×
Шамуил пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы туралы жазылған мақала

    Шамуил пайғамбар

    (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы

    قصة نبي الله شمويل عليه السلام

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    فريق اللغة الكازاخية بدار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    —™

    ШАМУИЛ

    (оған Аллаһтың сәлемі болсын)

    қиссасы

    Исраилдіктер арасында күпірлік, азғындық пен бұзықтық тағы арта түсті. Тіпті олар пайғамбарлардың қанын төгіп, бір күнде үш пайғамбарға дейін өлтірген күндері болды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    «Исраил ұрпақтарын пайғамбарлар басқарды. Әрбір пайғамбар өлген сайын, орнына басқа бір пайғамбар келетін», – деген (Имам әл-Бұхари, Имам Муслим және басқалар риуаят етті).

    Яғни пайғамбарсыз күндері өтпеген.

    Исраилдіктер пайғамбарларына бағынбай, оларды өлтіруге көшкен соң, орнына патшалар үкім жүргізе бастады. Билік басына патшалардың келуімен исраилдіктер зұлымдыққа ұшырап езгіге, құлдыққа түсіп, тоқырауға тап болды. Нәтижесінде, олар қатарынан бірнеше шайқаста жеңіліс тапты. Солардың бірінде амалиқ тайпасынан ойсырай жеңіледі. Амалиқтар алып тұлғалы, еңселі адамдар еді. Шайқастардың бірінде олар исраилдіктердің қасиетті табыттарын қолдарына түсіреді. Бұл табытты исраилдіктер тәбәрік тұтып, әр соғыста өздерімен бірге алып жүретін. Олар соғыс барысында табытқа қараса, бойларына күш бітіп, жігерлене түсетін. Бұл табыттың ішінде Мұсаға түскен Тәурат тақталары, оның жыланға айналатын асатаяғы, киімдері, Һарунның кейбір заттары және көктен түскен желім шырын сақталған-ды. Исраилдіктер оларды қатты қастерлейтін. Табыт амалиқтардың қолына өткен сәттен бастап исраилдіктердің арасында іріткі пайда болып, бытыраңқылық орын алды. Тіпті олар патшасыз қалып, басқару орталығынсыз шашыраңқылықта өмір сүрді. Исраилдіктер осылай тозып жүргенде, Аллаһ тағала оларға Шамуилді пайғамбар қылып жіберді. Сондай-ақ ол Шамғун деп те аталады. Бұл – яһуди тілінде Эшмауил (Исмаил) деген есімнің баламасы.

    Шамуил оларды ақиқат жолына шақырды. Азып-тозып, әбден қиналған исраилдіктер оған мойынсұна бастады. Сөйтіп, олар Шамуилдің үндеуімен біріккен соң, енді оған: «Бізге бір патша таңдап бер!» деп өтініш жасайды. Осы оқиғаны Аллаһ тағала Құранда: «Мұсадан кейінгі Исраил ұрпақтарының көсемдерін көрмейсің бе? Сол уақытта олар пайғамбарларына: «Бізге патша сайлап бер, Аллаһ жолында соғысамыз», – десті. (Шамуил): «Зәреде сендерге соғыс парыз қылынған жағдайда соғыспай қойсаңдар ше?» – деді. Олар: «Бізге Аллаһ жолында соғыспай не бопты? Расында, жұрттарымыз бен бала-шағаларымыздан бездірілдік», – десті. Бірақ соғыс парыз болған сәтте олардың өте азғанасынан басқасы бас тартты. Аллаһ залымдарды біледі» (Бақара сүресі, 246 аят), – деп сипаттаған.

    Олар бабылдықтардың өздеріне қарсы аяусыз жорығы кезінде Құдыстан шығарылып, қырғынға ұшыраған-ды. Осындай қор өмірді өлім қатерінен артық көрген исраилдіктер жиһад парыз болған кезде көбісі серт бергеніне қарамастан, соғысудан бас тартты. Нәтижеде Шамуилмен бірге аздаған адам ғана қалды. Шамуилдің жанында қалған исраилдіктер одан: «Бізді басқаратын патша кім болады?» – деп сұрады. Шамуил оларға патша етіп Бинямин ибн Яғқубтың ұрпағынан Талут ибн Қайшты тағайындады. Одан бұрын патшалардың барлығы Яһуда ибн Яғқубтың ұрпағынан сайланатын. Исраилдіктер патшалыққа үрдіс бойынша Яһуданың ұрпағы таңдалады деп ойлаған-ды, Шамуилдің бұл таңдауына таңырқап қалды.

    «Оларға пайғамбарлары: «Шын мәнінде, Аллаһ сендерге Талутты патша сайлады», – деді» (Бақара сүресі, 247 аят).

    Талут тері илеушілікті кәсіп ететін қарапайым, бірақ өте білгір, дана, алып тұлғалы, еңселі, ақ жүзді, көрікті кісі еді. Сонда Яһуда ұрпақтары қарсы шығып: «Оның бізге патшалығы қалай болмақ? Одан гөрі патшалыққа біздер лайықпыз. Сондай-ақ оған мал-дүниеден де кеңшілік берілмеген», – десті. (Шамуил): «Негізінен, сендерге оны Аллаһ таңдап, өзін білімде әрі тұлғада артық қылды. Аллаһ патшалықты қалағанына береді. Аллаһ – өте Кең, бәрін Білуші», – деді» (Бақара сүресі, 247 аят).

