сүйіп, балаларын ислами тәрбиемен өсіріп, күйеуімен бақытты өмір сүреді. Міне, осылайша олар Мәдинада күн кешіп, Әбу Сәләма Аллаһтың елшісімен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бірге Ислам үшін күресіп, Бәдір, Ухуд соғыстарына қатысады. Ол Ухуд соғысында жарақат алып, оның жазылуы қиынға соғады. Ухуд соғысынан төрт айдан кейін Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Бәну асад тайпасы әскерінің Мәдинаға шабуыл жасамақ әрекеті мәлім болады да, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жаудың құрған жоспарынан бұрын өздері тарпа бас салуды ұйымдастырып, бұл істе тәжірибесі бар сахаба Әбу Сәләманың әскерге басшылық етуін тапсырады. Бұл «Қитн» сәриясы деген атпен мәлім (Сәрия – Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қатыспаған жорықтар осылай аталған).
Әбу Сәләма жүз елу сахабадан тұратын жасақпен аңдаусыз жатқан асад тайпасын шабуылдап, бас көтерместей етіп талқандайды. Сөйтіп, мұсылмандар оңай жеңіске жетеді. Осы шайқаста Әбу Сәләма жарақатының аузын қайта ашып алады. Осы жарақаты оның өліміне себеп болады. Ол біраз уақыт бойы төсек тартып жатады. Умму Сәләма болса оны күтіп, Аллаһтан күйеуінің тезірек жарақатынан айығып кетуін тілейді. Әбу Сәләма төсек тартып жатып, әйеліне:
– Бақытсыздық бірде-бір мұсылманға қайғы әкелмеуі керек. Шынында, біз – Аллаһтың жаратылысымыз және Оған қайтып барамыз. Уа, Аллаһ! Маған бақытсыздық берсең, оны мен төзе алатындай және марапатымның себебі қылып бер! Мен Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір мұсылман кісінің басына бақытсыздық келгенде, ол: «Аллаһым, бақытсыздығымда маған сауап бере гөр және маған одан жақсысын бер», – десе, айтқан тілегі орындалады», – дегенін естіген едім, – дейді.
Умму Сәләма қамығып, махаббат толы көздерімен күйеуіне елжірей қарап:
– «Егер әйелдің күйеуі қайтыс болып, ол жаннаттық болса, ал әйел тұрмысқа шықпаса, Аллаһтың қалауымен екеуі жаннатта кездеседі. Әйел қайтыс болса да, дәл сол сияқты», – дегенді естігенмін. Мен де сенен кейін ешкімге тұрмысқа шықпаймын, – дейді.
Әбу Сәләма мұнысына келіспей:
– Уа, Аллаһ! Егер мен көз жұмсам, Умму Сәләмаға қамқор болатын менен де жақсы бір күйеу бер! – дейді (Ибн Сағд, Табақат: 8/88).
Бірде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Сәләманың көңілін сұрай келеді. Сол кезде Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) көз алдында Әбу Сәләма дүниемен қош айтысады. Умму Сәләманың (Аллаһ оған разы болсын) айтуынша:
«Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Сәләмаға кірді. Оның көздері ашылып қалған еді. Ол (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оның (көзін) жауып: «Жан шықса, көз ілеседі», – деді. Сол сәтте отбасымнан адамдар дауыстады. (Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын)): «Өз-өздеріңе қарсы дұға қылмаңдар! Тек жақсылықпен (дұға қылыңдар). Өйткені періштелер сендердің айтқандарыңа, «әмин» (қабыл болсын) деп айтып тұрады», – деді. Сосын Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһым! Әбу Сәләманы кешір! Тура жол тапқандардың ішінде оның дәрежесін көтер! Оның артындағылардың (тірілердің) арасынан оның орнын басқыз! Бізді және оны кешір, уа, әлемдердің Раббысы! Оған қабірін кеңейт және ол үшін (қабірін) нұрландыр», – деп дұға қылды» (Муслим, Жанаиз: 7).