    Сөйтіп, олар Талуттың патшалығына қарсы болып, оның басшылығында соғысудан бас тартты. Шамуил:

    «Сендерге бұл Аллаһтың таңдауы екенін дәлелдейтін бір нәрсе алып келсем, сенесіңдер ме?» – дейді. Олар: «Иә», – деген жауап қайтарады. Сонда оларға пайғамбарлары: «Оның патшалығының белгісі: Раббыларың тарабынан (көңіл) тыныштығы бар табыттың келуі. Онда Мұса мен Һарун отбасынан қалған мұралар бар. Оны періштелер көтеріп келеді. Егер сенген болсаңдар, расында, мұнда сендерге анық белгі бар», – деді» (Бақара сүресі, 248 аят).

    Сол кезде көз алдарында амалиқтарға алдырып қойған сандықшалары көктен түсіп, алдарына әкелінді. Осыдан соң барып исраилдіктер Талуттың басшылығына бағынып, жауға қарсы жорыққа аттанды.

    Жол бойында Талут әскері бір өзенге жақындағанда оларға Талут: «Расында, Аллаһ сендерді бір өзенмен сынайды. Кімде-кім одан ішсе, менен емес және кім одан татпаса, әрине, ол менен. Бірақ кім қолымен көсіп алып қана ішсе, (оның жөні) басқа», – деді» (Бақара сүресі, 249 аят).

    Бірақ қаталап, қатты шөлдеп келе жатқан әскердің азғантайы болмаса, қалғанының барлығы судан қанып ішті. Аллаһ тағала:

    «Сонда олардың өте азынан басқасы одан ішті» (Бақара сүресі, 249 аят), – деген.

    Нәтижеде Талутпен бірге үш жүз оннан астам адам ғана қалды. Сахаба Бара ибн Азиб (Аллаһ оған разы болсын):

    «Мұхаммедтің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Бәдір шайқасына қатысқан сахабаларының саны Талуттың онымен бірге өзеннен өткен әскерінің санындай еді», – деген (Имам әл-Бұхари риуаят етті).

    «Сонымен, Талут және онымен бірге иман келтіргендер өзеннен өткен шақта: «Бізде Жалут пен оның әскерлеріне төтеп берер күш жоқ», – деді. Сондай олардың анық Аллаһқа жолығуды ойлағандары: «Аллаһтың қолдауымен қанша аз топ көп топты жеңген. Аллаһ сабырлылармен бірге», – деді. Сөйтіп, олар Жалуттың әскеріне қарсы шыққан сәтте: «Раббымыз! Сабыр бер, қадамымызды бекітіп, бізге кәпір қауымға қарсы жәрдем бере гөр!» – деді» (Бақара сүресі, 249-250 аяттар).

    Екі әскер бетпе-бет келген кезде Жалут соғыс алаңына шығып, қарсы тарапты жекпе-жекке шақырды. Ол өте ірі денелі, қуатты, соғыс өнеріне жетік жауынгер болатын. Талуттың әскерінен оған қарсы шығуға ешкімнің жүрегі дауаламады. Талут өз батырларын қанша жекпе-жекке шығуға үндесе де, олар жауап қатпады. Сол кезде ол: «Кім оған қарсы шығып жеңсе, оны қызыма үйлендіремін және өзімнен кейін патшалығыма мұрагер етемін», – дейді. Осы кезде исраилдіктер жақтан бір жас жігіт шықты. Ол Дәуіт еді. Сол кезде оның жасы бар болғаны он алтыда еді делінген. Дәуіттің соғыс құралы – ішіне ірі тастар салынып, аузы буылған тері қалта іспеттес қару болатын. Өзіне қарсы жекпе-жекке шыққан жас жігітке Жалут: «Ей, балақай! Қайта ғой орныңа. Мен сені өлтіргім келмейді», – дейді. Оның бұл сөзіне шамданған Дәуіт: «Ал мен сені өлтіргім келеді», – деп жауап қатады. Сөйтіп, жекпе-жек басталып, Жалут оған ұмтыла бергенде, Дәуіт әлгі қаруын айналдырып-айналдырып тұрып, оны бір соғады. Қару қақ маңдайынан тиген Жалут қимылға келмей жантәсілім етеді. Патшаларынан айырылған қарсы тарапта бытыраңқылық пайда болып, исраилдіктердің шабуылына төтеп бере алмай, жік-жік боп жан-жаққа бас сауғалап кетеді. Исраилдіктердің бұл жеңісі мен Дәуіттің патшалыққа келуі жайлы Аллаһ тағала:

    «Сонда (исраилдіктер) оларды Аллаһтың бұйрығымен жеңіліске ұшыратты. Дәуіт Жалутты өлтірді. Аллаһ тағала оған (Дәуітке) патшалық пен даналық берді әрі оған қалағандарынан үйретті. Аллаһ тағала адам баласын бірін-бірі арқылы қорғамаса, жер жүзі бұзылар еді. Аллаһ – бүкіл әлемге кеңшілік Иесі» (Бақара сүресі, 251 аят), – деген.

    Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Альбидая уа нихая».