Төрт баламен жесір қалған Умму Сәләма күйеуінің қазасын сабырлықпен қабылдайды. Әлгінде айтылған күйеуінің өсиеті құлағында сарнап тұрған Умму Сәләма іштей: «Біз – Аллаһтың жаратылысымыз және Оған қайтып барамыз. Аллаһым! Бақытсыздығымда маған сауап бере гөр және маған одан жақсысын бер», – деп қайталайды. Бір жағынан: «Егер мен Әбу Сәләмадан кейін тұрмысқа шықпасам, одан да жақсы адамды қалай талап етемін, тіпті Әбу Сәләмадан абзалырақ біреу бар ма екен?» – деп те іштей ой жүгіртеді.
Осылайша күнделікті тіршілігіне көшіп, жетім қалған төрт баласына қамқор болып күндерін өткізіп жатады. Күндер өте олардың тұрмыс-тіршілігінде жетіспеушілік орнап, қатты қиналады. Осының бәрін көріп жүрген сахабалардың жанына бұл жайт қатты батады.
Әуелі Әбу Бәкір (Аллаһ оған разы болсын) өзіне тұрмысқа шығуына сөз салғанда, Умму Сәләма сыпайы түрде кері қайтарған-ды. Сосын Омар ибн әл-Хаттаб (Аллаһ оған разы болсын) оған көңілін білдіргенде, оған да Әбу Бәкірге қайтарғандай жауап береді. Аллаһ елшісі де (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл әйелдің жағдайына қатты алаңдап, оны жайдан-жай жалғыз қалдыра алмайды. Бірде Умму Сәләма мал терісінен төсеніш тігіп отырғанда, үйіне Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, рұқсат сұрап, ішке кіреді. Умму Сәләма Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) төсеніш салып отырғызады. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жайғасып отырғаннан кейін әңгіме қозғап, оған өзіне тұрмысқа шығуды ұсынады.
Умму Сәләма көз жұмар шағында күйеуінің айтқан өсиеттерін есіне алады да:
– Уа, Аллаһтың елшісі! Мен саған қарсы келе алмаймын, бірақ мұнда мені ұзататын туысым жоқ және де мен өте қызғаншақ әйелмін, абайсызда Аллаһқа және саған жақпайтын нәрсе істеп қоюдан, оның жазасынан қорқамын. Өзім болсам – шиіттей жетімдердің анасымын. Оның үстіне, сырқатпын, жасым болса келіп қалды, – деп қынжылады.
Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) болса:
– Туыстарың болмаса, балаң Сәләма ұзатсын. «Жасым болса келіп қалды» дейсің, мен сенен үлкенмін. Ал жетім балаларыңа келсек, олар Аллаһ пен Оның елшісінің қамқорлығында, ал егер қызғаншақ болсаң, Аллаһқа сені мұнан арылту үшін дұға қыламын, – дейді (Ибн Сағд, Табақат: 8/90).
Умму Сәләма келісімін беріп, олар үйленеді. Ол Пайғамбарымызбен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) һижра жыл санауымен 4-жылы, қырық төрт жасында отау құрады. Ол Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдерінің ішіндегі жасы ең үлкені еді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдерін аралағанда содан бастайтын. Бұл күнді Айша анамыз (Аллаһ оған разы болсын) есіне алып: «Аллаһ елшісі Умму Сәләмаға үйленгенде, мен қатты қапаландым, өйткені адамдар оның сұлулығын сөз ететін. Мен бұл жайында Хафсаға айтқанымда, ол: «Ол адамдар айтқандай сұлу емес. Өзі егде тартқан жаста», – деді. Мен Умму Сәләманы өз көзіммен көргенде, расында да, оның көркінің адамдар айтқандай еместігіне көзім жетті», – деген.
Умму Сәләма осылайша мүміндердің анасы атанып, Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үйінде тұра бастайды.
Ол Аллаһ елшісімен (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бірге көптеген жорыққа қатысады. Хайбар, Мекке шайқастары жеңістерінің және Таиф қоршауының, Хауазин, Сақиф жорықтарының, сонымен қатар қоштасу қажылығының куәсі болады.
Осы оқиғалар барысында Умму Сәләма Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қасынан табылып, қолтығынан демеген. Оның ақыл-парасатының жарқын бір бейнесі «Худайбия» келіссөзінде көрініс табады. Мүшріктермен түзілген кейбір келіссөз шарттарын мұсылмандар өздерінің құқығын таптау деп ойлаған-ды. Ең бастысы – олар умраға ниет етіп, ихрамға кіреді. Келісімшарт бойынша олар сол жылы умра жасамаулары керек болатын. Сондай-ақ мұсылмандарға ауыр тиген шарттардың бірі кімде-кім Меккеден қашып шығып, Мәдинаға келсе, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оны мүшріктерге қайтаратындығы еді. Дәл осы келісімшарт аяқталған кезде меккелік мұсылмандардың бірі Әбу Жәндәл (Аллаһ оған разы болсын) кәпірлерден қашып, Худайбияға келеді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оны мүшріктерге қайтарады.
Осының салдары Мәдинаға қайту үшін құрбан шалып, шаш алдыруға бұйырған Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әміріне сахабалардың жауап қатпауына апарып соғады.
Бұған қапаланған Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әйелі Умму Сәләманың алдына қабағы түсіңкі кіреді. Мән-жайды сұрап білген Умму Сәләма бұл істі жеңілге санап, Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өзі бастап сахабалардың алдында құрбан шалып, шашын алдыруға кеңес береді. Оның кеңесімен Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) солай істегеннен соң ғана сахабалар келіссөздің қайтарылмас шешімге айналғанына көздері жетіп, жапа-тармағай құрбан шалып, шаш алдырып, ихрамнан шығуға кіріседі.
Кейіннен Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен олардың маған бойсұнбағандықтары үшін құрып кетулерінен қорықтым» (Әл-Бұхари, Шурут: 15), – деп айтып жүретін. Осы қауіптің алдын алған парасатты анамыз Умму Сәләма болатын.
Сондай-ақ ол көптеген уақиғаның орын алуына із қалдырған. Бірде Умму Сәләма Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен Құранда әйелдер жайлы аят кездестірмедім», – дейді.
Умму Сәләма анамыз арнайы әйелдерге қаратыла айтылған аяттың түсуін қалаған еді. Жауап ретінде Аллаһ тағаладан:
«Мұсылмандар мен мұсылман әйелдер, мүміндер мен мүмін әйелдер, бойсұнушылар мен бойсұнушы әйелдер, шыншылдар мен шыншыл әйелдер, сабырлылар мен сабырлы әйелдер, бағынушылар мен бағынушы әйелдер, садақа берушілер мен садақа беруші әйелдер, ораза тұтушылар мен ораза тұтушы әйелдер, ар-намысын сақтаушылар мен (ар-намысын) сақтаушы әйелдер, Аллаһты көп зікір етуші ерлер мен әйелдер, Аллаһ оларға кешірім мен ұлы сауап әзірледі» («Ахзаб» сүресі, 35-аят), – деген аят түскен.
Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қазасынан кейін ол қалған өмірін өз үйінде Аллаһқа құлшылық етумен өткізеді.
Умму Сәләма һижра жыл санауымен 59-жылы дүниеден өтеді. Жаназасын Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабасы Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) шығарады. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) әйелдерінің соңғысы болып дүниеден өткен Умму Сәләма да Бақиғ қорымына жерленген.
Ол Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) төрт жүзге жуық хадис жеткізген. Оның көпшілігі Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жеке басына, жүріс-тұрысына, киім-киісіне тағы сол сияқтыларға қатысты хадистер болатын.
Мүміндердің анасы – Умму Сәләмаға Аллаһ разы болсын!